Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Оқысаңыз балалар......

12.02.2021 4904

Оқысаңыз балалар... 12+

Оқысаңыз балалар... - adebiportal.kz

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Иә, кітаптың адамзат өркениеті дамуындағы орны ерекше. Кітап басу ісі механикаландырылғаннан бастап, адамзат өркениеті дамуы да жылдамдық алғаны ақиқат. Осының нәтижесінде қазіргі ақпарат дәуіріне жетіп отырмыз. Кітаптың адамзат қоғамындағы орнын ерте түсінген еуропалықтар әлемгі әйгілі жазушылар Мигель де Сервантес пен Уильям Шекспирдің өмірден өткен күні 23 сәуірді Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні етіп белгілеп, мұны әлем халқы болып атап өтіп келе жатқанымызға да бір ғасырға жуықтған екен. Кітапсыз мына әлемді елестету қиын. Бірақ, кітап оқымайтын, кітап оқуды қажет деп санамайтын адамдар да бар ғой? Иә, мұндай адамдар бұрын да болған. Бірақ, дәл қазіргі күндегідей емес сияқты. Оның да өзіндік себебі бар...

Күні кешеге, кеше дегеніміздің өзі кейінгі оншақты жылдағы электронды баламалар мен гаджеттер өмірімізге дендеп ене бастағанға дейін қағаздан жасалған қалыңды-жұқалы кітаптың адамзат қоғамы өміріндегі орны мызғымастай еді. "Кітап - адамзаттың ең асыл досы" деген идея негізінде, хат танып сауатын ашқан кез келген адам баласы хал-қадерінше кітап оқуға тырысатын. Кітап оқу - зиялылықтың, адамшылдықтың нышаны тәрізді еді. Кеше солай болған. Бүгін дәл сол қалпы деп айтуға болмас, бірақ адамзат қоғамындағы кітаптың орны мен рөлі қазір де жоғары. Кез келген дәстүр жаңашылдыққа орын беріп, тарихтың шаңына көміледі немесе жасарып, жаңғырады десек, кітапқа қатысты технологиялар кешені де заманауи ғылым мен техниканың дамуына орай барынша қолайлы қалыпқа түсіп, автоматтандырылып, қарыштап дамығанын көреміз.

Арғы бастауын тас пен балшықтан алатын, одан кейін қағаздың алғашқы нұсқасы библиондарға жазылған ("библиотека" деген атаудың өзі осыдан шығып отырған жоқ па) икемді кітаптарға ұласқан, орта ғасырларда Гутенберг механикаландыруға қол жеткізген, кітап басып шығару үдерісінің өзі күні кешеге дейін ауыр азапты, ұзақ сонар машақатты болғанына тарих куә. Алматы қаласындағы "Кітап музейіне" бас сұққан адам болса, бұл тарихтан жақсы хабардар болары сөзсіз. Кітап басу ісі де заманға сай әбден өзгерді. Тіпті осыдан жиырмашақты жылдай бұрын ғана баспаханада аса дәу баспа станогі болғанын, осы станокте жұмыс істейтін «әріп теруші» деген құрметті мамандық иесі жұмыс істегенін қазіргі күні күллі жұмыс ырғағы технологиясын компьютердің пернетақтасы арқылы автоматты басқарылатын дәуірдің жас буыны біле ме екен? Кешегі заманда денсаулыққа өте зиянды қорғасын атты жұмсақ металдан құйылған, маймен араласқан салмақты әріптерді жекелей теріп, болашақ кітаптың құрылысын өрушілердің жанкешті еңбегін шығармашылық иелері де анық түсініп, лайықты бағалаған. Оларға шынайы ниеттен туған жырларын арнаған. Осындай өлеңдердің бірін мысалға алайықшы:

Он саусағың қара майға малынып,

Қорғасынға қалағанда жырымды;

Жылы ұшырар шырайлы сөз табылып,

Сырласындай болып кетсе бұрынғы..., -

деп қазақтың қарымды қаламгері Тәкен Әлмқұлов өзінің болашақ туындысын қалыптап шығаратын әріп теруші қызға деген шын ризашылығын өлең қылып өрген екен. Иә, ол замандарда сан түрлі өткелектен өтіп, өндіріске жолдама алған туындының оқырман қолына ендігі жерде сапалы әрі жылдам жетуіне баспахананың ең ауыр жұмысын иығына көтерген әріп терушілердің қосар үлесі зор еді.

Өзің туған ел-жұртыңа саналы,

Сен тоқыған қанша кітап тарады!

Өміріңнің шежіресі емес пе,

Жұрт ақтарған соның әрбір парағы.

Баспаханада теріліп басылған кітаптар сан түрлі формата түптеліп, қапталып, ондаған мың тиражбен түкпір-түкпірге, ел-елге үздіксіз тарап жататын. Ол заманда қазіргідей ақпарат көзі сан түрлі болмағандықтан да болар, кітапқа деген сұраныс сұмдық еді. ІлияС Есенберлиннің "Көшпенділер" романы сияқты сүбелі, сұранысты туындылардың тиражы ондаған емес, жүздеген мың санмен өрнектелген. Тек қазақ оқырмандары ғана емес, ХХ ғасырдағы дүниежүзі халқы, кітапты көп оқығандығы рас. Кейбір мемлекеттердегі кітап оқу қарқыны мен мөлшері қазіргі ғаламторлық дәуірде де еш төмендемеген екен. Бұл деген - таңданарлық құбылыс. Демек, қағазға басылған кітапты оқылмайды деп жоққа шығарудың ауылы әлі алыс деген сөз. Осы ретте бір айта кетерлігі: біздің халқымыздың кітапты құрметтеу, пайдалану, оны оқып пайдалану тарихы да тым алысқа кететінін біле жүргеніміз дұрыс болар. Орхон мен Енисей бойында тасқа қашалған, Талас бойында ағаш таяқшаларға жазылған жазбалардың түп иесі түркілердің бір бұтағы бізбіз ғой. Еуразияның кең атырабында алдындағы малымен көшіп-қонып, отырықшы мәдениетке ие жұрттарды бұлап-талаумен ғана айналысқан дейтін кербақан ұғым - біздің халқымызға тән емес.

Қазақпын, қаз мойны ойнақтаған
Ойда баққан бір өңкей қой бақпаған
Ер елдігім ешкімді жатсынбаған
Тереңдігім ешкімді бойлатпаған, -

деп ақын Кәкей Жаңжұңұлы жырлағанындай, біздің халқымыз бірөңкей қой соңында өмір өткізген дала көшпелісі емес. Түркілік мәдениет ғасырлар жүзінде исламдық мәдениетке орын босатып бергенімен, түпсаналық ойлау жүйесі толық жойылған емес. Қазақ халқының исламдық аяда жинақтаған рухани мұрасы да ұшан теңіз емес пе? Қазақ қазақ болғалы кітапқа, білімге құштар халық екендігінің анық куәсі - сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басында-ақ қазақ даласында кітап оқу дәстүрі кеңінен өріс алып, оған үлкен сұраныс туындайды. Бұл сұранысты тап басып бағамдап, тиімді пайдаланған Қазандағы Кәрімовтер қатарлы әбжіл баспа үйлері қазақ оқырмандары үшін қажетті кітаптарды мың-мыңдап басып шығарып, Ұлы Даланың әр қиырына жөнелтіп отырған. Тіпті қазіргі тілмен айтқанда, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы сияқты кітап маклерлері де туып қалыптасқандығын көреміз.

"Ресейді коммунизм елесі кезіп жүр" дегізіп жүріп, 1917 жылы Ақпатша тақтан тайдырылып, одан соң біраз уақыт өткенде Қазан төңкерісі жасалып, нәтижесінде билікті қолға алған коммунистердің көсемі В.И.Ленин «Кітап – орасан күш» деп жариялағаны белгілі. Елдегі идеолгиялық ахуалды толық уысына ұстау үшін кітаптың маңызын анық түсінген коммунистер көсемі кітап оқуға аса мән беріп, ол туралы көптеген қаулы-қарарлар жариялағанын білеміз. Осы үрдістің инерциясы болар, күні кеше дейін өзін зиялымын деп санайтын адамның үйінде "пролетариаттың ұлы көсемі" Ленин шығармаларының 55 томдық толық жинағы тұруы – тиісті де қалыпты жағдай болатын. Коммунистік қоғамда «Кітапты Ильичше оқу» деген ұғым культтік деңгейге көтерілген еді. «Күн көсемнің» өмірлік жары, кеңестік көрнекті педагог Надежда Крупскаяның кітап туралы сөздерін қаншама буын ұрпақ жадында тоқып өскен жоқ па: «Кітап – еңбек құралы. Бірақ кітап тек еңбектің ғана құралы емес. Ол адамдарды өзге адамдардың өмірімен, күресімен таныстырады, олардың сезімдерін, ойларын, талап-талпыныстарын түсінуге мүмкіндік береді. Ол айналадағыны салыстыруға, байыбына баруға және оны қайта өзгертуге мүмкіндік береді», - деген айтылымда қате бар ма? Біздіңше, еш қателік жоқ. Кітап - қашан да гуманистік тәрбие берудің басты қайнар көзі ретінде қала берері сөзсіз. Коммунистік кезеңде әдеби шығармалардың таптық сипаты қатты ескерілгені, жат деп табылған идеяларға мүлде дерлік орын болмағаны, қудаланғаны белгілі. Бұл енді – коммунистік қоғамның белгіленіп қойылған біржақты сақтығы еді. Бірақ, қалай айтсақ та, сол дәуірдің адамдары жан-жақты білімді, гуманизмге барынша жуық болғаны ақиқат. «Кешегі дәуірдің адамдары көп оқығанымен, ол өмірге аса қажетті білім емес. Олардың оқығандары бүгінгі күн үшін тіпті де қызықсыз», - дейтін уәж де айтылар, мүмкін. Иә, мұны да жоққа шығара алмаймыз. Алайда, әлемдік классика – қашан да әлемдік классика ғой. Кітап оқуды дәстүрге айнадырған кешегі дәуірдің адамдары тек қана социалистік реализм бағытындағы отандық, коммунистік лагерь елдері жазушыларының әдеби өнімдерді ғана оқыған жоқ қой. Әлем әдебиеті классиктері туындыларын да жеткілікті деңгейде оқыды. Бұл дәстүр қазір де жалғасын табуда. Кеңестік дәуірдегідей, жаппай оқымаса да, жұрт кітап оқиды.

Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік жолына түскен алғашқы жылдары расымен де қиын болған еді. Экономикалық қиындыққа тап болған халықтың басым бөлігінің кітап оқуға мұршасы да, мүмкіндігі де болмаған кезде, қаншама жүздеген кітапхана жабылып, ондағы қажетті-қажетсіз миллиондаған дана кітаптар отынға тамызық болған заман еді, ол. Кітаптың анық досы, адал оқырмандар қатары дәл осы тұста сиреді. Көптен бері қалыптасып үлгерген кітап жинау, оқудың ізгі дәстүрі де үзілуге шақ қалған кезең. Сол кезеңнің салмақты салдары әлі күнге білініп келе жатқаны жасырын емес. Кітап оқудың бұрынғы алтын дәуірін қайта оралту мүмкін емес. Бірақ адамзат баласы кітаптан ешқашан қол үзбейтіндігі де ақиқат. Әлемнің әр түкпірінде күні бүгінге дейін кітапты көп оқитын мемлекеттер бар. Бір кездегідей, біздер де болашақ та сол қатарға қайтадан қосылуға тиіспіз. Біздің халқымыздың ынтасы мен жігері, байырғы дәстүрі бұған толық негіз бола алады.

Кітап туралы жоғарыдағы ойымызға тұздық, ертеңге деген сенімімізге серпін болатын бір жаңалықты қосып айта кеткен дұрыс болар. Жуықта ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» тақырыбында онлайн брифинг өткен болатын. Аталған брифингте ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялағанын атап өткенін зор лепе деп білген жөн. Яғни, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өтетін іс-шаралар республиканың барлық өңірін қамтитын болады. «Су басынан тұнады» дейтін мәтел бар. Бас дегеніміз – бастау. Олай болса, адамзат өмірінің бастауы – бала ғой. Кітап оқудың ізгі дәстүрін осы тұма бастаудан бастап қалыптастыру да дұрыс болар, ендеше. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы құтты болсын!

Көрнекі суреттер ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар