Әдеби туынды мен қаламгердің жазушылық әлеуетін сыйлықпен өлшеуге деген көзқарасқа көзқарас
Жыл сайын әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегері анықталғанда отандық басылымдар мен сайттарда «Қазақ ақындары, жазушылары Нобель сыйлығын алатын күн қашан туады?», - деген тақырып сауал ретінде көтеріледі. Ең аз дегенде тілшілер Нобель сыйлығын алған қаламгер туралы жазып отырып, қазақ авторларына қашан бұйырар екен деген арманы мен өкінішін білдіріп өтеді. Нобельге лайық авторларды да санамалап шығып, шығармалардың ағылшын тіліне сапалы аударылуына назар аударылса, насихатталса, сыйлыққа жақындай түсетіндей үміттенеді. Нобельге лайық қазақ авторлары бар екеніне сенімді бола тұра және жалпы қазақ әдебиеті тұрғысынан алғанда бұл қисынды, орынды сауал ма? Сыйлықсыз-ақ әдебиеттер оқылатынын және жазушылар мен ақындар да басқа өнер өкілдері сынды ХХІ ғасырдың жұлдызына айнала алатынын күнделікті тәжірибеміз көрсетпей ме?
Әдебиеттің даму деңгейі мен сапасы қандай да бір сыйлық алумен өлшенбейтіні белгілі. Сыйлық алу да авторлар мен әдебиетті саралауда белгілі бір шарттылыққа ұрындыратындай көрінеді. Нобель сыйлығын алған автор мен туынды әрқашан жоғары деңгейде әспеттеліп, насихатталуы керек те, сыйлық алған автордан да жақсы шығарма жазған қаламгерлер кейінгі «сортты» саналуы тиіс пе?.. Сыйықсыз нәрсенің бәрі әлеуметтік желіге тарап жатқан қазіргі заманда бәрі де мүмкін. БАҚ бетіндегі кейбір өкіну мен үміттену сарындары осындай ойға жетелейді. Сыйлық әдеби өнім иесіне орасан ынта-жігер сыйлайтын болса, отандық сыйлықтардың мазмұны мен деңгейіне сапа дарытып, әділ ұстаныммен орын беруге болады. Көп жағдайда қаламгерге баға беретін шығарма жазылған тілді өз ана тілі деп санайтын және сол тілде оқитын оқырман мен әдеби орта емес пе?.. Әрине, егер жазушы мен туынды әлемдік деңгейде мойындалып, оқырманы артып, шығармалары белсенді оқылып жатса, қаламгердің де мерейін үстем етері сөзсіз. Бірақ Нобель сыйлығы немесе басқа да әдеби сыйлық әдебиет пен автор потенциалын өлшейтін бірден бір критерийге айналмауы тиіс. Сонымен қатар, әдеби сыйлықтың да саясиланып бара жатқаны туралы интернет дереккөздері көп мәліметтерді алға тартады.
Аударма демекші, Нобель сыйлығы немесе басқа да халықаралық сыйлықтар мен шетелдік басылымдарда жариялау үшін әдеби туынды халықаралық тілдерге, көп жағдайда, ағылшын тіліне аударылуы тиіс. Бұл мәселені тереңдеткіміз келмейді, өйткені әдеби туынды шет тіліне сапалы аударылуы тиіс екені әрбір адамға айқын жайт. Елімізде сапалы аударма мектебі де енді қалыптасып келе келеді, алайда қазақ тілінен өзге тілдерге аударатын аудармашылардың кімдер екені белгісіз. Шағын әңгімелерді өз бетінше аударуға атсалысып жүрген отандастарымыздың саны өте аз. Сонымен қатар, өзге әдебиеттерді қазақшаға аудару да, жазба әдебиеттің қалыптасу тарихы да ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінен басталады. Сондықтан, көп нәрсеге асығыстық танытқан жөн емес. Уақыт пен еңбек, тәжірибе шедевр дүниелерді іріктеп, алға шығаратынына тарихи тәжірибе дәлел бола алады.
Қазіргі визуалды, қысқа интернет өнімдеріне сұраныс артқан заманда әдебиеттердің деңгейін сыйлықпен өлшеуге деген құштарлық асқындаса, саралап, өз бетінше шығарманың көркемдік деңгейін белгілейтін қабылдаушы сананың әдеби талғамын одан сайын төмендете түсуі мүмкін. Онсыз да әлеуметтік желіні өз мақсатына пайдаланушылар сапа мен сапасыз өнімдердің арасына теңдік белгісін қойып үлгерді. Бірақ соған қарамастан кез келген уақытта шебер жазушы мен жақсы жазылған туынды биік деңгейден көріне алады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.