Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қазанның құлауын қайқы қылыштан көретін тарихшылар...

05.11.2018 4645

Қазанның құлауын қайқы қылыштан көретін тарихшыларға

Қазанның құлауын қайқы қылыштан көретін тарихшыларға  - adebiportal.kz

Күздің қара суығында Мәскеу билеушісі IV Иван 150 зеңбірек, темір сауыт құрсанған 150 мың әскерін бастап, Қазан қаласына келіп жетті. Бұл уақытта Қазан бар-жоғы 30 мың сарбаз жинап үлгерген еді. Жау әскерінің саны бес есе, ал қару-жарағы 20-30 есе күшті екеніне қамалдағылар үрейлене қарады. Бұл шайқасқа Құлшәріп молда, ноғай Изенеш би, түмендік Кебек батыр, Дербіш батыр, Сүйіншәлі батыр, атақты Шора батырдың інілері - Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікейлер қатысты. Сонымен татарлар астанасы үшін жан алысып, жан беріскен шайқас басталды. Жау әскері көп уақытқа дейін бөгеліп, беті қайта басаған еді, ең ақырында IV Иванның бұйрығымен зеңбіректер гүрсілдеп қоя берді. Еділдің бойы қырылған адам дауысы мен атылған зеңбірек үніне тұнып кетті. Кезінде Бату хан құрылысын бастап, кейін Ұлық Мұхмед жаңартқан атақты Қазан шахары қираған үйіндіге айналды. 500 мың қазандық түрік-татар қаза тапты, қаншама қыз-келіншектің ары тонауға түсті.

ІV Иван: «Әйелдер мен жас балаларды ғана қалдырып, қалғанын түгелдей қырыңдар» - деген пәрмен берді.

Бастары кесілген, қолдары шабылған өлі денелерді Еділмен төмен қарай салмен ағызылды. Бұл өліктерді көріп шошынған Астрахан жұрты орыстар келмей тұрып берілудің қамына кірісеті. Ноғайлар мен астрахандықтар мұндай сұмдықтан зәрелері ұшты. Ал Ысмайыл өзінің одақтасы ІV Иванның кім екенін енді түсінді. Оның қолында қандай қару бар екенін енді ұқты.

Бұл жан шошырлық оқиға туралы тарихи деректерде былай жазады: «Дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып өтіп, бергі бетке шығатын еді».

Қазан оқиғасы – түркі халықтарының жұлдызы сөне бастағанын көрсетті. Бұл жалғыз Қазанның құлауы емес, өзге де ордалардың маңдайына ерте ме, кеш пе тиетін шоқпардың қандай болатынын ұқтырды. Ажалмен талай бетпе-бет келіп, Қазанды қорғап қалған Сафа Герейдің сүйікті жары Сүйімбике енді оның қас жауы Шах Әлиге күшпен тұрмысқа шықты. Ал оның ұлы Өтеміс Герей мұсылмандықтан бас тартып, шіркеуде шоқындырылды. Өтеміс Герей енді “Александр” деп аталды.

Бұл бәрінен бұрын нағашы атасы Жүсіп бидің жанына батып, жүрегін қан жылатты. Сүйімбике ноғай биі Жүсіптің туған қызы болатын. Қазанның күл-талқаны шыққанын көзімен көрген ол өзінің антиорыстық көзқарасына толық сенімді болды. Көреген бидің көрген көкжиегінде көшпенді елдің күні батуға таяғанды. Олардың әрқайсысы өз әлдерінше соңғы рет тұяқ серпіп қалуға ұмтылды.

Соңғы кездері тарихшылар мен көзі қарақты оқырмандар арасында Қазан, Астрахан мен Сібірдің құлауын, Алтын Орданың бөлшектеніп, іріп-шіруін өзара қырқыспен қатар бір-біріне көмек қолын созбауымен байланыстырып жүр. Мысалы бір ғана Қазан трагедиясын алайық. Қырық күн бойы Иванның мұздай қаруланған армиясына қарсы тұрған Қазанға ноғай биі Жүсіп қол ұшын созып көмектескенде немесе Хақназар ханның әскері үлгеріп келгенде бәлкім Қазан қаласы тағы да аман қалар ма еді деген екі ұшты ойлар айтылып жатады. Алайда, тарихқа «солай болғанда бұлай болар ма еді» - деген нәрсе жүрмейді. Сонда да тарқатып айтып көрейік.

Жарайды делік, Хақназар ханымыз келіп көмектесті, Жүсіп би жанын салып Қазанды қорғап қалды деп есептейік. Бұл жолы Иванның әскері кері шегінді. Бірақ орыстар тағы келеді. Сосын тағы келеді. Бұл табиғи заңдылық. Хақназар мен Жүсіп бір рет, екі рет, тіпті бес рет құтқарып қалса да Қазанның құлайтыны анық болатын. Себебі өзіндік өнеркәсібі жоқ, мануфактура, саяси жүйесі ескірген, феодалдық құрылыстан өте алмаған, әлеуметтік-экономикалық жүйесі артта қалған, экономикалық мешеулікке ұшыраған елді жанындағы күшті мемлекеттің түбі басып алатыны анық. Сол себепті Қазан трагедиясын саяси процестермен ғана байланыстыру үлкен қателік болар еді.

Мұндай жағдай тарихта жүздеп кездеседі. Алақандай ғана аралдық мемлекеттер саналатын Англия мен Жапония өздерінен жүз есе үлкен мемлекеттерді тізерлетті емес пе?! Арада 200 жыл өткенде дәл осы трагедия өзіміздің басымызға келді. Біздің тарихымызда болған 300-ден астам ұлт азаттық көтерілістердің барлығының жеңіліспен аяқталуының басты кемшілігі әлеуметтік-экономикалық тұрғыда артта қалуымыздың салдары. Ұлттық буржуазиясы жоқ ел түптің түбінде өзгенің жеміне айналатынын тарих бізге көрсетіп берді.

Қазан қаласы дүрбелеңге түсіп, біздің жырауларымыз Ұлы даланы қоңыр домбырасымен күмбірлетіп үйілген өліктерді, қан сасыған даланы жырлап жатқанда Иван Грозный митрополит Макариймен кездесіп, енді бүкіл орыс даласында кітап басу ісін бастамақ ойын айтады. Осы жылы оған Дания елінен Мәскеуге кітап басу шебері Миссингейм келді. Орыс жұрты тың жаңалықтан тосырқамады. Мәскеу одан әрі өрлей берді, өрлей берді.

Сол себепті түркі тектес халықтардың тарихына үңіліп, жеңілісінің сырын айтқанда бұл халықтардың экономикалық-әлеуметтік мәселелерін ешқашан ұмыт қалдыруға болмайды. Біздің тарихымыз тек атыс-шабыстардан ғана тұрмайды. Осыны түсінетін кез жетті.

Рысбек Рамазанұлы, тарихшы,

“Әлем халықтары жазушылар одағының» мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар