Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Оразкүл Асанғазының "Отбасы берекесі" кітабы жарық...

27.02.2025 1548

Оразкүл Асанғазының "Отбасы берекесі" кітабы жарыққа шықты 12+

Оразкүл Асанғазының "Отбасы берекесі" кітабы жарыққа шықты - adebiportal.kz

2025 жылдың 25 ақпаны күні Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Оразкүл Асанғазының "Отбасы берекесі" атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл шара кітапхананың мәдени-әдеби іс-шаралары аясында ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ғалымдар, студенттер мен кітапсүйер қауым өкілдері қатысты. Оразкүл Асанғазы – қоғамдық және саяси қайраткерлігімен танылған, педагогика саласында елеулі із қалдырған тұлға. Автор жаңа туындысы отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәрбие мен қоғамдағы береке-бірлік тақырыптарын қамтып, қазіргі замандағы отбасы институтының маңыздылығын ашып көрсетіп береді. Кітапта дәстүрлі және заманауи тәрбие әдістерінің үйлесіміне ерекше мән берілген. Сондықтан да кітап жастар мен отбасы тақырыбына қызығушылар үшін құнды еңбек  болары  сөзсіз.

Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар арасында кітаптың маңызы мен отбасы құндылықтарының қоғамдағы рөлі туралы қызу пікірталас өрбіді. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Әділ Ахметов өз сөзінде былай деді: 

«Бұл кітап, ең алдымен жастарға қажет. Әсіресе отау құрған жігіттер мен тұрмысқа шыққан қыздар, жаңа өмір баспалдағын бастаған жастар үшін таптырмайтын еңбек. Оразкүл Асанғазы әйелдердің отбасындағы рөлін, ене мен келін болудың мәнін тәптіштеп, өте әдемі жазған. Автордың жастарға ренішті көңілмен жазатын тұсын кездестіресің. Өйткені ол өз тәжірибесінен, өмір жолынан мысалдар келтіре отырып, қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қазіргі заманда қандай мутацияға ұшырап бара жатқанына өкініш білдіреді. Кітапта күйеуге, балаға деген құрметтің қандай болатыны, ажырасудың себептері мен оны болдырмау жолдары керемет талданған. Мен бір демде оқыдым, риза болдым».

Мемлекет және қоғам қайраткері Серік Ахимбеков кітаптың ерекшелігіне тоқталды: 

«Оразкүлдің «Отбасы берекесі» – өмірдің терең тынысынан туған, руханияттың шырағын жаққан еңбек. Ол – қатардағы мұғалімнен бастап, білімнің баспалдағымен өрлеп, саяси-әкімшілік қызметтің шыңына жеткен, сөйте тұра әр қадамын еңбегімен өрген сирек тұлға. Аудан мен облысты басқарып, Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезінде де ол отбасының отын өшірмеді, қайта оны қоғамдық қызметпен ұштастырып, ұлтқа үлгі болды. Бұл кітапта оның екі әлемді: қызмет пен шаңырақты тең ұстаған даналығы жатыр. Қазіргі қоғамда отбасы құндылықтары әлсіреп, советтік идеологиядан кейін рухани бос кеңістік пайда болғанда, Оразкүлдің тәжірибесі жастарға жол сілтейді. Кітаптың әр тақырыбы – өмір мектебінің бір белесі, әр сөзі – ұлттың берекесін нығайтуға арналған асыл мұра. Оразкүлдің өмірлік тәжірибесінен туған бұл еңбек осы олқылықтарды толтыруға бағытталған үлкен мектептің бір белесі сияқты».

Мемлекет және саяси қайраткер Светлана Жалмағамбетова  кітаптан алған өз әсерін былай бөлісті: 

«Оразкүлдің «Отбасы берекесі» кітабы – оның өмірлік жолы мен халыққа деген ықыласының жемісі. Мен онымен жарты ғасырға жуық дос болдым, Ленинградта бірге оқыдық, өмірдің қиындығы мен қуанышын бөлістік. Ол – қазақтың қайраткер, батыл қызы, менің әріптесім. Бұл кітапта ол жастарға жар таңдаудың мәнін, ажырасудың себептерін және отбасы берекесін сақтаудың жолдарын керемет талдайды. Ол зейнеткерлікке шықса да, әрқашан теледидардан сөйлеп, кездесулер өткізіп, құндылықтарды таратудан шаршамайды. Мен оның әр сөзінен елге деген махаббатты, жастарға деген үмітті көрдім. Кітапта Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің ұлағатты ойларымен бірге Оразкүлдің қоғамдық тәжірибесі тоғысады. Бұл туынды – ұлттың құндылығын отбасы арқылы нығайтуға бағытталған өмір мектебінің бір парағы іспетті еңбек».

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов бұл кітапты рухани байлықтың көзі деп атап өтті:

«Оразкүл Асанғазының отбасы институтына арнаған кітабы – мемлекеттік идеологияның маңызды тармағы іспетті. Конфуцийдің: «Мемлекеттің гүлденуі, халықтың берекеге, байлыққа келуі үшін отбасы толыққанды болуы керек, жүрек қазынаға кенелуі, көңіл жайлануы қажет», - деген философиялық ойы осы кітапта баяндалған. Автор кітапты “Құранның” ұлы идеяларынан, пайғамбар хадистерінен, әл-Фарабиден, Абайдан, Бекасыл әулиеден, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би сияқты бабаларымыздың ғибраттарынан бастайды. Мысалы Абайдың: «Құдай-Тағала адамның жанын ірі жаратқан», - деген сөзін алып келеді де, ананың құрсағынан бастап жүрек тәрбиесі, орта тәрбиесі, халықтық тәрбие керектігін айтады. Бұл кітапта педагогика, психология, физиология, философия мол қамтылған. Автор өзінің мұғалімдік тәжірибесінен, өмірлік мысалдарынан бастап, ғылымның жетістіктерін – генетика, психосоматика заңдылықтарын қосады. Мысалы, «жатыр тазалығы» деген ұғымды тектік ақпаратпен байланыстырып, жеті атаға дейін қыз алмаудың маңызын дәлелдейді. “Құрсақ шашу” дәстүрін құрсақтағы нәрестеге тәрбие беру деп түсіндіреді. Бұл – рухани байлықтың, жүректің қазынаға кенелуінің жолы».

Кітап авторы Оразкүл Асанғазы өз сөзінде оқырмандары мен әріптес, пікірлестеріне шығарманың жазылу мақсатын былайша түсіндірді:

«Менің алдыма қойған мақсатым – қазақтың әр шаңырағына пайда тисе екен деген ой. Кітапты Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің сөздерінен бастадым, өйткені ұлттық тәрбиенің негізгі ұстыны осы ұлы ойшылдардың ой танымында жатыр. Отбасы – шағын мемлекет, әр отағасы – сол үйдің президенті, әкімі. Әр үйдің берекесі мемлекеттің мықтылығына әкеледі. Біз Кеңес Одағында жан тәрбиесінен айырылып қалдық, психологиялық пәндер зерттелмеді, тек материалдық құндылықтарға басымдық берілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін де мектептен музыканы, суретті, еңбекті алып тастадық, балаларды тәрбиелеудің орнына оларды тек біліммен қымтадық. Сондықтан қазір ажырасу көбейді, отбасында береке жоғалды. Мен қызметте жүргенде де осыны түзетуге тырыстым: Сарыағашта ат спорты мектебін аштым, Астанада «Жігіттің сұлтаны» жарысын өткіздім, жастардың рухын көтердім. Бұл кітапта әр отбасының берекесін сақтау жолдары, ер мен әйелдің бір-біріне деген құрметі, балаларға айтылатын жақсы сөздің маңызы жазылды. Отбасы махаббаттан басталады, бірақ оны сақтау – үлкен еңбек. Мен жастарға соны жеткізгім келді».

Тұсаукесерді белгілі әдебиеттанушылар мен қоғам қайраткерлерінің құттықтау сөздері толықтырды. Кітаптың алғашқы даналары шара соңында оқырмандарға таратылып, қолтаңба қалдыру рәсімімен аяқталды. Ұлттық академиялық кітапхана осы шара арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттаудағы рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді. "Отбасы берекесі" тек әдеби оқиға ғана емес, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған рухани шара ретінде есте қалды. Кітаптың электронды нұсқасы жақын арада қалың көпшілкке қолжетімді болады деп айтылды, бұл оның кең аудиторияға таралуына мүмкіндік береді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар