Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Мен ішпеген у бар ма?..» немесе жазушы Думан Рама...

18.07.2022 6944

«Мен ішпеген у бар ма?..» немесе жазушы Думан Рамазанның бір әңгімесі хақында 12+

«Мен ішпеген у бар ма?..» немесе жазушы Думан Рамазанның бір әңгімесі хақында - adebiportal.kz

Жазушы Думан Рамазан шығармашылығы жайында филология ғылымының кандидаты Әлмира Қали: «Әдебиетсүйер қауымға Думан Рамазан ең алдымен әңгіме жанрындағы көркем туындыларымен таныс. Автор қаламынан шыққан шығармалардан оның тарихи, эсхатологиялық, діни-мистикалық тақырыптарға ерекше ден қоятындығы бірден аңғарылады. Д.Рамазан әңгімелерінде табиғат пен адамзат, жаһан мен ұлт, тарих пен тағдыр, заман мен адам, мемлекет пен халық, дін мен қоғам ұғымдарының мағыналық аясындағы толып жатқан діни-эзотерикалық, философиялық, этномәдени, саяси, әлеуметтік, экологиялық мәселелер қаламгерлік таным таразысына түсіп, көркем қорытылады. Жазушы әсіресе өмірдегі өзара бітіспес қайшылықтардан туындайтын парадокс жағдайларды үңіле зерделейді» депті. Ал әдебиеттанушы Әбіл-Серік Әліәкбар болса былай дейді:«Д.Рамазанның көркемдік әлемі романтизм мен реализм, натурализм мен сентиментализм, модернизм мен сюреализмнің өте күрделі бірін-бірі жоққа шығарып, әрі толықтырып, әрі өзгеріске ұшыратып отыратын эстетикалық тенденцияларының синтезінен тұратын постмодернизмнің прозадағы ұлттық эталоны. 2000 жылдардан бастап оның прозасы бейреалды бастау көзге бірте-бірте ие бола түсті. Думанның сан тарапты эпигондық еліктеу-солықтаушылықтан ада өзіндік авторлық стилі мен қаламгерлік бағыт-бағдарын танытатын әдеби ізденістерінің қорытындысына баланатын «Көш» әңгімелер жинағы жазушының жаңа ғасырдың 10 жылдығын қалай еңсергенін толыққанды аңғартып, шығармашылық ізденістері турасында өз оқырмандары алдында жазушылық есеп беруі болып табылады. Ол өзі ұнатқан туындыларын авторлық қалауы бойынша өте сәтті және біршама сәтті деп шартты түрде бөліп шығарма мәтінінің тінінен кезектестікпен орын бергені көрініп тұр».

Кез келген қоғамның ішкі өмірінде жанын сыздататын бітеужара секілді дерттері болады. Рухани жараның емін ұсынатын зиялылар да бірге өмір сүретіні анық. Қоғам дертіне өз дертіндей жүрегі сыздап, шыр-пыр боп жүрген қаламгерлердің қолтаңбасын кітап беттерінен көп кездестіргенбіз. Халық жарасына қаламы арқылы дәрі жағып жүрген жазушылар қазір де жоқ емес. Барлық нәрсені жүрегі арқылы өткізіп, жанымен түсінетін қауым қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді адамзатқа алғаш боп жеткізуге тырысатындай. Өзгелер де содан сабақ алып, ерте қамдансын дегені шығар. Қазақ қоғамында айықпас жаралар аз емес. Халық жанын азапқа салып, жүрегін тілім-тілім еткен дерттер қаншама. Абайдың «Мен ішпеген у бар ма?..» дейтін әйгілі сөзін жалпы халыққа да қолдануға болатындай. Шынында, қазақ ішпеген у бар ма?.. Отарланып, отқа түскеннен кейінгі халық өмірінің қасіретті сәттерін айтып тауысу үшін қанша уақыт керек болады екен? Аштық, қуғын-сүргінді былай қойғанда, Семейдегі полигонның зардабы қазақты жаналқымнан алып, буындыра түскені рас. Ол жайында зиялылар шырылдап, қарлығаштың қанатымен су сепкендей күй кешкені де шындық.

Жазушы Думан Рамазанның «У» атты әңгімесін оқып, қоғамда орнаған жүйенің халық өміріне у секілді жайылып, адамды жан-жақты құлдырауға түсіре алатынына көз жеткізгендей болдық. Астарлы әңгімеде бірнеше күрделі мәселелер көтеріліпті. Автор тақырып атауындағы «У» сөзінің өзін екі мағынада қолданады. Біріншісі, кәдімгі жыланның заһарлы уы болса, екіншісі Семей полигоны зардабынан халық тағдырына жайылған у.

Жазушы бұл әңгімені небәрі он сегіз жасында жазған екен. Осы жайлы әлеуметтік желідегі жазбасында: «Қарап отырсам, менің билікке деген іштей қарсылығым (әрине, іштей ғана) он сегіз жасымда жазған осы бір әңгімемен басталған сияқты. Шығармамда бейбітшілік құсы – ақ көгершінді жемтікке айналдырып, талап-жеп жатқан үш құзғынды суреттегенмін. Осындағы үш құзғын – КОКП ОК Бірінші хатшысы Л.Брежнев пен КСРО Жоғарғы кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағалары болатын... Әңгімедегі сол бір сурет-көрініс мынау еді: «Көп аялдауға мұршасы болмай, бұрыла бергенде анадай жерде әлдененi жұлмалап жатқан үш құзғынды көзi шалды. Бастарын көтеріп, жан-жақтарына жалтақтап қарап қояды. Бұны көре салып дүркiрей көкке көтерiлді. Жерде жүнi жұлмаланып, iшек-қарны ақтарылған ақ көгершiн жатты». Бұл кезде біз Кеңес одағында өмір сүріп жатқанбыз. Ал 1990 жылы дәл осы әңгіме «Халық кеңесі» газетінде жарияланды» депті. Қаламгердің өктем жүйеге ішкі қарсылығы осы шығармадан айқын көрінеді.

«У» әңгімесінде негізгі кейіпкерлер ерлі-зайыпты Нұрбек пен Гүлжан отбасындағы қайғылы тағдыр бейнеленген. Алақандай үйде ұйып отырған жандардың өмірі кенеттен бұзылады. Оның себебі Нұрбектің айықпас дертке шалдығуы еді. Дәрігерлердің өзі бір жылдан бері дұрыс диагнозын қоймаған жараны Гүлжан өзі емдеп жазуды ойлайды. Кішкентай екі қызы мен өзін асырап отырған азаматының мүшкіл халін күнде көру ол үшін азап. Сондықтан қал-қадерінше ем-домның түр-түрін жасап көреді. Жолай Қаншайым қарияны кезіктіріп, әңгімелеседі:

«– Осының бәрi ана ай сайын жер-дүниенi дүр сілкінтіп, алып шар сияқты аспанға атылып, ауаға жайылып жатқан улы жарылыстардың кесірi ғой.

– Иә, жарқыным, адамзатты аздырып-тоздырар кесапат болды ғой!.. Мәдидің қызы биыл жетіге шықты дегенге кім сенеді. Әлі тұсауын кеспеген сәби секілді, былқ-сылқ етіп жүре де алмайды.

– Нұрбектің де дерті содан болды-ау!..

– Қалай?

– Тірі жанға айтпап ем! Не деп айтамын?!. Ана жылы шөпшілер бригадасында істегенде «Дегелең» тауының маңынан шөп шапқан еді... Ыстықтаған соң салқындап алайын деп көлге шомылыпты. Содан ертеңінде жауырын тұсына бітеужара шығып, іріңдей бастады. «Дәрігерге көрінсеңші!» дегеніме құлақ асты ма?! «Қазір науқан кезі. Онсыз да жұмыс бастан асады. Сыздауық қой, ештеңе етпес» деп елемеді ғой!..

– Қазақ «Елемеген ауру жаман!» деп тегін айтпайды ғой!».

Екеуара әңгімеден бір елдің тағдырын білуге болатындай. Полигонға жақын отырған ауыл халқының трагедиясы көрініс тапқан. Нұрбектің де денесін қаптаған жара соның салдары. Осыны ойлаған Гүлжан не істерін білмей дал болып, мұң шегеді. Кенет Қаншайым қарияның сөзі оған сәл де болса демеу береді:

«– Уды у қайтарады. Улы жыланның басын қайнатып iшкiздiңдер ме? Сол сумен жараны жуса тез жетіледі дейді. Мына тұрған «Ақбұлақта» біреу дәл осылай ауырған екен, содан жазылыпты.

– Соны менің де құлағым шалған! Бірақ онша сене қоймап едім! – деді Гүлжан шын-өтірігін білгісі келіп. – Кім екенін нақты білесіз бе?

– Ой, ана… тілімнің ұшында тұрғанын қарашы… Ол да Нұрбек құралпы жас жігіт… – Азырақ ойланып тұрып қалды да, есіне әлдене түскендей көзі күлімдеп қоя берді, – Алпысбай… Әкесінің аты Тоқан...

– Ол жігітті мен де білемін ғой! Кезінде Нұрбектермен бірге Дегелеңнің маңынан шөп шапқан…

– Иә… иә… дәл өзі!

Гүлжанның жүзінде күлкі ойнады. Кеудесінде үміт оты жылт етті. Бірақ, ештеңе сездіргісі келмеді».

Осы диалогтан шарасыз адамның әйтеуір бір үмітке алданған сенімі байқалады. Әйтпесе көзі ашық адам улы жыланнан ем табуды ойламайды ғой. Тағдырдың сынынан шаршаған Гүлжан ол емді де жасамақшы. Тек жолдасы сауығып кетсе болғаны.

Әңгімеде өз алдына жатқан бір ауыл мен биліктің бір-бірінен тым алшақ екенін көресіз. Жоғары жақты айтпағанның өзінде, сол ауыл басшыларының қарапайым халық тұрмысына пысқырып та қарамайтыны байқалады. «Ел қайтіп күн көріп жүр, немен айналысып жатыр?» деген сауалдар оларға маңызды емес. Шығарманы оқи отырып, өз басының тыныштығын ғана ойлаған басшыларды іштей айыптайсыз. Шарасыздықтан көмек сұрай кірген Гүлжанның басшымен болған диалогынан көп жайды аңғаруға болады:

«Директор үстелiнiң үстiнде шашылып жатқан қағаздарды ақтарыстырып отыр екен. Қабағы қатулы, өңi суық.

– Сәлеметсiз бе? – деп кiрiп келген Гүлжанға көзiнiң астымен сүзе қарап:

– Жай келдiң бе? – дедi гүр етіп.

– Аға, жалғыз сиырға жем-шөп керек едi...

Қисайып кеткен галстугiн дұрыстаған директор кеудесiн кере шалқая түстi.

– Биыл жауын жаумай, құрғақшылық болғанын бiлесiң...

– Нұрбектің жайы өзiңiзге мәлiм... Лажсыздан келiп тұрмын, аға!

– Сендер түгiл, совхоздың малына шөп жинай алмай жатырмыз. Зейнетақысы бар емес пе? Сатып алыңдар.

– Зейнетақысы неге жетеді, аға! Ішіп-жеміміз бар емес пе?! Мен жұмыс істемеймін. Ағымызды сол қасқа сиыр айырып отыр ғой!

– Сүтін сат та, соның ақшасына шөп ал!

– Аға!..

– Ағаламай-ақ қой, бәрібір көмектесе алмаймын!».

Жарлы боп келген жанға бір ауыз жылы сөз қимаған басшының әрекетінен түңіле түсесіз. Кезінде жұмысын істеген азаматқа дәрі-дәрмек беруге де жарамайды. Отбасына көмектесу былай тұрсын, Гүлжанды қуып шыққандай боп, ақылға сыймайтын сылтаулар айтады. Ондай әкімқараларды жоғарыдан сұрауға алмай ма деп те таңданасыз. Бірақ полигонның көз көріп отырған зардабын жасаған биліктің ол жердегі халықтың тағдырымен ісі болсын ба. Гүлжанның жермен-жексен болған еңсесі одан сайын түседі. Ондай сәтте не істеуге болады? Қаншайым қарияның «уды у қайтарады» деген сөзі есіне түседі. Сөйтіп, улы жылан іздеуге шығады. Оны қайтіп ұстаймын деген ой оны мазаламайды да. Тек Нұрбектің дерттен айыққан сәтін көруді армандап, улы жылан жүретін жерлерді кезіп кетеді.

Автордың әңгіменің соңғы жақтарында Гүлжанның мүшкіл халін жеткізген тұсы шебер берілген. Жапанда жалғыз қалғандай күй кешкен мұңлы әйелдің бейнесі тым аянышты.

«Айналадағы шөп-шалам сарғайып, қурай бастаған. Ойы он сақта, өзен жағасымен асыға басып келе жатқан Гүлжан су бетiнде қалқып жүрген өлi шабақтарды көргенде әрi-сәрi күйге түстi: «Қайран, «Шаған» бiр кездерi көздiң жауын алатындай мөлдiреп, арнаңа симай асып-тасып жататын арынды өзен емес пе едiң! Суың тартылып, тұнығың лайланып, сен де мен сияқты бейшара күйге түстің-ау!».

Полигоннан халықпен бірге табиғаттың да өліп бара жатқанын көресіз. Ұлттық трагедияны әңгіменің өн бойынан табасыз. Жаныңыз түршіккенмен, қолыңыздан келер қайран жоқ. Қай кезде де күштілер әлсіздерге өктемдік жасаған ғой. Әділетсіз жүйе тұрғанда халықтың ақиқатты іздеуінен пайда бар ма деп те ойлайсыз. Жылан іздеп жүрген Гүлжанның жол-жөнекей құмырсқа илеуіне кезіккен сәті де қызық.

«Тау беткейінен құмырсқаның илеуін көрді. Азырақ көз тоқтатты. Құжынаған құмырсқалар ерсілі-қарсылы зырылдап жүр. Илеуге бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Қайнаған тіршілік. Қылдырықтай кішкене құмырсқаға көзі түсті. Өзінен үлкен жіңішке жаңқаны мықшыңдап сүйретіп барады. Әрқайысы өз керегін тасып жүргендей көрінді. Бала кезі ойына оралды. Құмырсқаның илеуін көрсе, быт-шытын шығаруға құмартып тұрушы еді: «Балалық-ай, бұл да бір тірі жан иесі ғой! Сонша неге қиратып-бүлдіруге құштар болдық екен? Қарашы, тіпті адамдар сияқты тіршілік етіп жатыр. Илеуді тас-талқан етіп талқандау – бір ауылдың ойран-асырын шығарып кеткенмен бірдей екен ғой!»

Осы жолдардан философиялық астарды байқауға болатындай. Қаперсіз жүрген кезде адам ешнәрсені ойламайтын көрінеді. Бала кезде құмырсқа илеуін қиратқан сәтін еске түсірген Гүлжанның өкініші көп нәрсені аңғартатындай. Жан алқымға келген тұста өзінің «болмашы» әрекетінен кінә тауып тұр. Шынында, ешкімге, тіпті ешбір тіршілік иесіне қатыгездік жасауға ешімнің құқы жоғын осыдан байқаймыз. Істеген әрекетің өзіңе қайтып келмесіне кепіл жоқ. Шағын оқиғадан осындай байлам шығаруға болады.

Гүлжанның тағдыры тым аянышты болғанымен, оның өжет рухы, отбасын сақтап қалуға тырысқан жігері адамға күш береді. Еңсесі түссе де, соңғы сәтке дейін бір үміттің жетегінде жүреді. Бәрі жақсы аяқталғанын қалайды. Бірақ... Оның соңғы демі де сол үміттің құшағында жатып үзілгеніне кім-кімнің де жаны күйзеледі. Улы жыланмен жарының жарасын емдеп жазамын деп жүріп, сол жыланның құрбанына айналады.

Күйеуі мен қыздары көз алдына елес берді. Жаны шырқырап, мұрнының ұшына келсе де, соларды ойлап: «Кешіріңдерші!..» – деді күбірлеп. Жанарынан ыстық жас тамшылады».

Гүлжанның өзі өлім құшып тұрса да жақындарының алдында кінәлі сезініп, кешірім сұраған сәті оқыған жанға сұмдық бір сезім сыйлайды. Өмірден ешбір қызық көрмей, қолдан жасалған зобалаңның құрбаны болғандар қаншама. Олардың ақысын кім өтейді және кімнің мойнына қарыз боп қаларын ұға алмай дал боласың. Басқа түскенді көзі көрген сондай жандардың өмірін суреттеу арқылы жазушы бүгінгі бізге де ой салып тұрғандай. Одан әркім әртүрлі қорытынды шығарары анық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар