Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Көркем шындық пен өмірлік шындық тұтастығы...

25.11.2020 10747

Көркем шындық пен өмірлік шындық тұтастығы 12+

Көркем шындық пен өмірлік шындық тұтастығы - adebiportal.kz

(Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қар астындағы көбелек» роман-эссесі негізінде)

Әдеби-көркем өнердің қайта гүлдену дәуірінің шекарасында тұрған бір ұлы әдебиетші болды, ол италяның әйгілі ақыны Данте еді. Оның шығармашылық ерекшеліктерінің бірі бұрынғы шіркеу, сарбаздар т.б дәстүрлі әдебиет үлгілеріне өзін матастырмай, нақтылы реальдық өмірді, қарапайым халық бұқарасының тіршілігін, әлеуметтік пікірді, әр күнгі өмірді т.б бейнелеу болатын. Әдебиет жасампаздығында үнемі толастамайтын теориалық мәселелердің ең өзекті біреуі болса, ол осы көркем шығармадағы өмірлік шындық және көркемдіқ шындық мәселесі.


Реаль өмірдегі болмстың, оқиға-әсердің автордың субьективті сезіміне әсер етуінен осы бір жасампаз қиял «тұқым түскен көктемгі егіс атызындай» бүршіктей бастайды. Жазушы барлық жан-жүйесінің еркіне бағына отырып, өмірден көрген білген оқиғаларды өзінің көркем шындыққа болған эстетикалық талғамына сүйене отырып көркем шығарма етіп шығарады. Әдетте, әдебиет зерттермендері көркем шындық, өмірлік шындық мәселелерін көбінесе тарихи шығармаларға байланысты тілге тиек етеді. Дегенмен, өмірлік шындық және көркем шындық теориасы тарихи шығармалардың астар-болмысын аңғартумен ғана айналыспайды, ол – көркем шығарманың сонау бала кезінде қалай өсіп-жетілгенін бақылауға арналған ерекше әспетті дүрбі сияқты көркем шығармаға қажетті барлық шарттармен тікелей байланысып жатады.

«Мен әрқашан озімнің басымнан кешкен жайларды ғана бейнеледім, жалаң қиялға жармасу маған жат еді, өмірдің менен де гөрі ұлы екендігін үнемі есімде ұстадым»,- дейді атақты ақын Гете. Гетенің айтқаны «Ұлылық қарапайымдылқта жатады» деген халық даналығын одан ары растай түседі. Жалаң қиал, жанысз оймен көркем туынды ұзақ өмір сүрмейтінін жақсы білген ХVІІІ ғасырдағы немістің Гетесі осылай десе, Чехов та: «Реалистік әдебиет жасампаздығы өмірді, өмірдің әуелдегі бейнесі бойынша суреттеуі керек. Оның міндеті – шартсыз әрі ашық-әшкере шындық»,- деп түйеді.


Қытай халқының әйгілі жазушысы Лушүн 1933 жылы қараша айының 5-ші жұлдызында досына жазған хатында: «Жаңа әңгіме жаза алмайтын сияқтымын, олай болатыны уақытымның жоқтығынан емес, қайта күйімнің келмейтіндігі болып отыр, өйткені талай жыл болып барады, қоғаммен араласа алмай аулақтанып қалдым, өзім думанды ортада емеспін. Алған әсерімнің бәрі үстірт бірдемелер, оларды жазғаныммен бәрібір жақсы бола қоймайды»,- деп ағынан ақтарылып жазады. Олай болса, көзін ашқалы кітап кеміріп, қаламсабын қолынан бір сәтке тастамаған дегдарлардың өзін өмірден алшақтамауға ұдайы шақырып, «күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бұзған» «шаншу» әдебиеттегі қандай сырқат еді, оның басты белгілері не? Осы сауаладар төңірегінде аз-кем ой өрбітіп көрелік.


Әдебиеттанудың негізгі ұстындарының бірі – өмірлік (тарихи) шындық және көркемдік (әдеби) шындық ұғымдарының қатпар-қатпар сырларына үңілу. Өмір мен өнер ұғымның астасып кеткен жүлге-тамырларын іздеп табу, өнердің бойынан қаны қызу қайнаған өмірдің бейнесін сезініп, жаңа ғана дамыл тапқан салтанатты көштің орнынан «қоламта» көсеу, екі қолы алдына сыймаған кез-келген адамның істей беретін жұмысы емес. Әдебиет – ардың ісі екені хақ болса, оның зерттелу жағы да аса зор шөгелдікті, кең толғамды қажет еді. Әдеби шығармалар да автор айтпақшы болған идеясын белгілі мазмұн мен пшінге жатқызып баяндайтындығы жамағатқа ежелден таныс. Ол мейлі проза, поэзия, сахналық шығармалар болсын, автор еркіндікті, сұлулықты, махаббатты, теңсіздікті, қоғамдық өмірдің қайшылықтарын т.б бейнелеуі үшін, оны шумақталған өлең жолдарында немесе әңгімедегі кейіпкер диалогы, лирикалық толғаныс, авторлық баяндау т.б жақтарынан пайымдап жеткізе алады. Алайда, қаламгерлер өмірдегі бар шындықты сол күйінде айна-қатесіз «қан-сөлін ағызып», ақ қағаз бетіне алып келмейтінін біраз қауым білеміз, иә, түгел емес, біраз қауым.

Осы арада белгілі зерттермен, ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді ұмытпа» атты толғау-әпсана кітабінің ішіндегі шағын мысалды толығымен келтіргенді жөн көрдік: «Белгілі аудармашы Александр Наумовтың «Көркем ойдың туу тарихы» атты кітабында, өзбек жазушысы Абдолла Қахһардың өмірінен мынадай дерек келтіреді. «Менің «Бассыз адам» деген әңгімеме байланысты, сырттай қарағанда өте қызықты, ал мәніне үңілсең ыңғайсыздау оқиға әлі есімде. Күйеуге зорлап берген қыздың қайғылы тағдырын баяндайтын бұл әңгімені 1929 жылы жаздым,- дейді Абдолла Қахһар. Ол кезде мен Қоқандағы «Жаңа Ферғана» газетінде істейтін едім. Әңгіме жазуға итермелеген оқиғаны қайдан естігенімді ұмытып қалдым, әйтеуір сюжет желісіндегі жағдайлардың болған жерін, тұрмыстық қалдерін өзгерткенім анық. Өмірдегі оқиға кестенің бізіндей ғана қызмет атқарды; тек кейіпкер әйелге келген күйеуін, дәрігерлер қуып шығатын ауруханадағы көріністі ғана қалдырдым. Қысқасын айтқанда, менің баяндап берген оқиғам өмірдегі жағдайдан тым алшақ. Әңгімем «Ер юзы» журналында жаряланды да, іле-шала прокуратурадан шақыру қағаз келді. Прокурор мені сұстана қарсы алды. Әңгіменің авторы екенімді білгенде маған бар ашу-ызасын төкті дейсің. «Жазушылар – қорқақ»,- деді ол. Сөйтсем, мен жазған оқиғаны тексеріпті. Не болды дейсіз ғой? Ойлап қараңызшы – мен кісі аттарын ойдан шығарыппын! Қоқанда ондай адамдар жоқ! Қылмыскерлерді тауып, жауапқа тарту үшін адамдардың нақты аты-жөнін айтып беруім керек екен. Өмірде болған оқиғаның қылмыс кодексінің тармақтарына сай келе қоймайтынына нандырып-ақ бақтым, бәрібір ол маған сенбеді. Журналда жарияланған нәрсенің өмірлік шындықпен қабыспайтыны оның ақылына сыймады, баспасөздің бәрі шындық деп ұқты. Бұл оқиғаны «Сағым» романында пайдаландым»,- деп еске алады.

Прокурордың бұл арадағы «ашу-ызасына» үңілетін болсақ, көркем шығарманың өмірге келу тарихынан оның бейхабар, қара дүрсін адам екендігін айқын аңдаймыз. Әрине, әдебиеттің реаль өмірдегі шындықты өзіне сіңіріп, оны қайтадан қоғамдағы оқырмандарға ұсынған шақтағы «эстетикалық, танымдық, тәрбиелік әсер етуіне» бұл мүлде ұқсамайды. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей бұл арадағы «аңқау бала» прокурор мырза, «үй иесі» жазушының мынандай «пысықтығын» кешіре алмайды. Өйткені жазушының жан дүниесіне әсер еткен оқиға-ойдың санаға тақырып болып орнығып, кейіпкерлердің талданып, обыраздың жаратылуы, көрген иә тыңдаған шикі фабуладан сюжет пен композитцияға дейінгі әдеби үрдістің барысы, тіпті, қаламгер идеясының мазмұнға қалай сіңірілуін былай қойғанда, тәрихи, көркемдік кеңістіктердің астарласуы, авторлық «мен» мен кейіпкер «меннің» арасындағы «бал жаласып татуласу» немесе кейіпкердің «өгей баладай» болып бөгделеніп кетуі сияқты авторлық «толғатуды» кей оқырмандарымыз толық ұғынбайтындықтан, шығармадағы өмірлік шындық пен көркем шындық мәселесінде ылғи да келісе алмай жатамыз.


Жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қар астындағы көбелек» атты роман-эссесінің алғы сөзінде автор: «Назарларыңызға ұсынылып отырған бұл туынды – мен үшін ең нысаналы, сонымен қатар мені көркем шығармамен қоштастырған күйікті де сүйікті дүние болып табылады. «Күйіктісі» – үшеуі де («Қар астындағы көбелек», «Шилі өзен қамыс-ай...», «Мөлдір көз») кезінде «мұңлы», «жетімдікті жырлаған», «шегіртке мен аусыл дегеніңіз патшаменен бірге құрыған», «отызыншы жылдан кейін сыбызғы қазақта болмаған», «алпысыншы жылдың аяғында Кеңес үкіметінде жұт болған жоқ» және «жазушы да белгісіз адам екен, белгісіз өмірді жазған» (жабық пікірден алынып отыр - Т.Ж.) деген қорытынды шығарылып, әр қайсысы екі реттен баспа терімінен қайтты»,- деп бастайды. Автордың меңзеп отырғаны «Қар астындағы кобелек» роман-эссесінде суреттелген өзекті өмірлік шындықтардың, Совет дәуіріндегі сотциялистік саяси тегершікте басқарылатын баспа сөз орындарының (газет-журнал, баспа орындары) кембағал пікірімен «бағаланып», автор қолына үш хикаяты әрқайссы екі рет терімнен қайтқанын айтып отыр. Сотциялистік қоғамды кілең мақтау, шаң жуытпау, Совет дәуіріндегі партялы баспа орындарының сол кездегі дімкәстік ауыруы. Бұл Кеңес одағының қоғамдық-идеологиясының көрінісі. Саяси жағдайдың тарихқа, әдебиетке әкелетін игілігі мен зауалы әрқашанда тең түсіп жатады. Бірақ, шебер қаламгерлер кейде саясаттың «мақтамен бауыздағандай» етіп жансыздандырып қойғанына қарамастан, өмірлік шындықты көркемдік шындықтың аясына сидырып, өзінің бар ойын түгесіліп айтпасада, емеуірін арқылы біраз ойдың ұшығын аңғартып кетеді.

Суретте: Жазушы Тұрсын Жұртбайдың

"Қар астындағы көбелек" кітабы


«Абай» трагедясында автор Абайға: «Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма? Жүрегімді көрші, міне! Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жаздым, не ғайыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? Қасіретті түндер ме? Түннен бетер жұтатқан бейуағы ма өмірімнің?»,- деген сөздерді айтқызған сұм заманды, сұрқия өмірді Алашорданың соңғы тұяғы Мұхтардың өзі де басынан сан мәрте кешірген. Жазушы Оралхан Бөкей «Өз отыңды өшірме» атты романының ішінде үнемі жағымсыз болып жүретін бір кейіпкердің аузына, қазақ даласының алтынды кенінен бастап аша тұяқ малына дейін тасып әкететін Кеңес үкіметінің темір жол саясатына қарсы «Мына шойын жол түбі қазақтың мойынын буады» деген сөз салады. Демек, көр қараңғылық басқан саяси жағдайдың ең қиын күндерінде де өмірлік шындықтың елбеңдеген бір көлеңкесі көркемдік шындықтың арасында көрініп қалып жүріпті, осыған негізделгенде әлгіндегі оқырманның ой жеткізбей өкпелегенін кешіре тұрып, өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың әдебиет теориясынан алатын аса зор тарихи бағасын танып алған дұрыс сияқты. Өмірлік, көркемдік шындықтың арасындағы принциптерді толық меңгеріп, содан пайдаланып зерттеу жүргізе алғанда ғана, шыңыраудан тамыр тартатын көркем шығарма туралы, қаламгерлердың өмірі мен өнері жайлы ауыз аша алатын боламыз.


Айтарымыз «Қар астындағы көбелек» жайлы, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қар астындағы көбелек» роман-эссесі 1980 жылы жазылған. Өз кезінде, сотциялистік қоғамның көлеңке жағы трагедиялық сипатта бейнеленген, совет адамы мен қоғамын тым жұпыныландырып жіберген дейтін санаға сыйымсыз тиым салынған. Кейін жазушының бұл шығармасы 1984 жылы Мәскеуде өткен жас жазушылардың бүкіл Одақтық кеңесінде жоғары бағаланып, «Литературная газета», «Комсомолская правда» басылымдары жақсы пікір білдіреді. Тқрсын Жұртбайдың көркем туындыларының стилі ерекше, жазушының обьектісі қазақтың қарапайым ауылы, даласы, қойдай қоңыр ауылдастары мен жақындары. Сондықтан да бұл шынайы шыншыл проза. «Қар астындағы көбелек» деген метафора жазушы Тұрсын Жұртбайдың көркемдік стилінің көркем формуласы іспетті.

«Қар астындағы көбелек» романы 2007 жылы қайтадан басылып шыққан болатын. Шағын романның көлемі үш бөлімнен тұрады. Алдыңғы екі бөлімі 1980 жылы жазылып, соңғы бөлімі 1983 жылы тамамдалған. «Қар астындағы көбелек» роман-эссесінің жазу тәсілі автор өзі атап көрсеткендей балалық шағындағы мұңылы әрі қаламгерге соншама ыстық көрінетін өспірім шағын натурализм тәсілі арқылы суреттей отырып, (сентиментализм) (XVIII ғасырдың басында Англияда қасіретшілдік поэзия жарыққа шыққаннан кейін, Италия, Россия елдеріне таралған. Сентиментализм-қасіретшілдік мағынасында) аса ыстық қуатпен, жүрекжарды көңілмен баяндап шыққан. Ең алғаш әдебиетке сурет өнерінен кірген осы натурализым деген сөздің астарының өзінде өмірді сол қалпы бейнелеу, қалпын құрғатпай қылқаламмен салып шығу деген суретшілер ағымның идеясы жатыр.

Алайда, «Қар астындағы көбелек» романын мың сан ойларға жетектей жөнелетін балалық әсем қиялдың кеңістігі, балаң ойдың, қайғысз шақтың аспанын салған ертегі екен деуге, немесе жігіт ағасы шағына жеткен кезде алыста қалып аңсарын қозғаған балалық сағыншын ғана іздеген шығарма деуге тіптен болмайды. Шығарманың әу басында бас кейіпкер – Жарас өзінің аса жақсы көретін көк дөненінен айырылады да, күндіз-түні есінен шығара алмай кірпігін жасқа шылап жүреді. «Меніңше, барлық балалардың естен кетпес есіл бейнесі осы қоштасулардан басталатын сияқты» дейді автор осы арада. Әлбетте, барлық балалардың өзінің сүйікті дүниесінен бірте-бірте алыстап, айырылып қалатыны сияқты, Жарас тек көкдөненінен немесе көк езу, шолақ белсенділер тартып әкеткен әкесінің күрең жорғасынан, күнде мініп ойнап жүретін ақбұйрек тайыншадан ғана емес, балалық шақтың қам-қайғысз мезеттерінен, аяулы анасынан, жанына ыстық сезілетін көрші апайы Торғыннан да айырылып, бір семя бір шаңырақ астында күн көретін мүмкіндікке де қош айтысады. Роман-эссенің бастапқы бөлімнің «Сыбызғы көмейіндегі өксік» атты алтыншы тарауында автор сезімдік толғаныспен: «Тағдырдың тезі де адамның өмірін шырмауықтың тамырындай тістестіріп, шырмытып алып, ақырында төзімі шыдамағандарды бырт-бырт үзіп тынатыны бала қиялына қайдан келсін. Тіпті, осынау оқиғаға мен түгіл, төрт аяқты ақбұйрек тайынша да, лақса күрең жорға да өрмекшінің торындай тоқылғанымызды енді ғана аңғарып, барымызды бір талқыға салған құдыретті күшке таңданамын»,- дейді. Зерделей ой жүгіртіп, тереңінен үңілсек, Жарастың өмір сүрген ортасы, ата-анасының харакеті, Совет одағындағы ауыл өмірі (50-60-ші жылдар), ауыл адамдарының күйбең тіршілігі, әлеуметтік күн көрістері т.б бәрі Жарастың өмір жайлы ұғым-түсінктерге таңырқаса таңырқағандай, аса тегеуірінді бір сыртқы күштің ықпал жүйесінде тұрғаны бесенеден белгілі еді. «Барлық сәби балаларда басталған қоштасулар» тәрізді, ғасырлар бойы сахара төсінде көшпенді өркениеттің алауын жағып келе жатқан көшпелі қазақ жұртының реаль өмірінде де аса қайғылы, шетін жағдаяттағы «қоштасулар» әлде қашан басталған болатын. Қазақстан Ресейдің отарлау жүйесіне бірте-бірте кіріп, 1917 жылы Қазан революциясынан кейін Кеңес үкіметі жағынан отарлық қамыт киді. Арғысын айтпағанда, ХХ ғасырдың бас шенінен бастап Алаш-орда кезеңі, Түркістан ұлттық үкіметі, дүние жүзілік бірінші соғыс, 1916 жылғы патша жарлығы бойынша қара жұмысқа адам алу туралы бұйрыққа қарсы ұлт-азаттық көтерлістер, Қазан төңкерісі, азамат қым-қиғаш соғыстар, 1918 жылы 13 мамыр қаулы алған болшевиктер үкіметінің азық-түлік тәркілеуі, 1917 жылы Түркістаннан басталып, 1921 жылы күллі Қазақстанды жайлаған аштық,1928 жылы 27 тамыздан басталған бай-манаптың мал-мүлкін тәркілеу, коллективтендіру науқанынан бастау алған 1931-1933 жылғы ашаршылық (генотсид), дүние жүзілік екінші соғыс, 1954 жылғы тың игеру науқаны мен аяқталмаған саяси қуғын-сүргіндер бірінен соң бірі келген аумалы-төкпелі заман. Сол заман желінің Қазақстанның шығыс түкпірінде өсіп-өнген Жұртбайдың – кейіпкер Жарастың ауылына ықпал-әсерін тигізбеуі мүмкін емес. Осы ауылдың бір әулеті Кербала отбасы да ортақ өмірдің тағдыр тауқыметін тартып, қиын күндердің қыспағын көппен бірге басынан өткереді.

Суретте: жазушы Тұрсын Жұртбай

Әдебиет-көркемөнер шындығын тексерудің өлшемі обьективтік қоғамның іс жүзіндігі ағысымен жүреді. Әдеби еңбекке баға бергенде ондағы суреттелген обьектіні түсіну, оны сол кездегі қоғамдық тарихи көрініс ішінде тексеріп көруіміз керек. Ал, кез-келген көркем шығармада уақыт басты өлшем есептелледі. Уақыт өлшемі арқылы уақыттың тұсында өмір сүрген қоғамдық құбылыстар суреттеледі. Уақыт көркем шығарманың ұзына бойына, тіпті әрбір мәтініне де сақталып жатады. Ал қаламгердің әдеби шығарманы көркем шындыққа жеткізуі үшін ұстанатын жеті түрлі ережесінің әуелгісі тарихи кейіпкер өмір сүрген қоғамдық құрылымды өзгертуге болмайды. «Қар астындағы көбелек» роман-эссесінің уақыт желісі және қоғамдық құрылымы автордың өзі жазғанындай 50-60 жылдардағы ауыл өмірінің көрінсі. Соғыстан кейінгі колхоз өмірінен алыстап кетпейді. Роман-эсседе байандалатын: «Қарағай кесіп, тоспа жасау. Жотаға су шығарып, егін салу. Колхоздың малын ортақ бағу, еңбекті ортақ өтеп, ішер асты ортақ тарату т.б» желілердің барлығы колхоз-совхоз тіршілігінің күнделікті қаракеті. «Қазақстан энциклопедиясында»: «Колхоз – Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында пайда болған ұжымдық шаруашылық – өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік және ұжымдық еңбек негізінде ірі сотциялистік ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін шаруалардың ерікті түрде бірігуі жолымен құрылған копиративтік шаруашылық»,- деп «сыпайы» ғана анықтама берілген. Роман-эссенің көркем кейіпкерлері уақыт өлшеміне сай суреттелген соғыстан кейінгі ауыл колхозының тұрғындары. Бұл арада көркем шындықтың кейіпкерге қатысты бірнеше принциптерін анықтап алу керек. Жеті түрлі ережеміздің екіншісі – тарихи кейіпкердің ұлттық болмысын өзгертуге болмайды. Тарихи кейіпкер өмір сүрген жағырапиялық ортаны өзгертуге болмайды. Тарихи кейіпкер өмір сүрген уақыттағы ғылым мен жалпы танымның жетістіктерін өзгертуге болмайды. Кейіпкердің бойындағы болмысы мен тұрмысын сақтау керек, оған тәндік өзгерістер енгізуге болмайды. Кейіпкер өлгеннен кейінгі қоғамдық құрылымдар мен жаңалықтарды кейіпкер бойына теңеуге келмейді.

«Қар астындағы көбелек» роман-эссесіндегі көркем кейіпкерлердің образының барлығы осы көркемдік шындықтың ережелеріне сай жазылған, кейіпкер туралы азда болса арылып айту үшін, теориялық заңдылықтарды түгелдей келтірдік. Роман-эсседе суреттелетін алғашқы бөлімдегі Нұрақын, екінші бөлімде әңгімеленетін бастық Бейсембай, қойма басқарушы Бекбай, соңғы бөлімдегі Бейсен сияқтылар сол жылдардағы колхоз белсенділерінің обыразы. Нұрақынның жиркенішті көп қылықтарының бірі Кербаланың (Жарастың әкесі) көршісі Бағдылданың сұлу қызы Торғынды ықтиярынсыз өзіне әйел қылып алуы. Нұрақынның әкесі Мәжен кезінде немісте тұтқында болған Торғынның әкесі Бағдылданы ауданда қайта тергемекші болғандығын, тергеуші інісі екендігін, егер қызын ұлына берсе, тергеуді тоқтаттыратындығын айтып күш көрсетеді. Ақыры қызын зорлықпен өз ұлына алып береді. Торғын өз сүйгені Қасенмен қосыла алмай қайғыдан зар жұтады.

2009 жылы берген сұхпатында: «Сол көбелек тағдырымды «Қар астындағы көбелек» романында жазған болатынмын. Әрине арасында қосасың. Мысалы, «Ұш, маған, ұш балалығым» тарауындағы Гүлбаршын (кейіпкер есімі Торғын) деген образға келсек, тағдыры расында да сондай қыз болды. Бірақ ол Қасен деген адамға емес, Рақым дегенге үйленді, ал Қасен – ол ойымнан қосқаным»,-десе, ал романның үшінші бөлімндегі соғыстан қайтқан Кемел және оны бес жыл тосқан Батиманың жалған қарақағазға сеніп, Кемелмен соғысқа бірге барып, жараланғандығы себепті одан бірнеше жыл бұрын қайтқан Құрымбекпен үйленгендігі жайлы: «Ал кез келген прототип ол жүз процент деп айтуға болмайды. Мысалы, Кемел деген Камал, белгілі сәулетші, бір ағасы қазір Қарағандыда тұрады. Батима да өмірде болған, бірақ олардың арасындағы махаббат мәселесін қосу ол, әрине, шығармашылық қиял»,- деп жауап қайтарады. Демек автор мың сан өмірлік шындықтың бәрін қайнатып, оны қайта-қайта сараптай сүзіп, құрлымы күрделі көркем шындыққа көтеру үшін көркем шешім жасап, бала кезіндегі нақтылы оқиғаның ішіне Қасен атты кейіпкерді көркем ойдан кіргізсе, Кемел мен Батиманың махаббатын да аса шеберлікпен жымдастырып, соғыс жылдарындағы үміті кесілген сан мыңдаған жастардың қайғы-қасіретін өмірлік шындық арқылы суреттеп береді. Халық бұқарасына қайырымысз бастық Бейсембай, өз құлқынын ойлап, колхоз мал-мүлкінен тояттайтын қойма басқарушы Бекбай, жұт жылы арам өлген малды алал деп ет комбинатына өткізбекші болған алайақ Бейсен сияқтылардың обыразы Қазақстанда алғаш ұжымдастыру кезіндегі шолақ белсенді, адырақпайлардың қорқау қасқырдай жиркенішті, сұм елесін береді.

Сонымен, ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Қар астындағы көбелек» роман-эссесіне құрылған өзек-қайнары шынайы шындық өмір. Өзге көркем шығармалардан ұқсамастығы мен өзгешелігі болса, ол балалық шағында басынан кешкен кешірмелері, балалық шақпен бірге бұлдырап алыста қалсада, сол күндерден бірге өшпей жүрегінде сақталып келе жатқан мұң-сағынштың, аңсар күйдің толғауы. Автор өз жанрының ерекшелігіне сай кейіпкер-обыраз, орын-орта, сюжет, композицясы дайындап, әр кейіпкердің прототиптік обыразына шығармашылық жасампаздық арқылы өзгеріс енгізеді. Сюжетті ылғап алып, қажеттісін іске жаратады, санасында өшпестей әсер еткенін шеберлікпен үндестіреді. Композициясын сымға тартқандай реттеп, қалай бастау, қалай айақталуын бастан аяқ қадағалап отырады. Өмірде күніне мың ұшырап, жүз қайталанып жататын күнделікті оқиғалардың барлығы жазушының санасынан, сыншыл ой сүзгісінен, көркем ойлау жүйесінен өткеннен кейін ғана барып ресіми көркем шығарма деңгейіне жете алады. Көркемөнер атаулының келу қайнары – реаль өмір. Мейлі ол қияли (фантастикалық ) жасампаздықпен жаратылсада, оның негізгі тамыры өмір. Өмір – шындық, реальдық. Тіл мен жазу өнерінің пайда бола бастаған сонау арғы ғасырлардағы мифтік аңыз-әңгімелердің де бір пұшпағы шындыққа келіп тіреледі. Адам санасының көркем ойлау өресінің, шығармашылық қабылетінің үздіксіз дамуына байланысты, әдебиет-көркем өнердің гүлденіп көркеюі де қадам санап ілгерледі, таяздан тереңге, қарапайымдылықтан күрделілікке аяқ басты. Шығармадағы өмірлік шындық және көркем шындық ұстанымдары да үздікісз зерттеліп, кемелденді. Әдебиет зерттеушілер қаламгерлердің шығармашылық құпясына үңіліп, сол арқылы оның өмір кешірмесі, тірлік-харакеті, ішкі жан дүниесі туралы анағұрлым мол мәліметтерге ие бола алатын болды.

Көркем шындық және өмірлік шындық қатынастарының көркем шығарманың құрылмын, астарын, туу тарихын тану үшін өте маңызды теорялық құбылыс. Өмірлік шындық және көркем шындық мәселелерін зерттеу арқылы қаламгердің болмыс-бітіміне, товрчестовалық құпяларына, жан дірлі тұнған ішкі ой дүниесіне барлау жасауымызға болады. Өмірлік шындық және көркем шындық арасындағы нәзік түйткілдерді ұстай отырып, әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы мәселелерінде ұтымды пікір қозғауға болады. әдебиет сүйер қауым үшін, өмірлік шындық және көркем шындық мәселелеріне көп үңілу әдебиетіміздегі аса маңызды тақырыптардың бірі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар