Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ әдебиетіндегі әйел образы

08.11.2018 364

Қазақ әдебиетіндегі әйел образы

ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы туралы бірер сөз

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әйел образын жаңа қырынан суреттеген шығармаларға өте бай. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлинның «Шұғаның белгісі», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» т.б. көптеген туындыларда әйел психологиясы мен оның нәзік болмысы суреттелген.

Роман жанрының алғаш қалыптасқан кезеңінде нәзік жандылардың тағдыры шығарманың негізгі арқауына айналып, қазақ қаламгерлерінің шеберлігі мен көркем ойлау жүйесі әлемдік деңгейдегі үздік романшылардың деңгейінен еш кем емес екендігін дәлелдеді. Әлем әдебиетінде ХVIII ғасырда қалыптасқан сентиментализм бағыты Батыс Еуропа жазушыларының әйел психологиясын зерделеп, олардың жаны мен ішкі болмысын бейнелейтін шығармаларының жарыққа шығуына ықпал етті. Мәселен, француз әдебиетінде Жан Жак Руссо, Гюстав Флобер, Ги де Мопассан прозасында әйел образының үздік галереясы жасалған болатын. Ал орыс әдебиетінде алғаш рет Н.М.Карамзин әйелдің ішкі жан дүниесін Еуропа классиктерінің үлгісімен суреттеп жазған. Бұл авторлар тудырған образдардың ойы шынайы, жүрегі нәзік, жаны мөлдір, көңілі пәк еді.

Әйел тағдыры – қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Әдебиет пен адамзат қоғамы бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, ақын-жазушылар адами құндылықтарды жазудан бас тарта алмайды. Онсыз шығармашылық тұлғаның дамуы да болмайды. Бұл ретте қазақтың көрнекті қаламгерлері де адам факторын басты нысан етіп алған. Мәселен, дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзгерістер әйелдің халімен өлшенген. «Отаршылдық», «құндылықтардың жойылуы», «ғылымның дамуы», «қала мәдениетінің қалыптасуы» – бұлар ХХ ғасырдағы қазақ тұрмысын сипаттайтын басты белгілер. Міне, жаңа ғасыр әкелген ұлы өзгерістердің барлығы әдебиетте көрініс тапқан. Осы орайда ұлттың анасы, ұрпақтың тәрбиешісі, әулеттің аяулысы болған қазақ қызының тағдыры айрықша назарға ілікті. Себебі қоғам алдымен әйелдің болмыс-бітімін өзгертті. Қазақ әйелі де оқуға барды, ерлермен бірге қызмет істеді, киім кию үлгісі өзгерді, өмір салты қалалық өркениетпен байланысты. Бұның өзі тұрмыс-тіршіліктің оң өзгерісімен қатар кемшіліктерін айғақтады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» мақаласында әйелдің рөлі мен хал-жағдайы туралы былай дейді: «Қай уақытта қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін дөңгелек солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес. Бұлай болғанда алғашқы сөзімді қайта айтамын. Адам баласы тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағіліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейін десең, әйелідің халін түзе».

Қазақ әдебиетінде әйел тақырыбын өзек еткен алғашқы прозалық шығармалар жоғарыда аталған Еуропа қаламгерлерінің туындыларынан дараланып тұрады. Себебі әр шығармада әр ұлттың өз танымы мен түсінігі берілген. Мәселен, қыз баланы ерекше қастерлеп-қадірлеген қазақ халқы тәрбие мәселесінде қызға қырық үйден тыйым жасағаны белгілі. Шығармаларда қазақ қызының образы ұлттың салт-дәстүрімен, құндылықтарымен сабақтаса суреттеледі. Алайда отаршылдық әкелген дала өміріндегі өзгерістер алдымен қазақ әйелін бұзғаны анық аңғарылады. Материалдық жағынан азып-тозып қана қоймай, рухы әлсіреген халықтың аянышты халі қаламгерлердің шығармаларына арқау болады.

Мәселен, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен «Күнікейдің жазығы» повесі әйел тағдырымен қатар, дәстүрлі қазақ отбасындағы құндылықтар тақырыбын қозғайды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында қазақ қызының әлділердің ойыншығына, ермегіне айналған трагедиясын ашып көрсетеді. Бұл бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Романның басты кейіпкері – Ақбілек. Шығарма сол басты кейіпкерінің атымен аталған. Бұл табиғи да, заңды да. Романдағы бүкіл оқиға, іс-әрекет, қазақ ауылының әлеуметтік тіршілігі, халықтың дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, адамдар арасындағы түрлі қатынастар, империялық озбырлық – соның бар-баршасы діңгекті образ Ақбілек тағдырына байланысты.

Ақбілек кейіпкер ретінде қазақтың дәстүрлі отбасынан тәлім-тәрбие алғаны анық байқалады. Атам қазақ қыз туғанда «өрісім кеңейді» деп қуанған. Осы пікірімізді нақтылай түсу үшін ақтардың тұтқынынан қашып келген Ақбілек әкесі Мамырбайдың көзіне қарауға ұялады, ұяңдық пен ибалылық сақтайды. Ұрқияның қайын сіңлісіне Ақбілекке қамқорлығы мен қайырымдылығы отбасы қатынастарының озық үлгілерінің бірі. Қанша зорлық көрсе де Ақбілек тағдырға мойымай тез жинақталады. Оқуға ұмтылады, оқу арқылы ол дүниеге жаңа келгендей күй кешеді. Ақыры соңында білімі мен парасаты үйлескен Ақбілек Балташ есімді жігітпен тұрмыс құрады. Шығарма соңында әке батасын алуды парыз санаған Ақбілек ауылына оралады. Демек, Ақбілектің оқу арқылы мұратына, бақытына қол жеткізуі жазушы айтпақ болған заман жетістігі деп қабылдаймыз.

ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық өзгерістерге байланысты қазақ жастары оқуға ұмтылып, тәрбиесі мен болмысында өзгерістер пайда болды. Әдебиетте зиялы жастар, оқыған қыздардың бейнесі сомдала бастағаны белгілі. Аталған сипаттағы шығармалар заман өзгерісіне орай «дәстүрлі отбасы құндылықтарына жақындығы қандай дәрежеде», «әйелдердің жағдайы қалай өзгерді» деген сауалдардың жауабын табуы орынды. Осы ретте 1926-27 жылы жазылған Смағұл Садуақасұлының «Күлпаш» әңгімесін ерекше айта аламыз.

Ең алдымен, С.Сәдуақасұлы «Күлпаш» әңгімесінде адамгершілік, тәубеге келу, дұрыс жолды таңдау сияқты мінездерге мән береді. «Қазақ жастарының қала тіршілігіне дендеуі, орыс тұрмысымен тонның ішкі бауындай араласуы олардың қара басына жақсылықпен қабат қайғы сыйлады. Қала даланы шойын жолмен айғыздап жаншыды, қалыпқа түскен дүниетаным әсірелікті қорасына кіргізіп алып, шығара алмай әбігерге түсті. Ислам мен Шығыс дәстүріндегі ибалы қазақ бойжеткенін қала өмірі әзәзілдей арбады. Кей ретте жолдан тайдырды. Жұмажанның ауа райындай құбылуына себепкер нәрсе – ақындығы ғана емес, қала тұрмысы да. Айттырылған күйеуінің қандай екенін көрмей жатып Күлпаштың «жүрек қалауымен» еліткіш Жұмажанға ұмтылуы да – ауыл салтына жат нәрсе. Бірақ ауылды жатсынған сол Күлпаш шекесін тағдырдың жартасына соққанда, киіз туырлықты тұрмыстан пана тапты. Айттырған күйеуі Күдері ақылды болып шықты. Ал ауыл ше? Қалашыл Күлпаш тәубасына келгенде, «жер жүзіндегі елдің бәрі қазақ ауылындай болса» деп армандады. Бұл жерде жазушы ауыл өмірін марапаттады, асқақтатты деген ұғым тумауы керек. Ол шартты кейіпкерлер бейнесі арқылы қаланың имандылыққа жат тұрпатын әшкерелеп, ауылдың кісілік қасиеттерін баса айтса, мұнысы парасат өлшеміне қарсы келмейді.

Автор Күлпаш бейнесі арқылы қала мен ауыл арасындағы айырмашылықтарды ашады. Турасын айтқанда, қыз бала қанша оқыған болса да дәстүрлі тәрбиені бойына сіңірмесе, оның отбасының тетігін ұстайтын тұлға болуы мүмкін емес екендігін аңғартады. Жұмажан сияқты қаланың желөкпе жігітіне алданып, өмірден түңілген Күлпаштың атастырылған күйеуі Күдерінің парасаты арқылы өмірге деген құлшынысы мен сенімі артады. Ауыл тәрбиесіне қанып өскен, қазақи таным-түсінікпен сусындаған Күдері шынайы ақыл-пайымымен дараланып тұрады. Осы қасиеттері арқылы Күлпашты өзіне баурап алады. Күлпаш ақ пен қараны ажыратып Күдерімен бақытты отбасын құрады.

Жоғарыда аталған шығармаға қарама-қарсы сипатымен келетін туынды Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнекейдің жазығы» повесі. Бұл шығарманың да тақырыбы – әйел тағдыры. Көшпелі қазақ ауылының феодалдық-патриархалдық тұрмысы жағдайындағы кедей шаруалардың тіршілігін жазушы сол ортадан шыққан қыз тағдыры арқылы бейнелейді. Ауылдағы әлділер мен әлсіздердің арақатынасын, қоғамдық әділетсіздіктің мүсәпір адамдарды езіп, рухани тоздырып бара жатқанын ашады. Осындай ортадан шыққан Күнікейдің әділетсіздікке қарсы бас көтеріп, өзінің адамдық, азаматтық хұқын қорғауға ұмтылуы, атастырған күйеуін менсінбей сүйген жігітімен қашып кетуі ескі тәртіпке, ата-баба салтына берілген соққы тәрізді елестейді.

Повесть оқиғасы шегініс арқылы дамиды. Онда Күнекейдің жастық шағы, өскен ортасы, кедей отбасының жұпыны тіршілігі суреттеледі. Әкесі Құлтума – «құл» атанып, өмірін жалшылықта, Ордабайдың қойын бағумен өткізген момын адам. Кедей үйдің барлы-жоқты тіршілігін ұйымдастыратын – шешесі Шекер. Шешенің тәрбиесімен пысық, өнерлі боп өскен Күнекей табиғат берген жігер мен қабілетін ешкімнің талқысына, кемсітуіне бермей, еркін жүруді қалайды. «Сөйлесе, түбін түсіреді, оң қолынан өнері төгіледі, күлсе, аузынан дүр шашылады, ән шырқаса, сүйегіңді шымырлатады».

Повесте Күнекейді Күлпаш дәрежесіне жеткен тұлға деп атай алмаймыз. Күнекей ауылда еркін тәрбиені көрген қыз, бірақ ақыл-парасат, кемеліне келу деген түсініктен ада болып келеді. Күнекей анасының ықпалымен әрекет етеді. Сән-салтанатқа, атаққа құмартады, байдың қыздарымен дос болады. «Тең-теңімен тезек қабымен» деген қағиданы ескермейді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, анасы Шекердің тым еркін, бос тәрбиесі қазақ қызына тән ұстамдылық пен ұяңдыққа жол бермейді. Осылайша тағдырды мойындамай, атастырылған күйеуі Тұяқты менсінбей, Байманмен кашып кетеді. Егер «Күлпашта» басты кейіпкер Күлпаш байыппен бағамдап парасатты Күдеріге қосылып, тағдырын мойындап, үлгілі отбасын құрса, Күнекей керсінше «Күлпаштағы» Жұмажан типтес кейіпкер – Байманмен қосылып, ақыры өкініп жалғыз қалады.

«Күнекейдің жазығы» – сол кездегі қазақ өмірінің тұрмыстық жайларын, көшпелі елдің көшу салтын, қыз ұзату, жастардың ойын-сауығы сияқты халықтық әдет-ғұрыптарды кең суреттейтін шығарма. Сонымен қатар бұл кезеңде жазылған шығармаларда әкенің қанымен, ананың сүтімен келген қазақтың ұлы мен қызында болатын ұяңдық, сыпайылық, адамгершілік сынды асыл қасиеттер бағаланып, заман ағымы тудырған жасанды зиялылық, пайдакүнемдік, әйелқұмарлық сияқты әдеттерді сынға алады.

Қорытындылай келгенде, ХХ ғасырда қазақ әдебиеті жанр жағынан дамып қана қоймай, тақырып мен идея тұрғысынан жаңа белеске көтерілді. Қазақ қаламгерлері әлем әдебиетіндегі жетістікке сүйеніп, әйелдердің қайталанбас образын жасады. Шығармаларда қазақтың ұлттық ойлау жүйесінің формасы сақталып, ұлттық құндылық пен таным-түсініктің көрініс табуы – сол заман қаламгерлерінің шеберлігі. Алғашқы классикалық туындылар қазақ әдебиетінде проза жанрындағы бағыт-бағдарды айқындап берді.

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: қазақ әйелі, #ЖүсіпбекАймауытов, #МұхтарӘуезов, Смағұл Cәдуақасұлы, ақбілек
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар