Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өңірлік мерзімдік басылымдардың алғашқы форумы...

25.01.2023 1499

Өңірлік мерзімдік басылымдардың алғашқы форумы 14+

Өңірлік мерзімдік басылымдардың алғашқы форумы - adebiportal.kz

Астана қаласында өңірлік басылымдардың алғашқы форумы өтуде. Бұл басқосуға еліміздің әр өңірінен 200-ден астам делегат келіп қатысты. Форумға қатысушылардың қатарында өңірлік басылым басшылары, бас редакторлар, журналистер, редакция қызметкерлері бар. Форум аясында түрлі сессиялар, мастер-класстар, тағылымды талқылар ұйымдастыру көзделген. Нақты айтар болсақ, өңірлік БАҚ-ты дамыту, журналистің ықпалы мен мәртебесі, газеттегі жарнама және монетизация әдістері, конвергенттік журналистика, газет тарату және жеткізу, баспа БАҚ-та балалар контентін қалыптастыру секілді 7 панельдік сессияда маңызды мәселелер талқыланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн», – деген еді. 

Газет таралымның азайып, басылымдардың жабылуы Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемді мазалап отырған өзекті мәселе. Мәселен, 2005 жылдан бері АҚШ-та 2 500-ден астам газет, ал Ұлыбританияда 265 газет жабылған. Көршілес Ресейде соңғы он жылдықта газеттер мен журналдардың саны 40% төмендеген.

Бүгін осы мәселелердің шешу жолдарын бірлесе қарастыру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз ойын былай ортаға салды:

«Біріншіден, біз журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяуда жұртшылық талқылауына шығарылды. Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз. Сонымен бірге Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға түзетулер әзірленуде. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Екіншіден, Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік.

Үшіншіден, аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері  2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген сенімдеміз. Төртіншіден, Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі.

Басылымдардың келбетін қалыптастыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар, фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бастап та кеттік. Өздеріңізге белгілі, Орталық Азия медиа форумына келген Пулитцер сыйлығының иегері, фотожурналист Лиу Шин журналистерге мастер-класс өткізді. Әйгілі фотографпен бірлескен жоба талқылануда. 

Сондай-ақ өңірлік газеттер-журнал қызметкерлерінің біліктілігін шыңдау мақсатында жақында ғана қайта құрылған «Қазақ газеттерінде» және «Қазконтентте» тәжірибе алмасу жобасы іске қосылады. Жыл бойы өңірлік баспа басылымдарының өкілдері «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» сияқты іргелі басылымдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. 

Бесіншіден, өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Осыны ескере отырып, өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.

Алтыншыдан, пост-шындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін, баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Осы орайда, онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң әзірленуде. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орайда басылымдарымыздың жарнама берушілермен жұмысты жүйелі жолға қойғаны абзал.

Жетіншіден, басылымдарды тарату төңірегінде түйіткілді түйіндер бар екенін білеміз. Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Бүгінгі жиынға «Қазпошта» өкілдері де қатысып отыр. Өздеріңізді мазалаған сауалдарға жауап аласыздар деген үміттеміз.

Осы орайда, Қызылордадағы «Сыр медиа» ЖШС-ның үлгісін ерекше атап өткім келеді. Серіктестік газет басу, тарату ісінде жүйелі жұмыс істеп отыр. Ол туралы «Сыр медиа» басшысы Аманжол Оңғарбев түске дейінгі сессияда кеңірек айтып берді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығы алынып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз.

Сегізіншіден, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі. Шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Тоғызыншы, өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті мұндай үрдіс 2017-2018 жылдары жүзеге асырылған еді. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығармашылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселелерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз.

Оныншы, шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс. 

Газет – тілдің өрісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көптеген жаңа терминдердің орнығуында газет журналистерінің еңбегі орасан. Газет тіл құнарлығын сақтап, оқу мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан интеллектуалды журналистиканы дамытуға мүдделіміз. Осы ретте бас басылымда еңбек еткен жылдардағы өзімнің жеке тәжірибемді бөлісе кеткім келеді. «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке келген кезде әріптестер назарына «8С»-дан тұратын стратегияны ұсынған едік.

Атап айтсақ:

1. Сапалы формат

2. Сауатты контент

3. Сенімді дерек

4. Сараптама

5. Сын (конструктивті)

6. Салиқалы сұхбат, сүйекті дүниелер

7. Сөйлейтін сурет

8. Сайт

Бұл стратегия өз нәтижесін берді деп ойлаймыз. Газет трансформацияланды, жаңа мазмұнда шыға бастады. Өйткені, сапалы да салмақты дүниелер әрдайым оқырман талғамына, уақыт талабына жауап берері анық».

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар