Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
О.Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі Аспанның про...

21.01.2019 18265

О.Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі Аспанның прототипі – Қабылбек Күндебаев

О.Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі Аспанның прототипі – Қабылбек Күндебаев - adebiportal.kz

Осыдан отыз жеті жыл бұрын Оралхан Бөкей туған ауылы Шыңғыстайда «Сайтан көпір» повесінің соңғы сөйлеміне нүкте қойған екен. Көзбен емес, көкірекпен көре білсек, туынды бір ғана адамның тағдырымен тұтас жүйенің олқылығына үкім айтып тұрғандай емес пе?! Тәуекел деп тас жұтқан Аспанның жападан-жалғыз Тарбағатай қыстағына бір үйір жылқыны айдап, «Сайтан көпірге» арып-ашып жеткенде қар көшкініне тап болуы – оқыған оқырманның ойында сайрап тұрған болар. …Осы мақалада Аспанның прототипі – Қатонқарағай өңірінің тумасы Қабылбек Күндебаев жайлы әңгіме өрбітпекпіз.

Аспанның прототипі - Қабылбек Күндебаев

Қабылбек Күндебаевтың қызы Гүлбатша Күндебаева:

Әкем 1926 жылы дүниеге келген. 1957 жылдың желтоқсанында ауыл басқарушысы әкемді шақырып, жылқыны қыстаққа айдауға бұйрық береді. Сол жылы Алтайға қар қалың түсіп, жылқыға берер шөп қоры жиналмай, қамбар ата тұқымын тебінге жіберу мүмкін болмай қалған. Ауыл басқарушысы 3-4 жігітке «жылқыны айдаңдар» дегенімен, «Сайтан көпір» арқылы өтуге ешкімнің батылы бармапты.

Жалғыз өзі жылқыны айдап әкеткен әкем осыдан тура 60 жыл бұрын 15 желтоқсанда қар көшкінінің астында қалған. Алапат көшкін түскенде айдап бара жатқан жылқының біреуі де аман қалмапты. Сайдағы қар аралас Қаба өзеніне күмп берген әкемді үш айрық судың ортаңғысы ағызып әкеткен. Кейін жағаға әзер шыққанын есіне алып отыратын. Суға малтығып, самырсынның түбінде қозғала алмай, сынық аяғына мұз қатқан әкем шешесі салып берген екі-үш малтаны талғажау етіп, қыстыгүні самырсынның түбінде бір апта жатқан екен. Тек жетінші күні көзі қарауытып, есі кіресілі-шығасылы болып жатқанда іздеуге шыққандар әкемді тауып алыпты.

Жеті күн бойы әкем отырған самырсынның түбі оймақтай боп ойылып еріп кеткен. Әкемді аңшылардың үйіне әкеп, қармен ысқылап, мұз боп қатқан пиманы тіліп, шеше алмай қойыпты. Кездейсоқ аңшы орыс кездесіп қалып, «бірден ауылға апарыңдар» деп бұйырған. Әкемді ауылға, кейін жедел жәрдеммен аудан орталығына әкеледі. Жілік майына дейін үсіп кеткендіктен, дәрігерлердің аяқты кесуден басқа амалы қалмапты. Үш ай бойы ауруханада жатып, екі аяқтан айырылған әкем тағдыр сынынан сынып кетпей, тіршілігін жалғастырды.

Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» әңгімесін жазар алдында әкеммен кездескен шағы әлі күнге дейін есімде. Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің «Бозторғай» кітабының дүниеге келуіне әкемнің басынан өткен жағдай себеп болғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Дәрігерлер әкемнің қолдарының күшінің мығымдығына таң қалып, орынсыз жұмсамауды ескерткен. Адамдарды ұруға болмайтыны жөнінде анықтамасы да бар еді. «Мен бұл өмірде де, о дүниеде де жүрмін» дейтін тірісінде. Аяқтарының жерге көмілгенін айтып жүрген ғой. Бір аяғына протез мүлде келмей қалды. Ақындығы бар әкем Батырлар жырын жатқа айтатын.

Ол өтірік айтпайтын да, өтірік айтқан адамды жақтырмайтын. Көшкіннен аман қалғаннан кейін 34 жыл өмір сүрді. Турашыл әрі еңбекқор еді. «Еңбек еткеннен ешкім өліп қалған жоқ» дейтін бізге. Көршілердің барлығының баласы әскерден келгенде үйіне бармай, ең алдымен əкемізге келіп сәлем беретін. Көпшілдігі ғой, ауыл жастарын үйір еткен.

Қабылбек Күндебаевтың жиен немересі Алмас:

– Әлі күнге дейін «Сайтан көпір» асуын ауылдың кісілері атамның атымен атайды. Атам жатқан самырсынның түбіне қасқыр да келген екен. Қолы мен бетін қармен ыса бергендіктен, ол мүшелері аман қалыпты. Атамның денсаулығы мықты болған деседі жұрт. Жайлауда жас кезінде бәстесіп, екі тегене сары майды қотара салып, май денені қыздырған кезде байыз таппай, су ішінде ұйықтайды екен.

Бірде жас кезінде бригаданың қызба жігіттері атамның інісін сабап тастапты. Мұны көрген ол ашуға басып, бригададағы жиырма шақты жігітті өзі жалғыз баудай түсірген екен. Келген милиционер «жалғыз кісі осынша адамды сабап тастауға шамасы жетпейді» деп сенбей, бөлімшеге әкетпей қойыпты.

Асауға бір рет қана шалма салып, ұстап алатынын ел тамсана айтып отыратын. Күрескенде де жауырыны жер иіскемеген қайратты кісі еді.

Алмастың сыныптас досы Дидар Оралбекұлы:

Кеңес заманындағы мектептерде сабақ арасында ұзақ қоңырау болатын. Сол аралықта балалардың барлығы улап-шулап Алмастың үйіне келетінбіз. Балалар шулап бара қалғанда Қабылбек ата есік алдында, томардың үстінде, таяғын сүйеп қойып, бәріне күліп қарап отыратын. Әңгімешіл Қабылбек атаға қайран қалатыным: көк биесін өзі ерттеп, өз денесін өзі көтеріп алып, атқа мініп алатын. Сойталдай жігіттер шалғыға сүйеніп қалған кезде екі аяғы жоқ Қабылбек ата шөпті сусылдата шабатын еді. Одан кейін таң қалғаным, балқарағай жинау науқанында Қабылбек ата балқарағайды істігімен аршып алатын. Ол кісі өзі сондай мінезі салмақты, қолы ісмер адам еді.

Қабылбек Күндебаев зайсандық құдасы Құсайынмен

Қабылбек Күндебаев туралы Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм кинотуынды түсіріп те кеткен. Танымал актер Ыдырыс Ноғайбаев «Айқай» атты фильмде Қабылбектің рөлін сомдаған. Фильм Катонқарағайдың өзінде түсірілгенімен, оқиғаның Алатайда болғанын жергілікті жұрттың бәрі біледі. Қабылбек ата көшкінге ұшыраған асуда ұшқан құстың дауысы, ат тұяғының дыбысы жаңғырып тұрады екен. Тіпті ол жерде адамның мысын басып тұратын жұмбақ сыр бар деседі.

Аян Өрібаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар