Халық ауыз әдебиеті - халқымыздың болмыс-бітімінің бастауы. Сол халық ауыз әдебиеті қисса жыр-дастандармен өріліп жатқан ұлттық үн, ұлттық саз бар. Қазақ – қазақ болғалы қобыз бен домбыраға жүрек сырын, жан мұңын қосып келеді. Құдірет! Сөз жоқ, олар тілсіз музыка арқылы Құдаймен тілдеседі. Сиқырлы сазбен күлдіреді де, жылатады да.. Жындандырады да, емдейді де.. Көңілдің ажарын да кіргізеді, базарын да тарқатады. Түйсікпен түйсінесің, жаныңмен сезінесің, жүрекпен қабылдайсың. Табиғаттың күре тамырындай бүкіл тіршіліктің өне-бойын сол музыка билеп тұр. Содан да шығар «әу» демейтін қазақ жоқ - дейміз. Кейде маған барлық адамдар шыңдалмай қалған әншідей елестейді.
Адамның өз жанын меңгеруі үлкен бақыт қой. Өзінің жанын меңгерген адам шексіз қабілетке ие. Біз бала кезден сыртымызды(дүниені) танығымыз келеді. Ал есейгенде үлкен әлем ішімізде екенін білеміз. Жүрек жайлы жазған мына өлеңімде бір жүректің ғана қасиетіне тоқталған едім.
Шынның жүзін көрсететін Құдайға,
Жүрек деген – кеудеңдегі ұлы айна.
Пенделіктің сыпырады ол пердесін,
Күнің үшін тапсаң да ойлап мың айла.
«Жоқ, жүректен аяулысы тірінің»,
Құдай ғана ашады оның құлыбын.
Бір жүректің құдіретін тануға,
Кейде бүкіл жетпейді екен ғұмырың.
Оқу сырттан болғанмен, тоқу ішіңде. Қанша оқыдық деп жатқан адамдардың қарапайым ғана күнделікті өмірде адамгершілік, ізгілік, түсіністік таныта алмай жататынына куәміз. Амал не, тіліңді тістейсің... Адамдардың рухани әбден тозып ар-иман, әділеттің азайғанына қынжыласың. Тіпті аңдардың жасамайтын қылығын бүгінгі қоғамда адамдар жасап жатыр. Жаңа туған нәрестесін далаға тастап кету қай жануардың қолынан келеді екен? Өз-өзіне қол жұмсап жатқандарды адам деуге бола ма???
Осы айтқандардың ақ-қарасын ажырата білуге «таза сана» керек. Ол бізде тапшы. Көргенін қайталайтын баланың әдетінен аса алмай отырмыз. Айналамыз не істейді біз соны қайталаймыз? Абай айтқан «жаңғырық»... Неге бұлай деп өзіне сұрақ оятын адам жоқтың қасы.
Бұған сан ғасыр отар болып, көрген озбырлығымыздың да әсері бар. Қоғамда адамдарды 2-түрлі қасиетке жіктеуге болады. Ойлаушылар мен орындаушылар. Біз қанша ғасырлар бойы орындаушыға айналып келдік. Бұйырады орындаймыз! Амалсыздан әрине. Ойлануға мұрша бермеді. Ойлана алатын жандарды қырқып тастады. Ләппайлап орындаушыларды билікке әкелді. Солай құлдырай бердік. Орындауға бейімделген әлгі адамдар істеп жатқан дүниесінің, алды-артын болжауға қабілетсіз. Абай айтқан «Көзінен басқа, ойы жоқ»... Жоғарыда тоқталған ішкі дүниеге үңілетін «ақыл көзі» мүлдем бітелген. Олар үшін материядан асқан байлық жоқ, өмір мәңгілік...
Саф алтындай сана бұзылғаннан кейін адамның доптай басы қайда қаңғырмайды... Алланың емес, әркімнің добына айналады. Жоқтан өзгеге табынады.Осындайда:
Иә,Алла, бала бер,
Бала берсең - сана бер.
Сана бермесең ала бер – деген Қазақ неткен данышпан деп ойлайсың.
Бүгінгі өнердің кенжелеп, материялық құндылықтың алға шығуының да себебі де осында. Мұндай күйге түсіп құлдырауымызға Кім кінәлі???
Өзінен басқаны естімейтін – құлақтар, мақтаушыл,жағымпаз – тілдер, пара беруші – қолдар, өзінен басқаны көрмейтін – көздер, ұлттық иісті сезбейтін – мұрындар, басшыларға жүгіре кететін – аяқтар кінәлі... Біз кінәлі емеспіз!
Арман Шеризат
Көрнекті сурет авторы: Миша Гордин
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.