Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

25.06.2018 4585

Күміс тайтұяқ

Күміс тайтұяқ - adebiportal.kz

Белгілі боксшы, Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубының алғашқы бас директоры Болат Мәнкеновтің анасы Бижамал Мәнкенованың естелік әңгімесі. Өткен ғасырдың ортасында тұрмыс құрған Бижамал апай қос ененің қолына келін болып түседі. Бірі – өз енесі болса, екіншісі – атасының анасы еді. Жарықтық, ұлы енесі 114 жасқа ілігіп, дәуірін теріс салған екен.

Кiшi бесiнде ақша қардай жуылған жабағы жүн Бижамалдың қолына тидi. Әжесiнiң қасына орындыққа жайғасып ап, кешеден берi аңсап күткен сүйiктi шаруасына кiрiстi.

– Балам, бұл жүннен не жасамақсың? – дедi әлден уақытта шүкиттей қара кемпiр.

– Көрпе жасаймын, әже, – дедi өз-өзiнен ұялыс тауып Бижамал.

– Шүкiр, шүкiр.

Көкейіне әлденәрсе оралды ма, осыны айтты да томсырая бөгелді. Жарықтық, ғасырға жуық ғұмыр кешсе де ширақ. Сөзiнен адасқан емес.

Әжесi тосыннан жөткiрiнiп, тамағын қырнап қойды. Бұл, ол кiсiнiң тыңнан, толғауы терең әңгiме бастарда жасайтын дағдысы. Әйткенмен, жас келін Бижамал қарияның ол сырынан бейхабар едi.

– Мен мынау Сармырза елiнiң қызымын. Әкемiз Есентай ат аяғы жететiн жердегi жұрттың бәрi сыйлайтын беделдi адам едi. Беделдiң бәрi бiлiмдiлiгiнен бiткен. Өмiрде iстiң әдiлдiгiне қарай бүйрегi бұрып тұратын. Сондықтан да атамызды Абай құрметтеген, – деп бастады кейуана әңгімесін.

Абай

…Бөдене бытпылдайтын мамырдың аяғында ел жайлауға қоныстана бастады. Есентайдың он екi қанат ақ ордасы маңындағы майда-шүйде үйлерден алыстан-ақ сүйегi оқшауланып, көз ұшындағы кезеңнiң ар жағынан назарға бiрден iлiгедi. Алыстан қарағанда ол – құдды бiр ана қаздай да, қасындағы ақ отаулар жұмыртқасы iспеттi көрiнедi.

Одан кейiнгi бiр лек ақшаңқан үйлер – үлкен ұлы Дуанбектiң шаңырағы мен соған тән кiсiлердiкi. Сөйтiп балалары рет-ретiмен, жөн-жөнiмен шоғырлана қоныстанған.

Ауыл бүгiн ерекше әбiгерлік кешкен. Таң атпай жылқыдан iшегi бiтеу байтал әкелiнiп, үйден аулағырақтағы Ақтұманың басында сойылды. Iлезде қолы епсектi жалаңдаған жiгiттер бұтын – бұт, қолын – қол етiп, жәукемдеп тастады. Әйелдер iшек-қарынын аршып, қазыны да айналдырып үлгердi.

Елден ерекше Есентайдың көңiлi алаң. Далаға шыққан сайын батыс жақтағы көсiле сұлаған қоңыр белеңнiң үстiне сүзiле көзiн тiгедi. Әзiрше ештеме байқалмады, хабаршыдан да еш сыбыс бiлiнбедi.

Ауылдың ақсақалынан бастап жалпының бұлай қапылатыны, бүгiн ауылға Құнанбайдың Абайы түсуі керек. Қоңыр Көкшенiң болысын күтіп алуға қасына бiр топ адам қосып, Дуанбектi аттандырды. Ауылдың маңына қозы көш жерге таянғанда, Есентайдың өзi қарсы шығып, құрмет көрсетуге уағдаласты. Тек Дуанбек алдын-ала ат шаптырып, қонақтарының қай маңда екенінен құлағдар етуi тиіс.

Сол хабар тимей уақыт өткен сайын тызақтап, өздерiне арнайы текемет төселген жотаның үстiнде бай ерсiлi-қарсылы жүре бастады. Қасындағы Бошай қари бар үш замандасы да жүргiншiлер келедi-ау деген тұсқа еңселерiн сала қарағаннан басқа ештеме бiтiрмеді.

Аулағырақта кермеде ер-тұрманымен бес-алты ат байлаулы тұр. Соның iшiндегi сал күреңнiң тұрқы көз сүрiндiредi. Сүйек бiтiмi болаттан құйғандай, бұлшық еттерi бөлек-бөлек. Далиған омырауы алқам-салқам. Жаясы жайылып, күпшектей саны тысқа тепкен. Бұл – елдiң аузының суын құртатын Есентайдың әйгiлi күрең жорғасы едi.

Осылай игi жақсылар елегiзiп отырғанда адырдан бiр салт атты қылаң ете қалды. Уақыт түс әлетi болатын. Бәрi солай қарай мойындарын созысып бiр сәт селт етпестен қалшия қатты. Елден бұрын Есентай есiн тез жиып, кермеге қарай аршындата адымдай жөнелдi. Соңынан көңiл жақындары iлестi.

Содан соң бие сауым уақыт өткеннен кейiн бiр қауым ел аттан ошарыла түсiп жатты. Әлгi топтың алдынан әлекедей жалаңдаған жiгiттер қарсы алып, шылбырларына оралды. Иықтарына әдемi шапан iлген қаракөк бекзаттар мен бай-манаптар ақ ордаға қарай бет қойды. Қасында Абай бар Есентай меймандарды бастап iшке ендi. Бұрыннан да салтанаты асқан үй мүлде жасанып, сырмақтың үстiне көрпелер төселген екен. Әр-әр жерге мамық құс жастықтар тасталыпты.

– Төрлетiңiздер.

Үй иесi бiр шеттеп босағаның қасына iркiлдi де, меймандостықпен ақ ниетiн аңғартты. Меймандар жөн-жобасымен өз орайына қарай жайғаса бастады.

Елдiң бәрi орнығып болды-ау деген мәуiртте Есентайдың бәйбiшесi ақордаға бас сұқты.

– Хош келдiңiздер, ардақты қайным! Ауыл-аймақтарың аман ба? – дедi салған жерден емен-жарқын ашық мiнездiлiгiмен қуанышты екендiгiн бiлдiрiп.

– Аманбыз, ақ жеңеше!

Абай да бiр етенелiк таныта, елжiрей жауап бердi.

– Бақ атамыздың денi-қары сау ма?

Бәйбiше Құнанбайдың жайын сұрады.

– Аман, аман. Қуатты.

– Құдай өмiр-жасын ұзақ қылсын. Мырзалар, – ендi қалың жұртқа назар аударды, – от-бастарың аман ба?

– Шүкiр, – дедi көпшiлiктiң iшiнен бiрi.

– Дұрыс екен, – бәйбiше сәл бөгелдi, – аяқ-қолдарыңызды созып, кеңiнен жайғаса берiңiздер.

Осыны айтты да сыртқа беттедi.

Iзiнше ақ дастархан жайылып, сары алтындай бауырсақтар тегене-тегене күйі үйiлiп қалды. Ылдым-жылдым даяшылар ас мәзiрiн жайғап та үлгердi. Осының бәрiн реттегеннен кейiн бәйбiше ерiнiң қасына төменiрекке жайғасты.

– Ат соғып, аздап бой алдырған шығарсыздар, қымызға қанып, сусындарыңызды басыңыздар. – Есентай сапар кесе толы меймiлдеген қымызды Абайға ұсынды. Абай бұл кезде жиегiне сирек оюлар әдiптелген жеңiл жасыл шапанының өңiрiн ағытып, бiр қарыстай ендi кемер белбеуiн жанына сұлатып тастай салған едi. Сәл ұмсынып барып шыныны алды. Бiрден оптыға сiмiрмей ерiнiнiң ұшын тигiзiп, алдына қайта қойды.

– Аттың жүрiсi соға қойған жоқ. Тiзгiн ұшымен емес ел аралап, бiр жерде түстенiп, бiр жерде кештенiп өз ауанымызбен жылжып отырдық. – Сөздiң сырағысы осылай болған соң Абай үй иесiн өз жайларынан құр ғана мағлұм етумен доғарды.

Негiзi, ел-жұртының жайлауға бет түзеген кезiндегi ахуалын бiр аңдап қайтуға шыққан. Осы ниетiн көршiлес Сармырза елi естiп, «үйiмiздiң iргесiне таяу келiп тұрғаныңызда, ат басын бұра кетiңiз» деп, хабар салған. Бұқара арасында сыйымдылығымен аты мәшһүр әрi сыйлас Есентайдың шақыруын жерге тастамай, қабыл алған.

– Абай мырза, әңгiме айта отырыңыз, қолымызға күнде түсе бермейтiн адамсыз, сырлы да терең сөзiңiзге қашан да мұстақпыз.

Күмiстей сақалын салалай Есентай назарын мейманына аударды. Маңғаз кейiптегi болыс салған жерден жауап қайыра қоймай, сауал тастаушыны сарылта күттiрдi. Оның қасындағылар да майлы қасықша жылп етiп, сәл-пәл орнаған ыңғайсыз күйдi оңшап жiберуге ұмсынбады. Әдетте, ел ағасының алдын орап пәлен деуге ешқайсыларының ғадетiнде жоқ тәрiздi. Ақырындап қымызды сараң жұтып, мына кептi iштей бағатындай.

– Бақара сүресiнде алладан «адамдарға көркем сөз сөйлеңдер» деген ғибрат бар. – Жан-жағын байыппен бiр шолып өттi. – Бұл сiздiң «сырлы да терең сөзiңiзге» деген уәжiңiзден ойыма оралып отыр.

Абай суырылып сөйлеп, төңiрегiндегiлердi тұтас үйiрiп әкететiн қуақы әңгiмешiл адам емес, не нәрсе болса да маңызымен баяндағанды жақсы көредi. Қазiр де сол дағдысымен иiрiмнiң тереңiнде жатқанды қозғайтындай сыңай танытты. Дөңгелек жүзi нұрланып, жанарынан оттың ұшқыны бiлiндi.

– Раббы Алла: әке-шешеге жақсылық iстеңдер, жетiмдерге, мiскiндерге қамқорлық жасаңдар, Алладан басқаға құлшылық қылмаңдар, намазды толық орындаңдар және зекет берiңдер деген жаңағы өсиеттiң жалғасын Ысрайылдың, бiзше Ысқақтың ұрпағына бағыштапты.

– Шын мәнiнде мүмiндер бауырлас қой?

Өзiнiң қолайына жағатын аяда әңгiме басталғанына сүйiнiп, екi иығын қомдап қойып Бошай қари сөзге араласты.

– Иә, солай. Ысмайылдың бауыры, тек шешелерi бөлек, әкелерi Ыбырайым пайғамбар. Бiрақ, Раббы Алла Ысқақтың ұрпағынан пайғамбарларды көп жаратып, заманында әлемнен артық еткен.

Мынау тосын әңгiме Абайдың жанында үзеңгi қағыстырып қатар жүрген сыралғы жолдастарына да таңсық көрiндi. Анау шынтақтап көлбей сұлаған аққұба, атжақты жiгiт Шәкәрiм де осы мәуіртте кеудесiн көтерiп, малдас құрып отырды. Семейде мұсылманша-орысша қатар дәріс алып жүрген оған мына әңгіме көкейіне қонды. Соңғы кезде Пушкиннің кішкентай кітапшасын қойнынан тастамайтын болыпты. Абай өзге жас інілерінің ішінен ізденгіш, зеректігіне қарай Шәкәрімді оқшау қоятын. Демалысқа келген оны осы сапарға әдейі ерте шыққан.

– Бiрақ, дандайсыған немелер, «Алланың бет-жүзiн көрмей – нанбаймыз» деп, даурығысты.

– Аста-а-пыралла!..

Елден-ерекше қаридың үнi ышқына шықты. Өңге жұрт та мына пенделердiң күпiршiлiкпен айтқан оспадар сөзiн естiгенде қозғалақтай елеңдесті. Абай сәл бөгелiп, әңгiмесiн жалғады:

– Пайғамбарларды өлтiргендерi де, бұзауға шоқынып, Тәуратты өзгерткен бұзықтары да болған. Олар Раббының берген нығметiн – әлемге артық еткенiн, тiптi, Перғауынның озбырлығынан құтқарғанын да ұмытты. Кезiнде Перғауындар Ысқақтың ұрпағын қинаумен ұстап, ұлдарын өлтiрiп, әйелдерiн тiрi қалдыратын едi. Оған себеп, болашақты болжағыш балгерлердiң Перғауындарға: «Ысқақтың ұрпақтарынан бiр ұл туып, ықпалыңды жояды» деуi. Сол жорамал бойынша олардан ұл туса қауiптенiп, бауыздатып тастайтын. Осы бастарынан айықпас қырсықтан Алланың өзi арашалаған. Бiрақ, кәпiр кәпiрлiгiн iстедi…

– Ой, Алла-ай, ә-ә, құлақ естiмеген де көп екен ғой.

Мына жұрттың арасынан Бошай ғана еркiндiк танытып, болыстың сөзiне араласып, әңгiмеге дем бере түстi.

– Намазының соңында қара басының амандығын, жасының ұзақтығын тiлеп, дұға қайыратындар қаншама… – Есентай ашық тұрған есiктен тү-у сыртқа көз тастаған қалпы әңгiмеге араласты. – Сонымыздың өзi пендешiлiктен туған күпiршiлiк болып жүрмесiн.

– Пенде атаулы мүшiрiктерден де тiршiлiкке тым құмар. – Абай салқын қымыздан тағы да бiр ұрттады. – Алайда, ұзақ өмiр адамды азаптан арашаламайды. Алланың ахирет күнi қандай ақиқат болса, ол сондай қақ. Әңгiме ғұмырдың ұзақ, қысқалығында емес – баяндылығында. Өмiрдiң баяндылығы – ғылымда. Қыпшақтың ғалымы Әл-Фараби әлi күнге бiзбен жасасып келедi, ертеңгi ұрпақпен де бiрге ғұмыр кеше бередi. Құранда «Ал кiмге бiлiм берiлсе, оған қоса көптеген игiлiк берiледі. Бұны ақыл иелерi ғана түсiне алады» деп жазылған.

Болыс салқын қымыздан тағы бiр ұрттады. Жан-жағындағы жұрттың бәрi ойға шомып кеткендей.

– Мырзалар, қымыз алыңыздар, – деген бәйбiшенiң үнi ақ бастаудың сыңғырындай көңiлдi елең еткiздi.

– Әл-Фараби ғылымды қайдан үйрендi екен?

– Исламнан. Құраннан.

Абай жауабын нығарлап, бөлiп-бөлiп айтты.

Дастарханды қоршай қаумалағандарды қымыздан гөрi Абай сөзiнiң дәмi елiттi.

– Мұхаммед пайғамбардың үмбеттерi қолынан құранын, санасынан қыбыласын жоғалтпаса, олардың алмайтын қамалы жоқ. Оның iшiнде ғылым, бiлiм қамалы да бар. Шүкiршiлiк айтып құдайдың берген нығметiн жадынан шығармау керек. Тәубасын ұмытқан Ысқақтың ұрпағына Раббым шамданып, Ыбырайым пайғамбарды әбден сынаққа алады. Басына үйiрiлген қара бұлттан тайынбай ол, қойылған талаптың күллiсiн орындапты. Сонда Алла: «сенi адамдарға басшы етемiн» дейдi. Ыбырайым: «ұрпақтарымнан да ескере гөр» дейдi жалбарынып. Жаратушы: «Залымдар сертiме жете алмайды» дейдi кесiп. Бiрақ, адамның зұлымдықпен бiрге жақсылыққа қаншама құштар екенiн көрiп тұрған тәңiрi Қағбаны адам баласы үшiн орталық әрi бейбiтшiлiк орны етiп жасады. Ыбырайымның орнын намаз орнына айналдырып жiбердi.

Сол уақытында Ыбырайым мен Ысмайыл пайғамбарлар: «Раббымыз, екеумiздi де өзiңе бой ұсынушы ете гөр, ұрпақтарымызды да өзiңе бой ұсынушы үмбет жаса. Әрi бiзге хаж ғамалдарымызды көрсетiп, тәубелерiмiздi қабыл ал. Раббымыз, ұрпағымыздың iшiне өздерiнен, оларға аяттарыңды оқитын, құранды әрi үкiмдерiн үйретiп, оларды күнәдан тазартатын бiр елшi жiбергейсiң» деп, құлшылық ұрады.

Сөйтiп, Ыбырайым Ғаликүм Саламның тiлегi бойынша Мұхаммед Ғаликүм Салам пенделердiң арасына елшi болып келедi.

– Иә, Аллам, өзiң жар бола көр. Шүкiр, шүкiр, – дедi Есентайдың қасында шошайған Бошай қари сақалын саумалап. Әңгiме шорт үзiлдi. Осыны пайдаланып бәйбiше:

– Әй, қайсың бар?! – деп дауыстады. Сол-ақ екен үйге шолпысы сылдыр қағып сұңғақ бойлы, талдырмаш бойжеткен ендi.

– Амансыздар ма, мырзалар?! – дедi пәс үнмен жанарын төмен салып.

– Әлгiлер жақын маңда болмады ма?

Бәйбiшенiң даяшыларды меңзегенін жұрт ұқты, баса-көктеп бейтаныс қауымның үстіне мұның кiргенiн жаратпағанын да байқады.

– Болмады...

Ернiнiң ұшымен ақырын ғана сыбыр етті.

Бұл бәйбiшенiң ықпалымен ерiнiң немере ағайындарынан «арамыз алшақтамасын» деп, кiшкентай кезiнде алып, өзiне тән етiп бауырына басқан Қайныкей деген қызы. Көбiне Дуанбектiң үйiндегi жеңгесiне серiк. Алғаш ол түскеннен-ақ, бөгде де әсем келiншектi таңсық көрiп, ақыры отау үйге етене болып кеттi. Қазiр өзi де бой жеттi. Бiрақ бәйбiше мұны қалыңға айттырып, ағайынның арасына сызат салудан бойын теткіп ұстады. Ақыл тоқтатып, ықтияр танытқан адамына барсын деген тұжырыммен мәселенiң басын ашық қойған. Осы кесiмдi төңiректегi ел де жақсы бiлетiн.

– Тез, жүгiр, айт, қымыз әкелсiн!

Шешесiнiң үнi пәрмендi шықты. Бойжеткеннiң де шашбауы бiр сыңғыр етiп, зәумен көзден үштi-күйлi жоғалды.

– Қымыз алыңыздар! – деген Есентайдың дауысы тағы да естiлдi.

– Әбден сiреп iштiк, рахмет.

Болыс ризашылығын бiлдiрдi.

– Кiшкене әңгiме естiп, тын алайық.

Бошай қаридың ықыласы Абайдың аузындағы ұлағатқа ауған. Көпшiлiк жұрттың да тiлейтiнi осы.

– Иә, сонымен.

Әңгiменiң арнасы болмашы ауытқығанға қаридың тағаты таусылып, айтушыны жүдемдете түсуге ұмтыла болар-болмас қамшылап қойды.

– Мұхаммед пайғамбарымыз Медине шаһарына көшiп келгеннен кейiн намазды бiр жарым жылға жақын Месжiд Ақса жаққа қарап оқып, әр уақыт қыбыланың Қағба болуын арман етедi екен. Ақыры бiр күнi Алланың әмiрi бойынша тiлеуi қабыл болыпты.

– Ой, жаратқан ием-ай.

Қари мына ғанибетке сүйсiнiп, сақалы шошаңдай ризашылығын бiлдiрдi. Қолындағы тасбиығын саусағы саусағына жұқпай жыпылдатып, дөңгелете жөнелдi.

– Әркiмнiң бiр бет алатын қыбыласы бар. Кәпiрлер Месжiд Ақсаның шығыс жағын қыбыла тұтады. Сол сияқты яһудилердiң де бет қоятын жағы бар, әрқайсысы өз қыбыласын жақсы деп ойлайды. Бiрақ Алланың нығметiнен айырылған оларға қиямет күнi тәңiрi тiл қатпайды да, ақтамайды да және күйзелтушi ғазап бередi. Өйткенi, әлгiлер құдайдың қарғысына ұшыраған. Сондықтан болар олар мына жалғанда да зобалаң кешiп, әлемге тарыдай шашырап, әртүрлi ұлттардың арасына сiңiп, отансыз тоз-тозы шығып тентiреп жүр.

Осы мәселе жүрегiне қатты батқан бiр данагөй қариялары Ысрайылдың ұрпағы үзiлмес үшiн, «яһудидiң әйелiнен туған баланың бәрi, әкесiнiң кiм екендiгiне қарамастан – яһуди болады, болуы керек» деген өсиет қалдырыпты. Сол өсиет күнi бүгiнге дейiн жалғасуда, жаны сiрi сөз әлгiлердiң жадында мәңгiлiк ұялаған. Ертең де осы бетінен айнымайды. Себебi ол, тұтастай бiр халықты жоғалтып алмаудың жалғыз ғана амалы-тұғын. Олар соны мықтап түсiндi, жаңа туған баласының санасына да соны Шойынқұлақтай елге естiрмей жасырын сiңiре бередi, сiңiре бередi. Өмiрден теперiш көргендерi соншалық, өңгелердiң де өздерi сияқты қиналғанын, алатайдай бүлiнгенiн қалап, бiреудi бiреуге айдап салып қойып, жұрттың қызыл шеке болып төбелескенiнен рахат алады.

– Астапыралла, – қари кеудесiн алақанымен басып, шошып кеттi, – не деген қан құмар халық?! – Көзi шатынап, қараптан-қарап шамданды. – Жын-шайтанның қаны араласып, бәрiбiр Ысқақтың ұрпағы азып барып бiткен екен. Иә, иә, құдайдың қарғысына ұшыраған. Елдiң бәрiн дұшпан көрiп жүрсе, сол – затының кәфирлiгi... Бiрақ, олар қағылған-соғылғаннан туғаннан кейiн, нағыз итжанды болады.

– Бұл алдамшы қысқа дүниеде азық ала жүрген дұрыс. Негiзiнде азықтың жақсысы тақуалылық,– деп, Абай сөзiн шолақ қайырды да қариға қарады. – Ал Бошай ақсақал ықылас бiлдiрiп жiберiңiз.

Алқа қотан отырған адамдардың бәрi алақанын жайды. Қари әндете жөнелдi. «Аллаһуәкпар» айтылып, бет сипасқан соң бәрi дүрк көтерiлiп, тысқа беттедi.

Сол күнi Қоңыр Көкшенiң болысы арнайы сойылған малдың етiнен қонақасы жеп еру болып жатты да, ертеңiнде атқа қонды. Есентай Абайды өз қолымен аттандырды.

– Ал, Абай мырза, халқың қалай ардақтаса да бiр басыңа сыйымды да жарасымды. – Бiр сәт ошарылған жұртты аралаған дабыр сап тиылып, жан-жақтың бәрi тына қалды. Есентайдың ашық дауысы қозы көш жерге дейiн тұп-тұнық естiлетiндей. Болыс та сыйлы азаматтың уәжіне ер үстiнде еңсесiн сала ұйыды. – Тiптi, сөзiмiздi жерге тастамай атың басын ауылымызға бұрып, мейман болғаныңыздың өзi – бiз үшiн үлкен мәртебе. Киелі Кеңгірбай әкемiздiң әулетiне қонған бақ, ұрпағынан үрiм-бұтағына жалғаса берсiн. Сондай жақсы тiлегiмдi бiлдiре тұрып, мынау күрең жорғаның тiзгiнiн өзiңе ұсынамын.

– Ой, Есеке! – деді Абай ыңғайсызданып. Бiрақ үй иесi тоқталар емес.

– Бұл өзiң берген жылқының титiмдей болса да қарымтасын қайтарсам деген ниеттен туындаған пиғыл емес, әрi ол жылқының тұқымы да емес – ежелден қолтума. Адал көңiлiммен үлкен азаматтығыңа тәнтiлiгiмнен мiнгiзiп тұрған арғымақ. Қолымды қақпассың. Айбыныңа айдын берiп, абыройыңды асқақтататын ат. Құлашыңды кеңге жазу үшiн, тақымыңа басатын тұлпарыңның бiрi болады.

Есентайдың «бұл сiздiң берген жылқының тұқымы емес» деуінің мәнiсi мынау еді: осыдан жетi-сегіз жыл бұрын Сармырза ауылының жылқысы жұтқа ұшырап, үй арасында аяқ артар сандаққа да зәру болып қалады. Сосын есті Есентай ойлана-ойлана ұлы Дуанбектi шақырады. Баласы келгенде «Абайдың ауылына барып қайт. Сонда екі-үш күн аялда. Егер Абай сені арнайы шақырып, «әкең не сәлемдеме айтты?» деп сұраса ғана бересiң» деп, ұлының алдына екi басы тоқ әдемi алаша қоржынды тастайды.

Айтқандай-ақ, жiгiт тобықты елiне барған соң бiр-екi күннен кейiн Абай Дуанбектi өзiне шақыртып, не бұйымтайының барын, әкесiнiң не сәлемдеме айтқанын, ауыл-аймағының халiн сұрапты. Сол кезде Дуанбек тапсырманы тиянақты орындап, «ауыл-аймақ тегiс аман-есен, әкемнiң халi жақсы, «егер, не сәлемдеме айтты деп арнайы сұраса ғана, мына қоржынды берерсiң» деп, маған ұстатып едi» дейдi, өзiмен ала келген бұйымын ұсынып.

Абай iшiне анадайдан көз салғанында өңшең құлынның ноқтасын көредi. Сосын:

– Мынау не дейдi? – деп, қоржынды Оспанға жылжытыпты. Оспан әлгi бұйымға тереңiрек үңiлiп:

– Ә-ә, Сармырза ауылының жылқысы қысыраған екен, – дейдi.

– Нешеу, санашы?!

Оспан санап жiберсе, тұп-тура жиырма.

– Сармырза ауылының адамы бұдан да көп едi, қайта Есентай аз жiберiптi, – дейдi күлiп.

– Ендеше мұның сырын сен солай жорамалдасаң, ноқтаның саны қанша болса, сонша құлындайтын бие, бiр айғыр, айдататын ат, айдаушыға бiр құлынды бие бер. Айғыр – Есентайдың өзiне, ат – баласына, құлынды бие – жылқышысына,– деп ұйғарыпты.

Абайдың сөзiн екi етпей, Оспан сол айтқанның бәрiн жасапты. Есентайдың «бұл сiздiң берген жылқының тұқымы емес» дегенi сондықтан.

– Рахмет, Есеке! Мен сiздiң жетегiңiздегi атыңызды ер-тұрманымен көрiп, «бiздi бiраз жерге дейiн шығарып салмақ қой» деп ойласам… – Сәл бөгелдi. – Ойыңыз басқаша екен. Олай болса, ниетiңiзге құлдық. Берген емес, алған – жомарт дейдi халық. Бардың арасында жорға жүредi, бар бола берейiк.

– Ой, көп жаса Абай мырза! Атты ер-тұрманымен мiнгiзгiм келiп тұр.

Есентайдың дауысы жарқын шықты. Абайдың қолын алып, күрең жорғаның тiзгiнiн бiлегiне асты.

– Рахмет, құрметтерiңiзге!

– Көңіліңіз қош болсын!

– Сау болып тұралық.

Атты топ бiр лекпен шу деп бердi. Күрең жорға жетекке тартынбай тайпала жөнелдi. Сол заматында-ақ, жiгiттердiң бiрi Абайдың қолынан күреңнiң тiзгiнiн iлiп ала қойды. Күмiс ерi күнге шағылысады. Бос үзеңгiнiң айылбасқа тиіп, әнтек сылдыр еткені де құлаққа шалынды. Ауылдың сыртындағы ошарылған жұрт мәз, қонақтарының риза пейілмен аттанғанына насаттанады.

Есентай Өскенбай ұрпағының сыртынан сүйсiне қарап, Абайдың қолын қайтармай тартуын алғанына шын ниетiмен қуанып тұрды.

Ділдә

Содан көп ұзамай жаздың салтанаты басталды да кеттi. Қымызмұрындық, ерулiк, одан басқа да кiшi-гiрiм той-томалақ бiрiмен-бiрi сабақтаса жалғасты. Бiр күнi тосыннан ауылға ұсақ-түйек көшке ұқсас шұбалған салт атты, түйе жетектеген адамдар сау ете түсті. Мұны көрген, ерiккен ел дүрк көтерiлдi. Ең алдымен даяшы жiгiттер келушiлердiң алдынан тұра жүгiрдi. «Хош келдiңiздер!» деп аттарын ұстап, үзеңгiлерiне оратылды. Iшiндегi жөн бiлетiн бiреуi елеусiздеу атқосшылардан бұл кiсiлердiң нендей адам екенiн сұрап үлгерiптi. Сосын жүгiрiп барып Есентай байға хабар бердi.

– Абайдың бәйбiшесi Дiлдә түсiп жатыр дей ме? – деп, мұны естiп отырған бәйбiше елден бұрын таңдана тамсанды. Есентай бұл мәуiртте не деп айтудың жөнiн таппай бөгелiңкiреді. «Қой, алдынан шығып қарсы алайын» деген бәйбiшесiнiң сөзiнен бiр мәмiлеге тоқтағандай болды.

– Иә, бар жүгiр, қарсы ал!

Бәйбiше қапелiмде үш ұмсынып, орнынан зорға түрегелді. Тысқа шыққанында айтқанындай-ақ бiр топ адам үйдi бетке алып келедi екен. Қақ ортасындағы Дiлдәнi жазбай таныды. Төңірегiне көз тастап едi, отау үйдегi абысын-ажындары да бұған қарай беттептi. Бәйбiше соларды күтiп, сәл iркiлдi. Олар қасына құрық тастамдай таянғанда iлгерi адымдады. Екi көзi қарсы жақта. Есiк пен төрдей қалғанда сөздiң тиегiн ағытты.

– Сiңiлiм-ау, өзiңдi де көретiн күн бар екен-ау, хош келдiңiздер!

Қаздай саңқылдаған дауысымен күмәнсiз көкiрегiнiң қапысыз бейнесiн танытып, қылаусыз көңiлiн аңғартты. Қос қолын ұсынып, Дiлдәнiң саусақтарын екi алақанының ортасында аялай ұстады да, iзiнше сол қолымен жауырынан құшақтап, бетiнен сүйдi. Жолаушы келiншектiң әдемi қара торы өңi сәл құбылып, емеурiн танытқан кiсiге илiге бердi.

– Амансыз ба, апатай?!

– Аманбыз, аманбыз. Өздерiңнiң ел-жұрттарың қалай, шыққан шығын жоқ па? Бақ атамыздың денi-қары сау ма?

– Шүкiр бiр Аллаға, тегiс аманбыз.

– Дұрыс, амандыққа ештеме жетпейдi. – Бәйбiше сөзiн осылай бiр түйiндедi де, – үйге жүрiңiздер! – дедi. Сосын Дiлдәмен шүйiркелескен қалпы жұртты ордаға қарай бастады.

– Неге алдын-ала хабар айтпадыңдар, қарсы шығып күтiп алатын едiк.

– Жоқ, а-а, оның қажетi қанша, апайымыздың ауылын адаспай табамыз ғой.

Екеуi бiрiн-бiрi «сiңлiм», «апайым» дегендері бiр рудың қыздары едi, соған қанына тартып, iштерi елжiреп барады.

– Табуын табасыңдар ғой, әйткенмен де алдарыңнан шығып, құрмет көрсеткенiмiз жарасымды-ақ болар едi, амал қанша.

– Сiздерден талай құрмет көрiп жүрмiз, оқасы жоқ, өзiмiздiң бiр үй деп, хабар-ошарсыз-ақ келе жатқан бетiмiз.

– Оларыңыз әбден орынды. Жүрiңiздер, үйге кiрiңiздер.

Әлгi топ бәйбiшенiң боз ордасына жайғасты. Қашан да қонақ күтiп жасанған үй мына меймандардың салтанатымен тiптен жұтынып, шырайы асты. Әп-сәтте дастархан жайылып, қымыз әкелiндi. Осы кезде маң-маң басқан Есентай байдың төбесi көрiндi.

– Ал, амансыздар ма ағайын-жұрт?! – деп, сәлемдесе табалдырықтан аттады, – мал-бас, үй-iштерiңiз тегiс аман ба?

Майда қоңыр дауысы әуездi.

– Бәрi тегiс аман-есен, аға, – дедi Дiлдә, – өзiңiздiң денi-қарыңыз сау ма?

– Шүкiр, шүкiр. Бiр Алла деп жүрiп жатқан жайымыз бар.

Мол денесiмен ырғала басып, оң босаға жақты алып, iргеге жанастыра төрге таман төселген әдеттегi өз орнына жайғасты.

– Дәм тартып, жол түсiп ауылдарыңызға кеп қалдық.

– Дұрыс, бөгдесiнбей ат басын бұрғандарыңа насаттанып отырмыз. «Адам бармаса, келмесе – жат болады». Әу бастан сыйластығымыз жарасқан елмiз, араны суытпай қатысқанға не жетсiн?– деп ризашылығын жасырмады. Содан әңгiменi басқа арнаға бұрды. – Бақ көкемiз бақуатты ма? Абай мырзаның халi қалай?

– Бәрi дiн аман, өздерiңiз көргендей.

– Жақсы, жақсы.

Есентай ендi ғана меймандарды тұтас көзiмен бiр шолып өттi. Бұл отырғандар түгелiмен әйелдер, қыз-келiншектер екен. Ер адамдарды басқа үйге жайғастырыпты. Шамасы олар қызметшiлер болса керек.

Ойын бәйбiшесiнiң:

– Қымыз алыңыздар! – деген үнi бөлiп жiбердi.

– Иә, қымыз iшiңiздер. – Бай да қосамжарласа қайталады. – Мен амандасып шығайын деп кiргенмiн, еркiн дем ала берiңiздер. Асығыс емес шығарсыздар?

– Есентай сұраулы кепте сәл iркiлдi. – Арқа-басты кеңге салып, мейман болып жатыңыздар.

– Аялы алақандарыңыздың табын сезiнiп, алаңсыз ұзағынан аунап-қунауға мұрша қайда, әуре болмаңыздар.

– Ойбай, оның не әуресi бар? – Бәйбiше килiктi.

– Шамалы уақытқа бәрiн жиып қойып, сiздермен емен-жарқын әңгiмелесудiң еш қиыншылығы жоқ. Ақыр ауылымызға түскеннен кейiн, асықпай, бiр-екi күн құрметтi қонағымыз болыңыздар.

Есентай шынында да орайы келген шаруаға қуанышты екенiн баршаға аңғартып өттi.

– Төркiн жұртыма қарай жолаушылап барамыз, жолшыбай көңiл жетер ауылға соға отырайық деп ұйғардық.

– Бұл бiлген адамның ғана iстейтiн iсi. – Есентай жайдарылана жымиды. – Төркiндеген адамның көңiлi көтерiңкi, жол-жөнекей той-думандатып жүргенi жөн.

– Той-думан бiзге үйлеспес, өздерiңiз сияқты үлкен кiсiлердiң әңгiмесiн тыңдап, ортасында болсақ жетедi. Мырзамыздың шаруасы шаш-етектен, сондықтан оған онша қолқа салмадық. Жанымда кiшi ұлымыз Мағауия бар.

– Әрине ғой, ел адамы мұқым басқарушылық мәселеден аса ала ма? Кiнә тағуға болмайды.

Есентай келiншектiң «қасымда ерiм жоқ, аһаку-еһекулетiп жүргенiм жараспас» дегендi тұспалдағанын қапысыз аңғарды.

– Абай бiрге болмаса да, өзiңнiң де орның бiз үшiн мырзаңыздан кем емес. Бүкiл елiмiзбен жабылып қызмет етсек еш артықтығы да, сөкеттiгi де жоқ. Сондықтан, мамыражай бiр дем алып аттаныңдар.

Сыртқа беттедi. Бай ырғала басып, үйден ұзай бердi. «Әй, Қайныкейдi шақырыңдар, тәтесiне сәлем берсiн» деген бәйбiшесiнiң пәрмендi үнiн құлағы ап-анық шалды.

***

… Қолдары тарамыс-тарамыс кемпiр бөгелiп, бір сәтке мүдірді. Аңызға бергісіз айызын қандырған әңгiменiң үзiлгенiне Бижамалдың дегбiрi қашып, әрі түткен жүнiн ұмытып, кейуананың жүзiне аузын аша үңілді. Қария сөзiн әрмен қарай сабақтап кетуге асығар емес. Осы бiр тұсын ұмытып, жадына түсiре алмай отырғандай әжiм шимайлаған өңiнде қиналу бар. Нұры қайтыңқыраған жанарының аясын мұң торлағандай.

– Содан, «шақырып жатыр» деген хабар жеттi.

Әңгiменiң аяқсыз қалмай басталғанына шынашақтай келiншек «у-уһ» деп, демiн тереңiнен алып, жұдырықтай жүрегi тайша тулады.

– Оның үстiне «Абайдың әйелі Дiлдә келдi» деген жаңалық, тiптi, алағызытып жiбердi. Жеңешемнiң үйiнде шiлтер тоқып отырып, тыстағы малағамнан тапа-тал түсте мақұрым қаппын. Жан қалтамда жүретiн кiшкене қол айнама көзiмдi бiр жүгiртiп алдым да, бұрала басып жөнеп бердiм. Мына қызықтан құр қалып, елмен бірге естімегеніме өкінішім де жоқ емес.

Сол сияқты әртүрлi алақұйын ойлардың жетегiмен әп дегенше жетiп-ақ кеппiн. Боз орданың қасына таянғанда үйдегiлердiң дауыстары құлаққа шалынды.

– Дұрыс, төркiндеу бұрынғы-соңғының салты. Бой жетiп отырған қолымызда қызымыз бар. – Апасының мақамын жазбай таныды. – Дәм қай жақтан бұйыратынын кiм бiлген. Әйтеуiр, сiңлiм, өзiң сияқты осындай сән-салтанатымен мерейiмiздi үстем етiп, жыл сайын төбе көрсетiп тұрса жарады. Осы жақсы өнегең «жұғысты болсын» деп әдейi бұрылған тәрiздiсiң. Қадамың құтты болсын, Дiлдә! Көп жаса.

Қайныкейдiң қараптан-қарап екi бетi дуылдады. Сөз арасында баттиып көзге көрiнбесе де, әңгiмеге өзiнiң арқау боп сырағыға ілінгеніне ұялыс тапты.

– Бәйбiше, ондай қызыққа да әлi-ақ жетесiң. – Үй iргесiнде іркілген бойжеткен мұның кексе әйелдің дауысы екенiн аңғарды. – Дiлдәнiң жүрген жерi тек жақсылыққа бастайды, көп ұзамай дүрiлдеткен той жасайтын шығарсыздар.

– Аузыңызға май.

– Айтқаныңыз келсiн.

Осындай ақ едiл тiлекке көл-көсiр толы сөздер тұс-тұстан жапа-тармағай шашуша төпеледi. Қыздың кеудесi бiр түрлi лүпiлдей жөнелдi.

«Назқоңыр, неге кiрмей тұрсың?» деген дауыс алтынкүректей алып қашқан арманын ауыздықтап, есiн тез жиғызды. Жамағайын ағаларының үйiндегi жеңгелерiнiң бiрi екен.

– Бөгде адамдарға қалай көрінудiң ретiн таппай тұрғаным. – Екi бетiнiң ұшы нарттай қызарып, жанарының қиығында бiр ұшқын білінді.

– Несiн қысыласың? Дiлдә апаңа сәлем бересiң, жүр. – Бiлегiнен ұстап iлгерi жетеледi. – Айбынды ауылдың қызы, аруақты жұрттың келiнi. Ырыс-берекенi алақанына қондырған адам.

Қыз осы дағарадай дақпыртынан да именетiн сыңайлы. Табалдырықтан аттасымен тiлi таңдайына жабысып, әлденәрсе тамағына кептелiп, үнi шықпай қалды. Мұның осы мiскiн қалпын жетелеген жеңешесi байқаса керек:

– Назқоңыр қонақтарға сәлем бере келдi, – дедi даусын сәл көтерiп, өздерiне жапа-тармағай тесiлген жанарларға қарап. Осы кезде ғана Қайныкейдiң күрмелген тiлi сәл жазылғандай, «амансыздар ма?» дегендi зорға айтты. Қызының тығырыққа тiрелгенiн аңғарған шешесi сонадайдан елпiлдеп:

– Назым, Дiлдә тәтеңе барып сәлемдес, – деп, төрдi иегiмен нұсқады.

Жайғасқан жұртты мазаламай, iргенi жағалай амалсыз төрге озуға тура келдi. Буын-буынынан әл қашып, етегiне шалынып қала жаздап әзер ілбіді. Зорға дегенде сыйлы мейманның қасына жеттi-ау.

– Келе ғой, алтыным.

Дiлдә отырған орнынан түрегеліп, Қайныкейдiң маңдайынан сүйдi.

– Үлкен азамат бол, өркенiң өссiн.

– Рахмет, айтқаныңыз келсiн, апатай.

Болар-болмас естірте сыбыр еттi.

Елдiң бәрiнiң назары бойжеткенге ауған. Бiреуi сүйсiнсе, келесiсi қызыға, әлдеқайсылары сынай қарайтындай. Өз-өзiнен жүзi жанып барады.

– Назқоңыр, келе ғой менiң қасыма, – дедi анасы тағы да абдыраған Қайныкейге үн қатып, – қымыз iш мына кiсiлермен бiрге.

Аталы елдiң келiнiнiң сөзiн тыңдап, өмiрiне қажет өнеге үйренсiн деп шешесiнiң әдейi шақыртқанын ұғынды. Мұқым елдiң аузындағы адамның бәйбiшесiнен үйренетiн де, жадысына мәңгiлiк түйiп алатын да жайттар жетерлiк едi.

Сол күнi Дiлдәнiң құрметiне арналып, ту байтал сойылды. Қонақтарды меймiлдете тойындырып, аса құрмет көрсетiлдi. Соның барлығының ортасында Қайныкей жүрiп, өз көзiмен көрдi. Ертесiнде түске таман салтанатты керуен жолға шықты. Аттанардың алдында Дiлдә:

– Апатай, мынау бiр кішкентай ғана болмашы нәрсе Назқоңырыңыздың жасауына қосқан қылаусыз ақ көңiлiмнiң нышаны болсын, – деп, күмiс тайтұяқты қасында жақын тұрған бойжеткеннiң алақанына салды.

– Ой, мың жаса, алтыным! Менiң шыбынымды елеп-ескерiп құрмет тұтқан ниетiңнен садаға кетейін.

Қайныкейдiң шешесi абдырай сөйлеп, Дiлдәнiң маңдайынан сүйдi. Көзiнің аясына бiр түрлi жас та үйiрiлгендей.

Көп ұзамай қиырды бетке алған жасанған әлеумет, сән-салтанатымен жол үстiнде ұбақ-шұбақ ілби жылжыды.

… Әңгiме аяқталып, демiн iшiне тартқан қария бiр қыдырым уақыт өзiмен-өзi болып, үн-түнсiз күйі іркілді. Жүн түтiп отырған Бижамал ұрлана кейуананың жүзiне дәмiл-дәмiл қарайды. Бiр кездерде барып әлдеқашан мұнарға айналған жылдардың сiлемiнен керi оралып, арса-арса өңiн қаршадай келiнiне бұрды.

– Жүр, алжып, ақыл-есiмнен жаңылмай тұрғанымда сол жақсылардың көзiн көрген бұйымды, ұрпағыма жеткiзуiң үшiн аманаттайын.

Орнынан көтеріліп, үйге беттедi. Бижамал да селтиiп, соңынан үнсiз ердi. Бағанадан бергi қисаға бергiсiз әңгiме, көңiлiн алай-түлей жасады.

Үлкендер жақтағы түпкi бөлмеде көне қара сандық бар едi. Әжесi соның аузын ашты да көп қиналмай-ақ әлдебiр дорбаны алып шықты. Ондағы тайтұяқты Бижамалға ұстатып:

– Күмiстiң жолы алтыннан да жақсы, келiншектiң бұйымы күмiспен күптеледi, күнiм. Әрқашан күмiстей әппақ бол.

Ап-ауыр тайтұяқты алақанында салмақтап тұрып, Бижамалдың санасында сан қабат ойдың легi толқыды. «Киелi нәрсе, қасиетiңе жете аламын ба? Ата-бабадан мирас боп қалған өнегенi болашаққа апару, ұрпақтың серттi нәстесi…»

Бiр кезде маңдайына тиген ерiннiң табы бiлiндi. Сөйтсе әжесi сүйiп жатыр екен.

– Бақытты бол, құлыным! Бүгiн өлсем де ендi арманым жоқ.

Жүрегi атқалақтап толқи жөнелген Бижамалдың жанарынан кiрпiгiн қуалай бiр тал тамшы үзiлiп түстi.

ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

Суреттер yandex.kz сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар