(Тоқтарәлі Таңжарыққа)
Габриэль Гарсиа Маркес "Сто лет одиночестваны" жазу үстінде үсті-үстіне ұйқысы үйелегенше төпелеп, тәулігіне үш қорап сигардың түтінін бұрқыратқан дейді-мыс. Шылымның құдіреті – XX ғасырдың модернист Маркесі мен постмодернистік уақыттың Жүз жылдық жалғыздығын аңыздың аңғарына тастады. Сенбіден кейінгі күніне бола, Маркесті құрметтеймін. Әлбетте, сенбіден кейін – воскресенье.
Кітаптың дәуірі аяқталады, әдебиеттің ақыры болады. Қайғының қысыр күлкісі, кесірлі қайғысы. "Кажется наступил психологический момент для ужина". Бұл менің сөйлемім емес. Слава Богу!
Махаббат айдынында жүзбесе де, поэзияның айдынында жүзген жарықтық жапонның Хадзимэсі, біздің емес, сіздің Исикава Такубоку. Көктен төрт кітап түскен дейді. Түссе түскен шығар, бесінші кітап – "Лирика". Әсілі, бұлай бастауымның жосығы ұйқысыздықтан туған ауру. Аурудың да тамыр тартып, тасырқатар түрі көп. Біреуі ішіп аурады, біреуі ішпей аурады. Бұл аурулардан әсте хабарым жоқ.(Өлләхи-билләхи.) Франсуаза Саган он тоғыз жасында "Сәлеметсіз бе, қоңыр мұң" повесін жазыпты. Все гениальное - просто. Он тоғыз жасыңда "Түн парақтарымен" ауырсаң ше?!. Өтірігім емес, шыным да. Диагнозы – емі жоқ ауру. Удың бетін у қайтарады. Желдің өтінде, көлдің бетінде жүз жылдық жалғыздық адаптациясы. Автордың дуэльдесі бұл қоғамда емес болуы бек мүмкін.
Шошимын түсіме еніп,
Дәруіштердің сараң ғұмыры.
Ұйықтайды жанарымның ішіне еніп,
Әлемнің бар қараңғылығы.
Хемингуэйдің "Қош бол, майданында!" майордың диалогы "ойға әуес адамдардың бәрі де атеистер" дейді. Бұл Хэмингуэйдің Фолкнерден үйренген өнері. Атеизм де жоғалған ұрпақ, адасқақ. Д.Джойс не дер екен?!. Т.Элиот миығынан күлер.
"Анна Каренинаның" сегіз рет алқымынан алып, қырын қырлаған, жонын жондаған Л. Толстойдың "Крейцер сонатасы" романы қандай болса, "Түн парақтары" дәл сондай. Романдағы әлгі абзац әлі күнге дейін ақымақ қылады, "Түн парақтарындағы" әлгі өлең әлі күнге дейін санамда сыздайды. Хайдеггер шал білсе біліп айтады: "Философия – қашанда бүгінгі күн тәртібімен үндесе бермейді." Бұлыңғыр түн хикаясы ше?!.
Сюрреалист Сальвадор Далидің моделі, музасы, скульптор Макс Эрнстың көңілдесі, "Любовь поэзияның" заңды иесі Поль Элюардың зайыбы – Гала ханымды күндердің күні, түндердің түні кездестіре қалсам, "Түн парақтарынан" мелоди оқимын. Сосын, Гала мендік. Ботпановтың Галасы емес, менің Галам. Асқар Сүлейменов музыканы Пушкинге қалай түсіндірсе, махаббатты дәл солай Галаға түсіндіремін.
...Бір сапарға шыққанмын, барар жерім белгісіз,
Қайдан шықтым?
Оны да айта алмаймын. (Сенгісіз).
Маңдайыма жазылған сұрқы бөтен сұрақтар,
Жан баласы төзгісіз...
Сарынның даусын емес, жылқылардың даусын естігім келеді. Шұрқыраған жылқылар. Кісінейді, Қарала кісінесі кісінер, автордың күрсінісі.
Кісінегім келеді бейуақ
шұрқырап...
Кейде, Камю де өтірік айтады. "Философ болғың келсе, роман жаз." Олай емес, "жылқыларды" жаз дер едім. Түйсіктің барар жері мен келер жері – сұлу өлім шығар. Өлімге жан беру – поэзия. Поэзия – өлім болса. Эзра Паундтың "Портреті", сонсоң "Қобыз үні" өнер санатында метафизкалық радиакция. Санадан тыс сана, бейсана емес, бәлкім, Парнастың бұлттарына шомылар.
Бұл қобызды тартқан кім?!
...Айтшы досым,
Оу, ізгі,
Боздатқан кім мынау боздақ қобызды?
Боздаған қобыз – Қорқыттың қобызы емес, Қорқыттың көрі емес. Сіз оны білесіз, месье!
(Қаның қарайса қара өлең жаз, шашың ағарса ақ өлең жаз. Қазақы қара өлең мен бұзақы ақ өлеңге анықтама осы ғана. Леонордың иллюстратциясы секілді.) Азаматтық құқық алған "экзистенцализм" сөзі "ол енді ештеңені білдірмейтінді" айтқан Сартрдың сарказмы. Ж.П.Сарт үшін емес, "Түн парақтары" үшін философия – поэзиядағы экзистенцализм:
...Аралаймын атқанша аруақ таң,
Түн маған қош айтады түнеріп тек.
Түсіме ылғи енеді аруақтар,
Ал, өңімде көргенім тірі өліктер...
Поэзияның еркін новаторы Уолт Уитменнің, Петрополисте дүниеден қайтқан Стефан Цвейгтің, Сен-Сир-сюр-Луардың перзенті Анатоль Франстың, Бірінші дүниежүзілік майданда мәңгілікке аттанған Томас Хьюмның, сюрреализм дәуіріндегі ренессанс адамы Ман Рэйдің, "Говорю вам – пойте!"дейтін Имант Зиедонистің соңғы сөзі ішінде кеткені даусыз. Ол енді басқа әңгіме.
Жетім бұрышыңызға сізді іздеп барғанымды айтқан жоқпын, сіз де ештеңе сұрамадыңыз.
...Жолдар күтіп тұр әне, қасіреттің иісі аңқып,
Қой, ішелік, құйсаңшы!
Алматыдағы поэзия оркестрінің дирижёрі – Тоқтарәлі Таңжарық шығар...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.