күйші-профессор Бақыт Қарабалинаның туғанына 80 жыл
Жыр дүлдүлі Жұмекеннің туған топырағы Қошалақта дүниеге келген атақты күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР Халық әртісі Бақыт Қарабалина алпысыншы жылдары қазақта тұңғыш рет домбырашы қыздардың керуенін бастады. Ол 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін (А. Жұбанов пен Л. Мұхитовтың класы бойынша) бітіреді. 1960 жылдан бастап, Құрманғазы атындағы Қазақтың Мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің құрамында жүріп, көптеген елдерде өнерлік іссапарларда болып, домбырашы-солист ретінде де әлемге қазақтың қара домбырасының қасиетін танытты, таңырқатты. Ол қазақтың халық композиторлары Құрманғазының, Динаның, Сейтектің, Дәулеткерейдің, Мәменнің, Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы болды. Музыка сыншылары «Бақыт Қарабалинаның орындауындағы күйлер ерекше тереңдігімен дараланады» деп баға берген.
Дина Нұрпейісованың күйшілік мектебі өзіндік мәнер-машығымен ерекше әлем. Өз заманында Бақыт "Динаның өзіндей, Динаның көзіндей күйші" атанып, 1983 жылы «Қазақфильм» түсірген «Қайран шешем» көркем фильмінде Дина Нұрпейісованың рөлін сомдады. Бұл фильм туралы кезінде ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов былай деген еді: «Дина туралы фильм түсіргенде, бағымызға орай Дина рөліне дайын тұрған Бақыт Қарабалина бар еді. Бақыт шығармашылық жағынан да, келбет-кісілігі, мінезімен де Дина табиғатына өте жақын тұлға болатын.Тіпті, ол Динаның өзіндей, көзіндей болып көрінетін еді». Динаның көзіндей күйшінің өнер жолы оңай басталмаған. Жастайынан домбыраға құмар Бақыт арман арқалап Алматыға консерваторияға келгенде қабылдау емтиханы бітіп кеткен екен. Академик Ахмет Жұбанов есік алдында домбырасын құшақтап жылап отырған кішкентай қара қызды көріп, одан жөн сұрайды. Бақыт жайын айтып, Динаның бір күйін орындап береді. Балапан қыздың болашағын таныған Ахмет Жұбанов оны консерваторияға оқуға қабылдатады. Бақыт Атырауда, Құрманғазыда жүрген кезінде түрлі жарыстарға қатысып, «кішкентай Дина» атанып ел ауызына ерте ілігеді. Ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың жазбаларында мынадай бір естелік бар. Меңдекештің табан астында өлеңдететіп жіберетін әдеті болған. 1963 жылы облыс әдебиетшілері арнаулы вагонмен Алматыға қаламгерлер жиынына аттанады. Поезда сапарлас жолаушылардың азығын шығарып, ортаға қоятын әдеті бар ғой. Ақындар етті, қымызды, шұбатты, бауырсақ, қаймақты дастарханға қойып, қуат шақыра бастаған екен. Сонда ақын Мақсот Неталиев қысылғаннан: “Мен ештеңе алып шыққан жоқпын. Үйден алып шыққан 2 жұмыртқам бар еді. Оны Фариза мен Бақытқа бердім» - дейді. Басқалар Мақсоттың сөзіне мән бермейді. Ал Меңдекешке қызық болып көрінеді де, табан астында былайша өлеңдеткен екен:
“Қой, мына ақын деген халықты қой,
Мақсотың жұмыртқасыз қалыпты ғой.
Қос қызға қос жұмыртқа сыйлап беріп
Ат болып жүріп жатыр жарықтық-ой!”деп, елді қыран-топан күлкіге батырады. Бұл жерде Фаризаның қасында жүрген Бақыт Қарабалина оқуына кетіп бара жатқан сәті болса керек. Кезінде Фариза апай да оркестр құрамында болып, домбыра тартқан ғой. Бақытпен құрбы-құрдас болған. Жұмекен Нәжімеденовтың жары Нәсіп апайдың Бақыт туралы айтқан естелігін естіген ем. «Бақытпен бірге өстік, бірге оқыдық, туыстық жақындығымыз бар-тын. Қарабала атамыздың кенже қызы еді. Домбыраны кішкентай кезінен тартатын. Өте еңбекқор еді. Консерваторияда оқып, оркестрде қалды, он жеті шет мемлекетті көрді. Белгілі өнер адамдарымен дос болды. Оқып жүрген кезінде демалыс күндері біздің үйдің тамағын ішіп, аунап-қунап кетеді. Жалғыз келмей қасына баянда ойнайтын Биқан Раева деген қызды алып келеді. Бір келгенде шетелден өнер сапарынан келген кезі болуы керек. Сол кездің жаңа шыққан сәні ғой деймін, салпылдатып мойынға ілінетін қызылды-жасылды көйлек киіп келіпті.Сонда Жұмекен: «Әй, кәрі көбелек, үстіңе не киіп алғансың? Сайқымазақ құсап» деп еді, Бақыт: «Әй, Нәжімеденов! Сенің айтпайтының жоқ , енді үйлеріңе келмеймін» деп есікті тарс жауып шығып кетті. Ойпырмай, мына қыз әзілімді көңіліне алып қалды-ау деп ағасы да, мен де ыңғайсызданып қап едік, бір апта өтпей, аңқылдап, сендерді сағынып кеттім деп «баяғы Бақыт - бір Бақыт» дегендей өзі кеп тұр Бақыттың. Оның ашуы да тез, қайтуы да тез жайдары адам» деген еді Нәсіп апамыз.
Бақыт Қарабалинаны күйші ретінде халық жақсы таниды. Бірақ Еуропа, орыс композиторларының шығармаларын домбыраға икемдеп нотаға түсіріп кеткен Бақыт Қарабалина екенін көпшілік біле бермейді. Бақытты кезінде музыка зерттеушілер навотор деп бағалаған. Моцарт, Бетховен, финдердің «Полькасы», «Түрік маршы» , Венгр биі, Румын сазы, орыстың «Калинка» сияқты т.б шығармаларды домбыра табиғатымен үндестіріп, нотаға түсіру де кез-келген музыканттың қолынан келмейтін іс. Бұған тереңдік пен шеберлік керек. Бүгінгі орындаушылар Бақыт апайдың еңбегін ескермей, өздері шығарғандай сахнада орындап жүр.
Бақыт Қарабалинаның ұстаздығы жайында шәкірті, күйші Талап Қараш былай деп жазыпты: «Біздерге күй үйретіп қана қоймай, әрбір студент бойындағы кемшілікті тез көре біліп, әрдайым педагогикалық ықпалмен тәрбиелеп отырушы еді. Мен Бақыт апаймен әр жолыққан сайын өзімді бір әскери қолбасшының алдында тұрғандай сезінетінмін. Бір күні «күй анасы Дина туралы фильм түсіріліп жатыр, бүгін сабақ болмайды, апай киноға түсуде» деді курстастарым. Содан кино түсіріліп жатқан жерге келдік. Көптің ішінен Бақыт апайды іздеп, үлкен үйдің ішін кезіп келе жатырмыз, кенет бір бөлмеден ұлы Құрманғазы бабамыздың шәкірті Дина Нұрпейісованың өзі шыға келгені! Аузымыз ашылып, көзіміз бақырайып кетті. О, тоба! Не боп кетті әлем деп. Әлгі Дина Нұрпейісоваға жан бітіп, маған қарап күлімсіреп: Талапжан-ау, мен Бақыт апайыңмын ғой, танымай қалдың ба? Мені әбден гримдеп, Дина боласың деп, кимешек кигізіп кемпірге айналдырып жіберді,- деді. Сол күні ұлы Динаның өзін көргендей әсерде болған едік».
Иә, сол фильмнен соң, Бақыт Қарабалинаның даңқы артты. Фильм телеарналарда, кинотеатрларда жие көрсетіліп, көпшіліктің жылы ықыласына бөленді. Бұл күйшінің ең жұлдызды шақтары еді. Бақыт апайдың көп жылғы құрбысы болған ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы консерваториясының профессоры, қобызшы Меруерт Каленбаеваның да айтар естелігі көп. Бақыт өмірде қызуқанды, батыл мінезді, талапшыл, шыншыл,тілтабысқыш адам болған екен. Барған жерінде өзінің осындай қасиеттерімен көзге түсетін. Гастрольге жаз айларында алыстағы ауылдарға шыққан кезде, әртістер бір шайнек шайға зар болады екен. Сонда Бақыт танымайтын елдің арасына кіріп кетіп, бір шайнек шай әкеп, бәрін мәз қылады екен. Ол кез дүкен алды шұбатылған кезек болатын уақыт. Не нәрсеге де кезек. Меруерт апай былай дейді: «Бақыттың қасында жүргенде, кезектің не екенін білмедік. Білмеймін, не айтатынын, мұз жарғыш кемедей қалың кезектің ортасына кіріп кетіп, әп-сәтте керегімізді алып шығатын. Тағы бір қасиеті сахнаға шыққанда ол бәрін ұмытатын, тіпті ауруын да, қиналып жүргенін де. Біле білген адамға бұл үлкен рух. Ол үнемі алда жүргенді ұнататын, автобусқа да бірінші кіруі керек, самолетке де бірінші мінуі керек. Бақыттың тапқырлығы да керемет еді. Тоқсаныншы жылдардың басында концертпен Атырауға бардық. Қала мидай балшық. Кешкісін Бақыттың бір таныстары қонаққа шақырды. Қонақ үйде едік. Бір кезде қарасам Бақыт целлофан қалтаны етігінің сыртынан киіп жіппен байлап жатыр екен. Мынау не деп едім, маған қарай бір дорба целлофанды лақтырды. «Жер балшық, жүре алмайсың, байлап ал» дейді. Ұят ай! Мен бұлай жасамаймын, целлофанды етігіңнен алып таста, сенің қасыңда жүруге ұялам дедім. Жүрмесең, қал деді де жүре берді. Артынан ілесіп келе жатырмын. Бір кезде асфальттан түстік. Енді нағыз ми балшықтың өзіне тап болдық. Алда Бақыт. Әй, тоқта! десем, қарамайды. Етігімді балшықтан әрең суырып, қара терге түсіп, әркімнен әлгі үйді сұрап әзер тауып келсем, Бақыт төрде шай ішіп отыр. Есік алдындағы етігі тап-таза. «Әй, Кәленбаева! Сен айдағанға көнсең де, айтқанға көнбейсің» деп күліп қояды. Ертесіне Алматыға аттанатын болдық. Бізге бір банка қара уылдырық сыйлады атыраулық таныстар. Банканы Бақыт қолтығына қысып алды. Ол қашанда бірінші ғой. Әуежайға келгенде тіркеуден бірінші өтті. Сыртынан өтіп кетсін деп қарап тұрмын. Бір кезде екі милиционер келіп, оны алып кетті. Зәрем ұшып, далаға қаштым. Бір кезде микрофоннан: «Азаматша Каленбаева! Мынадай бөлмеге келіңіз» деген дауыс естілді. Келсем, екі жағында екі милиционер. Кағаз толтырып жатыр. Бақытқа қарасам, қансөл жоқ, ескерткіштей қатып қалған. Қағаз толтырып жатқан біреуі: Сіздер консерваторияда жұмыс жасайды екенсіздер, жұмыстарыңа хабар береміз» дегені. Мен қуланып, Бақыттың аяғынан түрттім: «Консерваториясы несі, біз Қазақконцерттің әртістері емеспіз бе?» деп. Қалтамызда коммунистің қып-қызыл билеті. Елге әлем болатын болдық қой деп қорқып кеттік. Аналар қоятын емес, небір заңдарды айтып жатыр. Бақыт, қайран Бақыт! Қайыспайтын қара нардай ержүрек батыр Бақыт, сөйлей қалса сөйлегенді тоқтататын би Бақыт, көрінгеннің тілін табатын жорға Бақыт, сезімтал да сұңғыла Бақыт сол арада тілсіз бір қара тасқа айналып кеткендей болды. Мен «айналайындар-ау, бұл атақты күйші Бақыт Қарабалина, өздеріңнің жерлестерің, бір банка қара уылдырық үшін осынша қинағандарың не» деп шырылдап жатырмын. Бір кезде есіме түсіп кеткені, «Әй, Бақыт, кеше қонақүйге келген полковник ағаң бар еді ғой, соған звандасаң қайтеді» деп сыбырлап едім, екі бетіне қан жүгіріп, әлгі адамның атын айтып, «әкел, телефонды» деп еді, әлгілер жым болды. Барыңыздар деп шығарып салды. Уылдырығымыз да қалды соларда. Жүгіріп самолетке кеттік. Жол бойы Бақыт тіл қатпады. Көзін бір нүктеге қадап ап қозғалмастан үнсіз отырды. Самолет жерге қонғанда жүре алмай қалды. Сүйемелдеп әзер түсірдік самолеттен. Өзінің сырқаулы боп жүрген кезі еді. Сол сырқатын қалыңдатты бұл оқиға.» Бұл күйшінің туған жеріне соңғы сапары болған екен. Өмірде не болмайды, осы бір оқиға күйшінің сағын сындыратындай нәрсе ме өзі? Өмірде саналылар да санаулы ғой деп ойлайсың. Бірақ бұл оқиға жүрегі қылдан да нәзік күйшінің жүрегіне күш түсіргені анық. Бір кем дүние. Бақыт Қарабалина өмірден өткелі жиырма сегіз жыл өтіпті. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» дегендей, бұл күнде күйші Қарабалинаны іздеп жатқандардың қарасы шамалы.
«Мен Дина апайдан домбыра үйренген жоқпын. Бірақ ол кісінің өнегесімен домбыра ұстадым. Дина Нұрпейісова тек менің ғана емес, өнерді сүйген бар адамның үлгі тұтар тұлғасы» деген екен Бақыт Қарабалина. Динадан соң Бақыт шықты күй әлеміне. Бақыттан домбыра үйреніп, Бақыттың өнегесімен қаншама қыздар қолына домбыра ұстады. Бақыт Қарабалина да өзінен кейінгі толқынға өнеге мектеп болды. Былтыр жаз айында Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде қызмет ететін едім деп, бір кісі маған телефон шалды. Сөзі де қызық.
- Менің балам диплом қорғайды.Соған Бақыт Қарабалина туралы дерек керек еді дейді. Менің оған қандай қатысым бар десем, «Сен Атыраудың өнер адамдары туралы, Дина, Ерік Құрманғалиев туралы кітап жаздың ғой. Бақыт Қарабалина туралы да кітап жазып жатқан шығарсың деп ойлап қалған едім» дейді. Ашуланып кеттім: «Немене Атыраудың тарихи тұлғалары туралы кітап жазам деп мойныма міндеттеме алып па едім. Өздеріңіз не бітіресіздер?» деп едім, әлгі кісі: Маржан, сен жазсаң, ел оқиды, қызық қылып жазасың» деген еді.
1 маусымда атақты күйші апамыз Бақыт Қарабалина 80 жасқа толыпты күнтізбеде. Білгендер ескере жүрсін, білмегендер біле жүрсін деп жазған мақалам еді бұл...
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.