Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қазақ фольклорының қалыптасу тарихы туралы...

12.08.2020 27949

Қазақ фольклорының қалыптасу тарихы туралы 12+

Қазақ фольклорының қалыптасу тарихы туралы - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеті – жанрлық тұрғыда сан салалы дамыған, мазмұндық, пішіндік тұрғыдағы көркемдік биік деңгейдегі көптеген тамаша туындыларына қоса, ертеден қалыптасқан бай фольклорға ие, түрленіп дамыған әдебиет болып саналады. Қазақ фольклорының жүз томдық жинағы құрастырылып, жарық көруінің өзі – осының дәлелі.

Фольклор – кез келген халық әдебиетінің қайнар көзі болумен қатар, сол халықтың өткен тарихының, жүріп өткен жолының бағдары, куәсі. Тіпті сол халықтың жан дүниесінің айнасы. Әлемдегі қай халықтың болмасын, фольклор туындыларының сипат-ерекшелігі жағынан сол жұртқа тән өзге жанрлармен ұқсастығы да, өзіне ғана тән болып келетін біршама ерекшеліктері бар екені белгілі. Шығармалардың ауызша айтылып, ел есінде ауызша сақталатыны, айтушының ой-қиялына орай түрлі өзгеріске ұшырап, көп вариантты болатыны, тұрақты, дәстүрлі тіркестердің жиі кездесетіні – ауыз әдебиетінің барлық жанрына тән, бірегей ортақ нышандар. Сонымен бірге фольклор туындыларының тарихи шындық негізінде қорытылып, суреттелуі де әр жанрларға байланысты әр түрлі деңгейде болатындығын білеміз. Қазақ фольклорына да осы қағидаттар тән.

Бүгінгі өркендеп дамыған кемел қазақ әдебиетінің бастапқы қайнар көзі – оның телегей-теңіз ауыз әдебиеті дейтін болсақ, ұлттық фольклордың алуан жанрларының ішіндегі ең көрнекті саласы – эпостық туындылар, оның ішінде батырлық жырлар. Фольклортанушылардың назарына іліккен, қорға жинақталған азақ батырлық жырларының өзі төрт жүзден астам екендігін кезінде фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллин атап көрсеткен болатын. Эпостарды зерттеу, оны әлемдік әдебиеттану ауқымында танып білу – көптен бері қалыптасқан үрдіс. Эпостанудың зерттеу әдістері мен бағыттарын да қоғамның дамуына, сұранысына сай өзгеріске ұшырап отыратыны белгілі. Тіпті, бір кезеңдерде, эпостарды насихаттап, зерттемек түгілі, «Қарақасқа атты Қамбар батырдан» өзге эпостарды оқытуға тыйым салынған замандар да болған жоқ па?

Жалпы алғанда эпосты танудағы ең күрделі мәселе – тарихи шындықтың шынайы көрсетілуі болып табылады десек, жоғарыда айтып өткендей, саяси, тарихи ахуалдарға байланысты бұл қағидаттың орындалуында қиындық туындап жататыны бар. Сондықтан да эпостық туындылар үлкен өзгерістерге ұшырап, бастапқы мән-мағынасы өзгеріп, тіпті көптеген тұстары мүлде алынып тасталатын жағдайлар болып тұрады. Ауыз әдебиетінің арнасы кең, қамтитын ауқымы да орасан саласы ретінде есептелетін эпостардың жүріп өткен жолын зерттеу де үлкен тардың жүріп өткен жолын зерттеу де үлкен ліктілікті қажет етері анық. Эпос туралы академик Зейнолла Қабдолов өз зерттеулерінде мынадай анықтама береді: «Эпос – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі текстерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мейлінше мол қамтып кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр». Демек, эпостың орасан мүмкіндігін ескере отырып, оны белгілі бір дәуірдегі оқиғалар тізбегі деп қана жеңіл қарастыруға әсте болмайды, эпос – сол болып өткен айтулы оқиғалар мен істердің халық санасындағы естелігі, халықтың сол оқиғаға деген түсінігі мен берген бағасы да екені даусыз. Осы қағиданы ұстансақ, эпос қаһармандары мен тарихи қайраткерлерді тең дәрежеде қарастыруымыз үлкен қателіктерге ұрындырады. Бұлардың мүмкіндіктерін бірдей қарастыра отырап, олардың арасына теңдік белгісін қоюға мүлде болмайды деген сөз.

Осыған байланысты, эпостық туындылардың туып, қалыптасу, молығып, толығу кезеңдерін айқындау мәселесі алға шығады. Бұл дегеніміз – эпостарды шығу кезеңіне байланысты дәуірлерге бөлу деген сөз. Қазақ эпостарын дәуірлерге бөлу мәселесін төменде арнайы қарастыратын боламыз. Ол үшін эпостардың ішкі құрылымына біраз үңілу қажет болады.

Эпостар жалпы алғанда, тек болған оқиғаларға: кейіпкер, қаһармандардың елін сүю, сыртқы жаудан отбасын, әулетін, ел-жұртын, ауыл-аймағын қорғау, халық үшін ерлік еңбек ету идеясына құрылатыны белгілі. Ішкі-сыртқы жаулардың жасаған үлкенді-кішілі шабуылдары, оларға қарсы шайқаста ерекше көзге түскен, ел-жұртын дұшпанның қорлық-зорлығынан қорғаған батырлардың ерлік істерін халық ұзақ уақыт ұмытпай, аңыз-әңгіме, жырына қосып арқау еткен. Әрине, мұндай жырлар бір дәуірдің, бір ғасырдың ғана жемісі емес. Өйткені, кешегі замандарда бір айтулы оқиғаға байланысты туындаған ақпарат халықтың жадында жылдар, ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар бойында сақталып, бірге өмір сүргендігі белгілі. Қазіргі ақпараттық жылдамдық дәуірінде мұндай жағдай мүлде мүмкін емесін білеміз. Мысал үшін, өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін кешке жақын, отбасы адамдары үйге жиналған кезде, үстел басында отырып қисса-дастандарды араларындағы біреудің айтуында тыңдайтын дәстүр болған. Ал одан бұрын бұл қызметті жыршылар атқарған. Бертінде магнитофон, теледидар, смартфон т.б. техникалық құрылғылардың кезегімен қоғам өміріне кірігуіне байланысты, ақпаратты ұсыну, қабылдаудың форматы мен жылдамдығы мүлде өзгеріп, жаңа сипаттарға ие болуы – фольклорға да үлкен әсер етті. Қазақ фольклоры да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Бірақ, біз қолда бар эпостық жырларды заманға сай зерттеп, оны болашақ ұрпақтың кәдесіне жарата білуіміз қажет. Белгілі бір дәуірде шыққан жыр халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне сәйкес, жылдар, ғасырлар, дәуірлер өте көптеген өзгерістерге ұшырап, әр заманда әрбір тарихи кезеңнің, қоғамдық ой-сананың, түрлі көзқарастардың алуан әсерлерін бойына жинай отырып, біздің заманымызға тұтас бір типтік сарында жеткенін ескерсек, көлемді жыр-дастандардан нақтылық іздеудің өзін дұрыс деп айту қиын екендігін зерттеу барысында ескерген жөн болады.

Қазақ эпосының туу, қалыптасу кезеңдері туралы зерттеулер туралы қарастыралық. Мұнда бір ескерерлігі: қазақ эпостарының зерттелу тарихының өзі бір емес бірнеше ғасырға кететіндігі. Атап айтқанда, кеңестік дәуірге дейін-ақ, Қазақ хандығы құлап, бодандыққа ұшыраған кезеңнен бастап Патшалық Ресей билігі бұратана халықтың жан дүниесін зерттеу үшін ғылыми экспедицияларды әр өңірге бірінен соң бірін жіберіп отырған. Осылайша, Ресей патшалығы тұсында қазақ фольклорын зерттеудің алғашқы нық баспалдағы қалыптасты. Осылайша, қандай ниетпен болса да, жинақталып қалғаннан кейін, фольклортану ғылымы тарихында эпостық шығармалардың қыр-сыры өз дәуірінің сұранысына, идеялық талаптарына сәйкес кеңінен қарастырылып келе жатыр деп айтуымызға болады. Бұған мысал ретінде Шоқан Уәлихановтың, Василий Радловтың, Николай Ильминскийдің, Григорий Потаниннің, Әбубәкір Диваевтың және басқа да ресейлік зерттеуші-ғалымдардың жинап, бастырған батырлар жырлары мен олардың осы жинақтаған матеиралдары негізінде жазған толымды зерттеу еңбектері дәлел. Аталған ғалымдардың және өзге де фольклортанушы ғалымдардың еңбектерінде эпостың халықтығын айқындау керектігі, эпосты тарихи оқиғаның нақтылы көшірмесі ретінде қарастыруға болмайтындығы, жалпы эпосқа тарихи ескерткіш деп қана қарамай оны тудырған халықтың рухани қазынасы, көркемсөз өнерінің озық үлгісі деп қарау басты орынға қойылып отырғандығын атап өткен жөн. Патшалық Ресей билігі бодандыққа ұшыраған халықтарды кезең-кезеңмен жүйелі зерттеу үшін отарлау саясатын барынша тиімді жүргізу үшін ел ішіне түрлі ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып отырумен қатар, бұл маңызды іске сондай-ақ, халықтың өз ішінен шыққан, ықпалды, беделді, зиялы адамдарды да тартып отырды. Олардың қатарында Көкшетаудағы Шыңғыс сұлтан Уәлиханов, Баянауылдың көрнекті шонжарлары Мұса Шорманұлы, Сәдуақас Шорманұлы т.б. елге беделді, сауатты қазақтар болды.

Кеңес дәуірі өз мақсатына, өз сұранысына орай қазақ фольклорын, оның ішінде эпостарын зерттеуді қолға алғанын атап өткен жөн. Осыған орай, өткен ғасырдың 20-жылдары соңы мен 30-жылдары ішінде қазақ әдебиеттану ғылымында үлкен зерттеулер жасалды. Соның ішінде эпостарды зерттеуде Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов т.б. әдебиетшілеріміздің еңбектері зор болса, кейіннен олардың ізімен Сәбит Мұқанов, Әлікей Марғұлан, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Мәлік Ғабдуллиндердің тың зерттеулеріне, тұжырымды ой-пікірлеріне ұласты. Бұл кезеңде қазақ эпосының тарихпен байланысы, шығу жолдары, көркемдік ерекшелігі, халықтық сипаты мен белгілері осы ғалымдардың еңбегінде жан-жақты қаралды. Дегенмен, бұл кезеңде қазақ фольклортануының негізін қалаған көптеген зиялы тұлғалар сталиндік зұлматтың жазықсыз құрбаны болып, тірі қалғандар тобы әдеби өмірден шеттетіліп, ұзақ жылдарға жер аударылып кетуі – көптеген мәселелерде, жауырды жаба тоқуға, бастапқы идеядан айнуға әкеліп соқты. Бұл кезеңде академик Мұхтар Әуезов қазақ эпосының тұрмыс-салт жырлармен (жоқтау, естірту, қоштасу т.б.) байланысты екендігін, жалпы қазақ эпосының қалыптасуына осы жырлардың негіз болуы мүмкін екендігін айтқан болатын. «Бізде ең ежелгі мұра санатына жатар, ертедегі заманның аңыз-әңгімелерінен туған жыр-дастандар жетерлік. Әдебиетіміздің төркінін тым әріге, монғол, Алтын Орда, ноғай-қыпшақ, қалмақтар заманына жеткізер ескерткіштер де осылар. Атап айтсақ, «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» және т.б.», - деп атап көрсеткен ғалым қазақ эпостарының бастау көзін туған жерімізде жасаған арғы-бергі мемлекеттердің тарихымен байланыстырады. «Өткен заман жайын шертетін өлмес, өшпес, дана шежіреші – эпос бізге ғасырлар тынысын жеткізгендей, сол кездегі жандар бейне бір тіріліп келіп сыр-сезімін, ойы мен шынын, үзілмес арманы мен бақыт аңсаған тілегін алдымызға жайып салғандай болар еді», - деп академик Мұхтар Омарханұлы айтқанындай, эпостарда халқымыздың ғасырлар бой»ғы аңсар-арманы, мұрат-мақсаттары, бастан кешкен қасіреттері мен қуаныштары жатыр.

Кеңестік кезең – қалай айтсақ та, қазақ эопстарын жинақтап, зертетуде аса үлкен табыстарға қол жеткізген жылдар болып тарихта қалады. Тіпті соғыс уақытының өзінде ел басшыларының игі ықпалы арқылы сонау батыс өңірде жатқан Мұрын жырауды астана Алматығы алдырып, арнайы қаржы бөлдіріп, орын-жаймен қамтамасыз етіп, жыраудың ғұмыр бойы сақтап келе жатқан құнды қазынасы «Қырымның қырық батыры» цикльді батырлар жырын жаздырып алып қалуының өзі – қазақ фольклоры үшін үлкен сәттілік болғаны анық. Осыдан көп өтпей, «Қырымның қырық батырынә толық білетін «могиканның соңғы тұяғы» Мұрын жыраудың өмірден өткенін ескерсек, осы бір орайлы істің нағыз қажетті шағында жасалғанына қуанамыз. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтарда осыдан отыздай жыл бұрын әр аудан, өлке бойынша фольклор үлгілерін жинау жұмысы қарқынды жүрілген. Осының нәтижесінде ондаған, жүздеген фольклор үлгілері, әсіресе, эпостық туындылар көптеп жиналғанын көреміз.

Жалпы, эпостық жырларды шығу кезеңіне байланысты топтау, дәуірлерге бөлудің де бірнеше нұсқасы бары белгілі. Эпостық жырларды кезеңіне, жанрлық ерекшеліктеріне қарай бөлудің бірнеше типтері бар десек, олардың өзі ірі фольклортанушы ғлымдарымыздың ұзақ жылдар бойғы зерттеулерінің тұжырым нәтижесі. Академик Мұхтар Әуезов қазақ эпосын мынадай түрлерге бөлу керектігін ұсынады: 1. Батырлық эпос; 2. Лиро-эпос; 3. Тарихи эпос; 4. Реальды-тарихи эпос.

Қазақ эпосын жинақтау және зерттеу мәселесіне әр кезеңде көптеген ғалымдар атсалысып, түрлі тұжырымдар жасаған болатын. Олардың зерттеу жұмыстары нәтижесі, атқарған еселі еңбектері ғылымда лайықты бағаланып келе жатқаны белгілі. Қазақ эпостарының жанрлық сипатына қашан да зор мән беріліп келген. Қазақ эпосына қатысты негізгі зерттеу еңбектерде, эпикалық жырларды жанрлық тұрғыдан жіктеудегі тәжірибелерге тоқтала отырып, елімізге белгілі эпостанушы ғалымдар Әлікей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаевтардың классификацияларын басшылыққа алатындығын көреміз. Осы тұрғыда ең алдымен Әлікей Марғұланның ұсынған жанрлық жіктеуін қарастырайық: 1) Ең көне замандағы эпостық жырлар. Бұл жырларға «Ер Төстік», «Ақ Көбек», «Құламерген», «Шолпан мерген» сияқты жыр-аңыздар жатады (бағзы дәуірден Х ғасырға дейін). 2) Оғыз-қыпшақ заманында туып-қалыптасқан эпостар (ХІ-ХІІ ғасырлар аралығы). Ғалым бұл кезеңнің өзін іштей үлкен екі салаға бөлінгенін ескерген жөн. 3) Қазақ даласына Шыңғысхан және оның ұрпақтары жасаған жорықтан кейінгі ахуалдарға байланысты Жошы ұлысының құрылуы, оның ішкі қақтығыстары («Қобыланды», «Ер Тарғын») жайындағы және Жошы ұлысының біртіндеп бөлшектеніп, ыдырауын көрсететін эпостық жырлар («Қамбар батыр», «Қазтуған» т.б.) жатқызылған. Дәуірлік бөлуге қатысты бұл жырларды ноғайлы жырлары деп те атайды. 4) Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті (ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар) суреттейтін эпостық жырлар. Мұндай жырлардың қарасы аз емес. Бұған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Ер Жәнібек, Ер Олжабай, Есімхан т.б. туралы жырлар енгізілген. Осыған ұқсас тарихи өлеңдер туралы пікірлер айтылған. 5) Қазақ хандығы күйретіліп, халық Патшалық Ресейге біржола бодандыққа мойынұсынған дәуірде, яғни ХІХ ғасырдағы патша езушілігіне, кіші хандардың солармен біріге жасаған зорлығына қарсы күрес хикаяларын беретін эпос жеке дәуір жаратындысы деп сипатталған. Мұнда тарихта болған Исатай, Махамбет, Бекет, Жанқожа туралы шығармалардың жанрлық өзгешелігі барлығы ескертілген. 6) Кеңес заманындағы туған эпостар. Мүмкін, тәуелсіздік тұсында да эпостар туындап жатқан болар.

Эпостарды топтастырудың бірнеше қағидаттары барын білеміз. Біз қарастырған, қазақ эпосын жоғардағы топтастыруларында академик Әлікей Марғұлан негізінен тарихи принципті ұстанған. Мұндай жіктеудің алғашқы бастамасы ХІХ ғасырдағы Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, Василий Радловтардың ой-пікірлерінде де бар болатын. Қазақ эпосына қатысты отандық тұңғыш әдебиеттанушы ғалым Шоқан Уәлихановтың айтқан пікірлері анағұрлым маңызды болатын. Ресейлік дәстүрлі тарихи мектептің өкілі ретінде Шоқан Уәлихановтың эпостың шығу тегін аса тыңғылықты қарастыруы өз заманындағы көптеген фольклор зерттеушілерін таң қалдырған. Шоқан Уәлиханов эпикалық мұралардың ішіндегі тарихи жырлардағы өзгешелікті бірден байқап, фолькортануда «тарихи жыр» деген ұтымды терминдік атауды алғаш ұсынған болатын.

Қазақтың эпостық жырларын түрге жіктеу тәжірбиесі Әбубәкір Диваев, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы еңбектерінен алғаш көрініс тапқан еді. Жалпылай алғанда ұлтымыздың сан ғасырлық рухани мұраларына тарихи тұрғыдан қарап, соны кешенді түрде зерттеп дәлелдеу мақсатына этнография, археология ғылымдарының тамаша жетістіктерімен ұштастыра жүргізген академик, сан салалы ғылымдардың білгірі Әлікей Хақанұлы Марғұланның эпостық мұраларды жіктеуін дәуірлік тұрғыдан дұрыс деп білеміз. Алайда мұны тек таза жанрға қатысты деп қараудан гөрі, оларды эпостың шығу тегі мен жасалуына байланысты жіктеу дегеніміз қисынды болмақ.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар