Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қара өлең һәм батыс эстетикасы...

11.10.2020 3971

Қара өлең һәм батыс эстетикасы 12+

Қара өлең һәм батыс эстетикасы - adebiportal.kz

Белгілі аудармашы, әдебиеттанушы ғалым Әзімхан Тішәнұлы қазақтың өлеңтану мәселесі төңірегінде біршама қомақты жұмыстар жүргізгені белгілі. Оның өткен ғасырдың соңын ала жазылған, қазақтың классикалық қара өлеңі туралы цикльды мақалалары, сол уақыттағы әдеби ортаны бей-жай қалдырмай, қазақ өлеңтану ғылымының жаңа бағытына жол ашқан болатын. «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы», «Қара өлеңнің табиғаты», «Қара өлеңнің елеңі» сынды ғылыми-зерттеу мақалалары әлі де өзекті, әлі де құнды дүниелер деп есептейміз. Бұл жазбамызда ғалымның батыстық, еуропалық үлгідегі жаңаша поэзия мен қазақтың классикалық қара өлеңі арасындағы тартыс пен сабақтастықты, өзгешелікті, екі халықтың ойлау жүйесіндегі эстетикалық танымды барынша ашып тарқатып айтқан ойларын ұсынғанды жөн санап отырмыз. Бұл тақырып бүгінгі қазақ қоғамында, бүгінгі әдебиеттану аясында әлі де өткір мәселелердің қатарына жатады. Дәстүр мен жаңашылдық қай заманда да, қай уақыт пен кеңістікте де өзара таласып, жарысып, бірін-бірі жоққа шығарып, бірін-бірі алға сүйреп, қайшылықты сипатта дамып отырған. Ғалым бұл еңбегінде Абай өлеңдері мен Пушкин өлеңдерін, "Илиада" дастаны мен "Қызжібек" жырының эстетикалық танымын салыстыра зерттеп өміршең ойлар айтады.

Батыс эстетикасы мен классикалық қара өлең эстетикасы бітімінің теориялық жүзіндегі ара жігі ашық. Ара жіктің назария жүзінде ашылуы, оның іс жүзінде қалай қалыптасуының ішкі табиғатын көрсетіп бергендік болып саналмайды. Көрсетіп беру үшін көз жетіп, көңіл иланатын нақты мысал, айқын сипаттар болуы керек. Олай болса осы бір өзекті мәселе – нақты мысалдар жағына ойыспақ.

«Көлеңке басын ұзартып, алысты көзден жасырар. Күнді уақыт қысқартып, көкжиектен асырар». Бұл Абайдың Лермонтовтан аударған тағы бір өлеңі. Өлеңнің қара сөз ретіндегі түпнұсқасы былай: «Қызарған кешкі күн батыстан қиыстап, көгілдір аспан шегінен батқан шақта, жұқа тұман көтеріліп, түн шымылдығы көз ұшындағы алыстың бәрін жапқан шақ». Көріп отырсыздар, мұнда да кешкі дүниенің обьектив суреті өз қалпы бойынша қайталай көрсетілген, күн батып барады, түн қараңғылығы қоюланып келеді. Ал Абайда көлеңке деген бір алып басын ұзартып, уақыт деген бір құж күнді қысқартады. Лермонтов жансыз табиғатқа ақыл көзімен телміріп табиғат бір басқа, өзі бір басқа болса, қара өлең сыршылдығын ұстанған Абай, достарымен сырласқандай тірі табиғатпен сырласады. Табиғат – өзі, өзі – табиғат.

Пушкиннен аударды делінетін «Онегин мен Татьиянаның хаты» жөнінде де осыны айтуға болады. Пушкинның «Евгений Онегин» атты бұл шығармасы өлеңмен жазылған роман. Ол арыда гректің тарихи дастандарын, беріде Байрон секілді зергерлер әйгілі еткен батыс дәстүрін үлгі етіп, сонет делінетін 14 жолды өлең нұсқасымен жазылған. Былайша айтқанда, батыс эстетикасы еліктеу дәстүрінің орыстық үлгісі. Бастан аяқ романның баяндау тәсілімен жазылған бұл дастанда, Татьянаның Онегинге ғашық болғаны сөз болады. Ғашықтықты обьектив еліктеу дәстүрімен баяндаудағы олпы-солпылықты көрген Абай, Пушкинмен өнерді дәл осы ғашықтық жөнінде салыстырады. Өз өнерінің үстемдігіне көзі жеткен Абай, түпнұсқаның обьективті еліктеуін қара өлеңнің сыршылдығына айналдырып, Татьяна мен Онегин атына шыт жаңа, бір бүтін ғашықтық тұлға жасайды. Бұл тұлғаларды, мәселен:

«Жасынан түсін билеп сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген» деп келетін Онегин сипатын:

«Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» деп келетін Татьянаның ғашықтық құзырын:

«Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

Қалдым әйтеу өлемей әрең,

Қатты батты тырнағың».

«Қаймақ еді көңілімде,

Бізге қаспақ болды жем» деп келетін Татьянаның тауаны қайтқан арманын: «Құп білемін сізге жақпас, ескі жара білтелеу. Ақ жүрегің енді енді ұнатпас, мезгілі жоқ қай медеу?» деп келетін Онегиннің өкінішін: «Ғашық-ақпын еш күмәнсіз, ырыс емес сор үшін. Көрісуге шыдамаспыз, айрылалық сол үшін» деп келетін Татьянаның соңғы қошын: «Жарым жақсы киім киіп, келді жанға жылы тиіп. Дюана болды көңілім, басылмай бір құшып-сүйіп» деп келетін Онегиннің өлердегі сөзін, тағы басқа осы текті мәңгілік образдары түпнұсқадан таба алмаған бір қауым жұрт, өте-мөте әлгі аударма деп өңештенушілер қатты сасад. – саспаңыздар!- дейміз біз оларға, бұл мәңгілік образдар Абайдың өз тумасы, яғни «ғашықтық қандай десе мынандай деп» жасап отырған өнер әйгісі. Пушкиннің осал жақтарын бес саусағындай біліп, классикалық қара өлеңнің ғашықтық эстетикасын бәйгеден келтіріп отырған осындай Абайды өз халқынан, Ұлжаннан, қара өлеңнен туды дегенге қимай, орыс әдебиетінен Пушкиннен тудырып жүрген пенделерге мырс етіп күлгеннен басқа не деуге болады? Иә, ондайларға көңілді жарымдай өз шаруамызды жалғастыра берейік. Сонымен екі эстетиканың жалпы бітім тұлғасын азды-көпті шендестіріп өткендей болдық, енді қара өлеңнің өз табиғатына бірәз байырқалағанымыз жөн болар.

Дәйім менің мінгенің ал қаракер,

Қолыңдағы қос жүзік бұрама зер.

Ұзай көшіп ауылың шет қонғанда,

Көзге күйік көрінер ойнаған жер.

Бұл кәдуелгі бір шумақ қара өлең. Қара өлеңдердің басқы екі тармағы көбінде осылай құрылады. Әлгі қара өлеңнен жерігендер күдіктеніп, өзімдікі деп басын ұстағандар үміттеніп жүрген де, осы басқы екі тармақ. Мұның бұлай болатыны, қара өлең табиғатының осы басқы екі тармаққа үлкен қатысы бар. Жоғарыда, батыс эстетикасының обьектив дүниені ақыл көзімен еліктейтіні, шығыс яғни классикалық қара өлең эстетикасының обьектив дүниені көңіл көзімен өзіне балап сырласатыны баяндалып өтті. Егер осы бір шумақ қара өлең батыс қауымына осы күйінде жетсе едауір ерсі көрінер еді. Өйткені олар бұл шумақты жырласа, өз дәстүрлері бойынша, әуелі обьективті түрде кеңістіктің бір лоқатынан «ойнаған жердің» көрінісін тауып, онан соң ол жердің пейзажын өз қалпына қайта көрсетіп, қаракер атқа мінген жігітті немесе жүзік салған қызды әлгі сұлық суретке телміртіп барып, олардың тегінде осы араға бас қосқан жайын баяндаған болар еді. Ал қара өлең үшін бұндай пәтуаның, кеңістіктің бір ноқатынан телмірудің қажеті жоқ, оның өзі кеңістік. Ол бүкіл кеңістікті өзімен көшіріп, психикалық кеңістіктің қай деңгейін қайсы уақытқа қалай қаласа, солай өз ырқына баурай алады. Мысалы, «дәйім менің мінгенім алқаракер де» осы бір жалт еткен психикалық кеңістікте, «ал қаракер» мен «қос жүзік» жігіт пен қыздың кезінде қызық, қазір күйік болып отырған ең ыстық бір шақтарын жалт еткізеді. Бұл бір ыстық шақ қызық пен күйік, сол екеуінің ғана бір шақ бір мезгілі емес, өлеңді естіп отырған, сезімнің осы кешуі бастарынан өткен күллі қауымның талай шақ, талай мезгілін қозғап, тұла бойларын ду еткізеді. Қиялдарына қанат бітіп, әркімнің көз алдына өз қара кері, өз қос жүзігі, өз қызық, өз күйігі елестейді. Мейірлері қозғалады, бірақ қанбайды, ләззаттанады, бірақ мағынасын сөзбен айтып бере алмайды. Тек осы бір ғана жер, бір ғана орайда емес, қай жер, қандай орайда да, қанша мәрте естісе де, естушінің басынан әлгі сезім хәлін кеше береді. Әлгі бейнелер қанша заман, қанша рет айтылса да ескірмейді. Айтылған сайын жаңарып, көңіл көгінде мәңгілік жарқырайды. Эстетика жөнінен алғанда, жан дүниені баураған дүниенің өзі мәңгілік. Олай болса, бұл образдың мәңгілікке жарқырамауы мүмкін емес. тек осы «дәйім менің мінгенім ал қаракер» ғана емес – классикалық қара өлеңде осы секілді өзінің мәңгілігін сақтаған сан ықылым бейнелер бар. Былайша айтқанда, кеңістікте орын алғанның бәрі сезім ұштасқан жерде қара өлеңнен табылады десек, артық айтылған болмайды. Қара өлеңнің өз сөзімен айтқанда:

Тау да өлең, тас та өлең, ағаш та өлең,

Дау да өлең, ақыл да өлең, оғаш та өлең.

Жер де өлең, мал да өлең, жан да өлең,

Дос та өлең, туыс та өлең, алаш та өлең.

Мұның бұлай болуында үлкен сыр бар. Бұл сыр – классикалық қара өлеңнің психикалық кеңістікті өнер тәсіліне айналдырудағы ерекшелігінде. Қара өлең жөніндегі алғашқы мақаламызда-ақ, қара өлеңнің барша өнер тегін – лириканы, эпосты, драманы – өз бойына сыйғыза білген шалқарлығын елестеткен едік. Мұндай шалқарлықтың түп-төркіні қара өлеңнің осы психикалық кеңістікті өнер тәсіліне айналдырып отырған ерекшелігінен білінеді. Атап айтқанда, бұл ерекшелік – кеңістік монтажы. Монтаж – кез келген көріністерді өзі қалауы бойынша құрап, жалғап, бөлекті біріктіріп, одан екінші бір әсерлі көріністі тудыратын қазіргі заманғы кино өнерінің басты бейнелеу тәсілі. Бұл тәсілдің шығуы кино пайда болған осы заманға тән. Бірақ, бір ғажабы бұл тәсілді, яғни өнердің сақынаға шығу осы тегін классикалық қара өлең өз бойындағы бағзы заманнан бойына дарытқан. Бұл тәсілді біз қара өлеңнің психикалық кеңістікті өнер тәсіліне айналдыру ерекшелігі деп атап отырмыз. Мәселен:

«Қара таудың басынан құлағаным,

Кер бестінің кекілін сылағаным» деген екі тармақты логика арқылы бір-біріне байланыстыру қиын. Сондай-ақ, мұны:

Сен есіме түскенде қимас қалқа,

Құшақтап құс жастықты жылағаным» деген соңғы екі тармақпен де мағына арқылы тұтастыру мүшкіл. Бірақ, бұл өлеңнің естушілері психикалық көңіл көгінен, біресе құласам ба екен деп қара таудың басына жүгіріп, біресе, мінсем бе екен деп кер бестінің кекілін сылап, байыз таппай тықыршыған жігітті көрген де-ақ сезімдері тықыршый бастап, құс жастықты құшақтай жылаған күйігі білінгенде, өлімен бірге өздерінің де қабырғасы қайысады. Олардың қабырғасының қайысуына логика мен мағынаның пәлендей бір себі тимейді. Бұл қалайша? Қара өлеңге ерген өсектің бірі де осы емес пе еді? Ойлап отырсақ, бір есептен кейбір жақтарда, екі мың жылдың алдында өткен Платон бізден әлде қайда зерек сынды. Ол: «Нақты нәрсені көруге болады, ойлауға болмайды. Ұғымды ойлауға болады, көруге болмайды» дейді. Рас-ау, «Қаратаудың басынан құлау», «кер бестінің кекілін сылау» көз көріп тұрған нақты нәрселер, бұларды ойлап жатпайсыз, тек сезінесіз. Образ атаулының өзі осындай нақты нәрселерден бас құраған, оның ой жеткізе алмайтын нәрселерді жеткізе алатыны да сол. Егер қара өлең образ болмай, абстракт ұғым дүниесі болса еді, онда әрине, онда оны алдымен логика мен мағынаның тезіне салуға тура келер еді. Осыны аңғарған Платон сезімнің дүниесі мен ұғымның дүниесін әдейі ашалайды. Осыны аңғарған қара өлең сезіммен ұштасқан психикалық кеңістікті өнер тәсіліне айналдырып, керек тапқан шағында оны өзіндегі нақты дүниелермен қоса көшіріп әкеліп алдыға жаяды. Оның бұлайша психикалық монтажымен бейне жасау жолдары да сан алуан болып келеді. Мәселен, жоғарыдағы «ал қаракер» мен «қос жүзік» бір текті екі бейненің басын қосу жолымен жасалса, «қара таудың басы» мен «кер бестінің кекілі» екі шалғайдан бас құрайды.

«Ұшады қыран бүркіт қыр айналып,

Түседі көрсе түлкі шыр айналып» дегенде бір текті бейне жалғасымен көрініс тапса: «Жапалақ жалпылдайды жар басында, немене жоқтың күні бар қасында. Дос жүріп қас болғаннан сақта құдай, қасқырда қас қылмайды жолдасына» деген шумақта әр текті бейне әр қырдан жамырап, сыбайластық жолмен емес, диалектикалық жолмен ұшқасады. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» деген де құранды бейнелеу жайында қалып, бүкіл дүние психикалық кеңістік көгіне көтеріледі. Ешбір шектеуге ұшырамайды. Батыс эстетикасы мұндай емес. оның табиғаты еліктеу болғандықтан, емешегі сол еліктеген нәрсенің анығында, шындығына жетемін деп құрып уақыт пен кеңістік тұр деген жеріне тұрып, жүр деген жеріне жүреді. Мәселен, Пушкин: «Дауыл қуып босқан бұлт, сен ғана, ашық көкте жүрсің жылжып» деп аңсары сол бір бұлт көрінісінің анықтығын, шындығын қалай көрсетуге ауса, қара өлең: «ауылым көшіп барады белден асып, белден асқан бұлтпенен араласып» деп, бұлтты анық пен танықтың, шын мен шын еместің арасына бұлдырата салады. Басы ашылмайды, айтылып, бітпейді. Сезімге керегі де осы басы ашылмаған бұлдырлық. Естушінің әр қиялы бұл бұлдырды іліп әкетіп, қалғанын әр көңілдің көк дөнені өзі желіп жүріп толықтайды.

Бейне бар жерде сұлулық бар. Адамзат әдемі өмір, сымбатты адам жөніндегі эстетикалық армандары нақты, кемел бейнелер арқылы жүзеге асады десек, поэзия осы бейнелерді дастан жасайды. Сөз етіп отырған екі эстетиканың табиғатына, көркемдік заңғары мен эстетикалық орамдылығына онан арман тереңдей үңілу үшін, бұл бейнелердің жасалу жайын қарастыра кетуде аса қажет. Бірақ, бір кітаптық мұндай өзекті дүниені шағын шағын мақаланың бойына сиғызу аса қиын. Деседе, ане-міне адам, ане-міне шығармалар емес, тек батыс эстетикасының «Илиадасы» мен классикалық қара өлең эстетикасының «Қыз жібек» жыры сынды үздік дәстүрлерді шендестірсек, бұл бір өзекті дүниенің кейбір қырларын аздап аңғаруға болады. Жұрт айтқан «Илиада» батысқа үлгі көрсетіп, эстетикалық дәстүр жасаған ұлы шығарма. Осындай ұлы шығарманың оқиғасына өзек болған Элена ару. Осы аруға таласу себебінен, ондаған жылдарға созылып, бүкіл Гректі астан-кестең еткен Троя соғысы туады. Осындай өз кезінде грек әлемін дүр сілкіндіріп, сонан бері батыс эстетикасының сұлулық пірі атанып келе жатқан Елена арудың дастандағы бейнесі қалай жасалады? Айтылуға қарағанда, сол кездегі грек суретшілері Еленаның сұлу сымбатын салу үшін гректегі ару біткеннің бәрін жинапты. Сонда да оның сұлу сымбатын шығара алмапты. Соғыс аяқтап, жеңген жақ Еленаны жиылған шаршы топтың ішіне алып келгенде, көрген жұрт: «Бір ел бекер құрымаған, сұл десе дегендей-ақ екен» деп бірінің бетіне бірі қарапты. Үш мың жылға таяу уақыттан бері батыс эстетикасында ауыздан түспей келе жатқан, ару пірі бейнесінің бар болған біткені осы. Табиғаты еліктеуді, анықтыққа, шындыққа жетуді ұстанып, ақыл көзімен қарайтын батыстық эстетика үшін бұл теріс таным емес. Өйткені, Елена сұлулығын суретші біткеннің сыза алмағаны «шындық», жиналған шаршы топтың «сұлу-ақ екен» деп тамсанғаны да «шындық», олай болса Еленаның жұрттан асқан сұлу екені де «шындық». Ал Қызжібектің сұлулығы мұнан өзгеше. Ол ақылдағы, ұғымдағы сұлулық емес, көз көріп, жан сезініп тұрған сұлу. Оның сұлулығы үшін классикалық қара өлең эстетикасы суретші іздемейді. Көлденең көз төреші де іздемейді. Жібек сұлудың өзін, өз келбетін ғана іздейді. Әрине, бұл келбет батыстың «шындыққа» сай келетін обьектив келбеті емес, эстетикалық армандағы келбет. Жоғары да атап өткеніміздей, классикалық қара өлең мұндай келбетті өзінің ерекше тәсілі яғни психикалық кеңісті өнер тәсіліне айналдыру шеберлігі арқылы жасайды. Атап айтқанда, Қызжібектің сұлулық бейнесін ашу үшін кеңістік жеті рет түріледі. Жеті рет түрілген кеңістік монтажында жеті ару (бірі Жібектің шешесі) көрінеу, қырық ару көмес өздерінің барша сұлулық сымбатымен бой көрсетіп, Жібектің бұлардан да сұлулығы естіген жанның ынтызарын құртады. Соңынан: «Нұр шетінен пішкендей, сағымы жерге түскендей» Жібектің жарқын келбеті де толық ашылып, тапқыр, шешен, ақылды, адамгершілік ар-намысы күшті Жібек, «Бір көрген адам дидарын, шыбын жаннан кешкендей» көз алдымызға жалт етеді. Жыр сізді реал дүниеден эстетикалық дүниеге алып келеді. Эстетика көзімен қараған сізге мұндағы дүниенің бәрі ыстық. Ал, еліктеуді ұстанған батыс эстетикасының табиғаты бойынша «Илиада» ақыл көзіменреал дүниенің шындығын қуады, обьектив дүниемен арада аралық данекер жүреді. Мәселен, Елена арудың сұлулығы осы данекер арқылы – суретші, жиналған топ – жетеді, сондығынан да мұндай дүние біз үшін салқын. Классикалық қара өлең эстетикасына ондай данекердің қажеті жоқ, онда нақты бейненің өзі жарқ етіп, сезімді тіке шымшиды. Тәтті күйдің сезімінің өзі құсап білетіні сияқты Жібек бейнесі де сезімнің өзі құсап білінеді. Сондықтан мұндағының бәрі ыстық. Әрине, батыс эстетикасы мен классикалық қара өлең эстетикасының екуі де, адамзат эстетикалық санасының озық үлгісін білдіретін дәстүрлер. Әйтседе, эстетикалық орамдылық жағына келгенде «Илиадан» «Қызжібек» жыры әлде қайда алымды, алде қайда адам жанына жанасымды екенін байқау қиынға түспейді.

Демек екі дәстүр мыңдаған жылдар өз үрдісін жалғастырып келеді. Батыс эстетикасының бүгінгі батыс әдебиетінің дәстүрі болғаны сияқты, классикалық қара өлең эстетикасы да бүгінгі қазақ әдебиетінің дәстүрі. Әрине, адамзат сана формаларының бірі ретіндегі эстетика адамзаттың өзі секілді үздіксіз жетілумен келеді. Мұндай жетілу ескісі тозып, істен қалып, жаңасы пайда болу жолымен емес, адамзаттағы тұқым қуалау іспетті дәстүрдің үздіксіз жалғасуымен есейеді. Мәселен, «Илиада» жарыққа шыққалы үш мың жылға таяса да, одан кейінгі жерде батыс әдебиетінде не бір дастандар тусада, бүгінгі оқырман онан одан әлі ләззат алады. «Қызжібек» жыры да солай. Онан кейінгі жерде талай көркем дастандар туса да, жыр әлі шыт-жаңа, әлі асқақ. Эстетикалық дәстүрдің бұлайша жалғастылығын, тарихилығын, ішкі байланысын үзіп, ескісі тозып қалады. Жаңасы кездейсоқ пайда болады немесе басқа жерден көшіріп келуге болады деп қарау, басқаны былай қойғанда, дамудың диалектикасына мүлде қайшы. Олай болса, әлгі қара өлеңді ысқа түскен кісідей бөлектеп ауыз әдебиетінің үйшігіне қамап әртүрлі ат тағып, бүгінгі әдебиеттің маңына жолатқысы келмей «өзі болып жүргендерге»: «сіздің бұлайша «өзі болып» жүргеніңіз жасау-жақпытыңызды» молынан жасап берген сол түркінің арқасы» деп және бір рет жар салып, мақаламызды аяқтағымыз келеді. Өйткені, мақаламыздың өзі осы төркін тану – қара өлеңнің табиғатын тану заруінен басталған ғой. Осы бір жерге жеткенде, классикалық қара өлең эстетикасы яғни қазақ әдебиеті төркінінің қарасы негіз жақтан көрінді деп есептейміз. Құдай бұйртса, енді қай-қайсымыздың да мына бір сөзді мақтанышпен айтумызға болады: қазақ әдебиетінің әлем асқарымен бой теңескен бүгінгі деңгейі – классикалық қара өлең эстетикасының арқасы!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар