Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен......

13.11.2024 2007

Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен... 12+

Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен... - adebiportal.kz

Алтайдың күншығыс бетінен Атажұртқа жақында ғана көш бұйдасын соза жеткен ақын, журналист, ұстаз Жексенбай Қайыпұлының шығармашылық қорынан бір топ өлең ұсынып отырмыз.

БАЯНАУЫЛ

Байтақ жер, 

Бағзы мекен, 

Баянауыл,

Сандық тастар қаланған саялы ауыл. 

Тауларының құрсағы бүлкілдейді,

Ұлыларға толғатқан аяғы ауыр.

Мәңгілік жалбарынып Тәңіріне,

Кемпіртас қарағайын таянып жүр.

Бұлағының үнінен естіледі,, 

Жүсіп пен Мұса салған баяғы жыр.

 

Шаншылып кеңістікте шың ұштары, 

Құстары заңғарында жылыстады. 

Шашырап даласына ырыс, бағы,

Сабындыкөл толқиды уыстағы.

Әулиесі дұға оқып қуыстағы, 

Ақ қайыңдар сырласып жыныстағы,

Тәуелсіз Алашыма тоба қылып,

Кәрі емендер кеудемен тыныстады.

Ақ бұлттардың арасын тілгілейді,

Жарқ еткен Жасыбайдың қылыштары.

Көл бетінен сағым боп қалқып жүрген,

Торайғырдың бір тылсым сыр ұшпағы.

ҚАРАҒАНДЫ

Қарағанды – бұлдыр сағым құбылған, 

Бұқар баба жыр толғаған бұрыннан. 

Темір жолдың рельсі шықырлап, 

Байлық тиеп сансыз тірен шұбырған. 

Зауыттары түшкірініп мұрыннан, 

Мұржалары түтін тастап шылымнан. 

Көмірлерін көмейінде қыздырып, 

Темірлерін қазанында қуырған. 

Шыжғырғанда шырқырайды шыбын жан.

Қарамайы құбыла ағып құбырдан, 

Бағаналар тоқ жүгірген сымынан. 

Даласында бұрынғы жыр,  бұрынғы ән, 

Ағашында самсап жеміс шырын дән, 

Қазынасы қабат-қабат құйылған, 

Мұндай дала Қазағыма бұйырған...

Туған жер туындысы

Асау өзен арындап күркіресе,

Ақ жаңбыры – аспаннан сіркіресе,

Кемпірқосақ – шашырап асқарына,

Бұлт шетінен көрінсе күн тіресе

 

Сары қымыз тамсантып құнықтырса, 

Қыр гүлінде қиылған қылық тұрса.

Туырлықтың етегін түріп қойып,

Тау самалы іргеден ұрып тұрса...

 

Қазан сүтте қаймағы қалқып тұрса,

Ала қапта апамнан сарқыт тұрса.

Жаңа пісіп ақтарған сабасынан,

Сарымайдың иісі аңқып тұрса…

 

Ауыл жылда осылай жайлап тұрса,

Үйірлерді айлана байлап тұрса,

Қазанында бағылан қайнап тұрса,

Сармойнағын атасы қайрап тұрса.

 

Бурыл түтін ошақта будақтаса,

Бөбектерде бас қосса шынтақтаса.

Жекең жатып жағада шабыттанып,

Өлеңдерді осылай шумақтаса…

***

Заңғарында ойнақтаған ноян аң,

Түрлі түске...

Тәңір өзі бояған,

Қобда өзені тұнып кірсе түсіме,

Бойым сергіп,

Шөлім қанып оянам...

 

Бір сәт шығу, 

Бір ғанибет аулаққа,

Жан тазарып, азаяды «салмақ» та.

Желіден де, жебірден де алыстап,

Кетіп қалсаң,

Көк бел, 

Бөктер,

Тау, баққа.

 

Дүниені бағамдасаң биіктен,

Жазылады құрыс, тырыс, сілікпең.

Арыласың...

Аласадан,

Арсыздан,

Күңкілдерден,

Күйбеңдерден,

Күйіктен...

***

Құт құйылып...

Ырыс тұнған өлкемнен,

Қыста қарден...

Жазда шөптен өң берген

Тәңір сыйы...

Ырыздықтың астауын

Аспан асты...

Жер үстіне төңкерген

 

Аспан асты...

Тыныштықтың тұрағы...

Таулар, таулар...

Малынған күн шуағы.

Шағылысқан сағым, сәуле, мұнары,

Алтай, Алтай...

Жер бетінің жұмағы.

***

Жырын алып шайырдан,

Шыңы шырқап байырғы ән,

Бұлттар сүйген кәлләсі,

Көкте түпсіз айдыннан.

Тамыр терең тайырдан,

Ақ жусаны айыр дән.

Найзағай бетін тілгілеп,

Жартастарын жәй ұрған,

Сайыры аққан сайынан.

Сансыз бұлақ жайылған,

Күндіз қақтап күн төсін,

Түнде сүйген ай, нұрлан.

Осында ауыл, айылдан,

Биікке қанат жайды ұлан.

Қаптал шауып қайыңнан,

Шелпек жасап май ұннан,

Анам сауып қосағын,

Әкем малын қайырған.

Дәм татырды талайға,

Қаймақ қатқан шайынан…

***

Жаңбырлы күн,

Тандырлы құм балқыды,

Асқарды өбе,

Аспанын да,

Қошқыл бұлттар қалқыды 

Қаһар қосып,

Тастарды осып,

Найзағайдың жарқылы

Даланың да

Дараның да, 

Дауалы иісі аңқыды.

ТАУ ТАҒЫЛЫМЫ

Көп болды осы тауға шықпағалы,

Ауасын кеуде кере жұтпағалы...

Тірліктің күйбеңінен алыс кетіп,

Таңсығы жоқ қаңсықты ұмытпағалы. 

Таудағы тылсым бөлек, құт бағалы,

Пендешілік адасып жұртта қалды.

Рахат анда-санда тартып кетсең,

Өмірдің кей сәтінен сырттағалы...

Қоғам шіріп, бастаса құрттағалы,

Тұрасың уын бірге ұрттағалы.

Биігіне бір мезгіл шығып кетсең,

Сезінесің керемет шыт-жаңаны. 

Сұрқия сұр жебемен сұқтанады,

Құрдымға құрту үшін құтхананы.

Қашқандай пенделердің ашкөзінен,

Көк аспаннан жөңкіліп бұлт барады...

***

Есеңгіреп ғапыл соққан сойылдан,

Не жоғалды...

Ойымнан һәм,

Бойымнан...

Нәпсі – ашкөз қасқыр болып қой қуған.

Тек қалауы – даңғаза өмір, той, думан,

Егілмесе ұждан – тұқым, мойыл дән

Жер теңселер, батпан-күнә, шойыннан,

Адамдағы қасиетке жойылған,

Дұрыс екен...

«Қызыл кітап» қойылған...!

***

Кеткенде сұрғыш тірлік, секпілденіп,

Ілесіп елестегі екпінге еріп.

Самалымен дем алып саф ауаның,

Тұрамын тауға қарай кеткім келіп.

Биіктен бір белсенді екпін келіп,

Қиялым қия басып, көкке іріленіп,

Бейсауат шумақтарды төккім келіп,

Жалғанның жықпылдарын сөккім келіп,

Көңілім көбеңсімей көп түрге еніп,

Өткірленіп кетемін өткірленіп...

***

Ит те бола алмайсың,

Көшіме ерер,

Опасыз өшіге бер, өшіге бер.

Көбейіп күресінде күшігендер,

Азайды еңіреген есіл ерлер.

Несие айтақ, жүйесіз несіне дер,

Есек болып емексіп есіре бер.

Есерсоқ еліргенмен кесілмейді.

Ұлы Алладан берілер несібелер,

Күншілдіктен боласың несіне ер,

Жалынды жетсе шамаң өшіре бер.

Доңыздың қорсылына маңыз берсем,

Жаратқан, кешіре көр, кешіре көр!

Біздің жалын тұрады шарқ ұрудан,

Суыртпағы сақталған сарқылудан.

Көкжиекте қалқыған қыран қиял,

Селт етпейді қарғаның қарқылынан.

***

Өмір, өмір...

Өзіңді ұнатамын,

Ұнатамын, түндерін, бұла таңын 

Айынан аспандағы арман ұрлап,

Күндерден

Күні күлген, қуат алдым.

Тасқыны тасты ұрған тау суындай,

Шумақты шыйырларды шұбатамын,

Шұбатамын шер, мұңды құлатамын.

Күдіктің таң асырып құбақанын,

Азуын ақситқанды сұлатамын.

Іші жемтік, кемтіктің мүңкі жетпес,

Шың, құздың құбасында тұр апаным,

Демі жетпес бидғат, ғұрапаның,

Ұрпағымын рухты ұлы атаның,

***

Күлкі – кен

Күйкі тірлік, 

Күлкі -екпін, 

Күлкі – кен,

Күлкісізден күлімсі мұң мүңкіген. 

Жан дүниең күйреп жатса... 

Күлкімен, 

Зілзаладай зікір салып сілкі кең.

Көңіліңді көңірсіген шірітір дем, 

Тотығады жүрек ащы сілтіден. 

Адамзатқа дауа етіп ілкіден

Жаратушы болдырыпты күлкіні - ем.

Жалыққанда жауыр тірлік, бүлкілден, 

Күн тұтылып, тұман басса күнкілден,

Құсу үшін запыранды іркілген, 

Рухыңның бұлтын сыйыр КҮЛКІМЕН!!!

БҰЛҚЫНЫС

Жан тәрізді жаралып шалқымаған,

Кей сәттер сезіледі салқын маған.

Құйынперен әрбір күн жүйріктей,

Асау тағдыр…

Кім оны алқымдаған.

Керек емес атағың, даңқың маған,

Болса болды жер тыныш халқым аман.

Өкініш алға адым талпынбаған,

Босқа өтпеген уақыт алтын маған.

 

Шер кеткенде шекеме шөкті бақтар,

Көктегенмен көңіліме көк құрақтар.

Кірпі сынды инедей қадалатын,

Қажалайтын миымды көп сұрақ бар.

 

У тамшылар басыма төгіледі,

Жайлауынан көшкенде көңіл елі.

Қайғының торлағанда бұлты аспанды,

Миымнан молекула бөлінеді.

 

Құм болыпта жігерім езілгенмін,

Езілгенмін,түкеліп төзімдерім.

Сұрқияның сұғылып сұр жебесі,

Реакцияға енеді сезімдерім.

 

Өмір қылыш-қайраусыз майырлады,

Майырлады, ұқпадым жайын әлі.

Түйін тауып шыға алмай мұң мен үміт,

Жүрегімде жыртылып айырлады.

 

Тесемін деп миымды бұрғылайды,

Құлатам деп кеудемді ұрғылайды.

Ашуым ит, ақылым қасқырға ұқсап,

Бір-біріне тап беріп ырылдайды.

(Көрпеппін дәл осындай бұрын қайғы.)

Иманым құтқарам деп шырылдайды.

Бәрін де қалыбына түсіретін,

Ей Алла, жол көрсетші бір ыңғайлы?!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар