2023 жылдың 9 қарашасы күні Маңғыстау облысының Астана қаласындағы «МАҢҒЫСТАУДАН МЫҢ СӘЛЕМ, АЛАШ ТӨРІ» атты мәдени күндері аясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақиық өлке, алғи-жыр»атты әдеби-сазды кеш өтті. Поэзия кешінде маңғыстаулық жас ақындар астаналық оқырмандарға жырдан шашу шашты. Кештің тізгінін ҚР Жазушылар одағы Маңғыстау облысы филиалының басшысы, ақын Әнуар Бимағамбет ұстады.
Сонымен кеш басталды да кетті. Сахна сыртында: «...Нақ басса сүйек саусағымен нығарлаған, шақ басса шалыс шығармаған, майдаласа майса қытықтап, бәйбішенің тұмса сауғанындай бопты, келісті келіннің кесесіндей мұнтаз күйшінің қолы...» деген жүргізушінің даусы шықты.
Күй мен күйші. Домбыра мен құдіреттің киесі, Маңғыстаудың маңғаз күйі сахнадан бебеуледі дерсің. Кеш шымылдығы Күйші Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әртісі Әлия Қармұханның орындауындағы Қартбайдың күйі «Күй басымен» ашылды.
«Ақиық-Өлке, Алғи-Жыр» өлең кешінің алғашқы ақыны Алтынбек Әлібай есімді жас өркен бастады. Өлеңге ілесе маңғыстаулық әнші Рафхат Ізден Талғат Атшыбаевтың «Шалқымалы» әнін шалықтата салды.
Әннің қызуы басылмастан Махамбет Өтемісұлы атындағы республикалық мүшәйраның жүлдегері, ақын қарындасымыз Жұмагүл Мұрсал өзінің отты жырларымен тыңдарманын тәнті етті. Жұмагүлден кейін кезек келген ақын Тілеген Әлидің Маңғыстау һәм махаббат тақырыбындағы жырлары зал толы көрерменнің пейілін тасытып, көңілін толқытты.
Өлең мен әнді қатар өріп отырған кеш аса жарасымды, тыңдарманға тым жағымды болды. Әсіресе, Табылды Досымов атындағы республикалық байқаудың бас жүлдегері, әнші Айгүл Құбаштың орындауындағы Табылдының екі әні тыңдарманын тебірентті де, толқытты да...
Өлең оқудың келесі кезегін «Әдебиет порталының» тілшісі Ислам Қабылұлы алды. Ислам өлеңінің ентігі басылмастан Асылбек Жаңбырбай жырдың ақ жаңбырын әуелетіп әкетті.
Осылайша әнмен әрленіп, жырмен көмкерілген кеште соңғы мәресіне келді. Поэзия кешінің сіргежияр өлеңін ақын Әнуар Бимағамбет алды. Әнуар өзінің ақық жырларынан кейін, кештің қорытынды сөзін Алаштың аймаңдай ақыны Светқали Нұржанға берді. Оқырман назарына ақын сөзін қалпын құрғатпай бергенді жөн көріп отырмыз.
Светқали Нұржан: «Қазақта бір сөз бар «қап орнына дорба жүретін, қаз орнына қарға жүретін» күн болады деген. Күні кеше Маңғыстаудың осындай салтанатты кеші бас қалада өте қалса, рухани думанның ұйтқысы болып Әбіш ағам мен Фариза апам жүретін еді. Өкінішке қарай олардың орнында дорба мен қарға болып біз жүрміз. Әрине, біздің дүбіріміз олардай болып шықпасы белгілі ғой. Әуелі, Маңғыстауда қазақтың бір бөлшегі. Дегенмен, әрбір өлкенің, әрбір аймақтың өзінің кеңістігі, өзінің ареалы болады. Біздің кеңістігіміз, тек қана Маңғыстау емес, мына жағы Нарын, мына жағы Арқаның алпыс саласы, Кең Жылой, Байғанин ауданы, одан ары Қобдаға дейін жалғасып жатқан кеңістік. Міне осы аумақта осыдан жеті ғасыр бұрын күллі дүниені құсни сөзімен тәнті қылған, тоғыз ханға толғау айтып тоқтатқан ұлы Сыпыра жыраудан бастап, кеше өзіміз көзін көре қалған Ұзақбай Қазжанұлы, Сүгір Бегендікұлы сынды жыраулармен аяқталатын керуен көш өткен. Ол көштің адамзаттың санасында таңбаланған мөрі айрықша. Енді кейінгі заман түрлі-түрлі хәлге түсірді. Социалистік реализмнен, тұрпайы әлеуметшілдіктен өттік. Тұлпарлар тұғырға, тұғырдан базарға боқша таситын есекке айналған кездер болды. Бірақ көк Еділдің сағасы бұзыла қоймапты, көк сауыттың жағасы үзіле қоймапты. Содан кейін де небір сүлейлер мен дүлейлер шықты. Айталық, сыбызғы сазды Сағи, қарағайға қарсы біткен бұтақтай Өтежан, бозала таңның бозторғайы Есенбай, Фариза мен Нұрәлі, Меңдекеш, содан кейін Әбіш аға бастаған салқаралы көш – біздің бағыт-бағдарымыз, құбыламыз еді. Маңғыстау дейтін бағзы жұрт әрі-беріден кейін түйенің отаны. Сосын көкмойнақ тұлпарлардың отаны. Сол көкмойнақтардың тұқымы күні кеше Астанадан Түркістанға аттанған жорықта алдына қара салмады. Әлемдік рекорд жасады. Сол түйе туғанда ботасы тәлтіректеп, аяқтанғанша діңкеңді құртады. Ал, көкмойнақ тұлпарлар енесі түрегеліп туса, құлыны тұмсығымен жер тіреп барып, жерге денесі тиместен түрегеліп кетеді. Тұлпар болатын құлынның белгісі солай. Артымнан ерген Әнуәрбек бастаған іні-қарындастарымның да көкмойнақтың құлыншақтары екенін байқаған боларсыздар. Түйе сүтімен ауызданғанымен жылқының жалында өскенін байқатты. Құдай қадамдарын құтты қылсын! Өздеріңіздей жақсылармен, күллі қазақиямен қауыша берсін!»
Осылай ағыл-тегіл сөйлеген Айтман ақын сөзінің тізгінін ақжарма жырымен тәмәмдады.
Осылайша Маңғыстаудан мың сәлемін арқалап келген ақындардың, «ақ түйенің қарыны жарылғандай» алқа-қотан алабын қуанышпен алқап, мерейін тасытып барып діттеген жеріне жетті. Ақындардың тіліне медет, сөзіне қуат тілейміз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.