Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Параллельдегі» перфекционизм...

14.03.2023 2054

«Параллельдегі» перфекционизм 14+

«Параллельдегі» перфекционизм - adebiportal.kz

Махаббат тақырыбында көркем дүние оқымағалы біраз болыпты. Махаббатты психологиялық тұрғыда бүге-шігесіне дейін шашып тастап, жіліктеп, талдап, сараптап тастауды үйренгелі бұл тақырыптағы дүниелер қызықсыз боп қалғандай көріне беруші еді. Мені таңқалдыратын не жазыла қойды дейсің деген астамшылдық та жоқ емес. Жаттанды сюжеттер, күнде көріп жүрген әдеткі хикаялар... Іш пыстырарлық қайталау. Жай ғана өмір ғой деп түрлі қиындықты Құдайға, өмірге, тағдырға сілтей салатын томаға тұйық мінезге дағдыланғаным сонша, тосын дүние бола қояр демеп ем.

Бүгін оқығаным – жас жазушы Әлішер Рахаттың «Параллелі» реализмге құрылған екен. Қазіргі қоғамның бетпердесін сыпырып алған өмір туралы деректі фильм дерсіз. Бірден ұнаттым. Психологиялық астары ауырлау. Жалпы көркем шығарманы тағдырлы адам жазса ғана оның арқалаған жүгі ақталады дегенге сенем. «Параллель» өзін ақтап та, көтерген жүгін діттеген жеріне жеткізе де алатын шығарма. 

Әкесі бар баланың артында асқар тау бар. Ол қателік жасаса, құласа, сүрінсе, артында таудай әке бар. Ақтайды, мақтайды, басына көтереді, еркелетеді, еміренеді, ақылын айтады, кеңесін береді, сүрінсе қол ұшын созады, құласа қолдап, қолпаштайды, аяғынан тік тұрғанша қасынан кетпейді – мұның бәрі әр адамның өмірінде болуға тиісті эмоционалды интеллектіні қалыптастыратын сезімдер. Яғни, әкеден ұрпаққа рухани күш беріледі. Әкесі бар адам сенімді, қарымды, прагматик келеді. Жалпы ол қоғамға еркін әрі сенімді тұлға болып кіреді. Оның алғаны зор болған сайын, берер үлесі ұлғая береді. Қолда барын сарқып беруге бейімдік бақытты адамның жасайтын тағдыры екенін ұмытпайық. Ондай ұл санаспайды. Көп сараптауға уақыт ұтқызбайды. Шешімтал, мақсатшыл. Ол Құдайға сенеді, тек жақсылыққа ұмтылады. Қолында игілік жасататын пульті бардай. Көңілі тоқ адамның қолымен жасалатын жақсылық – адам тағдырының ең бақытты белеске жетуінің көрінісі. Ондай саналы азамат қоғамның барометріне айналады. Оған елдің бәрі мұқтаж. Ол үнемі айналасының түйткілін шешіп беретін адал әрі әділетті жан. Бәлкім, жақсы әкенің қоғамда асқар тауға теңелуі де тегіннен болмаған шығар.

Ал әкесіз баланың ту сыртында аңызақ жел соғып тұрады. Кейде ол бітпес дауылға ұласады. Жалғыздық дейтін апанға қамайды. Жасық, жалтақ, бір шешімге келу үшін сан толғанып, ақыры шешімге келмейтін сынық мінезге бейім келеді... Сонысына қарамастан өте сезімтал... Ешкімге сыр алдырмайтын сақтығы, әрдайым дүниені уысында ұстағысы келетін манипулятор мінезге бейімдігі бар. Психологияда манипулятор – ең бақытсыз адамның сипаты. Өйткені, ол жағдайды, айналасын уыста ұстап үйреніп қалған. Сәл босаңсыса, еркінсісе, бәрі құлайды, құлдырайды, жоққа тән деп есептей бер деген желеумен өмір сүреді. Процесті еркіне қойғанда адам бақыттың дәмін татуы тиіс. Өзін де, өзгені де Құдайға тапсыру деген бар. Бұл ақиқат махаббаттың формуласы. Ал, басты кейіпкер бәрін уысында ұстауға тырыса беретіні байқалады. Оның басындағы ауыр хәл бала күнгі жан жарасын емдейтін рухани дәру іздеуден басталған ұзақ саяхатқа ұласады. Аналық мейірімге зәрулігі есейе келе қызқұмарлыққа айналуы да сол дер кезінде бөлінбеген уақыт, мейірім, көңілді толтыруға талпынған жан дертінің салдары болар. Соны көретін көз болса, сезетін жүрек болса... Әкесіз өскен ұл өзін үнемі кем сезінеді. Бәрі бар. Бірақ көңілі аш. Соны ел-жұрт, дос-жаран, әсіресе қыз баласы сезбесе дейді. Жаны жаралы болса-дағы үнемі төрт құбыласы түгел адамның рөлін ойнап жүреді. Сол рөлден қатты шаршаған, әбден зәрезап болған кейіпкерді көресіз. Өзгенің бүтіндігін көрген сайын «мен неге сондай емеспін» деген ойдың түнегіне түсіп кете береді... Оның жүрек түкпіріне бүтін бақыттың дәмін сезінгісі келетін арман ұялағанын байқайсыз. Әке мен ананың ұрпағына тең дәрежеде махаббатын беруі қаншалықты маңызды екенін сезіндіреді. Сынық қанатпен өмір сүрудің қиындығын мойындатады.

Жалпы алғанда қоғамдағы ащы шындық боямасыз анық баяндалған. Махаббаттың мәнін келтіру де, кетіру де адамның өз қолында. Өзімшілдік қаншалықты өрістесе, соншалықты манипуляция асқына беретінін көрсеткендей. «Параллельде» сипатталған махаббат хикаясы оқырманын ішкі дүниесіне үңілтеді. Өз өміріндегі ақиқат пен шындықты іздетеді. Тағдырды адам өз қолымен жасауы тиіс дегенді ұғындыратын сәттерді бастан кешеді.

Романда тосын сипаттаулар баршылық. Мәңгіліктің кіреберісі, белгісіздік аймағы сынды теңеулерді кездестіріп, ойға қаласың. Жазушының тілі модернизацияланған. Соны ізденіс бар. Дегенмен, оқырманды өзіне баурап алатын шынайылығы басым. Он сегізден кейін баланы еркіне қоймайтынымыз, қас-қабаққа байлап қоятын әдетіміз, ғашықтар арасындағы айтылуға тиіс әңгімеде шындықтан гөрі үнсіздіктің көп болатыны, жастардың ауызша некелесе беретіні, стереотиптерге бейімдігі, ата-ананың шектен тыс жұбайлар өміріне араласуы, қиындатуы – бәрі де өмір шындығы. 

Ішкі арпалыс – кейіпкердің шешім қабылдай алмай арпалысуы ағынмен ағатын өлі балықты елестетті. Реактив өмір. Мұны жастар жақсы түсінеді. Бүгінгінің жастары оқыған, көзі ашық, көңілі ояу, ізденгіш, прагматизмге қоса реализмді жақсы қабылдайтын саналы жандар. Реактив адамдар ел қатарлы болуды ғана көздейтінін де біледі. Ел не дейдімен өмір сүргісі келмейді. Мұндайдан аспау – өзін жоғалту, өз менінен бас тарту екенін де түсінеді. Дегенмен, арасында проактивті адамдар бар дегенді де ойламайтындар болады екен. Кейіпкердің махаббат машақаты да өзінің ішкі түйткілінен арыла алмауынан басталған. Үнемі күдіктену, күйзелу, үрейлену, сенімсіздік ақыры өз дегенін істеп тынады. Сыртынан еркін, ішінде шырмалған шырмауық. Теодор Драйзердің «Америкалық трагедиясын» еске салады.

Н.Г.Чернышевский айтпақшы, жас жазушы «адам жанының диалектикасын» ашуға талпынғаны көрініп тұр. Әдебиеттанушы Айнұр Ахметова осы роман жайлы былай деп пікір білдірген екен: «Параллель» – махаббат туралы жақсы роман, нағыз әдебиет нарығына лайықталып жазылған шығарма. Автор өзінің көкейіндегі әрі оқырманға да қажетті, өтімді тақырыпты жазып, кітабы жақсы сатылып жатыр. Әлеуметтік желіден мұны жақсы байқап жатырмыз. Бұл бұқаралық әдебиеттің санатына да жатпайды. Қай жағынан алып қарағанда да сапасы жоғары шығарма». Жалпы жас оқырман бұл шығармадан өзін іздейді. Көбісі тауып та жатыр. Себебі, басынан кешіп жатқан оқиғалар ұқсас болуы әбден мүмкін. Роман бүгінгі өмірді сипаттайтындықтан жастар кейіпкердің бойынан өзін көретіні ақиқат. Әрі бүгінгі өмірдің кереғар ұғымдарын саралай алады. Өмірдің мәні неде, махаббаттың тұғыры не деген сауалдарды қарастырады. Шоқанға бірде жаның ашиды, бірде жының ұстайды. Бейжай қалдырмайтын кейіпкер. Бірақ оқырманды өзінен алыстатпайды, дегенмен жақындатпайды да. Перфекционист қалпын бұзбайды. 

Жалпы шығармашыл жандарға перфекционизм тән болып келеді. Олар шығармасында бұрын-соңды болмаған, ешкім оқымаған тың сюжеттерді көрсетуге талпынады. Бірақ кейде асыра сілтеуге жол береді. Мысалы, атақты америкалық жазушы Элизабет Гилберт өзінің «Үлкен сиқыр» кітабында: «Меніңше, перфекционизм деген – қорқыныш. Тысы сәнді, зиялы көрінгенмен, бірақ ол бәрібір қорқынышты. Перфекционизмнің әдемі сыртқы қалыбының астарында терең экзистенциалды үрей жатыр. «Мен лайықты емеспін. Ешқашан лайықты болмаймын» деген үрей», - дегені бар. Кемелдікке ұмтылу мен оған жету – екі бөлек дүние. Бұл романда сол «лайық еместердің» жан дертін бүркемелемей, ашық көрсетуімен автор ұтқан. Романның кейіпкері перфекционист болғанмен, авторы олай емес. Сонысы қуантады. 

«Роман басындағы Шоқан мен соңындағы Шоқанның ойы бір нәрсеге тұрақтаған. Ол Аямен қосылу және онымен мәңгі бірге болу. Бірақ ол бұл өмірде мүмкін еместей. Ішкі рухани күйзелістен шыға алмай, бас кейіпкер реалды өмірді тәркі етіп, параллель әлемнің қақпасы ашылғанын күтіп ғұмыр өткізу жолын таңдайды. Өзгелерді «бақытты» ету арқылы өзін бақытсыздыққа жегу қаншалықты дұрыс?» - депті Нұрлайым Батыр өз мақаласында. Кейіпкердің перфекционизмі осыған кеп тірелген. Бүгінгі заманның қаһармандарында бар болмысты, үрейді, қорқынышты, қайсарлық пен өзін құрбан ету жанкештілігін анық сипаттаған. Әкенің рөлі, ананың батасы – үлкен рөл ойнайтын патриархалды қоғамның әдебін реал өмірде қалай дамып жатқанын көрсеткен. Адам тағдыры үшін жаһандық мәні бар сакралды ұғымдардың бүгінде түп қасиетінен айнып, жастардың түсінігінде тек арқалауға тиісті ауыр жүк қалпында қалғанын тиянақтапты. 

Махаббатқа деген ілтипаттың түсініксіз қыр-сырлары бар. Ойы асқақ, ісі басқа. Мүлде басқа. Санасы титықтап, махаббатты іздесе де, оны ақтап алатын күш таппайды. Себебі, артында аңызақ жел. Өзін мықты сезінбейді. Тек ұпай түгенделсе болды дейді. Кейіпкер үшін өмір тек шахмат тақтасындай. Ақ пен қарадан ғана тұрады. Ол не ақты таңдай алмай, не қараға өте алмай көп жылайды. Ішкі арпалыс көңіл түкпіріндегі таңдауды жасатпағандай. Ол ағынмен аққан өлі балықтың күйіне қайта оралады. Ұлы бақытты қолдан жасау мүмкін емес деп шешеді. Қолда бар азға қанағат тұтады. Кейіпкердің қаншама бастан кешкен қиындығы ақталмағаны өкінішті.     

Шығарманың өн бойынан бүгіннің лебі есіп тұрады. Бүгінгі қазақтар мүлде басқа. Солармен бірге күлесіз, серуендейсіз, жылайсыз, сүйісесіз, күңіренесіз. Еркін, бірақ тұсаулы. Нобель алған Орхан Памуктың «Сезім музейін» еске салады. Қала көшелерін, сүйікті дәмханасын, күнде бас қосатын достардың асханасын келістіріп сипаттаған. Алматының сол көшесінде өзің жүріп келе жатқандайсың. Дәмханадағы терезенің алдында екеу болып еркелеп, ыстық кофені ішіп отырғандайсың.  

Дегенмен бас кейіпкерлердің ішкі бұлқынысы, жеме жемге келгенде үнсіздікке жұтылып кетуі, махаббатты өмірдің мәні емес, жастық шақтағы романтикалық сәт қана деп түсіндіргісі келген. Махаббат – бәрінің бастауы және ақыры. Соны кеш түсінетіндіктен өмірде өкініш көп болатынын көрсетіп тұр. Ойлы шығарма. 

Оқуға лайық шығарма. «Параллель» бүгінгі ойы еркін жазушылардың өсіп, қатарға қосылғанын көрсетеді. Әдебиетке жаңа лек келген екен. Әлішердің  пайымы бөлек, танымы басқа. Ол көркемдікке ұмтылмайды екен. Шындықты қалай бар, сол күйінше көрсетеді. Бүкпелемейді, жасырып, жасқамайды. Осынысы ұнады. Әлішерге респект. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар