Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Мәңгілік гүл немесе ақын Батырхан Сәрсенхан әлемі...

22.03.2022 2738

Мәңгілік гүл немесе ақын Батырхан Сәрсенхан әлеміне саяхат 12+

Мәңгілік гүл немесе  ақын Батырхан Сәрсенхан әлеміне саяхат  - adebiportal.kz

Жас ақындар жайлы қазақ әдебиетінде түрлі пікір қалыптасқан. Әдебиет майданында жүрген әрбір жан жастар қадамына тоқталмай кетпесі анық. Ұлықбек Есдәулет жас ақын Батырхан Сәрсенхан шығармашылығы туралы тоқтала келіп: «Поэзияға арыз», «Жалғыздық жыры», «Теңсіздік жыры», «Көктас шеберханасы», «Анамның үнсіз жылап тұрғаны», «Айлы соната», «Ата» сынды жырлары жас қаламның табысы саналарлықтай қазақ поэзиясына олжа салатын қадау-қадаутуындылар дер едім. Лирикалық кейіпкерінде арманшыл ақынның беймаза болмысы көзге ұрады. Ұйқас деген оған өзі құйылатындай табиғилық бар. Жыр жолдарында ілуде бір кездесіп қалған кейбір селкеу сөздер мен қырнаусыз тіркестердің кедір-бұдырының өзін ақауға санағың келмейді. Батырханның ақындығы – сәулелі, шұғыласы мол жарқын нұрға шүпілдеген таза, тұмса, мөлдір әлем. Оның жырларында көреген көңіл, сезімтал сана, бауырмал жүрек бар» деген пікір білдіреді. Ал танымал ақын Жүрсін Ерман болса: «Түркістанға барғанда Батырханмен таныстым. Өлеңдерін оқығанда елең ете қалдым. Батырханның өлеңдерінің ішіндегі жалт-жұлт бұрылатыны, оқыс теңеулерге баратыны, оқыс ойларды тауып айтатыны көңілімді толтырды» депті.

***

Ол бүгін тағы да Алматы көшелерін аралап, әр ағашпен сырласып келе жатыр. Қатар тізілген теректер бейне ежелгі досындай. Тілсіз ғой демесеңіз, тіке тұрғанының өзі ғибрат секілді көрінеді. Иә, олар қаншама жолаушыға сая болған. Бүгінде әбден қартайып, қабыршақтанып, жапырақтары да сирегендей. Сонда да сымбатын жоғалтпаған ғасыр куәгерлерді. Сояу-сояу «саусақтары» сиқырлы ертегіні еске салады. Әзелгі орнынан тапжылмай тұрғандықтан да көп жасаған қариядай байсалды. Ғашықтар мен мұңлықтардың сырын естіп алып, ешкімге тіс жармайтын ақылман адам сияқты көрінеді, кейде. Айтсаң да, айтпасаң да сенің ішкі күйіңді үнсіз ғана ұғынатындай. Содан да болар, ол көңілі көктемдей тасыған сәттерінде ағаштарға, жапыраққа сыр шерткенді ұнатады. Кей әдеттеріне қарап, «Қызық екен...» дейтіндер де табылар. Бірақ сіз шешім шығаруға асықпаңыз. Жаратылыс сырларын тануға тырысқан жүрек бүр жара бастағанда адам рухы шектеулі тәнге сыймай кететін көрінеді. Ал, егер ол адам ақын болса бүкіл әлемге білгенін жариялап, Жеті құрлыққа жар салғысы кеп тұратын шығар, бәлкім.

***

Алматыда «Abai» баспасынан «Тәуелсіздік сөзі» сериясымен ақын Батырхан Сәрсенханның жаңа жыр жинағы жарық көрген сәтте алғашқылардың бірі болып «Ziyat» кітап дүкенінен тапсырыс беріп, оқып шығуға асықтық. «Мәңгілік гүл» атты жұмсақ мұқабалы пышақтың қырындай кітап жеңіл оқылады. Жинақ «Су перісі жайлы ертегі», «Күнмен қоштасу», «Бір бар екен, бір жоқ екен» атты үш тарауға бөлініпті. Тақырыптары ескі аңыз-әпсаналарды жадқа түсіреді. Жаңа жырлармен толысқан жинақта шығармашылық жаңашылдық жолындағы әртүрлі ұмтылыстар кездеседі.

«Су перісі жайлы ертегі» атты жырдың құрылысы ерекше, формасы қызық.

«1. Су ханшасы теңіз балдырлары мен

2. қоңыраулы медуза шашақтарына қарайтын

3. таңдана. Ал түнде теңіз бетіне түскен

4. жұлдыздар жарығына елтіп жоғары

5. ұмтылатын...» – деп жалғасады.

Мазмұны жағынан бұрынғы ертегілермен үндес. Ханзадаға ғашық болған су ханшайымы турала мультхикаялардан да көргенбіз. Бірақ астарында ғашықтық дастанынан гөрі ешкімге ұқсамау, өзіндік ерекшелікті қабылдай білу туралы айтады. Өлеңнің әр жолын 1-ден 85-ке дейінгі сандармен бастаған.

Кітаптың атауынан да көрініп тұрғандай, ақын жырларының көбі мәңгілік тақырыптарға арналған. «Лирика» атты өлеңде:

«күн сайын тәлімді, ізетті

болуды қалаймын. Ал бірақ,

неліктен? не үшін? не себеп?

сан сұрақ басады еңсені...» – дейді.

Ақын тіршілік жаратылысының мәнін іздейтіндей. Адамның өзге жан иелерінен ерекшелігі ізденіс пен білімге ұмтылу болса, Батырхан жырларында осы қасиеттер байқалады. Қанша ұзақ ғұмыр кешсең де бір күні соңғы нүктең қойылатыны анық. «Өмір – сұрақ белгі болса, оның жауабы – өлім бе» деген ой келеді. Бірақ оған дейін дүниенің сырларын білуге талпыну үшін адамға уақыт берілген. Қайдан келдім? Қайда барам? Міне, осы сұрақтар ақын жырларының негізгі ядросындай көрінеді.

Автордың ішкі көңіл күйі, дүниені қабылдауы мен қалыптасқан заңдылықтарға қарсылығы – бәрі-бәрісі кітапта айқын баяндалған. Ол бір сәттік сезімнің өзінен мән-мағына іздейді. Жапырақтан мазмұн тапқысы келеді. «Жүздесу» атты жырында:

«Телефон, теледидар, үтік, бесік,

бауырлар, отыралық күлімдесіп.

бөлу мен көбейтуді ұмыталық,

қайтеміз мақтан үшін ғұмыр кешіп...» – дейді. Былай қарағанда, бәріне белгілі сөздер. Десе де, адамды қалыптасқан қағидаларды бұзуға шақырады.

Батырхан жырларынан экзистенциялық жалғыздық, ішкі тынышсыздық және содан кейін әлденені іздеу сарынын көреміз. Бәлкім, ол бұрынғыларға ұқсамайтын өзіндік сүрлеуін салғысы келетін шығар. «Телефон, теледидар, үтік, бесік», түптеп келгенде, өлеңге түк қатысы жоқ сияқты. Бірақ ақын сондай сөздерді жиі қолданады. «Бас десе, құлақ деп отыр ма?» дейсің. Егер бір адамды оқыстан кеп «қорқытсаңыз», оның миы қайта іске қосылатын көрінеді. Ендеше, ақын сөзді де солай қолданғысы келетін шығар. Тақырыпқа қатысы аз мүлде басқа сөз айту арқылы адам ойын өзге арнаға түсіргісі келер, бәлкім.

***

Ақын Батырхан ойына алғаш түскен сөздерді бірден қағазға түсіріп, солай қалдыратындай көрінді. Кей жырларында логикаға қайшы сөйлемдер жиі кездеседі. «Бір сәттің тарихы» өлеңінде:

«Сірә, адам жалғыз екен іздемес терек оны,

зәйтүндер әйтпегенде жұбатып сөйлер еді,

апельсин әйтпегенде аз ғана демер еді,

толқындар жүгірісіп жаныма келер еді», – дейді.

Зәйтүн мен апельсинді әзіл өлеңдер болмаса жырына қолданған ақынды кездестіру қиын. Батырханда ондай сөздер жетіп-артылады. Күнделікті тұрмыстық заттарды да жиі жырына қосады. Мүмкін, өмірдің әрбір құраушы бөліктерін өзінше жырлағысы келер. Өлең жолдарының көбі кіші әріппен басталады.

***

Ақын табиғатын түсіну үшін оның жазған жырларына бейіл қойып, жан әлеміне бойлауға тырысқанда кедергілер де кездеседі. Өйткені адам жанын түбегейлі ұғыну қиын іс. Ол күн сайын өзгеріп, табиғат секілді құбылып отырады. Бірақ шығармашылық адамның өмір заңдылығын, парасат-пайымы мен дүниені қалай қабылдайтынын жазған жазбаларына қарап аз да болса аңғаруға болатындай. Батырхан жырлары жарға соққан толқындарды еске салады. Дауыл тұрған кездері арнасынан төгілейін деп жарқабаққа соқтығысады да кері қайтады. Ал сосын тып-тыныш мамыражай тіршілігіне қайта оралады. Ол ақынның ішкі және сыртқы қайшылықтармен күресіндей көрінеді, кейде. Лермонтов бір өлеңінде қайғы-қасіретсіз ақынды дауылсыз мұхитқа теңейтіні бар еді. Батырхан жырларынан да жиі мұңға берілетін жанның сезімтал әлемін көргендей боласың. Алматының ғажайып кештерінде мұң ішіп келе жатқан ақынның қаламынан әлі талай дүниелер туса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар