Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Желіп жүрген жайлауда бұл бір бөкен...

20.11.2018 900

Құлтөлеу Мұқаш. Желіп жүрген жайлауда бұл бір бөкен...

Мен – тірі жан, ол тірі жан – тәні гүл,

Табысып ек, сәтсіз болды бәрібір.

Өз басымдай көруші ем ғой мен оны,

Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр...

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ.

Өзінің бір өлеңінде айтатынындай, әке-шешеден де, туған бауырдан да бірдей айрылып, біраз сенделіп жүрген соң Алматыға салып ұрып жеткен беті болса керек, алғаш редакция есігін серпіңкірей ашып, еркін кірген дударбастау, еңсегей жігітті онша жақтырмай тіксініп қалғанымызбен, тұрған күйі екпіндетіп екі-үш өлеңін оқығаннан кейін райдан қайттық.

Маралтай ақын Мейірхан Ақдәулет айтатындай, «қызық жігіт» екен. Өзі де, өлеңі де...

Ұзамай-ақ қала көшелерін қолтықтаса кезіп кеттік. Бұл да қалт етсе сыраханалар мен кафе-барларды адақтауға бейім көрінеді. Оның табиғаты тосындау жырларын тыңдаймыз. Одан, у-ду әңгіме... Өмір... Өнер... Әдебиет туралы ой толғаймыз.

Әрине, Маралтаймен бірге Жазушылар одағы үйі мен «Жас Алаштың» дәлізінде түнеудің «сәті» түскен жоқ, бірақ суретші достарымыздың шеберханаларында қона-жатып жүрген кездеріміз көп болды.

Біз мына шетте гулесіп отырамыз, ол жасы кіші болғандықтан, анадайда жуа қосқан вермишельді қуырып, шай жасаудың қамымен жүреді. Арасында алдындағы ақ қағазға шұқшиып, сурет салып жатады.

Сондағы байқағаным, олары – кілең қыздардың кескіндері. Ондайда ойыма марқұм Оралхан Бөкейдің «Менің жебеушім ­– қыздар!» дейтін сөзі оралатын еді.

Кейін өзі айтты, бесінші класта жүргенде бір қызға ғашық болып, сыртынан ұрланып, соның суретін салатын «кеселге» душар болыпты. Онысын байқап қалған мұғалімдерінен талай ескерту де алып, бұрышқа да тұрып, таяқ та жеп көрсе керек, бірақ әлгі әдетін қоя алмаған.

Алайда, амал не, жас ғашықтың жүрек сырын ұқпаған ол ару бойжеткен бетте-ақ басқа біреуге еріп кетіпті.

Сөйтіп, бір қыздың бейнесін кескіндей-кескіндей суретші бола бастаған бозбала Жамбыл пединститутының көркемсурет-графика факультетінен бір-ақ шығады.

Маралтайдың: «Мен басында суретші де, ақын да болуды ойлағам жоқ. Екі арманым бар еді – бағбан немесе кітапханашы болуды аңсаппын» дегені есімде.

Өйткен себебі – бұл туып-өскен Сарысуда алма бағы жоқ, шіркін, бағбан болсам алмаға армансыз бір тояр ем-ау демей ме. Кітапханашы болса, ешкімнен жалынып кітап сұрамайды, кіріп кетіп, қалаған нәрсесін оқи береді...

Көпшілік өнер адамдары секілді мұның да тез ғашық болатын мінезін қу қыздар бірден байқап қоя ма, өздерінің қаншама суреттері салынғанымен, бір ғана жымиып, «жауап қатудан» әрі аспай, өзге біреулердің жетегіне ілесе берген сияқты.

Әрине, бұл арада өлеңімен қаншама хаттар да жазылады ғой оларға...

Солайша, суретші бала біртіндеп кәдімгі ақынға айнала бастағанын аңғармайды.

Әлбетте, қыз біткеннің бәрі бірдей қатігез емес, ақын жігітті өздері де ұнатқан арулар, сөз жоқ, баршылық секілденеді.

Бәрібір суретшілік әуестікті әлі тастамай жүр. Кезбелік әдеті де тыйыла қойған жоқ-ау. (Ақын бір орында отыра ала ма!).

Кезінде «Пил потому, что не знал что делать в промежутках» дейтін Юрий Олешаға ұқсап, қым-қуыт дүниенің ию-қию қайшылықтарының сырын ұқпаған өліара сәттерде, бұл да ішті. Одан келе-келе: «...Ішуді қойғам (қоймасам, оңбайтын болдым – сорлайтын), Аллаға сенем... Өзіме... кімім бар басқа қолдайтын» немесе «...қалтамнан алып тас-талқан қылдым, қалғанын сарқып жартының. Жаңа өмір маған басталғандығын айтқым кеп саған, алтыным!» дегендей өлеңдерін жазды да, зәһарға әуестікті доғарды.

Қазір баяғы бала кезгі арманының екеуі де орындалған. Жеке пәтер алғанша төрт жылдай Жазушылардың Шығармашылық үйінде тұрды. Онда алма бағы да бар, кітап та жетеді. Сөйтіп, ежелгі жыраулық дәстүр мен жаңашыл жырдың арасынан шаққандай арынды өлеңін жазып қойып жүріп жатыр. Анда-санда алғаш сәби сезімін селт еткізген сонау бесінші сыныптағы сүйкімді сары қызды ойлап қоятыны бар. Ондайда қаптаған суреттеріне қарайды.

Сол қыз қайда жүр екен?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Маралтай Райымбекұлы, хобби
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар