Көршіміз Беріктің анасы «сонау Қытайдан келіпті, ол кісі Қытайда маңызды жерде жұмыс істеген кісі екен...» деген сөздерді естіп, елегізіп тыныш отыра алмай, оның үстіне Қазақтың, алыстан ат терлетіп, жолаушылай келген адамға сәлем бере барып, хал сұрасып қайту дәстүрі бойынша жолдасымды ертіп менде бардым. Үй іші ығы-жығы адам. Көрнекі түс бере отырып көркемдеген шағын үйдің ішінде бала-шаға, үлкен адамдарымен қосылып үй іші лық толды. Беріктің келіншегі Жарқанай енесі келгенге қуанғаны сонша келген қонақтарды жылы жүзбен қарсы алып өкшесі жерге тимей жүгіріп жүр. Ортада үлкен үстелдің үстіне дастарханды жайнатып жайып тастапты.
Дастарханға бәріміз жайғасып, Жарқынайдың қаймақталған күрең шайын жайлана отырып ішкеннен кейін алыстан келген апамыздың маңдайы жіпсіп, дауыстары жарқын-жарқын шығып, әңгімені арғы беттің қал жағдайына бұра бастады. Ауылдың анау-мынау сыпсың өсегін айтып отырған келіншектер мен саясатты сапырып, желдей шалқып отырған диван батыр еркектер жағы үнсіз тыңдай қалды. Қанша айтқанмен әйел заты болғандықтан Қытайдың қаңсық, шұрым-пұрымынан аспаған әңгімелері әйелдер қауымының құлағына майдай жақты. Ерлер жағы ас қайырылмаған дастарханды тастап тұрып кетіп қалуға дәттері бармай, амалсыз бір-бірімізге қарап иекпен ымдасып қана отырмыз.
Тәте, Қазақстанға, әсіресе мына біздің шағын ауданға енді келіп түсе қалғандағы әсеріңізді айтыңызшы – деген, Қараторы, ұзын бойлы әдеміше келген, көрші Мақпузаның мәнері бөлек тосын сұрағы бәрімізді жалт қаратты. «туһ! дұрыс болы, жалқтырғыш бір сарынды әңгіменің арнасын бұратын болды ғой» дегендей ерлер жағы да құлақ түре қалды.
Артық әсерленетіндей ешнәрсе байқамадым, бәрібір жұмыр жердің беті ғой – деп өзінің кәсіби жолындағы қалыптасған дағдысымен кербездене жауап қатып, үстелде отырған бәрімізді сұсты көздерін төңкере қарап бір шолып өтті де; - бір байқағаным көшелеріңде шулаған бала мен шұбырған ит көп екен – деп жарасымсыз қышқыл әзілімен түйреп өтті. Бәріміз төбемізге кенеттен Берік көршіміздің үйінің төбесі төңкеріліп түскендей бір-бірімізге қарап аң-таң болдық та қалдық. Дастархан басында өзіне қиғаш жағынан қарама-қарсы отырған сұрақ қоюшы келіншегіне, Ердібек көршіміз көзін бір алайтып, ымдап еді әлгі келіншек етегіне жабысып кампит, пшінәй сұрап жүрген бірінен кейін бірін қатарластыра өмірге әкелген, Құдайдың сыйға берген сүйкімді қошақандарын жинап алды да, ақырын келесі бөлмеге өтіп кетті.
Бір жаратушының адам баласына сый және аманат ретінде бертін перзенттерін, біздің шағын ауданымыздағы жас жұбайларға төрттен, бестен тіптен оншақты етіп сыйға тартқаны шындық. Амандасып, хал жағдай сұрасуға келіп отырған келіншектердің дені көп балалы, алтын құрсақты аналар. Апамыз келіп отырған өз ұлының үйінде де бір-бірінен ажыратуға келмейтін төрт-бес бала шаңдатып жүр. Қойшыбаева көшесінен кез-келген көлікпен өткенде жылдамдықты адам жүрісінің қарқынына түсіріп, ақырын жүріп анық басып еппен өтеміз. Жол жөнекей өз тепкісін теуіп, шайтан дөңгелегін ойнатып шыққан балаларды көргенде аңдап басып, «Алла көптік етпесін!» деп сүйіне өтетініміз шындық.
Дастархан үстін жайлаған бір сәттік үнсіздіктен кейін, ендігі әңгіменің мән мағынасының болмайтынын сезінген, амандасып келуші көрші-қолаңдар, шала-шарпы беттерін сипап, ас қайырды да, үй иесіне рақыметін айтып, астың адалдығын, бастың амандығын тілеп орындарынан тұрып кетті. Біз жігіттер көшеге шығып тағы сол көшедегі шаңды аспанға атып, ойнақтап мәз-мейрам болып жүрген балаларға қарап күліп тұрмыз. Дастархандағы қалған тағамдарды сыпырып-сиырып, дорбаларына толтырып алып, күбірлей сөйлеп өтіп бара жатқан әйелдер ішінен біреуінің «апамызды түсінуге болады, Қытайда жоспарлы туыт мекемесінде ұзақ жыл істеген кісі екен» деген саңқылдай шыққан әңгімесін құлағымыз шалып қалды.
Мен жәй ғана аспандағы қалқып бара жатқан қаз бауыр бұлттарға қарап тұрып, «Е, жаратушым, пенделеріңнің күнәсін кешіре көр, өмірге келмей тұрып өліп кеткендерге шапағатшы бола көр...» деп ішімнен тіледім.
Қытай елінде тоқсаныншы жылдардан кейін өмірге келген әр отбасындағы төртінші баланың үлкен айппұлмен өмірге келгені есіме түсті. Әр әкімшіліктің жанынан құрылған жоспарлы туыт мекемесі деген бөлім болды. Сол бөлімшеде әкімшілік сайлаған оншақты әйел болады, ол әйелдер өзіне жүктелген ауылдағы әйелдердің қайсысы төртінші балаға жүкті болса соны анықтап әкімшілікке ақпарат жеткізеді, ал әкімшілік басқада заң атқарушы Қытай үкіметінің саясатын бұлжытпай орындаушы мекемелермен бірлесе отырып аз балалы болуды үгіттейді. Ал оны тыңдамаған жағдайда көлемді айппұл салады, төлей алмайтын болса іштегі баланы түсіріп тастауға заң бойынша мәжбүрлейді.
Бірақ сайқал үкіметтің кесірінен сан мыңдаған арыстарынан айырлып, боса көшіп, бір жұтым су, бір тістем нанға зар болып аштыққтан қырылып , жалған саяси айыптар тағылып тарымға айдалып, шөл даланы көгалдандыру үшін ауыр азапты еңбек істетіп, сәл бас көтергендерді бір тал қорғасынмен жөнге салып, қырып тастағаннан кейін жан басы әбден азайған, ат төбеліндей ғана қазақ халқы өмірге әлі келмеген періште сәбилерді ел-жұрт, туыс туған болып айыппұлды бөлісіп төлеп алып қалуға харекет жасады. Айыппұлды қанша қымбаттатса да болашақ ұрпақ үшін бірігіп амалын тауып жатқан халықты көрген Қытай үкіметі тәсілін өзгертті. Енді төртінші балаға жүкті әйелдер болса зорлықты түрде ауруханаға апарып бір тал ине салады. Осы инеден кейін жүкті әйел еріксіз толғатып уақытынан бұрын өлі нәрестені босанды. Кесірінен талай жас келіншектер денсаулығынан айырылды. Ал оған көнбесе отбасын әрең асырап отырған бір екі гектар жерін тартып алып, рұқсатсыз туылған нәрестеге туу туралы куәлік берілмейді. Бар мүлкінен айырылып, тірі бала шағасын аштан қалдырғысы келмеген халық, мемелекеттің дегеніне көніп жиі түсік жасатты. Осы іс әрекеттердің бәрінің басы қасында әлгі партия сайлаған, жүкті әйелдерді аңдушы жоспарлы туыт бөлімінің әйелдері жүрді. Осы әйелдерді көрген жұрт жан алғыш жәбрейілді көргендей тікірейе қарайтын болды. Іші шыға бастаған ауылдың жас келіндері демдерін шығарып, іштерін тартып тұра қалатындай жағдайға жетті. Жоспарлы туытшылар компартияларының заңмен бекітіп берген, сыйға лайықсыз бет-беделдерінің арқасында талайдың төріне шығып, асын ішіп аяғын қандап құнсыз билігін мейілінше пайдаланып жатты... сонымен қоса көптеген отбасында өмір есігін ашпай жатып өлім құшқандар көбейе бастады.
«Тоқсаныншы жылдарда басталып, отыз жылдан астам жалғасын тапқан осы кереңсіз саясат қаншама ғалым, ғұлама, даналарды өмірге келмей жатып о дүниеге аттандырды екен» деген өкінішті ой жүрекгімді қанжылатып тіліп өтті...
Ал мен өзіміздің Қойшыбаева көшесін ойын алаңына айландырып алып, талға мініп шауып жүрген сәбилерді көргенде сүйсіне қарап « Е, Аллам біздің Қазақ қоғамына өмірге келмей жатып о дүниелік болатын сәби қасіретін жібере көрме» деп дұға еттім де, осы көшенің балаларына арналған ойын алаңдарын салу туралы ұсыныс жасауға әкімдік аппаратына жол тарттым... Әрине, шұбырған ит туралы да ұсынысымды айтамын…
Қалымбекұлы Бекен
Көрнекі суретке Ван Гогтың “Жұлдызды түн” картинасы пайдаланылды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.