Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Несіпбек Дәутайұлы. Шерхантаным...

27.09.2017 5094

Несіпбек Дәутайұлы. Шерхантаным

Несіпбек Дәутайұлы. Шерхантаным - adebiportal.kz

800224_1751831143______________________________3_.jpg

Беу дүниенің бебеулеген ақиқаты – жарық әлем әлі күнге жартылай жұмбақ. Соның сырын ашамын деп он сан ой қуалап, ойынды еті он бөлек болған ойсылқаралар пәлсападан пәлсапаның қайыс шылауына қанша жармасып, қыл шылбырына қанша оратылса да, тереңдеген сайын тыпың-тыпыңға көшіп, тығырыққа тіреліп қала береді. О, несі? Бәлкім, ақылға кенде Адам атты айналайынның жарық әлемнің сырын түгел ашуға ынтызар-ықыласы қанша көбік шашып, көкке атылып жатқанымен қабілеті жетпейтін шығар. Төмендегісі де, төске өрлегені де, төбеге шыққаны да пайымдай алмай жүргені – жаһандағы ой-сананың жалғыз иесі – адам өзі өресіне, ең шырқау биігіне әлі жетпеген не орта жолда, не оның бер жағында келеді екен. Яғни, өмір сүрудің әліппесін түгесіп біте алмай жатыр. Осыдан кейін жұмыр жердегі миллиардтағандардың ғұмырнамасынан өмір сүрудің ортақ үйлесім түгілі өз жанындағылар түгел ниеттес, мақсаттас болуы екіталай. Ана сүтінің құдыретімен нағыз жазушы болып туғандардың азап-шері осында.Қолына қалам қыстырып, қоймалжың ұғым, қойторы ойдың қойын-қонышын өз қотырын өзі қасып жата алмайтын мұндай қаламгерлерді танудан кез-келген ілім жайлы кандидаттық, докторлық диссертация қорғау әлдеқайда жеңіл шаруа. Жазушы Шерағаң - Шерхан Мұртаза дегенде менің ойыма әуелі осы келеді.

Адам мен қоғамның болмысын тану, болмысының тарихын, тарихының даму сатыларын көкіректегі көркем ой, көсем сөздің құдыретімен талдап, таразылау – ақыл-есті (интеллектуалды) әдебиеттің абыройы. Ақыл-есті әдебиет талдау мен таразылау талқыға түскенде талағыңды тарс айырып тарпып та жібереді, астарлап әуендетіп те әкетеді. Қай шығарманы алып қарасаңыз да Шерағаңда осы екі қасиет бірдей.

Жалпы әдебиет әлемінде көркем шығарманың басты критерийі не? − деген сауал төңірегінде әртүрлі пікір бар. Біреу идея десе, біреу ақиқатты оның алдына қояды. Идея – жазушының өз заманына ұсынатын өзінің арман-тілегі, мақсат-мұраты. Ақиқат – қоғамда болған және болып жатқан нақты шындық, сол шындықты көркем концепциямен айту. Шерағаң − өз идеясын менің тануымда әуелі ақиқатты айтып алып ұсынатын қаламгер. Сондықтан да онда көсілгенде көрпесін ұзарта алмай көпекөрнеу көлденең киліге беретін қызылсөз кездесе бермейді. Көз алдыңнан ол айтып отырған өмір сирек көрсетілетін қымбат тарихи кинохроникалардай жанды бейнесімен тізіліп өтіп жатады.

Жұмыр жерде ғұмыр кешіп жатқан кез-келген қоғамның көксейтіні – ақиқаттан туатын озық ой-сана. Ақиқат – нақты сабақ. Бірақ сол нақты, тіпті күн сайын тура көз алдында болып жатқан ақиқатты елдің бәрі бірдей байқап, көріп, қорытынды жасай алмайды. Есіме алқалы топта Шерағаның айтқан бір әңгімесі түсіп отыр: «Қала, ауыл көшелерінің шеткерілері жағындағыларында көбіне түнде электр жарығы бола бермейді. Тас қараңғы. Ұрлық та, қарлық та, төбелес те, кісі өлтіру де сонда. Адам бас сүйегінің іші де сондай, көрдей қараңғы. Небір құбыжық ойлар сол қараңғылықтан шығады. Сонда не істеу керек? Миға сәуле түсіру керек. Мидың сәулесі – сана. Жазушы сол миға сәуле түсіруші адам… »

Шерағаң жалғыз ол емес, күллі адамзат қоғамының өркениетті адамы осылай ойлайтын заманда, біздің «жалқыбайларымызды» былай қойғанда, кейбір жампоздарымыз қоғамға, соның ішінде адамға өзіне де сәуле іздеген жазушылыққа менмен қарап, мекіреленетініне таң қаласың.

Әдебиет пен өнердің, ақыр соңында қоғамдық өркениеттің соры қай кезде де билік, әкімдік дейтін консерваторлық ұғымның құлақкесті құлдары болған. Ол үшін жарық әлемде жарлықты жаны қалмай орындап, жарлығын жаны қалмай орындатудан өзгенің бәрі еріккеннің ермегі сияқты. Оныкі жаңағы екі арада жұмаққа кіріп-шығып жүргені. Ғұмыры көзі жұмылғанша осылай жалғаса беретін сияқты. Кезегі келеді, кезегі келгенде жағасы жалбырап, иығы салбырап қалатыныңда көк тиын шаруасы жоқ. Дүйім жұрттың билік тізгінін білегіне орап отырған адамның сезімі дүниенің астаң-кестеңі шығып жатса да орнынан қозғалмайтын құлатүздегі балбес тастан айырмасы болмаса, қоғам да мелшиген, мешел әлемге айнала бастайды.

Құбадала, құладүз өз тарихында нені көрмеді. Нені көрсе де бәрінен бұрын күреңі күмбір-күмбір кісінеген күндері көп. Күреңнің күмбір-күмбір кісінеген күндері исі қазақ кіндіктің абырой үшін, ар үшін, жан алып, жан беріскен қиян-кескі сүргінмен шектеліп қалса бір сәрі еді, оның сүйегі жоқ сүлей тілдің өзі жеткізіп айтып бере алмайтын тақсыреті, зары, көз жасы әйел затының еншісінде қалды. Өмір - өзеннің арнасында сыймай атқылап ағатын ағысы іркілді. Іркілген ағыс енді мүлде тоқтап, қурап, қаңсып қала ма, қайтеді? Ол енді әйел затына байланысты еді. Өйткені, өмір өзеннің ұлы бастауы − әйел заты – Ана. Шерағаңның көрнекті ойы көркем әуенмен осылай күмбірлейді. Қазақ әйеліне тән адалдық пен қайсарлық, төзім мен мейірім, сенім мен үміттің жиынтық құдіреті Айшалар Мұртазалардың мұрагерлері Барысхандарды қиянаттың қыл көпірінен құлатпай жетелеп келе жатыр. Демек, үміт сөнген жоқ, болашақ бар, өмір мәңгілік. “Ай мен Айша” сияқты санамызға сәуле құйып, сабылған ақиқаттың ақтаңгер шығармасының пәлсапасы мен ғибраты осында. Осы пәлсапа мен ғибрат Адам Анамыз, Адам-Баланың, алыс-жақынның тірлік дүниесіндегі ғұмырға іңкәрлік қуатының көзін іздейді. Адам несімен Адам, несімен жақсы, несімен жаман, жақсы немесе жаман болуының әлеуметтік себебі неде деген сауалдарды алма-кезек сапырып сабылады.

Қаламгер ірі болған сайын алдына күрделі міндет қояды. Шерағаңның мақсаты – жарық дүниенің, қоғамның, адамның ақиқатын теңдей таспалап тану. Сенен бұрын не болды, қазір не болып жатыр, ертең ше?.. Кешегі де, бүгін де, ертең де ешқашан бір-бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Өйткені дүниенің, дүниеде бар нәрсенің даму тарихы тұтас. Даму тарихының бірінен бірі өтіп отыратын, кезегімен келіп жататындарымен мәңгі жасаса беретін киелі кезеңдері, қасиетті қазыналары бар. Мәселен, Шерағаңның “Қызыл жебесі” солардың бірі ғой.

“Оян, Тұрар!” деп басталатын осы шығармасы маған тұтастай “Оян, қоғам!” деп тұрғандай болып көрінеді. Бір сөзінде Елбасымыз “Ойлан,қазағым!” деп қалды. Елім деп еңірей білетін тұлғалардың мақсат бірлігі бұл. Жүректен шығып, жүрекке жететін жанайқай. Төмендегіміз, төске өрлегеніміз, төбеге шыққанымыз бар, бәріміз бір мезгілде осылай намысқа өртеніп, жанды жеп өмір сүрсек, өзгелерге өзегі түгілі өкшесін көрсетпеуге бейім өркөкірек елдердің қай құбыласынан да қасқайып тұрар едік.

“Қызыл жебені” жұрт Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұловқа қойған ескерткіші деп жатады. Солайы солай да шығар. Дегенмен, мен үшін “Қызыл жебе” ұрпақтан ұрпаққа қаһармандықтың мәңгілік аманаты, қоғамнан қоғамға есті ескертпе.

Жалпақ әлемде ең жаны сірі жаратылыс – халық. Оның көретін құқайын жіпке тізіп айтқан кезде саусағыңды тістелеп отырып қаласың.

Қоғам ешуақытта бір сыдырғы мамыражай ғұмыр кешкен емес. Оның формациядан екінші формацияға ауысып отыруы көп жағдайда қиян-кескі. Ал өз еркіндігі өзінде жоқ, басқаның бодандығында жүрген халықтар үшін ол барып тұрған қиямет-қайым. Тағдырының осы бір жазмышынан біздің халқымыз да қашып құтыла алған жоқ. Большевизмнің авантюризм мен геноцидінен онсыз да царизмнің құлақкесті құлдығында жүрген халқымыз қақпатас сияқты қақпақылға түсіп, қанкөбелек ойнап кетті. Мұндай шақта Тұрарлардың тарих сахнасына шығуы – табиғи заңдылық. Тұрарлардың тарих сахнасына шығуы, бойында о баста күрескерлік рухы тірі халықтық қасиеттің дәлелі. Тұрар бойындағы күрескерлігінің табиғи заңдылығын әкесі Рысқұлдан жалғастырып та кетуге болар, бірақ бұл аз, Тұрарлардағы тектіліктің түп-тамыры тым тереңде. Ол сонау Керей мен Жәнібек көтерген қара шаңырақтан, “Қасымханның қасқа жолы”, “Есімханның ескі жолы”, “Әз Тәукенің жеті жарғысы”, Абылайдың ақ туы, Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісінен бастау алады. Десек те, тектілік тек қанмен ауысатын құбылыс емес шығар, кезегімен келіп, кетіп жататын ұлт тектілерінде ұлы мақсаты жалғасын сөзсіз табатын саналық байланыс бар-ау.

Тектілік тудыратын ұлы мақсат – елдік, еркіндік. Халықтың да үздігетіні сол. Бірақ халық еркіндікке жету үшін қай бағытқа жүрерін өздігінен анықтай алмайды. Бәрі жолбасшыға байланысты.

Дала жұрағаты заманалар бойы тас қараңғыда қара аспанның қалың қабатындағы қаптаған жұлдыздарға қарап жол тапқан. Дүниені алай-дүлей басып, жер мен көктің арасы көрінбей түтеген кезде жұлдызын жоғалтып алып, жолынан адасты, не болмаса “Құдай салды, біз көндікке” мойынсұнып, қараңғылықты қымтанып қыбыр етпей жатып алды. Дүниедегі шексіз қаныпезер, шексіз жұмбақ Иосиф Джугашвили мұны жақсы білді. Сондықтан да ол шексіз биліктің құдіретімен қазақ аспанынан ішінде Тұрар Рысқұлов бар ең жарық жұлдыздарын жұлып тастады. Ұлы апат! “Қызыл жебе” осы ұлы апаттың тарихына өкініш-наламен ғана көз салмайды, сол бір алмағайып заман адамдарының қайраткерінен қаратұяқтарына дейін саясат, ой-сана, іс-әрекет, тұрмыс ақиқатын іздейді. Осыны бағамдай отырып Сіз Тұрар Рысқұлов пен Шерхан Мұртазаның дүниеге, халыққа, болашаққа деген ниеті, ой-мақсаты, жасайтын қорытындысы мен қабылдайтын шешімі қатар өмір сүріп келе жатқандай әсерде боласыз.

Жазушының шығармасы жазушының өзі деген сөз бар. Рас. Егер Шерағаң Тұрар тектес болмаса, “Қызыл жебені” жаза алмас еді. Егер Шерхан Мұртаза елі мен жерін Тұрар Рысқұловтай шексіз сүйе білмесе, елі мен жерінің бүгінгі ақиқатын айта алмаса, бұл жолда құрбандыққа бейім болмаса, қазақтың Шерағасы да атанбас еді.

Сананың асау ағысымен жүзіп келе жатқан қайсыбір жазушының да қалам ұшында адам азап шерінің ыстық көз жасы тұрады. Шерағаңның “Қызыл жебенің” бір парасы іспеттес “Сталинге хат” драмасынан осыны аңдаймыз. Шексіз биліктің ұшар биігі ұшып қыран да шығатын, жылжып жылан да шығатын өлі жартас емес, онда қит етсең, қылпып тастайтын өткір қылыш тұр. Қазақ қара шаңырағының бел ағашы – Тұрарлар мұны жақсы білген, сөйте тұра адами ақиқаттың аруағына сыйынып, ұлттық намыстың рухын, ұранын көтерді.

Осы драма жазылған жылдары облыстық драма театрынан спектаклін көрген едім, көріп, жасаған қорытындым: саясаттың сайқалдары ақиқаттың алыптарына өлім жазасы үкімін алдын-ала өзіне шығартып қояды. Сөйтіп, халықтың арман-мақсатының санасы жетіліп, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатып үлгермей қалады. Мұндай жағдайда ұлт тағдыры бұлыңғыр, болашағы көмескі. Шерағаң жазған драманың арыдағы санамен ғана естіп, қабылдау мүмкін тұспалы осыны меңзеген, осыны ескерткен сияқты.

“Жазушы – адам жанының инженері” деген байлам бар, оған “қоғам арының зерттеушісі” дегенді де қоссақ, басы артық болмас еді. Әдебиетте алуан-алуан жүйрік болады. Шабыстары қилы-қилы. Жазатын тақырыптары, айтар ойлары, жинақтаулары сан алуан, яғни бәрі ыңғайға байланысты. Көзі қанық, көкірегі ояу кімнің де Габриэль Маркесті білмейтіні жоқ. Осы жазушы шағын жанрда 5-6 кітап шығарып, олары нашарлау болып, жолы болмайтын репортер атанып жүргенде “Жүз жылдық жалғыздық” романын жазды да, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қайтіп? Колумбия мен Латын Америкасының 100 жылдық тарихын тізбелеп шыққаны үшін бе? Ондай тізбе сонда тұратын халықтарды қызықтырмаса, өзгелерді елеңдете қояр ма екен. Маркестің Маркестігі шалқар ойын шағын шығармаларға сыйғызуға болмайтынын, ыңғайы романда жатқанын сезді де, тарихи фактілер арқылы бойына психологиялық, философиялық, мифологиялық, публицистикалық, өмірбаяндық толғаулар тұтастығын тоғыстырған, сөйтіп жалпы адамзаттық проблеманың ақиқат шындығын айқара ашып берген алып шығарма жазып тастады.

Әдебиетте стиль деген ұғым үнемі айтылады. Біреу оны сөйлем құрау ерекшелігі дейді. Сөйлемді кім әдемі, сұлу құра алса, сол стилист. Стилист екен – классик. Осыған илану қиын-ақ. Илансақ, ХІХ ғасырдағы орыс жазушыларының ішіндегі ең сұлу жазатын И.Тургенов неге өз тұстарының бәрінен артық тұрмаған. Ал енді орыс әдебиеті түгілі әлем әдебиетінің көгінде тұрған Ф.Достаевскийдің “Қылмыс пен жаза” романында сөйлемдер құрылымы кедір-бұдыр, тілі доғалау. Бірақ әсер етуі сұмдық. Бәлкім, сөйлемді сұлу құру, тілдің нәрі мен қуаты да әдебиеттің шарты да шығар, алайда, әдебиетті әдебиет ететін алдымен оның толқыған ойы,тулаған ақиқаты, ту ұстаған идеясы екені күмәнсіз. Шерағаң - осы концепсияның адамы. Шерағаңның стилі – оның өз ойлы жүйесі, мінезі, көзқарасы, қайсарлығы мен қайраткерлігі. Осы қасиеттер әр парағында атой салып тұратын шығармалары еріксіз әсер етіп, сенің санаң жиі-жиі елім, деп еңку-еңку жер шалып кетеді.

Үлкен жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда олардың өзіндік тәсіл ерекшелігін аңғарасың. Айтматовтың повесть, романдарын бір кісідей оқыдық қой. Осы үлкен жазушы өз шығармаларын киноға айналдыруға да лайықтап жазатын сияқты. Әйтеуір, маған солай көрінеді. Айтматовтың күллі інжу-маржандарын өткірдің жүзі, кестенің бізінен айнытпай қазақша сөйлеткен Шерағаңнан өзім байқаған тәсіл: оның шығармаларындағы, әсіресе, “Ай мен Айшасындағы” әр тарау – бір әңгіме. Болғанда бір-бірінен көз жазып, қол үзіп кетпейтін өмірі тұтас, өзегі бір әңгімелер. Көркем шығармадағы композициялық құрылымға селкеу түсірмейтін мұндай конструкторлық шеберлік көрінгеннің қолынан келе қоймайды.

Ақыл-есті әдебиет саф алтыннан құйылған тайтұяқ таланттың тау бұзып, тас жарған бейнетімен жасалады. Бейнет те – дарын. Шерағаңның “Ай мен Айшасында” Барысхан қауын-қарбыз өсіретін тарау бар. Сіз енді қу далада жападан жалғыз баланың бақшада арамшөп жұлып жүргенін көз алдыңызға келтіріңізші. Әлгі пәлені жұлдың – бітті, жұлыны үзілсе жақсы. Жоқ, мынау бір сұмдық шөп екен. Бүгін тамырымен суырып тастасаң, ертесіне қылтиып қайта қаптап тұрады. Біреу емес, екеу емес,он емес, жүз бе, одан да көп пе бір құдайым білсін. Барысхан қайта жұлады. Баланың күн сайын күнұзын “ойнайтын ойыны” осы. Тәңірім-ау, бұл не деген азап…

Орыста қал сұрасқанның бірі: “Да, не сахар”десе, екіншісі: “У нас тоже не мед” дейтіні бар. Сол сияқты әдебиет те бал жалап отыратын жер емес, барыңды теңдей сығып алатын шексіз, шетсіз бейнет. Шерағаң сияқты ғұмыры қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей азапты бейнетпен басталған, сол бейнетті ендігі жерде ең сенімді серігіне айналдырған адам ұлттық көркем ой қара шаңырағының уығы десе уығы, керегесі десе керегесі болмауы мүмкін емес еді.

Біз тектілік дегенді көп айтамыз. Бірақ тектіліктің тегін ше?..

Осыдан 2-3 жыл бұрын Кенен ауылында бір жиында күн шуақта Шерағаңмен әңгімелесіп тұр едік, қасымызға таяғын тықылдатып екпіндеген бір қария келді. Айтқандарына есеп бермей ағызып сөйлейтін дыли кісі екен, тапырақтап әр нәрсені езбелей-езбелей: “Енді, міне, таяқ ұстап шал болдық”, − деді шал. “Асатаяқ екенін көріп отырмыз, - деді Шерағаң. - Сіз оның тегін айтсаңызшы. Тегі – аса таяқ”. “Ә…ә…”, - деді де қойды Шерағаң. Біртүрлі ренжіп қалды. 80-ді алқымдап қалған ақсақалдың таяқтың аты мен тегін ажырата алмағанына налыды.

Аса таяқтың тегі – шеңгел ғой. Ағаш тектес өсімдіктер арасынан шеңгелдей мықты, шеңгелдей төзімдісін табу қайда. Басқасы асатаяққа жарай бермейді.

Адамның да шеңгел тектісі, шөп-шалаң тектісі бар. Шерағаңдар шеңгел тектіден. Анау-мынау емес, адамзатқа әйгілі алдаспан Ақсақ Темірдің көзін көріп, қол алысқан, тіл қатысқан Бәйдібек бабасы би де, хан да болған. Қазақ тарихындағы ақылдың кені, елдіктің жоқшысы, әділдіктің ақ жүрегі, қызыл тілдің қырғиы Абылайға ақылшы, әз Тәукеге тірек болған Төле бабасы – ұлттық өнеге-үлгі.

Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы топырағына Шерағаңның да кіндік қаны тамды. Ауыз әдебиетінің гомері – Жамбыл тәтесі мен сол өнерде ұлы компазитор Кенен атасы – жеке-дара шың. Жарық әлемге ұрпағы Қазақстанның бүкіл оңтүстігін жайлап, бір бөлегі Қытай жеріне де жеткен ұлы Домалақ Анасы келіп, өткен.

Ел билеудің, әділ төрелік айтудың, ел мен жер қорғаудың, бұлбұл үн мен дүлдүл сөздің өнеге-үлгісі – Шерхан Мұртаза шыққан текте баяғыдан келе жатқан қасиет. Бұлардың ең биігінде ең ұлы құдырет – қазақ деген халықтық тек тұр.

Шерхан Мұртаза шығармалары неге текті дегенде осыны айту керек. Шерхан Мұртаза шығармалары неге ақиқатшыл дегенде де айтатыны сол. Шерхан Мұртаза шығармалары неге қайраткер дегенде де жауабы әлгіндей.

Шерханның жан-дүниесі бүтіндей де, жартылай да жұмбақ емес. Ол өз көкірегінің кенге толы кең сарайын өз халқына айқара ашып тастаған. Өзі не жасаса, барлық адамнан соны көксейді. Жазушы пайымы, адамдар бір-біріне кеудесін ашып көрсетпей, ойларын ашық ортаға салмай, толыққандылыққа жете алмай тоқырай беру күйін кешеді.

Әдебиет әлемінде ана тақырыпты игерген, мына тақырыпты игерген, диапозоны сұмдық деп айтып жатады. Диапозон деген тақырыптың көптігімен анықталды деу әбестік. Дүниеде бар тақырыпты түгесіп, 50-70 кітап жазғандар қазақ әдебиетінде жетеді. Бірақ солар онымен ұшпаққа шығып кете қойған жоқ. Акутагава ма екен, бар жоғы 5 беттік “Мұрын” деген тұңғыш әңгімесін жариялағанда жапон әдебиетінің бір білгірі: “Бұл бала енді ештеңе жазбаса да жапон әдебиетінің тарихында қалады” деген. Демек, диапозонға тақырыптың көптігі уәж бола алмайды. Жазушы диапозоны - әншінің репертуары емес. 100-ден аса көркем шығарма жазған Л.Толстойдың қаламгерлігін танытқан 11 туындысы ғана, В.Короленко өмірінде бір-ақ кітап жазып орыс әдебиетінің тарихында қалды. Н. Думбадзені тану үшін оның күллі шығармасын тізіп шықпай-ақ шап-шағын “Купарачасын” оқысаңыз да жетіп жатыр. Ә.Кекілбаев “Дала балладаларынан” кейін ешнәрсе жазбаған күнде тарихымызда ғажайып суреткер болып қала беретін еді. С.Цвейгтен өзге ешнәрсе білмей-ақ, “Белгісіз әйелдің хатын” оқыған адамның “міне, жазушы, қайда” дері сөзсіз. Г.Моппасан “Өмір” романымен-ақ Г.Моппасан. Франсуздың романнан роман жазған әйгілі әйел жазушысы Жорж Санд “Консуэллосы”, Н.Гоголь “Ревизорымен-ақ” мәңгі. Э.Хэмингуэйдің “Шал мен теңізінен” өзгесін оқуға да, оқымауға да болады. Өзіміздің Дулат Исабековтың “Ақырамаштан Наурызға дейін”, Тынымбай Нұрмағанбетовтың “Бөрібайдың тұмағын ит алып қашқан қыс”, Төлен Әбдіковтың “Оң қол” әңгімелері-ақ олардың қаламгерлік қуатты қарымына дәлел. Жапон Танизакидің “Есалаң адамның махаббаты” дейтін романы бар. Осы шығармасы-ақ оны әлемдік деңгейдегі жазушы екенін дәлелдеп берді. Шыңғыс ағамызда олпы-солпы дүние жоқ, бәрі інжу-маржан ғой.

Соның ішінде “Ғасырдан да ұзақ күн” романы-ақ ұлы суреткер деген ұғымның не екенін білуге жетіп артылады.

Жазушы диапозоны – суреткерлігі. Суреткерлік жоқ жерде жазушы да, көркем шығарма да жоқ, аты кітап деп аталатын қаптаған қара сөздердің қараңғы қаңқасы ғана тұрады.

Көркем әдебиетте ақиқат айғаймен айтыла бермейді. Оның өз заңдылығы бар. Ш.Мұртаза шығармаларында бейнелеу көп. Ойды суретпен салатын тұстар мол. С.Есенин “Өлеңнің әр жолы ән салып тұруы керек” – дейді. Шерағаң қара сөзінде, керек жерінде кез-келген құбылыстың тұрпаты көркем суретке айналып кетеді.

Югославияның бір ақыны айтқан мынандай сөз бар. Ол: “Талант көптің көңіл-күйін бұзады” деген. Көңіл-күйді бұзу – ойландыру, толғандыру, дүниеге бірсыдырғы көзқарастан айныту, Шерағаңның өз сөзімен айтқанда, адамның тас қараңғыда қалған санасына сәуле құю. Жазушының “Қара маржан” романында бір маскүнем кейіпкер бар. Сол сорлы бір күні мастықпен аса жоғары вольтты электр желісін ұстап қалып, көзді ашып-жұмғанша күйіп-жанып, күлге айналып, желмен ұшып жоқ болып кетеді. Қазір бар адам, қазір жоқ. Мүлде жоқ. Тіпті мүрдесі де жоқ. Оның енді жалпы жер бетінде болғанын дәлелдеудің өзі мүмкін емес. Өмірден осылай ұшты-күйлі кету қашан болып еді? Мынау сұмдықтың сұмдығы, қорлықтың қорлығы, қасіреттің қасіреті ғой. Сонда бұған кім кінәлі? Жаратушы ма?

Жазушы кінәлі анау деп саусағын шошайтпайды. Меңзейді. Ар жағын оқырман өзі тапсын. Ойлы оқырман бүтіндей ұлыстар тексізге қалай ұшырады, Тундрадағы звенк, нивхи, мансы, чукча сияқты халықтарда қазір аты-жөні, шетінен Семенов, Иванов, Александров, Платонов.., шетінен Григорий Харитонович, Яков Сергеевич, Владислав Моисеевичке қалай айналды, деген сауалға жауап іздейді.

Алдымен ағылшын, сосын орыстар жұтқызған “отты су” – арақпен, әрине.

“Қара маржандағы” осы ескерту бұдан қанша жыл бұрын айтылды? Біздің той-томалақта өліп-тіріліп ішкенімізден бөлек, енді өлік жерлеудің артын да арақпен тойлай бастаған кезімізде айтылды. Құдайға шүкір, тәуелсіздігімізге қол жеткелі ондай пәледен құтылдық. Ал тойхана, асханаларда аракең баяғыдай ағып жатыр. Базарлардың түкпір-түкпірінде, көшелердің бұрыш-бұрышында “разливной” арақ дегенің көл-көсір… Ендеше Шерағаңның ескертпесі баяғысынша актуальды. Біріміз емес, мыңымыз, миллионымыздың қоймасақ бір күні арақпен күйіп, жанып, күлге айналып, желмен ұшып, тып-типыл жоғалып кететініміз санада тұруға тиіс.

Дарынды жазушы – жаратылысынан ұстаз. Қоғамның ұстазы, заманның ұстазы. Жалпы оқырманның ұстазы. Талантты топтың ұстазы. Ресейде “бәрі Гогольдің шекпенінен шыққан” деген сөз бар. Біздегі орта буын жазушылар Шерағаңның шапанынан шыққанбыз десе, ақиқат.

“Қазақ әдебиеті” газетіне бас редактор болып отырған кезінде жастардың еркін көсілуіне мықтап жол ашты. Білімді де, талантты жастар әдебиет, соның пұшпағын жылдар бойы умаждап, ол умаждары былай тартсаң былай, олай тартсаң олай жетпей шолтаңдап жататын жатыпішер жазушылар туралы бетің бар, жүзің бар демейтін, бірақ дәлелді әділ сөздерін айта бастады. Бұл енді “көрнекті” жазушылардың ашу-ызасын тудырды. Осы орайда бұрын айтылған бір әңгімені амалсыз қайталай кетуге тура келіп тұр. Сөйтіп, “көрнекті” жазушылар Одақта партия комитетінің жиылысын шақыртып, түйдек-түйдегімен мінбеге таласып жатады. Сондағы айтатындары: “Мұртазаев “Қазақ әдебиетіне” Бас редактор болып келгелі газет ауа жайылып барады. Әдебиетіміздің біз сияқты тарландарының шығармасын қайдағы бір боқмұрындар ту-талақай етіп, түкке алғысыз етіп жатыр. Жо… жоқ, жолдастар бұлай болмайды. Ертерек Мұртазаевты “тақтан” тайдыру керек”… Екі сағат бойы бәрінің айтқаны осы. Содан бір кезде жиналысты жүргізіп отырған адам: “Ау,ағайын, Мұртазаевтың өзіне бір ауыз сөз берейік те, өзі не айтады екен бұған”,-дейді. Сонда Шерағаң: “Жолдас жазушылар біз алған бағытымызды дұрыс деп есептейміз. Соған алдағы уақытта да дайын жүріңіздер”,- деп мінбеден түсіп кетіпті. Аямай сілкілеп алдық қой, енді бетінен қайтар деп отырғандар мынадан кейін не істерлерін білмей далбасалап қалған.

Ақиқатты айту жазушы, жалпы адамдар үшін ерлік пе, парыз ба? Екеуі де. Екеуі қатар тұрған кезде қайраткерлік тұрады. Шерағаңның Камал Смайылов пен хат жазысу арқылы толғанысы – сол қайраткерлік әрекет. Көзге тік қарап, бетке тура айту. Сондықтан да публистикалық әуенге барған. Публистикада астар, тұспалдың қажеті жоқ, қоғамның ащы шындығы шыңыраудан шығып шыңғырып тұрады. Елдігіне 300 жыл, жеріне оқ түсіп, ойран болмаған, байлығы шаш етектен Американың өзінде төрт құбыла тең емес. Ал, біздің жеке мемлекетімізге 15 жыл. Осы 15-ақ жылды “Бітті, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатыр” деп алақайлап кетсек кімді алдағанымыз. Мемлекетіміз қаз тұрып, қабырғасы қату үстінде. Мемлекеттік кемеліне бүгін, ертең келе салмайтын күрделі процесс. Оның жолында жалғыз ізденіс, ұмтылыстың ғана емес, кері немесе бұра тартудың тігінен де, көлденеңінен де көсіліп жатқан кесір-кедергілері жетіп артылады. Ескінің елесіндей еті сірі консерватизм, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан дейтін радикализм, тағы қандай, әйтеуір, измдерден кенде емеспіз. Мұның барлығына құлқыны құдық, көбісі ұлық сыбайлас жемқорларды қосыңыз. Ол аз десеңіз, биліктің құрамына әртүрлі көзқыстымен өтіп кеткен әр деңгейдегі манжубастардың тобан ойлы тобы тұр. Мұның барлығының жүрген жеріне шөп шықпайды. Ақыр соңында сорлайтын халық, солқылдайтын мемлекет. Шерхан мен Камал ағаларымыз өз хат алысуларында осы жайларды байыптап бағалап, бақайшығына дейін шаққан. Сондықтан оны жұрт жабыла жастанып оқып, жағалай сөз етті. Шерхан, Камал сияқты ұлтжанды қайраткер азаматтардың ащы шындықты ашына айту мақсаты – білгенге Елбасына, Елбасының сенімді серіктеріне себіміз тисін, жанайғайымызбен оларды бәле-жаладан сақтандырып отырайық деген адал ниет.

Шерағаң шыққан биік – халық қызыға көз тігетін биік, халық сүйенетін биік, халық қастерлейтін биік. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Десек те, өз басым бақыт дегенді шартты нәрсе деп санаймын. Ал бұған қарсылар болса, айтарым: жазушы үшін бақыт – ұзақ ғұмыр. Шерағаңның өз сөзімен айтқанда, халқына беретіні көп болуы үшін жазушыға ұзақ ғұмыр керек. Тәңірім, қазақтың атасының ақ батасын, анасының ақ сүтін абыроймен ақтап келе жатқан алып перзенттерінің бәріне осыны сыйласын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар