Кеше ӨzgeEpic кеңістігі мен Qalamger Portaly бірлесіп ұйымдастырған ӨzgeAdebiet stand up сериясының алғашқы кездесуіне бардық. Білмейтіндер үшін айта кетейік, “ӨzgeEpic” creativ hup үш қабатты ғимараты Бейбарыс Сұлтан 12А мекен-жайында орналасқан.
“ӨzgeEpic” орталығының іші ұнады, өзгеше ойлайтындардың, өзгеріс ала келуге құштар адамдардың қолтаңбасы көрінеді екен.
Мұнда баспалардан шығатын кітаптар да, этностильдегі киімнен бастап ұлттық қолөнер бұйымдарының шеберханасы да, тіпті театр әлемі де бар екен.
Бір бұрышта ақын Фариза Оңғарсынованың жеке үстелі тұрғаны да көзді қуантады.
ÖzgeAdebiet stand up - еркін әңгіме алаңы
Бақытбек Қадыр айтпақшы, “ӨzgeEpic” орталығын “Өзгеріс” деп оқып жүргеннің бірі біз едік, оның оқылуы да, мәні де басқа екенін осы жерге келіп білдік. Танымал ақын, жаңашылдыққа құштар адам Мақпал Жұмабай ӨzgeAdebiet stand up атты эксперименталды жобасының мақсатын аз-кем айтып өтті.
Оның айтуынша, жастар аудиториясына интеллектуал контент ұсыну мақсатынан туған ӨzgeEpic ізденісі аудитория тарапынан қолдау тауып, көрермені көбейіп келеді.
Енді диктофоннан жазып алғанымызға кезек берсек: «Астананың әдеби келбетіне үңілсек, Әбіш, Фариза, Ақселеу сынды алыптар көрінері анық. Сол алыптар тыныстаған әдеби Астанамызға бір мамыражай мейрам сыйлағымыз келді.
Стендап жанры мен әдебиетті үндестіру арқылы жас жазушыларымыз бен әдебиетіміздің беймәлім мүмкіндіктерін, заманға бейімделгіштігін, өміршеңдігін көрсетсек дейміз» деп қаламгер резиденттерді ортаға шақырды.
Ұларбек Нұрғалымұлы бастаған Бақытбек Қадыр, Есбол Нурахмет замандастарымыз ортаға шығып қызықты әңгімелерін айтты.
Айына бір рет
Ақын Айжан Табаракқызының айтуынша, ӨzgeAdebiet stand up айына бір рет өтеді деп жоспарланып отыр.
- «Резиденттердің барлығы ақын-жазушылар болады. Бірінші рет шағын аудиториямен өткізіп көргіміз келді. Арнайы, аға буыннан қонақтар шақырылмады. Қаламгерлерге бағыт-бағдар да берген жоқпыз, келесіде бір бағыт береміз деп ойлаймыз. Qalamger әдеби порталы мен ӨzgeEpic кеңістігі бірнеше жобалар жоспарлап отырмыз. Соның біреуі тұрақты өтетін әдеби stand up және «69 минут» деген аға буын қаламгерлермен сұхбат бар, оның да форматы басқа, сосын «Поэзия» кештері ұйымдастырылады. Мүмкін, тұрақты оқырмандар, көрермендер пайда болғанда жобаларды монетизациялап, ақын-жазушыларға гонорар беруді де ойластырармыз, - дейді Айжан Табаракқызы.
ӨzgeEpic кеңістігіндегі кереметтер
Ер-тоқым мен үзеңгінің нешетүрі ілінген Ат әбзелдері залы ерекше екен.
Әсіресе, қолөнер бұйымдарына галереясына кірсең шыққысыз.
Бұйымдардың бәрі қолдан, таза табиғи теріден, жүннен жасалған. Сұрап білгенімізде – иесі ата-баба өнерін жаңа стильде жеткізу бағытында жұмыс істеп жатқан отбасы екен.
Осы шеберхана иесі Болатбек Бейісбектің айтуынша, «Алтын орда» көркемсурет галереясының бастауы 1998 жылдан басталған.
Бейісбеков Болатбек Бектасұлы мен Айдарбекова Күләш Өсерқызы екеуі тоқырау жылдарында да осы өнерді тастамай, жалғастыру арқасында осы дәрежеге жеткен.
«Ата-баба қанымен арғы атамыз Бейісбектен келген өнер. Алты баланың бесеуі ата-ананың жолын қуған, немерелер де айналысып келеді» деп әңгімесін бастаған шебер кей жұмыстарына тоқталып өтті.
Әкеге құрмет ретінде жасалған жұмысты суретші «әкенің орны бөлек» деген әнді тыңдағаннан ейін шабыттанып жасаған екен. «Ата-бабамыз табиғатпен тығыз байланыста болған. Төрт түлікпен айналысып, өнім алған халықпыз. Мына жерде де ағаш, жүн, тері, өзіміздің саз балшықтан жасалған ата-баба образы берілген. Бұл жерде киіз басу өнері, ешкінің үстіндегі жібек сияқты жабын көрінеді, құрақ өнерінің құрала берсін деген мағынасы да зор», - дейді ол.
Қолөнершінің «Кластастар» атты жұмысы Алматыда Ә. Қастеев мұражайында Америка, Венгрия, Түркиядан киіз өнерінің шеберлері шақырылған киіз өнеріне арналған фестивальде екі сағатта жасалыпты. Бұл жұмыста да төрт түлік малдың жүні, терісі, жергілікті жердің топырағы мен ағашы пайдаланылған.
«Жыл мезгілі» киіз коллекциясына келсек, шебер бұл жайында да кеңірек түсіндіреді: «ертеде ою-өрнектер оқылған, қыстың түр-түсін шыршасымен беріп, беліне дейін қасқырдың ізін бергеніміз – ашаршылық жылдарында бір аңшы бір ауылды аман алып қалған.
«Көктем» үлгісінде қызғалдақ пен қарлығаш бейнесі бар. «Жаз» үлгісінде жаздағы шөп шабу, дастархан, оның астында ою болып тұрған жігіттер бейнесі көрінеді.
Әр мезгілдің өз аяқ киімі бар, барлығы таза өнімнен жасалған. Өкшені ойлап тапқан, малдың терісімен қабаттап жасаған, ата-бабаның шеберлігін, табиғатпен етенелігін көрсеттік», - дейді шебер.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.