Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Маралтай ақынның кеші өтті

02.05.2019 848

Маралтай ақынның кеші өтті

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлының шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

«Атылдым көкке жай сияқтанып...» тақырыбында ұйымдастырылған жыр кеші ақынның 50 жылдық мерейтойына арналды.

Қазақ қыздарының парасат мектебінде өткен әдеби шараға дәстүрлі әнші Еркін Шүкімән, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы, ақын Әділғазы Қайырбеков, театр және кино актері, әнші-сазгер Қадырғали Көбентай мен ақынның шәкірттері, әдебиетсүйер қауым қатысты.

Жыр кешінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері ақын өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін поэтикалық қойылымды көпшілік назарына ұсынды. 4 актілі пьесада Маралтай Райымбекұлының болмыс-бітімі ашылып ғана қоймай, ақынның қалыптасу кезеңдері де шебер айшықталған. Қойылым авторы Ақгүл Айдарбекова бүгінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті. Оның айтуынша, шығарма желісі нақты өмірден алынған. Және ол осынысымен құнды.

Ал «Ақгүлдің ақ гүлдері» атты жас ақындар ұйымының мүшелері қазақ поэзиясында өзіндік дара қолтаңбасы бар шайырдың шоқтығы биік туындылары мен Маралтай ақынға арнаған арнау-өлеңдерін оқыды.

Сонымен қатар кеш барысында Еркін Шүкімән мен Әділғазы Қайырбеков мінезі де, өлеңі де өзгелерден бөлектеу Райымбекұлының шығармашылығы хақында кеңінен әңгімеледі.

Жиын соңында кеш иесі сөз алып, қарашаңырақ Қыздар университеті тек ұстаз мамандарын ғана даярлап қоймай, жастардың шығармашылық әлеуетінің артуына да сүбелі үлес қосып келе жатқандығын тілге тиек етті.

– Ақын жүрегі үнемі жырлап тұрады. Жүрегіміз соғып тұрғанда, көңіл мәңгі жырдың үстінде тұрады, солай болуы керек те. Күнде не­месе күнара өлең тудыратын өнеркәсіп емеспін, бірақ жазып жатырмыз. Ол жырлардың барлығын жіпке тізгендей жариялап жатпасақ та, қалам қолымыздан, өлең ойымыздан кеткен жоқ, – деген Маралтай Райымбекұлы бірнеше жүрекжарды жырларын оқыды.

Сондай-ақ ол осы кештің өтуіне ұйытқы болған Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сәуле Ержановаға және факультет студенттеріне ізгі ниетін жеткізді.

Өз кезегінде Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова ұлт әдебиетінде өзіндік өрнегі қалыптасқан ақынға оқу орнының ұжымы атынан ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар