Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мөлдір Райымбек. Бiр-бiрiне ұқсамайды көктемдер

05.10.2019 962

Мөлдір Райымбек. Бiр-бiрiне ұқсамайды көктемдер 12+

Құсқа айналып кетсем ғой...

Қыркүйектiң демi ме?

Ақыраптың?

Жанарына шық тұнды жапырақтың.

Жел өтiнде тамшыдай дiр-дiр еткен,

Қалт-құлт етер кеудеде қалтырақ мұң.

Жылытарға жоқ дәрмен,

жылынарға,

Көңiлiмде өткеннiң сызы бар ма?

Жаңбырына малшынып күзгi күйдiң,

Сая таппай жүремiн тығыларға.

Түгесiлiп бақта да құстың әнi,

Тұмшаланған тұманмен.

Сұсты бәрi.

Құс жолына қараймын жиi-жиi,

Жүрегiме қонақтап ұшқындары.

Санамалап мезгiлдiң сағатын әр,

Шұғыладан жан едiм табатын әр.

Желпіп өтер жалынын Қызыл күннiң,

Құсқа айналып кетсем ғой қанаты бар...

«Қырық қыз» тас мүсiндерi

(аңыз желiсiмен)

Сыр шертсек өткен күннен, ғасырлардан,

Аз емес-ау опық жеген тасырлардан.

Сұм жауға айбат шеккен арулардың,

Мұз емес, тас боп қатып жасы қалған.

Елдiктi биiк қойып, ар-намысты,

Қырық қыз сұм дұшпанмен арпалысты.

Өрлiгi арулардың аңыз болып,

Қазақтың сахарасын шарлап ұшты.

Дұшпанның түспеу үшiн құрығына,

Халықтың дақ түспеу үшiн тұнығына,

"Мәңгiлiк қара тасқа айналдыр",- деп,

Қырық қыз хақ Тәңiрге қылды дұға.

Мезетте қабыл болып тiлектерi,

Тасқа айналды,

Жау бiрақ, дiр етпедi.

Соғып тұр тас кейпiнде бұл күндерi,

"Ел" деген өр қыздардың жүректерi.

Оралса ойға, еске сол мұнар күн,

Кеуденi шерлi сазға толтырар мұң.

Жел ессе нұрланады құз-жартастар,

Сылдыры елiткендей шолпылардың.

Асқақ шың "Қырық қыздың" тұғырындай,

Көз салу мүмкiн емес күй ұғынбай.

Өгемнiң толқындары тербеледi,

Өрiлген Қырық қыздың бұрымындай.

Сарқырап Сарқырама тасады әнi,

Көңiлге рахат сыйлап тау самалы.

Қыс келсе қатуланып тас мүсiндер,

Көктеммен қайта түлеп жасанады.

Уақыттың қашауымен қатпарланып,

Бара ма, тас шоқылар жақпарланып?!

Қайсарлық тұнып тұрған бейнелерде,

Қыз-ғұмыр, нәзiктiктiң жатқаны анық...

Алаш ­– мәңгi ұраным

Бабалардың iзi сiңген құм мынау,

Қойнауынан саз еседi мұңдылау.

Бозадырда кiсiнейдi құлын-үн,

Тақымынан ағытылып қыл бұрау.

Бағзы күннiң үнi сiңген тасқа да,

Тарихымның хақ куәсi - тас ғана.

Күн боп туған, Ғұн боп туған өр Рухым,

Атилла боп атой салды басқаға.

Сұм дұшпанға ашып келген аранын,

Тұмар болып айбындана қарадым.

Айбарымнан жау шегiндi, жасқанып,

Сүйем жерге тигiзбестен табанын.

Бейуақытта дауылдай боп ұлыған,

Байыз таппай неге iштей булығам?!

Күлтегiн боп жалт қаратып әлемдi,

Күн астында жарқылдаған дулығам.

Қанға бiткен, ежелден-ақ бұламын,

Мұңдансам да толқытады - бұла мұң.

Жанарымның отындағы ұшқыннан,

Сескенедi шибөрi мен құладын...

Керуен-керуен көштiң iздеп сорабын,

Ғасырлардың кезем жиi торабын.

Асқақтықтан тамырланған дiңгегiм,

Атым - Қазақ, Алаш - мәңгi ұраным!

Қилы заман иiргенде ұршығын,

Талан болған тарихымдай тұншығып,

Бөрi-жүрек... Бөрi ұлиды аулақта,

Айға қадап, көкке шаншып тұмсығын...

Тұлдыр сана

Тұлдыр сана,

Тұлдыр сезiм,

Тұлдыр бақ,

Тұлдыр ойдан ой туады бұлдырлап.

Шыңырауға құлдилайды шыңынан,

Руханият та жұтаңдықтан құлдырап.

«Өркениет» дейдi мұны бәз бiреу,

«Даму» деген осы екен деп мәз бiреу.

Жахандыққа кетпесе екен жұтылып,

Ұлт ертеңi ұлттық рухпен мәндiлеу.

Ғапылдықтың дертi жайлап ғасырды,

Сарқып iшпек санадағы асылды.

Сақта, Тәңiр, жарқ ететiн түбiнде,

Дүр рух сiңген дүр сiлкiнтер жасынды!..

Терең ойға үңiледi түйсiгiм,

Түңiлдiрсе тұл тiрлiктiң кескiнi.

Елегiзiп тұратыны-ай көңiлдiң,

Елжiретiп ежелгiнiң естi үнi!

Ойлар

Өздi-өзiммен кей-кейде күбiрлесiп,

Өтiп жатыр күндерге күн iлесiп.

Менi қойшы, көнермiн,

Көндiккенмiн,

Тыншытпайтын ойлар ғой, дүбiрлесiп.

Шарқ ұратын,

Судағы шағаладай,

Жүрегiме бiр тыным табам қалай?!

Мен, әйтеуiр, мезгiлге өкпелiмiн,

Жүрмiн бе, әлде, сәттердi бағаламай?

Қарығанда жанымды күздiң демi,

Көктемдi аңсап,

Көңiлiм үздiгедi.

Қараша ауып, бұлт көшiп, күттiрген күн,

Келер, бәлкiм, кiм бiледi?

Түпсiз терең, батырып тұңғиыққа,

Ендi бiрде қондырып Күндi иыққа,

Желмаясы Ойлардың адастырмай,

Жетер, бәлкiм, түбi бiр Жерұйыққа.

***

Қара жердiң қозғалғаны - дыбыссыз,

Ұлы-ұлы дүмпулер де - үнсiз тым.

Мұңы барды бақытсыз деп кiм айтты,

Бәрi бiрдей бақытты емес мұңсыздың.

Түнекте де көл бетiне ай тұнар,

Жылылық бар қабақта да қабарған.

Күлкiменен көмкерiлер қайғы бар,

Шын қуанса жас шығады жанардан.

Тама-тама таусылатын жас емес,

Жауын жерге, өскiн көкке ұмсынар.

Берiктiкке жерде жатқан тас емес,

Тасты жарып өсiп шыққан гүл сыңар.

Беймәлiмдеу шегi және жалғасы,

Көрiнбейтiн Уақытты көр елемей.

Тартылғанда тұзға айналып арнасы,

Шөлдейдi екен теңiздер де телегей...

Бағала досты барында

Өтсе де күндер, көңiлге жиi мұң артып,

Келер күн - елес, тұратын алдан мұнартып.

Өмiрде кешкен сәттердiң бәрi - аяулы,

Достармен өткен мезеттiң бiрақ

құны артық.

Уақыт дегенiң сағымдай көшiп барады,

Қанаттас iздеп құстар да қанат қағады.

Ұмытпай жиi досыңның халiн сұрап тұр,

Жылдар мен жолдар бөлсе де қанша араны.

Қарамай, әсте, дауылдарға да, жауынға,

Дем беретұғын қиналған әрбiр шағыңда,

Жоғалтып алып күрсiнбеу үшiн амалсыз...

Бағала досты, бағала досты барында.

***

Бiр бақыт iздеп, бiр шаттық iздеп шалғайдан,

Сөз болып келiп, үзiлiп түскен таңдайдан,

Армандар легi, осқылап жатқан жанымды,

Құрсауын бұзар жалғанның мынау, бар ма айлам?!

Мен күткен бақыт, мен күткен шаттық бөлек тым,

Көктемдей болып көңілге сыйлар дүр екпiн.

Емiнiп тұр ма, егiлiп тұр ма, бiлмеймiн,

Тамырын басып көргем жоқ әлi жүректiң.

***

Көктем неге жылайды екен дамылсыз,

Жанарынан дөңгелетіп тамшысын.

Қасат қар да еріп кетті тағы үнсіз,

Қара жердің қуырып ап апшысын.

Көңіл-көздің жасы неге тым ащы,

Баз кешкенде баяны жоқ тірліктен.

Ақ шыныда мөлтілдейді мың тамшы,

Тамшылардың сүрлеуіне сүрліккен.

Боз сәулені бетке алғандай, күнгейді,

Жүрек неге жырақтайды тым әрі.

Ешкім және ештеңені білмейді,-

Бітпейді екен дүниенің сұрағы...

Сағыныш бар...

Сағыныш бар

Тасасында бұғып жатқан күлкiнiң.

Бiр күнiмнен айырмасыз бiр күнiм.

Сен де мендей күлiп жүрген жан болсаң,

Жанды мұңнан арылтайық, кел, күнiм.

Сезiмiмнiң сөндiре алмай жалынын,

Сарғыш тартқан күзге неге налыдым?

Беймазалау болып алған көңiлге,

Көрiнерi осы ма, әлде, бәрi мiн.

Уақытпен жасайтындай ұлы егес,

Ой-санамды кезiп жүрген бiр елес.

Сағыныштан сарғаятын жүрек ғой,

Күз емес.

Жолдарға телмiрiп

Күткенi оралмай, үмiтi жоғалмай,

Сыздаған жүрегi оңалмай,

Жолдарға телмiрiп қамыққан көңiлмен,

Қаншама, қаншама жан өттi өмiрден?!

Уақыттың бөлшегi - жылжыған жылдарда,

Беймәлiм, тылсымдау сыр бар ма?

Қайырсыз бүгiнмен бетке алып Ертеңдi,

Қаншама, қаншама сезiмдер өртендi?!

Ойлармен арбасып, iштегi егеспен,

Көз алмай сұлбасыз белестен,

Қаншама, қаншама ақ жүздер қуарды,

Қаншама жанарлар суалды?!

Бұлт кешiп, қанатын сермеген қаздарда,

Құсқа тән наз бар ма?

Қаңқылдап ұшады, әрi асып таулардан,

Ол жақта жаз бар ма?...

Iздер

Көшелердiң бойында сабылысып,

Сан тағдырлар барады сағым құшып.

Бiр iз әне барады алып ұшып,

Жолдар әне тоғысты сағынысып.

Ұнай қойсын сарылып күту кiмге,

Нүктесiн де бiлмейсiң, үтiрiн де, -

Бiр iз әне барады iлбiп басып,

Күрсiнiсi шылымның түтiнiнде.

Ұғысқанда жүректер көздерiмен,

Үнсiз қалады екен ғой сөз де кiлең.

Салған iзi өшпейдi сезiмдердiң,

Қос аяқтан қалған iз өшкенiмен.

Шөлдедiң бе, жәутең көз, мейiрiмге,

Мейiрi жоқ "өмiрге" кейiдiң бе?

Бұйырары белгiсiз тағдырдың да,

Уы кiмге немесе сыйы кiмге.

Тербегендей даланы құстың әнi,

( Құс әнiне көңiл де құлшынады)

Топыраққа iз салып, алақанға,

Беймәлiмдеу бiр жаққа ұшты бәрi.

Алакеуiм шақ па едi, iңiр ме едi,

Белгiлiсi Мезгiл де кiдiрмедi.

Күткен емен ғажапты

Күткен емен ғажапты, күтпеймiн де,

Күткендерiм оралған күз кейпiнде.

Таңмен бiрге оянған үмiттерiм,

Күн шыққанда жоғалды-ау шық кейпiнде.

Жел ұшырған күйiндей ебелектiң,

Тұрлаусызын көңiлдiң елемек кiм?

Беймәлiмдеу қол созып қуанышқа,

Құр елеске елiткен елеңдеппiн.

Өз-өзiмдi түсiнбей өзiм мүлде,

Iштей тынып, қанша ойлар көз iлуде.

Бұлқыныстар, шегiнiс-ұмтылыстар,

Қаншасына, о, қайран, төздi кеуде?...

Қарашығы секілденіп даланың...

Қарашығы секiлденiп даланың,

Мөлдiрейдi, мөлдiреген қара түн.

Көкке ұмсынып көгершiндей армандар,

Шарқ ұрады қағып-қағып қанатын.

Дауа болмай жүректегi сезiмге,

Сарқылғандай бұл күндерi төзiм де.

Жанарымда көлкiп тұрған тамшыдай,

Ай билейдi толқындардың көзiнде.

Мезгiл ұрлап жүзiмдегi күлкiмдi,

Кiнәмшiлдеу болып алдым бiртүрлi.

Сызаттанып белгi берсе бiр таңым,

Түрiлер ме түпсiз түннiң түңлiгi.

Бойлатып ап аңсап күткен шақтарға,

Бұлыңғырлау соқпақ-жолдар жатты алда.

Дәрменсiздiк меңдеп алған жанымдай,

Үнсiз, тiлсiз мүлгитiндей бақтар да.

Жайлағандай жер бетiн де нала-мұң,

Күңiренiп күрсiне ме қара түн?

Аппақ жұлдыз ағып түстi аспаннан,

Тамып түстi көз жасындай даланың...

Қоңыр күзде..

Сұр тұманмен сұрғылттанып сары бақ,

Жел еседi, қара желдiң демi - сыз.

Қоңыр күзде қоңырайып, жабырқап,

Күтiп жүрмiн,

ненi, кiмдi белгiсiз...

Түрлi-түрлi түске енiп құбылып,

Жылт етедi,

жапырақтай бiр үмiт.

Жаңғырығы секiлденiп кеуденiң,

Iшкi дауыс күбiрлейдi құмығып.

Күрсiнiсiн сыңары етiп жанымның,

Күркiресiн аспан мейлi, күз мейлi.

Елесiне бойласа да сағымның,

Көңiл, шiркiн, еш күдерiн үзбейдi!..

***

Түйдек-түйдек бұлт көшкенде аспаннан,

Түйiр тасқа тамшы болып жас тамған.

Көңiлiммен арқа сүйеп жартасқа,

Жүрегiммен топырақты жастанғам.

Солай, солай... Сезесiң бе күйiмдi,

Жаным талай аярлыққа күйiндi.

Бiр Құдiрет тарқатарын бiлемiн,

Санадағы шырматылған түйiндi.

Сыбызғыдай сыңсып тұрған iшiмде,

Арзуым бар, түсiн, мейлi, түсiнбе.

Қанша тiлек көкке ұшты ғайып боп,

Қалыбына сыймайтұғын пiшiнде.

Нұрлы шуақ iздегенде жанарым,

Жақсылардың жанарына қарадым.

Тазалықты, дархандықты, өрлiктi,

Кең даланың құшағынан табамын.

Маңған шақта батысына келте күн,

Кiрпiк қағып оянады ерке түн.

Мен баяғы, үмiт, күдiк - шанағы,

Көкiректiң қылқобызын шертемiн.

Бұлбұл-дәурен

Көмейiне алғандай лағыл жұтып,

Бұлбұл-дәурен өтедi-ау тамылжытып.

Ойнақтайды уақыт ырық бермей,

Жорғалатып жылдарды, жалын тұтып.

Асауын-ай арманның, алқындырып

Шабуын-ай алысқа талпындырып.

Бұла көңiл көнбейдi-ау бұғалыққа,

Құба белден асса да жалын бүркiп...

Жалын бүркiп от-сезiм алауынан

Жаңылмайды жан бiткен қалауынан.

Өзiмiздi iздеймiз сабылумен,

Өмiр атты кiтаптың тарауынан.

Ақ ұлпа қар

Ақ ұлпа қар, аппақ қар ұшқындаған,

Ақ аспаннан қылаулап ұштың маған.

Жау, жауа түс, ағартып жердiң бетiн,

Тазалықты өзiңнен ұқсын ғалам.

Аққу құстай, кiршiксiз көгiлдiрдей,

Ақ дүние тұра ма өңiн бермей?!

Алақанның ерисiң жылуына,

Мейiрiмге шөлдеген көңiлдердей.

Ақ ұлпа қар, мамық қар, мақтадайын,

Кiр жұқпасын жандағы аққа дәйiм.

Қарашыққа сiңiрiп ақ сәуленi,

Жарық дүние, өзiңнен бақ табайын.

Аппақ сәуле жанға нұр құяды да,

Жыр тулайды, жүректен күй ағыла.

Ақ ұлпа қар, сендегi аппақ әлем,

Қара жердiң төсiне сыяды ма...

Кейде

Себебі өзім бе, әлде тағдырым ба?!

Көңілім көп құмартып алды мұңға.

Мендік сезім ұқсайды маң далаға,

Малынғысы кеп тұратын таңғы нұрға.

Кейде ұқсайды буырқанған теңіздерге,

Теңіз мендей жанына ем іздей ме?!

Толқын болып тулаймын тағат таппай,

Мұхит болып толқимын үнсіз кейде.

Кейде ұқсайды жартастың жақпарына,

Бiр нәзiк сырды бүккен қатпарына.

Бұлт құрсаған аспандай күңiренем,

Жаңбыр болып жыласам тақпа кiнә!...

Сағыныш боп...

Сарғыш тартқан жапырақпен сырласып,

Қиялыммен қанат қағам қыр асып.

Сағыныш боп шертiлердей бар әлем,

Қос iшектiң күмбiрiне ұласып.

Айдын көлдiң ақ буынан түзiлiп,

Бұйра бұлттар жөңкiледi тiзiлiп.

Сағыныш боп себелейдi ақ жауын,

Тамшылары ақ моншақтай үзiлiп.

Нұр боп жауған, шық боп тұнған тамшылар,

Көздi арбайды, бiр сиқыры бар шығар?!

Қоңыр әуен бұлқынады кеудеде,

Сағынышты арқау етер ән шығар?!.

Бақыт деймiз...

Бақыт деймiз, бақытқа қол созамыз,

Бақыт деген не өзi, ой қозғаңыз?

Қиял сызып көкжиегiн өмiрдiң,

Ақ арманмен көшкен бұлттан озамыз.

Асқар таудың құзар басын көздеймiз,

Асығамыз, жәй аяңға төзбеймiз.

Күнге жақын боламын деп ұмтылып,

Биiк шыңда мұз жатарын сезбеймiз.

Жоқты барға, барды жоққа балаймыз,

Бардан жерiп, көктегiнi қалаймыз.

Алынбайтын асуларды аңсаумен,

Өтiп кетер талай көктем, талай күз.

Шаттанамыз, бiрде мұңнан бұғамыз,

Әр ғұмырда сыр шертедi бiр аңыз.

Желiп жүрiп шын бақыттың қадiрiн,

Бiз көбiне кеш болғанда ұғамыз.

Күз

Алқызыл нұр ойнайды келбетiнде,

Кемел шағы тiршiлiктiң оралып.

Қобыз сарын сарнайды жер бетiнде,

Қоңыр дала қоңыр мұңға оранып.

Мезгiл ұрлап жасыл реңдi ажарын,

Кер далаға iзiн салды күрең күз.

Тарқатып ап түрлi-түстi базарын,

Қуқыл тартқан қыраттар да сүреңсiз.

Сыңсу айтқан тырналарды ұзатып,

Түйдек бұлттар түнерiп кеп жылайды.

Құйындатып ақ көбiгiн көкке атып,

Дауылдатып Дала-жүрек тулайды.

Бүрсең қағып қурайлар ырғалады,

Кербез айдын толқиды сағыныштан.

Құлазиды көл суы, жылғалары,

Әсем сазын аққу-қаз алып ұшқан.

Аспан астын, жер үстiн тұман жайлап,

Суық ызғар еседi қабағынан.

Жаурағаннан сарғайып жапырақтар,

Түсiп жатыр үзiлiп сағағынан...

Жолдар

Жолдар,

Жолдар...

Қайда жетiп кiдiредi бiлмеймiн,

Кiдiргенше кiрпiгiмдi iлмеймiн.

Жанарымнан ыршып түскен ұрланып,

Бiр тамшыны көрсем-дағы көрмеймiн.

Мейлi, мейлi,

Бәлкiм мұны дейтiн болар - алданыш?!

Өмiр ғой бұл,-үмiт, күдiк, арпалыс.

Соқпағына салып алып өзiнiң,

Ескертусiз күтер алдан қалтарыс.

Ойдым-ойдым

Иiндер бар, асу бермес өткелдер,

Сағым болып мұнартады көк белдер.

Күзi мұңлы, жазы да бар шуақты,-

Бiр-бiрiне ұқсамайтын көктемдер.

Шұғылалы

Бiр жарыққа жету шығар талабым,

Мен түбiнде даңғыл жолды табамын.

Айдың күмiс сәулесiне шомылып,

Мақпал түнге маңып кетiп барамын...

Сурет ашық интернет кеңістігінен алынды

Мөлдiр Райымбекова 1992 жылы 4 қыркүйекте Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Тараз мемлекеттiк педагогикалық институты, филология факультетiнiң түлегi.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар