Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

26.09.2022 2526

Ақселеуге жаздым хат 14+

Ақселеуге жаздым хат - adebiportal.kz

 

«Ақаңмен елордадағы екі үйде көрші тұрдық. Кей-кезде: «Мен айтқанмен дауысым қалың елге жетпейді, мынаны Республикалық эфирден орайын келтіріп айтып жібер. Бәріміз халық үшін деп жүрген ағайынбыз ғой»,- деп, өзін мазалаған мәселелер туралы жазбаларын маған беретін. Айтқанын екі етпедік. Тек өзі туралы телефильм жасап бер деген өтінішін орындай алмағаныма өкінемін… Ағамыз арамызда жүре берер деп біз де жүре беріппіз. Ақселеу ағамыз тік жүретін, нағыз қазақ деп мақтанатындай түр-тұлғасы ерекше, ұзын бойлы еңселі кісі еді…

Жомарт аға Әбдіхалық пен Ақселеу аға Сейдімбек екеуі 1966-1998 жылдар аралығында күнделік-хат жазысып тұрған екен.  Екі алып қаламгердің, қатарлас достардың бір-біріне жазысқан хаттарын Жомарт Әбдіхалықтың туған інісі  Әбуталап Сафиұлы жеке мұрағатында сақтап келген. Кейін ол жазбалар «Ақселеуге жаздым хат» атымен жарыққа шықты. Эпистолярлық жанрда жазылған бұл хаттардан екі ағамыздың оралымды ойлары мен терең тұжырымдарын, ұрпақ тағдырына, ел болашағына қатысты алаңдаушылығын аңғарамыз.          

Елордамыз Алматыдан Астанаға көшірілген сонау 1997-1998 жылдардағы ұлы көшпен бірге қазақ руханиятының бір топ қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен журналистер  топ бастап келді. Мүйізі қарағайдай қайраткерлердің арасында мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлынан бастап қатардағы қарапайым журналистер де болды. Сонда бәрімізді шын көңілімен  Жомарт ағамыз құшағын айқара ашып қарсы алып еді. Өзі сол кезде «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болатын.  Қуанғаны сондай,  елордамызға қоныс аударған қаламгерлер мен журналистер жайлы көлемді мақалалар да жазды. Тіптен, мен Астаналық филиалына басшылық еткен «Хабар» телеарнасы туралы «Арқа ажары» газетінің айдарына екі бет ақпарат жазып, ықылас-тілегін білдірді. Талай жиындарда бірге жүрдік, дәмдес те болдық. Ағалық ақылын айтып, бағыт-бағдар сілтеп, мерейімізді өсіріп отырды. 

Әр әңгімелескен сайын мейірлі көзінен ойдың шұғыласы төгіліп, еліміздің болашағына қатысты алаңдаушылығын білдіруші еді. Экономикалық-әлеуметтік жүйенің түбегейлі өзгеруіне, жүргізілген реформалардың ұлт пайдасына шешілуіне, құқық қорғау органдарының әділетті құрылуына, Солтүстік өңірлерді қазақыландыруға барынша тілектестік танытып, елдің ертеңі үшін жаны ашып жүретін. 

Ақмола облысының орталығы Астанадан Көкшетау қаласына көшкен жылдары «Арқа ажары» газеті де бірге көшті. Есімде қалғаны, сенбі әлде жексенбі күндерінің бірінде облыстық газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық ағамыз жұмыс бабымен Көкшетау қаласына бара жатып, жол апатынан қайтыс болды. Ағамыздың мезгілсіз қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Қиын уақыт... Еліміздің жаңа аяққа тұрып жатқан шағы еді. Жомарт ағамыздың қазасы да себеп болды-ау деймін, кейін қаржы тапшылығына қарамастан, Астана мен Көкшетау қалаларының арасына  халықаралық стандартқа сай көп жолақты жол салынды. Ол кісі қазақ журналистикасындағы жолын «Коммунизм нұры», «Лениншіл жас» басылымдарынан бастап, өмірінің соңына дейін «Арқа ажары» газетінде бас редактор қызметін атқарды. 

2012 жылы "Фолиант" баспасынан жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген бұл "Ақселеуге жаздым хат" деп аталатын эпистолярлық эссе кітабын құрастырушылардың бірі — белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім ағамыз. Ол Жомарттың хаттарын оның туған інісі Әбуталап Әбдіхалықтан, тағы басқа жерлерден іздестіріп тауып, жанкештілікпен еңбек етіп, әдеби нұсқалық деңгейге көтеріп, азаматтық қайраткерлік жасаған болатын. Осы шығармашылық елгезектігі үшін де Қайсар ағамызға деген ықыласымыз ерек, аса разымыз. Әйтпесе, мұндай құнды хаттар көңілден тасаланып жата берер ме еді, қайтер еді...

Жомарт Әбдіхалықтың жақын досы, рухани серіктесі Ақселеу ағаға жазған хаттарының ішінен өнегелі тұжырымдарын, толғақты көзқарастарын қадірлі оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік». 

                                                                                                                                                         

   Махат Садық

                                                                               Ақселеу!

Өнер аясы – көзқарастар алаңы; парасат, білік майданы, пікірлер сайысы. Қадырдың «Дала дидары» түсіпті. Қалай да тезірек оқуға асық. Өнер маңдайына бір адам дүниеге келсе, Қадыр Мырзалиев болып келсе деп қуанып отырам әрдайым. Ондай тас-тұғырлы интеллект біздің ортамызда таздың селдіріндей-ақ қой...

Қай-қайсымызды бір дөңбекшітер, атамұрат, көксеулі ой осы болса керек. Әлі ортамыз, білігіміз кенже екен. Денсаулық, мұрша келгенше қамтуымыз қажет-ақ енді. Мұның бәрі – жора сөз тәрізді пікірлер, Ақселеу. Қандай адамның да қаңқа сүйегіне дейін сіңген өз моральі, заңы, ділмарсу логикасы бар. (Ал олардың дұрыс-бұрысы өз алдына). Гәп сол айтқан, түйгендеріңнің аясындағы практикалық істің де көрініс алуында ғой. Бұл арада әрине, әзірше тіл күрмей тұрамыз. 

Ұзын-ырға жай-жапсар, менің аңғаруымша, осы тәріздес, Ақселеу.

                                                                                        Целиноград, 30.04.1966

                                                            ***

                                                      Ақселеу!

...Ересек адам тіршілігін нақтылап, қолында барымен базарлайды ғой; «жастық иттің» үмітсіз жүрмесе, сезімін, сезінуін көк базар етіп жүрмесе, «ит» атануы да екіталай емес пе еді?! Сол иттің нақтылықты көруі кем болып қинайды да. Мен шын мағынасындағы реализмге жеткен өнерге, әдебиетке, тарих дамуына қайран қаламын. Тарих дамуының балаңдық дәуірін адамның балалық кезеңімен салыстырып қарағанды кімнен оқып ек?! Маркс я Гегель... Есіме түспей отыр. Сол тарихтың реалистік бастауын айтамын-ау?! XIX ғасыр! Оның о жақ, бұ жағын қорламайықшы, сонда да...

                                                                                          Целиноград, 08.08.1968

                                                    

                                                     ***

                                                 Ақселеу!

Сен тиянақ таптың ба өзің: сенгенің не? Таянышың қайсы? Абай айтқан «...өзіңді алып шығар» күшті қандай жолдан іздеп жүрсің?.. Жазғандарыңды оқып жүрсем, өзімнің-өзіме қарағанымдай пиғылмен іздеп оқимын. Біз үшін айқын тұғыр – табан ізді тап басу әлі басталмай тұр.

Күнделік халдің несін айтарлық, бірсарындылау өтіп жатыр өмір, бірсарындылау... Тай шаптырым жерде тұрып ап, суысып барамыз; айып-шамның салмақтысы  біздің қылқа мойында – Салтанат туды – көрмедік, шаңырақ құрды – келмедік, ұзақ сарыда – омыртқа, оны да жөндеп бермедік...Тағысын тағы, айып мол. Қысқасы, хабарласып тұр. Жомарт

                                                                                          Целиноград, 13.02.1969 

                                                           ***

                                                       Ақселеу!

Тіршіліктің қадір-сыры жайлы сан тарап пікірің болуы керек, мен біршама адамдарды өз халімнің (бүкіл саналы кезеңімнің) беймаза күйін елестетіп іш тартамын. «Тисе – торғайға, тимесе – терекке» деп жебе тартатын жағдайлар шошындырады. Бұл – өмірді сүймей (күреспей) тұрып, суып үлгергендік емес. Дәуір тарихтың қай дерегін де жер бетіне шығарып, мән беруге мәжбүрлеп жатыр. Бұл – прогрестің бір сипаты. Дегенмен, цивилизациямен кереғар (контрастное) жағдайлар аз ұшырамайды. «Онсыз өмір бола ма, болған ба?» деген кең тынысқа тірелсең, едеуір кеңшілік аласың. Мұндай сезінулер кейде арқаны кең салуға, жайбарақаттыққа да бейімдейді. Сонымен, тоқетер қорытынды: күнделіктен, күнкөріс қамынан құтыла алмайсың – оны, қала-қалама, күйттеуің керек – бұл бір; екінші – кәкеткенмен бірге қалып қоятын тіршілікке місе тұтпайсың ғой, беймазалықтың өзі осы жерде, сондықтан азды-кемді уақытыңды жырымдап көңіл қалауыңа – деректі іске арнағың келеді.

Нәтижесін көз көрер, там-тұмдап болса да саналы іске жұмылғаннан өзге мақсат жоқ.

Целиноград, 22.09.1970                          

                                                           ***

                                                     Ақселеу!

Өмірдің жаңғыруы – үнемі болып тұратын құбылыс, ол – адамның санасындағы күрес, тіршілікте болып жатқан іс-әрекеттер. Оның бәрі бүкіл адамзаттың өзгеруіне, жаңа дүниенің қалыптасуына, одан соң оның ескіруінеи әкеп тірейді. Біз іздеген Адамның (геройдың) озық болуы, сондықтан да ол өз замандастарымен салыстырғанда, тақсірет-ауыртпашылықты көбірек өткеруі – заңды құбылыс. Мінезділердің (кең мағынада) дүниеге сыймай аласұратыны – олардың өзімшілдігінен яки бұл фәниден тоят таппағандық емес, жаңа сарын жаңғыруларды зердесіне ұялатып, ол қашан өмірге ұласқанша толғағын кешуі...

Жаңа дүниенің дабыл-дүркіні тек адам арқылы көрінбек екен ғой! Біз бұны әлі таба алмай жүрміз. Турасы, меніңше, жаңа дабыл, жаңаша бір дүр сілкінуді жан-жүрегімізбен сезініп, өткере алмай жүрміз, білем. «Өсіп келеміз, жетілдік» деп Құдайдың құтты күні қақсаймыз ғой. 

Целиноград, 11.10.1970

                                         

                                                           ***

                                                      Ақселеу!

Дүние – күрделі, ылаңды, қалай бұрап ұрсаң да, апшысы қуырылмас ұлан-ғайыр процесс. Соның ұйқы-тұйқысын сезінсең, жалғыз-жарымның өмірі бір шөкім шырпы тәріздес. 

Целиноград,  18.03.1971

                                                           ***

                                                       Ақселеу!

Дүние – аумалы-төкпелі, өшпелі нәрсе. Өнбейтін іске жиіркеніш – адамның бір құдырет қасиеті. Осыны сезу – бір береке бастауға тиянақ басатын тұғыр. Өмір апшыны қуырады: ашындырады, күйіндіреді, опындырады; бәрінен де сорақысы – мәжбүрлейді. Оны түсіну әр түрлі; әрекет жолы да сан алуан. Біздің бар медетіміз – соның бәрі болып жататын құбылыс деп қарап, із табу.

Целиноград,  2.06.1972

                                                           ***

                                                       Ақселеу!

Бүкіл адамзаттың прогресс жолындағы үлкен ынтызар бір ғана мұраты бар, ол – адам баласын езгіден, мәжбүрлік атаулыдан құтқару. Ұлан-асыр әлемде бұдан парасатты күрес жолы бар-ау деп өз басым ойламаймын. Еншіміз осыдан болса да...

Біз – шектеулі мүмкіндіктің ғана адамымыз. Біле тұра, ести жүре бармақ тістейтініміз де содан. Етіктің өкшесіне шеге қақсын мейлі, бір адамның басына байлау атқарар істе қисап жоқ. Бірақ, күйкентайлап күн көрумен өлшеніп өткен ғұмыр тақым жаздыртар емес. Кіжін мейлі, құлшын мейлі. Маған жанасты шындық осындай. 

Целиноград, 12-15.06.1972

                                                             ***

                                                         Ақселеу!

Бұл өмірді қандай мағына-мазмұнға толтыру адам-құдыреттің өз қолында екен ғой деп те мойындайсың; бірақ бізге өктем күштер жетіп жатыр. Емеуріннен көңіл қалып, қас қағым сәтте не қилы сырмен алабұртатын жан дүниесі адамның небір меңіреу күйге ұшырап, тұншығып та түтігер-ау. Сосын, ақ семсерлі ыза-кектің зығырданы сейіліп, тіршіліктің толастамас сарыны өз тамырын соқтырар. Бақылсың ба, көрдің бе дер. Көндім деп айту – ауыр хал. Соңғы демің біткенше серпіп бақ тұяқты. Тайсалма – таласарсың, тіресерсің. Бітім қандай сонда?..Күнделік жеңді ме, күнкешпелік жеңдірді ме? Жоқ, әлде бағына жүріп, байлана жүріп есе алған. Өзімізде қалар ма Ж-Е-Ң-І-С?!

Міне, Ақселеу, біз тайталас, текетірес қам-қарекеттеміз. Тіршіліктің көр-жерін деректеп тізбей, дем-тынысым тәрізді жалғыз ауыз осы бір леппен білдірдім мендегі халді.

Целиноград, 16.10.1972

                                                      ***

                                                 Ақселеу!

Мен саған не алып қойды десейші?! А.Затаевич жиып-терген халқыңның «Бір мың әнін» қолға түсірдім. Қазына екен бұл жинақ, 1963 жылы шыққан бірінші томы – 1000 ән-күй; екінші томы болуға тиіс, онда 500-ден астам шығарма шоғырланады. Осынша мол, игілікті рух-қазынасын телегей-теңіз терең зердемен қағаз бетіне іліктіруге тырысқан Александр Викторовичке қандай рәсіммен құрмет жасасаң да артық емес қой. Мұндай талмас, адал пейілді қасиет, ә, қайдам, адамның адамына-ақ тән шығар!..

 

Ендігі менің шаруам – сен күткен «100 әнді» қолыңа тезірек тигізу ғана. Музыка өнерін тек тыңдап, жоқ-барды жобамен құр тамсану ғана емес, оны еркін меңгеріп ойнап, орындап жүрген сенің көкірегің менен де, мен тәрізді қазақтың көбінен де әлдеқайда даңғыл, зерек, зергерлі әлем. Сондықтан бұл кітап сенің оң қолыңның астында тұруға лайық.

Целиноград, 05.06.1973

                                                      ***

                                                 Ақселеу!

Сенің анада бір күнделікке енгізген Л.Н. Толстой туралы пікірің көкейде жүретін. Қарап отырсам, Лавров шалдың оған сын айтқан пікірі бар екен (ФН. 2-томда). Бұл кейінгі шалдың құшыры да бір басына жетерлік. Құдыретті жаратылыс. Ол Тjлстойдың «быт-шытын» шығарғанда «В чем моя вера», атышулы «Исповедь» және «Что же нам делать?» деген таза философиялық-публицистикалық еңбектерін негізге алады. Бұларды жазғанда Лев ақсақал 51, 56-57 жастарда екен. Адамның қаны суып, жақсыға да, жаманға да и боп көнер егдерген шағы. Бірақ қарияң ғұмыр бойы тұяқ тірер шындық іздеп, зар илеп өткен. Бойына зәбір-жапа атаулының кегін жиған қалпы. Ең болмаса, өз тұстастары тапқан күрес, көтеріліс жолына ден қоймастан, әлеуметтік азаптың көз жеткен қиюын ажырата түскенмен, тұзағынан шығар жол таппай шарқ ұрып жүріп қазаға ұшырады. Оның өлімінің еш өкініші жоқ. 

Мәселе кезінде аласұрып өткендігінде. Бір шешімнен бір шешім, өмір бойы өзгере дамып, есейіп отыратын көзқарастың әйтеуір ізсіз кетпегенінде. Оны көркем шығармалары құдіреттер қатарына қосты (себебі айқын). Егер ол трактат жазса, әлем санасында әсте ұлы Толстой болып қалмақ емес екен. Мәселе қозғауы, тебіреніп күйзелуі, жыл іздеуі жарасты-ақ, бірақ шым-шытырық дүниенің сиқын қандай жүйемен көрудің желісін таппай бірін-біріне шатастырған ғой, мазасызың. Жалпы жаратылысы шаруалық негізден шыққан, табиғаттың баяу өзгеретін гармониясына қанық Толстой әлеуметтік өмірде жанкешті күрес жолының адамы бола алмай шығады. жасы еңкейген шағында «жаманшылыққа жағыңды тос» деген тұспалға келсе, діннің олпы-солпысын жөндестіріп, шіркеуден шырақ іздесе, оның прогресшіл ойшыл ретінде тарихтан орын алуға қандай хақысы бар?..

Целиноград, 03.04.1974

                                                      ***

                                                 Ақселеу!

Жуырда Парандовскийді, Ғабеңді, Кекілбаевты, Оралханның соңғы новелласын оқыдым. Біздің қазақ әдебиетіне соны леп, стильдік өрнек әкелетін осы екеуі тәріздес жазушы деп те үміт етушілер аз емес. Бірақ Оралхан әуелгі ырғағынан биіктей алмапты. Бұл екеуінің адам бақыты туралы көркемдік көру тұрғысы уақыт жағынан бұдан көп бұрынғы моральдің бүгінгі қоғам көрінісіндегі кереғарлықпен қойыртпақтатқаны ғана болып шыққан. Әбіштің «Бәйге торысында» (рас болса, бұл 1966 жылы жазылыпты) адамдық өмір бәйгесінің сайысы бәйге атының (олардың тағдыры, туысы да сан алуан ғой) күй-жайымен ассоциацияға алынады. Дүние тіршілік аттың көзімен көрініп, сол тұрғыдан стильдік өрнек-емеурін тапқан. Оның «Махаббат мұнарасындағы» әр кейіпкердің көзімен көріп тұрғандай баяндау, суреттеу әдісі осынысынан бас алған болуы да ықтимал. Бұл жалпы классикалық әдебиетте орныққан әдіс. Академик Виноградов, В. Шкловский мұны стиль мазмұнына қоюлық беретін жол, жазушыға көп мүмкіндік береді деп бағалайды. Мұхаң, Ғабеңдер бұл әдісті шығарманың өн бойына тегіс дарытпай, қажет иірімдерде пайдаланатын. Әбіш оны ұзын сонарға бірыңғай әдіс етеді. Оқасы жоқ. 

Г.Гориннің «Я – Рекс» әңгімесінде дүние иттің көзімен бағамдалады. Мәселе бағалауда, өлшемнің өрісінде жатыр. Осы ретпен келгенде, Әбіш Гориннің жібін есе алмай тұр. Онда сын өткір, идеал жоғары және орынды жобамен шиеленеді. «Бәйгеторыда» образдық емеурін, тым әрідегі астар, ал ашық келген жері натуралистік кінәдан аса алмаған. Рекс – ит, содан кейін көркем образ, ал Бәйгеторы – біресе автор, біресе адам тақылетті, содан соң барып қана (былайша айтқанда, Әбішше көру мен атша сезінудің қойыртпағы) образдық субьект. Бұдан реалистік көркем тұтастық шықпайтыны, ол болмаған соң идеялық бірлікке нұқсан келетіні анық қой. Жалпы, Әбіш бірыңғай тенденцияны анық меңгергендігін көркем шығармада шүбәсіз таныта алған жоқ. Осы бетінде жүре берсе, ол тарихтық бір бел жазушы болады деп үміттенбеймін. «Жаза білетіндер» аз ба? 

Ақселеу, көптен хабарласпай кетіп ек, бұл хат осымен аяқтала тұрсын. Сәлеммен, Жомартың. 

                                                     ***

                                                 Ақселеу!

Жазу жұмысы – адамның саналы, мақсатты еңбек әрекетінің бір түрі. Оны процесс ретінде, обьективті-субьективті құбылыс ретінде танып-білуге болмайды деу – қате. Ал не нәрсені терең игеріп біле бастаған соң-ақ оны бірсыдырғы ерекшелік көркемдік қабілеті бар адам дұрысырақ тудыруға қалыптаса береді. Жалпы, тіл білу, оны белгілі дәрежеде көркемдік ораммен қолдана білу артқшылығы шығармада көркем бейне, жөн идеялы эстетикалық дүние туғызуға тек алғышарт баспалдақ қана. Горькийдің «Язык – первоэлемент литературы» дегені – көркемдік жөніндегі алғашқы талап бола тұра құр кірпіш яки шеге тақылетті зәулім үйдің ұсақ бөлшегі деген ұғыммен шектеліп тұр. 

Жазушылық арқылы танылған небір қабілеттің өзі (мұны талант, дара ерекшелік де мейлі) қалыптан тыс қалыптасу, жетілдіруден тыс нәрсе емес. Бір жазғанын 72 рет өшіретін Маяковскийді ал, «Война и Мирді» тоғыз түрлі сюжеттік вариантпен жазып, ақырында соңғы көркемдік шешімге келіп тоқтаған Толстойды ал, бәлен жыл толғатып жазғанының жақпағанын салған бойда ізін қалдырмай өшіретін Ғабит Мүсіреовті ал – бәрі сол көркемдік-идеялық біртұтастықты іздеп шарқ ұрған. Өмірде көп жәлабтың бірі тақылетті өлуді ойына да алмайтын Анна Каренинаны характер логикасына сай өлтіріп алдым деп зар илеген Лев Толстой  бос нәрсені айтып отырмаған болу керек. Ол типті Карениналар идеясының диалектикасынан ауытқымай отыр. Міне, құдірет.

Целиноград, 20.10.1975

                                                     ***

                                                 Ақселеу дос!

Платонның ойынша, ақындық – азаматтыққа тәрбиелеудің құралы емес. Енді осы қалыптасқан пікір – идеалистер атасының эстетикасындағы ең бір жария шындық. Сөйте тұра, оның күмәнді пікірін бүгінгі жазушыларды (!) сендіру үшін аргументке келтіру қандай жөнге сыйып тұр?.. Ешқандай!

Мен саған тектен-текке зар қағамын ба? Мысалы, цитат жаттамай, Платонды, Аристотельді, Гегельді, Фейербахты қадағалап бір (бір емес, бірнеше сүзіп отырып) оқып, жүйелеп әкеп бүгінгі корифейлерге ұштастырып алған соң, адам желмаядай желмес пе?! Біздің көп интеллигенттеріміз көзқарас системалы біртұтас жүйе екеніне мән бермейді. Бір буыннан шашау шығарып алдың ба, бүкіл арқауға сетінеу түсті дей бер.

Целиноград,  25-26.05.1978

                                                         ***

                                                 Ардақты Ақселеу!

Азаттықтың күйін сөзбен ғана емес, еңбекпен, ізгілікпен, іскерлікпен тартқанша, басым қазақтың беті басқа пиғылға – күнкөріс пиғылына ауып кете ме деген қауі бел алып тұр. 

Сен модельдегендей «Қазақы қоғам» дүниеге келгенше, бүгінмен өмір сүріп жатқан, әлі де солай өмір сүре беретін қандастар урбанизация мен рынок психологиясына жапондарша төтеп бере алады деп кім айтты саған?! Өмір сүру үшін жанкештілік біздің жағдайымызда тым еркіндеу, жайбарақаттау «салт-санаға» негізделген. Негізінен бұрынғы бел алған қоғамдық дүрмектегі стихия әлі басым. Әдейі өршітіп те айтып отырмын. Оны реттеу үшін үн шығарып, ұран тастап, уәж айтып жатырмыз-ақ – оған қазақтың қапшығы толды, білем. Ақылға көсембіз.

Ең мәнді заман – Азаттықты құру, қорғау, орнықтырып кемелдендіру үшін арпалыс заманы енді басталған жоқ па?! Сондықтан көшпелілер қоғамын, отаршылдық пен тоталитаризмді бір жайлы еткен Ақселеу мына заманға не айтар екен?!

1. Зардап ұзаққа кетеді. Қазіргі түрі сондай. Ұяттан гөрі ұлтсыздықтың десі басым. 

2. Қоғам жуыр маңда жай тазалыққа да, қазақы тазалыққа да жете алмайды. Күнкөрістің күмәнді жағдайы басқаша нәтиже беруі мүмкін.

3. Ал қазақ өз бейнесін енді бір онжылдықта түзей бастаса, соның өзіне тәубе дерсің. Алғы топ пен алжасқан көптің арасына қарап көр.

4. Қоғамдық өмірде күш алғалы тұрған бүгінгі әлеуетті ұрпақ ол Әбіш Кекілбаевша қанына қанық, жаңаша саясатқа да анық, «мынасынан анасы басым» төлтума тектің перзенттері емес. Модерн, прагматизм шалығындағылар.

5. Сондықтан, Сенің «тыңдаушың» мен ғана. Мына «бәлекеттерден» күдеріңді үз (онсыз да үзіп жүрген шығарсың). Олар жасайын деп жүрген қоғам басқа...

6. Айналаңа қарашы, тіршіліктің бел алып тұрған басым сипаты, қандай тұрпатта?! Бұдан бір күндік қорытынды шығаруға бола ма?..

Болжал жасау, тұйықтан шығу жолын қарастыру арқылы адам әйтеуір бір үмітке ілігеді. («Шайтан ғана үмітсіз» деген де керемет мән бар). Содан соң әл жетпеске, түсініп болмасқа қарсы шығу үшін өзінше модельдер жасайды, ол – сенім. Бұған Құдай туралы, о дүние, Жұмақ, Тозақ туралы...түрлі қоғамдар жөніндегі утопиялар жатады. Жалпы өзекті жанның тал қармауы – Сенім. Мұның бәрі бізде жеткілікті. Демек, біздегі уайым – Үміт пен Сенімнің ғана уайымы.

Ал, Ақселеу, саған хат жазу арқылы едеуір «айығып» қалдым. Дүйсенбіде жұмысқа шығып қалармын. Белім отырғызбай жүр еді, міне, зорлап отырып саған хат жазып қаздиған соң, жазылды да кетті. «Жақсыдан шапағат» деген осы екен-ау! О, Тәңірім!

 Сәлем де сұраған жанға. Тегіс аманбыз. 

                                                                                                                           Астана, 21.02.1998


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар