Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Нұрлан Қабдайұлының «Кішкентай трагедиясы»...

05.09.2017 5651

Нұрлан Қабдайұлының «Кішкентай трагедиясы»

Нұрлан Қабдайұлының «Кішкентай трагедиясы» - adebiportal.kz

Бір әңгіме – бір әлем

Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» деген повесінің "концовкасы" маған қатты әсер етті. Оқығаныма біраз жылдың жүзі өтсе де, өмірдегі кейбір көріністердің салдарынан сол шығарманың басты кейіпкері оқтын-оқтын ойға оралып тұрады.

Жазушы шығарманың өн бойындағы айтар ойды шағын ғана детальмен, образбен түйіндейді. Бұл шығармада негізінен басты кейіпкер Қожекең қарттың трагедиясы, осы өмірден іс-түссіз, ұрпақсыз қалған өмірі суреттеледі. Егер гумандық тұрғыдан қарасақ, бұл повесть зауалдың не екенін, әр істің түбі бір сұрауы бар екенін тілге тиек етеді. Бірақ, ол ойды моральмен, жалаң дидактикамен емес, күнделікті күйбең тірліктің көрінісімен әшкерелейді. Шығарма соңында кемпірінен, бала-шағасынан айрылған Қожекең қарт тіршілікпен бетпе-бет қалады. «Қарттың ендігі өмірі қалай болар екен» - деп оқып отырған өзің де күйбең тірліктен түңіліп кетесің. Сол сәтте соңғы деталь құлазыған көңіліңді көркейтіп, мұңды да түрлі ойдың астына көмкеріп тастайды.

Одан бері – мінеки үш жыл өтті. Қожекеңнің кемпірі қайтыс болған. Өзі жамағайын бір туысының қолында, аты жеке шаңырақ болмаса, тамағы бір, суы бір, күн көріп жүріп жатыр. Азғантай пенсиясы, төрт-бес ұсақ малы бар.

Күндегі әдетімен үй сыртына шығып, таяғына сүйеніп, төңірегіне қарап тұрған.

Әлгі Әубәкірдің Қамидолласы бір арба тал әкетіп бара жатыр екен.

- Ау, шырағым, келін бала аман ба? Маған бір төрт-бес тал қалдырып кетші, айналайын, тіпті насыбайға күл таба алмай өлер болдым, - деп қиылды Қожекең.

Қамидолла сөз айтпай бір құшағын аудара салды.

- Ойпырмай, қандай тәуір бала еді, - деп мәз болды Қожекең. Мына талдың күлі енді күзге дейін жетер... Мынау дүниенің талы ғой... Ойпырмай, айналайын-ай... Қарашы мың болғырдың...

Қожекең мұратына жеткендей жымың-жымың етеді...

«Рахат болды-ау» деп қояды...

Арсыз тіршілік!

Шығарманың соңын оқып отырып, не күлеріңді, не жыларыңды білмей қаласың. Өмірдің бұндай арсыздығы қазақтың байырғы ұғымында «Тірі адам тіршілігін жасайды» - деп түйінделген ғой. Немесе адамның тән қалауы, тән рахаты мен материалдық мұқтажының тегеуріні жан қалауынан бәсі басым тұрады емес пе.

Жақында жас жазушы Нұрлан Қабдайұлының «Кішкентай трагедия» деген осыған ұқсас әңгімесі жарық көрген болатын. Сол әңгіменің де негізгі ойы, түп-төркіні жан мен тәннің қайшылығын, арпалысын суреттейді.

Әңгіменің ұзын-ырғағында ауылдағы отбасының басынан кешкен шағын трагедиясы суреттеледі. Әкелері ауруға шалдығып, аналары ерінің қамын күйттеп емханаға кеткен кезде, бір үйдің балалары жай-күйсіз, қараусыз қалады. Өз күндерін өздері көріп, көрші үйдің диірменімен күзде малға деп дайындаған бидайды тартып, қалған-құтқанды талғажу етеді. Сол көріністі жазушы: «Диірменнің тұтқасын тіршіліктің тұтқасын ұстағандай нығырлай қысқан ағасы иығымен қозғалып, күшеніп итерген», - деп гипербола тәсілімен құбылтып жібереді. Реалистік тұрғыдан қарағанда біз бұл бейнелеуге сенеміз. Адам аштықтың алдында әлсіз, мораль мен этиканы әп-сәтте ысырып тастайды. Әйтпесе «қайдағы жоқ диірменнің тұтқасын, тіршіліктің тұтқасымен салыстыратындай не басына күн туды» - деп жазғыратындар да табылуы мүмкін емес пе?! Сол диірменнің тұтқасына бір үйдің бес-алты ойын баласы бір мезетте телміріп, дәм күтіп отырады.

Өздері ақылдасып, үйлерінде сақтаулы тұрған соңғы бір қапшық ұнды әкелері айығып келгеннен соң бастаймыз деп шешеді. Араларында Шыжық атты бауырлары шыж-быж болып, ұнның шетінен аздап пайдалануды талап етеді. Осы жерде қаламгер балалардың психологиясын шеберлікпен суреттеген. Бауырларының бәрі Шыжыққа қарсы шығып, сол ұн басталса, әкелері келмей қалатындай күй кешеді.

- «Иə, оны жеп қойса, əкелері қайтіп оралмайтындай шыр-пыр болды. Әкесін Шыжық та сағынып жүрді. Бірақ... сол күні қарны қатты ашып еді».

Ақыры бақилық болған әкелерін анасы қаралы хабармен үйге алып келеді. Ауыл адамдары үн-түнсіз жөнелту рәсіміне кірісіп кеткен. Отағасынан айырылған отбасы үшін дүние астаң-кестең болған. Анасымен, бауырларымен бірге Шыжық та еңіреп қоя береді. Сол мезетте мұрнына бауырсақтың исі келіп, дүниені нұрландырып жібереді.

«Погіріптегі ұнды шығарған екен ғой...» Шыжық әкесін ойлап, бауырсаққа да алаңдап отырып ұза-а-ақ өксіді.

Шыжық әкесінің өлімі мен өзінің өзегіндегі мұқтаждықты параллель түрінде қабылдайды. Бір жағынан әкесінің өліміне қайғырса, екінші жағынан қонақасына пісіріліп жатқан ыстық бауырсақтың иісіне масаттанып тұрады. Бұл жерде Шыжықтың жиынтық образ екенін аңғару қиын емес. Қаламгер өзінің айтқысы келген негізгі идеясынының мақсатына жеткен. Оған дау жоқ. Шығарманың тілі де, кекесін-мысқылы да өз мөлшерімен, психологияны беруге жеткілікті болуымен оқырманды сүйсінтеді. Енді осы жерде әңгіменің басты жаңалығы неде деген сұрақ туындайды ғой?

Қаламгер сол баяғы ескі сүрлеуден шығуға талпынбайды. Мүмкін қаланың «гламурный» оқырмандары ауыл өмірін естен шығармасын деген мақсатты ұстанған шығар. Оның үстіне қазіргі ауылдың жай-күйі Бейімбеттердің заманындағы ауылмен салыстырғанда жер мен көктей екені айтпаса да түсінікті ғой. Дегенмен, автор құлқынның қамы бәрінен күштірек болатынын бүгінгі заманның кейіпкерлерімен байланыстырып жазса, әлдеқайда нанымдырақ шығар ма еді? Әрине, «қосылғыштардың орны ауысқанымен қосынды өзгермейді». Бірақ, уақыт пен оқырман арасындағы байланыстың болуы – үлкен сенімді туғызады.

Екіншіден, қаламгерде «Мен айтқым келген ойды оқырман түсінбей қалады-ау» деген сенімсіздік бар. Соның айқын дәлелі – басты кейіпкердің есімін Шыжық - деп атайды. Шыжықтың атында тұрғандай күйбелек, шыдамсыз, шыж-быж екені іс-қимылынан анық көрінеді. Оған қосарлап, оның есімін де іс-қимылына қарай ыңғайлау артықтау сияқты...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар