Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ол жаратылысынан ақын еді...

27.10.2023 3089

Ол жаратылысынан ақын еді 12+

Ол жаратылысынан ақын еді - adebiportal.kz

Өмірден ерте озған белгілі ақын Гүл Зарқұмардың (Бақытгүл Баймолдақызы) шығармашылық әлемі туралы жары Сіләмхан Шәжейұлымен жасаған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Қазақтың талантты ақын қызы Гүл Зарқұмардың шығармашылық ғұмыры қиындығы мен қызығы астасқан тәуелсіздік дәуірі басталуымен тұспа-тұс келген екен. Қолына қалам ұстаған ақынның қым-қуыт мынау тірлікте отбасы мен қызмет жолынан өзге де арқалар жүгі қай қоғамда, дәуірде де жеңіл болған емес. Мұны Гүл Зарқұмардың өмірі мен шығармашылығына қатысты да айтуға болатын шығар. Жаратқан маңдайына сыйлаған шығармашылық талантын танытып, алаңсыз өнімді еңбек етуге мүмкіндік болды ма? Осы бір өмір кезеңі ақын шығармашылығында қалай көрініс тапты?

- Өткен ғасырдың тоқсаныншы-екі мыңыншы жылдары кім-кімге де оңай соққан жоқ қой. Гүлдің шығармашылық ғұмырының шыңы осы кезеңге тап келді. Өмірге ұрпақ əкеліп өсіру мен өлең əкеліп қырнап-жону – екеуі де толғақты, толғанысты жағдайлар ғой. Ақын үшін екеуі де оңай болған жоқ. Жоқшылық-тапшылық заман. Оның үстіне біздің буынның жұмыс істейтін жалындаған уақыты посткоммунистік дәуірдің пропогандасы дәуірлеп тұрған кезеңге тап келді. Яғни, бұл – «алдымен экономика, сосын руханият» деген идеяның жолында үміт пен күдік алмасқан кезеңде еліміз көп қиындықтарды бастан өткерді. Жаппай өтірік, жауырды жаба тоқудың белең алған уақыты еді ғой. Ақын жаны мұның бәрін сезіне отырып үн қатты. Бұл дәуірдің бір игілігі: ғаламтор келіп, ақпараттық молшылыққа көзіміз ашылды. Бұрын саусақпен санарлық газет-журналға телміріп, кезек күткен дәуір келмеске кетті. Әдеби, мәдени порталдар, халыққа жақын ғаламдық ресурстар Гүлдің өлеңдерін жиі жариялап жатты. Мұның өзі шығармашылық адамы үшін үлкен лепе, демеу еді. Шығармашылық қарымына күш-жігер береді. Өзгелер сияқты Гүлдің де әдеби ортаға көбірек танылуына осы ғаламтордағы ақпараттық кеңістік зор əсер етті.

2012 жылы қазақтың көрнекті ақыны Ғалым аға Жайлыбай Гүлді өзі іздеттіріп, шығармашылығына қолдау көрсетті. Сөйтіп Гүлдің «Жүректегі жүзік» атты жыр кітабының басылып шығуына ықпал етті. Осы рухани көмегі үшін Ғалым ағаға мың сан рақмет!

Ақын – өз өмірінің суретшісі ғой. Гүл өзі өмір кешкен алмағайып уақыттың суретін бір өлеңінде:

Тобыр менің ұға ала ма, жанымды?

Мен тобырға бола алам ба, жағымды?

Əй, қайдам-ау, бұл бір тағдыр өрмегі,

Бұдан азат, тек ақындар – көрдегі, -

деп жазғаны бар еді. Сөйтіп келеді де: 

Мен де бір күн бұл өмірдің түнегін,

Тіліп өтіп құс жолына сіңемін, - 

деп айтар ойын түйіндейтіні бар. Осыдан ақынды сол уақыт пен қоғамның қалай бағалағанын білуге болады.

- Біздің қоғамда шығармашылық иесінің еңбегін шынайы бағалау, қолдау, демеу көрсетудің қандай деңгейде екенін білмейміз. Себебі, өзге елде қалай екенін білмейміз ғой. Дегенмен ақындардың, жазушылардың қалам қарымын танытар аламан бәйге, жеңіске құлшындыру форматының бірі – түрлі байқаулар, мүшәйралар ғой. Әрине оған қатысу-қатыпсау – жеке адамның өз шаруасы. «Әдебиет порталы» интернет жобасы ақпараттық платформа болып келе жатқан «Ауылым – алтын тұғырым» байқауында Гүлдің де бір жылдары жүлдегер болып Астанаға келгені есімде...

- Иә, мүшайра, байқау дегендер – таланттың шынайы өлшемі емес те болар. Дегенмен қаламдастар арасында болып жатқан ашық аламанға ат қосуға неге болмасын. Гүл де осы ұстаным тұрғысында жыр мүшəйрасына қатысып жүрді. 1999 жылдан бері үш-ақ рет қатысқан екен. Бұл енді көп те емес деп ойлаймын шығармашылық адамы үшін. Осы аз қатасудың артында сол мүшəйраларда көбінесе əділдіктің болмауы тұрды ма деймін. Алдымен өлеңін жібереді, кейін жүлделі болып жатса барып қатысатын мүшəйраларға бірнеше рет өлеңін жіберіп көрді. Солардың ішінде, екі мың он алтыншы жылғы «Ауыл» партиясы жариялаған «Ауылым – алтын тұғырым» байқауынан жүлделі болды.

Ол жалпы анаған да мынаған да өлеңін ала жүгіріп, тамыр-таныс іздеп алашапқын болған жоқ. Тəңірден берілген тектілік, көрінген есікке бас сұқпау сияқты сыпайылық пен сырбаздықпен іркіліп қала берген екен, қазір ойласам. Өмірінде: «Менің кітабымды шығарып беріңізші», - деп те ешкімге барған емес. Ол туралы өзі ертеректе «Əдебиет порталында» ақын, журналист Айжан Тәбаракқызы әзірлеген сұхбатында айтып өтеді. Жалпы үлкен дарындардың барлығы сеңгір таулар сияқты, жақыннан байқалмайды ғой. Алыстаған кезде ғана дарынын, қалам қарымын аңдаған жұрт кеш түсініп жатады.

- Қоғамымызда әйел затының шығармашылық әлемдегі алар асуы, шығар биігіне байланысты бұрынды-соңды айтылған пайым, тұжырымдардың барын білеміз. Мұның бәрімен келісуге де болмас. Әркімнің маңдайына Тәңірінің бұйыра бермеген талант деген ғаламзаттық дүниені аялап, қадірлей білу де бір үлкен сын, сынақ қой, қаламгерге. Талант болған жерде тарылу да бар дегендей. ..  

- Адамзаттың, соның ішінде біздің халықтың да бойында бар жаман əдеттің бірі – таланттыны көрсе де көрмегенсу, елесе де елемегенсу ғой. Осының өзі таланттың жүйкесіне салмақ түсірері анық. Өзімізді өзіміз бағалауға кемшінбіз. Мысалы, анау миллиард қытай Димаштың табанын сүюге зар болып, ән салғанда еңірегенде етегі жасқа толғанын көріп қана, өзіміз əрең мойындадық. Əйтпесе тіпті мойындамас та едік. Тəңірден берілген таланттың жарқырап көрінуіне біздің ортада дүниетаным көкжиегі, адами кеңдік жетіспейтін сияқты.

Гүл өзі өмірінде өзінің қалам қарымы туралы тікелей ештеңе жазған жоқ. Бірақ өзіне берілген таланттың тікелей Тəңірден екеніне кəміл сенді. Əсіресе қырық жастан өткеннен кейін. Мен де оған жалақы үшін біреуге тəуелді болып жұмыс істеткім келмеді.Соның өзінде қарап отырған жоқ, талай жерде жұмыс істеді.

Гүлге тағдырына Тəңірден берілген миссияның жазу екенін былайғы жұрт қалай түсінсін? Түсінген жоқ.

- Өмірден өткен шығармашыл адамның соңына қалдырған дүниелеріне бас-көз болып жинақтап, түгендеуді мұратым деп білген жары, ұрпақтары немесе туыстары немесе туындыларын жақын көрген адамдар дегендей, еске алып, жұртқа насихаттап, танытушы адамдар болады. Гүл Зарқұмар шығармашылығының оқырман назарынан қалыс қалмауы, ақпарат желілерінде көрермен, оқырманназарына ұсынылып отыру тұрғысында қандай істер атқарылып жатыр?

- «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген сөз бар ғой. Бұл – рас сөз. Көзінің тірісінде жұрт көңілінің көгінде, эфир мен желінің төрінде жүрген талай таланттының да талантсыздың да тарих шаңына біртіндеп көміліп қалғанын, қалатынын көріп жүрміз ғой. Осы тұрғыдан алғанда, өмірден өткен таланттардың соңында жоқтаушысы, насихаттаушысы болғанға не жетсін. «Көзден кетсе де, көңілден кетпесін» деген ниет, мұратпен өмір сүріп жатырмыз. Соншалықты керемет ауқымды болмағанымен, Гүл шығармашылығы ақырындап насихатталып жатыр. Қазіргі күні жұртшылық ғаламтордағы ақпараттарды көбірек оқиды ғой. Гүлдің «Əдебиет порталында» екі рет топтама өлеңдері жарық көрді. Сондай-ақ «Мəдениет порталы», «Абай кз» сайттарында да көбі көзінің тірісінде жарық көріп үлгермеген топтама өлеңдері жарияланып, оқырмандарға ұсынылды.

Қазақтың белгілі ақыны Сұраған Рахметұлы құрастырған «Қобданың қоңыр желі» атты Моңғолияда туып-өскен қаламгерлердің антологиялық жинағына Гүлдің өлеңдері енді. Ержан Алаштуған бауырым алтынкөпірліктердің антологиясына жəне тағы бір антологияға топтамасын кіргізді. Және де Гүл өлеңдерінің орыс, қырғыз тілдеріне аударылуына əсер етті. «Қазақ əдебиетінде» таңдамалы өлеңдерін жариялады. Белгілі тележурналист Жанар Оразымбет «Шалқар» радиотолқынында Гүл шығармашылығы туралы əдемі радиохабар жасады.

Айжан Тәбарак қарындасымыз Гүлдің өлеңдерін «Қаламгер» өз порталында жариялады. Қара мекен Баян-Өлгейдегі бұқаралық қазақ радиосының директоры Оспан Нəбиұлы да сондағы тыңдармандарға Гүл шығармашылығы туралы тамаша әдеби хабар жасап ұсынды. Мұның бәрі де аз еңбек болмаса керек. Гүлдің шығармашылығын насихаттауға атсалысқан барлық ізгі ниетті жандарға отбасы атынан алғыс айтамыз және мұндай қадамдар арқылы ақын шығармашылығы өлеңдері халқының жүрегінен берік орын алды деп ойлаймын. Бұл жұмыстар өзінің ретіне қарай алдағы кезеңде де жүріле береді деп білемін.

- Ересек ойлы адамдарға тән даналық пен қайғы-мұңсыз балалық (әлде балаңдықты) қасиеттер бір бойынан қатар табылып, өмірде көрініс беруі – ақындарға тән қасиет қой. 

Менің әлі қалмаған балалығым,

(Бала болып өтейін шамалы күн...)

Кейде ойлы көзімен қарап тұрып,

«Баласыз!» - деп қояды маған ұлым...

Гүлдің осы өлеңіне қатысты не айтқан болар едіңіз?

- Гүлдің жан-дүниесі асқақ Алтайдың тұма бұлақтарындай тап-таза, өзі де баладай аңғал еді. Ғұмырында сол ішкі тап-таза əлемін кірлетпеді, түрлі жағдайға байланысты құбылып тұру деген онда болған жоқ. Өмірде оның сенімін ақтамағандар көп болды, осы өлең соған байланысты туған. Нағыз суреткердің бақыты да, қасіреті де жан-дүниесін кірлетпей, таза сақтап қалғанында жататынын кеш түсіндік қой. Ақын біреуден көңілі қалса, сенімін ақтамаса онымен қайта араласпайтын. Өзінің өмірлік принциптерін өзгерткен емес. Ешкімге өз жолын, қағидаларын бұзуға да жол берген жоқ.

- Қызына арнап жазған бір өлеңінде ақын:

Қызым сенің атыңды,

Арманайым деп қойдым.

Адамы боп өссін деп,

Ар-намыс пен текті ойдың, - 

деген екен. Ұл-қыздарыңыздан анасының жолын қуып, шығармашылықпен шұғылданып жүргендері бар ма? 

- Балаларымның ешқайсысы әзірге анасының жолын қуып, шығармашылықпен айналысып жүрген жоқ. Бірақ қазіргі жастарға тән креативті ойлау бар. Адамның ойына келмейтін мəселелерді айтып отырады. Осы өлеңі жалғыз қызым Арманайымға арналған. Қызымда ақындық болмағанмен жанның тазалығы, басқалар байқамағанды байқау, кейбір нəрселерге күдіктенсе кейін оның шындыққа айналуы деген сияқты қасиеттер жақсы дамыған.

Ақындық дегеніміз – басқаның қасіретін өз жүрегі арқылы өткізу ғой. Өз басым, балаларыма анасының бойындағы адами жақсы қасиеттерін берсе де, ақындығын бермесін деп тілеймін, Тəңірден. Себебі ақындық дегеніміздің өзі – жан-дүниенің мұхит бетіндегі дауылды толқындай арпалыстары ғой. Ол арпалыстарға екінің бірі төтеп бере ала ма? 

- Шығармашылық адамы өзіне әріптес, сырлас іздейді ғой. Гүл Зарқұмар ақын өзімен тұрғылас, қатарлас ақын-жазушылар арасында кімдермен шығармашылық тұрғысында етене араласты?

- Гүл өзінің бір сұхбатында мен сияқты саяқ жүрген, тағылау ақынды тауып кітабын шығару үшін де үлкен жүрек керек деп ақын Ғалым Жайлыбай туралы айтады. Осындай тағылау, саяқ жүретін ақындардың көп адаммен араласа қоймауы қалыпты нəрсе. Қазіргі монғолдың көрнекті ақыны Баярхүүгийн Ичинхорлоомен хат жазысып тұрды. Араласқанда, ғаламтор арқылы әріптестік, қаламластық пікір алмасу ғой. Одан басқа бірнеше қазақ ақындарымен де үнемі болмаса да, жиі хат-хабар жазысып тұрғанынын білемін.

Қайшылап сурет салудың шебері, Америкада тұратын белгілі монғол ақыны Сандагдоржийн Төрбураммен де хабарласып, пікір алмасып отыратын. Адамдармен беталбаты сөйлесе бермейтін. Сөзі ұнамай қалса кез-келген адаммен əңгімені тоқтатып тастайтын еді.

- Қазақтың ақжарма көңіл, айтулы ақыны Қасымхан Бегманов ағамыз өзінің фейсбук парағында былай деп жазған екен: «Менің жүрегім – Алтайда...»

Бұл – Гүл Зарқұмар есімді ақын қызымыздың парақшасының ең алғашқы бетіндегі жазуы. Осы ақын қыз соңғы екі-үш жыл бойы менің парақшама жазған, жариялаған дүниелеріме үнемі лайк басып, пікір жазатын. Әр сөйлемі ойлы, орнықты еді. Өлеңдері суреттегі өзі секілді нәзік, шынайы, мұңлы болатын.

Оның әр өлеңінде, жазбасында туған жері Алтайға деген шексіз сағынышы жататын. Ол жаратылысынан ақын еді. Иә, анасынан ақын болып туған «сиректердің» сапында болатын. Гүлдің бір өлеңін оқығанда Жұматай ағамыздың:

Құнардан өссе жер түгі ,

Құлпырмай қалмас тау көгі. 

Шұғынық гүлдің төркіні, 

Шөбіңмін сенің сəулелі, - 

деген «Шұғынық гүл төркіні» атты өлеңі еске түсті. Иә, сол «шұғынық гүл» ақын қызымыздың поэзиясынан тағы алдымнан шықты. Ескі танысымдай көзіме ыстық көрінді. Осыдан-ақ, дарынды ақын қыздың тынымсыз ізденісін аңғаруға болады».

Ақын жанын ақын түсінеді. Қасымхан аға анық аңғарғанындай, Гүлдің жырларында түркінің түп бесігі Алтайға деген бір ерекше сағыныш бар. Алып тұлғалы Алатаудың бауырында отырып, асқар Алтайды аңсаудың сыры неде?

Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,

Сағыныш екен мендегі білдім, бар қайғы.

Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,

Самалыңменен сипайсың келіп маңдайды...

Ақын шығармашылығында «Алтайды аңсау» дегеннің өзі тұтастай цикль десек те болады.

- Алатаудың бауырында отырып Алтайды аңсау – қалыпты, солай болуға тиісті сағыныш деп білемін. Адамның жаны туған жердің рухынан туындаған десек бұл ақындарда мың бəлкім миллион есе артық болмай ма? Біз бəріміз туған жерді сағынамыз, ой-санамен Алтайда өткен балалық шаққа оралып тұрамыз. Гүлдің отыздың ортасынан асқаннан кейін туған жерге, Алтайға деген сағынышы асқынып кетті. Себебі талантың асып тұрса да қоғамың көптің бірі ретінде қабылдауы туған жерге сағынышты күшейтті. Көп өлеңдерінде Алтайдың асқақ бейнесі бар. Туған жерден алыста жүріп оны аңсаудың қаншалықты қиын екенін суреттеп кетті. 

Гүлдің поэзия әлемі, шығармашылығының қалың еліне насихатталуы жайында айтқанда, негізінде осындай.

- Ақынның өзі өмірден өтсе де, соңында өміршең өлеңдері қалды. Ақын шығармашылығын оқырман жұртшылық жадында жаңғырту жолындағы еңбегіңізге сәттілік тілейміз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар