Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Алаштың Ақұштабы 80 жаста...

11.11.2024 767

Алаштың Ақұштабы 80 жаста 12+

Алаштың Ақұштабы 80 жаста - adebiportal.kz

Ақ жайықтың жағасынан түлеп ұшып, ақ шағаладай жырымен халқының жүрегіне сезімшіл өлең жолдарын қалдыра алған, қазақтың аяулы ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аяулы ана, ардақты ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сексен жылдық мерейтойы, өткен жұма, сегізінші қараша күні  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында зиялы қауым ортасында жоғары деңгейінде атап өтілді.

Кітапханада ұйымдастырылған іс-шараны ҚР Жазушылар одағы, Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Айтыскер ақын өз сөзінде, Ақұштап Бақтыгерееваның өмір жолындағы ақындық қолтаңбасының өзгеше екенін баса айтып, Фариза Оңғарсыновамен иық тіресе отырып өлең жазған, өз кезінде қазақ поэзиясына жаңа леп алып келген ардагер ақын екендігін айырықша атап өтті.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бүгіндері зиялы қауым өкілдерінің рухани іс-шарасы өтетін ордасына айналып үлгірген еді. Сол орданың ортасын толтырып, түрлі тұсаукесерлер ұйымдастыруға мұрындық бола білген, өзі де руханият саласында жүрген кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы да ақын туралы ағынан ақтарылып ұзағынан сөйледі. Мектеп жасынан ақын өлеңдерінің иіріміне қанығып өскенін, сезімшіл, сертшіл жыр жолдары әлі күні есінде екенін жеткізе отырып, ақын өлеңдерінен үзінді оқып, Ақ жайықтың Ақұштабын мерейтой қуанышымен құттықтап, иығына шапан жауып, құшағын гүлмен толтырды. 

Астана қаласы "Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония бас директоры Ерлан Дәкенов,Астана қаласы мәслихат депутатты Ерлан Қаналимов атынан жолданған құттықтау хатты оқыды. Құттықтау хатта ақынның сексен жылдық мерейтойын шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс пен зор денсаулық тілеп, мәслихат депутаттар атынан жолданған гүл шоғын ұсынып, құттықтау хатын тапсырды. 

«Біздің ақындардың бәрінің жолы бола бермейді өзі. Ақындық деген өзі бір – кейде бақ, кейде сор»,- деп сөз бастаған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай Ақұштап Бақтыгереева туралы мемлекеттің, елдің тарапынан, қаламдас, қатарлас және оқырмандар тарапынан көптеген құрмет көрсетіп, ақын шығармашылығы жоғары бағаланып, жақсы дәріптеліп келе жатқанын айтты. Қазақтың поэзия туралы танымындағы Фариза, Ақұштап сынды ақын қыздарының шығуына байланысты – қыздар поэзиясы, әйелдер поэзиясы деген атауға мүлде келіспейтінін баса айта кетті. 

Айтулы сыншы, белгілі қаламгер Амангелді Кеңшілік кең көсіліп, қазақ поэзиясы мен прозасы туралы тұшымды пікірін қозғады.

«Әлем әдебиетінде он ұлы елдің поэзиясы бар десек, қазақтың поэзиясы сол он елдің қатарына еркін кіреді деп айта алмын. Ал, проза туралы дәл бұлай сенімді айту қиын. Шындығында да біздің поэзия өте күшті. Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі поэзиямыз сан түрлі палитралы, тереңдігі болсын, формасы жағынан болсын, қай елдің поэзиясымен терезесі тең тұра алады. Біздің поэзиямыздың мықты болатын өз себебі бар. Өйткені ақын деген халық жазушы деген халықпен салыстырғанда кең халық болады екен. Біздің жазушылар бірін-бірі түйреп, аяғынан шалып, неше түрлі қисынсыздыққа барып жатса, ақындардың бір жақсы жері, бір-бірлерін қанаттандырып, аз жетістіктері үшін болса да шын қуанып, тіпті нашар ақын болса да шашбауын көтерісіп жатады. Шынын айтсам, ақындардың арасында шекара болғанын көргенім жоқ. Сол себептен де поэзиямыздың мықты болатыны ақындардың жан дүниесінің кеңдігінен бе деймін. Одақты ақындар басқарған кезде де керемет болып тұрып еді, жазушылар келіп еді, барлығы басқаша болып барады. 

Апай, сізге шығармашылық табыс тілеймін! Сіздің өлеңдеріңізді біз жастайымыздан сүйсініп оқыдық. Кеше сіздер, шынында әдебиеттің алтын ғасырын жасадыңыздар. Бір қуанатыным сіздер салған сара жолды, поэзияның құдіретті күші әлі күнге дейін жақсы жалғасын тауып келе жатыр. Кейде қазақтың жас қыздарын, жас ақындарының өлеңдерін оқып отырамын. Қазіргі жас буын бұрынғыдан да керемет бір үлкен биікке көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Осының бәрі сіздердің тәлім-тәрбиелеріңіздің, сіздердің талмай жазған жырларыңыздан арқасында көктеп шыққан буындар деп өз басым сенімді түрде айта аламын»,- деп сөзін аяқтады. 

Прозашы, драматург, қоғам қайраткері  Ақұштап Бақтыгереевамен талай жылдардан бері қатар келе жатқан құрбысы Алтыншаш Жағанова ыстық лебізін қысқаша былай деп жеткізді. 

«Ақшұтап, ойлап отырсам біздің өміріміз – жалпы мемлекетіміздің тарихы, сосын бірден бір әдебиетіміздің тарихы екен. Өйткені біз білмейтін жазушы, біз білмейтін классиктер жоқ. Сонау Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтен бастап бертінгі Қадір Мырза Әлиев, Мұқағали Мақатаев болсын, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов  болсын, айта берсек осындай тұлғалардың бәрімен қатар жүрдік, дәмдес болдық. Талай уақиғаларды бірге өткіздік. Әкемнің бір сөзі әлі есімде: «Кәрілік жасы ұлғайғанға келмейді екен, кәрілік қатарың кеткенде, ешкіммен әңгімең жараспағанда келеді», - деуші еді дей келіп өмірде де, руханиятта да қатар ғұмыр кешкен Ақұштап Бақтыгереева ханымға алғыс ретінде ақынның иығына құрметтеп шапан жауып, басына орамал тақты.  

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар