Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Кетемін көкке жұлдыз боп

10.01.2022 4401

Кетемін көкке жұлдыз боп 12+

Кетемін көкке жұлдыз боп - adebiportal.kz

Ел арасына көп барып, жер-жерде жиі болып жүретін Фариза Оңғарсынова бір сапарынан: «Сабыр Адаев деген ақын бала көрдім. Ой, керемет!» – деп қуанып оралды. Не болса соған ауыз ашып, көз жұма қоймайтын тәкаппар ақынның мына лебізін естігенде едәуір елеңдеп қалғанмын. «Апырай, көретін екен», – деген ниет көңілге мықтап ұялаған. Бірақ, Маңғыстауға қанша барсам да, Сабыр Адай көзіме түсе қоймады. Кісі таниды-ау дегендерден өзі жайлы сұрап едім, бәрі де мақтай жөнелді. Сөз таниды-ау деген кісілерден өлеңдері жайлы сұрап едім, тағы да таңдайларын қағысты. Ақырында сондай азаматтардың біреуіне: «Қолжазбаларымен танысып көруге болар ма екен?» – деп қолқа салдым. Қағаз қатырмаға салынған парақтарды жүрексіне ақтардым. Оқи келе, ақық толы құпия сандықтың қақпағын абайсыз ашып қалғандай, өз көзіме өзім сенбей, қатты таңырқадым. Өмірде адам таңғаларлықтай тұйық Сабыр өлеңде неге сонша ділмар, неге сонша мұңлы? Оның тал бойыңды түгел балбыратып алардай бал тілі неліктен ауық-ауық соншама зарлы? Мінезден бе, тағдырдан ба? Қайта-қайта көңіліңді кес-кестей беретін бұл сауалдың нақ жауабын ақын өлеңдеріне өз көзіндей аңғарымпаз көзбен үңілген адам өзі-ақ анықтай алмақ.

Ол туған елі Қазақстанға оралған соң, мұндағы өмірге кеше жат жерде жүріп ересектерден естіген әңгімелерінің әсерімен, өмір бойы өзек үзіп өткен сағыныштың көзімен үңіледі. Егер ол «Самның да құмы сары алтын, сағымы жібек үлбіреп, үдей соққан дауылмен біздегі мынау бір жүрек; ордалы жылан оқ мүсін, падиша сұлу, патшалы, сегіз арыс семсерім, тамыры терең тақталы; қасқыр азу тік бақай, Үстірттің қара шатқалы; Маңғыстау сенде ер жеттім, Құдай берген бақ тағы», – десе, бабалар айтқан жазиралар мен шыңдарды жазбай танып қуанғаны. Сабыр жырындағы тұңғиықтан атойлап жататын тылсым ыза, буырқанған бұла ашудың арғы төркіні – әлі тауы шағыла қоймаған тәкаппар махаббатта. Алыста туып, асау құлындай арда еміп ержеткен арманшыл перзенттің туған жер туралы аспанмен таласқан асқақ ұғымында. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген әр шумағынан отаншылдықтың оттай ыстық махаббаты лаулап, әр сөйлемінен әлеуметшіл жүректің дүрсілі аттай тулаған лирика кітабын арғы-бергіден сирек кездестіресіз. Жортқанда жолың болсын, «ит пен құсқа жем болып қашанғы тілді тістеймін» деп қайым тарих пен қаяулы замананың қалың жықпылдарынан бүгінгі жүректер ділгерітіп отырған шыңғырған шындықтардың төбесінен дөп түсіп келе жатқан Жолбарыс – Талант!

Әбіш Кекілбаев

Маңдайы ашық, арманы асыл інісіне деген абыздың ақеділ тілегі, ақжарма көңілі, ақ батасы қабыл болды десек, қате айтпағанымыз болар. Үш ғасыр Романовтар әулетінің езгісінде, жетпіс жыл Кеңес үкіметінің қыл бұғауында бұлқынған кешегі кер заманда ішкі рухымыз кер үлектің күркіреуіндей күрсініс пен қамырыққа толы еді. Астыртын жүзеге асырылған идеялогияның кесірінен ұлттық болмысымыздың бедеріне нұқсан келіп, бағытымыз құбыладан жаңылып, бір тудың астына ұйысқан ауызбірлігіміз ыдырады. Осы тұста трайбализм (әсіре рушылдық) белең алды. Залым үкіметтің әуелде ойлаған қазақ даласын жік-жікке бөліп билеу пиғылы жүзеге асты. Бабаларымыздың қанына, аналарымыздың жасына суарылған егемендігіміздің ақ гүлі солмауы үшін ұлтымызды бүліну мен бөлінуден сақтайтын "жалғыз ойдың" тууын күттік.

"Әр қазақ менің жалғызым" деген сөзді менің жүрегіме жаратушы Ием: қуғын-сүргін көрген атам Адайдың белінде, қанында жүргенде жазған. "Құдай менің таңдайыма әдебиеттегі бағыма, қуғын-сүргін құрбандарының өтеуіне «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қастерлі де киелі ұғымды тұтас салды. Болмаса жеке-жеке ол сөздер күнделікті өмірде бар ғой. Жүрегім солай сыбырлайды. Тыңдаңдар өлеңге біткен жүректің лүпілін. Шексіз даналықтың иесі бір Алла ұлтымның қайғысы мен үмітін мен сияқты құлының қан түйіршігіне, жан-парағына, жүрек-сарайына бір-ақ жол өлеңмен өрнектеген. Мен қарапайым қазақтың баласымын. Ешкімнен артық емеспін. Мәселе Алланың мейірімі мен бұйырмысында. Тағдыр-талайым өлеңді аманаттады. Өлгенімше, қазағымның алдында перзенттік парызымды өтеуге талпына беремін. Қазақстан менің тірліктегі (барлық қуаныш, мұңымен қоса) жұмағым. Оның шоғына күйіп, күліне көміліп өлудің өзі бір бақыт. Әр қазақ менің жалғызым. Сол жалғыздың тілегін тілеп өтемін», - дейді ақын.

Сабыр Шеркешбайұлы Адай 1960 жылы, қыркүйектің 30-ы күні Қарақалпақстан Республикасының Шоманай ауданында туған. Бейнеу ауданындағы Абай орта мектебін тәмамдаған ақын 1979 жылы Алматы шаһарындағы «Эстрада, Цирк, Өнер студиясының» күй класына оқуға түскен. Талантты студенттердің бірі әм бірегейі бола білген қаламгер арнайы екі жылдық күйші мамандығын 1981 жылы бітіріп, 1990 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы «Орал» педагогикалық институтына сырттай оқуға тапсырады. 1981-1984 жылдары Бейнеу аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, 1984-1990 жылдары Бейнеу аудандық мәдениет үйінің басшысы, 1997-1999 жылдары Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы жанындағы ғылыми-әдістемелік орталықта шығармашылық бөлімінің бастығы, 2001-2006 жылдары аралағында Республикалық «Үш қиян» газеті қызметтерінде болған.

«Таңғы нөсер», «Кетемін көкке жұлдыз боп», «Жұмбақ түннің жылуы», «Әр қазақ – менің жалғызым», «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың», «Қарапайым қағидалар», таңдамалы «Серттесу», «Алтын зер» (Ұлт пен ұл), «Нәзира», «Уыз Ана», жыр жинақтарының авторы. 1987 жылы өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Юнеско аясындағы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойында әдеби шығармашылық байқаудың жүлдегері атанған. 2003 жылы Елбасының жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілген. Қаламгерге 2017 жылы «Құрмет» ордені, 2021 жылы «Алаш» сыйлықтары табысталған.

Асылында, Сабыр Адай берісі Маңғыстауға, арысы алты алашқа әйгілі батыр Ер Шабаймен аталас. Адай руының Құнанорыс тармағынан тараған Ер Шабай Орал казактарымен, Еділ қалмақтарымен, Хиуа-Түрікмен әскерлерімен өткен қанды қақтығыс, сұрапыл соғыстарда аты шығып, ерен ерлігі ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жайылған тұлға. 78 жасында ел шебі мен шекарасын қорғап жүріп ажал құшады. Сүйегі Маңғыстау мен Бесқаланың ортасындағы Итібай құдығына жақын маңға жерленген. Сталиндик репрессияның зұлматына тап келген ұрпағы елден көшеді. Әулетін бастап шет жұртқа ауған атасы Адайдан әкесі Шеркешбай, Шеркешбайдан Сабыр дүниеге келген. Әкесі Шеркешбай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы болған. Бәлкім, ақынның әдебиетке құмартуы, әкесінің ұлын жастайынан сөз өнеріне баулуынан шығар.

Адайұлы Шеркешбай ақсақал. Әдебиет және қазақ тілі пәнінен дәріс берген.1925 -2008ж.ж.)

Қызыл Империяның қасақана ұйымдастырған саясатының құрбанына айналған қазақтың көңілінен қаяуы өшпей, көзінен жасы кеппей тұрған қанды жылдары Сабыр Адайдың әжесі Айтжан: «Иә, Тәңір, елімізге тыныштық, адамзатқа қайыр-қанағат бере гөр», - деп көкке қолын созып, ылғи дұғасын бағыштайды екен. Үйлерінің сенегіне көп жылдар бойы қос қарлығаш ұя салып, ұрпақ өрбітіпті. Көктем шыға бере әжесі Айтжан қос қарлығашты күтіп, құстарды үйінің ажары мен базарына теңейтін көрінеді. Қос қарлығаш сәл кешіксе, абыржып, тағатсыздана: «Әй, Құдай-ай, ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқап осы көктем жақсылығымен келгей», - деп қос қайыра дұғасын оқиды екен. Дұғасын оқыған бойы лез-демде көктемді қанаттарына қондырған қос қарлығаш әсем әндерін шырқап, ұясына қайта оралатынға ұқсайды. Әжесі Айтжан қуанышынтан есік-терезенің бәрін ашып қойып: «Елдің берекеті мен бірлігінің жаршысы, аман екенсіңдер ғой қарлығаштарым. Енді күн жылынады, жарқыраған жаз келеді, игілік атаулының бәр-бәрі де осы киелі құспен қатар келеді, ешқашан қарлығаштарыңды үркітпеңдер», - деп өсиет қалдырыпты. Бұл ғасырда өмір сүрген қай кейуананы алайық, ене-көкіректері келер күннен үміт үзбегеніне, жақсылықтан бейіл бұрмағанына куә боламыз. Тәңір иеміз аналарымыздың тілеуін беріп, азаттықтың ақ таңы мен қоса, көктемнің мейірлі лебі есе келді.

әжесі Айтжан (1900-1982ж.ж.)

Анасы - Ұмсынай (1930 - 2013ж.ж.)

Ақын шет елде жүріп, туған елінің топырағын сағынған сонау алыс, балалық дәуренінде жазған алғашқы өлеңдерінің бірінде былай дейді:

«Қайран менің Отаным,

Жан жүрегім.

Сені жырлау әйтеуір бар білерім,

Бабалардың белінде қуғын көріп,

Жастық шағым жат жерде қалды менің,

Жанарыма қонғанда жыр түнектеп,

Көңілімнен көл жаңбыр бүркіп өтпек,

Жат өлкеден боздайды балалық шақ,

Жетім бота сияқты түртінектеп».

Тағдырдың тауқыметімен ел ауған ақынның кеудесін кеулеп маза таптырмаған зор аңсары мен құсни-сағынышы Отанға деген махаббатының отын өшіре, қадір-құнының салмағын бір мысқал кеміте алмағандықтан осындай жырлар тудыра алған.

Ұлы өнердің қай түрі болмасын, (сурет, би, мүсін, саз, сөз, күй) өзіндік поэтикалық қуаты, эстетикалық әсері болары даусыз. Поэзия мен күй егіз ұғым. Сабыр ағамыздың ақындығынан бөлек он саусағынан күйдің балы мен нәрі сорғалаған өнерпаз екенін оқырман қауымның бірі білсе, бірі біле бермейді. Өлеңдеріндегі кескекті ойлары, дегбіріңізді қашырып, сергелдеңге шым-шым батырар сезімдерінің күйше шертілуі, мұңайтуы, қуантуы, жан әлдиіне салып жұбатуы осыдан. «Күй мені жетектеп, өлең патшалығына табыстап кетті», - дейді ақынның өзі бір сөзінде.

Ақиық ақын Жұмекен Нәжімеденов толғаған: «жарқындығы – күлкідей, момындығы – тереңдей» жырлар жазып, күйді өмірі мен өлеңіне өлшем қыла алған. Шамалауымша, Жұмекен Нәжімеденов пен Сабыр Адайдың арасында қандай да бір рухани байланыс болса, ол – күйшілік өнердің тамырластығы шығар..?

Сөз өнерінің сүрлеуі – тым ауыр сүрлеу. Оның бүкіл кие-қасиетін арқалап, азапты ләззатын сезініп, жауапкершілігін мойынға артып жүру Һас таланттардың ғана еншісі мен пешенесіне жазылған бақ пен сор. Ұлық Тәңірдің өзі аманаттаған бұл сыйды қиянат қылмай алып жүре алатын дарындар ілуде біреу. Балалық балғын шағында аңдамай сөз дертімен ауырған ақын, есейе келе ішкі жалғыздығымен бетпе-бет келіп, ақ парағына былайша мұң шағады:

«Жетер өлең,

Жазбаймын, жаңылыстым.

Жазықсыз жарылыспын,

Өлеңмен қандай тағдыр некелеген?

Бермеймін көңілімді, пейілімді,

Мен саған өрт ішінен бекер ерем.

Жанымды жеп біттің ғой, жетер өлең!

Сенімен қандай тағдыр некелеген!?

Әжемнің қошақаны ем

жаным жайлау,

Әкемнің балапаны ем көкелеген.

Сарылып сау басыма,

Жыр шақырып,

Осылай мен өмірден өте берем.

Қалсайшы көке менен?»

Әдебиеттегі тұстасы, «Адырна» журналының бас редакторы, ақын Мейірхан Ақдаулет: «Сабырда қалтасын қарағыштап қиналмайтын, әлдебір қисын мен теңеу, сөз саптау іздеп, «былайғы жұрт аңғара қоймайды-ау деп», жаттанды сезім мен жасанды мұң – қуанышқа ұрынғансып, «аңқау елге арамза молда болғансуға» басатын «сауаттының әдеби қулығы жоқ». Тынысыңды ашып, дүниеге мүлде тосын қырынан қаратып, сүйсінтіп немесе күйзелтетін – рухани катарсиске жетелеп әкеліп жолықтыратын ішкі қуат, күрделі, бірақ өте табиғи ақындық, тұп-тұтас «мен» бар» - деп артық мақтаусыз, шынайы боямасыз бағасын береді.

Ақын «Қаракөз-жыр» атты өлеңінде:

«Тамырым бір, тағдырым бір - ұлығым,

жүрегіңнен естіліп-ақ тұр үнің.

Күміс жалын күнмен тарап, ай тұяқ,

Өлең болып келді саған құлының», - дейді.

Мұндағы «ұлығым» ұғымы арқылы жалпақ елді айтып, жырмен ұлтты «бір болмыстың» қалыбына сыйғызады. Жырды халықтың «тағдырына» балайды.

Жазушы Лев Толстой «Өмір жайында арылу» атты мақалалар жинағында: «Мен дүние заңдылықтарын анықтауда тәжірибе мен бақылауды ескермей, тек ақыл-ой қорытындыларына ғана сүйену дұрыс емес деп есептеймін. Біздің «ғылым» деп атағанымыз өмірді анықтамайды, керісінше, біздің өмір жайындағы түсінігіміз «ғылым» деп аталуға тиістіні анықтайды. Бәлкім мен ғылымның қазіргі бағытына сай қол жеткізген орасан зор нәтижелерін қасақана көрмей тұрған шығармын? Бірақ, ешқандай нәтиже жалған бағытты түзете алмайды ғой», - деп күйінеді.

Демек, данышпан Лев Толстой әкей, (рухы шат, иманы саламат болғай) қазіргі ғылымның бағыты қиыс кетіп, адасушылыққа ұрынып, адамзаттық игіліктен алыстап бара жатқанынымызды бір ғасыр алдын болжап кеткен. Жазушының өзі 1910 жылы дәріл бақиға аттанғанын ескерсек, одан бері қарата жер жүзін қан қақсатқан екі бірдей дүниежүзілік соғыс, қаншама жазықсыз жандардың обалы мен көз жасын арқалаған ашаршылық, дүниенің төрт қабырғасын қаусатқан төңкеріс, ішегін ақтарып, бүйрегін бүлкілдеткен атом сынақтары шарпып өтті. Зұлымдығының салмағы ізгілігінен, зобалаңының салмағы ұждан таразысынан басымырақ болғанын жасыра алмаймыз. Ал бұл хәлді адамзаттық деңгейде ойлана алатын Сабыр Адай бүкіл жұлын-жүйкесінен, жүрек зердесінен өткізіп былай толғайды:

«Ей, Адамзат –

Менің қалың орманым!

Мен – өзіңмін!..

Мен де сендей тордамын.

Ниетің мен өз қолыңның боданы,

Қабағың қан, халің нешік қорғаным?!...

Ей, Адамзат!..

Қай ісіңмен адамсың?!

Білімдісің ғарыш кезген қадамсың.

Шындығында көктен орын жоқ саған,

Сен себебі қанды жорық табансың».

Халық қиялындағы «Толағай» қаһармандар дүниеге күнде келе бермесі анық. Зарықтырып барып келеді. Халық көптен күткен ұлын «Тұлпар болар құлынды танығандай» таниды. Ол ұлдан жас кезінен-ақ үміт етеді. Сол халық зарығып күткен ұлдарының бірі - Сабыр Адай. Шерленген ене көкіректі еміп өскен шерлі ақын толыса келе «жолбарыс жүректі» ұлт ақынына айналды. Қорыта айтқанда, қазақтың әр перзенті өз ұлтын дәл Сабыр Адайша сүйіп, Сабыр Адайша жақсы көрер болса – әлемдік қауымдастықтағы елдермен тереземіз тең, керегеміз кең, туырлығымыз бүтін, ауызбірлігіміз мығым жұртқа айналып, экономикалық, гумандық, техникалық прогрес қалыптастыра аларымыз – сөзсіз ақиқат болар еді деп ойлаймын. Осы ойым – ой. Осы сөзім – сөз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар