Карантин кезінде «демалып» жатқан достарым, әріптестерім «қызық оқиға» челленжін бастап, эстафетаны маған да бағыттапты.
Енді қарап отырсам, үйден емін-еркін шығып, жұмысқа барып-келіп, бала-шағаңмен серуендеп, қонаққа, туыстарыңа, киноға барып жүрген кездеріңнің бәрі қызық сияқтанады. Дегенмен, айрықша атай қоярлықтай ештеңе еске түспейді. Сосын бала күннен бертінге дейінгі кейбір кезеңдерді көз алдымнан өткіздім. Ойыма өз өмір жолымдағы ақсақалдар, ағалар оралды. Үзік-үзік суреттер елестеді.
* * *
Әкем бала күнімнен жанынан тастамайтын. Үйдегі үлкендердің айтуынша, титтейімнен ауылдағы әжемнің қолында жүрген мені арасында, Алматыға, тіпті, жеті айлық кезімнен бастап алып кетіп тұрған сәттер кездесіпті. Әлбетте, ол күндер жадымда жоқ. Бірақ ес білгелі қасына көп ердім.
Бірде, төрт-бес жасар кезім болса керек, екеуміз Қарағандының Ақшатауынан Алматыға жолға шықтық. Бұл елдімекен мен Ағадыр станциясының арасы жүз шақырымдай жер.
Шығарда автобекет алдында әлдебір ақсақалдың әкеммен ұзақ сөйлесіп, қолына хат ұстатқаны есімде. Қас-қабақ, қимыл-қозғалысынан қалайда осыны иесіне ықияттап тапсыр, саған аманат дегенін ұққандаймын. Әкемнің де әлгі конвертті сөмкесіне салып алған соң бас шұлғып, «жақсы, ағасы, уайымдамаңыз, өтінішіңіз орындалады» дегендей үлкен кісімен қос қолдап қоштасқан сәті көз алдымда тұр.
Түс әлеті еді. Бір кезде автобусымыз да келіп, ақырындап орын-орнымызға жайғасқан соң, бұрылып шыға сала, қалашық сыртына қарай жүйткітіп берді. Әйткенмен, сары «ПАЗ» кең даладағы асфальт жолдың апшысын қуырып бір сағаттай зулап келіп, орта жолда кілт тоқтап еді. Содан, неге екенін, ұзақ бөгелген. Әлден мезгілде кейбір шыдамсыздау жүргіншілер:
– Өй, енді қашанғы тұрамыз?! Не істеп жатсыңдар, өзі? Жүрмейміз бе! – деп айғай-шуға басқан.
– Иә, расында, бұл не сұмдық! Пойыздан қалатын болдық!
– Мыналар ылғи өсти ме? Мұндайларын білгенде жеке көлікпен жеткеніміз жөн еді...
Сөйтсек, көлігіміз бұзылыпты. Айғайлап, дауыс көтергеннен пайда аз; шофер мен техника тіліне жетік жігіттер бірінің үстіне бірі мінгескендей жабыла жүріп, кезек-кезегімен моторға төніп, көп әбігерленді.
Әйтеуір, жаз айы. Автобусқа кіріп-шығып, маңайды айналсоқтап ұза-а-ақ жүрдік.
Әкемнің қол сағатына қарағыштап, тықыршып, берекесі қашқанын аңдап, мен де мазасызданамын. Солтүстік жақтан келетін транзит пойыз станциядан кешкі алтыда өтетін көрінеді. Соған жетіп үлгермесек әуреге түсіп, қатты қиналатын сияқтанамыз.
Бір кезде машина дүр етіп от алды. Бірақ тұнжыраған жұртшылық аса жадырай да қоймаған. Бәрінің де әлденеден күдер үзіп, түңілгені, өңдері түтігіп, шаршағаны анық еді.
Ағадырға сағат бес шамасында жетіппіз. Иығына асқан сөмкесі бар әкем түсе сала дедектетіп мені жетелеп алып, іргедегі вокзалға қарай ұмтылды. Келсек, ығы-жығы жүргінші көп, касса алдында иін тірескен ел. Бірақ сол қалың нөпірдің арасына бұза-жара кіріп, лезде билет алып шықты. Одан соң біз секілді Алматыға бара жатқан әлдебір студент қыздарға:
– Айналайын, мен бір жиырма минут ішінде анау үйлердің сыртындағы редакцияға соғып келейін, мына балама бас-көз болып кішкене қарайлай тұрыңдаршы, – деп қолқа салды.
– Жарайды, ағай, жарайды, барып келіңіз...
Бойжеткендердің бірі басымнан сипап, қасына отырғызды. Перронда пойыз күтіп, әрі-бері жүрген жұрт қимылын шолып, вокзал алдындағы ұзын орындықта алақ-жұлақ етіп, үрпиіп отырмын.
Қазір ойласам, редакция үйіне дейінгі аралық, кемінде, жарты шақырымдай жер. Әлден мезгілде гудогі аңыраған пойыз дүбірі де естілді. Репродуктор: «Сақ болыңыздар! Сақ болыңыздар!» - деп саңқылдай бастағанда менің де жүрегім атқақтап аузыма тығылғандай еді. Әкем келіп үлгермеді.
Бүкіл жолаушы составқа қарай лап қойған. Атып-атып тұрған әлгі қыздар да маған қарамай өз вагондарына жүгірді. Секиіп, жалғыз өзім қала бердім.
Бір кезде зәрем ұшқаннан жаным ышқынып, әкем кеткен вокзал ғимаратының екінші жағына жүгіріп шыққанмын. Қарасам, әкем де құстай ұшып келеді екен. Қасында қосарласа жүгірген біреу бар. Екінші бүйірден соларға қарай ұмтылған тағы бір ағай көрінді...
Артынан білдім, Ақшатаудан шығардағы сонау егде кісі әкеме аудандық газетке кенші ағайындардың әлеуметтік-тұрмыстық ділгірлігіне қатысты мақаласын табыстаған екен.
– Пошта арқылы жіберсем ұзақ жүреді. Және хатым уақытылы барған күнде мені кім біліп жатыр. Ескере қоймас. Сен ондағылардың бәрін танисың ғой, өз қолыңмен апарып өткізші, айналайын. Онан соң осыған бір ауыз алғысөз жазып қос. Мән-жай өзіңе де жақсы таныс қой, – деп өтініш айтыпты.
Міне, әкем редакцияға жарты сағат арасында осы шаруаны тиянақтап қайту үшін жүгірген көрінеді. Барған бойда жағдайын түсіндіріп, сонда жұмыс істейтін жолдастардың бірін жолазық алу үшін екінші шеттегі магазинге жұмсапты. Әлгі, қиырдан қосылып, ентіге жеткен екінші ағай сол адам болып шықты.
Әкем менің қиналған түрімді көріп өзінің де жаны күйзеліп кетсе керек:
– Ой, онша абыржыма, балам! Пойызға отырып үлгереміз. Уақытты осылай есептегенмін ғой! – деді мені жерден көтеріп алып кеудесіне қысып бетімнен сүйіп жатып.
Тамбур платформасына табан іліктірген кезімізде екі иінінен дем алған отарба да дөңгелектері тарсылдап жылжи берді.
Есейе келе аңдадым, от ала қашқандай жаныңды мұрын ұшына келтіретін осындай қарбалас тірлік журналистер өміріне де тән екен. Оны тілшілер тілінде «оперативтілік» деп атайды. Ашыңқырап айтқанда, қысқа уақыт аралығында белгілі жәйтті дереу бұқара көпшілікке жеткізу үшін уақыттан қысылып, қылпылдап отырып, сапалы өнім даярлап үлгеруің қажет. Және бұл жағдай жиі қайталанады. Осылайша алғы шептегі жауынгердей күн-түн демей жанталаса жүгіру арқылы ысылып, біртіндеп «пісе» бастайсың.
Сол жолы қарайлай тұрайық деп алып қалғанымен, жеме-жемге келгенде мені қолма-қол ұмытып, бір ауыз сөз айтпастан тастай безген әлгі қыздардың әрекеті бірталай ойландырғаны бар. Кейін де белгілі шақтарда берген уәдесінен оп-оңай тайқи салатын жандарды талай кездестіргенбіз. Сөйтсек, өмір солай екен, ондайға бола біреуге ренжудің жөнсіздігін пайымдадық.
* * *
Алматыдағы «Дәуір» баспасы тірлігімен жастай танысыппын. Лифтіде, кең дәлізде Уәлихан Қалижан, Несіп Жүнісбаев, Нұртөре Жүсіп сияқты танымал ағаларымызды кездестіреміз.
– Ассалаумағалейкум! – деп жетіп барып амандасасың.
Ол кісілер де жылы шыраймен қолыңды алады. Кейбірі:
– Уағалайкумассалам! Иә, балақай, қал жақсы ма? Сәлем бергенің жарасымды екен. Жарайсың! Таудай жігіт бол! – деп бата береді.
Соған арқаланып, еркін жүреміз. «Редакцияда не істеп жүрсің? Қайдан келген баласың?» деп ешкім сұрамайды. Әлдекімдермен тілдесіп, баппен, маңғаздана басып Тұманбай Молдағалиевтей асқар ағалардың да жоғарыдағы кабинетіне көтеріліп бара жатқанын көресің. Жүгіріп жүріп, төменде орналасқан асхана мен әкемнің кабинеті аралығын жалғайтын лифтімен әрі-бері «серуендеуді» ұнатушы ем...
Біріншіде оқитын кезім. Түске дейін сабақ. Одан кейін бірталай уақыт әкемнің жанында жүрген кезеңдерім болды. Бесін ауа редакцияға соғып, үйге шешем алып кетеді. Сонда биік ғимараттың жетінші қабатындағы кейбір өзге де кабинеттерге кіріп көргенім бар. Журналист ағалар темекілерін бұрқыратып, мақала жазып отырады, секретариаттағылар кезекті нөмірдің макетін сызады немесе топтасып, газет ісіне қатысты жәйттерді ақылдасып жатады. Оларға түрлі шаруаларымен келіп-кетіп жататын қатардағы авторлар легі де толастамайды...
Үйге жолдастарын ерткен Әбубәкір Қайран, Табылды Досымов сынды ақын-жазушы ағаларымыз жиі келетін. Олардың әрбір отырысын Өмір, Әдебиет, Өнерге қатысты керемет кешке баласа артық емес. Небір тосын ойлар айтылады, әралуан қызықты деректерге қанығып, қиялың қанаттанады. Әңгіме арасында шалқыған ән-жырға кезек беріледі. Кей-кейде жан-жүректерін шабыт буған ағалар белгілі тақырып төңірегінде дауласып та қалатын. Бірақ солардың ешбірінен, қанша қызынғанмен, боқтау түгілі өзара көңілге келетіндей ауыр сөз айтқанын естімеппіз. Қайта бір-бірін хан көтере құрметтеп, бір-бірінің бетіне жел болып тимейтіні тәнті етер еді...
Бір күні Республика сарайында өткен «Тамаша» ойын-сауық отауының концертіне бардық. Әкем сол кездері Құдайберген Сұлтанбаевпен әңгіме-сұхбат құрып жүреді екен, әлгі жолы осы Құдекең, Тоқсын Құлыбеков, Уайыс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев ағалар мен Лидия Каденова сияқты апайларды теледидардан немесе көрермендер залы арқылы емес, сахна сыртынан жолықтырып, өте жақыннан «тірідей» көріп, керемет таңырқадым.
1994 жылы Сәкен Сейфулиннің сонау Ағадырда өткен жүз жылдық мерейтойына бір вагон ақын-жазушыға қосылып арнайы бардық. Ғұлама ғалым Тұрсынбек Кәкішев, әйгілі ақын Кәкімбек Салықов, атақты композитор Илья Жақановпен бір купедеміз. Оларға жүгіріп шәй тасимын. Ауызым ашылып әңгіме тыңдаймын. Қайталанбас тұлғалармен бірге өткен сол сапардың әсері әлі күнге дейін естен кетпейді.
Өсе келе әкеме ілесуді сиреттім. Біртіндеп күнделікті сабақтар да қиындай берді, одан бозбалалық шақ, студенттік өмір басталған...
* * *
Төртінші-бесінші сынып тұсында жазушылар отбасы – Әкім Тарази, Роза Мұқановамен көрші тұрдық. Ұл, қызы бізден кіші. Соларды ауладағы көп бала ойнатуға бейілміз. Роза апайымыз – әкемнің курстасы. Содан ба, әйтеуір, ерекше тартып тұратын бір жақындығы бар.
Әкім ағамыз да балаларын ойнатуға шыққанда ерекше жадырайды. Бірақ бәрібір әрдайым қалың ой құрсауында жүретіндей көрінетін. Онысы қас-қабақ, жүріс-тұрысынан анық аңғарылып тұрады. Көзқарасы терең. Қозғалысы салмақты. Сол себепті ол кісіге аса жуысып, еркінсуден сақтанамыз. Жылылығы сезіліп тұрса да мысы басып, ара-қатынасты сақтауға мәжбүрлейтіндей. Ой тұнған жанардағы мейірімінің өзі тәрбие секілденеді. Ойнап жүрсек те іс-қимылына қарап, сыпайылықтан аспауға тырысамыз.
Тағы бір қызығы, Әкім ағамен жолымыз жиі түйіседі. Сабақтан шығып, Абай мен Фурманов (қазіргі Назарбаев) көшелерінің қиылысынан шағын «Газель» көлігімен үйге қайтқан сәтімде келесі Абылайхан даңғылы аялдамасынан осы көлікке Әкім Тарази да кіріп келе жатады. Көбінесе Ұлттық кітапханадан шыға ма деп топшылаймын. Кей-кейде Әуезов атындағы академиялық театр түбіндегі Орталық стадион аялдамасынан мінеді. Жанына келіп амандасамын. Жымиып қолымды алады. Бірақ көлікте де ой құшағынан ажырамайды. «Маршруткамыз» Гагарин көшесіне жеткенде екеуміз де түсеміз. Әкім аға қолтығындағы қалың папкасын қысыңқырай ұстап, аяңдай басқан күйі ұзын аллея бойымен Құрманғазы көшесіне қарай беттейді. Үйіміз сол маңда. Алдына түсіп жүгіре жөнелуге батпаймын. Әжемнің қаршадайымнан құлаққа құйған «үлкен кісінің алдын кеспе, оларға қолыңнан келгенше қызмет көрсет, топ ортасында ыржалақтап күлме, жан-жағыңа түкірме» деген «ғақлиясы» ойға оралады. Сөйтіп үйге қарай қанша асықсам да, заңғар жазушының соңынан ақырын ілбіп, ілесіп келе жатамын.
Әкім ағамыз сексен алты жасқа толғанда «Егемен Қазақстан» басылымының редакциясында кездесу өтті. Қызықты естеліктер, әсерлі әңгімелер айтылды. Сол жиында Роза апайымыз мені қабырғалы қаламгер ағаммен тағы бір мәрте таныстырған. Өзім де ағаға бірталай көрші тұрғанымызды жайлап айтқан болдым. Жылы жымиып, мейірлене қарады. Бірақ ұзақ ғұмырында көз алдынан мендей баланың талайы өтті ғой, есіне түсірді ме, біле алмадым.
* * *
Бесіншіден алтыншы сыныпқа ауысып жатқан кезім. Жазғы каникулды аяқтап, нағашыларымыздың ауылынан Алматыға қайтып келе жатырмыз. Ондағы үлкендер, әдетте, інім екеумізді автобусқа отырғызып жібереді, ал пойызға Аягөзден күтіп алатын таныстар мінгізеді.
Бұл қалаға дейінгі жол да оңай емес, мұнда Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ақсуаттан сол баяғы сары «ПАЗ» жеті сағат дегенде шаршатып-шалдықтырып зорға жеткізеді. Шаңнан көзіміз ғана жылтырап түскен бойда вокзалға асығамыз. Мұндағы касса алды да топырлаған жұрттан босамайды. Күніне Алматыға қарай Новосибирскі мен Өскеменнен өтетін екі пойызға билет табу да қиямет. Ел әйтеуір ілігіп кету үшін көбіне жолсеріктерге жалынады.
Әупірімдеп жүріп өзімнен бір жас кіші інім екеуміз бөлек-бөлек екі вагонға міндік. Қуықтай дәлізде жолпұлын алдын ала алып, орын табылғанша тапжылмай отыруымды ескерткен етженді жолсерік әйелді көп күттім. Әбден қалжыраған едік, оның үстіне ұйқы қысып, іргедегі ыңғайлырақ деген жерге отыра кетіппін. Қарсыдағы купенің есігі жартылай ашық тұр екен. Терезеден сыртқа ойлана қарап отырған адамды шырамытқандай боламын. Анықтап қарасам – кәдімгі Ұлықбек ағамыз! Иә, атақты ақын Ұлықбек Есдәулет. Екі-ақ адамдық «СВ» купе еді.
Кіріп барып, қол беріп амандастым. Ол кісі жалт қарап, ұсынған қолымды ыждаһаттана алды да:
– Кел, кел, батыр! Жоғары шық. Қайдан келесің? – деп жөн сұрады.
Ақсуаттан шығып Алматыға бара жатқанымды айтып, журналист әкем мен сатирик-жазушы нағашымның атын атадым. Ұлағаң:
– Ой, айналайын, өзіміздің бала-екенсің ғой! – деп шашымнан сипап, маңдайымнан иіскеді. – Орның қайда?
Мен жағдайымды айттым.
– Әзірше орын жоқ. Жолсерік апай ыңғайына қарай тауып беремін, осы вагонда күт деген. Со кісіні тосып жүрмін...
– Ә-ә... Жөн! Мына купені елдегі жігіттер арнайы алып беріп еді. Тынығып, жазуыңызды жазып, өз-өзіңізбен болыңыз деп. Ішім пысып отыр еді, сенің келгенің жақсы болды ғой!
Бір кезде жолсерік әйел де кіріп келіп, аң-таң болып, ақын ағамен табыса қалған маған аңыра қарады. Ұлағаң:
– Сіз енді бара беріңіз, бұл бала осында қалсын, – деп ымдаған соң ол да өз жөніне кетті.
Үстел үстінде қуырылған, қақталған балық, екі-үш шөлмек лимонад тұр. Қарным ашқанын енді білдім. Сол кезде інімнің жағдайын ойлаймын. Ол не істеп жүр екен? Орын тапты ма... Оның да қарны ашқан шығар...
Қозғалақтап, сыртқа шығуға ыңғайланамын.
– Өй, балам, не болып қалды? Нағашыларыңды қимай барасың ба? – деп Ұлықбек аға жүзіме күлімсірей қарайды.
– Аға, мен жалғыз емес едім. Осы пойызда інім бар. Өзінің қай вагонда отырғанын да білмеймін.
– Онда жылдам бар да, ініңді ертіп кел. Жақсылап шай ішейік!
Інімді дереу тауып әкелдім. Рахат болды.
Терлеп-тепшіп шай ішіп отырмыз. Ұлағаңның Зайсан, Катонқарағай жақты аралап келе жатқан беті екен. Арқалы ақын аға туған жерінің сұлу табиғаты, ондағы қарапайым да рухты, тағдырлы адамдар туралы әңгімелер айтуға кірісті.
Інім екеуміз қарын тойдырып алған соң ағаның қарсысындағы кең орынға аяғымызды айқастырып алып ұйқыға бастық...
Студент кезімде «Қазақ әдебиеті» басылымына екі әңгімем шықты. Төбем көкке жетердей қатты қуандым. Газеттің ол кездегі бас редакторы Ұлықбек Есдәулет. Ал сонда «Жас толқын» қосымшасын шығарып, біздің әңгімемізді жариялап жүрген – Маралтай Райымбекұлы көкеміз.
Дипломдық жұмысқа дайындалып жүрген кезім еді. Тележурналист болуды діттеймін. Өндірістік практиканы белгілі журналист Бейбіт Құсанбектің жетекшілігімен өткізгенмін. О кісі де:
– Алдағы уақытта бірге жұмыс істейміз. Сенде тележурналистке қажетті қабылет жеткілікті, – деп арқадан қағып, арқаландырып қояды.
«Хабар» арнасының дүрілдеп тұрған тұсы. Алдағы шетелдік іссапарлар, белгілі адамдардан алынатын сұхбаттарды қиялмен шолып жүремін. (Кейін ол арман да орындалды. Агенттіктегі Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыз бастаған бірнеше толқынмен әріптес болдым. Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болу мүмкіндігі де бұйырды).
Жоғары оқу орнын аяқтағалы жүрген сол күндердің бірінде университетке мені ақын Қайрат Әлімбек іздеп келіпті. Журналистика факультетінің жертөлесіндегі буфетте курстастарымызбен әлдебір көңілді әңгіме жетегінде отырғанбыз. Қасымызға келген Қайрат аға басындағы қалпағын шешіп, тершіген маңдайын сүртіп, құшақтай амандасты.
– Мені мұнда Ұлықбек аға жіберді. Өткендегі «Ащы алма» деген әңгімең ұнаған екен. Сен көп ойланбай бізге, «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа кел! – дейді.
Ат-тонымды ала қаштым:
– Ойбай, Қайрат аға, мен тележурналистика кафедрасын бітірдім ғой. Енді сол телевизия жағын жағалап көрмекшімін...
– Көп сөзді қой! Ондай мүмкіндік көп ешкімге берілмейді. Айлығың – жетпіс мың теңге. Жақында басылымның мерейтойы. Баспаналы болып қалуың да ғажап емес!
– Ағасы, мен біраз ойланайын. Сосын сізге жауабын айтамын!
Көп ұзамай үйленіп, үлкен бір іс тындырғандай ауылға барып демалып, үш айдай бос жүріп қалдым. Қайрат ағаммен хабарласудың сәті келмеді. Одан «Хабарға» жұмысқа орналастым.
Ал, Ұлағаң әлі күнге дейін сол баяғы бала кезде пойызда көргендегідей маңдайымнан иіскеп, құшақ жайып тұрады. Бір кездескенде, тіпті, ырымдап, мойныма өзінің галстугін тағып берді!
Кейін Алматыдан Астанаға көшіп келіп, жаңа ортаға үйренісе алмай жүрген кездерде де ағалардың қолдауын аз көрмеппін. Шапағат шуағына бөлеген ол аяулы жандардың есімдерін тізіп отыру да шарт емес шығар. Құрметім – жүрегімде! Терең көңіл түкпірінде! Ол ағайындардың қамқорлығы мен ықыласын мәңгі ұмыта алмайсың.
Бірталайдан бері Ақтөбедемін. Мұнда көшіп келгенде Мейірхан, Бауыржан, Бижан, Бердібайдай ағалар да өз баласын қарсы алғандай бауырларына тартты. Расында, қашан да ағалар алақанының ыстық табын сезіну зор бақыт шығар.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.