(Алғы сөз ретінде айтылған автор лебізі)
Аудармашылық өнер – көркем әдебиеттегi бiр ғажайып әлем. Аудармашыға қойылатын талаптарды әркiм әрқалай белгiлейдi. Белгiлi аудармашы Әбен Сатыбалдиев: «…аудармашыға ауадай қажет нәрсе – нағыз энциклопедиялық жан-жақты бiлiм, жоғары мәдениет. Ол түпнұсқаның тiлiнде сөйлейтiн халықтың тарихынан, тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрпынан, сол дәуiрдегi қоғамдық қалыбынан мол хабардар болуға тиiс. Тiптi жалғыз сол халықтың ғана емес, жалпы адамзат тарихы мен мәдениетiне байланысты көп нәрселерден мағлұматсыз болмауы керек. Өйткенi ол әрбiр ойдың түпкi төркiнi қайдан шығып жатқанын бiлiп отырмаса, сөздiң арғы сырын жеткiзе алмайды»,– деп жазған-ды (Ә.Сатыбалдиев, «Рухани қазына». Алматы, «Жазушы», 1965. 82-бет).
Ал бұған қоса өлең аудармасының өзiндiк ерекшелiктерi тағы бар. Яғни ақынды ақын ғана аудара алады. Өлең дегеннiң не екенiн жақсы бiлгенiңiзбен, ақындық дарын, Тәңірі тарту еткен табиғи талантыңыз болмаса, қалам ұстап қанша әуреленгенмен, басқа тiлде жазылған өлеңдi өз дәрежесiндегi көркем туынды етiп тәржiмелеуге мүлдем қауқарсыз екенiңiздi сезесiз.
Көркем аударма – Пегастың жалына жармасқан ақындар үшiн өре жарыстыру, түпнұсқамен тайталасқа түсу, бәсекелесу. Әлбетте, аударманың ешқайсысы да түпнұсқадан артық болуы мүмкiн емес. Мұндай жағдайда ол аударма ретiнде қарауға келмейтiн жаңа нұсқа (вариация) есебiнде саналады. Ал аудармашының мiндетi түпнұсқаны басқа тiлде өз дәрежесiнде сөйлету болып табылады.
Немiс ақыны И.В.Гётенiң әйгiлi бiр өлеңiнiң тәржiмелерi жөнiнде әңгiме қозғау қызықты-ақ. Оның «Жолаушының түнгi жыры» аталатын бұл өлеңінiң түпнұсқасы мынадай:
«Uber allen gipteln
Ist Ruh
In allen Wipfeln
Spurest du.
Kaum einen Haush;
Die Yogelein schueigen im Walde.
Warte nur, balge
Ruheit du auch».
Өлеңнің құдіреттілігі қас қағым сәттегі бір көңілсіз көріністі суреттеу арқылы табиғатпен астасып жатқан адам ғұмырының философиялық мәніне үңілуінде жатқан шығар. Жол қажытқан түнгі жолаушының тағдыры бүкіл адамзаттың тіршілік сапарын бейнелейтін сияқтанады. Бұл өлең әлем халықтарының көптеген тілінде сөйледі. Өлеңдi орыс тіліне ақын Валерий Брюсов:
«На всех вершинах
Покой.
В листве, в долинах
Ни одной
Не дрогнет черты.
Птицы в молчании бора.
Подожди только
Скоро –
Уснешь и ты»,–
деп аударған.
И.В.Гётенің бұл өлеңі В.Брюсовтың ғана емес, басқа да бірқатар орыс ақындарының назарын өзіне аударды. Өлеңнiң орыс тiлiндегi тағы бiр тәржімесін келтiрейiк:
«Над высью горной
Тишь.
В листве, уж черной,
Не ощутишь
Ни дуновенья.
В чаще затих полет…
О, подожди!.. Мгновенье –
Тишь и тебя… возьмет».
Тәржiменiң ақы иесi – ақын Иннокентий Анненский. Ал орыстың келесi бiр ақыны Петр Якубович бұл өлеңдi тiкелей аудармаса да, оның мәтiнiн өзек етiп, басқа өлең тудырған. Осы өлеңнің формасы мен мазмұнын пайдаланып, пародия, эпиграмма жазған сатирик ақындар да кезікті. Орыс әдебиетiндегi мұндай тәжірибелердi (эксперименттердi) бiз, қазақ ақындары, өз шығармашылығымызда батыл пайдалануымызға болады.
Айтпақшы, И.В.Гётенiң бұл өлеңiн ұлы ақынымыз Абайдың қазақ тiлiне М.Ю.Лермонтов тәржiмесi бойынша аударғанын екiнің бiрi бiледi десек те жалған емес.
Есімі әлем әдебиетінің ұлы тұлғаларымен қатар қастерленетін М.Ю.Лермонтов немiс ақынын орыс тiлiнде:
«Горные вершины
Спят во тьме ночной;
Тихие долины
Полны свежей мглой;
Не пылит дорога,
Не дрожат листвы…
Подожди немного,
Отдохнешь и ты»,–
деп сөйлеткен болса, Абай оны:
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.Шаң шығармас жол дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ»,–
деп, қазақы қалыпқа түсiредi. Зерттеушiлердiң бiрқатары Абай аудармасының М.Ю.Лермонтовтың еркiн аудармасынан гөрi түпнұсқаға жақынырақ шыққанын талай рет сөз еттi. Осы әңгiме құлағына тисе керек (немесе Герольд Бельгер еңбектерiнiң бiрiнен оқуы да мүмкiн), белгiлi қазақстандық немiс қаламгерi Константин Эрлих маған Абайдың бұл өлеңдi М.Ю.Лермонтовтан оқығанмен, Қазақстанға жер аударылған немiс оқымыстыларының (атап айтқанда, Михаэлистiң) көмегiмен түпнұсқадан аударуы мүмкiн деген болжам айтқан болатын. Мен өз басым осы сөзге де құлақ асуға болады деп есептеймiн.
Осы өлеңге қатысты тағы да бiр қызықты жайтты еске сала кетсем бе деймiн.
И.В.Гётенiң «Жолаушының түнгi жыры» атты бұл өлеңi 1902 жылы немiс тiлiнен жапон тiлiне тәржiмеленедi. Оның аударма өлең екенiнен бейхабар бiр француз ақыны шығарманы жапон әдебиетiнiң туындысы деп есептеп, французшаға аударады. «Жолаушының түнгi жырын» француз тiлiнде оқыған ендi бiр немiс ақыны оны «Жапонның түнгi жыры» деген атпен өз тiлiне аударады. Бiрнеше рет «қайта туған» бұл өлең өзiнiң бастапқы қалпынан мүлдем өзгерiп кеткен. Егер қазақшалар болса, немiс тiлiндегi бұл соңғы нұсқа бiзге:
«Үй маңында қалқа бар,
Нефриттен салынған.
Шие ағашы жайқалар
Тыныштыққа малынған.
Сол ағашқа қар жапқан
Қонақтайды қарғалар.
Ай нұр төктi жан-жаққа,
Мен байғұспын зарланар»,–
деп жететiн көрiнедi («Ана тiлi» газетi, №3, сәуiрдiң 5-i, 1990).
И.В.Гётенiң бұл өлеңiн мен де түпнұсқадағы түрiн сақтай отырып қайта аудардым. Аударманың көркемдiк дәрежесi, өзге тәржiмелерге қарағанда түпнұсқадағы ойдың қаншалықты дәл, айшықты жеткiзiлгенi жөнiндегi сөздi оқырмандардың өзiне қалдырғанымыз жөн шығар.
Ұлы ақындар шығармашылығын араға уақыт салып, өз кезеңiнiң көзiмен қарап қайта аудару өркениеттi елдердiң әдеби үрдiсiнде бұрыннан бар. Бiз әлгiнде сөз еткен немiстiң ұлы ақыны И.В.Гётенiң бiр өлеңiн орыс тiлiне М.Ю.Лермонтовтың да, И.Ф.Анненскийдiң де, В.Я.Брюсовтың да жарыса аударуы соның жарқын бiр мысалы. Лермонтов ақын өлеңiн еркiн тәржiмелесе, Анненский мен Брюсов түпнұсқаға мейлiнше жақын, пiшiнi сақталған көркем аударма тудырады.
А.С.Пушкин поэзиясын қазақ тiлiне аударуға Абай, Iлияс, Қасым, Тайыр, Қуандық т.б. көптеген талантты ақындар ат салысқан. Ол аудармалардың денi өз кезеңiнде қазақ оқырмандарын ұлы ақын жырларымен таныстыруда лайықты қызмет атқарды. Ақынның «Сығандар» дастаны (1824 жылы жазылған) да ертеректе Тайыр Жароковтың еркiн аудармасымен бiрнеше рет жарияланғанынан қазақ жұртшылығы хабардар. Алайда ол аударма бүгiнгi өскелең ойлы оқырмандарымызды толық қанағаттандыра алмайтындығы түсiнiктi. Әдебиетiмiздiң өсу жолдарын еске алсақ, бiз Тайыр ақын аудармасын түгелдей мансұқ етуден аулақпыз. Бiрақ жаңа тәржiме жасау үстiнде В.Я.Брюсовтың аудармашылық шеберлiгiнен тәлiм алып, шығарманың мазмұны мен формасын түпнұсқаға мейлiнше жақындата түсудi мұрат еттiк. Яғни, әлем әдебиетiндегi ұлы тұлға – А.С.Пушкинмен қалам жарыстырып байқадық.
Осы секiлдi үрдiс Хорезмидiң «Махаббатнама» дастанын аудару үстiнде де басты назарымызда болды.
Хорезми-Рауанидың «Махаббатнама» атты дастаны – Сыр бойында дүниеге келген ортағасырлық әдеби мұра. Белгiлi қазақ ғалымы Рахманқұл Бердiбаев бұл шығарма жөнiнде: «Тiлдiк қоры, үйлесiмi, үлгiсi жағынан алып қарағанда «Махаббатнама» iлгерiде аталып өткен ескерткiш мұралардың («Құтадғу бiлiк», «Бабырнама», «Оғызнама» – Б.С.Қ.-Н.) көбiнен қазiргi қазақ тiлiне жақындау екенi күмәнсiз. Және мұнда аталатын кiсi аттары да (Жәнiбек, Мұхаммед Қожабек) Қазақстан тарихынан мәлiм»,– деп жазады «Жазба мұралар» атты зерттеуiнде. Десек те, «Махаббатнама» өзбек, түрiкмен, қазақ, ұйғыр секiлдi түркi халықтарының ортақ мұрасы екенi даусыз.
«Махаббатнама» қазақ тiлiнде ғалымдар А.Қыраубаева мен Ө.Күмiсбаев аудармалары арқылы екi мәрте жарияланды. Көне славян тiлiнде жазылған ескерткiштердi бүгiнгi оқырманның игiлiгiне жарату үшiн орыс ғалымдары мен ақындары аз еңбек етпейтiндiгi бiзге де үлгi болуға тиiс. Бiр ғана «Слово о полку Игореве» («Игорь жасағы туралы жыр») дастанын орыс тiлiне Д.С.Лихачев, В.А.Жуковский, И.Козлов, А.Н.Майков, И.А.Новиков, В.И.Стеблицкий, Н.А.Заболоцкий тәрiздi тарлан талант иелерi қайта-қайта аударғанының өзi қазақ қаламгерлерiне де ой салса ләзiм деп түйдiк.
Жинақта көне әдебиет үлгiлерiнен бастап, бүгiнгi әлем ақындарының шығармашылығы кеңiнен қамтылған. Сондай-ақ түркi халықтарының поэзиясындағы қазақ оқырманына белгiлi-белгiсiз есiмдердi де ұшырата аласыздар.
Қазақ оқырмандары көне түркi жазба ескерткiштерiмен күнi бүгiнге дейiн толық танысып үлгерген жоқ. Бiрлi-жарым маман ғалымдар болмаса, ол ескерткiштердiң мәтiнiне қарапайым қауымның тiсi бата бермейдi.
Хакасия мен Тува жерiнен табылған құлпытастардағы эпитафиялар мен Қытайдағы Тұрпан қаласынан ұшырасқан ежелгi түркi ақыны Апрынчур-тегiннiң ғашықтық жыры сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетi үшiн де жат емес. Қазақ тiлi көне түркi тiлiнiң заңды жалғасы болғандықтан бұл жәдiгерлiктер әдебиетiмiздiң бастауында тұрған шығармалардың санатынан тиiстi орын алуға хақылы.
Өлеңдердi орыстың белгiлi ақыны Анатолий Преловский түркiтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы И.В.Стеблеваның жолма-жол аудармасы бойынша көркем тәржiмелеген.
1993 жылы Мәскеудегi «Раритет» баспасынан жарық көрген «Поэзия древних тюрков VI–ХII веков» және 1995 жылы Красноярскiде басылып шыққан «Колчан сердечных стрел» атты жинақтарда орыс тiлiнде жарияланған тарихи мұраны қазақшаға аударып, халқымыздың рухани игiлiгiне жаратуды да парыз санадық.
Тегi тамырлас, тiлi мен дiлi бiр түркi халықтарының өлең өлкесiндегi мақсат-мұраттары мен арман-тiлектерi де ортақ. Араға ғасырлар салып қайта табысып отырған туысқан халықтардың парасатты поэзиясы бейне бiр көктемгi гүл шоғын көзге елестетердей. Түркi жырларының сезiм байлығы, өр рухы, терең философиясы төрткүл әлемге мәшһүр. Жүздеген жылдық тарихы бар бұл өнер Орхон-Енисейден табылған белгiлi құлпытастардағы жазулардан бастау алып, ХХI ғасырға дейiн жарасымды жалғасын тауып жатыр.
Жинаққа өзбек, қырғыз, түрік, қарақалпақ, саха, хакас, башқұрт, татар, ұйғыр тәрізді түркі халықтарының белгілі ақындарымен қатар, орыс, қытай, армян, ағылшын, шотланд, жапон, неміс, грузин, француз, тат, швед, перу, литван, пушту, еврей, итальян, португал, парсы, тәжік, венгер ақындарының таңдаулы туындыларының тәржімелері еніп отыр. Олардың бірқатары түпнұсқа тілден тәржімеленсе, бәзбіреулері орыс тіліндегі нұсқаларынан аударылды.
Қалай десек те, қазақтың марғасқа ақыны Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Барлық ақын – баласы бір ананың». Табиғаттың таңғажайып жарасымдылығы секілді олардың өлеңде керемет бір үйлесіммен үндесіп жататыны да таң қалдырады. Барлық ақынның анасы – Поэзия, пірі – Муза. Ал олардың нысанаға алған объектісі – Адам, Ғұмыр, Махаббат... Адамның бойында кездесетін қастерлі сезімдерді аялау, жүрекке ізгілік ұялату мұраттары ақындарды ғана емес, адамзат баласын одан әрмен бауырластыра түсетіндей.
Құрметті оқырман қауым, қадірлі жыр жанашырлары! Сонымен сіздердің қолдарыңызға менің ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденісімнің арқасында дүниеге келген антологиялық сипаттағы «Мен жазбаймын өлеңді...» атты аударма кітабым тиіп отыр. Қазақтың данышпан перзенттерінің бірі Қадыр Мырза Әли ағамыздың:
«Сұлулық деген қауымға
Аударма өлең келін ғой.
Келіндер
Түскен ауылға
Сүйкімсіз болса,
Өлім ғой!» –
дейтін сөзі де еске түседі. Дегенмен, атамыз қазақ айтпақшы, «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық». Ал беташар айтып, босағадан аттатуды өзіңіздің үлесіңізге қалдырғанды жөн көріп отырмын.
Байбота Серікбайұлы ҚОШЫМ-НОҒАЙ.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.