Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мағиза Құнапияқызы. Мына өмірден жылыстап кетіп барам

26.05.2019 1003

Мағиза Құнапияқызы. Мына өмірден жылыстап кетіп барам

КЕШІР УАҚЫТ

Кешір уақыт, өткеніңе қарамай,

Қайырылмай кеткеніңе қарамай.

Мен оны әлі балайды екем өзіме,

Дәстүрлердің шектеуіне қарамай.

Екеумізде болған емес келісім,

Құр сүлдерім кезіп келед ел ішін.

Сол бір жанды жолықтырған мезетте,

Тоқтап қалған сияқтысың мен үшін.

Өткен күннен өшпейтіндей із қалды,

Сағыныш боп сарайымда күз қалды.

Ай күзеткен тереземді түн қалды,

Бір- ақ күнде мұңға оранған қыз қалды.

Сонан бері елесі оның биледі,

Қос жанары жүрегімді түйреді.

Уақыттың тоқтауына ілесіп,

Бұрымым да өспей қалды сиреді…

Неге ғана сол елеске еремін,

Қайырылмасын сезсем дағы кеменің.

Сол бір жан кеп тартқанынша қолымнан,

Кешір уақыт, сенің де жоқ керегің…

КЕТТІМ АҚЫР

Кеттім ақыр қош енді өскен қала,

Саған қарай жүгірмен өкпемді ала.

Ештеңе де алмаймын енді сеннен,

Қалғаны есте ұмтылмас сәттер ғана.

Керуен-базар жүк артқан түйесіне,

Сатушының жығылмай жүйесіне.

Жүрек сенің табам деп қалауыңды,

Қанша затты қайтардым иесіне…

Болмас тағдыр жазбаса жаныңа құт,

Бұйырмас жан келмейді, сарыла күт.

Менің қайтарғанымды басқа жандар,

Кезекпенен әкетті қағып алып…

Қалағаным қолыма ілінбеді,

Басқа жанның қасында күлімдеді.

Күн батысты бетке алып жүріп кеттім,

Керуенге ілесіп іңірдегі…

Шиелердің гүлдері есімді алып,

Бақ ішіне тоқтады көшім барып.

Жүрегім жоқ кеудемде дейсің маған,

Әлеміме алаңсыз тосын барып.

“Мәні болмай өмірдің сен кеткелі,

Бір сағыныш кеудемді шеңбектеді.

Жүрегімді кеткенсің ұрлап алып,

Өз қолыңмен бер дейсің емдеп мені”

Болмап едім мен қарсы талғамыңа,

Жетті ғой деп жүруші ем арманына.

Сен дегенде бұлқынад мынау жүрек,

Менде кетіп шынымен қалғаны ма?

Түсе бердің несіне жиі есіме,

Сол сезімнің бас ұрғам киесіне.

Көкірегімнен айланып шықпай қойды,

Қайтарайын деп едім иесіне.

Енді қайт дейсің маған?!

ҚАРА КӨЛІК

Беймезгілде қай сезімге еліттім,

Сыйластық пен қимастық бір деп ұқтым.

Елеңдеймін қара көлік зу етсе,

Түсі қара сіз мінетін көліктің.

Осындайда келмес ойға жыр тегін,

Кешқұрым шақ жарығындай білтенің.

Қызыл шырақ алдына кеп тоқтаған,

Көліктерден елесіңді тінтемін.

Көзілдірік тағып біреу сазарып,

Ал біреуі кептелістен қажалып.

Кейбірінің қос жанары әйнекті,

Ары тесіп өтетіндей қадалып...

Қала желі тінтісе бойды дір етем,

Сағыну да құлазу да бір екен.

Өрмекшінің торы сынды көшенің

Қара көлік қай маңында жүр екен?!

Сұрақ белгі сынды ойда жұмбақ қап,

Бара жатты нарқың өсіп қымбаттап.

Қара көлік қара түннің ішіне,

Мені алып кететіндей құндақтап.

Жан сырымды жеткізе алмай қыстығып,

(Сүйе тұра үндемеу де мықтылық)

Қара көзден мөлдір моншақ сыйласам,

Қара шашқа қырдың гүлін қыстырып.

Қуаныш пен жұбаныштың жасы бір,

Бітпейтұғын хикаяның басы бұл.

Түнгі ызғар қалтырата бастаса,

Қара көлік ішіне кеп жасырыл…

Бей мезгілде қай сезімге еліттім,

Сыйластық пен қимастық бір деп ұқтым.

Елеңдеймін қара көлік зу етсе,

Түсі қара сіз мінетін көліктің!..

ҚАЛСАМ БОЛҒАНЫ

Ерте ме кеш бір айтар арман әнімсің,

Үмітімді үзілген жалғағанымсың.

Көктем сыйлар көңілге шаттық күлкімсің,

Жиі тартқан сен менің оң қабағымсың,

Жаным!

Көңіліңді қатты айтып қайтармағанмын,

Соқса дағы сан ауыл шайқалмағанмын.

Бүлдіргенше ағатын елжіреп тұрып,

Қандай жақсы ойымның айта алмағаным,

Бәрін…

Жапырақтар жаныма діріл қосады,

Есіміңді еске алсам мұңым қашады.

Күреңітіп сені ойлап күнім батады,

Жақсы түске елітіп күліп атады,

Таңым.

Кескініңе қараймын ойланып қалған,

Менің қымбат мүлкіме айланып болған.

Кетем десем қолымды жібере салма,

Бір сезімге жүрегім байланып қалған,

Барым.

Осы екен жүректің арқандалғаны,

Бір елестің жаныма қалқан болғаны.

Кездеспесең кездеспе қиын сәт қой ол,

Сезімімнің ішінде қалсам болғаны.

Жалын!

ОСЫ ЕМЕС

Тиегін сырдың ағытармын мен,

Қалжың мен ептеп қағытармын мен.

Көкірегің кілтін таппаспын бірақ,

Жүрегің сенің бос емес.

Құбылып қанша киінгеніммен,

Қасыңда талша иілгеніммен.

Сол жан боп саған елестей алмаспын,

Қуғаның сенің бос елес.

Бір сылтау тауып тілдесермін мен,

Бір үмітпенен күн кешермін мен.

Тағдырым сені кезіктірген күн,

Ерте де емес кеш емес.

Мейіріміңе жылынып алам,

Түлейтін құстай тіріліп алам.

Кездесер күнді босқа аңсаймын мен,

Күткенің сенің осы емес!

КЕТІП БАРАМ

Сезім тұнық, сыр тұнық, тұнық бәрі,

Көздеріңде қалған ед тұнып нәрі.

Неше ғасыр өткенін біле алмадым,

Сен кездесіп өзімді ұмытқалы.

Мені бірақ басқалар көздейтұғын,

Махаббатқа мас болар кез дейтұғын.

Маған деген сырды олар алдыменен,

Саған айтып тұрғанын сезбейтұғын.

Қайда жүрсем назарым сенде болып,

Бірімізді біріміз емдеп едік.

Кеткендей ем ұмытып мезгілді де,

Дүниенің жатқанын дөңгеленіп.

Есімде жоқ, күлдім бе, жыладым ба,

Баттым ба екен неше рет сірә мұңға.

Қаншама күз қоштастым құстар менен,

Сенің ғана дауысың құлағымда.

Алғандайсың сен келіп көшіп маған,

Тани алмай өзімді шошып та алам.

Ойлауменен өзім боп кеткен жанды,

Мына өмірден жылыстап кетіп барам!

СЕН…

Сен сөзсің.

Жұрнағы кетіп, түбірі қалған.

Сен әнсің.

Әуені кетіп күбірі қалған.

Сен құссың.

Дәрмені кетіп шыбыны қалған.

Сен өлеңсің.

Жазылмай мида тынығып алған.

Сен шырақсың,

Жарығы кетіп сұлбасы қалған.

Авто тұрақсың.

Көлігі кетіп, құр басы қалған.

Сен хатсың.

Иесін тауып оқылмай қалған.

Сен қонақсың.

Ұмытылып шақырмай қалған.

Болмашы сарсаң,

Табылар деме қайтып дерегі.

Қасыңа барсам,

Бәрі де саған қайтып келеді:

Түбір мен жұрнақ өбіскен кезде,

Әні мен ғажап келіскен кезде,

Қанаты құстың қағылған кезде,

Бақыттан шырақ жағылған кезде,

Кеткен көлігің оралған кезде,

Төңірек түгел жаңарған кезде,

Дастархан жасап,

Сен келеді деп тосып отырсам.

Дірілдеп қолым,

Қатыңды жазған оқып отырсам.

Ойлап толғанып,

Өзімді өзім құр алдадым мен.

Шын солай болса,

Қайтетін едің?

Біле алмадым мен!

ҚЫЛ КӨПІР

Оңаша қалдық екеуден екеу, жанға айналдық па армансыз,

Суша сапырар сөзің таусылып тосылып неден қалғансыз?

Көз тоқтатуға келмеді шамам қараған дұрыс қай жаққа,

Үп еткен желге құлап түсердей жапырақ тәнім қорғансыз.

Алдында пештің отырғандаймын қарағай жанған қысқы күн,

Кірген мезгілде қалай сезбегем бөлменің мұнша ыстығын?!

Дүрсілі жүрек құлаққа жетті сен естіп қояр ма екенсің,

Шылбыр үзердей алас ұруын тәкаппар менмен мықтының!

Ұзақ күткені осы ма еді, талыққан жүрек талықсын,

Албыртып жүзің қарашығыңды есікке қадап алыпсың.

Қол телефонға қарайлай бердің, ол дағы бірақ тым-тырыс,

Шыр етсе егер осынау күйден құтқаратыны анық шын.

Көзіме басқа көрінбей ешкім елеске бағынғанымды,

Неге айтпаймын мен өзіңді іштей осынша сағынғанымды.

Діріл аралас сөзіңді ұқпадым біреу кеп есік қақса ғой,

Бөлменің ауасын бөліп тауыстық, тынысым мүлде тарылды.

Құтылмақ болып осынау күйден терезені аша бергенмін,

Көмектеспекші болдың ба екен қасыма жақын келгенің.

Жүзіме жүзің тие жаздады, бетіме демің ұрылды,

Әлімді жиып тілге келдім мен: «Су жоқ па екен, шөлдедім»

Құрақ ұштың да дүкенге кеттің мойныңа орап шарфыңды,

Бояулы, түссіз… дізіп әкелдің, жылысын және салқынды.

Елжіреп жүрек қоя бергенде дәрменсіз мүлде күй кешкен,

Жан емес енді алдыңда сенің тәкаппар басқа жан тұрды.

Арыла алмаймын елестен сол бір көргендей сені түсімнен,

Қайда жүрсе де аман жүрсін деп айтамын дұға ішімнен.

Қыл көпірден де аман өттім ғой, ар жағы шексіз жазықтық,

Өзіммен өзім арпалысармын алдыңда бірақ кішірмен!

НӘН ҚАЛАНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Естілетін сирек күйдің күмбірі,

Ысы қою нән қаланың тұрғыны.

Сөзіңізде керуеннің сыңғыры,

Сіз де өлеңге айналарсыз бір күні…

Құмға аунаған баладайын кір басқан,

Көшесінде көлік ағар тынбастан.

Таптаған соң сан тағдырлы табандар,

Едендердің жүгі ауыр зіл батпан.

Өзгелердің үні басым жасқаған,

Бұл қалада естімейсің асқақ ән.

Өкпелейсің соқпай кеттің неге деп,

Барғанымды есіп қойып басқадан.

Шырақтарға қарап үнсіз ойланып,

Жүргендерді сіз бе деймін бой жазып.

Тыншымайтын теңізінде адамның,

Жүрсіз бе есен бір ноқатқа айланып?!

Ертелі-кеш тұра шауып дүрліккен,

Жұртқа ілесіп асығасыз кім күткен?

Біздің жаққа неге тартып кетпейсіз,

Қажығанда абыр-сабыр тірліктен…

ҚАЙДА ТҰРАСЫЗ ДЕЙСІҢ

Көшесі алыппен аталатұғын,

Бақтары гүлмен жасанатұғын.

Қыраны көкке көтерілерде,

Алатау қарттан бата алатұғын.

Жүзімді желге сүйдірмейін деп,

Тәнімді күнге күйдірмейін деп.

Әйнектерімді жапырақ жапқан,

Қабаттап лыпа кидірмейін деп.

Қыздары сұлу көзі жайнаған,

Ғашық болмасқа тегі қоймаған.

Біреудің жанып бақыт жұлдызы,

Біреудің қаңғып соры қайнаған.

Қарбалас тірлік санада күмән,

Біресе жаңбыр, біресе тұман.

Жағасы-жайлау, етегі-шаһар,

Алматы дейтін қалада тұрам.

Жыр жазып тауысам сияның бәрін,

Қағазға ойдың жиямын нәрін.

Бір азаматтың алақанындамын,

Біраз кісінің қиялындамын…

ТОЛҚЫН

Өзге түгіл өз өзімнен қашам деп,
Ұйқылы-ояу жүргенімде масаң боп,
Мұң тозаңын айнасындағы көңілдің,
Кірпігіңмен сүртіп кеттің қашан кеп?

Сол сезімнің айта алмадым бағасын,
Жер түбіне кетсем де іздеп табасың.
Тереземді көздеріңмен аймалап,
Есігімді жүрегіңмен қағасың...

Байқап қалып сезімімді бүрлеген,
Шешіп алдың сөздерімді күрмеген...
Қарашығың еске түсіп кеткенде,
Қорқынышты болмайды екен түн деген!

Қауырсындай бір күй бастан кешірдім,
Желмен бірге перде болып есілдім.
Тыныштықты сыйға тартып Каспиге,
Толқындарын тал бойыма көшірдім...

Сабыр қайда сағынышты еңсерген?
Көп толқыдым.
(Жақсы еді ғой өртенген).
Лашық едім желбіреген жағада,
Ғашық едім қайықтайын теңселген!

Өң мен түстің парқын кімге айтармын,
Тағдырымды теңіз сынап байқар мың.
Тереңіне теңіз сүйреп кетер деп
Толқындарды иесіне иесіне қайтардым!

Болсын қанша ой санамда дүрбелең,
Толқын жайлы жазып өтем сырлы өлең.
Қалжырады "Жеті қарақшы" Көктегі,
Күзетем деп есігімді ілмеген.
Ұйықтайыншы!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар