Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлді деуге бола ма айтыңдаршы...

27.03.2014 2994

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы...

(Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қайтыс болған күні)

Мұқағали  (Мұхаммедқали Сүлейменұлы) – қазақтың ұлы ақыны. Өз заманында өзіне лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік, жұлдызы жарық ақиық ақын!


mk.jpg
 

Бүгін ақынның қайтыс болған күні. Ақын 1976 жылы 27 наурызда бауыр циррозы ауруынан көз жұмды. Мұқағали өзінің өмірмен қоштасар күнін күнін білген бе? Ақын дүниеден өтерінде «Өмірдастан» атты кітабына қолтаңба жазып, қызы Алмагүлге «Әбділда Тәжібаевқа апарып бер» дейді. «Ақсақалға апарып берсем, ішіндегі қолтаңбаны өзі қайтыс болатын 27 наурыз күнімен жазыпты. Ол кісі «Қызым, әлі 27 наурыз болған жоқ қой» деді. Біз «Шатасып кеткен шығар» деп ойладық. Сөйтсек, әкем қайтыс болар күнін білген екен ғой» дейді ақынның қызы Алмагүл. 



Нағиман Батанқызы, ақынның анасы:     

Қаламын қолынан тастаған жоқ
...Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы еді. Колхозда сушы, шалғышы болып жүреді екен. Мен оның ауылымен іргелес жатқан Сарыбастаудың қызымын. Тағдыр айдап, дәм жазды ма, екеуміз үйленіп, жас отау болдық. Тиын деген енем бар еді. Мейірлі, кісілігі мол жан болатын. Жоқшылық замандағы көп қиындығымызды тең бөлісіп, жел жағымызға пана болып, мәпелеп өсірді. Тұңғышым болған соң ба, Мұқағали енеме табиға болып, мені жеңге есебіне санайтын.  
...Соғыс деген пәле басталғанда Сүлеймен осы Қарасазда бір топ жігітпен бірге майданға аттанды. Мұқағали онда 10 жаста. Есі кіріп қалған бала. 
...Бастауыш кластарды Қарасаз өңіріндегі шағын ауылдарда оқып, орта мектепті аудан орталығы Нарынқолдағы интернаттан бітіріп шықты. Ауқаттылардың балалары Алматы асып, үлкен оқу іздеп жатқанда, ол ауылдық кеңеске хатшы болып қызметке тұрды. 14-15 жасынан жаза бастаған өлеңінен қол үзген жоқ. Төбесі ап-аласа үйге қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, бірінен кейін бірін оқитын да жататын. Ауылдың атқамінерлері сол кезде-ақ таңданатын. «Нағиман шеше, сіздің тентегіңіз осынша орысшаны қайдан үйреніп жүр?» дейтін... Сөйтсем, өзін-өзі оқытыпты ғой шырағым. Кейін ауылдағы мектепте де қызмет істеді. Содан аудандық газетке барды. Өлеңдері жиі жариялана бастады. Содан не керек, 
1962 жылдың жаз айын да аяқасты бұзылды. Мені жеңге орнына санап, «Нақа» дейтін. Бір күні: 
– Ал, Нақа, бұйырса, алматылық боласың, көшеміз, – деді әй-шәй жоқ. Шынымды айтсам, мен бұған нанбадым. Өйткені, астанаға бала-шағамен көше қоятындай жинаған қорының жоғын білемін. Екі інісі де, балалары да жас. Мен болсам, отырған бір масылмын. 
– Сонда қайда барамыз? Үйді қайтесің, балам-ау? – деймін. 
– Қорықпа, Нақа! Өлеңім өлтірмейді. Асырайды бәрімізді, – дейді маңдайы жарқырап. 
Сөйтіп, ауылдан астанаға көштік. Дайын тұрған үй қайда?! Тастақтан Шынықұл деген қазақ шалдың кішкентай екі ауыз үйін жалға алды. Рас, ол кезде пәтерақы арзан. Ақша да тапшы. Балам радиода, газет-журналдарда қызмет істеді. Анда-санда мәз болып жаңа шыққан өлеңдерін көрсетеді. Арагідік болса да қаламақысын алып, мәре-сәре болады. Кең жайлауда өскен адамға ығы-жығы қалада күн кешу қайдан оңай болсын?! Қысылып-ақ жүрдік. Мен де, келінім Лашын да, Мұқағалидың өзі де сыр бермедік. Сөйтіп 
жүргенде, біздің шаңырақ аяқастынан шайқалды. Мұқағалидың Майгүл деген қызы жол апатынан жазым болды. Міне, осыдан бастап балам сеңдей 
бұзылды. Қатты күйзелді. Иығы түсіп, сылынып сала берді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтсем, не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ кетті. Сөйтіп жүріп, толассыз жаза берді. Не жазғанын қайдам... 
Пәтер жалдап бірталай жыл әуре-сарсаңға түстік. Бірді-екілі жұқа кітаптары шықты. Қазір қай жыл екенін де ұмытып отырмын, Интернациональная деген көшеден екі-үш ауыз тас үй тигендегі қуанғаны әлі есімде. 
Мұқағалидың тіршілігінде мансап пен байлықтың қызығын көрмегеніне туған анасы – мен, жан жары Лашын куә. Бірақ «дәулетімді молайтайын, қызметімді жоғарылатайын» деп басын қатырған емес. Кейде апталап үстелінен тұрмай, өлеңмен арпалысқанда үйінде не бар, не жоққа назар да салмайтын. Сондайда Лашынға жаным да ашитын. Кейбіреулер: «Ой, ол ондай еді, мұндай еді» дейтін де шығар. Баламның оны шаршатқан кезі болған жоқ деп қалай айтайын?! Еркелеп кететін кезін де көрдік. Түнерген аспандай мұңды сәті де болатын. Қуанса, өлең үшін, жаңа шыққан кітабы үшін қуанатын. Туған жері – Қарасазын мақтана айтатын. Ауылға жиі қатысуды армандайтын. Барып, еркелеп, мауқын басып та тұрды.  
Жасы 40-тан асқан соң-ақ, не ауру екенін қайдам, әйтеуір, бір дерт жабысты. Анда-санда тарығып отырып қиналғанын, ұйықтай алмай шыққанын айтатын. Ара-арасында ауруханаға жатып, емделіп те жүрді. Қайтадан ауырды.  
...Өлерінен біраз жыл бұрын Мәскеу барып, әдебиетшілердің үлкен оқуын оқыды емес пе? Оны да тауысқан жоқ. «Олардың білетінін өзім де 
біледі екенмін. Алматымды сағындым. «Балаларымның қасында болайын» деп, кеттім де қалдым, Нақа» деп, менің арқамнан қағып қоятын жарығым. 
Е, жалған дүние-ай! Бір байқағаным, ауру жанына батқанда қатты күйзеліп-ақ жүрді. Әншейінде тау тұлғалы шырағымның еті қашып, ірі сүйектері саудырап сала берді ғой. Несін айтайын... Әйтеуір, қаламын қолынан тастаған жоқ. Оңаша үйде күбірлеп сөйлеп, толғатқан анадай күй кешкен кездерін де көрдім. Сөйтсем, мына жалғаннан арғы ауылға аттанатынын сезіп, соңына сөзін қалдыру қамымен жанталасқан екен ғой жазған бала!..     

     «Мұқағали», Алматы, «Жалын», 1995 жыл.

17(21).jpg
 Лашын Әзімжанова,  ақынның жары:  

Мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін... 

...Мұқағали орны бар, еңбегі бар ақсақалдарды қатты сыйлап өтті, алдынан кесіп өтпей, сол адам өткенше күтіп тұратын. Ақкөңіл, адалдығында шек болған жоқ. Мінезі өте тік, кей адамдар осы үшін де оған қарсы тұрды. Анда-санда Мұқағалидың тік мінезіне менің «мінезім» де сайма-сай келе кететін. Екеуміз аяқастынан «тіресіп» қаламыз. Бірақ ол райынан тез қайтады. Ақкөңіл, ақеділ емес пе, үй-ішіне кек сақтауды жек көрді. Көбінесе мұндай тіресу бірдеңе жетпегендіктен туатын болуы керек.  
Ол үнемі мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп мебеліміз жоқ. Мен мектепке жұмысқа кетсем, балаларға столдарды сүрткізіп, орындарын ауыстырып қойыпты. Бірде бір жолдасымыздың Ғайни деген әйелі келіп еді: 
– Немене, мебель алғансыңдар ма? – деп жан-жағына қарап қалды. 
– Жоқ, ә. Бұл Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір физкультуралық жаттығуы ғой, – деп шынын айтып едім, ол қатты таңданып қалды. 
Бала ұстауға да, күтуге де шебер болды 
Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де шебер болды. Шолпанымыз туған соң, мен бір жылдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Соны әкесі мен балалар күтіп, мені іздетпеді. Мұқағали балаларын жанынан бетер жақсы көрді. Даладан қандай ашуланып келсе де, балаларын көргенде майдай еритін. Төрт перзентінің маңдайынан шертпей өтті. Айбар деген баламыз өте қыңыр, шатақ болып өсті, бірақ Мұқағали Айбар десе, ішкен асын жерге қойды, тіпті оның сондай шатақ мінезіне сүйсініп отыратын. Ең кішкенеміз Шолпан деген қызын «Менің кішкентай поэзиям» дейтін.  
Мұқағали өлең жазумен бірге, шахматты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрді. Бір жылы көктемгі балалардың демалысында Мұқаң желігіп, «Қапшағайға барып, балық аулап келемін, балаларыма теңіз көрсетемін» деп болмады. Балық аулайтын неше түрлі құралдар сатып алды. Азық дайындап бердім. Балаларын ертіп, автобуспен Қапшағайға таңертең кетті. Кешке жақын бәрі шаршап-шалдығып үйге келді. Барса, Қапшағай көкпеңбек мұз, қатып жатыр екен. Міне, осындай бір әпендешілік болғаны бар. 
Ауырмай, сау отырған бостау кездерінде дұрыс, дәмді тамақ ішуді жек көрмейтін. Көңілі келсе, палау басатын. Оны «Бұхар палауы», «Наманган палауы» деп ат қойып, жетіспеген жерлерін, дәмділігін сөзімен толтырады. Үйдегі сынған нәрсені бабына келтіріп жөндеп те жіберетін. Мұқағали анда-санда балаларына да, үлкендерге де көрсетпей насыбай ататын-ды. Ал үлкен шығармалар жазғанда тамақты да, басқаны да ұмытады. Есіне салып, әлсін-әлі шақырып, дастарқан басына сүйрегендей етіп әрең келтіресің. 
Жас ақындарды үйге топ-тобымен ертіп келетін 
Мұқағали өзі қатарлы білімді адамдармен тез тіл табысып, достасып кететін. Бірде Қалжан Нұрмақановты үйге ертіп келіп, бізбен таныстырды. Бірде Қажығұмар Қуандықовпен бірге келді. Ол кісіні «Қазақтың тұңғыш зерттеушісі» деп таныстырды. Әнуарбек Дүйсенбиевті де әрі құрдасым, әрі туысым деп жақсы көруші еді.  
Мұқағали әсіресе өзінен кейінгі сөздің қадірін білетін студенттерді, жас, жаңа жаза бастаған ақындарды топ-тобымен ертіп келетін. Мен басқа ештеңе болмаса да, қысы-жазы арпадан, тарыдан көже ашытып қоямын. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жастарды үйге кіргізіп, қатарлап отырғызып қойып: «Мынау көже – атаңның асы, іш!» деп беріп жатады. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығамын. Оны Мұқаң есептемейді, кек тұтпайды, ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар «Қалай болар екен?!.» деп, есік жақта иіріліп тұрады. «Ой, қызталақтар! Жоғары шығыңдар! Жеңешең оттай береді, оған қарама!» деп, ашыған көжесін беріп жатады. О да дәурен екен ғой!!! «Өлең жазғанда бір жасап қаламын» дейтін еді. Мұқағали өлеңді көбіне түнде жазатын. Ертесіне бізге «Бүгінгі жоспар орындалды» дейді. Бұл өлең тыңдауға келіңдер деп шақырған белгісі еді. Өлеңінің бірінші сыншысыда, тыңдаушысы да өзіміз боламыз. Ақын жас бала сықылды ғой. Мұқағалиға «Анау сөзің керемет! Осындай халықтық сөздерді қайдан таба қоясың?» десек, соған да мақтанып қалатын. Соған қарағанда, ақын нәзік жанды, сәл нәрсеге ренжитін осал әрі періште адам ғой деп есептеймін. Сондай айдарынан жел ескен алып Мұқағалиды ренжітіп, жетімсіретіп қою оңай еді. Айнымайтын, айналмайтын, ашуланбайтын серігі, досы өлеңі еді. «Өлең жазғанда бір жасап қаламын» дейтін. Өлеңін оқығанда даусы кең, шалқып-тасып жатады, әр сөзі түсінікті. Өлеңін көңілді отырғанда ғана оқитын, даусында ешбір мүкіс жоқ, өзі қандай зор болса, даусы да сондай таза, мөлдір, еріксіз ұйып тыңдап қаласың. Өлеңі – тынысы, алдамайтын адал досы, жұбаныш-үміті, жанашыры, қуанышы, сырласы-мұңдасы болды. Өлеңді де, ақынды да қадірлеп өтті. Жыр жазған дәптерлерін жетісіне, айына бір қарап, аялап, түгендеп, қайта оқып, кейіннен жетпеген жерін қайта жазып, түзетіп, реттеп қоятын-ды. Мұқағали алғашқы жылдарда өлеңдерін ептеп түзейтін, ал кейінгі жылдары өлеңді алдын ала ойлап-толғап алып, дәптерге бірден жазып тастайтын. Жазуы өте сауатты, түсінікті болатын-ды. Өлеңді көбінесе күз де, қыста өндіріп жазып тастайтын. Мұқағали күзді қатты ұнатты... Жазушылар Одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім. Мұқағали Жазушылар одағын өз жылы ұясындай, жығылса, сүйейтін, қысылса, көмектесетін туған ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Жазушылар одағы есіне түссе, «одаққа барамын» деп, жазып отырған өлеңін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Сөйтіп, «одағым, одағым» деп өтті Мұқағали. Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім.  
...Мұқағали кірпігі әрең қимылдап, емханада жатыр. Әбден арыған. Сөйлеуге де шамасы жоқ. Сөйтіп жатып, бар күшін жинап, соңғы рет сөзге келді: «Лашын, такси әкел, одаққа барайық... Балаларым жас еді... Бітпеген жұмыстарым бар еді...» – деп сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне, қасірет деген көзіме жаңа көрініп тұр. «Мұқағалиды көретін көзім қазір соқыр болып қалсашы!» деп еңіреп тұрмын. Айтуға тілім жетпейді дәл мына сұмдық суретті. Мұқаңның айтқанын емдеуші дәрігерге айтып едім: «Сіздің есіңіз дұрыс па, мынадай жағдаймен ауруды таксимен алып жүремін дегеніңіз надандық қой, одан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз» деп сөзімен, пейілімен емдейтін дәрігерім төбемнен қос жұдырықпен бір-ақ соғып, шала өлтірді. Сүмірейіп, өлігімді сүйреп үйге жеттім. Ертесінде тілі мүлде жоқ болып қалды да, түн ауғанда қайтыс болды... 

«Мұқағали: күнделік», Алматы, «ҚазАқпарат», 2009 жыл.


37718f.jpg
Мұқағали қандай оқу бітірген?

Мұқағали 1948 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне, 1950 жылы шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне түсті. Сосын қайтадан ҚазҰУ-дың заң факультетіне қабылданды. Әрқайсысында бір жылдан аспайтын уақыт қана оқыды. Оқуды аяқтауға тұрмыстық жағдайы көтермеді. 
1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жолдамасымен Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсті. Бірақ оны да бітірмеді. Ақынның анасы Нағиман апа естелігінде: «...Оны да тауысқан 
жоқ... «Олардың білетінін өзім де біледі екенмін. Алматымды сағындым. Балаларымның қасында болайын деп кеттім де қалдым» деп, бір жылдан 
соң елге қайта оралды» дейді.


Әділ Кенжебекұлы, ақынның досы, құрдасы:

Мұқағалидың көрмеген қорлығы жоқ

Шежіре бойынша Мұқағали – Ұлы жүз, Албан. Албаннан – Алжан, Алжанның ішінде – Сырымбет. Сырымбеттің ішінде – Қанкелді, Қанкелдінің ішінде – Қайбас, Қайбастың ішінде – Мәнжі, Мәнжіден – Дәлі, Дәліден – Қамысбай, Қамысбайдан – Мақатай, Мақатайдан – Сүлеймен, Сүлейменнен – Мұқағали. Ұзын сөздің қысқасы – Райымбек батыр мен Мұқағали бір-біріне жақын туыс болып келеді. 
Мұқағали өте кедей отбасынан шыққан. Жетім өсті, көрмеген қорлығы жоқ. Көмек беретін адамы болмағандықтан, өлеңдерін көтеріп жүріп шығара алмағаны өзінің естелігінен де белгілі.  
Бізде балалық шақ, ойнау деген, бүтін киім киіп, тамақты тойып ішу деген болған жоқ. 24 наурыздан 1 сәуірге дейін көктемгі каникул басталады. Содан колхоздың жұмысы да басталады. Яғни соқаға шығамыз. 
Үстімізге киетін оңды киіміміз де жоқ. Ең жақсысы – ешкінің терісінен шешеміз жасап берген, сыртымыздан киетін бір-бір тонымыз бар. Киімнің ең жақсысы, ең жылысы – осы – тон. Аяғымызда – шоқай, бұтымызда – жамау-жамау әбден тозған теріден жасалған шалбар. Дамбал (трусы) дегеннің атын естігенімізбен, өзін көрген емеспіз. Өрмек жіптен тоқылған жейде, басымызда – киізбен тысталған қозының елтірісінен жасалған тымақ. Тонымыздың сыртынан белдік буынамыз. Белдікті қатты тартып алып соқа айдауға кірісеміз. Сонда суықтан қорғайтын ең негізгі киіміміз – сол сыртымыздағы жалғыз тон.  
Тамақтың түрі – бір тәулікке жарты көмбе нан, қайнаған су, судың дәмін кіргізетін бір шымшым тұз. Түске жақын ауылдан майы алынған сұйық (іркіт) айран келеді. Бұл айранды қаптал шанамен Қозыбақ деген бала үш ағаш күбімен алып келеді. Әрбір адамға бір литрден айран береді. Норма солай. Жол-жөнекей іркіт шайқалып, күбінің бетіне аз ғана май түседі. Үш күбінің бетіне кішкене шынымен бір шыныдай май түседі. Сол майды соқа айдап жүрген алты бала қалған нанымызға жағып жейміз. Сонда көзіміз шырадай жайнайды. Қозыбаққа «Іркітті бізден баста» деп айтып қоямыз. Себебі, бізден бастаса, бетіндегі майды біз алып жейміз. Қозыбақ ылғи бізден бастайды.  
Жұмыстың белгілі уақыты жоқ, аттың шамасы келгенше соқаны айдай береміз. Бесін бола бастағанда қарын ашып, шөлдей бастаймыз. Сол кезде соқамызға қосылған екі биенің сауымы келгенде құлынына емгізбей, кезек-кезек өзіміз емеміз. Кеш болады. Ортақазанға келеміз. Ортақазан деген аты болмаса, орта қазан жоқ. Жаман тамдардың төбесін жапқансып, қалқалап, «ортақазан» дейді. Төсеніп, жамылып жататын ешқандай көрпе, киім жоқ. Былтырдан қалған ескі сабандарды әкеліп тастайды. Шошқа сияқты соның арасында кіріп жатамыз. 
Бригадир өте қатал адам болды. Қасқа таңнан, бозторғай шырылдаған кезден оятады. Оятқанға тұрмасаң, аяғыңнан тартқылап, балағыңнан сүйреп шығарып тастайды. Сосын тұрмай көр. Қорыққаныңнан көзіңді уқалауға шамаң келмей, жұмысқа кетесің. Содан күн ашық болса, ай батқанға дейін жұмыс істейсің. Ай жаңадан туды деген бізге қарғыспен бірдей. Себебі, күннен-күнге ай жерді жарық қыла береді. Сонымен істей бересің. Менің істейтін жұмысым – үймекшіге шөпті алып беру. Мұқағали, т.б. балалар шөмеле тартады. Көктемге қарағанда, шөп шабыс кезінде айран, ірімшік, көбейеді. Онымен бірге әрбір екі жетіде кәрі-құртаң малдар сойылады. Соны кешке жақын суға салып пісіреді. Оған тұз салып, дәмін кіргізеді. Нан салатынға ұн жоқ. Картоп та жоқ. Колхоз ортақазанға деп, қыстан біраз арпа сақтап қалады. Соны қуырып талқан жасайды. Сол талқаннан қылдай етіп өлшеп, асқан сорпаға ағаш қасықпен бір-бір қасық салып береді. Бір түйір еті бар талқан қосқан сорпа, көзіңді шам жаққандай жайнатады. Мұқағали – тапқыр, тамақ ішер алдында бір нәрселерді ұйымдастырып жібереді. Тамақ ішетін уақытымыз – ымырт жабылған кез. Жанып тұрған свет жоқ. Қазанға жаққан оттың жарығымен тамақ ішеміз.  
Мұқағали ойламаған жерден екі ағашты айқастырып, бір басын жерге қағып жіберіп, қол сияқты шығып тұрған ағашқа біреуміздің жаман шапанымызды кигізе қояды да, басына бір тымақты кигізе салады. Бригадир «Қаншасыңдар?» дейді. Сол кезде Мұқағали «Алтаумыз» дейді. Бригадир санағанда алтау болып шығады. Сонымен бір табақ сорпа артық келеді. Әрқайсымыз кезек-кезек күнделікті кешке жақын бір табақ сорпаны артық ішіп отырамыз. Мұқағалидың аяқ астынан табатын мұндай әдістері көп еді. 
Біз 9 сыныпты 1947 жылы Қарасаздан бітірдік. Соғыс бітті, аман қалған әке-ағаларымыз оралды. Ашаршылықтан құтылдық. Есіміз жиылған соң, оқу іздей бастадық. Өзіміздің мектепте 10 сыныпта оқитын емтихан алатын мұғалімдердің білім дәрежесі жетпейді. Сондықтан 10 сыныпты Нарынқолда оқитын болдық, аудан бойынша балалар жиналды. 25 тамыз күні Нарынқолға арбамен оқуға бардық. Біздің Энгельс колхозынан, яғни Қарасаздан 6 бала: Мақатаев Мұқағали, Асанов Әбдіке, Исақұлов Қозыбақ, Құрманов Мәжит, Ахметов Сыдық және мен – Кенжебеков Әділ оқуға бардық.  
Мұқағали әдебиеттен 25 баланың ішінде алдына жан салмайтын. Жасыратын түгі жоқ, әдебиеттен одан өтер бала болған жоқ.  
Сол кездің өзінде оның адамгершілігі, адамға деген ілтипаты көрініп тұратын. Әділ болатын. Бір күні сабақтан келе жатқанда Асанов Әбдіке соттың конторының қасында бір кішірек баланы жазықсыздан-жазықсыз ұрып жіберіпті. «Ұрма, қой!» десе, қоймапты. Мұқағали конторға жүгіріп барып, сотқа кіріп, үлкен баланың кіші баланы ұрып жатқанын айтады. Сот секретарын жіберіп, Әбдікені, жаңағы ұрған кішкене баланы конторына алдырып, Әбдікені біраз сұрап, қорқытып, «Бұдан былай кішкене баланы ұрсаң сотталасың» деп, қоя береді. Әбдікеде зәре жоқ, соттан келген соң, «Бұдан былай кіші балаға тиіспеймін. Сен мені кешір. Сенің айтқаныңды орындамай, сотқа түстім. Бұдан былай ешкімге тиіспеймін. Сотқа да осы уәдені бердім» деп Мұқағалидан кешірім сұрады. Шынында да, Әбдіке содан кейін ешкімге қол көтермей-ақ кетті.


Besik-zhyiryi-m----a--ali.jpg
Әбдіке Асанов, ақынның  досы, құрдасы:

Биені емген кезіміз де болды

Мұқағали екеуміз 1931 жылы дүниеге келіппіз. Ата-аналарымыздың айтуынша, Мұқағали қой төлдеп жатқанда, мен ел жайлауға көшкенде туыппын. 1948 жылы Нарынқол ауылында интернатта жатып, он жылдық мектепті бітірдік. Кәмелеттік аттестат пен төлқұжат аларда ақылдаса келіп, Мұқағали 9 ақпанды, мен 15 сәуірді таңдадым.  
Балалық шағымыздың қызықты кезеңін соғыс жалмады. Ат соқамен жер жыртып, аңызға егін салдық. Сондағы бір тәуліктегі тататын нәріміз – қайнаған қара су мен күні бойы төрт балаға арналып берілетін бір таба нан. Кейде бір кесе арпаның талқанын қанағат етеміз. Соқаға құлынды биелерді жегеміз. Кейде биелердің бауырына кіріп кетіп, кәдімгі құлындарша еметін кезіміз де болды.  
Мұқағалидың қолы ашық, пейілі кең болатын. Ешқашан ақиқаттан аттап өтпейтін. Біреудің кемсіткеніне төзбейтін. Қозыбақ деген құрдасымыз бізге арбамен іркіт таситын. Іркіт кісі басына жарты литр беріледі. Уақтылы келмесе, қарнымыз ашып, шөлдейміз. Шілденің бір күнінде Қозыбақ айранды 2-3 сағат кешіктіріп алып келді. Дереу тостағымызға құйып тарата бастады. Біз қомағайлана сіміріп жатырмыз. Мұқағали ғана ішпеді. Құйдырып алды да: «Сен неге уақтысында келмедің?» деп бетіне шашып жіберді. Екеуі шартпа-шұрт ұстаса кетті. Әзер ажыраттық. Содан кейін Қозыбақ кешікпейтін болды. Айдың жарығымен түннің бір уағына дейін жұмыс істейміз. Мұқағали біз демалғанда да демалмайды. Қолы қалт етсе, ақ қағазға бірдемелерді шимайлайды да жатады. Әкесі соғысқа аттанғанда, ол кезде Мұқағали он жаста, өлең шығарған.  
Бірде Есен атамның тайын 3-4 қасқыр қаумалап жеп жатқанының үстінен түстік. Торы тайдың жарты еті ғана қалыпты. Сонда Мұқағали: 
       Оған да керек сыбаға,  
       Бөрі азығы жолда ғой.  
       Бөрілік етпей тұра ма! – деген жыр жолдарын табан астында төгіп-төгіп жіберді. Мұқағали біреуге айтар уәжін өлеңмен білдіретін. 3-сыныпта бізді Қасым Жайылмасов деген мұғалім оқытты. Мұқағали өлеңдерін сол кісіге көрсететін. Ол кісі «Келешекте үлкен ақын боласың» деп мақтайтын.

Р/S: Иә, ұстазының тілегі мен сенімі орындалды. Бүгінде Мұқағали алты Алаштың аяулы ақынына айналды. Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенді. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жырларын оқығанда істеген, болашақта істейтін істеріңді саралап, бойыңды қуаныш кернеп, ойыңды таразыдан өткізесің. Біз оның жауһар жырларын оқып, ойға түюден еш жалықпақ емеспіз. Мұқағали жырлары жер бетінде соңғы қазақ қалғанша халқымен бірге мәңгі жасай бермек...

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар