Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Мо Ян. Гаулияң арағы (соңы)...

01.08.2020 5065

Мо Ян. Гаулияң арағы (соңы) 16+

Мо Ян. Гаулияң арағы (соңы) - adebiportal.kz

Қытайшадан аударған: Серік НҰҒЫМАН

Басы мына жерде.

IV

Әжемнің есектен түсуге икемделе бергені сол ауыл әкімі У маймыл:

– Келіншек, есектен түспей-ақ қойыңыз. Аудан әкімі сізді шақырып жатыр, – дейді айғайлап.

Оң-сол екі жағынан мылтық асынған екі әскер ілесіп, есекке мінген күйінде айдап, әжемді ауылдың батыс жағындағы иінге қарай алып жүреді. Әжемнің әкесінің бұлшық еті тартылып, келген жерінде қозғала алмай қалады. Әскерлердің біреуі мылтықтың дүмімен желкесінен түйіп жіберген екен, тартылған балтыры табанда жазылып, есектің артынан елпілдеп ере жөнеледі.

Әжем иін жағасынан ағашта байлаулы тұрған қара атты көреді. Ер-тұрманы айырықша арғымақтың кекілінен бір уыс қызыл шашақ көзге ұрады. Алдыңғы жағынан, неше қадамдай жерден төрт бұрыш үстел орын алыпты. Үстінде – шәйнек, шыны. Шетінде бір адам отыр. Отырған кісінің аты жер жарған Сау әкім екенін әжем білмейді. Үстел жанында тұрған тағы бір адамның әкімнің жақыны, дүре соғу мен кісі құрықтауда алдына жан салмайтын Иән төре – Иән Луогу екенінен де хабарсыз еді. Үстелдің алдығы жағына ауылдың бар тұрғыны жиналыпты. Суықтан ыққандай иін тіресіп, ұйлығысып тұр.

Бүкіл денесі малмандай су болған Лохан ата үстел маңынан орын алыпты. Дән әулетінің әкелі-балалы екеуінің өлі денелері талдың астына, тақтай есіктің үстіне қойылыпты. Қара аттан аса қашық емес. Мәйіттен иіс шыға бастаған. Есік тақтайының жиектерінен сарғайған су іркіндісі жылтырайды. Бірнеше қара қарға тал астында секеңдеп, тіміскеліп жүр. Ағаштың айдар-тәжі қайнаған қазаннан аумай у-шу боп жатыр.

Лохан ата осы кезде ғана әжемнің жүзін анық көреді. Әжем толықша келген дөңгелек жүзді, қасы-көзі қиылған, әппақ мойны сұңғақ, мол біткен қара шашын жиып әкеп желкесіне түйіп алған, көрер көзге аса сымбатты әйел екен.

Есек үстелдің қасына келіп бір-ақ тоқтайды. Үстіндегі әжемнің белі бекем, бойы тік, әсем отырысы жұрт назарын бірден аударады. Лохан ата суық өңді Сау әкімнің шарасы үлкен қара көздерінің жас келіншектің ақ жүзін тоқтамай тінтіп жүргенін байқайды. Сол сәт санасында бір ой жасын отындай жарқ етіп өтеді: үлкен-кіші қожайындар дәл осы әйелдің қолында жан тапсырды-ау, сөз жоқ, көңілдесін азғырып, айдап салды. Өрт қойғызып, ізін жасырып, сытылып кетті. Дән шаңырағының екі кісісін өлтіріп, жанға қиянат жасағанмен, жер аяғы кең, бұдан кейін де білгенін істеп, қалағанын қыла алар...

Есек үстіндегі әжеме қараған Лохан ата іле өз ойынан өзі айниды. Адам өлтірген кісі ізін жасырып кеткенімен, негізінде, қанқұйлы кеспірін бүркей алмайды ғой. Ал мына әйел... менің әжем құдды бір балауыздан соққан сұлу мүсіндей есектің үстінде қаннен-қаперсіз отырады. Шидей екі аяғы өкшелері тиісе жаздап тербеліп, жүзінен мұңға толы салқын рай жамырап, пері қызынан ары болмаса, бері болмай уылжып отырады. Есектің қатарында кеудесін өр ұстап, шірене қалған әкесінің етегі желбір қаққан жейдесінің түсі тіпті де ашылып, иесін жас қылып көрсеткен әдемі өңі әжемнің нұр-сәулесіне де сәуле қосқандай болады.

– Келіншек, есектен түсіп, сұрақтарға жауып бер, – дейді Сау әкім.

Әжем есектің үстінен қозғалмайды. Ауыл әкімі У маймыл жүгіріп барып:

– Есектен түс! Әкім төре сені есектен түссін дейді, – дейді дауыстап.

Сау әкім қолын көтеріп, У маймылды тоқтатады. Сосын өзі орнынан тұрып:

– Келіншек, есектен түсіңіз... есектен түсіңіз... әкім ретінде менің сенен сұрайтын сұрақтарым бар, – дейді жұмсақ үнмен.

Әжемді әкесі сүйеп түсіреді.

– Аты-жөнің кім? – деп сұрайды Сау әкім.

Екі көзін тарс жұмып, қаққан қазықтай қақайып тұрған әжем тіл қатпайды.

– Ұлық төрем, бұл келіншектің тегі Дәй, есімі Фыңлиян. Еркелеткен аты – Жиу-ар. Маусымның тоғызы күні туған, – дейді әкесі асығып-аптығып.

– Мыжғау, – дейді Сау әкім.

– Саған кім айт деді? – дейді У маймыл әжемнің әкесіне қадалып.

– Жексұрын! – деп үстелді салып қалған Сау әкім У маймыл мен әжемнің әкесін жерге тығып жібере жаздайды. Әкім жүзін қайта жұмсартып, қолымен талдың астын – тақтайда жатқан Дән әулетінің әкелі-балалы екеуін нұсқайды.

– Келіншек, сен мына екі кісіні танисың ба?

Көз қиығын салып, жүзі кенет суып кеткен әжем үнсіз басын изейді.

– Олар сенің күйеуің мен қайын атаң ғой? Біреу өлтіріп кетіпті, – дейді Сау әкім зірк етіп.

Тәнтіректеп кеткен әжем жерге құлап түседі. Тұрғандар барып сүйегенде, қолы ербеңдеп, аяғы тыпырлап, шашындағы күміс түйреуіші ұшып кетеді. Қара бұлт қаптап, нөсер құйғандай күй кешеді. Жүзі қуарған әжем еңкілдеп жылап, сықылықтап күледі. Астыңғы ернінен бұрқ еткен қызыл қан төмен жылып ағады.

Үстелді тағы бір салып қалған Сау әкім:

– Құлақ салыңдар! – дейді дауыстап. – Әкімнің үкімі: Дәй фамилалы келіншек, діні жұмсақ, дені сау, мінезі салмақты, алып-ұшпа қызбалығы жоқ. Күйеуінің қазасын естігенде қамығып, қайғы жұтты. Қан құсып, запыран түкірді. Қара бұлтты қайырып, жақынына адал екенін көрсетті. Мұндай ақ жүрек әйел қалай көңілдесін күшкіртіп, өз күйеуін өлтірте алмақ?.. Ауыл әкімі – Дән У маймыл, менің байқауымша, сенің жүзің бозарып кетті. Сөз жоқ, апиынкеш, құмарпазсың! Ауыл әкімі бола тұра ауданымыздың түзім-тәртібін өзің бастап бұзған бұл қылығың – кешіруе болмайтын қылмыс. Оған қоса, арсыз сөз, былғаныш тілмен аққа күйе жақтың. Мұның, тіпті, қылмыс үстіне қылмыс. Мен әкім ретінде істі ашық тексеріп, әділ үкім шығарғанды ұнатамын. Біреумен ашына болып, аяғын шалыс басқан кісі заң құрығынан құтылмайды. Әкелі-балалы Дәндердің кісі қолынан қаза табуы, сөз жоқ, сен жауап беретін іс. Сен, біріншіден, Дән әулетінің дәулетіне қызықтың; екіншіден, Дәй фамилалы келіншектің жүз-жамалына сұқтандың, сол себепті, бар шаруаны мұқият жоспарлап, қатерлі өткелден жеңіл өтпек болдың. Мені көзапара алдадың. Мұның барып тұрған Лу Банның (ағашшылар пірі) есігіне барып, балта қайрау, Гуан Иенің алдында пышақ жану, Кұң Фузының ауласында «Үш әріп тағылымын» оқу, Ли Шыжыннің құлағына «Дәрілер сөздігін» озандата сарнау. – Ұстаңдар оны!

Бірнеше әскер барып, У маймылды ұстап, екі қолын артына қайырып байлап тастайды.

– Менің еш күнәм жоқ, Ашық аспан төрем... еш жазығым жоқ! – деп зарлайды У маймыл.

– Табанмен ұрып, аузын жабыңдар!

Белінен аса үлкен табан алып шыққан бала Иән У маймылдың аузын дәлдеп үшті переді.

– Өлтірдің бе, жоқ... айт?

– Жоқ! Өлтіргем жоқ... менің еш күнәм жоқ...

– Сен өлтірмесең... кім өлтірді онда?..

– Бәлкім... ойбай... мен білмеймін... дәнеңе білсем бұйырмасын...

– Әлгінде ғана маған сарнап едің... енді ештеңе білмей қалыпсың ғой... аузынан соғыңдар!

Бала Иән У маймылдың аузына тағы он неше табан ұрады. У маймылдың еріндері ісіп, сыртына айналып кетеді. Аузы қанға толады.

– Айтайын... айтайын... – дейді ақыры зорға күңкілдеп.

– Кім өлтірді?

– Иә... Иә... қарақшы өлтірді... Хуа Бозы деген...

– Сен шақырып келген жоқсың ба?

– Жо-жоқ, иә... иә, менің әкем...мені ұрмаңызшы...

– Жарандар, құлақ салыңдар! – дейді Сау Мыңжиу. – Мен әкім болып келгелі үш мәселені шешуге айырықша басымдық беріп келемін. Олар: апиынды шектеу, құмар ойынын құрту және қарақшыларды түбірімен аластау. Апиын шектеу мен құмар ойынын құртуда үлкен жетістікке жеттік. Тек қарақшыларды аластау жұмысында нәтиже шамалы. Дұңби ауылы әлі ауданымыздағы қарақшылар ұясы болып қалуда. Әкімдік алда бұқара-халықты түгел жұмылдырып, үкіметтің күшіне сүйене отырып, ел аңысы мен жұрт мәліметін саралап, тұйықтан шығар жол тауып, өңірдің бейғам тыныштығын толық жүзеге асырмақшы.

Осы кезде әжем алға қарай үш адым аттап, Сау әкімнің алдына барып тізерлеп отыра қалады.

– Әке... сіз менің туған әкемсіз! – дейді сосын айғайлап.

– Мен сенің әкең емеспін, – дейді Сау әкім. – Сенің әкең анда есектің басын ұстап тұр.

Әжем тізерлеген күйі алға жылжиды. Жетіп барып әкімнің аяғын құшақтай алады.

– Әке... туған әкем! Сіз әкім болғалы қызыңызды танымай кеттіңіз. Он жылдың алдында, ел ашаршылыққа ұшырап, сіз қызыңызды ертіп қайыр тілеп жүргенде, мені сатып, артынан танымай кеттіңіз. Бірақ, қызыңыз сізді жазбай таныды... – деп тоқтамай сарнайды.

– Әй... әй... қайдағыны айтпа! Өтірікті көйтпе!

– Әке... анам әлі тың шығар? Інім он үшке келген болар? Әріп үйреніп, қара таныған шығар? Әке, сіз мені екі бұт қызыл гаулияңға сатқансыз. Мен сіздің қолыңыздан ұстап, жібермей қойғам. Ал сіз: «Жиу-ар, жағдай түзелген соң келіп, алып кетем» дегенсіз. Әкім болдыңыз да, қызыңызды танымай кеттіңіз...

– Мына әйел... жындысың ба... сен мені біреумен шатастырып тұрсың-ау...

– Жоқ, шатастырғам жоқ! Әке... туған әке...

Әжем Сау әкімнің аяғын құшақтап жұлқылай береді. Жүзін жас жуып, сөйлеген сайын аузындағы ақ тістері жарқылдайды да тұрады.

Әжемді орнынан тұрғызған Сау әкім:

– Жақсы, мен сені өзіме өкіл қыз ғып алайын! – дейді ақыры.

– Туған әке!

Әжем қайта тізерлемек боп еңкейе бергенде Сау әкім келіп қолтығынан ұстайды. Енді оның қолына жармасқан әжем:

– Әке, мені қашан алып кетіп, анамды көрсетесіз? – дейді мақтана, масаттана сөйлеп.

– Барамыз... барамыз... әуелі сен қолыңды босат... – дейді Сау әкім.

Әжем Сау әкімді жібереді.

Қалтасынан беторамалын алып шыққан Сау әкім жүзіндегі терін сүртеді.

Көздері атыздай болған жұрт Сау әкім мен әжеме үдірейе қарайды.

Қалпағын алып, ортан қолына іліп, айналдырып-айналдырып қойған Сау Мыңжиу:

– Ауылдастар... ауылдастар... біздің аудан... апиынды шектеу... құмар ойынын құрту... қарақшыларды аластау ұстанымында әрқашан берік... – дей береді әлсін-әлі тұтығып.

Әкімнің сөзі көпке созылмайды. Іркес-тіркес үш рет мылтық атылады. Иіннің артындағы гаулияң алқабынан ұшып келген үш тал оқ әкімнің қолында айналып тұрған қоңыр қалпаққа тиіп, үш жерінің түтінін бұрқ-бұрқ еткізеді. Албастыға айналғандай Сау әкімнің саусағынан көтеріліп, ұша жөнелген делегей жерге түскен соң да тоқтамай айналып тұрады.

Мылтық тарс еткені сол тұрған жұрт шу ете қалады. Кейбірі қасақана:

– Хуа Бозы келді! Үш ноқатты самұрық бас келді! – дейді айғайлап.

Үстелдің астына кіріп кеткен Сау әкім:

– Тыныш! Тыныш! – дейді қылқынып.

Аяқасты шырқы кеткен ел бытарай қашады.

Тал астындағы атты әкелген бала Иән Сау әкімді алып шығып, ерге қонжитады да, қолындағы табанмен аттың жамбасынан періп қалады. Құйрығы ұзын, жалы тік қара сәйгүлік Сау әкімді алып, шаң ілестірмей құйғыта жөнеледі. Он неше әскер гаулияң алқабына қалағандарынша оқ жаудырады. Артынан Сау әкімнің ізін баса, үйірлі арадай ұйлығысып тайып тұрады.

Иін жағасы әуелгісіндей тыныштыққа шомады.

Жүзі суып, қатайып алған әжем есектің мойнына қолын артып, оқ атылған тарапқа қадала қарап тұрады. Артынша есектің астына кіріп, құлағын басып, қыбырсыз отырған әкесін көреді. Киімінен бозғыл бу бұрқырап Лохан ата ғана о бастағы орнынан табылады.

Иін суының беті теп-тегіс болып, жалпақ қайрақ секілденіп жайқиып жатады. Неше тал ақ түсті сұлама тұңғиық гүлі ғажап жарасып, қауашақ тілдері піл тісіне ұқсап жарқырап, мойын соза бой түзейді.

Алған соққыдан мұрны көгеріп, аузы ісіп кеткен ауыл әкімі ашына айғайлап қоя береді.

– Мені босат... мені жібер.... Хуа Бозы, тез келіп, мені құтқар...

Әлдеқайдан атылған үш тал оқ оның айғайына жауап боп жетеді. Үш тал оқтың ауыл әкімінің желке тұсындағы құрулы көрініске барып қадалғанын әжем өз көзімен көреді. Мылтық дауысына ілесе үш сүйем тік тұрып кеткен әкімнің шашы артынша сылқ етіп құлайды. Шүйдесі өрге қарап, жер сүйген тұмсығынан әппақ сұйықтық ағып, сұлық түсіп жатып қалады.

Әжемнің әлпетінде еш өзгеріс болмайды. Әлдекімді күткендей оқ атылған гаулияң алқабына қарап тұра береді. Желпіп самал есіп, иін суына толқын тарайды. Сұлама тұңғиықтар әлсіз дірілдеп, сәуле шағылып, сағым жамырайды. Тал басындағы қарғалардың жартысы әкелі-балалы Дәндердің мәйітіне қонып, жартысы орындарында қалып, қарлығыңқы үнмен құмыға құңқылдайды. Олардың құйрықтары самал желмен қайырыла ашылып, желпуіштей желпіп, арт жақтарынан қаракөк түсті бүртіктер тырс-тырс тамады.

Гаулияң алқабынан еңгезердей біреу шыға келеді. Үстіне етегі тізесіне түскен жейде, басына гаулияң таспасынан тоқылып, сырты тоқ сары маймен майланған ши қалпақ киген кісі иін бойын жағалап, аяңдай басып айналып келе жатады. Ши қалпағына жасыл түсті әйнек маржан тізілген бау тағып, мойнына қара торғыннан шарпы ораған алпамсадай дәу У маймылдың өлі денесіне жақындап барып, үңіле қарайды. Одан Сау әкімнің қалпағына бұрылып, жерден көтеріп алып, маузерінің ұңғысына іліп, бір айналдырып, бар пәрменімен алысқа қарай серпіп жібереді. Шыркөбелек айланған бас киім әуеде доғалана ұшқан күйі иіндегі судың дәл ортасына барып түседі.

Әлгі адам тік қадалып әжеме қарайды. Әжем де оған тігіліп, екеуі қарсы келіп қалады.

– Дән Пиянлаң сенімен жатты ма? – деп сұрайды еңсегей бойлы.

– Жатты, – дейді әжем.

– Ой, шешеңді... – деп бір боқтаған анау гаулияң алқабына қарай жүріп кетеді.

Көз алдында болып жатқан істерге ақылы жетпей, сансырап тұрған Лохан ата бір сәт ненің не екенін айырудан қалады.

Үлкен-кіші қожайындарының сүйегін қаптаған қара қарға қоршап алады. Дәніккен немелер темір түсті тұмсықтарын аямай салып, мәйіттердің көзін шоқып, ойып жеп жатады.

Лохан ата кеше Гаумидің үлкен жәрменкесінде өзінің қалай дат айтып, іс мәлімдегенін есіне алады. Сау әкім оны ертіп әкімдікке барған-ды. Үлкен залға балауыз шам жағып қойып екеуі ұзақ әңгімелеседі. Қолдарына ұстаған сәбіздерін кеміре жүріп егжей-тегжейлі сөйлеседі.

Ертесі ертемен қашырына мініп жол бастаған Лохан ата Дұңби ауылына қарай шұғыл аттанады. Әкімнің астында – қара ат. Қара аттың артында бала Иән мен он неше жасауыл. Ауылға келіп кіргенде таң ағарып атады. Әкім оқиға болған орынды көзден кешіреді. Ауыл әкімі Дән У маймылды шақырып, тұрғындарды жинатады. Мәйіттерді судан шығар жұмысын бастайды.

Иіндегі су әлдеқашан қара ботанаға айналған екен. Лайланған көлмектің тереңдігін өлшеу мүмкін болмайды. Әкім Дән У маймылға суға түсіп, мәйітті алып шығуды бұйырады. Су жағдайын білмейтінін алға тартқан ол бас тартады: сөйлей жүріп, кері шегінеді. Осы кезде өзін-өзі қайрап, қайратына мінген Лохан ата: «Әкім, судағы кісілер пақырдың қожайындары. Мен түсіп, алып шығайын» – дейді.

Лохан ата арақ қайнатушылардың біреуін жіберіп, жарты құмыра арақ алдырады. Соны үстіне құйып алып, иінге түседі. Су кісі бойы терең екен. Лохан ата үлкен бір дем жұтып алып, тереңге сүңгиді. Аяғының ұшын су түбіндегі ұйып қалған жып-жылы, жұп-жұмсақ тұнбаға тірейді. Көзі жұмулы күйінде бар күшімен бұлқынып, ары-бері сипалайды. Еш нәтиже шықпайды. Артынан тағы бір ауыз толтыра дем сорып алып, алдыңғыдан да тереңге шөгеді. Бұл араның суы әлгіндегіден салқындау екен. Көзін тосын ашып қалғанда, алды сап-сары түске боялып, құлағы шыңылдап қоя береді. Бұлдыраған бір нәрсе өзіне қарай жүзіп келе жатады. Қолын созғанда, саусақтарының ұшы ара шаққандай шымылдап кетеді. Шыдамай ойбайламақ болғанда, аузына қан татыған сасық су толып, шашалады. Содан кейін ештеңеге мойын бұра алмай, аяқ-қолын қатар сермеп жүріп су бетіне шығады. Жан-дәрмен жағаға ұмтылады. Жиекке жеткен соң жөнделіп отырып, аузын ашып ентіге дем алады.

– Таптың ба? – деп сұрайды әкім.

– Жо... жоқ... – дейді Лохан ата жүзі шүперектей қуарып. – Иінде... иінде шайтан бар екен...

Иін суына үңіле қараған Сау әкім сәнді қалпағын шешіп, ортан қолына іліп алып, үйіріп-үйіріп қояды. Артынша қалпағын төбесінен ұстап, кері бұрылады. Екі әскерін шақырады.

– Жарылғыш тастаңдар! – дейді сосын.

Өзі шегініп, үстелдің қасына барып отырады.

Су шетіне етпеттеп жата қалған екі әскер мылтықтарын жандарына қойып, белдерінен кіші-кірім қауындай қара жарылғыш зат алып шығады. Әлдебір тығынын жұлып тастап, мылтықтың қақпағына ұрып, иінге қарай лақтырады. Әуелеп барып суға түскен әлгі зат әуелі бұрқылдатып көбік шығарады. Екі әскер бастарын ішіне алып, жатқан жерлеріне одан сайын жабыса түседі. Төңерек тілін жұтып, тынши қалады. Арада аз өтеді. Су беті қимылсыз күйі жата береді. Жарылғыш зат шолп еткенде шыққан көпіршік жайыла тарап, жиектерге дейін жетеді. Құдды мыс айнадай тұнжыраған су беті қарақұрықтанған қалпы сазарып, сыр бермейді.

Тістене ызыланған Сау әкім:

– Тағы лақтырыңдар! – дейді.

Екі әскер жандарынан тағы жарылғыш алып шығып, әлгіндегі ретпен әзірлік шарасын жасап, көлшікке лақтырады. Көкке көтерілген зат пысылдаған дыбыс шығарып, артына екі жолақ ақбоз түтін қалдырып, қалықтай ұшады. Сәл қиыстап барып шетке түседі. Артынша су астынан арт-артынан құмыға шыққан шетін дыбыс естіледі. Көлшік ортасынан биіктігі төрт-бес метр келетін қос субұрқақ атылып, үстіңгі жағы қарағайға ұқсап, құлақтана бой созып бір сәт тұрады да, кенет сылқ етіп, құлап түседі.

Сау әкім жағадан тұра қашады. Ауыл тұрғындары қосыла безеді. Иін бетінен ытқыған әлгіндегі шоршыманың орны асты үстіне шыға аударылып, жөңкіле жайылған толқыны алысқа кетеді. Тізбек-тізбек көбіктер торс-торс жарылып, ажал апанына айналған он неше тұстан төңкерілген ақ сазан балықтар бауыры жарқырап шыға келеді. Толқын бірте-бірте бәсеңдеп, су бетінен сондай бір сүйкімсіз иіс тарайды. Күн сәулесі айдынды аймалап, ақ түсті сұлама тұңғиықтар баяу ырғалып, түрі көркем, көңілдері тоқ күйде жайқалып тұрады. Күн шуағы адамдарға да төгіліп, Сау әкімнің жүзі қайта ашылады. Былайғы жұрттың да назары ауып, бірінен-бірі мойын оздырып, бірте-бірте тынып бара жатқан су бетіне телміреді.

Бір кезде иіннің орта тұсынан гүр-гүр етіп екі тізбек қызыл көпіршік қалқып шығады. Жұрт демін ішіне тартып, арт-артынан жарылған көбік дыбысына құлақ түреді. Тік түскен күн сәулесі су бетінде бір қабат алтын қабыршақ пайда қылып, көз ұялтып тұрып алады. Сәті түскенде, бір үзік бұлт пұшпағы қалқып келіп, күн көзін жабады да, алтын қабыршақ ғайып болып, айдын қайта жасыл түске енеді. Көпіршік көрінген тұстан қара түсті екі алып зат баяу көтеріліп, су бетіне таяғанда бұлқына шоршып, қос бірдей бөксе төңкерілген күйі атып шығады. Іле бірінің артынан бірі кері аунап, әкелі-балалы Дәндердің кеуіп, шертиіп кеткен қарындары көкке қарап, әлденеден қымсынғандай суға тасаланған жүздері зорға шалынып, шалқалап жатады.

Сау әкім мәйіттерді алып шығуға бұйрық береді. Арақ қайнататын кісілер ұзын сырық тауып келіп, ұшына темір ілмек байлайды. Лохан ата темір ілмекті созып, әкелі-балалы екеуінің санынан іледі. Өткір ұш етке кіргендегі кірш еткен дыбыс ащы өрік жегендей кісінің аза бойын қаза қылып, түршіктіріп жібереді. Артынша ақырын сүйреп өздеріне қарай тартып алады.

Есек қодығы тұмсығын көкке көтеріп аңырайды.

– Ханым, не істейміз? – дейді Лохан ата.

Бір сәт ойланып қалған әжем:

– Кісілерге бұйыр. Мухофуға барып, екі табыт әкелсін. Тездетіп кебіндеп, ыңғайлы жер тауып көміңдер. Қанша тез болса, сонша жақсы. Шаруа біткесін, сен батыс аулаға кел, айтар сөзім бар, – дейді.

– Мақұл, ханым! – дейді Лохан ата ілтипатпен иіліп.

Лохан ата әкелі-балалы қожайындарын табытқа салып, гаулияң алқабының бір жеріне апарып жерлейді. Шаруаны он неше арақ қайнатушы кезектесіп жүріп атқарады. Ешқайсысы тіс жаруға батпайды. Мәйіттердің жүзін жасырып болған кезде күн ұясына кіруге таяйды. Қанаттары күннің қызыл нұрына боялып, күрең тартқан қарғалар бейіттің үстінде бос сандалып, айналып жүреді.

– Бауырлар, қайтып барып мені күтіңдер. Қабағыма қарап қимылдаңдар. Көп сөйлемеңдер! – дейді Лохан ата соңында.

Лохан ата батыс аулаға барып, әжемнің нұсқауын тыңдайды. Әжем есектің арқасындағы көрпені салып, малдас құрып отыр екен. Ал әкесі бір құшақ құрғақ шөпті қолтығына қысып, алдына бір талдан тастап, есекті оттатып тұрыпты.

– Ханым, шаруаны бітірдік. Мынау қожайынның жанқалтасынан шыққан кілттер, – дейді Лохан ата.

– Кілттер әзірше сенде болсын. Айтшы, осы ауылда мәнті сататын кісі бар ма? – деп сұрайды әжем.

– Бар, – дейді Лохан ата.

– Онда барып, екі қасқан мәнті әкеліп, арақ қайнатушыларға бөліп бер. Тамақтанып болған соң, оларды ертіп осында кел. Артық тағы жиырма мәнті ала кел, – дейді әжем.

Лохан ата жас су ләләсінің жапырағына орап, жиырма мәнті алып келеді. Әжем алып жатып:

– Сен шығыс аулаға барып, аналарды қадағала. Тез-тез тамақтансын, – дейді.

Басын изеген Лохан ата шығып кетеді.

Әжем мәнтіні әкеліп әкесінің алдына қояды.

– Сіз... жүре тамақтаныңыз, – дейді сосын.

– Жиу-ар, сен менің туған қызымсың ғой, – дейді әкесі.

– Тез кет. Мыжыма, – дейді әжем ашуланып.

– Мен сенің туған әкеңмін, – дейді қаны басына шапқан әкесі.

– Менің сендей әкем жоқ... бұдан былай бұл босағаны саған бастырмаймын, – дейді әжем.

– Мен сенің әкеңмін ғой.

– Менің әкем – Сау әкім... сен естіген жоқсың ба?

– Соншалықты арзан емес шығармын... жаңа әке тауып алып, көнесін лақтыра салатын? Шешең екеуміз сені оңайшылықпен... неткен жоқпыз...

Әжем қолындағы жапыраққа оралған мәнтіні әкесінің бетіне қарай жіберіп қалады. Ыстық мәнті құдды жарылған жарылғыш зат құсап әкесінің жүзіне келіп тиеді.

Есегін жетектеген әжемнің әкесі қақпадан аттан салып шығады.

– Оңбаған! Кішкентай ғана оңбаған неме! Жақынын жат көрген оңбаған! Мен әкімдікке барып арызданамын! Ата-анасына адал емес деп айтамын! Қарақшымен жең ұшынан жалғасқан деймін... өз күйеуін өлтірді деймін!..

Алысқа ұзай берген түп нағашымның балағат-айғайының құйрығын баса он үш кісіні ерткен Лохан ата аулағы кіреді.

Кекіл шашын жөндеп, киімдерін ретке келтірген әжем:

– Бауырлар, көп әуре болдыңдар! Мен жаспын, жаңа ғана босаға аттадым. Мұндағы істердің жөнін білмеймін. Көпшіліктің көмегіне мұқтажбын. Лохан ата біздің үйде жүргелі он неше жыл болыпты... қазан қайнату жұмысына бұдан кейін де өзіңіз бас-көз боласыз. Қожайындардың үлкені де, кішісі де келмеске кетті. Енді біздің әрекетіміз басқаша болады. Менің өкіл әкем тұтас ауданды уысында ұстап тұр. Несібесін елден айырған кісілердің шамына тимейміз. Ауылдағы жамағат, алыс-берісіміз бар саудагер... ешбірін ренжітпейміз. Сауда-сатық істерін жалғастырып кететінімізге мен сенімдімін. Бүгін, ертең, бүрсігүні – үш күн қазан қайнамайды. Жұмыскерлер маған көмектеседі. Үй тазалаймыз. Үлкен-кіші қожайындар қолданған заттардың барлығын... жанатындарын өртеп, жанбайтындарын көміңдер! Ал бүгін ертерек барып демалыңдар... Лохан көке, осылай етсек қалай болады? – дейді салмақты, нық бейнемен.

– Ханымның айтқанын орындаймыз, – дейді Лохан ата.

– Мұнда ары қарай қалғысы келмейтіндер бар ма? – деп сұрайды әжем. – Істегісі келмейтіндер болса, зор жоқ. Егер мендей бір әйел затында болашақ жоқ деп қарайтындар болса, басқа жол таңдауларына болады.

Бір-біріне қараған арақ қайнатушылар:

– Ханым үшін еңбек етуге әзірміз, – дейді бір ауыздан.

– Онда болды, – дейді әжем.

Арақ қайнатушылыр шығыс ауладығы бөлмелердің біріне жиналып, гу-гу әңгімеге кіріседі.

– Болды, ұйықтаңдар! Ертең ерте тұруларың керек! – дейді Лохан ата.

Жарым түнде тұрып, қашырға шөп салған Лохан ата батыс аулада әжемнің қатты өксіп жылағанын естиді.

Ертесі таңертең орнынан ерте тұрған Лохан ата қақпаның сыртына шығып, бір айналып келеді. Батыс ауланың қақпасы әлі жабық, тып-тыныш тұрғанын байқайды. Ол шығыс аулаға қайтып келіп, биік орындыққа шығып, батыс аулаға көз салғанда, әжемнің қоршау қабырғасына арқасын сүйеп, көрпенің үстінде отырған күйі ұйықтап қалғанын көреді.

Алғашқы үш күнде Дән шаңырағының үлкен ауласының астаң-кестеңі шығады. Лохан ата мен арақ қаунатушылар үстілеріне арақты шылқылдата құйып алып, үлкен-кіші қожайындар жамылған көрпе, киген киім, төсенген көпшік, ыдыс-аяқ, шәугім-шәйнек, жастық-бөстек, анау-мынау, барлығын әкеп, ауладағы шағын алаңға жинап, арақ төгіп өртейді. Өрттен қалған қалдықты терең шұңқыр қазып, көмеді.

Үйлер босаған соң Лохан ата бір тізбек жез кілтті арақ толы кесеге салып, әжеме алып келеді.

– Ханым, мына кілттерді арақ құйып, үш қайтара өртедім, – дейді Лохан ата.

– Көке, – дейді әжем. – Бұл кілттерді... сіз ұстаңыз. Менің мүлкім – сенің де мүлкің.

Есі шыққан Лохан атаның аузына сөз түспей қалады.

– Көке, бұл тартысып тұратын уақыт емес. Барып, кездеме, мақта сатып әкеліңіз. Бір үйге керек затты түгел алыңыз. Көрпе-жастықты адам жалдап жасатыңыз. Ақша жұмсаудан қорықпаңыз, – дейді әжем. – Оның сыртында, арақ қайнатушыларға айтып, арақ алдырыңыз. Барлық бөлменің іші-сыртына, бұлың-пұшпағына... түк қалдырмай шашып шықсын.

– Қанша арақ істетсек болар екен? – дейді Лохан ата.

– Қанша қажет болса – сонша, – дейді әжем.

Арақ қайнатушылар арақ алып келіп, айналаны түгел аластап шығады. Мұрын жарған арақ исінің ішінде әжем миығын тартып, жымиып тұрады.

Бұл жолғы зор көлемдегі аластау жұмысына тоғыз құмыра арақ кетеді. Арақ шашылып болған соң, әжем арақ қайнатушылардың қолына су жаңа шүперек беріп, араққа малғызып, сүртуге болатын нәрселердің барлығын төрт-бес қайтара сүрткізіп шығады. Сонан соң керегелерді әктетіп, есік-терезелерді сырлатып, сәкілерге жас шөп төсетіп, жаңа көпшік қойғызып, асты да, үсті де таза... шыт жаңа әлем жасатып шығады.

Жұмыс толық тәмамдалған соң, әжем сыйлық ретінде арақ қайнатушыларға үш теңгеден ақша таратады.

Арақ өндірісі әжем мен Лохан атаның басшылығында жаңаша серпін алып, қызу қарқынмен жүріп кетеді.

Жаппай аластаудан кейінгі оныншы күн дегенде арақ исі толық сейіліп, жан жадыратар әк исі жеңіс алып, кісілерді рахатқа бөлейді. Жүрегі шаттыққа толған әжем ауылдағы дүкенге барып, қайшы, қызыл қағаз, күміс ине, зерлі жіп, тағы басқа әйел затына керек зәру заттар сатып алады. Үйге келген соң сәкіге шығып, терезеге жаңа шапталған ақ қағазға қарап отырып, қайшысын алып, ою оюға кіріседі. Ақылы зерек, қолы епті болғандықтан, бой жетіп, оң жақта отырған кезінде көрші үйлердегі апай-жеңге, әпеке-сеңлілерінің қағаз қиып, өрнек оятын өнерлері әжеме де әсер етіп, жұғысты болған-ды.

Айтса айтқандай-ақ, әжем халықтық өнердің үздік өкілдерінің бірі болатын. Біздің Гаумидің Дұңби ауылындағы қағаздан ою оятын жерлікті өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Гаумиде ойылған қағаз оюлар өте әдемі болып келеді. Қарапайым әрі сыпайы. Дәстүрінің берік, үрдісінің өзгешелігінен болар, өзіне тән қайталанбас ерекшелікке де ие.

Қолына қайшы алып, қағаз қия бастаған әжемнің кенет... жасын ұрғандай көңілінің астаң-кестеңі шығады. Өзі орнында қалып, жүрегі кептерге айналып, терезе көзінен ұшып шығып, телегей болып теңселген гаулияң алқабының үстінде шарқ ұрады... Әжем кішкене кезінен үйден ұзап көрмеген, төрт кереге тамға қамалып, сыртқы әлемнен жырақ қалған жан екен. Содан жақында ғана... еміс-еміс қана хабары бар бір жерге, онда да, әке-шешесінің қатал бұйрығымен, араға кісі жүріп, асығыс-үсігіс ұзатылып кете барады. Арада аз күн өткенде, аспан аударылып жерге түседі. Жел айдаған қаңбаққа айналады. Жаңбыр ұрып, қақпақылға түскен салындының кебін киеді. Жөңкіген су бетінде не жоқ дейсің... жырымдалған жапырақ пен бір жұп сарала қаз қалқып жүреді. Одан кейін тағы біраз күн... енді, міне, әжемнің жүрегі бал-шәрбаттың ішінде жүзіп жүр. Тастай суық суға неше мәрте сүңгіп шықты... қайнаған ыстық суға талай рет жидіді... гаулияң арағына малшынды... көп нәрсенің дәмін татып, талайынан жарақат алды. Сонда тегі нені аңсайды... және қалай аңсауы керек... білмейді.

Қолына қайшы алғанымен, не оярын ұқпай дал болады... өткендегі бір асық аңсар, іңкәр тілек... арт-артынан болған оқиғалар көлеңкесінде ғайып болыпты. Енді жоқты қиялдап, босты ойлауына тура келген. Сары күзде сарғайған атыз басынан, арақ исі аңқыған гаулияң алқабынан қалықтай ұшып, үзіле жеткен әдемі көк шегірткенің шырылын естиді. Әжем, тіпті, сол бір жасыл түсті кішкентей жәндіктің әлдеқашан қызғылт тартқан гаулияң сабағына қонып алып, жіптіктей ұзын мұртын дірілдетіп, үлбіреген қос қанатын тынымсыз қағып отырғанын өз көзімен көргендей болады. Сөйтіп, санасында шыт жаңа бір батыл ойдың нобайы сұлбаланады: Қапаздан қашып шыққан көк шегіртке қапаздың қақпағына қонып алып, қанатын қағып, ән шырқап отырады.

Қапаздан босанған көк шегіркенің кескінін қиып болған әжем, тағы бір кішкентей маралдың суретін ояды. Арқасына қып-қызыл өрік гүлі өскен түз еркесі керіле басып, еркін, азат алқапта өзінің уайымсыз-қайғысыз, тежеу-шектеусіз қызық күндерін іздеп жүреді.

Әжемнің өмірі «аңдып басқан кібіртік қадамнан гөрі тәуекелге толы», «ұсақ-түйек сіз-бізден гөрі жомарттыққа бай» өмір. Ол көңілі көктен биік, жүрер жолы жіптен жіңішке, қарсы тұрып та, күресіп те шыдайтын, тұрғысында берік, тұрақты адам. Адам мінезінің дамуы, күдіксіз, қажетті шарттардан құрам табады. Бірақ, керекті ішкі шарт пісіп-жетілмесе, кез-келген сыртқы жағдай далада қалады. Құдды төраға Мау Зыдұң айтқандай: «Жылылық жұмыртқаны тауыққа айландыра алады, бірақ, тасты тауыққа айландыра алмайды». «Жұмыр ағаш мүсінге айналмағанымен, топырақтан тас соғуға болады» дегенді Кұң Фузы да айтқан. Меніңше, барлығындағы негізгі қағидат біреу.

Қағаз қиып отырып әжемнің қисынсыз нәрселерді қиялдауы оның о баста әйелдер арасынан шыққан айырықша жан екенін анық дәлелдейді. Маралдың арқасына гүлдеген өрік ағашын қондыруға тек менің әжемнің ғана батылы жетеді. Әр жолы әжемнің қағаздан ою ойғанын көрген сайын менде үлкен құрмет оянады. Егер әжем жазу-сызумен айналысқанда, сөз жоқ, талай жазарманды шаң қаптырып кетер еді. Ол шынымен де жасампаз жан. Айтқаны – алтын, дегені – күміс. Ол көк шегіртке қапаздан шықты десе, көк шегіртке қапаздан шығады. Ол бұғының арқасына ағаш өсті десе, өседі.

Әже! Сенімен салыстырғанда, немерең ретінде мен, үш жыл аш қалған ақ биттей тым дәрменсізбін!

Қимасын қиып отырып әжем қақпаның қиық етіп ашылғанын естиді. Іле ауладан сондай бір таныс әрі бейтаныс үн жетеді құлағына.

– Қожайын... жұмысқа адам аласыз ба?

Әжемнің қолындағы қайшы түсіп кетеді.

VII

Атам түртіп оятқан әкем алыстағы өзен қырынан бейне бір ұшқан құстай қозғала жылжып, өздеріне қарай таяп келе жатқан иір-қиыр айдаһарды көреді. Жымыңдаған алау астында айбынды үн жаңғырады. Иреңдеген бұл оттардың шімірікпей адам өлтіретін атамды қалай тебірентіп, мына күйге түсіргенін түсіне алмай әкем дал болады. Ішін тарта еңк-еңк жылаған атам құмыға міңгірлеп былай деп келе жатады:

– Дугуан... ұлым... ауылдастар келді....

Ұзамай үлкен-кіші, кәрі-жас, ер-әйел, неше жүз адам ұйлығыса келіп екеуін қоршап алады. Алау ұстағандардың келесі қолында – құсмұрын, күрек, сойыл. Әкемнің достары алдыңғы жақтан анталайды. Барлығы буылған гаулияң сабағының басына мақта байлап, май құйып, тұтатып көтеріп алыпты.

– Үй сардар, біз жеңіске жеттік!

– Үй сардар, ауылдағылар қой сойып, шошқа бауыздап, қонақасы бермек екен. Бауырлардың келуін күтіп отырыпты!

Атам ирек-ирек өзен арнасын, теңіздей толқыған қалың гаулияңды жарық қылып, ерекше салтанатқа бөлеп тұрған алауларға бет қойып, тізерлеп отыра қалып, көз жасына ерік береді.

– Ауылдастар! Мен... кешірілмес қылмыс өткіздім! Лың Мазының тұзағана түстім... бауырларымыз түгел қаза тапты... – дейді.

Алаулар ортаға тартылып, ұйлығыса түседі. Өрлеген ыс-түтек көкті жалап, лаулаған жалын тынымсыз жалаңдап, өрши жанған бұршақ майы үздіксіз шытырлайды. Төмен сырғыған от тамшылар сала-сала қызыл сызық тартып, жерге түскен соң да сөнбей, жанып жатады. Өзен жиегінен, адамдар аяғының астынан қызара қауашақ жарған кішкентай гүл шоқтары көрінеді майысып. Гаулияң алқабынан үрген түлкінің үні естіледі. Судағы топ-топ балақ жарыққа ұмтылып, секіріп шығып, шолп етіп қайта жоқ болады. Жамағат жым-жырт. Жалаңдаған жалын тілінің лапылдаған дыбысына араласып, сонау алыстағы гаулияң нуы арасынан аса ауыр, сұмдық зілді бір үн үзіліп-үзіліп жетіп тұрғандай.

Сақалы қардай әппақ, жүзі қөмірдей қара, бір көзі үлкен, екінші көзі кіші бір қария қолындағы алауды қасындағы кісіге ұстатып, еңкейіп, атамның қолтығынан ұстайды. Жоғары көтере беріп:

– Үй сардар, орныңнан тұр, – дейді.

– Үй сардар, тұрыңыз... тұрыңыз орныңыздан... – дейді ілесе тілге келген жұрт.

Атам ақырын орнынан тұрады. Қасындағы шалдың ып-ыстық қос алақаны білегінің бұлшық еттеріне зор қуат құйғандай болады.

– Бауырлар, көпір жаққа барып көріңдер, – дейді сосын.

Атам мен әкем алда, иін тірескен қалың алау соңдарында, жаппай алға жылжып келе жатады. Ыстығы анық сезілген мол жарық бұлыңғырланып тұрған өзен арнасы мен ежелгі гаулияң алқабын және көпірге таяу майдан шебін бірте-бірте ашыққа шығарып, жарқыратып жібереді. Тамыздың тоғыз жаңасындағы қан қызыл, доғасы кең жарты айды жасыл түсті будақ бұлттар қоршап, қымтап алады. Алау оты көпірге түскен замат қираған мәшинелердің сұрықсыз кейпі көзге шалынады. Өліктер айқасып жатқан майдан алабынан күйік иісі, тарихын тым тереңнен алып, кең тарап кеткен гаулияң иісі, тағы өте алыстан ағып келген өзен лебі араласқан күлімсі қан иісі танау қытықтайды.

Өздерін тежей алмаған ондаған әйел өкіріп қоя береді. Гаулияң сабағынан жасалған алаудан ағып түскен от тамшылары адамдардың қолына, аяғына тамады. Алау астындағы ер кісілердің жүзі қорытылған темірден аумай қалады. Әппақ тастан жасалған көпір қызара доғаланып, құдды бір үстінен басып, аласартып әкеп қоя салған кемпірқосақ тәрізденіп бүкірейеді.

– Неменеге жылайсыңдар? Бұл деген ғазауат қой! Қытайда төрт жүз милион адам бар. Бірге бір келсе, жапон тапалдарының оймақтай жерінен қанша адам шығып, бізбен қарсыласа алмақ? Бір миллионымыз басымызды бәгеге тіксек, олар үшін бұл тып-типыл боп жоғалу деген сөз. Қалғанымыз үш жүз милионбыз. Бұл ғазауат емес пе? Үй сардар, бұл – ғазауат! – деп айқайлайды әлгіндегі сақалы ақ, жүзі қара шал.

– Әкей, бұныңыз маған берген көңіл тыншытып, жүрек басатын дәрі ғой, – дейді атам.

– Олай емес, Үй сардар, бұл шынымен де – ғазауат! Сен тездетіп бұйрық бер. Қалай істегің келсе, солай ет... қытайда босқа болмаса да, адам жетеді, – дейді шал.

– Сендер... бауырларымыздың мәйітін жинаңдар! – дейді атам бойын тіктеп.

Олар күре жолдың қос қапталындағы алқапта жатқан қосын мүшелерінің мәйітін тасып, көпірдің батыс жағындағы өзен жағасына, бастарын бір ыңғай оңтүстікке, аяқтарын солтүстікке қаратып, ұзын қатар ғып, жинай бастайды. Әкемді қасына алған атам денелерді бір-бірден алдынан өткізіп, есепке алады. Әкем Уаң Уыниді таниды, оның әйелі, Фаң Лиу, Фаң Чи, Лиу Дахау, «Лаулаусы».... таныс және бейтаныс жүздер бір тізбек болып сұлап жатады. Атамның жүзі тынбай быжырылып-тыжырылып, тереңдеген әжімдері бетін айқыш-ұйқыш сызады. Екі көзінен сырғыған мөлдір жас алау жарығында құдды бір балқыған темір сұйықтығы құсап жылып ағады.

– Мылқау қайда? – дейді атам. – Дугуан, мылқау көкеңді көрдің бе?

Әкем кенет мылқаудың өткір қылышпен жаудың басын шауып қалғанын, кесілген бастың ыңырсыған күйі көкке көтеріліп, ұшып бара жатқанын... есіне алады.

– Ол мәшиненің үстінде, – дейді сонан соң.

Бірнеше алау мәшине маңына жиналып, үшеуі үстіге көтеріледі. Мылқауды алып, жақтаудың сыртына шығарады. Атам жүгіріп барып арқасынан сүйеп, тағы екі жігіт – бірі басынан, екіншісі аяғынан демеп, жерге түсіріп, сүрініп-қабынып жүріп, өзен қырына жеткізеді. Қатар жатқандардың шығыс жақ шетіне апарып қояды. Белі бұралған қалпы қалған оның қолында әлгі бір сабы қанға боялған ұзын қылыш әлі қармаулы екен. Көздері ашылып, айқайлағысы келгендей аузы үңірейіп жатады.

Атам жүгініп отыра қалып тізесімен кеудесінен басқанда, мылқаудың омыртқа сүйектері гүтір ете түскенін әкем анық естиді. Сол дыбысқа ілесіп оның денесі түзеліп, созыла қалады. Атам қолындағы қылышты алғысы келгенмен, қалай істесе де ала алмайды. Амалсыз білегін ішіне қайырып, санының сыртына жабыстырып, жұптап қояды. Жақындап келіп тізерлеген бір әйел оның ашық қалған көздерін жабады. Жауып жатып:

– Бауырым, сен көзіңді жұмып ал... көзіңді жұм... Үй сардар сен үшін әлі-ақ кек алады, – деп күбірлейді.

– Әке, анам әлі гаулияң алқабында, – дейді әкем жылап тұрып.

– Сен бар... ауылдастарды ертіп барып, көтеріп келіңдер! – дейді атам қолын бұлғап.

Әкем дедектеп барып гаулияң алқабына енеді. Алау көтерген бірнеше кісі ере кіреді. Ұйлығысқан гаулияң сабақтары алау ұстағандардың аяғын қағып, жартылай кепкен құрғақ жапырақтарға май тамып, ақыры шытыр-шытыр етіп от тұтанады. Өртке оранған қалың ну дәнге толы ауыр бастарып жерге салып, пыс-пыс еткен дыбыс шығарып, кезекпен өксіп қоя береді.

Әкем гаулияң сабақтарын бір талдан жапырып, ортадан алақандай алаңқы ашады. Әжемнің жүзін көкке, Дұңбидің жұлдызы самсаған қайталанбас аспанына қаратып жатқызады. Әжем дүниеден өтер кезде рухының терең түкпіріндегі бір жасырын үнмен аспанға айғайлап тіл қатыпты. Аспан естіп, күңірене күрсінеді. Жан тапсырған әжемнің жүзі асыл ақ тасқа ұқсап, болмашы ашылған еріндерінің арысынан жарқырай көрінген маржан тістерінің үстінде жасыл түсті тұмсығымен көгершін тістеп әкеп қойған інжу тәрізді қардай әппақ гаулияң дәні тұрады. Оқ тесіп өткен толық омырауы діңкие тырсиып, адамдар арасындағы ахлақ пен салтанатты храмдарда айтылатын уағыздарды көзге ілмей, адам баласының күш-қуаты мен еркіндігін, өмірдің ұлылығы мен махаббаттың даңқын әйгілеп, торсиып тұрады. Менің әжем... мәңгі құламайтын бәйтерек!

Артынша атам да келеді. Әжемнің денесін айнала қоршап ондаған алау жанады. Тұтанған жапырақтар сырт-сырт секіріп, бірден бірге өтіп, ұланбайтақ алқаптың ортасында от жылан боп ирелеңдеп, алысқа созылып, ұзап бара жатады. Қарап тұруға дәті жетпеген гаулияң сояуларының қасіреті барған сайын арта түседі.

– Көтеріп жүріңдер! – деп бұйырады атам.

Бір топ қыз-келіншек әжемді қоршап алға жылжиды. Алдыдағылары алаумен жол бастап, екі шеттегілері оттарының жарығын түсіріп, тіпті, әр адамның айналасынан ғажайып нұр жамырап, гаулияң алқабы кенет періштелер мекеніне айналып кете береді.

Әжемді әкеліп, қатар жатқан мәйіттердің батыс жақ шетіне қояды.

– Үй сардар, бір уақытта соншама көп табытты қайдан табамыз? – деп сұрайды сақалы ақ, жүзі қара қария.

Бір сәт ойланған атам:

– Ешқайда көтеріп кетпейміз. Табыттың да керегі жоқ. Әзірше осы гаулияң алқабының бір жеріне көміп, томпайта тұрамыз. Кейін қайта ес жиып, аяққа тұрған соң бауырларымыз үшін тағы бір рет жерлеу рәсімін өткізерміз, – дейді.

Қария басын изеп, мақұлдайды. Біраз адамға тез барып гаулияң сабағын байлап, алау жасап келуді тапсырады. Түнімен кісі жерленетінін айтады.

– Біреулер өгіз жетектей келсін. Ана мәшинелерді сүйреп әкетеміз, – дейді атам.

Алау жарығында қабір қазу жұмысы басталып, түн жарымы дегенде әзер аяқтайды. Атам біреулерге гаулияң сабағын орғызып әкеліп, қабір тағанына салғызады. Мәйітті қойып болған соң, үстін гаулияң жапырағымен жауып, сонан кейін ғана топырақ тастатып, төбешік қылып үйдіреді.

Әжем ең соңғы болып жер қойнына тапсырылады. Денесін тағы сол арасынан самал өтпейтін гаулияң сабағы орап жатады. Анасының жүзін ең соңғы жапырақ жасырғанын көрген әкемнің кеуде тұсы тыз ете қалады. Алған жарақаты іле жүрегіне шауып, терең тыртық қалдырып, сойып өткендей болады. Ол тыртық оның кейінгі өмірінде де жазылмайды, сыздаған күйі бірге өтеді.

Бірінші күрек топырақты атам тастайды. Майда қара топырақ гаулияң сабағының үстіне барып түскенде салдыр етіп бір секіріп алып, жапырақтар арасына сылдыр-сылдыр сіңіп, жоқ болады. Құдды жарылыстан соң ауаға тарап, сейіліп кететін жойқын дыбыс секілді. Әкемнің жүрегі сол сәтте тағы бір рет дір етіп басылады. Толқындаған қаны шынымен үңірейіп тұрған болуы мүмкін әлгі бір тыртықпен жөңкіле ағады. Екі қасқа тісі шілпиген жұмсақ ерінін қыршып тұрады.

Әжемнің бейіті томпаяды. Сөйтіп, гаулияң алқабында үлкен-кіші елу неше мола бірден төбе көрсетеді.

– Ауылдастар, тізерлеп отырыңдар! – дейді әлгі қарт.

Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі бір жас қабірдің басына жиналып, тізерлей жүгінеді. Булыққан өксік бұлыңғыр түнді жаңғыртып тұрады. Жалыны қайтқан алаулар өлеусірей жанады. Аспанның оңтүстік бетінен жылжып кеткен бір жұлдыз гаулияң алқабының үстіне келгенде жолақ боп тартылып, ағып барып жоғалады.

Соңыра алаулар қайта жаңартылады. Уақыт елең-алаң шаққа таяйды. Түнере жөңкілген өзен айдынынан жарқыраған ақ түсті сағым ұшады. Жарым түнде жетектеп келген он неше ат, есек, қашыр, өгіз мидай араласып, гаулияң сабағын гүртілдете шайнап, гаулияң жапыраған сытырлата жеп тұрады.

Атам бұйрық беріп, тізбектелген тырмаларды жинатады. Дөңгелегін темір тырма жарған бірінші мәшинені жігіттерге итертіп, күре жолға шығартады. Одан жолдың оң жағындағы шұңқырға апартады. Сосын бір аң мылтығын тауып, май багін қараға алып тартып қалады. Қуатты газ гаулияң дәнінен неше есе үлкен бытыраларды алға қарай бүркеді. Шұрық-тесік болған қаңылтыр қораптан шүмектеп жанармай сорғалайды.

Атам қасында тұрған кісінің қолындағы алауды алып, екі-үш қадам шегініп барып, майға қарай лақтырады. Лап етіп тұтанған от лезде алапат өртке айналып, мәшине тұтастай жалынға оранады. Маздаған ыстыққа шыдамаған темір-терсектер майысып, балқи иіліп, бірте-бірте әуелгі пішіндерін жоғалтып жатады.

Атам жанына бірнеше кісіні ертіп, тола күріш тиелген, еш жері бүлінбеген екінші мәшинені итеріп, көпірдің бас жағына жеткізеді. Одан күре жолға шығарады. Түгелдей өртеніп, қаңқасы ғана қалған үшінші, төртінші мәшинелерді өзенге құлатып жібереді. Кері сүйреп, көпірдің оңтүстік басына апарған бесінші мәшинені де май багін атып, артынан алау лақтырып, лаулаған оттың ортасында қалдырады. Көпірдің үстінде ұсақ-түйек күл-қоқыстан басқа ештеңе қалмайды. Өзеннің оңы мен солында көкке шапшып, өршелене жанған от үйінділерінің арасында қызуы жеткен оқтар жарылып, оқтын-оқтын тарсылдап жатады. Мәшиненің үстіндегі жау өліктері жана-жана май болып ағып, жүректі айнатар күңірсік ыспен қоса, күйген еттің жағымды иісін таратып, танауды қытықтап, асқазанды бүлкілдетеді.

– Үй сардар, дұшпардардың өлігін не істейміз? – деп сұрайды әлгі шал атамнан.

– Оларды көмсек, жерімізді сасытады. Отқа тастасақ, ауамызды былғайды. Ең дұрысы, өзенге лақтырып, көздерін құрту. Сумен ағып өздерінің жапонына кетсін, – дейді атам.

Ауыл тұрғындары отыз неше жау әскерінің денесін темір ілмектермен сүйреп, көпірдің үстіне шығарады. Генералдық киімін Лың шұбар шешіп алған кәрі дұшпанның қасына апарып, қатар-қатар тізеді.

– Әйелдер, алыс кете тұрыңыздар! – дейді атам.

Солай деген ол жанынан өткір кездігін суырып алып, жау әскерлерінің шалбарының ауын кесіп, жыныс мүшелерін бірін қалдырмай қырқып алады. Артынша екі ноған жігітті жанына шақырып, әлгі саймандарды кімдікі болса, соның аузына тықтырып шығады. Сонан соң он неше кісі екі-екіден бірігіп, бейбіт заманда ақ көңіл болған болуы да мүмкін, келбетті болған болуы да ықтимал, ал, осының алдында ғана жас әрі қуатты болғаны анық жапон сарбаздарын аяқ-қолдарынан көтеріп, ары-бері ырғап алып: «Жапондық иттер... елдеріңе қайтыңдар!» деп айғайлап, кеңістікке қарай серпіп жібереді. Ұрпақ жалғастыратын қасиеті бар бір-бір асылзат тістеген жапон әскерлері көпірден әуелей ұшып, өзенге түскен бойда балыққа қосылып, шығысты бетке алып ағып кетіп жатады.

Таң сыз бере кісілердің бәрі қалжырап бітеді. Қос жағалаудағы оттар әлсіреп, қара-көк аспанның жарық жете алмайтын қашық шеті қою тотияйын түске боялып, оқшауланып тұрады. Атам ауылдастарына ат, есек, қашыр, өгіздерін жылдам дайындауды бұйырады. Арқан-жіптерді бүлінбей аман қалған күріш тиеулі мәшиненің алдына байлатады. Жегілген көліктерді жетектеп, ерлер алдыға түседі. Тізе қосқан күш иелері қатар қозғалғанда доңғалақтары жан ұшыра шиқылдаған мәшине құдды бір алып қоңыздай ақырын жылжып, еріп жүре береді. Алдыңғы дөңгелектер оңға бір, солға бір қисайып, түзу жүре алмай, бұраңдайды. Атам көліктерді тоқтатады. Мәшиненің ішіне кіріп, орындыққа жайғасады да, жүргізушінің кейпіне еніп, рөлді ары-бері қозғайды. Алдыдағы көліктер күшене тартқанда, арқан-жіптер шыңғыра керіледі. Бағыттағышқа жабысқан атам түйсікпен жобалап, мәшине айдаудың не екенін ұғып алады. Алып арба ақырындап жылжи береді. Кісілер соңынан еріп отырады. Атам бір қолымен рөлді ұстап, екінші қолымен ана жер-мына жерді шұқылай береді. Сөйтіп жүріп бір кезде бір тетікті сырт еткізіп басып қалады. Сол сәт алға қарай созыла атылған қос жолақ ұзыншақ болып тартылып, жұптаса қалады.

– Көзін ашты! Көзін ашты! – деп айғайлайды артта келе жатқандар.

Жанған шырақ жолдың біраз жерін жарық қылып, алда келе жатқан ат, қашыр, есек, өгіз, бәрінің жон-арқаларындағы түкті бадырайта көрсетіп, анық қылып көзге тосады. Көңілі өскен атам алдында быжынаған нәрселердің басатынын басып, көтерітінін көтеріп, кейбірін шұқып, шыққан түрлі дыбыстарды қызықтап, әбден тамашалайды. Ал елеңдеген көліктердің құлақтары тікірейіп, бар күштерімен алға ұмтылып, алыстауға тырысады. «Бұл тіпті сайрай алады екен ғой!» деп ойлайды атам. Тиымсыз әрекетін одан әрі жалғап, тоқтаусыз шұқылап, маңайды азан-қазан қылады. Ішек-қарны біраз шұрылдаған мәшине бір кезде жын қуғандай ілгері атылып, есек, өгіздерді соғып, қашыр, аттарды қағып, басып кетеді. Есі шыққан атам тұла бойын тер басып, мінген «асауынан» түсе алмай, сасады.

Көліктердің таптайтынын таптап, сүйрейтінін сүйреп, ойрандап кеткенін көрген жұрт үрейден есеңгіреп қалады. Мәшине талай жерге дейін ұшырта зымырап, жолдың батыс жағындағы ор қабырғасын сүзе барып тоқтайды. Пысылдаған сасық газ шығарып, алды-арт қос дөңгелегі әуеде қалқып, жел диірмендей айналып тұрып қалады. Бет-аузы мен қолы қанға боялған атам әйнекті сындырып, зорға шығады.

Абажадай албастыға ұзақ қарап тұрып ызалана күледі.

Кебежесіндегі күрішті ауылдастары тасып әкеткен соң, қолындағы мылтықпен мәшиненің май багін атады. Ізінше алау лақтырып, қызыл тілі көк жалаған үймек өртке айналдарады.

VIII

Осыдан он төрт жыл ілгері, иығында шиыршықтап көтеріп алған кішкене төсеніші, үстінде ақ кездемеден тігілген, жуа-жуа түсі оңған шалбар-мешпеті бар Үй Жанау біздің үйдің есігінің алдына келіп, айғайлаған еді.

– Қожайын, жұмысқа адам жалдайсыз ба?

Сезім соғып, сең ұрған балықтай болған әжем қапелімде есінен танып, қағаз қиып отырған қайшысын сәкіге түсіріп алған сол сәтте, гүлді сәтеннен тігіліп, жүні басылмай әлі қауқиып тұрған су жаңа көрпенің үстіне құлайды.

Мұрнына үй ішінің әлі кеуіп үлгермеген әк иісі мен әйелзатының естен қалғысыз жағымды лебі келген Үй Жанау тосын батылданып, есікті ашады.

– Қожайын, жұмысқа адам жалдайсыз ба?

Есі кіресілі-шығасылы әжем көрпе үстінде есеңгіреп жатады.

Иығындағы жүгін жерге қойған Үй Жанау сәкіге қарай жақындай түседі. Еңкейіп, әжемнің жүзіне үңіледі. Оның сондағы ынталы жүрегі айдын көлден аумай қалады. Бетінде су еркесі бақалар ойнап, көгінде мөлдір тамшылар төгетін жаңбыр қарлығашы қалықтаған тұнық көлден мүлде айнымайды. Көк иегі көстеңдеп айдай жамалға қарай төне түседі. Бар-жоғы қағаз қалыңдығындай аралық қалғанда қолын көтерген әжем, құлақ-шекеден тартып кеп жібереді. Шұғыл өзіне келіп, орнынан қарғып тұрған әжем қайшыны іліп алады.

– Сен кімсің? Қандай әдепсіз жансың... танымайтын, білмейтін үйге баса-көктеп кіріп, бассыздық танытатын... кімсің? – деп зеки айғайлайды.

Сасып қалған Үй Жанау кері шегінеді.

– Сен... сен шынымен-ақ мені танымай қалдың ба? – дейді артынан.

– Сен нағыз жөн білмейтін адам екенсің! Мен кішкене күнімнен үйден көп ұзамаған жанмын. Ұзатылып келгеніме он неше күн ғана болды... сені қалай танимын! – дейді әжем.

Үй Жанау ыржың-ыржың күле береді.

– Жарайды, танымасаң таныма! Естуімше, сенің арақ қайнататын қазаныңа еңбеккүш керек екен. Сонда жұмыс істеп, нан тауып жесем деймін, – дейді.

– Жақсы! – дейді әжем. – Тек қиындықтан қашпасаң болды. Аты-жөнің кім? Жасың қаншада?

– Тегім – Үй, атам – Жанау. Жиырма төрттемін.

– Жүгіңді ал да, үйден шық! – дейді әжем.

Үй Жанау айтқанын орындап, қақпадан шығып, сыртта күтеді. Тік төбеден шақырайған күн шексіз де шетсіз егіс алқабын өзінің мол шұғыласына бөлеген екен. Батысқа қарай созылып, аудан орталығына апаратын күре жол гаулияң алқабының ортасында тым тарылып, жіптіктей боп шұбалып жатады. Сыңсыған ну гаулияңды жалмаған қалың өрттен қалған терең белгілер әлі жазылмапты. Алапат көрініс сол күйі келіп көз алдына қайта тартылады.

Үй Жанау далада ұзақ отырады. Көңілі қобалжып, алаңдай бастайды. Тағы бір баса-көктеп кіріп, ана келіншекке айтып-айтып тастағысы келеді. Дегенмен, өзін сабырға шақырып, тізгін тартады. Әкелі-балалы Дәндерді өлтірген күні тым алыс кетпей, гаулияң алқабында жүргендіктен, иін жағасында қойылған қызық қойылымның барлығын өз көзімен көрген-ді. Өте-мөте әжемнің сол күнгі шебер ойынына қайта-қайта бас шайқап, таңдай қаққан. Уыздай жас болғанымен, жүрген бір шүйкебас емес, көңілінің көзі бар, әр нәрсенің есебін білетін жан екінін қапысыз байқаған. Ал бүгін әлгіндей мәміле жасаса, шамасы, өзін басқа қылып көрсеткісі келгені.

Тағы біраз күткенмен, әжем шықпайды. Ауланың іші тып-тыныш. Тек жалғыз сауысқан ғана үйдің төбесіне қонып алып, шықылықтап отырады. Қатты ашудан қаны басына тепкен Үй Жанау ентіге басып қақпадан енеді. Апшыған жыны енді миына шапқан тұста терезе жақтан әжемнің:

– Шығыс аулаға барып, сондағыларға айт! – деген үні естіледі.

Үй Жанау кенет өзіне келеді. Мұнда сезімге тым берілуге болмайтынын шамалап, жылдам сабасына түседі де, жүгін көтеріп, шығыс аулаға қарай тартады. Онда барған соң қаптаған арақ құмыраларын, гаулияң үйінділерін, қазандықтан будақтай көтерілген буды, қарбаласып жатқан адамдарды көреді. Үлкен шатырға бас сұғып, биік текпішекке шығып алып, диірмен тасының үстіндегі аспалы кебежеге гаулияң төгіп жатқан кісіден іс басқарушының қайда екенін сұрайды.

Бір көзін қысып алған әлгі кісі гаулияңын үнсіз төгіп болып, текшеден түсіп, бір қолында қалақшасы, екінші қолымен тақтай текшені жолдан алады. Әлдене деп айғайлап қойып, қашырдың көзіне қара шүберек байлайды. Дауысты естіген көлік шеңбер жасап айналып жүре бастайды. Қашыр тұяғы кескен жол әлдеқашан ойылып, шұңқырайып кеткен екен. Іске қосылған диірменмен бірге жаңбыр тамшысындай төгіліп, айналып жатқан екі тастың арасына кірген гаулияң дәндері гүтірлеген дыбысқа еріп, қайта ағып шығып, сол күйі диірменнің ағаш кебежесіне барып құйылып жатады.

– Іс басқарушы дүкенде, – дейді әлгі кісі сонда ғана иегімен қақпаның батыс жағындағы үш ауызды үйді нұсқап.

Жүгін көтерген Үй Жанау дүкенге төтелете тартып, артқы есігінен кіреді. Сөре ішінен шартылдатып есепшот қағып отырған жүзі таныс шалды көреді. Есепшоттың қасына арағы бар қыш шәйнек қондырып алыпты, анда-санда көтеріп, аузына қарай әкеп, шүмегінен ұрттап қояды.

– Қожайын, адам істетесіз бе? – деп сұрайды Үй Жанау.

Шола бір қарап алған Лохан ата әлдібір мәнмен:

– Ұзақ мерзімге ме, әлде қысқа мерзімге?.. – дейді.

– Ол жағы енді басқарушыға байланысты. Мен ұзағырақ істесем деп келдім, – дейді Үй Жанау.

– Егер он күн шамасында болса, мен шеше аламын. Ал одан арыға сілтесең, онда әйел қожайынның мақұлдауы керек болады, – дейді Лохан ата.

– Онда барып сұрап келіңіз.

Үй Жанау сөренің сыртына шығып, сонда тұрған кішкене орындықты алып отырады. Лохан ата аралықтағы топсалы тақтайды түсіріп, бұрылып артқы есікпен шығып кетеді. Іле қайтып келіп, доғалдау үлкен кеседен біреуін алып, толтыра арақ құйып, сөреге қояды.

– Бір кесе арақ ішіп, шөліңді бас, – дейді сосын.

Үй Жанау алдындағы арақтан ұрттай отырып ана келіншектің сұмдық зымияндығын есіне алып, таңдай қағумен болады. Лохан ата қайтып келіп:

– Қожайын сені көрейін дейді, – дейді.

Батыс аулаға жеткен соң:

– Осында күте тұр, – дейді Лохан ата.

Салтанатты да салмақты қадаммен есіктен шыққан әжем кеудесін өр, иығын тік ұстап тұрып Үй Жанауды тағы бір қайыра сұрақтың астына алады. Соңында қолын бұлғап:

– Апарыңыз. Бір ай сынап, байқап көріңіз. Жалақысы ертеңнен бастап есептелсін, – дейді.

Сөйтіп, Үй Жанау біздің арақ қайнатушылардың біріне айналады. Денесі шымыр, қолы епті ол жұмысты тындырымды істейді. Лохан ата оны әжемнің алдында талай рет мақтайды. Бір айдан кейін Лохан ата оны өзіне шақырып алып:

– Қожайынның саған көңілі толып отыр. Осында қалдырды! – дейді. Артынан оған бір кішкене дорба беріп:

– Бұл қожайынның саған берген сыйлығы, – дейді.

Дорбаны қолына алған Үй Жанау оның ішіне бір жұп шоқай салынғанын көреді.

– Екінші қожайын, әйел қожайынға айтып барыңыз, Үй Жанау көп-көп рахмет айтып жатыр деп, – дейді.

– Бар. Жұмысыңды жақсы істе! – дейді Лохан ата.

– Мен әлі бұдан да жақсы істеймін, – дейді Үй Жанау.

Көзді ашып-жұмғанша тағы жарты ай өте шығады. Үй Жанаудың жүріс-тұрысынан ептеп қалыпсыздық байқалады. Әйел қожайын батыс аулаға күнде бір келіп, айналып кетіп жүреді. Бірақ, ондағы мақсаты Лохан атадан ана-мынаны сұрап білу ғана болады. Арқа еті арша, борбай ете борша боп еңбек етіп жүргендерді елеп те қоймайды. Бұл Үй Жанауға ауыр тиіп, қатты жәбірленеді.

Арақ өндірісімен Дәндер айналысқан кезде, қазан қайнатушылардың ас-ауқаты ауылдағы бір асхананың мойнында болыпты, келісім солай жасалған. Ал шаруа әжемнің қолына өткен соң, жасы отыздан енді асса да, ел аузында «қартайған Лиу қатын» атанып кеткен бір әйел мен Лиән-ар есімді жасы он төрттен жаңа асқан кішкене қызды жалдайды. Батыс аулада тұрақты тұратын олар тек ас әзірлеумен ғана айналысады. Үйде әуелде бар екі итке қосып, әжем тағы үшеуін сатып алады. Біреуі қара, екіншісі бөрте, үшіншісі қызыл екен. Сөйтіп, батыс аулада үш әйел, бес ит қара көрсетіп, қызып жатқан бір әлемге айналады. Түнде болмашы қимыл байқалып, қурай басы қозғалса, бес ит бірдей ұмтылып, қосыла үреді екен. Келген кісі талыс ауыздарға түсіп, шайналып кетпегенмен, екінші бұл маңға аяқ баспас болып тайып тұрады екен.

Үй Жанау қазан басында істеп, екі айды толтырған кезде қыркүйектің шуағы төгіліп, гаулияң әбден піседі. Лохан атаны жұмсап, екі кісіні қысқа мерзімге жалдаған әжем күллі алаң мен ашық астық қоймасын реттеп, гаулияң жинауға дайындала бастайды. Бұл мезгілде аспан ашық, ауа қоңыржай, күн шуақты болғандықтан, әжем үстіне үнемі әппақ жібек жейде, ши аяғына қызыл түсті оймақтай шоқай киіп, қолына сыртын жасыл сырмен сырлаған аса таяқ ұстап, артынан бір топ итін шұбыртып, аулада жүреді екен. Көрер көзге тосындау бұл әрекеті ауыл жұртының назарын аударып, өзіне тартқанымен, тырс етуге ешкімнің батылы жетпейді. Үй Жанау бірнеше рет жақындап, тіл қатыспаққа тырысқанмен, өңін суыққа салған әжем бір-ер қайырымнан арыға бармайды.

Бір күні түнде Үй Жанау артығырақ сілтеп жіберіп, қызғанын сезбей, үйдегі үлкен сәкіде ұзынынан түсіп жатады. Қанша аунаса да ұйықтай алмайды. Самаладай ай жарығы шығыс жақтағы қос терезеден жамырап тұрады. Бөлмедегі тағы екі кісі білте шамның түбінде жыртылған киімдерін тігіп, күйбеңдеп отырады.

Ауызқобызын ойнайтын Ду қария мұңлы бір күйді боздатып, жүректердің қылын шертіп, елжірете түседі. Жығылғанның үстіне жұдырық деген, сірә, осы – жамау жасқап отырғандардың бірі, Ду карияның жылауық күйі қозғап, тамағын жыбырлатқан болар, жарықшақ дауысымен жарылып: «Жыртылса киімің, жарылқап, жамайтын ешбір кісің жоқ, қайтейін сені бойдақтық...» деп шырқай жөнеледі...

– Әйел қожайынға апарып жаматпайсың ба?

– Әйел қожайын?.. Аққудың ол балапанын қандай қырғи іліп түсер екен деші!

– Ол балапаннан дәмелі болған әкелі-балалы қос қырғи, тіпті, бастарын жеп тынды.

– Менің естуімше, ол қыз кезінде Хуа Бозымен әмпей болыпты...

– Олай болғанда, әкелі-балалы Дәндерді шынымен Хуа Бозы өлтірген болды ғой...

– Аз сөйле... аз сөйле! «Жау жоқ деме, жар астында» деген!

Сәкіде жатқан Үй Жанау мырс етіп суық күледі.

– Бала Үй, неге күлдің? – деп сұрайды отырғандардың бірі.

Арақ апшытқан Үй Жанау қапелімде байқамай қалып:

– Оларды аға-шөнең өлтірген! – дейді.

– Сен мас болып қапсың!

– Мас болып қапсың?.. Мас болған – өзің! Оларды расымен аға-шөнең өлтірген!..

Орнынан тұрған ол қабырғада ілулі тұрған қол дорбасынан қанжар алып шығып, қынынан суырады. Қанжардың жүзі ай нұрында жарқ-жұрқ етіп, құдды бір күміс балықтан аумай қалады. Жігіт тістеніп тұрып тағы былай дейді:

– Сендерге ашығын айтып қояйын... мен мына әйел қожайынмен... әлдеқашан жатып қойғанмын... гаулияң алқабында... түнде келіп от қойдым... бір пышақ... сосын тағы бір пышақ...

Тілін жұтқан кісілер үндемей қалады. Біреу үрлеп, шамды жалп еткізеді. Бөлмені көлкеш мұнар басады. Ай нұры түскен қанжар тіпті де жарқырап кетеді.

«Күн Жуе, Күн Жуе, Күн Жуе, Ертең тағы тұрып арақ қайнатамыз!»

Үй Жанау күңк-күңк етіп сөйлеп жатады.

– Сен... – дейді кіжініп. – Сен әкеңді... ышқырыңды көтеріп алған соң адам танымайсың, ә!.. Аға-шөнеңді мал құрлы істетіп... ол оншалық оңай емес... аға-шөнең дәл бүгін... сені жайғамаса...

Сәкіден еңбектей көтерілген Үй Жанау, қолына қанжарын алып, тәнтіректей басып сыртқа беттейді. Тас қараңғыда басқа кісілер көздері бақырайып, оның қолындағы зәрлі жарқыл шашқан қанжарға қарап, тырс етуге дәт ете алай қала береді.

Аулаға шыққан Үй Жанау төбедегі айдың айналаны сүттей жарық қылғанын көреді. Қатар-қатар тізілген қоңыр түсті қыш құмыралар құдды бір қымбат дүниедей жарқ-жұрқ етеді. Егіс алқабынан ескен, өтінде әбден піскен гаулияң дәнінің қышқылтым, кебу исі бар оңтүстік желі жігіттің денесін тітіркендіріп жібереді. Батыс ауладан әлденеге қызықтай күлген әйел затының жіңішке үні келеді. Шатырға кірген Үй Жанау төрт сирақты үлкен орындық алып шығады. Шатырға енген кезде ақырдың ар жағында байлаулы тұрған қара қашыр оны тұяқтарын серпіп қарсы алады. Талыстай танауынан бір құшақ жын атады. Онысын елең құрлы көрмеген жігіт ұзын сирақты орындықты қабырғаға жанастыра қойып, үстіне шығып, тікесінен тік тұрады. Зәулім там көкірек тұсын сызады. Шам жарығының терезедегі ақ қағазды жарқыратып тұрғанын, төменгі жағына жапсырылған қызыл түсті гүл барын көреді. Әйел қожайын сәкіде Лиән-ар есімді қызбен ойнап, қызыққа батып жатса керек. Іле қартайған Лиу қатынның:

– Айнымаған екі тентек маймыл. Жатыңдар енді, ұйықтаңдар! – деген дауысы естіледі. Артынша:

– Лиән-ар, қазан жаққа барып, көріп келші... нан көтерілді ме екен? – дейді іштен.

Үй Жанау қанжарын көлденең тістеп, тамға шығады. Анталап келген бес ит азуларын арандай ашып абалайды. Сасып қалған жігіт қапелімде бойын жия алмай, батыс жақ ауладан бір-ақ шығады. Бағына қарай, әжем жылдам жетеді. Әйтпегенде, тағы екі Үй Жанау болса да, бес ит көкпар ғып тартып, борша-боршасын шығарғандай екен.

Иттерге зекіп, бетін қайтарған әжем:

– Лиән-ар, аспа шамды жағып әкелші! – деп бұйырады.

Оқтауын басына көтерген қартайған Лиу қатын ши аяқтарын тыпырлатып: «Ұры ұстаңдар! Ұры ұстаңдар»! деп айғайлайды.

Лиән-ар аспа шамды көтеріп келіп, жарығын қарауға көз шыдамайтын Үй Жанаудың бетіне түсіреді.

– Сен бе едің? – дейді мысқылдай күлген әжем.

Жерде жатқан қанжарды іліп алған әжем, ары-бері аудара қарап, жеңіне сүңгітіп жібереді.

– Лиән-ар, барып, Лохан атаны шақырып кел! – дейді сосын.

Қыздың қақпаны ашқаны сол, аржағынан асыға басып Лохан ата кіріп келе жатады.

– Қожайын, не боп қалды? – дейді жақындай бере.

– Мына жұмыскер мас болып қапты, – дейді әжем.

– Иә, мас бопты, – дейді Лохан ата.

– Лиән-ар, менің асамды алып келші! – дейді әжем.

Лиән-ар әжемнің әлгі бір ақ түсті аса таяғын алып келеді.

– Сені сергітіп қояйын, – дейді әжем. Таяқты қолына алып бір айналдырады да, Үй Жанаудың май құйрығынан періп-періп жібереді.

Тұщы етіне тиген ащы таяқтың ауыруынан жігіт ұйыған қанның тызылдап тарағанындай әсер алып, өзінше рахаттанады. Бұл қызық күй іле көмекейіне шауып, тістерін шақыр-шұқыр қайрайды. Артынша «Жас келін, жас келін... жас келін...» деген сөздерді сандырақтай береді.

Таяқтап шаршаған әжем асасын ұстап, ентігіп тұрып қалады.

– Апарып тастаңдар! – дейді ақыры.

Лохан ата барып Үй Жанаудың қолынан тартады. Жерде сүйретілген жігіт орнынан тұра алмайды. «Жас келін... тағы ұршы... тағы біраз ұр...» дейді міңгірлеп.

Әжем оның мойнын көздеп аямай тартып қалады. Жігіт құдды бір жас бала құсап аяғын сипалап, ары-бері аунайды. Лохан ата бірнеше жұмыскерді шақырып келіп, Үй Жанауды өз бөлмесіне апарып, сәкінің үстіне тастай салады. Сол арада аласұра дөңбекшіген жігіттің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Лохан ата бір шәйнек арақ әкеліп, бірнеше кісіге оның қол-аяғын бастырып қойып, шүмектен шорылдатып аузына құяды. Қармап тұрғандар шеңгелдерін босатқан соң, мойны бір жағына қисайған жігіт үнсіз, тыныссыз, сұлық қалады. «Тұншығып өлген жоқ шығар, ә?» деп шошына дауыстаған бір жұмыскер шам әкеліп қарағанда, жүзінің тынбай жыбырлап жатқанын көреді. Іле қатты түшкіріп қалып, шамды жалп еткізеді.

Үй Жанау содан ертесі күн сырық бойы көтерілгенше ұйықтайды. Мақтаның үстімен жүргендей жұмсақ басып қазандыққа кірген кезде жұмыскерлер оған таңдана қарап тұрады. Кеше болған істер, оңбай таяқ жегені емес-еміс есінде қалған жігіт мойнын, құйрығын сипағанмен, түк сезбейді. Кенезесі кепкен ол құйғыштан біреуін алып, ағып жатқан ыстық арақтан жарты ожау іліп алып, көкке қарап тұрып қылқылдата жұтады.

– Бала Үй, әйел қожайын келістіріп сабады. Енді тамнан асуға дәт ете алмайтын шығарсың? – дейді ауызқобыз үрлейтін Ду қария.

Әсілі жұмыскерлер көп сөйлемейтін бұл жігіттен ептеп қаймығатын. Ал кеше өз құлақтарымен естіген «ойбайынан» кейін, сескеністері сейіліп, керісінше оны ақымақ көріп, ауыздарына келгенді айтып, мазақ қылуға көшеді. Үй Жанау жауап қатпайды. Тек жастау бір жұмыскерді өзіне тартып, жұдырығын көтеріп, ұрып қалады. Бағып тұрғандар бір-біріне қарап көз қысысып алады да, тұра ұмтылып, оны жерге жығып, әбден тепкілейді. Таяқтап болған соң, белбеуін шешіп, басын иіп әкеп, ауына тығады да, екі қолын қайырып артына байлап, итеріп қалады. Үй Жанау торға түскен тағының күйін кешеді. Ауына тығылған басын шығара алмай жанталасып, доғалана иілген денесі тар жерде допша домалайды. Жұлмалау, жүндеу біразға созылады. Ақыры Ду қария шыдамайды, барып оның қолын шешіп, ауынан басын шығарады. Жүзі алтын қағаздай сарғайып кеткен Үй Жанау бұталған отынның үстіне барып шалқалай құлап, өлген жыландай сұлық түсіп жатып қалады. Әлден уақтан кейін ғана ептеп тыныс ала бастайды. Бір-біріне құрал-сайман тұрған жақты ымдаған жұмысшылар енді оның өш алуынан алаңдап, қорғанысқа көшеді. Орнынан тұрған жігіт теңселе басып арақ толы құмыраға барады. Құйғышпен көсеп алып, қылқылдата жұтады. Ішіп болған соң, жарылған отынның үстіне қайтып келіп қисайып, қорылдап ұйқыға кетеді.

Содан былай Үй Жанау күнде дерлік тоя ішіп алып, бұталған отынның үстіне келіп шолжиып жататынды шығарады. Сығырая ашылатын көкшіл көзі жәудіреп, екі езуіне екі түрлі күлкі ілініп тұратын болады. Оң жақтағысы – ақымақтық, ал сол жақтағысы – әккілік еді. Немесе сол жақтағысы – ақымақтық, ал оң жақтағысы – әккілік. Алғашқы кезде жұмыскерлер оны қызықтап жүреді де, кейін реніштері көбейіп, жақтырмай қалады. Лохан ата оны орнынан тұрғызып, жұмысқа салмақ болады. Көзінің құйрығымен қараған ол:

– Сен кім едің сонша? Аға-шөнең, міне, нағыз қожайын. Әйел қожайынның құрсағындағы бала – менің балам! – дейді даурығып.

Ол кезде менің әкем әжемнің құрсағында бұзаушықтай болып өсіп, күнде таңертең батыс аулада қыдыратын әжемнің лоқсыған үні шығыс аулаға емін-еркін жетіп жүреді. Арғы-бергіні білетін егде кісілер күңкілдеп, бұл жайды тілдеріне тиек етеді. Сол күндердің бірінде тамақ әкелген қартайған Лиу қатыннан жұмыскерлердің бірі:

– Қартайған Лиу қатын, әйел қожайынның бір қуанышы бар-ау деймін? – деп сұрайды.

– Байқа, тілің қырқылып кетіп жүрмесін! – дейді ала көзімен бір атқан қартайған Лиу қатын.

– Дән Пиянлаңның бір атары бар екен, ә?!

– Бұрынғы қожайындікі болмауы да мүмкін.

– Келсе-келместі жорамалдай бермеңдер! Соншама адуынды ол Дән әулетіне шылбыр ұстатты дейсің бе? Сөз жоқ, Хуа Бозынікі.

Отын арасынан қарғып тұрған Үй Жанау қолын ербеңдетеді.

– Ол деген аға-шөнеңдікі! Ха...ха... аға-шөнеңдікі! – дейді айғайлап.

Қарап тұрғандар ду күледі. Артынан оны жатып кеп сыбайды.

Лохан ата Үй Жанауды жұмыстан шығаруды неше рет ұсынғанмен, әжем көнбейді.

– Әзірше есіріп жүре тұрсын... аз күннен кейін көресің, менің оны қалай жымдай қылғанымды, – дейді үнемі.

Бір күні әжем кәдімгідей үлкейіп қалған ішін көтеріп, шалқая басып аулаға келеді, Лохан атамен сөйлеседі.

Жүзін жерден ала алмай, төменшіктеген Лохан ата:

– Қожайын, енді таразыны құрып, гаулияң сатып ала беруге болады, – дейді күмілжіп.

– Алаң, қойма секілді қат нәрселер толық дайын ба? – деп сұрайды әжем.

– Дайын, – дейді Лохан ата.

– Өткен жылдары қай кезде таразы құрушы едіңдер?

– Дәл осы кез ғой.

– Биыл сәл кейінге ысырыңдар, – дейді әжем.

– Кешіксек, қажетті мөлшерді жинай алмай қаламыз ба деп қорқам, – дейді Лохан ата. – Осы жарты күнде біраз үй арақ қайнатуды бастапты.

– Биыл гаулияң жақсы шықты. Олар оның бәрін жұтып қоя алмайды, – дейді әжем. – Сен дереу құлақтандыру шығарып, әлі дайын емеспіз де. Олардың әбден тоғайғанын күтейік. Содан соң жинасақ, баға біздің ырқымызда болады. Тағы бір жағынан, гаулияң қазіргіден жақсы кебеді.

– Айтқаныңыз болсын, қожайын, – дейді Лохан ата.

– Бұл жақта тағы басқа жұмыс бар ма? – деп сұрайды әжем.

– Пәлендей үлкен шаруа жоқ. Тек әлгі бір жұмыскер... күні бойы ішеді де, иленіп жатады. Соған кішкене ақша беріп, жолына саламыз ғой деймін.

Шамалы ойланған әжем:

– Мені қазандыққа ертіп бар, – дейді.

Лохан ата алдыға түсіп, әжемді ертіп қазандыққа апарады. Жұмыскерлер ашытылған гаулияң кесектерін үлкен қасқанға енді сала бастаған екен. Ошақтағы еселенген отын шартылдай жанып, қазандағы су бүлк-бүлк қайнап, қасқаннан көтерілген бу бұйралана будақтап жатады. Биіктігі бір метр келетін ағаштан жасалған алып қасқан қазанның үстіне қойылып, астына көздері өте кішкене бамбук сүзгі орнатылыпты. Төрт жұмыскер ағаш күрекпен үлкен қыш құмырадан жасыл түсті ашытқы қоспасын ойып алып, жұпар аңқыған гаулияң кесектеріне қосып, бу атқылаған алып қасқанға тастауда. Булыққан ыстық бу тежеу беретін емес, аралық-аралықтан саңылау тауып, сыртқа қарай сытылуда. Қай тұстан бу көтеріледі, гаулияң кесегі барып сол араны басады. Күрек ұстаған жұмыскерлер аса қырағылықпен бағып, ыстық буды талмай тұншықтады.

Әжемнің келгенін көрген жұмыскерлер бойларын жиып, еңбекке жігерлене кіріседі. Шашы ұйпа-тұйпа, бет-аузы кір-қожалақ, киімі өрім-өрім Үй Жанау жарылған отынның үстінде құдды бір қайыршы құсап әжеме салқын қабақпен сұқтана қадалып жатады да қояды.

– Мен бүгін әдейілеп қызыл гаулияңның қалай араққа айналатынын көруге келдім, – дейді әжем.

Лохан ата орындық әкеп, әжемді отырғызады.

Қожайынның қадамын үлкен құрмет деп білген еңбеккерлер масаттынып, қол-аяқтары жылдамдап, өздерін көрсетіп қалуға тырысады. От жағатын бала қос ошақтың астына тоқтаусыз отын тастап, лаулаған жалын қазанның астын жан сала жалап бағады. Бұрқ-сарқ қайнаған жұп қазаннан көтерілген бу қысып, ысқырып-пысқырған қасқанның ызыңы мен еңбекшілердің ентіге алған демдері тоғысып, тұтасып кетеді. Нән қасқанға бұқтырылған ылғал гаулияң толтырылып, үстіне дәл өзінің үлкендігіндей жалпақ қақпақ жабылыпты. Ал қақпақтың үстіне бал арасының ұяшықтары қойылыпты. Қазан тағы біраз қайнаған соң, жаңағы ұяшықтың көздерінен ысылдап болмашы ыстық жел үрлей бастайды. Сол аралықта жұмыскерлер қалайыдан екі қабат қып жасаған, үстіңгі жағында шұңқыр ойығы бар ғажайып затты алып келеді. «Арақ қасқан дегеніңіз осы» дейді Лохан ата әжеме. Орнынан тұрған әжем таяп барып, ішкі құрылысын мұқият қарап шығып, ештеңе сұрамастан қайта келіп орнына отырады.

Жұмыскерлер арақ қасқанды апарып, ағаш қасқанның үстіне қояды. Қазандағы бу ылым-жылым жоқ болады. Жұрт тек ошақтағы оттың шартылдай жанған үнін естіп, қазан үстіндегі ағаш қасқанның бірде ағарып, бірде сарғайып, жиі құбылғанын ғана бақылап тұрады. Тым селдір, арақ исіне бір ұқсап, бір ұқсамайтын жағымды иіс ағаш қасқаннан маңайға тарай бастайды.

– Салқын су құйыңдар! – дейді Лохан ата.

Биік орындыққа шыққан бір жұмыскер арақ қасқанның ойық жеріне екі шелек су құяды. Оның қасына көтерілген тағы бір жұмысшы қолындағы басында қалақшасы бар ұзын таяқпен құйылған суды қозғап, ал келіп араластырсын... құйғыта айналдырады. Арада сүт пісірім уақыт өткенде әжем мұрнына келген арақтың аңқыма лебін сезеді.

– Арақ тосып алуға дайындалыңдар! – дейді Лохан ата.

Екі жұмыскер қолдарындағы балауыз білтелерден тоқылып жасалған, сыртына он неше қайтара қағаз шапталып, жүз неше рет май жағылған арақ шарбағын әкеп, қасқанның бүйірінен шығып тұрған қаз тұмсық шүмектің астына қояды.

Әжем орнынан тұрып, қаз тұмсық шүмекке үңіледі. Бір жас жұмыскер майы аққан қарағай жаңқасынан бірнешеуін таңдап алып, ошақтың астына тастайды. Лап етіп жанған отын жан-жаққа жарық шашады. Жамыраған нұр-сәуле тұрған кісілердің тер ағып, майы жылтыраған жүздерін шарпып өтеді.

– Су алмастырыңдар! – дейді Лохан ата.

Екі жұмыскер аулаға қарай жүгіріп, құдықтан төрт шелек су тартып келеді. Биік орындықта су араластырып тұрған жұмыскер қасқанның үстіндегі тетікті бұрап қалғанда, әбден ысыған алдыңғы су сар етіп аға жөнеледі. Орнына жаңа келген суды құйып, бар күшімен тағы да араластыруға кіріседі.

Алқына қайнаған алып қазан, сақадай сай жұмыскерлер, өз ырғағымен атқарылған жұмыс – қызу еңбектің айбыны мен қуатын анық таныған әжем тебіренбей қала алмайды. Дәл осы кезде құрсағындағы менің әкем тосын қозғалады. Әжем көз қиығымен отын үстінде, өзіне жауыққан жанармен бағып жатқан Үй Жанауды шолып өтеді. Қазан қайнап, ыстығы шегінен асқан осы үйде тек соның ғана назары сондай салқын сезіледі. Әжемнің жүрегіндегі жаңағы тебіреніс су сепкендей басылады. Үнсіз отырып, екі қолына шарбақ ұстап, шүмектен арақ ағуын күтіп тұрған екі жұмыскерді күзетеді.

Ағаш қасқанның жапсарларынан сыздықтап бу қашып, арақ исі барған сайын қоюлана түседі. Әжем ана бір қалайы арақағардың үстінен жылтыраған жарықты байқайды. Жарық аздан жиналып, ақырын-ақырын қозғалып, соңында қоғамдалып, жарқыраған мөлдір тамшыға айналады. Көздің жасынан аумайтын тамшы ақыры шарбаққа домалап түсіп, жоқ болады.

– Суды ауыстырыңдар! Отты еселеңдер!! – деп айғайлайды Лохан ата.

Жауапты екі жігіт жүгіріп барып, суық су әкеліп, қалайы қасқанның үстіндегі су алмастыратын қақпақты ашып, ішіне құйғанда, жылы су еңіс ығыса төмен ағып, қасқан ішінің салқын райын бір қалыпта сақтап қалса, булыққан бу қалайы қасқанның тарылған астыңғы қабатында суықпен шарпысып, күйін өзгертіп, жиыла-жиыла тамшыға айналып, арақ ағатын түтіктен сыздықтап шыға бастайды.

Ағып шыққан алғашқы тамшылар өте ыстық болғандықтан, мөлт-мөлт етіп, буы бұрқырап іркіліп тұрады. Лохан ата таза араққұйғыш тауып келіп, жартылай арақ алып, әжеме ұсынады.

– Қожайын, татып көріңіз?! – дейді ілтипатпен.

Арақтың жұпар исі мұрнын жарған әжемнің тілі қышиды. Сол сәт құрсағындағы менің әкем тағы қимылдайды. Әкемнің арақ ішкісі келеді. Әжем араққұйғышты қолына алып, құшырлана иіскейді. Артынан тілін тигізіп, дәмін татады. Ерніне тамызып, тамсанып, жаңа өнімнің бары мен жоғын байқап көреді. Арақ сондай дәмді әрі ащы еді. Аузын толтыра бір ұрттап, ұртына жүгірткенде, құдды мақта сипағандай жағының сұмдық жұмсарып кеткенін сезеді. Жиырулы жұтқыншағын босата қойғанда, азу толы арақ өңешіне құйылып, өзегінің терең түкпіріне қарай жылып ағады. Денесіндегі түк тесіктері ашылып-жабылып, көкірегі керемет бір жайлы күйге бөленеді. Құрсағында қаталап шөлдеген сусамыр пәле тіленіп тұрғандай, арт-артынан толтырып үш ұрттайды. Басын шалқайтып тұрып, араққұйғыштағы арақты түк қалдырмай қағып салады. Ішіп алған соң әжемнің жүзі албырап, жанары шоқтанып, бұрынғыдан әрмен нұрланып, көз тартып, құлпырып кетеді. Аңыра қарап қалған еңбекшілер қолдарындағы жұмысты ұмытады.

– Қожайын, сіз арақты жақсы көтереді екенсіз! – деп қолпаштайды жұмыскерлердің бірі.

– Мен бұрын-соңды арақ ішкен емеспін, – дейді әжем кішіпейілділік танытып.

– Ішіп көрмегендегіңіз мынау болса, ішіп дағдылансаңыз, шелегімен көтереді екенсіз, – дейді жаңағы кісі тағы қолпаштап.

Шүмек сарылдап, шелек араққа толады. Артынан тағы бір шелек шүпілдейді. Беті жыбырлаған шелектер отынның қасына барып тізіліп жатады. Отынның үстінен кенет қарғып тұрған Үй Жанау ышқырын шешіп, шелектердің біріне қарай шаптырады. Не болғанын түсінбей қалған жұмыскерлер жарқырай атқылаған зәрдің доғалана барып шелекке құйылып жатқанын, түскен жерінен бұрқылдап көбік тарағанын көріп тұрады. Дәретін сындырып болған Үй Жанау әжеме қарап, езу тартады да, тәнтіректей басып алдына келеді. Жүзі өрт боп жанған әжем тұрған орнынан қозғалмайды. Құшағын ашқан жігіт әжемді құшақтап, бетінен сүйеді. Ажары тосын оңып, бозарып кеткен әжем тізесін ұстап тұра алмай, орындықтың жанына майыса шөгеді.

– Құрсағыңдағы бала... менікі ме, емес пе... айт? – дейді қалшылдаған Үй Жанау.

– Сен менікі десең – сенікі, – дейді әжем көз жасына ерік беріп.

Көзінен ұшқын жарқ еткен жігіт тұла бойы дүр сілкініп, аунап тұрған арғымақтан аумай қалады. Шешініп, бұтында тек дамбалы ғана қалған ол:

– Сен менің қасқан алғанымды көр! – дейді әжеме.

Арақ қайнататын жердегі ең ауыр жұмыс қасқан алу болатын. Арақ сарқылып болған соң, әуелі қалайы қасқанды қозғап, бал арасының ұяшығы қойылған ағаш қақпақты көтеру керек-ті. Астынан гаулияң езбесіне толған ағаш қасқан шығады. Сарғыш түсті гаулияң езбесі өте ыстық, жақындаған кісі байқамаса күйіп қалады.

Төрт бұрыш жалпақ орындыққа шыққан Үй Жанау қолына қысқа сапты күрек алып, гаулияң езбесін ойып, кесектерді үлкен тоқыма шарбаққа тастай бастайды. Оның қимыл-әрекеті аса тебінсіздей, тек иығы ғана қозғалып жатқандай боп көрінеді алғашқыда. Ыстық бу шарпыған денесі белуардан жоғары қызарып, арқасының тері өзен боп ағады. Аққан терінен әбден сіңіп кеткен күшті арақ исі мүңкіп, ұрып тұрады.

Атам Үй Жанаудың ерен еңбекшілдігі қарап тұрған жұмыскерлер мен Лохан атаны тәнті етеді. Неше айдан бері қынабында тығылып жатқан қылыш қайта жарқ етіп, қылшылдаған қырпуын тағы көрсетеді. Қасқанды алып болған соң ол арақтан бір сіміріп алып:

– Екінші қожайын, менің тағы бір ұсынысым бар, – дейді Лохан атаға қарап. – Қараңызшы, арақағардан арақ аққанда көтерілген бу босқа ұшып кетіп жатыр. Егер арақағардың үстіне тағы бір кішкене қасқан орнатсақ, онда өте жоғары сұрыпты жақсы арақ алатынымыз күмәнсіз.

– Болмайтын шығар... – дейді Лохан ата басын шайқап.

– Болмаса, менің басымды кесіңіз! – дейді атам.

Лохан ата әжеме қарайды. Әлі өксігі басылмай, ықылық атып тұрған әжем:

– Мен араласпаймын... ол нені қаласа, соны істесін, – дейді солығын бір тартып қойып.

Әжем жылаған күйі батыс аулаға қайтып кетеді.

Сол күнен былай атам мен әжем ерлі-зайыптыларға айланып, тату-тәтті ғұмыр кеше бастайды. Лохан ата мен басқа жұмыскерлер олардың ғажап қылықтарын түсіне алмай дал болады. Іштерін түрлі сұрақтар мен түйткілдер түрткілегенмен, жарытымды жауап таба алмайды. Терең түкпірлерінде талай күдік көз ашқанмен, тілге тиек болар ешбір жіп ұшын ұстай алмай, мыстары құриды. Айбынды, асқақ күйлерінде менің атамның қол астындағы жалшыға айналады. Атамның өндіріс техникасына енгізген жаңалығы жұмыстың ілгері басуына үлкен үлес боп қосылады. Содан былай Гаумидің Дұңби ауылында кішкене қасқанмен алатын жоғары сұрыпты арақ пайда болады. Атам сарып қойған арақты жұмыскерлер өздері бір жақты етуге батпай, көтеріп, ауладағы бір тамның бұрышына апарып қояды. Бір күні, айналаны қою қараңғылық тұмшалап, шығыс оңтүстіктен уілдеп жел тұрған жеті түнде жұмысшылар күнде өздері ішіп, демдерін алып жүрген гаулияң арағынікіне мүлде ұқсамайтын, ерекше жағымды, қою жұпар иістің әлдеқайдан сыздықтап келіп тұрғанын сезеді. Танауы сезгір Лохан ата ұнамды лепті қуалап жүріп отырады. Ақыры әлгі несіп араласқан құмыраның қасынан бір-ақ шығады. Дүниеде жоқ хош иіс тура сол арадан жамырап тұрған екен. Жақ ашып, тіл қатпаған ол құмыраны көтеріп, сыбысын білдірмей дүкенге апарады. Алдынғы, артқы есіктерді тас қып жауып, үлкен, кіші терезелерді түгел бекітеді. Май шам жағып, білтесін көтеріп, зерттеу жұмыстарына кіріседі.

Араққұйғыштан біреуін алып құмырадан арақ іліп, оны қайта құмыраға сыздықтата құяды. Ауада балғын жасыл түсті перде жасап жайылған арақ созыла барып құмыраға төгіліп жатады. Төгілген сәтте көпіріп, он неше гүл қауашағын шешек аттырып, ол бір шоқ жүйхау гүлінен аумай қалады. Әлгі қош иіс дәл сол гүл шешектері ашылған тұста тіпті де күшейіп, мұрын жарып, бұрқырай түседі. Лохан ата арақтан шамалы іліп алып, тілінің ұшын тигізіп, татып көреді. Артынша шұғыл шешімге келіп, аузын толтыра ұрттайды. Суық сумен аузын шайып тастаған соң, құмырадағы әдеттегі гаулияң арағынан ауыз толтыра жұтады. Іле араққұйғышын лақтырып тастап, батыс ауланың қақпасын серпе ашып, тіке терезе түбіне барады да:

– Қожайын, шүйінші! Қожайын, шүйінші! – деп айғайлайды.

IX

Қақпадан қуып шыққан соң әжемнің әкесі бір орам ыстық мәнтіні құшақтап, есегін жетектеп ауылына қайтады. Жол бойы тоқтамай қызын балағаттаумен болады. Үйіне жеткеннен кейін кемпіріне қызының қалай Сау әкімнің өкіл қызы болғанын, туған әкесін қалай танымай, тастап кеткенін бастан-аяқ, аударып-төңкеріп айтып береді. Енді әжемнің анасы қосылып, екеуі бірігіп боқтайды. Қатты ренжіген екі қарт су жағасына отырып алып, жан сала бақылдаған сарнауық бақаға ұқсап қалады. Соңында әжемнің анасы: «Шал, сен ашуланба. «Дауыл соқса, ұзаққа бармас, жақындар кетіссе, көпке қалмас» деген бар емес пе. Аз күн өткен соң қайта барып ізде, ол мол дәулетті басып қалды ғой. Саусақтарының арасынан түскеннің өзі екеуміздің өмірімізге жететін азық болады», – дейді. «Рас, ә, жарты ай, не жиырма күн күтіп, тағы барып іздейін ол оңбағанды», – дейді шалы құптап.

Араға жарты айды салып есегіне мінген әжемнің әкесі біздің үйге тағы келеді. Әжем қақпаны тарс бекітіп алып, оның сырттағы айғай-аттанына үнсіз төзеді. Ұрысудан шаршаған шал ақыры көлігіне қонжиып кері қайтады.

Үлкен нағашы атам екінші рет келгенде менің әкем арақ қайнататын қазандықта жұмыс істеп жатады. Әжемнің әлгі бес иті бұл кезде ауыз жаласып, бірігіп, зор күшке айналған екен. Үлкен нағашы атам келіп қақпаны қаққанда, олар іштен үреді. Қартайған Лиу қатын қақпаны ашқанда үйірлі ит сыртқа қарай тобымен атылып, келген кісіні қоршап алады. Арсылдап, тап-тап бергенімен, азу салып қаппайды. Үлкен нағашы атам арқасын есектің қодығына сүйеп алып, иттерді алдаусырататын түрлі әрекеттер жасайды. Артындағы қодық дір-дір етіп, қалшылдап тұрады.

– Сен кімсің? – деп сұрайды Лиу қатын.

Ашудан жарыла жаздаған үлкен нағашы атам:

– Сен өзің кімсің? Мен туған қызымды көруге келдім! – дейді.

– Сенің туған қызың кім еді?

– Сенің қожайының менің туған қызым болады.

– Онда тұра тұр, мен барып айтайын...

– Сенің туған әкең келіп тұр де...

Қартайған Лиу қатын бір теңге күміс ақша алып, қайта шығады. Сосын былай дейді.

– Шал, менің қожайыным айтады, менде әке жоқ, бір теңге күміс ақша берем, соған мәнті алып жесін дейді.

– Ой, оңбаған! Сен шықшы бері алдымен! Қолыңа қарға тышса, туған әкеңді танымай кетесің бе?! Бұл не деген жөнсіздік! – дейді менің үлкен нағашы атам от алып, қопаға түсіп.

Қартайған Лиу қатын күміс ақшаны жерге лақтыра салады.

– Қандай қиқар шал едің өзің! Бұл арадан тез кет! Менің қожайынымның жынына тисең, көрер күнің басқа болады! – дейді сосын.

– Мен оның әкесімін. Ол қайын атасын өлтірген. Енді туған әкесін өлтіріп тынбақ па? – дейді үлкен нағашы атам.

– Тез кет... тез! Енді кетпесең, иттерді жіберіп, бұтыңды жұлдырамын! – дейді қартайған Лиу қатын.

Лиу қатын «айтақ» деп қалады. Топ төбет жұлқына ұмтылады. Ана бір көк ит жетіп барып, есектің санынан бір тартып кетеді. Осқырған есек шылбырып жұлқа тартып, аяғын сермеп қалып, тұра қашады. Үлкен нағашым жерде жатқан күміс ақшаны ала салып, есектің артынан тұра қуады. Абалап, арсылданған иттер екеуін тырқыратқан күйі ауылдан ұзатып тастайды.

Үлкен нағашы атам әжемді үшінші рет іздеп келгенде бір бас қара қашыр сұрайды.

– Мұны сенің қайын атаң берем деп уәде еткен. Адам өлгенмен, қарыз өлмейді. Егер ескі есепті жаппасаң, аудан әкіміне барып арызданамын, – дейді әжеме.

– Мен сендей адамды танымаймын. Төрт-бес рет келіп, айғай-сүрен салып, елдің тыныштығын бұздың. Мен жазам арызды сенің үстіңнен! – дейді әжем.

Үлкен нағашы атамның айғай-аттанынан әбден мезі болған әкем аяқ киімін артынан басып үйден шығады. Қайын атасын кеудесінен итерген күйі қақпадан шығарып жібереді.

Үлкен нағашы атам қара танитын біреу тауып, арыз жаздарып алып, есегіне мінеді де, аудан орталығы қайдасың деп тартып отырады. Сау әкімге кіріп, әжемнің үстінен шағым түсіреді.

Алдыңғы жолы Дұңби ауылына барып, Хуа Бозының үш тал оғынан жүрегі қатты шайлығып қалған Сау әкім, үйіне келген соң кәдімгідей ауырып қалған екен. Арыздың сондағы қанды оқиғаға қатысы барын білгенде, бойы түршігіп, қолтығынан ыстық тер шығып кетеді.

– Шал, сен қызым қарақшылармен жасырын әмпей болды дейсің... айғағың бар ма? – дейді.

– Әкім ием, ол қарақшы дәл қазір менің қызымның үйінде жатыр. Әлгі үш тал оқпен сіздің делегейіңізді ұшырып жіберген Хуа Бозы, – дейді үлкен нағашы атам.

– Шал, сен білуге тиіссің... егер іс шынымен сен айтқандай болса, сен қызыңның өмірін арашалап қала алмайсың, – дейді Сау әкім.

– Әкім, мен әділет үшін жақынын керек етпейтін жанмын... тек... менің қызым мол дәулетті басып қалды ғой... – дейді үлкен нағашы атам.

Мұны естіген әкім кәріне мінеді.

– Ой, ашкөз қақпас! Болмашы мал-мүлік үшін туған қызыңа жала жабудан да тайынбайсың ба! Бәсе, туған қызың сені неге танымай кетті десем... сендей әке әке ме өзі? Соғыңдар бұған елу дүре! Жіберіңдер сосын!

Үлкен нағашы атамның арызданып жарытпағаны өз алдына, елу дүре жеп, ауыр соққыдан құйрығы удай ашып, есегіне міне алмай, көлігін жаяу жетектеп, жүрек тырнаған азабын кімге айтарын білмей, ақсаңдай басып жолына түседі. Аудан орталығынан шығып көп өтпей шапқан аттың дүрсілін естіп, кері бұрылады, Сау әкімнің әлгібір тапал қара атына мінген біреудің суыт келе жатқанын көреді. Өлді деген осы деп ойлайды ішінен. Тізесі дірілдеп, қылтасы майысып, шөге береді.

Соңынан қуып жеткен кісі Сау әкім жанынан тастамайтын шабарман Иән төре екен.

– Шал, орныңнан тұр, – дейді ол. – Әкім мынаны айтты: сенің қызың – менің өкіл қызым. Туыс болған соң, арада жақындық та болу керек. Табанмен дүре соқтырғаным – дұрыстап адам болсын дегенім. Апиын шеккендердің, негізі, өзегі жұлынады, мынау... бірге бір кетсін, жарайды. Мен сені он теңгелік күміс ақшамен марапаттаймын, үйіңе барған соң кіші-гірім кәсіппен айналыс. Ендігәрі оңай олжа, көлденең табысты көксеуші болма... дейді әкім!

Үлкен нағашы атам күміс ақшаны қос қолдап алып, тізерлеп отырып рахметін айтып, алғысын жаудырады. Тапал қара ат темір жолдан өтіп кеткен соң барып орнынан тұрады.

Сау әкім әкімдіктің үлкен залында жалғыз отырып әбден ойланады. Күміс ақшаны апарып, қайтып келген бала Иәнді келген бойда жетектеп құпия бөлмеге кіргізеді.

– Менің сенімім кәміл: дәл қазір Дән шаңырағының төсегінде жатқан әлгі кісі, сөз жоқ, Хуа Бозы... бұл – күмәнсіз. Хуа Бозы – Гаумидің Дұңби ауылындағы қарақшылардың ту ұстары. Оны ұстап алсақ, Дұңбидағы қарақшылар тым-тырақай қашады. Мана, жұрттың алдында шалды соққаным – көптің көзін алдап, көңілін басқаным, – дейді.

– Әкімнің қашанда есебі – дәл, ұпайы – түгел, – дейді бала Иән.

– Өткенде мені әлгі Дәй текті келіншек оңдырмай отырғызды, – дейді Сау әкім.

– Тұлпардың да сүрінетін кездері болады, – дейді бала Иән.

– Сен бүгін жүйрік ат мініп, қасыңа жиырма сарбаз алып, Дұңби ауылына қарай аттан. Ана қарақшы серкесін ұстап кел, – дейді Сау әкім.

– Ана келіншекпен қоса ұстайын ба?

– Жоқ... ол келіншекті ұстауға болмайды. Оны ұстағаның – менің бетімді аймандай қылғаның. Оның сыртында, өткендегі оқиғада, мен оны әдейі көмектесейін деп еркіне жібердім. Гүлдей жайнаған жас қыздың ақпа кеселі бар адамға тұрмысқа шығуы – үлкен бақытсыздық... көңілдес тауып алса, кешіруге болады. Болды, Хуа Бозыны ұста да, оны жайына қалдыр... мол байлыққа кенеліп, бай-бақытты ғұмырын кеше берсін!

– Дән шаңырағының ауласы кең, қорғаны биік. Оның сыртында, қабаған ит ұстайды. Хуа Бозының ерекше сақтығын есепке алғанда, жеті түнде қақпа тақылдатып, тамнан асу – Хуа Бозының қарауылына өзің барып іліну емес пе?

– Тым таяз ойлайсың... тым таяз! Бұл жағын мен әлдеқашан ойластырып қойғанмын, – дейді Сау әкім.

Әкім түзген жобаға сәйкес, бала Иән жиырма әскерді бастап жарым түнде атқа қонады. Шеткері жолдарды қуып, Гаумидің Дұңби ауылына қарай үртіс тартып отырады. Мезгіл – қазан айы. Сары күз. Жер-әлемді жапқан гаулияң тып-типыл болып шабылып, үймек-үймек сабақ үйіндісіне айналған. Алқаптың аспанында жұлдыздар жымыңдап самсап тұрады.

Түн жамылған суыт жүрісті топ біздің ауылдың батыс жақ шетіне ілінгенде мөлдір шық қырауға айналып, солған шөп ақ жамылғы жамылатын сәтке таяйды. Күз желі ет қарып, бет шымшылай бастайды. Сарбаздар аттан түсіп, бала Иәннің бұйрығын күтеді. Бала Иән: «Аттарды гаулияң сабағының үймегіне апарып, бір-біріне матаңдар. Екі адам күзетке тұрсын!» дейді. Қалған адам сақадай сайланып, шабуылға дайындалады.

Шоқтай қызарған күн көкжиектен көтеріледі. Ұйқы меңдеген қара топырақты жер әлі бір қабат ақ перденің астында жатады. Адамдардың қас-кірпігін, ат тұмсығындағы ұзын қылдарға дейін қырау басып, орап алады. Маталған аттар гаулияң жапырағын үзіп, гүрт-гүрт шайнайды.

Бала Иән қойын сағатына қарайды.

– Алға! – дейді артынша.

Он сегіз сарбаз ілесіп, мысықтабандап ауылға қарай жылжиды. Барлығы – бір түсті, оқтаулы шолақ мылтық ұстаған қырағы жасақ. Ауылға кіре берісте екі әскер маңайды шолуға қалады. Көше қиылысына жеткенде тағы екі сарбаз қалып, жол ториды. Және бір қиылыстан өткенде, тағы қос әскер қалып жол тосады. Ал біздің үйдің қақпасына тақағанда бала Иәннің қасында ауыл кісісі болып жасанған алты адам ғана болады. Арасындағы бойы ұзын біреуі бос арақ құмырасын көтеріп жүреді.

Қартайған Лиу қатын келіп есік ашқанда бала Иән белгі береді. Құмыра көтерген ұзынтұра омыраулап ішке ұмтылады. Ашуға булыққан Лиу қатын:

– Не қылған жансыңдар? – деп сұрайды олардан.

– Сенің қожайыныңды іздеп келдік. Мен алдыңғы күні сендерден екі құмыра арақ алғам. Барған соң он адам ішіп, уланып өлді. Арақтарыңа қандай у қостыңдар? – дейді құмыра көтерген жігіт.

Осы аралықта бала Иән мен басқа жігіттер жалбызбалап ішке еніп, қақпа маңындағы там бұрышына барып жасырынады. Үйірлі ит құмыра көтерген кісіні қоршап, үріп тұрады.

Әжем ұйқы тығылған көзін зорға ашып, киімінің түймелерін сала жүріп сыртқа шығады.

– Шаруаларың болса, дүкенге барып айтыңдар! – дейді ашулы үнмен.

– Сендердің арақтарыңа у қосылған. Біздің он адамымыз уланып өлді. Бұл мәселені қожайынмен сөйлесіп, шешпесек болмайды, – дейді әлгі ұзынтұра.

– Сен не көкіп тұрсың? Біздің арақ тоғыз аймақ, он сегіз ауданға таралады. Әлі ешкім уланып көрген емес. Қалай сенің адамыңды улайды? – дейді әжем қаны басына шауып.

Ұзынтұра әскер, әжем және бес ит қосыла абаласып, бір-біріне есе-теңдік бермей тұрған осы аралықта бала Иән ысқырып белгі береді. Қалған бес сарбаз да ұмтылып үйге кіреді. Құмыра көтерген жігіт қолындағысын тастай бере, ышқырынан құралын суырып алып, әжемді бас салады.

Киініп жатқан атамды бала Иәндер сәкінің үстінде басып қалады. Қолын артына байлап, аулаға алып шығады.

Атамның байлап-маталғанын көрген иттер құтқармақ болып, тұра ұмтылғанда жасақтар атып, жалпаларынан түсіреді. Аяқ асты жер құшып, қандары айналаны бояйды.

Нық басып тұра алмай қалған қартайған Лиу қатын ауына жіберіп қояды.

– Бауырлар, ұзанда өш, қысқада кегіміз жоқ адамдармыз. Ақша, астық керек болса, айтсаңдар болды. Қылыш суырып, оқ атып керегі не, – дейді әжем.

– Бос сөзді қой! Алып жүріңдер! – дейді бала Иән.

Анықтап қараған әжем оны бірден таниды.

– Сен менің өкіл әкемнің шабарманы емессің бе? – дейді аптығып.

– Бұл істің сенімен қатысы жоқ. Сен күніңді көріп, жайыңа жүр, – дейді бала Иән.

Батыс ауладан мылтық дауысын естіген Лохан ата дүкеннен жүгіріп шығып, там үстінен қарағанда, зу еткен бір тал оқ тура құлағының түбінен жанап өтеді. Есі шыққан ол басын дереу тартып алады. Көше жақ тып-тыныш екен. Адам қарасы көрінбейді. Іле ауыл иттері түгел құлақтанып, жаппай абалап үруге кіріседі.

Бала Иән мен сарбаздар атамды айдап көшеге шығады. Ат қарауға қалған екі әскер аттарды әлдеқашан әкеліп қойған екен. Ауыл шетін, көше қиылысын қарауылдап қалған әскерлер бұлғаған қолды көре сала жетіп келеді. Әркім өз көлігіне қонжияды. Атамды бір жирен атқа етбетінен жатқызып, байлап тастайды. Бала Иәннің бұйрығын ести сала ат тұяқтары жедел қимылдап, аудан орталығын бетке алып жүріп кетеді.

Атты жасақ аудан әкімдігінің кең ауласының алдына жетіп, атамды түсіреді. Қияқ мұртын сылаған Сау әкім миығынан күліп, алдына келеді.

– Хуа Бозы, сен үш оқпен аудан әкімінің делегейін атып түсірдің. Енді әкім саған үш жүз табан дүре соғып, қарымта қайтарады, – дейді.

Арқасы жайсыз ат жүрісі соғып, етін ет, сүйегін сүйек қылып езіп тастаған атам басы айналып, көзі қарауытып, лақылдатып кеп құсады. Аттан түсе сала шала өлікке айналады.

– Соғыңдар! – деп бұйырады бала Иән.

Бірнеше сарбаз атамды әбден тепкілеп, аунатып жатқызады. Сосын ағаш сапқа бекітілген жалпақ табанды алып, май құйрықтан ал келіп соғады дейсің. Алғашында тісін тісіне басып үн шығармай жатқан атам, аздан соң әке-шешесін айтып, ойбайға басады.

– Хуа Бозы, Сау екінің табан дүресінің кереметін білген шығарсың? – деп сұрайды Сау әкім.

Ауыр соққының әсерінен есі енді кіре бастаған атам:

– Қателестіңдер... қателестіңдер... мен Хуа Бозы емеспін! – деп айғайлайды.

– Жалтаруға дәтің барады, ә, сенің? Тағы үш жүз дүре соғыңдар! – дейді ашу қысқан Сау әкім.

Әскерлер атама қайта бастан дүре жаудырады. Көнектей болған қоңнан жан қашып, соққыны сезудан қалады. Салақтаған басын көтеріп алған атам:

– Сау Мыңжиу, ел сені «ашық аспан Сау» дейді. Ал сен нағыз алжыған, күшіне сенген күшік екенсің! Хуа Бозының мойнында алақандай ағы бар. Қарашы, менің мойнымда бар ма екен? – дейді дауыстап.

Тіксініп қалған әкім қолын көтереді. Дүре ұстаған әскерлер тиылып, бір шетке қарай ығысады. Екі сарбаз барып атамды көтеріп тұрғызады. Сау әкім жетіп келіп, мойнын ашып қарайды.

– Хуа Бозының мойнында ақ бар екенін сен қайдан білесің? – дейді сосын.

– Өз көзіммен көргем, – дейді атам.

– Сен Хуа Бозыны таниды екенсің – қарақшы болды деген сол. Мен сені жаңылыс ұстаған жоқпын, – дейді Сау әкім.

– Дұңби ауылында Хуа Бозыны көрген адам мыңдап саналады. Сонда олардың бәрі қарақшы ма?

– Жеті түнде жесірдің төсегінен табылу – қарақшылық болмаса да, азғындық... мен жаңылыс ұстаған жоқпын.

– Ол сенің өкіл қызыңның келісімімен болған...

– Ол келісті ме?

– Иә.

– Сен кімсің?

– Мен оның жұмыскерімін.

– Қап! – дейді Сау әкім. – Бала Иән, қазірше мұны қамай тұрыңдар!

Осы кезе әжем мен Лозан ата да жетеді үйдегі қара қашырларды мініп. Аудан әкімдігінің қақпасына келіп тоқтайды. Қашырлардың шылбырын ұстаған Лохан ата сыртта қалып, маңайды басына көтерген әжем аттан салып, дарбазадан кіреді. Күзетші әскер мылтығын көлденең ұстап бөгемек болады. Әжем оның бетіне былш еткізіп түкіріп жібереді.

– Бұл кісі әкімнің өкіл қызы, – дейді Лохан ата.

Күзетші одан ары бөгемейді, әжем әкімнің кеңсесіне қарай ентелеп кете береді...

Сол күні түстен кейін әкім арнайы адам шығарып, терезесіне торғын перде тартқан жайлы көлікке отырғызып, атамды ауылына қайтарады.

Атам әжемнің жанында екі ай жатып, жарақатын емдетеді.

Әжем кейін қашырға мініп тағы бір рет қалаға кіреді. Өкіл шешесіне өте қымбат сыйлық тарту етеді.

Х

Мың тоғыз жүз жиырма үшінші жылы, желтоқсан айының жиырма үшінші жаңасы қазан қаңырап бос қалады. Хуа Бозының тобындағы адамдар келіп, әжемді ұстап әкетеді. Түске дейін ұстап кеткендер түстен кейін хабар салады. «Арақтың ақшасынан мың теңге күміс ақша әкеліп, тірі адамын сатып алсын. Ақшасын қимаса, Лигужуаң ауылының шығыс жағындағы бұтхананың алдынан өлігін тауып алсын» дейді.

Атам кебеже-қобдилардың бұрыш-бұрышын ақтарып жүріп, екі мың теңге күміс ақша жинайды. Оны ұн дорбасына нығап салады. Сосын Лохан атаны шақырып, қашырға артып айтылған жерге жеткізуді тапсырады.

– Мың теңге сұраған секілді еді ғой? – дейді Лохан ата.

– Көп сөзді қайтесің... апар деген соң, апар! – дейді атам.

Лохан ата қашырды алдына салып айдап, жүріп кетеді.

Кеш кіре әжемді қашырға мінгізіп алып қайтады. Мылтық асынған екі атты қарақшы үйге дейін жеткізіп салады.

– Қожайын, біздің атаман сізге «бұдан былай қақпасын ашып тастап ұйықтасын» деп сәлем айтты, – дейді екі әскер атамды көрген соң.

Лохан атаны жұмсап, зәр қосылған арақтан бір құмырасын алдырған атам қарақшыларға ұсынады.

– Атамандарыңа ала барыңдар, дәм татсын, – дейді.

Атам қос қарақшының қолынан ұстап, ауылдың сыртына дейін шығарып салады.

Қайтып келген соң қақпаны тарс қылып бекітеді. Сыртқы есікті ғана емес, бөлменің есігін де жабады. Сосын әжемді құшағына алып, бауырына басып ұзақ отырады.

– Хуа Бозы саған әдепсіздік жасады ма? – деп сұрайды бір кезде.

Басын шайқаған әжемнің көзі жасқа толады.

– Не... ол сені құшақтады ма?

Жүзін атамның көкірегіне басқан әжем:

– Ол... ол менің омырауымды ұстады, – дейді.

Орнынан еліре қарғып тұрған атам:

– Балаға ештеңе болмаған шығар? – дейді.

Әжем басын изейді.

Мың тоғыз жүз жиырма төртінші жылдың көктемінде атам жұрт көзіне түспей қашырмен барып, Чиңдау қаласынан бес мың тал оғымен қоса екі дана маузер сатып әкеледі. Біреуі Германияда жасалған – «барабан», екіншісі Испанияда істелген – «қазбас».

Қару сатып әкелген соң атам бөлмесінде үш күн қамалып отырып, екеуін түгел шашып, қайта жияды. Көктемде аяз жүргенде иінге қабыршақ мұз қататын. Қыс бойы аш жатқан балықтар мұздың астына келіп төбелерін төсеп, күн шуақтайтын. Атам маузері мен дорба толы оғын көтеріп, иін жағалап жүріп, балық атады. Көктеменің күндерін толығымен осы су жаңа жұмысына арнайды. Үлкен балықтарды тауысқан соң, шабақтарға ауысады. Кісілер жиылып, қызықтап қараса, түк таппай қалатын атам, олар кете сала, арт-артынан тарсылдатып, балықтың миын суша шашады. Жадырап жаз келіп, гаулияң сабағы бойлап өседі. Атам егеу тауып, екі маузердің қарауылын жып-жылмағай ғып егеп тастайды.

Шілденің жетісі күні кеште нөсер құйып, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Әжем төрт айлық әкемді Лиән-арға қаратып қойып, атама еріп, шығыс ауладағы дүкенге барады. Есікті жауып, терезені бекітеді. Лохан атаға шам жақтырады. Әжем сөреге шытыр гүліне ұқсатып жеті дана мыс теңге тізіп, бір жағына сырып қояды. Атам сөренің сыртында ауыр ойға шомып, ары-бері сенделіп жүреді. Жүріп-жүріп бір кезде шұғыл бұрылып, белінен қос маузерін ілгерінді-кейінді суырып алып, иығын керіп тұрып, тарс-тұрс жеті тал оқ атады. Сөреде жатқан жеті дана мыс теңге қабырғаға қарай ұшады. Үш тал оқ домалап жерге түсіп, төртеуі барып тамға кіріп, бойлап кетеді.

Әжем мен атам қатар жетіп, шамды көтеріп қарағанда, теп-тегіс тақтай бетіне бір де бір тесік түспегенін көреді.

Бұл атамның ұзақ уақыт табанды жаттығу арқылы қол жеткізген зор жетістігі – «жеті жапырақты шытыргүл» еді.

Атам қара қашырға мініп, ауылдың шығыс жақ шетіндегі шағын қабақханаға барады. Тас боп бекітіліп, сыртын өрмекші торы шырмап алған есікті бұзып ашады. Алдынан бүлінген мәйіттің сасық исі мүңкіп, қолқасын қабады. Атам мұрнын жеңімен басып алып, мұқият қарап шығады: қылтасынан үлкен орындық басып қалған семіз шал арқалықтың астында отыр екен, мойнында оралған қоңыр жіп, көзі ұясынан шыға бақырайып, аузынан ақтарыған ұзын тілі қарайып кетіпті. Төбесінде салақтаған бір үзік жіп атам есік ашқанда ішке енген болмашы лептен әлсіз қозғалып, тербеліп тұрады.

Аузы толы түкірікті екі қайтара түкірген атам қашырын жетектеп, енді ауылдың бас жағынан қара көрсетеді. Қашыры аяқтарын тоқтаусыз тарпып, түк қалмаған шолақ құйрығын үздіксіз сабалап, шыбын қағумен болады. Ұзақ ойланған атам ақыры қашырына мінеді. Тұмсығын қайта-қайта үйге қарай бұрған қашыр біраз әурелейді. Тізгінін жиі-жиі тартып, әрең дегенде жөнге салады. Бір кезде жуан жұдырығымен қашырдың құйымшағынан періп қалады. Ытқып кеткен қашыр содан кейін гаулияң арасындағы жолмен шоқырақтап тартады да отырады.

Ол Мошүй өзеніндегі ағаш көпірдің әлі бүлінбеген кезі екен. Жаңбырлы маусым уағы болғандықтан, су мөлшері көбейіп, жер бетінен асып, көпірге қарай өрлеп, түзу-түзу тартылған жіңішке толқындар тақтай бетімен үздік-создық болып жылжып жатады. Су сылдыры анық естіледі. Қашыр әнтек іркіліп, аяғын суға салғанмен, ары қарай баспай қояды. Атам жұдырығымен екі-үш рет түйгенмен, бәрібір, табандап тұрып алады. Тек ер үстінен ырғалып, өкпесін түсіре тебінгенде барып, белін қайқаңдатып көпірдің ортан беліне жетеді. Атам тізгін тартып, шұғыл тоқтайды. Көпір үстінен асып-төгіліп жатқан мөлдір суды қақ жарып, екі қапталында қызыл қанаты бар сазан балықтың батыс жақтан атылып, кемпірқосақ секілді доға жасап, шығыс тарапқа ұшып өткенін көреді.

Көліктің үстінде батыстан келіп жатқан сырғыма ағынға қарап аз тұрады. Су кешкен тік тұяқтарды шашасына дейін толқын ұрып, айнадай қылып тазалайды. Қара қашыр тізгінін жұлқып, тұмсығын апарып салғанда, кедергіге тап болған екпінді ағын сағағына дейін шапшып, көзіне шашырайды. Танауын жаба қойған қашыр ақситып қатар тізілген әппақ тістерін көрсетеді.

Өзеннің оңтүстік жағы жаңа қылтиған гаулияң майсасымен жап-жасыл болып жылмиып жатады. Құдды бір үнсіз тынып қалған телегей судың өлі беті секілді. Жиек жағалап жүрген атам қашырының маңдайын шығысқа қарай түзейді. Түс болған кезде қашырын жетектеп гаулияң алқабына кіреді. Жаңбыр суы жұмсартқан сары топырақ желімге айналып, қашырдың төрт аяғы мен атамның қос табанын ұстап қалады. Батпандап лай жабысып, төрт тұяғы бірдей зіл тартқан қашыр ауырлаған денесін зорға қозғап, жоқ жерден жанталасып, әлекке түседі. Кернейдей керіліп кеткен қос танауынан гулеп леп ұрып, кейде мөлдіреп көбік шашырайды. Сірке су тәрізді тер қышқылы аңқып, қыртысы сойылған қара батпақтан көтерілген шалаңғыт иіс кеңсірігін қытықтап, атамның ылғи түшкіргісі келе береді. Тығыз өскен гаулияң майсасын мелдектей кешкен атам мен қара қашыр арттарында сойы анық сорап қалдырады. Жүре-жүре, аздан соң жасыл гаулияң өскелең тартып, айналадан ештеңенің із-дерегі білінбей қалады.

Атам мен қашыр жүріп өткен жерлерден, екеуінің табанынан қалған іздерден су шығып, демде лық толады. Атамның белуардан төменгі денесі мен қашырдың шеңбірек атқан дәу қарны аяқтарынан ыршыған үлкенді-кішілі балшық бөлшектеріне толады. Былш-былш еткен лай дыбысы желсіз даладағы шыжғырма аптапта қаулап өсіп тұрған жыныс гаулияң арасында зорая естіліп, құлаққа еркін жетіп тұрады.

Ұзамай атам да ентіге бастайды. Тамағы қырылдап, тілі кеберсіп, демі сасиды. Қара қашырдың да тамағы кеуіп, тілі ісініп, таңдайынан дәм кеткен шығар деп ойлайды ішінен. Тер ағып бітеді. Ендігі жерде денелерінен майға ұқсайтын, сұйық зат шығып, арасындағы ащы бірдеңе терілерін шымылдатып шаға бастайды. Гаулияңның өткір жапырақтары атамның жалаңаш мойнын кесіп кетеді. Қатты ренжіген қашыр басын тістене шайқап, күш жинап, таусылып бітпейтін гаулияң алқабынан ұшып өткісі келгендей түр танытады. Біздің үйдің тағы бір қашыры, бәлкім, сол кезде көзі таңуы күйде шеңбер жасай айналып, диірменнің тасын сүйреп жүрді... не, бәлкім, қалжыраған халде бір елі ғып турап берген гаулияң жапырағы мен қуырылған гаулияң дәнін гүртілдетіп жеп тұрды.

Сеніміне берік атамның көңіліне ешбір күдік қашпай өзекті қуып, тартып отырады. Қалқиған гаулияң жапырағы көзін жиі-жиі тырнап, сорасын ағызған қашыр әрі-сәрі күйге түсіп, тоқтағысы келгенмен, алдындағы иесінің шылбырынан күшене тартқан демеуімен ілгері жылжып, итшелеп ілбиді.

Гаулияң алқабынан жаңа іздер көзге шалына бастайды. Атамның мұрнына аңсап келе жатқан таныс иіс те үзіле жетеді. Қашыр өзінен өзі елеңдеп, кейде тұра қалып тұмсығын көтере искелеп, алпамсадай денесі өскелең гаулияң арасында қозғалақтап, тұра алмай кетеді. Атам дауысын көтеріп жөтеліп қояды. Алдыңғы жақтағы жұпар иіс қалыңдай түседі. Атам межелі маңға жеткендерін біледі. Көп қате жібермейтін ішкі түйсігіне сүйенген атам бірнеше қадамнан артық жүрмейді, өзі мақсат етіп келе жатқан аумаққа енгенін сезеді.

Әлгінде байқалған аяқ іздері атам мен қашырдың көз алдында шалп-шалп басып, суды сыртқа ығыстырып бара жатады. Атам ол іздерді көрмегендей, сорапты бойлай жүріп, аздан соң кенет қатты дауыстап: «Батыстағы суық дүниеден бір ат кетті алыстап....» деп әндете бастайды.

Атам артынан шыққан аяқ дыбысын естиді. Бірақ, есі ауысқан адамдай алға қарай ентелеп кете береді. Кешікпей әлдене қатты зат келіп беліне тіреледі. Атам қарсыласпай қолын көтереді. Екі қолын жоғары жылжытып кеуде тұсынан асыра бергенде, беліндегі екі маузерін артындағы кісі жұлып-жұлып алады. Үш елідей жалпақ қара шүберек келіп атамның көзін жауып қалады.

– Атаманмен сөйлескім келеді! – дейді атам.

Бір қарақшы атамның белінен құшақтап, екі минудтай айландырып, жібере салады. Басы айналған атам майда қара топыраққа басымен барып құлайды. Маңдайына батпақ жағылады. Жер тіреген қолы да білезігіне дейін лайға кіреді. Гаулияңға сүйеніп орнынан тұрған атамның шекесі дыңылдап, көз алды бірде жасыл тартып, бірде қарауытады. Жанындағы жігіттің тыныс алған ауыр демі естіліп тұрады. Қарақшы ұзын гаулияң сабағынан біреуін сындырып әкеліп, бір ұшын береді де, екінші басын өзі ұстап, «Жүр!» дейді.

Атам артында келе жатқан қарақшының аяқ дыбысы мен қашыр тұяғының батпақ кешкендегі шалпылын анық естиді.

Қарақшы қолын созып, атамның көзіндегі қара шүберекті шешеді. Атам көзін қалқалап алады. Он неше тамшы жас аққан соң барып қолын түсіреді.

Қарсы алдында әлде бір көне қопсы қаңқиып тұрады. Ат шаптырым аумақтағы гаулияң тып-типыл боп жапырылып, ортасына үлкен лашық тұрғызылған екен. Он неше жігіт жейделерін жамылып, лашықтың сыртында сап түзеп тұрады. Тұрақтың есігіндегі алып шөлкенің үстінен алпамсадай біреу көрінеді. Мойнындағы алқандай ақ терісі алыстан жарқырайды.

– Менің атаманды көргім келеді, – дейді атам.

– Арақ ашытатын қожайынсың ба? – дейді Хуа Бозы.

– Иә.

– Неге келдің?

– Ұстаз тұтып, өнер үйренуге?

Суық жымиып, езу тартқан Хуа Бозы:

– Сен күнде иін жағалап, балық атып жүрген жоқсың ба? – дейді.

– Дәл тигізе алмадым... әйтеуір... – дейді атам.

Хуа Бозы атамның екі маузерін қолына алып, ұңғыларының аузына қарайды. Сосын бос құралдың серппесін кезек-кезек басады.

– Былай жақсы қару... сен мылтық атуды үйреніп, не істемексің? – дейді.

– Сау Мыңжиуді атамын, – дейді атам.

– Ол сенің қатыныңның өкіл әкесі емес пе? – дейді Хуа Бозы.

– Ол маған үш жүз елу табан дүре соқты. Мен, негізі, сен үшін таяқ жедім, – дейді атам.

Хуа Бозы қарқылдап күледі.

– Сен екі еркекті өлтіріп, бір әйелді иелендің. Негізі, сенің басыңды алу керек, – дейді сосын.

– Ол маған үш жүз елу дүре соқты, – дейді атам.

Хуа Бозы сол қолын көтеріп, тарс-тұрс үш оқ атады. Оң қолын көтеріп, тағы үш оқ атады. Атам қос қолымен басын құшақтап, алдына қарай тізерлей жығылады. Қарақшылар ду күледі.

– Қояндікіндей мына жүрегімен бұл пәле адам өлтірген бе? – дейді Хуа Бозы ғажаптанып.

– «Нәзік жүрек әлемді билейді» деген ғой! – дейді бір қарақшы.

– Қайтып барып, кәсібіңді дөңгелет! Кәрісшоқпар өлген. Бұдан кейін сенің үйің біздің байланыс орталығымыз болады, – дейді Хуа Бозы.

– Мен мылтық атуды үйреніп, Сау Мыңжиуді өлтіремін, – дейді атам.

– Сау Мыңжиудің өмірі біздің қолымызда. Өз ішкі есебіміз бар. Қай уақта орнына қоямыз... өзіміз біліміз, – дейді Хуа Бозы.

– Сонда мен босқа сандалған болдым ғой, – дейді атам іштей жәбірленіп.

Хуа Бозы атамның маузерлерін алдына қарай лақтырады. Жан-дәрмен ұмтылған атам біреуін ұстап қалады. Екіншісі жерге түсіп, түтігі батпаққа сүңгиді. Атам маузерді алып, сілкілеп, түтіктегі балшықты кетіреді. Жейдесінің етегімен сүртіп, маузердің лай жұққан жерлерін айнадай етіп тазалайды.

Қарақшылардың бірі орнынан тұрып, атамның көзін байлауға ыңғайланады. Хуа Бозы қолын сілтеп: «Қажеті жоқ!» дейді.

Орнынан тұрған ол:

– Жүр, өзенге барып жуынып ал. Әрі қожайынға еріп біраз бой жаз, – дейді.

Қарақшылардың бірі атамның қашырын жетектеп алдыға түседі. Атам оның артынан ілеседі. Хуа Бозы мен қалған қарақшылар одан кейін қоралана аяңдайды.

Өзеннің биік қырына жеткен соң Хуа Бозы атама суық көзбен сынай қарайды. Бетіндегі батпақ пен терді сыпыра сүртіп тастаған атам:

– Бұл жолғы жүрісім оң болмады... бұл жолғы жүрісім оң болмады... шыжып өлдім... – дейді.

Атам былғанған киімдерін шешіп, жерге тастап, үстіне екі маузерін қояды. Екі-үш қадам ілгері басып барып, келесі адымда өзенге секіреді. Суға түскен соң құдды бір майға қуырылған бауырсақ құсап аударылып-төңкеріліп, тоқтаусыз аунақшиды. Басы су бетіне бірде шығып, бірде сүңгіп, көрінбей кетеді. Қос қолы бейне су түбіне күріш майсасын қадап, қайта жұлып жатқандай тынымсыз қимылдап, қозғала береді.

– Мына пәле суға жүзуді білмейді екен, – дейді бір қарақшы.

Хуа Бозы жөткерініп қояды.

Су ортасынан атамның жанталаса шалпылдатып, айғайлаған дауысы мен жөңкілген өзеннің ыңыранған үні қатар келіп тұрады. Аунақшыған ағын атамды ақырын-ақырын шығысқа қарай алып бара жатады.

Хуа Бозы ағысқа еріп шығысқа қарай жүреді.

– Атаман, мен тұншығып өлетін болдым.

– Барып, алып шығыңдар! – дейді Хуа Бозы.

Төрт қарақшы өзенге секіреді. Суды жұтып-жұтып қарны шертиіп кеткен атамды жиекке алып шығады. Атам өзен қырында құдды бір өлген адам құсап ұзынынан түсіп жатады.

– Қашырды жетектеп келіңдер! – дейді Хуа Бозы.

Бір қарақшы барып қашырды жетектеп келеді.

– Ананы көтеріп қашырдың арқасына шығарып, етбетінен жатқызыңдар! – дейді Хуа Бозы.

Қарақшылар атамды көтеріп қашырдың үстіне шығарады. Атамның шертіп кеткен шеңбірек қарны ердің үстін жабады.

– Қашырды ұрып желдіріңдер! – дейді Хуа Бозы.

Қарақшылардың бірі қашырды жетектеп, екіншісі артынан айдайды. Екеуі екі жақтан атамды сүйеп жүреді. Біздің есік пен төрдей қара қашырды өзеннің қырымен зіркілдетіп желдіріп отырады. Шамамен жарты шақырым желгенде атамның аузынан қара ботқа су лоқыта атылады.

Қарақшылар атамды қашырдан түсіреді. Жерге түскен атам өлі балық секілді ағы көбейген екі көзі алпамсадай Хуа Бозыға қадалып, өзен қырында сұлап жатады.

Хуа Бозы жейдесін шешіп, көңілдене күледі.

– Пәлекет, сен бір рет жан сауғаладың, – дейді.

Өңі бозарып кеткен атамның шықшыт бұлшық еттері тынымсыз жиырылып-созылып, жанын көзіне көрсетеді.

Хуа Бозы мен басқа қарақшылар киімдерін шешіп тастап, арт-артынан суға секіреді. Олардың суға малтау өнерлері жоғары деңгейде екен. Мошүй өзенінде балықтай сүңгіп, үйректей жүзеді. Бір-біріне су шашып ойнап, қызыққа әбден батады.

Атам үн-түнсіз орнынан тұрады. Хуа Бозының жейдесін киеді. Мұрнын тартып, тамағын кенейді. Аяқ-қолын еркін жіберіп, керіліп созылады. Қашырдың ертоқымы су болған екен, оны қарақшы атаманының киімімен сүртіп, кептіреді. Еркелеген қашыр жібектей жалтыраған мойнын атама созып, иек артады. Қапталынан қағып-қағып қойған атам:

– Қара, тоқта... күтейік, – дейді.

Атам қос маузерін қолына алған кезде қарақшылар үйрек құсап өзен жағасында қаз-қатар боп тізіліп отырады. Атам арасын үзіп-үзіп жеті тал оқ атады. Жеті қарақшының миы мен қаны Мошүй өзенінің мейірімсіз суына діректеп атылады.

Атам тағы да жеті тал оқ атады.

Хуа Бозы әлдеқашан су жиегіне шығып үлгерген екен. Мошүй өзені жуындырған денесі қар гүліндей ағарып, әппақ болып тұрады. Ешбір қорқыныш сезімі байқалмаған ол өзен қайраңындағы қақала өскен жасыл шөптің үстінде, аса бір мойынсал болған сыңаймен:

– Тамаша мергендік! – дейді.

Жанып кеткен алтын күннің шуағы оның денесіндегі кей жерде ұйып, кей жерде ағып бара жатқан су тамшыларын аптап, қақтап тұрады.

– Лау Хуа, сен менің әйелімді аймаладың ба? – деп сұрайды атам.

– Өте өкінішті! – дейді Хуа Бозы.

– Қалай дәтің барды? – дейді атам тістеніп.

– Сен де болашақта төсек үстінде өле алмайсың, – дейді Хуа Бозы.

– Суға түспейсің бе? – деп сұрайды атам.

Хуа Бозы бірнеше қадам кері шегінеді. Өзен жағасының сәл таяз жерін кешіп тұрып, тура жүрек тұсын нұсқайды.

– Дәл мына жерден ат! Басымды быт-шыт қылсаң, көзге тым жаман көрінеді екен.

- Жақсы, – дейді атам.

Атамның жеті тал оғының Хуа Бозының жүрегін тас-талқан еткені сөзсіз. Ол қатты бір ыңыранады да, өзен суына шалқалай құлайды. Жалпақ екі аяғы су бетінен шолтаң етіп бір көрінеді де, артынша балық құсап батып, су түбіне шөгіп кете береді.

Ертесі түске таяу атам мен әжем бір-бірден қашыр мініп, әжемнің әкесінің үйіне келеді. Үлкен нағашы атам күміс балқытып, ұзақ өмір құлпын (ырым) құйып жатқан екен. Атам мен әжемнің кіріп келе жатқанын көріп, қолындағы күміс балқытқыш қазанын төңкеріп алады.

– Естуімше, Сау Мыңжиу әкім сені он теңге күміс ақшамен марапаттапты? – дейді атам.

– Ардақты күйеужан, кешіре гөр! – дейді тізесі бүгіле берген үлкен нағашы атам.

Атам қойнынан он теңге күміс ақша алып шығып, қайын атасының жалтыраған маңдайына бірінің үстіне бірін қойып, қабаттап тізеді. Сосын:

– Мойныңды тік ұста... қозғалма! – дейді ақырып.

Атам артына қарай бірнеше қадам шегініп барып, «тарс-тұрс» екі оқ атады. Күміс ақшалардың екеуін ұшырып жібереді.

Атам тағы екі оқ атып, екі күміс ақшаның жоқтауын асырады.

Үлкен нағашы атамның денесі бірте-бірте бүрісіп, атамның он оқ атуын күтпей-ақ, жерге сұлап түседі.

Әжем қойнынан жүз күміс ақша алып шығып, айналаға шашып, аула ішін күміс жарқылына толтырып жібереді.

ХІ

Атам мен әкем сау-тамтығы қалмай бүлініп, қаңырап қалған үйлеріне қайтып келеді. Қабырғадағы тұқылдырықтан елу күміс ақша алып шығып, Хуа текті біреу болып жасанып, қалаға кіреді. Пойыз бекетіне жақын маңдағы бір қызыл шырақ ілген шағын дүкеннен бетіне жақпаған бояғы жоқ әйелді тауып, бес жүз тал оқ сатып алады. Содан аз күн жасырынып жатып, амалын тауып, әрең дегенде қаладан шығады. Лың Мазымен есеп айырысудың қамына кіріседі.

Атам мен әкем ана бір «қуығы сыздап» жарылуға айналған лақты айдап, ауылдың батыс жағындағы гаулияң алқабына жеткен кез – Мошүй өзеніндегі үлкен көпірді жабыла атқылаған сұрапыл соғыстан кейінгі алтыншы күн, түстен кейін екен. Сол күні, яғни, мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жылы, ескіше тамыз айының он бесінші күні түстен кейін төрт жүзден астам жапон жасағы мен алты жүзден астам қуыршақ әскер біздің ауылды тас қамалмен құрсағандай қоршап алады. Атам мен әкем лақтың «көтенін» ағытады. Кішкентай лақ бір келе құмалақ тастаған соң, артынан тағы неше жүз оқ «тышады». Әкелі-балалы екеуі сасық иісі мен латтығын елеп жатпай, дереу қаруланады. Гаулияң алқабында басқыншы жаумен жан беріп, жан алысқан ұрысты бастап жібереді. Жапон жасағынан жүздеген адамды, қуыршақ әскерден ондаған кісіні өлтіргенімен, бәрібір, күш шекті, қуат әлсіз болғандықтан, толассыз шабуылға төтеп бере алмайды. Кешке, ауыл тұрғындары мылтық дауысы көп естілмейтін оңтүстік ауылға қарай қотарыла көшкенімен, жолда жапон армиясының жаусатпа қаруының қаһарына ілінеді. Гаулияң алқабында неше жүз ер-әйел баудай түсіп қырылады. Шала өлгендері жанталаса домалап, қызыл гаулияңды жапырып, жамбастарына басады.

Жау әскері шегінгенде ауылдағы үйлерге түгел от қояды. Көкке шапшыған өрт оңайлыққа тізгін бермей, ұзақ жанып, жарты әлемді жайпап кетеді. Сол түнгі ай о баста дөп-дөңгелек, қан қызыл түсті болыпты. Бірақ, соғыстың кесірінен бозғыл тартып, күңгірттеніп, құдды бір өңі оңып кеткен қима қағаз секілденіп, сыртына салқын сыз тарап, аспанда ілініп тұрыпты.

– Әке, біз қайда барамыз?

Атам жауап қатпайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар