(Ж. Аймауытұлы мен К. Беркович шығармашылығы негізінде)
Алаш арыстарының бірегейі Жүсіпбек Аймауытұлы туралы сөз қозғалса, оның жазушылық шеберлігі, қайраткерлігі, психология мен педагогика саласында сіңірген еңбегі басты назарға алынып, аудармашы деген бір ауыз сөз анықтама ретінде ғана айтылып келеді. Шындығында, Ж. Аймауытұлының аудармашы ретінде атқарған еңбегі орасан зор. Бір ғана Джек Лондонның «Күштілердің күші» атты шығармасын аудару арқылы үндістер трагедиясы мен қазақ геноцидін жасырын параллель тәсілі арқылы шебер жеткізуі, оның аудармаларын тың көзқараспен қайта қарауды талап ететін күрделі құбылыс. Осы орайда америкалық Дэвид Гордонның 1985 жылы жазған «Theory of translation» (Аударма теориясы) атты еңбегіндегі мына сөзі еске түседі: «Аударма шарттарымен қатар аудармашы түпнұсқа авторының биографиясы мен шығарманың жазылу тарихын, автордың өмірі мен жалпы саяси-әлеуметтік жайлардың барлығынан хабардар болуы керек». Ол: «Мартин Лютер Кингтің “Letter from a Birmingham Jail” (Бермингем абақтысынан хат) атты жазбасын түсіну үшін Кингтің түрмеге не себептен тоғытылғанын, сол кезеңдегі Америкадағы саяси жағдайдың қандай болғанын, Кингтің қоғамдағы рөлін білу аса маңызды. Мұны білмеген адам бұл мәтінді аудармақ түгілі, мәтіннің құндылығын да бағалай алмайды» – деп, аударма үдерісіндегі тағы бір салмақты ой-тұжырымымен бөліседі. Сондықтан, Жүсіпбек Аймауытұлының аудармаларын талдау барысында алаш идеясынан аттап өту қаншалықты өрескел қателік болса, аударма мәтіндерінің түпнұсқа авторларына автобиографиялық сараптама жасамау соншалықты ағаттық болар еді. Ж.Аймауытұлы отызға тарта аудармасының ішінде алты шығармасын америка жазушысы Конрад Берковичтен тәржімалаған екен. Мұны мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиетші Смағұл Сәдуақасұлына жазған хатында анық айтады. Осы орайда «Жазушының К. Берковичке ерекше назар аударуына не түрткі болды екен?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, мына мәселеге зер салғанымыз жөн.
Конрад Беркович – 1882-1961 жылдар аралығында өмір сүрген америка жазушысы. Румын елінде туған, арғы тегі еврей жұрағатынан шығатын қаламгер тағдырдың теперішін көп көріп, ел мен жер, әділеттілік, дәстүр т.б. сынды ұғымдарға ерекше назар аударған. Еуропадағы антисемиттер көтерілісінде жараланған әкесі өз қолында көз жұмған соң, кіші Беркович «Америкалық арманға» қол жеткізу мақсатында АҚШ-қа кетеді. ХХ ғасырда жер жаһанды «америкалық арман» баурап алғаны мәлім. Сол жерге барса өмір өзгеріп, ұлт пен нәсілге бөлінбейтін тең құқылы адамдар ертегідегідей ғажап өмір сүреді дегенге сенгеніменен, Беркович «Нью-Йорк тозаңы» («Dust of New York) деген еңбегі арқылы Америкаға арман қуып барған мигранттардың қиын тағдырын көркем сөзбен суреттейді. Еуропада жүргенінде өзімен тағдырлас сығандар туралы ең алғаш циклді әңгімелер жазып, Қырым татарлары туралы көрген-білгенін көркем сөзбен өрнектеген. Серкештер мен татарлардың арасындағы бітпейтін жанжалдың түп-төркіні адам болмысындағы ұсақтық пен мінез қиқарлығынан туындайтынын көркем шығармалары арқылы дәлелдейді. Тағы бір ескере кететін жай – Беркович ұлт мәселесіне келгенде, аса мұқият әрі кірпияз болған. Америкаға барғанда, «еврей ең бірінші кезекте осы жаққа ертерек қоныстанған қандасын тауып, бір-біріне қолғабыс етуі керек», – деп жазады ол Еуропадағы әріптестеріне.
Канадалық Мэри Пикфорд, Эрнест Хэмингуэй, Чарли Чаплин т.б. – Берковичтің өмірлік көзқарасын қалыптастыруда әсер еткен тұлғалар еді. «Чаплинмен өткен бір күн» атты естелігінде Беркович Голливудта қызмет етіп жүрген кезінде шығармашылық достарының қалай көңіл көтеріп, бір-бірімен сырласатындары туралы жазған. «Ч. Чаплин бірдеңеге ашуланғанда, бөлмесіне кіріп, еврейлердің дәстүрлі әндерінің бірін айқайлап тұрып айтып алатын да, соған көңілі марқайып, түк болмағандай жұмысын жалғастырып кете беретін. Мұны сыртта тұрғандардың бәрі еститін, тек мәнісін түсінбейтін», – дейді 1929 жылғы «Мир приключений» журналында жарияланған сұхбатында. К. Берковичтің айтып отырғаны өз ұлтына деген махаббаты мен сүйіспеншілігін жүрегінде сақтап жүрген еврейлердің жан жарасы еді. Мұны америкалықтар түсінбеуі мүмкін, бірақ ұлтқа деген сүйіспеншіліктің не екенін жақсы түйсінген Жүсіпбектердің түсінбеуі мүмкін емес. К. Берковичтің естеліктерінде оның және достарының еврейлігіне қатысты пікірді жиі кездестіруге болады. Мұның себебін оның бойындағы ұлтына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік деп қабылдаған дұрыс. Берковичтің жазғаны – сығандар, татарлар, серкештер. Себебі сығандар да – дәл осы еврейлер тәрізді жері жоқ, мемлекеті жоқ көшпелілер. Қағазға жазылған заңның күш қуаты ру ақсақалының сөзінен өтімді бола бастауы еркін ғұмыр кешкен сығандарды тығырыққа тірей бастайды. Қарт ақсақалдың өз руына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін, әділдігі мен көрегендігін суреттейтін «Тұқым», «Мұрда», «Мұрданың өлімі» атты әңгімелер – кең даланың төсінде еркін ғұмыр кешкен көшпенділердің өмірін суреттейтін көркем туындылар.
Берковичтің сығандар мен татарлар туралы жазған 43 туындысының барлығында дерлік ұлт, оның негізін айқындайтын дәстүр, тіл, дін, наным-сенім мәселелелері сөз болады. Осыдан-ақ, Берковичтің шығармаларында ру ақсақалының сығандарға деген сүйіспеншілігі емес, өз ұлтына, еврейлерге деген махаббаты суреттелгенін көңіл көзімен анық көре аламыз. «Өзімнің еврей екендігімді кейіннен білсем де, менің әлсіздер мен жазықсыздарға деген ерекше ықыласымның оянуына ішкі түйсігім әсер еткен болуы керек», – дейді жазушы өзінің естелігінде.
Ал, «дәл осы Берковичтің алты бірдей шығармасын Ж.Аймауытұлы неліктен қазақ тіліне аударды?» деген сұрақтың жауабы айтпасақ та белгілі. Себебі, «Ұлтты сүю» деп мақала жазған Ж.Аймауытұлының ұлтқа деген сүйіспеншілігі туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Беркович пен Аймауытұлының ортақ көзқарас пен ортақ рухани байланыста болуы ғылымда конгениалдық ұғымымен түсіндіріледі. «Конгениалдық - латын тілінен аударғанда «con» - бір, бірге, біртұтас және «genius» – рух деген мағынаны білдіреді. Яғни, конгениалдық дегеніміз – рухани тұтастық немесе ойдың, көзқарастың, шығармашылық рухтың бірлігі. Расымен де, Аймауытұлының Берковичпен ортақ рухани үндестікте болуы олардың тарихи биографиялық ұқсастықтарынан болуы заңды құбылыс. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, Беркович еврей ұлтының ұлттық мүддесі үшін күрескен, «өз еліміз, өз жеріміз болса» деген арманның жетегінде өмір сүрген жазушы болса, Жүсіпбек қазақ халқының ұлт ретінде сақталып қалуы мен азаттығы жолында аянбай еңбек еткен қайраткер. Сондықтан олардың арман-тілектері мен мақсат-мұраттары рухтас әрі үндес.
Ж. Аймауытұлы мен К. Берковичтің әңгімелерінен олардың ортақ дүниетанымы мен көзқарасы айқын көрінеді деп жоғарыда айтқанымыздай, әр аудармасының астарында терең мағыналы ой мен идея жатады. Ол идея – дала заңына бағынған көшпелілер өміріндегі соны өзгерістер. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ж. Аймауытұлының "Мұрда" атты аудармасына зер салайық.
«Балам, тағы кітап сөзін жаттап жүр екенсің ғой, – деп көгалда тізелесіп отырған маздемнің қарт көсемі бетіме қарады». Бұл сөйлемдегі өткен күннің өкілі қарт ақсақалдың кітапқа деген көзқарасының аса оңды еместігі байқалады. Шығарманы әрі қарай қарастырсақ:
«- Саған кітап оқы дейтін қай пәле? – деді сазарып, әлде сен анау тау үстінде көгерген аспанның көркін көрместей соқырмысың? Әлде сен мынау сайдың әнін, бұлақтың сылдырын, қасқырдың бөлтірік шақырғанын естіместей саңыраумысың?». Бұл үзіндіден даланың дархандығын сезініп, айналасына қарап пікір қылатын кешегі күннің дала абыздарын елестеткендей боласыз. Ал, кітап оқып, жаңалыққа жан-тәнімен құштар боп жүрген – Берковичтің өзі. Себебі ол сығандар мен татарларға қатысты циклді әңгімелерінің барлығын бірінші жақтан баяндайды.
«- Иә, Мұрда, - дедім мен кітаптан көзімді алып». Бұл жазушының өз аузынан айтып отырған сөзі. Әңгіме барысында Мұрданың мынадай сөзі бар: «Даналықты кітаптан табатын болсаң, алғашқы адам қайдан шыққанын кітап саған әлдеқашан айтар еді. Бірақ сен мұны кітаптан таба алған жоқсың ғой. Ал мен білемін, білетінім, ес білгелі мен осы туралы ойлап келем». Мұрданың осы бір сөзі кешегі көнекөз қариялардың даналығымен қатар ақыл-ойының тереңдігін, кемелдігін көрсетеді. Қазақ тарихындағы беріде Бұқардан бастап, бүкіл би-шешендерді алсаңыз, Құнанбай, Алшынбайлардың ел үшін қылған еңбектерін еске түсірсек, әңгімедегі Мұрданың кескін-келбеті тіптен ашыла түседі. Себебі бұлардың бәрі – дала абыздары, ен даланың төсінде табиғатқа қарап ой түйіп, ақиқатты танығандар. Халқының ғасырлардан бері келе жатқан руханиятынан нәр алып, рухтанған кемеңгерлер, асылдардың сынығы, тектілердің тұяғы еді. Елі үшін жанын берген Мұрданың әділдігі мен кешегі Құнанбайдың даналығында қандай айырма бар? Бірі – сығанның көсемі, бірі – қазақтың аға сұлтаны демесек, ел мен жер, ұлт пен ұрпақ деген мәселелерде қара бастан халқының қамын жоғары қоятын бұлардың бәрі түптеп келгенде, дархан даланың данагөй ақсақалдары. Аударма тілінің шұрайлылығы мен жаныңа жақындығы сондай, оқып отырып, сығандар емес, қазақтардың тағдыры айтылып жатқандай әсерде қаласыз. Себебі Жүсіпбек аударма барысында өзі де табиғатынан біздің тағдыр-талайымызға ұқсас шығарманы онан әрмен қазақыландырып, онан сайын көркемдеген. Шығарманың орыс тіліндегі аудармасында сөз бен сөйлемнің тәржімасы бар, бірақ сезімі қазақ тіліндегі аудармадай әсерлі емес. Бәлкім, орыс тілін жатсына қараған біздерге солай көрінуі мүмкін, дегенмен, дала төсіндегі аттың шабысы, көш, жылқы, бәйге, құдайы қонақ, ақсақалдар кеңесі, дала заңы деген ұғымдар орыстан гөрі көшпелі қазаққа жақындығынан болар.
Әңгіменің шарықтау шегі Раузаның қызы Күлшеге өзге рудан келген Жорғаның көзі түсіп, сығандардың ережесі бойынша күш сынасуға шыққан ерлердің ісінен көрінеді. Дәл осы мезетте жас жігіт өзінің көзі түсіп жүрген қызына өзгенің ойда-жоқта келе қалып, «Мен дайынмын» дегенінде мұның дайын болмай қалуы: «Бар, мен үшін күрес» – деді Күлше белбеуімдегі пышағымды суырып алып жатып.
Мен айбатты қарттың бетіне қарадым. Қолымнан пышақ сырғып түсіп кетті.
- Неге мені алу керек? Күлше, неге мені өлтіру керек? – деп Күлшеге қарадым». Шығарманың осы бір тұсында дала қырандары мен қаланың ақсаусақ жігітінің арасындағы жер мен көктей айырмашылық көзге түседі. Бұл сөзді естіген Күлше де, Мұрда да, Жорға да теріс айналып кетті. Себебі сүйген қызы үшін күш сынасуға шыға алмайтын еркек – сығандар үшін ең сорлы бейшара. Ал, өзінің қарайған басынан басқа ештеңені ойлай алмайтын қаланың баласы қанша уақыт бірге жүрсе де, сығандарға сіңісе қоймаған қорқаулығын танытып қалды. Және өзі жасырмай онысын мойындады. Себебі ол үшін әйелді сүю бір бөлек те, әйел үшін жанын бәске тігу бір бөлек. Қала баласы мұның жігіттік намыс екендігін кеш түсінді. Ол түсінгенше, Мұрда мен Жорға пышақтасып, Күлшені Жорға алып кеткен еді. Қыз үшін басын бәске тіккен ерлер қазақ тарихында да жетерлік. Оның бірін білсек, бірін білмейміз. Алайда, қазақ тарихындағы Қыз Жібек үшін айқасқан Төлеген мен Бекежан Күлше үшін шайқасқан Мұрда мен Жорғадай дастан болып, халық санасында жатталып қалмап па еді?! Сыған деп сыртқа итермелегенмен, табиғат ананың құшағында өскен қандай адам болмасын, оның өз ережесі, жазылмаған заңы болатындығы және ол заңдардың көшпелілер мен отырықшыларға екі түрлі әсер беретіндігі бұл әңгімеде жазушының баяндау стилімен ерекше берілген, көркем суреттелген. Әйел үшін жан беру қалалық жігіт үшін ақымақтық болып көрінгенімен, түздің арландарына намыстың өлшемі еді. Бірақ қаланың баласы мұны аңғарып отырған жоқ. Аңғарса да, сезініп, түйсініп, өкініп отырған жоқ. Осыдан-ақ қала мен дала адамының арасындағы бірін бірі толық түсіне бермейтін терең құздың барлығы айқындала түскендей. Осы орайда ағылшын ғалымы Бэлла Мэрлиннің «Рух қайда жоғалды?» мақаласындағы аудармадағы шығарманың рухына қатысты пікірі өз дәлелін тапқандай. Мэрлиннің айтуы бойынша аудармадағы ең басты асыл дүние – шығарманың рухы немесе әсері. Мэрлин: «Аудармашы шығарманың асылын жоғалтып алмауы қажет», - дейді. Бұл тұрғыда Жүсіпбек Аймауытұлы шығарманың асылын сақтай алды ма деген сұрақтың жауабы айтпасақ та белгілі.
Ж. Аймауытұлының жоғарыда аталған «Мұрда» атты әңгімесінің
жалғасы ретінде «Мұрданың өлімі» атты аудармасы оқиғаның жалғасы болмақ. Сүйген қызы үшін күш сынасуға түсе алмаған қалалық жігіт қаласына қайтып, бір жылдан соң қайта оралады. Қанша қалалықпын десе де, даланың дархандығын сәл де болса сезініп қалған қалалықтың қайтып оралуы оның еркіндікке деген сағынышының көрінісіндей. Келген беттегі қалалық жас жігітке баласындай көріп кеткен Мұрда жан сырын ақтарады. «Келгенің жақсы болды, балам. ... – Мен кешікпей өлемін. Жасым болса келді, бірақ руыма әлі де болса керекпін. Өз кіндігімнен туған балам Некалай – басшы болуға жарамайды. Скрипкеден басқа оған дәнеңенің керегі жоқ. Бүркіттің ұясынан көгершін туды», – дейді.
Көпті көрген қарияның әділдігі мен даналығына таң қаласың. Өз кіндігінен тараған баласының мінін көріп, оны айта білу – үлкен қайсарлықты қажет етеді. Әйтпегенде «Мен басшымын, ұлыма билігімді тапсырамын», - десе, оның сөзіне ешкім қарсы шықпайтын еді ғой. Қарсы шықпайтын себебі де бар. Өйткені олар Мұрданың әділдігін біледі. Талай сынға түскенде, ақылы мен әділдігін танытып, сыннан мұқалмай өткен Мұрда емес пе?.. Мұрданың ру алдындағы беделі әскерімен елін ұстап отырған патшалардың да беделінен қадірлі. Себебі оны қорыққаннан емес, даналығын мойындағанынан сыйлап, қадір тұтады. Сол Мұрда енді өзінің орнына лайықты адам іздеп жатыр. «Өлгенге дейін ертең артымда шешілмеген түйіндей мәселе қалмасын» - деп, адал да әділетті басшы іздеп жатыр. Ал өз баласын үміткерліктен мүлдем алып тастайды. Тектінің тұяғы, асылдығын өлгелі жатса да танытып кетеді. Шығарманың басынан аяғына дейін Мұрда өзінен кейін көсемдікті тапсыратын Алкейді билікке дайындады. Оны жекпе-жекке шақырып, жұрт алдында оқталмаған мылтықпен қарсы тұрып, өзі ажал құшады. Қалалыққа айтқан соңғы өтініші: «дуэльден соң мылтықтың қолымда қалып қойған оғын ақырын ғана ел-жұртқа көрсетпей алып таста. Алкейдің батырлығына ел сенетін болсын» - деді.
«Менің... сол қолымда... ол...» - деп Мұрда ақырын сыбырлады. Елінің ертеңі үшін жанын құрбан етті. Жарақаты асқынып, өлерін білген қарт ақсақал өлерінде де елі үшін ерлік жасап өлді. Мұны жазушы «Мұрда өлді. Өлсе де, елі өзінен де артық қатты сенетін, сыйлайын, құрметтейтін артына басшы қалдырып өлді», – деп тәмамдайды. Шығарманың соңғы сөйлемі адамның ойына қозғау салып, ру көсемі Мұрдаға мадақ атқандай сөздермен аяқталады. Бұл да болса, жазушының дала қыранына берген бағасы һәм құрметі болар.
Өнеге мен ақылға, тәлім мен тәрбиеге толы осындай шығарманы аударған Жүсіпбек Аймауытұлының да талғамы татымды екен. Әйтпегенде әлем әдебиетінде небір дүрлер мен ірілердің жұртты тамсантқан туындылары бар емес пе? Алайда, қазақтың өз болмысын көз алдына елестетердей Конрад Берковичтің дәл осы әңгімесін аударуы – Жүсіпбек Аймауытұлының талғамының жоғарылығын, ойының тереңдігін, көңіл көзінің өткірлігін, зеректігін дәлелдейді. Бейне бір сығандар емес, қазақтар туралы тамаша әңгіме оқып отырғандай әсерленесің, жүрегіңе қозғау салып, қаныңды қыздырып, тамсандарып, сүйсіндіретіндей шығарма. Кейінгі ұрпаққа ұлт алдындағы борыштың қалай өтелу керектігін түсіндіретін тағылым, ұлт алдындағы жауапкершілікті ұғындыратын тәрбие. Дәл осы нақыштағы аударманың бірі - «Тұқым». Ысмайыл қарттың асыл тұқымды жылқыға деген ерекше ықыласы арқылы берілген тектілік мәселесі. Жылқы арқылы өзінің ұлтына деген мейірім ықыласын танытқан Ысмайылдың жан-дүниесіндегі алай-дүлей сезім, қызының өзге жігіт таппағандай бәсекелес Ахмет Кендірдің ұлы Абдулға ынтызар болуы, қанда бар тектіліктің адамға беретін ерекше келбеті бұл шығарманың аса құнды да бағалы ойы болмақ. Жүсіпбек Аймауытұлы бұл шығарманы неліктен аударды? Себебі, Жүсіпбектің ел ішіндегі болып жатқан жайға деген көзқарасы Ысмайылдың көзқарасымен бір. Тағы да ұлт мәселесі, тағы да болашақ болжамы. Беркович өз ұлтына деген ыстық ықыласын шығармалары арқылы жария қылса, Жүсіпбек төл шығармаларынан бөлек, аударма арқылы өз арман тілегін құрсаудан босатып, қыл арқанын ұзартады. 1947 жылғы Израильдың тәуелсіздігіне дейінгі еврейлердің ұлт мәселесін жиі сөз қылуы, іштерінде жатқан арман-ойдың әсері шығар. Ал, Жүсіпбек Аймауытұлының бұл шығармаларды аударуы, қазаққа деген махаббатынан туындаған жазушы жан-дүниесінің асыл сыры еді.
PhD доктор Әубәкірова Қ.Ә.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің оқытушысы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.