Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Құлтөлеу Мұқаш. Ақындардың ішіндегі ең бақытсызы ә...

19.12.2018 6175

Құлтөлеу Мұқаш. Ақындардың ішіндегі ең бақытсызы әзірше менмін...

Құлтөлеу Мұқаш. Ақындардың ішіндегі ең бақытсызы әзірше менмін... - adebiportal.kz

Өзі айтатынындай, өлеңі өртке тиген дауылдай сұрапыл Қасым Аманжолов поэзиясына нәзік сыршылдық та тән ғой. Ақынның көпшілікке кең танымал:

Өңімде ме еді,

түсімде ме еді,

Көріп ем ғой бір армандай қызды.

Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.

Сапырды дауыл,

Тебіренді теңіз,

Тулады толқын, шайқалды шың-құз...

Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,

Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?! –

деп жалғасатын жырының мәнін шын ғашық болып көрген адамдар ғана терең түйсіне алатын шығар-ау.

Расында, тағы да өз сөзімен айтар болсақ, «өлеңін бөбегіндей әлдилеген» нәзік лирик, әрі дауылпаз үнді Қасымды қай жағынан да қатты ширатып, ширықтыра түскен сонау сұм соғыс сияқтанады. Бұл туралы кезінде Сырбай Мәуленов: «Қасым өзі қатарлас қазақ ақындары секілді, әсіресе соғыс жылдарында қатты өсіп, серпінді қадам жасады. Оның соғыс жылдары жазған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасынан, «Байкал», «Орал», «Подполковник Альпинге», «Ғабдолға» тәрізді өлеңдерінен өр толқынның үстінде, өрт-жалынның ішінде дауылдан дем алып, найзағайдан от алып жүрген жауынгер ақынның тулап соққан жүрегінің дүрсілін естігендей боласың» деп жазған да екен.

Бір ғажабы, өлеңге келгенде әдетте екпіні адуын өршіл ақынның тылдағы жолдастарына жазған хаттарынан аса кішіпейіл мінезді адам екенін аңдап таңданып та қаласыз. Бірақ ақ қағазбен бетпе-бет келгенде ар алдында тұрғандай ағынан ақтарылып әдеттенген Қасекең мұнда да аңқылдаған адалдықтан жазбайды.

Есмағамбет Ысмайылов

Ендеше бір сәт оның 1942 жылы ақпанның 23-інде атақты ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа жазған бір хатына көз жүгіртейік.

Қадірлі Есет! Жеті ай бойы хат-хабар ала алмай әбден ішқұса болған, сағынған кезімде ең тұңғыш ұшқан жыл құсындай көкірегімді көктемдей жарқыратып сенің хатың жетті. Сенің хатыңды экспедитор алып келгенде тұмау тиіп, науқастанып жатыр едім, ғашықтықтан сарғайып, сары ауру болып жатқан жас сұлу сүйген жарың келді дегенде қандай серпілер еді; сенің хатың мені сондай серпілтті. Хатты он қайтара оқыған шығармын. Әрбір әрпіңнің арасынан сүйікті туған өлкенің, жер жұмағы Алматының тау-тас, орманы, ағаш- суы, жарқыраған аспаны, достарымның сүйкімді жанарлары маған күлімдеп қарап тұрғандай болды. Сол минуттегі сезімнің күш-қуатын Бетховен сияқты композитор болмаса ешкім де, искусствоның қай түрі болса да (музыка болмаса) жеткізіп бере алмас еді деп ойлаймын... Поэзия көлін айналып қайта қонғанда бірдеңе етпесем, қазір тілім жетпей тұр, жетер еді, науқас бөгет болып тұр. Жас кеудеме ұялап алған кәрі тұмау тынышымды алып жүр. Дегенмен, жазылуға беттедім. Қысқасы, сенің хатың маған ұлы қуаныш болды... Жалпы, халым жақсы. Бұл жақтың қысы мынандай: қар баяғыда ептеп жауып еді, қазір ырымға жоқ. Жиі-жиі қатты жел болады, өңменіңе көк сүңгідей қадалады. Жел болмаса – жылы. Қазір жазғытұрымның исі шыға бастады. Өзім тоңып көрген емеспін, тек жеңілтек жүремін деп суық тигізіп алдым.

Көп хабарды Алматыдан күтемін, ұзақ етіп хат жаз, адресім мынандай: ППС -57, 276-шы инженерно-строительный батальон. Аманжолову. Хош, достым, хат жаз! Қасым.

Енді Қасымның ақын, драматург інісі Қапан Сатыбалдинге жазған бір хатымен танысайық.

Сүйікті Қапан! Көптен сенен хат алғаным жоқ. Кезек сенікі еді. Астанада, кең дүниенің төрінде жүрген адамға алыстағы бір адамды ойлап, әуре боп, хат жазып жатудың өзі қандай қиын екенін өзім де сезем. Бұл менің өкпем емес, ақиқатты айтқаным. Мысалы, екеуміз орын ауыстырған болсақ, мен де хат жазуға салақсып кетерім анық. Ден сау. Хал жақсы. Көктем келеді. Соғыстың да көктемі жақындап қалды. Көкірегім қуанышқа толы. Ал Қапатай! Сен Сәпенді білесің ғой. Әйел біткеннен менің көңілімнен кетпей жүрген жалғыз сол ғана. Маған оны ұмыттырмай жүрген жеңіл қанатты жастық махаббаты емес, нағыз адамгершілік махаббаты. Мен оны жаным ауырып аяймын. Сен Сәпенге менен сәлем айт. Адресін жібер. Өзі хат жазсын. Мен де хат жазайын. Достарға сәлем.

Қош. Қасым. 10. 03. 45. Город Брянск. Полевая почта, 83221, Аманжолову Касым.

Тахауи Ақтанов пен Қапан Сатыбалдин

Осы кісіге жолданған тағы бір хат:

Қадірлі Қапан! Хатыңды алдым. Көп жаңалықтар жазғаныңа өте ризамын. Денің сау, мәртебелі бол, досым! Мен орыншамын. Кіші командирдің істейтін жұмысы өзіңе мәлім ғой. Тек әйтеуір «Отан үшін» деген сөз көңілге тоқ. Әйтпесе, есіл уақытым босқа өтіп барады. Өз орнымда, өз төбешігімде тұрып тұрып уақыт өткізсем, өкінбес едім. Тіпті, төменде жүрмін. Абыройым да, беделім де бар, бірақ өз бойыңа шақ болмаған соң болмайды екен. Қиқалақтатып орысша өлең жазған боламын. Жұрт жақсы дейді, мен оған қатты налимын. Қазақша еркіндеп, жан-жүрегімді жайып жазған өлеңдерімді тыңдайтын кісі жоқ. Мұндағы бастықтар мені шын ақын деп бағалап жүрген жоқ, әуесқой үгітші деп қана бағалайды ғой. Ақындардың ішіндегі ең бақытсызы әзірше менмін. Түбінде ең бақыттысы болып шығуым да мүмкін.

Сәлем айт. Хат жаз. Қасым. 10.12.44.

Қапан Сатыбалдинге алғашқысынан едәуір ертерек жазылған бұл екінші хатты соңынан оқу себебіміз – мұнда Қасымның дәл сол сәттердегі көңіл күйінен хабардар бола түсеміз. Бұл шақта ол қатардағы көп үгіт-насихат қызметкерлерінің бірі. Шабыт көгінде парлап самғауға жаратылған кең құлашты ақын мұндайды місе тұта қоймайды. Арқа жазып, армансыз бір көсіле де алмай: «Тіпті төменде жүрмін. Абыройым да, беделім де бар, бірақ өз бойыңа шақ болмаған соң болмайды екен...» деп қамығуы да осыдан шығар. Дегенмен, ол өз бағасын сол кезде-ақ білген. Әйтпесе «Ақындардың ішіндегі ең бақытсызы менмін» демес еді. Сонау сыршыл Сырбай ақын да кейінірек Қасым замандасына арнаған бір өлеңінде:

Көк жүзінде көп жұлдыз бар,

Бірі сөніп, бірі қалар.

Кейде жылы, кейде ызғар,

Табиғаттың күні болар.

Күндер, шіркін, өте берер,

Зырлап- зулап, асыр салып.

Ақын даңқы кете берер,

Алар оны ғасыр танып, –

деп толғайды. Айтса айтқандай-ақ, Қасым Жырының жыл өткен сайын нұрланып, ғасырдан ғасырға кете беретіні баяғыда-ақ айдан анық болмап па еді!

(Хаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар