Жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың «Өмір белестері» атты кітабы – повестер мен әңгімелер енген үлкен жинақ. Бас жағына Халық жазушылары Қадыр Мырзалиев пен Фариза Оңғарсыновалардың пікірлері енгізілген. Бұл бір ауыз пікір де емес, кәдімгідей мақала екенін оқырман өзі көріп оқи алады. Жинақты оқып шығып ұққанымыз – автор өзі өмір сүрген уақытты, кезеңді бір кісідей түсінген, әңгімелерінде өмір, жастық, махаббат тақырыбы өз алдына, еңбек адамдарының бейнесінің көптігі содан. Бүгінгі таңда президент айтқан Еңбек адамдары осы автордың әңгімелерінде жетерлік екен.
Өмір бойы журналист болған адам. Егіс даласында тынымсыз еңбек қызған шақты көзбен көріп, кейін өзі кейіпкеріне айналдырған сол адамдардың арасында талай рет болғаны анық. Очерктер жақсы оқылып тұрған кездерде қаншама очерк те жазған шығар, бірақ, әңгімелеріне өмірінің тұғыр-тиянағы деп қарағаны байқалады. Мысалы, «Аспан жиегі қызғыл тартқан шақ», «Қараңғы түнде жарқырап ай туғандай халде», «Бала мінезді күлегеш толқындар» деген сияқты образды тіркестер автордың сөзге ұқыпты қарағанын дәлелдейді. Әңгімелері қысқа да нұсқа, суреттеуінде артық пафос жоқ, бірақ шынайылық бар.
Оқып отырып ойлайсың, «елу жылда – ел жаңа» деген рас екен-ау. Автор айтып отырған кезең шамамен 1970-1980 жылдар десек, содан бері халықтың өмірі адам айтса нанғысыз болып қалай өзгеріп кеткен! Бір кездері еңбек қызып, шаруашылық дәуірлеген ауылдар жым-жырт, жатыр құлазып... Баяғы Құрмет тақтасындағы бейнелер де ұмытылды. «Қоғамның басты байлығы – адам» дейтін көзқарас та жоқ, боранда ығып кеткен қойды жанұшыра іздеп, сол үшін денсаулықтан айрылу, бес жылдықтың жоспарын орындауға жанын салу, механизатор болуды армандау деген де бүгінгінің адамына біртүрлі ертегі сияқты.
Бірақ жазушы осы әңгімелері арқылы тарихи шындықты ұсына отырып (сол дәуірдің өмір салты, құндылықтары), сол адамдар үшін – парыз, жауапкершілік, адал еңбектің қаншалықты биік ұғым болғандығын көрсетеді.
«Қимаймын сол күндерді» деген повесі бірінші жақтан баяндалады, шамасы басты кейіпкер автордың өзі шығар деп топшыладық. Жас жігіттің өмірді жаңа бастаған кездегі жастық дәурен қызықтарынан бөлек, сол заманның жастарының «оқуға бармай тұрып, алдымен қоғамға үлесімізді қосамыз, егіс даласында жұмыс істейміз не қой бағамыз» деген ұранға үн қосуы, жас мамандардың диплом алған соң туған жерге қызмет етеміз деп алып-ұшып ауылға оралуы... бірақ, тәжірибесіз жастардың орашолақтығы кесірінен тракторға басылған Серіктің өлімі шынымен аянышты. Автормен бірге күрсінесің.
Одан бөлек, боранды күні мал жоғалтып, оны тапқанша жанкештілікпен әрекет қылуы, сол арқылы ерліктің үлгісін көрсету – оның бәрі шынымен де болған жағдайлар. Ол заманның адамдары үкіметтің қойы, лағы үшін жанын беруге бар еді. Өйткені, міндет, жауапкершілік деген түсінік басты орында болды. Сол жолда қанша қауіп пен қатердің алдына барып қайтты. Оның бәрін – романтизм, қаһармандыққа ұмтылу дегендерді сол заманның кітаптарынан табатын болдық. Іздесек онда да. Бүгінде оның бәрі ұмытылды. Тарихқа айналды. Ендігі ұрпақ совхоздың малы ығып кетті деп боранмен айқасқан, ақ қар көк мұзды жаяу кешкен ол адамдарды түсінеді деу....
Өмірдің өзіндей проза
«Ана мен баладағы» Мәрлен Шөректовтің өмірі, анасымен соңғы рет көрісуі бөлек әсері бар дүние. Оқимын деп, қызмет деп ауылдан, анасынан жырақтап кеткен, өмір жолында талай соқпақ кешіп, түптің түбінде «анамның алдында перзенттік парызымды өтей алмадым ау» деген өкініш көп адамда бар. Ол тіпті оқымысты, ғұмырында шен мен шекпеннің талайын көрген адамдардың басында болуы мүмкін. «Жүрек сағынышы» махаббаттан жүрегі жалындаған жігіттің хаты үлгісінде, ғашығы Ақеркеге айтқан сыры ретінде берілген. «Тыңда туған тұңғышта» да мектепті жақсы бітірген жастардың алысқа ұзамай, әке жолын жалғап механизатор болғысы келетіні, оған әкесінің өкпелегені берілген. Сонымен бірге «Өмір университеті», «Қойлы ауылда қарбалас» сияқты әңгімелердің бәрінде де еңбек адамдарының өмірін еңбексіз елестете алмайтын, керек болса қоғамның малы мен жайы үшін ештеңеден қайтпайтындығы көрінген. «Бүкір және сұлу әйел» деген әңгімесі жақсы екен. Өзінің қызметін пайдаланып, жұртқа төбеден қарайтын надан адамдар қай қоғамда да бар. Ауыл адамдарының момындығына таңғаласың, өзінің ақ, адал еңбегімен терлеп тапқан ақшасын алар кезде де есепшіге жалынышты қылып қойған. Есепшінің образындағы адамды жиіркендіретін бір мінезі – ол момын адамдарға өз дегенін істетіп үйренгендігі. Ауылдағы жуас шалды қорқытып, мәжбүрлеп, соның сұлу қызына үйленеді. Өзі бүкір ғана емес, ішкі дүниесі тар, қапырық адам солай сұлу, жас Айсұлуды жылатып әйел қылады. Екеуі балалы да болады. Бірақ Айсұлу өмірден ерте өтіп кетеді. Оның өкінішін автор өз жан дүниесінен сезінгендей болады.
Махаббат тақырыбы
Бұл тақырып қашан да әдебиеттің өзегі. «Мезгілсіз үзілген ән» Сейсен мен Нұрзияның мұңлы махаббаты жайында. «Нәзік мұң», «Мөлдір тамшылар»... бұның бәрінде жастықтың сазы, сезімнің сыры бар. «Қайта оралған көктем» елдегі тың игеру, құрылыс бетбұрыстарының кейбір жастардың басқа жаққа кетіп, семьяларынан жырақтап, тіпті ерлі-зайыптылардың екеуі екі жаққа кеткен жағдайлары да болғаны суреттеледі. «Ақша жинап байимын, «Волга» сатып аламын» деп кеткен күйеуінің жолын тосып отырған Рәзияның мұңы берілген.
Автордың кей шығармаларындағы махаббат естеліктері жып-жылы, бірақ автор махаббатты тек романтикалық сезім емес, адамның әлеуметтік өмірімен, еңбекпен, қоғам алдындағы міндетпен байланыста көрсетеді. Мысалы, «үшбұрышты» махаббат оқиғалары да өмірдің өзінен алынған. «Қимаймын сол күндердегі» Батырбек-Қарлыға-Серік арасындағы жағдайлар кейін басқа әңгімелерде, айталық, «Алыстан көрінген оттағы» Орақ-Айнұр-Серболат, «Аңғарбайды әніндегі» Сайын-Шәкира-Аңғырбай тағдырлары арқылы иланымды суреттелген. Олардың қуанышы, мұңы, алаңы мен уайымы...
Жалынды жастар
«Сол бір бақытты кеш» жас инженер Баянғалидың өміріндегі сәттерді баяндайды. «Біздің жеке мәдениетіміз ауыл мәдениетімен ұштасып жатса қандай жарасымды. Әркім өзі тұратын селосының көркеюіне үлес қосса, сол жолда жан қинап ізденсе, маңдай терін төгуден тайынбаса екен деймін» деп ағынан жарылады кейіпкер. Оның осы арман-мұраты сол заманның жастарының көбіне тән. Өйткені ол заманда ауылдарда егіс даласында комбайндар жүзіп, үлкен машиналар бидай тасып жататын. Шөпшілер шөп шауып, малшылар малын бағып, ауылдағы өндіріс орындары да бір тоқтамай, еңбектің көрігі қызып жататын. Әркім өзінің міндетін мүлтіксіз атқарып, күзде озаттарды марапаттап, ел болып қуанысып жататын. Бұл Кеңес дәуірі әдебиетіне тән үрдіс болса да, Ойшыбаев оны шаблонға салмай, шынайы өмір суреттерімен береді. Автордың «Құпия жол» әңгімесінде «Қайта құру» идеяларына қажыр-қайратын аямайтын, қызмет баспалдағымен өскен Жұлмыр болса, ал «Жайық толқындарында» мал шаруашылығына үлес қоспақ болып оқуға бармай қалған жастар бар. Қойшының, механизатордың, жас маманның, тіпті совхоздағы қарапайым есепшінің тағдыры арқылы қоғамның мінезін ашуға ұмтылған. Сол заман жастарының тек жұмыс демей, бос уақытта кітап оқып, көркемөнерпаздар үйірмесіне баратыны да автор шығармаларынан көрінеді. «Мәдениеттілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің жиынтығы. Ой мен дене еңбегі адамзаттың биік мұраттарымен ұштасса ғанибет. Мінсіз адам болмайды. Мәдениетілік өз бойыңдағы жаман қасиеттерді жеңіп, заман берген бақытты өмірге сәйкес тұлға бола білуде». Бұл ойды кеңейте беруге болады. Әңгімелерде бір ғана адамның емес, бүкіл қоғамның болмысы көрінеді. Осының бәрі оқырманға тек сюжет емес, тәжірибе, ғибрат, сабақ береді. «Оқудан соң» әңгімесінде ауылға жас маман болып барған Рақиланың бастапқы кезде түсінбестікке тап болғаны айтылған. Ия, адамдар әр түрлі. Жас қой деп басқа жақтан келген жас маманға кекірейіп шекеден қарау, оны өз ісін білетін маман ретінде қарамау болмай тұрмайтын жайттар. Арақ ішем деп оң қолын үсіріп, қолсыз мүгедек болған жігіттің оқиғасы да оқырманды бей-жай қалдырмайды. Ал, «Қара нанда» аштық жылдарын еске алып, тәубеге келетін тәрбиелік әңгіме.
Бір дәуірдің шежіресі
Бақтығұл Ойшыбаевтың шығармалары – бір дәуірдің еңбек пен махаббатқа негізделген әдеби шежіресі. Оқырманды тек өткенді танып-білуге ғана емес, қазіргі өмірін бағамдауға, «бүгінгі күнде біз не жоғалттық, не таптық» деген ойға жетелейді деуге болады. Сондай-ақ, бұл әңгімелер рухани-адамгершілік, жауапкершілік, парыз, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дәріптейді. Сол замандағы жастардың қателігі мен арманын көрсете отырып, өмірлік сабақ береді.
Әрине, қазіргі жастарға өз уақытының тынысы жақын. Оларды смартфон, әлеуметтік желідегі трендтер, заманауи өмір салты көбірек қызықтырады. Сол себепті 70–80 жылдардың ауыл тіршілігі олардың назарын тартып әкетуі неғайбіл. Ол түгілі бүгінгі күнгі көкейтесті тақырыпты да оқыта алмай жатырмыз. «Қазақ әдебиеті» оқулығы хрестоматиясындағы дүниені түсініп оқыса алақайлап риза болып қол шапалақтауға дайынбыз. Егер олар бұл әңгімелерді алда-жалда оқып жатса, сол заманның ауылын, еңбек тынысын, адамдардың қандай жағдайда өмір сүргенін білер еді. Біздің әкелеріміз, олардың аталары қалай өмір сүрді, не сезінді, не кешті, олар қандай жастар еді, бұл жайында жас ұрпақ егжей-тегжейлі білуі шарт болмаса да, әйтеуір хабары болса жақсы емес пе.
Бірақ, бір нәрсе анық – мейірім, адамгершілік, адалдық сияқты тақырыптар уақытқа бағынбайды. Жазушының шығармаларындағы басты құндылық – осы қасиеттер. Өйткені қай заманда да адамды тәрбиелейтін нәрсе – жан жылуы, жақсылыққа ұмтылу.
Жазушыға құрмет
Жазушының қарындасы, Батыс Қазақстан облысындағы С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның берген мәліметіне қарағанда, Сырым ауданында белгілі жазушы, журналист Бақтығұл Ойшыбаев атындағы конференц-зал ашылған. Қаламгердің атындағы зал М.Есламғалиев атындағы Сырым ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жаңа ғимаратында орналасқан.

Қызы Жанна Ойшыбаеваның әлеуметтік желідегі естелігіне қарағанда, жазушы тамыз айының 10-ы күні 85 жасқа толар еді.
«Биыл әкеміз 85 жасқа толар еді, – дейді ол. «Оның ресми туған күні – 5 ақпан, бірақ әжеміз ұлын жазда босандым деп отыратын. Сол кездегі көптеген адамдар сияқты, әкем комсомол ұйымына тезірек кіру үшін туған күнін ерте жаздырған.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі Тайпақ аудандық газетінде қызмет еткен етіп жүріп, 1974 жылы Орал облысы Жымпиты ауданына «Қызыл ту» газетіне бас редактор болып жіберіледі.
Бұл ретте оның пікірі обкомда сұралмады, өйткені бұрынғы бас редактор газетте Алашордашылар туралы мақала жариялаған болатын. Осы оқиғадан Қазақ КСР-інің батысындағы бір ғана аймақта тұтанған идеологиялық жанжалдың сол кездегі ауқымын көз алдыңызға елестете аласыз.
Әкемнің үнемі редакцияда, не совхозда іссапарларда, не Оралда жиналыстарда жүретіні, не Алматыда партия қатарында оқитыны есімде қалыпты. Үйде болғанда үстеліне отырып, әңгімелері мен повестерін жазумен болды. Кейін «Казправданың» тілшісі болып қызмет атқарғанымда курстастары мен әріптестері Бақтығұл Ойшыбаевтың еңбекқорлығына тәнті болғандарын айтып отыратын. Ауданда отырып, күнде дерлік республикалық газет-журналдарға шығып тұрды.
Көзі тірісінде «Алыстан көрінген от» және «Қимас күндер» атты екі кітабы жарық көрді. Ол үшінші кітаптың шығуын асыға күтті, бірақ өкінішке орай көре алмады...
Аудан басшылығы ауысқанда, турашылдығы үшін әкеміз жұмыстан қуылып, «жасырын» байлығын ұзақ тексеріп, оның рухын сындырмақ болды. Әділдік сезімі жоғары адам ретінде әкем өзінің соңына шам алып түскен қудалауға шыдай алмады. Ол ұзақ уақыт бойы ауырды.
Мен ол кезде жасөспірім едім. Бұл өлкеде бір күні әкемнің еңбегі еленіп, журналист-жазушы ретіндегі есімі міндетті түрде қайта жаңғырады деп өзіме уәде бердім...
Өзіңізге уәде беру бір басқа, оны жүзеге асыру бір басқа. Ондаған жылдар өтті, әке жолын мен ғана емес, ағам да қуды...
Енді міне, жаңадан салынған аудандық кітапхана ғимаратында Бақтығұл Ойшыбаев атындағы мәжіліс залы ашылып, оның қайта басылған кітаптарының тұсауы кесілді. Әкем жерлестерінің өзіне деген ілтипат-құрметін сезінді деп сенемін... Бір кездері әкеме әділетсіздік жасаған шағын Отаныма енді реніш жоқ».

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.