Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қанатты қаламгер...

28.03.2019 6795

Қанатты қаламгер

Қанатты қаламгер - adebiportal.kz

Бүгін ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми кітапханасында қазақ әдебиетінің классик жазушысы Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына байланысты «Қанатты қаламгер» атты танымдық кеш өтті.

Кешке Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Қайырбек Кемеңгер, журналист Санат Нұрбаев, ақын Арман Шеризат қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Әдеби жиынның негізгі мақсаты – атақты жазушы, драматург Б.Майлиннің шығармашылық жолы туралы мәлімет беру, өскелең ұрпақты қазақтың рухани мұрасымен сусындату, классик жазушының елеулі туындыларын жан-жақты дәріптеу.

Кеш барысында Бейімбет Майлин туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.

Жазушының тауқыметті өмір жолынан мәлімет беретін арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Бейімбет Майлин поэзия, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, өз дәуірінің шындығын, қазақ елінің, әсіресе ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халықтың бастан кешірген күрделі оқиғаларын, әлеуметтік өмірдің шытырман қайшылықтарын көрсетті. Кеңестік заманның алғашқы жиырма жыл ішіндегі қоғамдық құбылыстардың еңбекші адамға тигізген әсерін, қазақ халқының ғасырлар бойында қалыптасқан тұрмыстық, салттық болмысының, шаруашылық, кәсіптік негізінің жойылып, оның орнына жаңа қүрылымдардың табиғи орын теуіп болмаған кезеңінің сыры мен мұңын шебер суреттеді.

Жалынды жастар Б.Майлиннің өрнекті өлеңдерін оқып, жиылған қауымды ерекше ықыласқа бөледі.

Шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары, музей қызметкерлері, әдебиеттанушылар, Астана қаласының колледж студенттері қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушылар Ұлттық музейдің жазба деректерді зерттеу секторы және «Ғылыми кітапхана» секторы құрметті қонақтарға сыйлықтарын табыстады.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар