Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Көзілдірігімізді өзгертейік......

10.08.2024 1320

Көзілдірігімізді өзгертейік... 14+

Көзілдірігімізді өзгертейік... - adebiportal.kz

 Абай текстологиясы хақында

Базбіреулер «Абайды білемін, оқығанмын» дейді. Солардың «білемін» дегені хакімнің жәй есімі ғана. Яки болмаса, мектепте жаттаған бірнеше өлеңіне бола немесе Әуезовтың «Абай жолын» оқығаны үшін Абайды тұп-тұқиянына дейін қопарып тастағанмын деп ойлайды. Қысқасы Абайды құр жаттау (сол арқылы жүлдегер болу) анық Абайды терең меңгеруіміздің тиянағы емес. Өкінішке қарай біз білетін Абай  өкшесі қанап, өресі тарылған, дәлірек айтар болсақ, дәретсіз қолдардың майлығы мен сулығына ұшырап, әр замананың қолжаулығына айналған «аянышты» Абай. Әрине ол үшін Абайдың еш жазығы жоқ. Біздің күні бүгінге дейін анық Абайды аша алмай келе жатқанымыздың мынадай кілтипандары бар. Біріншісі, хакім еңбектерінің бір ізге түспеген текстологиясы болса, екіншісі Алланың ақиқат ғылымын білмеген адамды Абай маңына да жолатпайды. Абай ол адам үшін ашылмас қақпа, таскерең түнек. 

Амалыңыз бар ма, ілкідегі имансыз қоғам иманды Абайды кеңестік идеологияның сом кірпішінен қаланған суық «қоршауына» қамады. Ол қоршаудың аты «құлдық схематизм» болатын. Міне, анық Абайдың тұмса құпиясының толыққанды сөйлемеуіне қолбайлау болып отырған факторлар осы ғана. Тәуелсіздікке дейінгі қоғамдық формация Абайды дәл өзі секілді дінсіз, материалист, исі қазақты иттің етінен жек көретін, орыс десе қоң етін ойып беретін, әсіре интернационалист ретінде көрсетіп бақты. Абайды дінсіз етіп көрсетуге мына бір мысалды көмекке шақыралық. Мәселен, біз мектеп табалдырығында хакімнің «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі  жаққа үңілдім….», «Екі кеме құйрығын, ұста жетсін бұйрығың» деген ойын «Абай батыс пен шығыстың әдебиеті мен мәдениетін өте жақсы білген» деп оқып келдік. Ақынның «екі жаққа үңілдім» пәлсапсы фәни мен бақи тоқайластығы екендігін, оның шығыс пен батысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын кейінірек білдік. Осындай сұрқия ойларға жәдігөйленген суық қолдар Абайдың ақиқат ойын бұрмалап, небір келте пайымдар мен теріс түсініктемелер жасады. Мектепті  аталған идеяның негізгі сынақ алаңына айналдырды. Бұл энерция біздің алпыс екі тамырымызды қуалай ағып, күні бүгінге дейін өз миссиясын атқарып келе жатыр десек еш қателесе қоймаспыз. Неге дейсіз ғой… Себебі, Абаймен қазақты мақтауға да, даттауға да болады. Өйткені ол қазақтың рухани қарашығы. Ғазиз досы, әділ сыншысы. Қазақ үшін Абай сөзінің Алла бұйрығындай қабылданатыны да сондықтан. Мұны жақсы білетіндер құлдықтан құтылмауға Құнанбай баласын тағы да тырп еткізбес тиянақ етті. Баяғы сол ескі аурудың симптомының салдарынан. Соның кесірінен «Орыссыз күніміз қараң, дүниенің кілті орыстың ғылымында… Әлгі «қазақтың жауы қазақ» деп Абай атамыз қалайша біліп айтқан десеңізші» секілді сөздер бүгінгі саясаттың ең сүйікті сөзіне, олар жасап отырған идеологияның негізгі «иммунитіне» айналды. Санасына шіре салынып, бейопа саясаттың бейшара кейіпкеріне айналған қауымды осындай қаскөй сөздермен тағы да төбесінен ұрып, төпештеу  еш тиылар емес. Міне, азаттыққа жетіп, Абайды танығандағы сиқымыз. Ал анығында Абай осы сөздерді айтты ма өзі? Айтса, қалай айтты екен, онымен ешкімнің шаруасы жоқ. «…Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арыздана жалынбайды. Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыстың ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес.  Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйретушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек…» (Жиырма бесінші қара сөзі). Көріп отырғанымыздай Абай «орысша үйрен» дейді. Үйренгенде ділің мен тіліңді ұмытып делқұлы бол демейді. «Қазаққа күзетші бол, ел болып, халық атанудың қамын же» дейді. Өкінішке қарай Абайдың «осы оқығандары»  қазақты күзететін қорғаушы емес, қорлаушы болып, күллі құндылықтарымызды табанға таптап, талақ еткен нағыз маргиналдарға  айналды. «Абай айтыпты-мыс»  деп жүрген жәдігөй сөздің тағы біріне тоқтала кетейік. «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар. Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына, я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орыны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. …Жүйрік ат – кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те – кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып, я бір арамдығы, жамандығы шыққандай  несіне ұялып, қорланады екен?..» (Жиырма алтыншы қара сөзі). Біз бұл лепестен қазақты қазаққа қарсы қоюдың еш сыңайын аңдай алмадық. Тек «бір хайуанның өнерінің артылғанына бола» сонша күйініп, сонша қуанған адамдар мінезіне кейіген кемеңгерді  көреміз. Қайталап айтамыз, бұл жерде сөз – қазақты қазаққа жауықтыру емес, қазақтың бойындағы жаман, жарамсыз мінез жайлы. Түсінер адам болса, емеуріні бөлек, екі басқа ой айтылып тұр. Рас, Абай «Қазақтаң өзге жұрттан сөзі ұзын», «бақас», «бақталас» деп сынағанмен жаусың деп бір-біріне жаныстырған емес. Керісінше «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді.  Бұл жердегі бар құпия  әлгі кеңестік метрополияда жатыр. Соның кесірінен керек-жарағымызды Абайдың ауызымен айтқызып, аяқталмаған ойды белінен үзіп алып, «ұлттық ұран» жасап отырғанымызда. Әгәрәки, қазақ қазаққа жау болғанда оның он екі мың әні, алты мың күйі, мынадай феномен дүниетанымы болмас еді. Тіпті бүгінгі күнге бүтін жетпей-ақ, этникалық  ұйтқысы әлдеқашан қожырап, есімі ұмытылған ұлысқа айналар еді.  Арада аттай екі ғасыр өтсе де жаман мен жәутіктің қорғанар құралына айналып қор болған қайран қара шалым, ғазиз қарашығым-ай десеңші…

 Біз осы орайда ойы бұрмаланып, емлесі (әрібі) өзгертілген кемеңгер өлеңдері жайында бірер сөз шығындап көрмекпіз. Абай текстологиясы дегенде біздің есімізге ең алғаш болып М.Әуезовтың өзі тікелей бас болып 1957 жылы жарыққа шығарған академииялық екі томы оралады. Алды 1957 жылы, аяғы 2005 жылы текстологиялық зерттеуден өткен Абай шығармаларының екі томдық толық жинағында күні бүгінге дейін ауыздықталмай келе жатқан мынадай ағаттықтар бар. Мәселен Мүрсейіт қолжазбасының негізінде даярланып 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абайдың алғашқы жинағындағы «Қыс» өлеңінің үшінші шумағы бүгінгі кітаптардың барлығында бүй деп беріліп келеді:

                            Бұлттай қасы жауып екі көзін,

                            Басын сіліксе, қар жауып мазаңды алды.

                            Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

                            Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Өлеңнің бастан аяқ теңеуден тұратындығын ескерсек, осы үшінші шумақтың үшінші жолы «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда» емес, «Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда» болғаны дұрыс. Себебі «бұрқ-сарқ» сөзінің өзі боранның мінезі мен синонимі. Қарапайым ғана айтсақ жоғарыдағы шумақ қыс болады, қыста боран болады деген секілді қарабайыр қабылданады екен. 1939, 1977 жылғы жинақтарда «бурадай» болып басылған бұл сөздің одан кейінгі шыққан еңбектерде «борандай» болып бұрмалануының сырын еш түсіне алмадық. Оны не себептен өзгерткені жайында ешқандай түсініктеме берілмеген екен. Енді «Қыстан», «Қарашаға...» қарай ойысайық.  «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі - ай» өлеңінің;

                       ....Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

                           Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып...

деп беріліп жүрген екінші шумағының үшінші жолы күдікке жосын ұялатады. И – жансыз зат. Сондықтан ол «тоңбайды», тоң болып қатып қалады. Мүрсейіт қолжазбасында бұл тіркес «мұздаған» болып берілген екен. Біздіңше осы сөздің «тоң» деген түбіріне біреулер «ған» деген жұрнақ жалғап бүлдірген секілді. Дұрысы «тоң». Қазақта: «тоң жібіді»- дейді. Бұрмалаудың нәтижесінде «тоңған» деген сөз пайда болғандықтан «жібітіп» тіркесі де тіл заңдылығына қарай «жылытып» болып өзгеріп кеткен. Олай болса бұл жолдарды:   

                         «....Тоң иін жібітіп, тонын илеп,

                           Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып... 

деп түзеп оқысақ қисынға келіңкірейтін тәрізді. Абай текстологиясын зерделегенде алға баса алмауымызға тағы бір себеп, Мүрсейіт қолжазбасын (өзге де версияларды айғаққа алмай) Құран сөзіндей киелі қабылдауымыз. Сөз жоқ, Бікіұлының жазбасы біз үшін баға жетпес алтын қазына. Әйтсе де ол жазған кей сөздер қисынға шет, ақылға томпақ емес пе екен осыны еш ескере бермейміз. Ақынның айтпақ ойының тым күлбілтеленіп, үлкен өзгеріске ұшыраған өлеңдерінің бірі мынау: 

                               …Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

                                  Тән құмарын іздейсің күні-түнде,

                                   Әділеттік, арлылық, махаббат пен –

                                   Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Абайды зерттеушілер төртінші жолға «үй» деп үкім шығарғанда менмұндалап тұрған мына бір ақиқатты неліктен аңғармады екен.

                                …Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                                 Сенде сүй ол алланы жаннан тәтті.

                                  Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

                                  Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

                                  Осы үш сүю болады имани гүл,

                                   Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

                                   Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

                                   Басты байла жолына, малың түгіл.

 

Бұл жерде үш нәрсені (Алланы, адамзатты, әділетті) сүю адамның «имани гүлі» деп ашық айтылып тұр. Олай болса жоғарыдағы «Үй жолдасың қабірден әрі өткенде» деген өлең жолының «Үш жолдасың қабірден әрі өткенде» болып  оқыларына ешқандай шүбә болмауы тиіс.  Біздің «Махаббатпен жаратқан адамзатты…» деп басталған өлең шумағындағы «алланы», «және хақ жолы » деген сөздерді қарамен беруіміздің мынадай себептері бар. Біріншіден «алла» сөзі бас әріппен жазылғаны дұрыс. Себебі, Абайдың өз қолымен жазылғаны «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» еңбегі ғана екендігін ескерер болсақ,  «алла» деп кіші әріппен берілген барлық сөздер Абайдың емес, өзге адамдардың көшірмесі. Тіпті, Абай кіші әріппен жазды дегеннің өзінде де он сегіз мың ғаламның патшасы  Алла-Тағала неліктен кіші әріппен жазылуы тиіс. Екіншіден «Және хақ жолы…» деген сөздің канондық (төл) нұсқасын Қайым Мұхамедханов «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» деген кітабында былай деп көрсетеді: «Мәселе осы бесінші шумақтың төртінші жолындағы қателікте. Осы соңғы жолға үңіле қарасақ мағына-мазмұн жағынан да, өлеңдік қисын жағынан да ойсырап жатыр. Абай сөзіне бөтен сөз араласып, бүлдіріп тұр. Біз өлең шумағын былайша оқысақ;

                                  Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                                 Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.

                                 Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

                                 Және сүй хақ жолы  деп әділетті…

 

…Өлеңнің төртінші жолын осылай түзеп оқысақ, Абайдың өзіндік түпнұсқасы қалпына келеді деп сенеміз». Біз де өлең шумағының ең дұрысы осы нұсқа деп қабылдаймыз. Сол секілді «Сегіз аяқтағы»;

                                     Бір кісі мыңға,

                                     Жөн кісі сұмға, 

                                                  Әлі жетер заман жоқ.

                                      Қадірлі басым,

                                      Қайратты жасым

                                                   Айғаймен кетті, амал жоқ….

Безбенге салып бағамдар болсақ бұл жердегі «кетті» сөзінің «өтті» болып жазылған жөн. Жастың я болмаса өмірдің өтуін «кетті» деп қарастыру  сөз табиғатына бәлендей келіңкіремейтін тәрізді.

Мына бір шумақ ілгерідегі 1909, 1933 жылғы жинақтарда дұрыс басылған болса, одан кейінгі жинақтардың бәрінде төмендегідей бұрмаланған екен:

                                    … Жөнді, жөнсіз,

                                         Сөз теңеусіз,

                                         Бас пен аяқ бір қисап,

                                         Ұрысса орыс,

                                         Елге болыс,

                                         Үйден үрген итке ұсап.

Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген естелігінде бұл жайында мынадай дерек келтіреді: «Бай сейілді» деген өлеңді ел билеген болыстарға наразып айтқан, «ұрысса орыс, елге болыс үйден ұрған итке ұқсап» дегені үйден таяқ жеп шыққан ит тыстағы жай итпен алыса кететін әдеті болады. Үйдегі кісіге ештеме ете алмай, ашуын тыстағы иттен алып, Уезнойдан сөгіс естіген болысқа, сол ит секілді оязға ештеме ете алмай, тыстағы жай адаммен ұрысады дегені». Міне, Тұрағұл естелігіндегі аталған шындықтың күні бүгінге дейін өз қалпына келмей жүргені тіптен өкінішті-ақ. Абай сөздерінің бұрмалануына «ерен еңбек сіңіріп жүргендердің» ең үлкені әншілер қауымы. «Сегіз аяқ»,  «Бойы бұлғаң», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Татьянаның әні» тағы басқалары сауатсыз әншілердің кесірінен әбден бүлініп бітті. Мәселен:

                                   Көзімнің қарасы,

                                   Көңілімнің санасы.

                                   Бітпейді ішімде,

                                   Ғашықтың жарасы... 

деген шумақ әншілердің ауызымен бүй деп айтылып жүр.

            Көзімнің қарасы,

          Көңілімнің санасы.

          Бітпейді-ау іштегі,

          Ғашықтың жарасы. 

Біздіңше екеуінің де кей сөздерінде орасан кемшіліктер бар. Бұл жерде ғашықтық дертінің бітпеген жарасы жайында  айтылып тұр. Атам қазақ, адам денесіндегі жараны бітті немесе бітпепті дейді. Олай болса бұл өлеңнің;

            Көзімнің қарасы,

           Көңілімнің санасы.

            Бітпеді ішімде

            Ғашықтық жарасы. 

болғаны дұрыс. Осы секілді өзгерген өлеңнің тағы бірі «Айттым сәлем, қалам қас» әні.

                                   Айттым сәлем қалам қас,

                                   Саған құрбан мал мен бас.

                                   Сағынғаннан (бір) сені ойлап,

                                    Келер көзге ыстық жас.

                                    Сеннен артық жан тумас,

                                    Туса туар - артылмас.

                                     Бір өзіңнен басқаға, (басқа жанға)

                                     Ынтықтығым айтылмас.

                                      Асыл адам айнымас,

                                      Бір бетінен қайырылмас.

                                     Көрмесем де көрсем де, (көрсем дағы)

                                      Көңілім сенен айырылмас.

Өлеңдегі қарамен берілгендер Абайдың төл туындысына еш қатысы жоқ, сырттан таңылған солақай сөздер. Әнші тек орындаушы ғана емес, сол әннің насихатшысы мен тағдыр-тәлейіне жауапты адам. Ол қалай айтса, одан кейінгілер де дәл солай айтады. Ән корифейлері Ә. Қашаубаев, Қ. Байжанов, М Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ. Құрманғалиев, Д. Рақышев, М. Ешекеевтердің жаңылыс айтқан кей сөздерін одан кейінгі орындаушылар сол қалпында еш түзетпестен қайыра айтып келеді (Ол өз алдына жеке тақырып болғандықтан, бұл жерде оған еш тоқтала алмаймыз).  Ойымызға қозғау салған ғазалдың тағы бірі «Әбдірахман өлгенде» деген өлең.

       Арғы атасы қажы еді,

       Бейіштен татқан  шәрбәтті.

       Жарықтықтың өнері

        Айтуға тілді тербетті…

Осы өлеңге Әрхам Кәкітайұлы: «Бейістен татқан» деп қате басылып кеткен. Дұрысы «Бейістен татқай шәрбәтті» болады. Абай әкесін бейістен татқан шәрбәтті, яғни «бейіске (жұмаққа) кірген» деп кесіп айтпайды, бейістен шәрбәт татса екен, яғни орыны жұмақта болса екен деген тілегін айтады...», – деп түсіндірме береді. Сөз жоқ біз де Әрхам ескертпесін жүз пайыз жөптейміз. 

Төмендегі мын бір шумақ бүгінгі кітаптардың барлығында бүй деп басылып жүр;

                                   Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?

                                  Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да.

                                  Арсыз адам арсаңдап арсылдайды,

                                   Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.

 

Абайдың бұл жердегі айтпағы «күшік иттер» бөріні жабалса да жеңе алмайды деген ой ма десек, «күшік ит» бір өзі ғана айтылып тұр. Сөйтсек оның құпиясы мынада секілді. Тұрағұл өз естелігінде бұл шумақты;   

                                   Күшікті ит бөрі ала ма жабылса да?

                                  Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да.

                                  Арсыз адам арсаңдап арсылдайды,

                                 Әр жерде керегеге таңылса да… деп келтірген. 

Тұрағұл нұсқасы бұдай кейінгі еңбектерде ескеріліп жатса үлкен ғанибет болар еді. Осыған орайлас тағы бір кінарат Абайдың аударма өлеңінде жүр. И.А.Крыловтан тәржімалаған «Есек пен бұлбұл» өлеңінің үшінші шумағы: 

                                 ...Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып, 

                                  Шыңғыртып, шымырлатып, сорғалатып...  деп берілген екен. 

Осындағы екінші жолды «Шырқатып, шымырлатып, сорғалатып» деп оқысақ, бұл байлаудың түйіні тіптен тамаша тарқатыла түсетін еді. 

2006 жылы (22 ақпанда) «Егемен Қазақстан» газетінде Т.Жұртбайдың «Абайды дұрыс оқып жүрміз бе?» деген мақаласы жарық көрген болатын. Автор онда Абай өлеңдеріне қатысты нақты деректер мен бұлтартпас дәлелдер ұсынған. «...Зады көшіре-көшіре жатталып кеткендіктен де, кейін ойша жазылған кезде түпнұсқадан ауытқып, дәлсіздікке жол берген сияқты. Мысалы, Абай ауылының қарттары:

                           Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

                    Ақылың мен қайратың екі жақтап, – деп ауызекі жатқа айтатын жолдар жинақтарда: «Ақылың мен еңбегің екі жақтап» болып басылған», – деп Абай ауылының қарттарын дерекке алады. Ақылды ақсақалдар сөз жоқ Абайды біліп отыр. Біз бұл жерде негізгі дерек көзіне ауыл ақсақалдарын емес, Абайдың өзін  тартқымыз келеді. Мәселен «ақыл», «қайрат», «жүрек» ұғымдары Абайда егіздің сыңарындай бірінен-бірі ажырамас қосамжар сөздер. Мәселен: «Қайрат пен ақыл жол табар», «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» немесе «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста». Міне осы бір деректер аталған өлеңнің: 

                 Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

                  Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

                  Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

                  Қайратың мен ақылың екі жақтап 

болып түзеліп жазылуына негіз тартып тұр. Абай еңбектерінде араб пен парсы тіліндегі сөздердің көп кездесетіні белгілі. Ең өкініштісі, солардың көбіне күні бүгінге дейін дұрыс түсініктеме берілмей келеді. Мәселен 2005 жылы жарық көрген екі томдық академиялық еңбекте «тасдих» сөзіне шындық, сенім деп түсініктеме берілген  (Дұрысы иманды жүрекпен бекіту ғой).  Дәл осы тағдырлас өзгеріске ұшырағандардың бірі «зияғ» (зая) сөзі.  1909 жылы Санкт-Петербургте, 1922 жылы Ташкентте басылған кітаптарда: 

                     Жапырағы қуарған ескі үмітпен,

                     Зия ғып өмір сүріп бос жүріппін.

                     Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды

                      Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн...

деген шумақтың екінші жолы одан кейінгі еңбектерде: «Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін» болып өзгеріп кеткен. 1922 жылы Ташкентте басылған кітаптағы «зая» сөзіне Алаш арыстарының бірі Халел Досмұхамедұлы: «Зая (арабша) зыяғ – босқа, бос кету, бос өткізу, жоғалту» деп түсінік берген. Бұл қай жағынан болсын көңілге қисынды пікір. Ал оның не себептен «қиялға» айналып кеткендігін енді еш түсіне алмадық. Осыған қарап отырып-ақ Х.Досмұхамедұлының: «Біз мәдениетті жұрт болсақ Абайдың жүз бет өлеңіне мың бет жору (комментарий) жазылған болар еді» дегені айна қатесіз ақиқат екендігіне тағы бір көзіңді жеткізесің. 

Жору дегеннен шығады, біз Абайды ішіне қондырған кәнігі «абайтанушы» емеспіз. Сондықтан әнтек басқан қадам, жетпеген жері болуы бек мүмкін. Дей тұрғанмен көзіміз сенсе де, көңіліміз  хош көрмеген кей өлеңдеріне қадари-қалімізше қозғау салдық. Мақаламыздың басында Абайды қазақ халқының рухани қарашығы деген болатынбыз. Құнанбай баласын құлдықтан құтқармаудың құрығы ретінде пайдалану  әлгі «қарашыққа» жасалған қиянаттардың ең үлкені деп ойлаймыз. Біз «аянышты» Абайдан осыны аңғарып, осыны түйсіндік. Ал арғы жағы айтпасақ та айпарадай дүние. Қазақты «Абай» деген ақиқатқа бастаушы қарашығынан айырып, су қараңғы зағип ету. Десек те осы бір жымысқы ниет қазақты су қараңғы етпесе де, оның қос көзіне «көзілдірік» кигізіп үлгерді. Ол рухани қарашығымызға тағылған «өзгені зор, өзіңді қор» қазақты «кіші», орысты «үлкен» етіп көрсететін құлдық көзілдірігі. 

Амалыңыз бар ма, бүгінгі билік (саясат) біздерге осы көзілдіріктің ар жағынан қарап отыр. Басы ашық бір ақиқат бар. Көзілдірік өзгермесе, Абай да өзгемейді. Ол біздер үшін ашылмас қақпа, таскерең түнек күйінде мәңгілік қабарып қала береді…

                                                                                                          2006 жыл

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар