Әдебиетшілер бұл тұжырым әлі де шешім таппаған, бәз біреудің ойы ғана деуі мүмкін. Десек те көзге оттай басылатын фактілерді қайда қоямыз? Менің көзқарақты оқырманға берейін деген мағұлматым – өзім естігендегі түйгенім ғана. Естіген құлақта жазық жоқ. Тарихтың дөңгелегі бір айналам дегенше қанша ұрпақ ауысып үлгерді. Сан мыңдаған ақын, жазушы дүние есігін ашты. Ашты да, төмпешікке айналды. Кірсең тек өліп қана шығуға болатын өмірдің заңы сол. Төменде көрсететін фактілер қос классиктің атақ абыройына, болмаса шығармашылығына күйе жағу емес. Тек жаңа замаңғы оқырманның көзқарасы.
Пушкин мен Дюма бір адам деген ой қайдан туды? Шілденің ми қайнатар ыстығы. Елордамызда тұңғыш рет Еуразия астаналары қаламгерлерінің халықаралық форумы өтіп жатыр. Мақсат – тұрағы тамұқтан болғыр кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі үзіліп қалған әдеби-мәдени байланысты жандандыру. Біз секілді жас әдебиетшілерге бұндай іс-шара әрине қызық. Қызық болғанда қандай... Қасымда өзім секілді бірнеше өрен бар, форум қонақтарын әуежайдан күтіп алу сеніміне ие болдық. Атақтарынан ат үркетін әйгілілердің жүзін алғаш болып өзіміз көреміз деген қуаныш қойыныңа сыймайды екен. Сонымен не керек көптен күткен қонақтарымыздың ұшағы әуежайға қона бастады. Қалың нөпір халық бірінен-бірі озып есікке ұмтылады. Тек біздің кісілер байқалмайды. Ақын-жазушыны алыстан танимыз ғой... Міне, құжынаған адамның ішінен бір-екеуі көзге оттай басылды. Барып жөн сұрастық. Расында да көптен күткен қонақтарымыз екен. Арасында өзім сырттай біліп, эсселерін, өлеңдерін интернет парақшаларынан жиі оқып жүрген Роман да бар екен. Іздегенге сұраған. Сонымен дуылдап жүріп бұ кісілерді қонақ үйге жайғастырған соң қыруар шаруа тындырған адам құсап есік алдындағы орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кеткем. Бар ойым әлгінде өзім күтіп алған Романмен шүйіркелесу. Кезекті ретті-ретсіз ойлардың бірімен бас қатырып отыр едім, кенет жанымнан:
- Извольте сеньор, - деген дауыс шықты. Қарасам әлгі Романым. Қуанып кеттім. Сасқанымнан:
- Өтінемін, - деппін. Ол күлді. Кейінірек білдім, ол ақындарға ғана «сеньор» дейді екен. Бір-екі өлеңін жатқа соқтым. «Әй енді бір қызу әңгіме басталады-ау» – деген ой да жоқ емес.
- Друг мой, зачем тебе мои стихи, лучше скажи мне что знаешь о русской литературе, - деді. Бар орысшамды ортаға салып Мандельштам, Бродский, Пастернак, Вознесенский, Рождественскийлерді суша сапырамын деп едім:
- Еще один шестидестятник, - деп күліп жіберді де, сәл ойға шомып, - Лучше скажи мне мой друг как ты думаешь кто самый известный поэт из России , - деді.
- Әрине, Саша Пушкин, - дедім.
- Вот. Сейчас я тебе расскажу что-то очень интересное, – деп жалғады сөзін.
Круглов Роман Геннадьевич
ақын, сыншы, өнер зерттеушісі
Романның әңгімесі:
Досым Серж біле білсең Ресейде әдеби дау өте көп бола бермейді. Өткені ол жақта ондай дауды ойлау мүмкін емес. Қым-қуыт тірлік мұрша бермейді. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен әдеби дау шыққан еді. Естідіңдер ме, жоқ па ол жағын білмедім. Мәселе Пушкин мен Дюмада болып тұр. Аттары тек шағын топтарға белгілі бір дүмше ғалымдар Пушкин мен Дюманы бір адам, Пушкин-авантюрист деген тұжырым жасады. Үлкен әдеби ортада мынандай сөздер үлкен резонанс тудырмай қайтсін. Бірақ жаңағы ғалымдардың айтқанын теріске шығарайық десек дәледі қажет етпейтін фактілерді алға тартады. Сөз жоқ Пушкин орыстың ұлы ақыны, Дюма француздың ұлы жазушысы. Бірақ екеуін байланыстыратын бір нәрсе бар, жаңағы ғалымдардың да бұлтартпас айғақ ретінде ұстап отырғандары осы: Дюма мен Пушкиннің түбі бір – екеуі де африкалық, қара нәсілділердің ұрпағы. Қара нәсілді дегенде рассизмді дуылдатайын деп отырғаным жоқ. Барды бар деу керек. Осындай әңгіме елге жайылып кеткеннен кейін ұлы ақынның зиратын қазып аламыз деп жүргендер де болды. Меніңше олардың көздегені әдеби шындыққа көз жеткізу емес, тек «Пушкинді қазып алған осылар екен» деген жалған атаққа жету ғана. Бірақ сүйегі қурап қалған адамды қазып алу кімнің қолынан келсін, кімнің жүрегі дауаласын оған. Ал, енді мұқият құлақ салып тыңда, дұрысын өзің анықтап аларсың, сенбесең де сенсең де мейлің , - деп жалғады сөзін досым.
Көздері көк қара нәсілді, тегі африкалық жазушы 19-ғасырда өмір сүрген, сауық-сайранды ұнатқан, қыздарға қырғидай тиген дегенде алдымен ойыңа кім келеді? Пушкин бе, Дюма ма? Дегенмен ешқандай да айырмашылық жоқ. Ал егер әңгіме екі есіммен де классик аталған адамның жайлы болса ше? Бәлкім менің сөздерімнен кейін тарихқа деген көзқарасың күрт өзгерер.
Түр мен мінез
Кейіпкерлеріміздің портретінен бастайық. Пушкин де, Дюма да орта дәулетті дворяндар әулетінен, тіпті арғы тектері африкалық. Бір қызығы екеуінің сыртқы келбеті адам сенгісіз ұқсас. Ал енді мінез ұқсастығына қарашы:
«Оның болмысы ешнәрсеге бағынбаймын деп тұрғандай. Мектеп оның мінезін түзей алмапты. Кез-келген кедергі ол үшін түкке тұрғысыз еді».
«Бес жыл бойы ол өз болмысын қорғап келді. Және өз білгенін істейтін, нені оқығсы келсе соны оқитын...».
Бір адамға ұқсай ма? Бірінші цитата Андре Моруаның «Үш Ноянның» авторына берген мінездемесі. Екіншісі – Пушкин замандастарының сөзі.
Біртүрлі сөздер
«Менің атам зәңгі болатын. Бірақ екеуміздің бір ұқсастығымыз бар, біздің жақын туысымыз – маймыл», - деп көп қалжындайтын Дюма. Бір қызығы Дюманың ешқандай да африкалық атасы болмаған. Африкалық қан оған тек әжесінен дарыған. Бұл жерде Дюма атам деп тұр. Арғы бабам десе бір сәрі. Ал, Пушкиннің атасы патша сарайында қызмет істеген Эфиопиядан келген Ганнибал есімді зәңгі еді.
Пушкин 1799 жылы дүниеге келсе, Дюма 1802 жылы туған. Пушкиннің балалық шағынан қыруар естелік қалғандығын білеміз. Ал Дюманың 1822 жылға дейінгі өмірі жайлы ешкім ештеңе білмейді. 1822 жылы Дюма Парижге келіп өзін Напалеонның қасында жүрген генерал Тома – Александр Дюманың баласымын деп таныстырады. Бірақ жас жазушы онымен туыстығын дәлелдей алмайды. Бірақ көбі генералдың қанында африкалық ген барын білгендіктен жас жазушыға артық сұрақ қоюдан аулақ еді.
Дюманың балалық шағы белгісіз болса, Пушкин өмірінің кейбір сәттері әлі күнге дейін жұмбақ. Мысалы Пушкин 1822 жылы саяхатқа кеттім деп жоғалып кеткен екен. Қызық ұқсастық.
1837 жылға дейін Дюма ештеңе жазбаған. Оның авторлығы дәледенбеген әлденеше шығармасы бар. Шамасы қалталы жүргенде жағдайы нашар жазушылардың шығармаларын сатып алса керек.
Пушкин қайтыс болғаннан кейін Париждің кітап дүкендерінде Дюманың кітаптары бірінен кейін бірі сатылып жатты. Айта кететін жайт Пушкиннің тілі французша шыққан және ол француз тілінде еркін жаза алған.
Дюманың талқыға толы шығармасы – «Семесерлесу сабағының мұғалімі» атты романы. Романның басты кейіпкерлері ресейлік декабристер. Ресейде өмірі болып көрмеген адам, сол елдің топырағын басып, ауасын жұтқандай-ақ жазады. Кітаптың ішінде тек декабристерге ғана мәлім болған сөздер кездесді. Ал, Пушкинді сол декабристермен байланыста болғаны үшін айдауға жіберген болатын.
Дантес ше? Иә, Дантес. Қос қаламгер үшін де елеулі есім. Бір Дантес Александыр Сергеевичтің түбіне жетті, екінші Дантес (Эдмон) Александр Дюманың кейіпкері. Не аңғардың?
Пушкиннің жерлеу рәсімін айтайық. Тарихшы Александр Никитенко жерлеу рәсімінің бір түрлі өткенін айтады. Пушкиннің табынушыларының көбі студенттер еді. Олар ақынмен қоштасқылары келіп жаназаға бармақ болғанда, ұстаздарға ешкімді сабақтан босатпау туралы жоғарыдан пәрмен түседі.
Ақынды асығыс жерлейді. Ақынмен Исаак соборында қошатсуға болады деген хабар тарайды да, табытты атасының сағанасына алып кетеді. Жоқтауы жергілікті шіркеуде өтеді. Және жаназаға бір де бір туысы қатыспаған.
Неге олай болды?
Александр Сергеевичтің ісі оңға баспай қояды. Қарызға белшесінен батқан ұлы ақын қалай да болса ақша тапқысы келеді, бірақ жолы болмайды. Бұндай жағдайдан тек өлім ғана құтқарар еді. Және ақын сол жолды таңдады да.
Ал Дюма қайдан шықты? Зерттеушілер І Николай патша шетелде тыңшы ұстағанын айтады. Қайсыбір деректерде патшаның ол ісіне Тургенев, Тютчевтер де қолғабыс жасаған. Тіпті «Дюма» дейтін есім Пушкиннің қызметтік альтер-этосы болуы мүмкін.
Пушкиннің жер аударылған уақыт Дюма шығармашылығының өркендеу дәуіріне дәлме-дәл келеді. Тағы бір айта кететін жайт – патша ақының барлық қарызын төлеп, оның отбасына қамқорлық көрсетемін деп уәде берген. Бұл патшаға қарсы шыққан тентек-декабристке жасалған шектен тыс кеңшілік дейсің бе? Жоқ, мен олай ойламаймын, - деп аяқтады сөзін Роман.
Форум да аяқталды, қонақтар да үйді-үйіне тарасты. Бірақ Романның осы бір әңгімесі ойымнан кетер емес. Расында, А.С. Пушкин дәл осы жолмен жүріп, әлем әдебиетіне қос бірдей классиктің атын қалдырып кеткен болса ше?..
Серікжан Қажытай
Суреттер ашық ғаламтор кеңістігінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.