Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қағаз кітаптың тағдыры...

25.04.2022 4860

Қағаз кітаптың тағдыры 12+

Қағаз кітаптың тағдыры - adebiportal.kz

Адамзаттың қаншама ғасырлық тәжірибесін, ақыл-ойының жиынтығын ең сапалы жеткізіп бере алған нәрсе – кітап. Адам үшін ең құрметті нәрсе де кітап болуға тиіс. Адам баласының жазу-сызу білмей тұрған шағында айтылған аңыздары мен өмірден жинаған тәжірибесі жазуды үйреніп, тасқа, бамбукке, теріге жазып қалдыра бастаған заманға келгенде әлде қайда пайдалы және нақты болды. Тұтас адамзатқа ортақ бір ғана ұстаз бар десек, ол – кітап болар еді.

1995 жылы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында 23 сәуірді Кітап және авторлық құқық күні деп жариялаған болатын. Бұл осы адамзаттың бас ұстазына жасалған құрмет еді. Бұл күннің екі түрлі маңызы бар, бірі әрине кітапқа құрмет болса, екіншісі авторға құрмет. Әуелі кітап төңірегінде қысқаша толғанайық.

Кітап туралы ойлағанда ең әуелі биік мәдениетті адам көз алдыңа келе береді. Ол орта ғасыр мен Қайта өрлеу кезеңі болса, биік ағаштың саясында, не гүл бақшасында шұқшиып кітап оқып отырған Ньютон немесе әлдебір графтың сұлу қызы елестейді. Ол қыз сондай сыршыл және сезімтал көрінеді. Ал XIX ғасырдағы қазақ даласы деп ойласаңыз, киіз үйдің төрінде, не ауыл іргесіндегі дөң басында кітап оқып отырған Абай елестейді. Сонау кенере жолда жаңа ғана жазып бітірген поэмасын қойнына тығып алып, Абайға оқып бермекші болып келе жатқан Абайдың ақын шәкірті елестейді. XX ғасырдың басы деп қарасаңыз қалың құжат арасына көміліп, балауыздың жарығында шұқшиып кітап жазып отырған Әлихан, Ахметтер елестейді. Бұл, әрине, қадірлі оқырман, осы жолдарды жазып отырған аңқылдақ пақырыңыздың ғана қиялы. Мүмкін сізге басқаша елестер, бірақ қалай болса да кітапты кісі өлтірушінің, не диктатордың қолында елестету қиын. Себебі кітап біздің түсінігімізде тек биік мәдениет пен үлгілі сананың көрінісі ретінде ғана орныққан. Бұны біз өзімізше кітап мәдениеті деп атадық.

Кітап оқу мен кітап басу, кітап жазу секілді процесстерді біріктіріп «кітап мәдениеті» деп атар болсақ, онда бұл мәдениет адамзат ойлап тапқан мәдениеттердің ішіндегі ең ұлысы деп сенсеңіз болады. Егер сіз осы мәдениеттің өкілі болсаңыз, онда өзіңізді ең ұлы мәдениеттің өкілімін деп есептей беріңіз.

Кітап мәдениетінің қалыптасуы әуелі жазудың, одан кейін оны жазатын ыңғайлы құралдың, яғни қағаздың пайда болуына тікелей қатысты. Адамзат әуелде қандай құралға жазуға мүмкіндігі болса соған жазды. Тасқа, ағашқа ойып жазды, теріге жазды. Бірақ бұлардың бәрі де алып жүруге ыңғайсыз болды. Осыдан төрт жарым мың жылға жуық бұрын Мысырда қышқа жазуды тоқтатып, орнына қамысқа жаза бастады. Қамысқа жазу жазу сол кездегі өркениеттерде кең таралды және ұзақ жыл өмір сүрді. Біздің осы күнгі кейбір тым ертеден жеткен жазбалардың көп бөлігі қамысқа жазылған болатын. Қазақтардың арғы тарихына, яғни ғұндар мен үйсіндерге, т.б. қатысты қытай жазбалары негізінен дерлік қамыс шыпталарға жазылған болатын. Заманымыздан бұрынғы 2-ғасырда қамыстың орнына тері жарғақтар пайдала бастады. Бүгінгі таңда біз аңыз қылатын ежелгі Рим мен Грекия мәдениетінде осы жарғақ кітап кең пайдаланылды. Платонның, Аритотельдің кітаптары бізге солай жетті. Ал 105 жылы Қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тапты. Бұл кітап жазу мен оны көшірушілердің ісін де, сақтау мен тасымалдау ісін де анағұрлым жеңілдетті. Олар бұл құпиясын VIII ғасырларға дейін жұртқа шашпай сақтап келді. 751 жылы қытайлар мен арабтар арасында Орта Азияға таласқан Атлах шайқасы болғаны тарихтан мәлім. Осы шайқаста түріктер арабтарға болысып, қытайлар тас-талқан жеңіліп қайтады. Кейбір тарихшылардың сөзіне сенсек осы соғыста 20 мыңға жуық қытай тұтқын боп қолға түседі. Осы тұтқындарды арабтар қазіргі Тараздың маңына, Шу өзенінің жағасына аманатқа ұстап, оларға қағаз жасады. Содан бастап қағаз жасау техникасын түріктер де үйреніп, XIII ғасырға дейін Самарқанда қағаз шығарып тұрыпты. Бір қызығы тәжірибеден өткізе келе Самарқанның қағаз жасау технологиясы дамып, сол кездегі ең сапалы қағазды өндіріп шығарып отырыпты. Тарихшы, қытайтанушы Қалбан Ынтыханұлының айтуынша Самарқан қағазын бертінгі жылдарға дейін Қашқар, Тұрфан жақта жасаушылар болған. Тіпті қазір де болуы ғажап емес. Бұл қағазды ұйғырдың ескі сурет өнерін ұстанушы суретшілер арнайы сатып алып пайдаланады екен. Самарқан қағазын ығыстырған қағаз кейін XIII ғасырларда Еуропада жасала бастаған сапалы қағаз болса керек.

XV ғасырға келгенде неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг баспа қалыбын ойлап тапты. Бұл енді барша көшірмешілерді азапты жұмыстан азат еткен ұлы тапқырлықтардың бірі болды. Бұл баспа қалбында барлық әріптердің бөлек-бөлек құймалары болды. Бір бет мәтінді басып шығару үшін сол мәтінді әуелі баспа қалыбына жазып алу керек, сосын сияға малып, оған қағазды жабыстырса болғаны бір беттік мәтін пайда болады. Ал келесі бетті басу үшін тағы да солай, бүкіл әріптердің орынын ауыстырып тағы бір беттік мәтін қалыпқа жазылады. Бұл баспаның ыңғайсыз жері, бір бет мәтінде бір әріптің қайталану жиілігі әртүрлі болғандықтан аса көп құйма әріптерді қажет етті. Ал қазіргі баспалар да Гутенберг ойлап тапқан схема бойынша жұмыс істейді. Бірақ айырмашылығы бәрі де цифрландырылған, жеңіл әрі оңай, бір ғана командамен компютер арқылы жұмыс істейтіндігінде.

XX ғасыр жазушыларының жан серігі болған құрал – жазу машинкасы болатын. Жазушылар мен оның жазу машинкасы туралы әртүрлі аңыздар да тараған. Өзіміздің атақты Мұхтар Мағауин да өзінің сиялы қаламы мен жазу машинкасы туралы «Мен» романында ұзақ толғайтыны бар. Бұл өзі батырдың найзасы немесе мінген аты секілді аса қасиетті ұғым болған еді. Жазу машинкасын ең алғаш ұстағандардың бірі Марк Твен болыпты. Ол өзі де үнемі «Әлемде жазу машинасын алғаш қолданған жазушы менмін», - деп лепіріп қоятыны бар ұқсайды. Деректерде Марк Твен 1874 жылы Sholes and Glidden Treadle Model маркалы жазу машинкасын сатып алғаны айтылады. Бұл алғашқы маркалардың бірі болғандықтан өзі үлкен, әрі ауыр, ыңғайсыздау құрылғы екен. Бүкіл әлем оқырманына танымал жазу машинкасының бірі Хемингуэйдің жазу машинкасы. Эрнест Хемингуэйдің түрегеп тұрып жазғанды ұнататыны белгілі, оның бүгінгі фотоларындағы машинка Royal Quiet Deluxe маркалы машинка екен. Оны ол өмірінің соңына дейін пайдаланыпты. Хемингуэй жазу машинкасы туралы «Ол менің психотерапевтім, тек соған ғана ашылып бәрін айтамын» деген көрінеді.

Әрине, бүгінгі таңда жазу машинкаларының орнын компютер басты. Macbook air, Macbook pro, Lenovo ideapad секілді шағын компютерлер бүгінгі журналистер мен жазушылардың жан серігіне айналған. Бұдан да шағын жазуға ыңғайлы планшеттер мен смартфондар да жарыққа шығып, ақпарат тарату мен жазушылықтың жүгін барынша жеңілдетіп үлгерді. Қазір дыбысты жазуға айналдыратын йифрлық бағдарламалар тіпті қолды қимылдатпай-ақ жазушылықпен айналысуға мүмкіндік тудырып келеді. Кім біледі, мүмкін болашақта нерв жүйесіне тікелей жалғанған әлдебір құрылғы арқылы ойша да жаза беруге болатын шығар. Тіпті жазушының орнын робот басуы да мүмкін. Жазбаның сапасының қалай болатыны, әрине, бөлек әңгіме.

Ал қағазға келсек, ол да өзінің алғаш жасалған кезінен бері сан рет жаңарып, қағаз жасау технологиясы дамып не бір сапалы қағаздар жасалып шықты. Қағазды бұл күнде тек кітапқа ғана емес әр түрлі салада қолданып жатады, алайда біздің тақырып кітап болғаныдақтан содан алыстап кетпеуге тырысамыз. Қазіргі таңда Финляндия және Жапония технологияларымен өндірілген кітап қағаздары ең сапалы қағаздар есептеледі. Қолымызға алғанда жеп-жеңіл, қағазының түсі де сәйкесімді кітаптар көршіміз Қытай, Ресей және Түркия елдерінен көп шығатынын көріп жүрміз. Дегенмен бүгінгі таңда қағаз кітаппен қатарласып электронды кітап саудасы да қызып келеді. Айналамыздағы барлық заттардың электронды форматқа өте бастауы, автоматтана бастауы – түбі қағаз кітаптің да жоғалуына әкелуі мүмкін деген болжамдар жоқ емес. Бұның бір себебі ғылым мен техниканың дамып, жаңағыдай күрделі функциялы заттардың көп шығуы болса, екінші себебі, экологиялық және экономикалық жағдайға қатысты мәжбүрлік деуге болады. Қағаз кітапті басып шығару күн өткен сайын қымбаттай түсуде. Ірі баспалардың көбінде бұрынғыдай сия пайдаланылмағанмен лазер аппаратына сай келетін қымбат қағаз сатып алу керек. Ал шағын баспалар сия мен қағазды бірдей сатып алады. Бүгінгі таңдағы баспа аппараттары күрделі және аса қымбат тұрады, оның сыртында баспаханада жұмыс істейтін адамдардың еңбек ақысы да уақтылы төленуі керек. Осының бәрі қағаз кітапты басып шығарудың құнын жоғарылата береді. Әдетте қағаз ағаштан жасалады, екі тонна ағаш үгіндісінен бір тонна қағаз жасалады, бұл өз кезегінде экологияға үлкен шығын.

Дегенмен электронды кітаптарды компютерден немесе смартфоннан, я планшеттен оқу біршама жайсыздық тудырады. Бұл құрылғылардан шашырайтын инфракүлгін сәулесі адамның көзін ауыртып, тез шаршатады. Сондықтан әлемдегі жаңа технологиялармен айналысатын бірқанша компаниялар жаңа электронды кітап оқу құрылғысын жасап шығарды. Бұлардың ең танымалдары Amazon kindle, Sony Digital paper, Pocketbook қатарлылар. Бұл құрылғыларда Digital paper, E-ink секілді кәдімгі сиялы қағаздарға ұқсатылып жасалған электронды қағаздар пайдаланылады. Бұл кітаптар күн сайын жетілдіріліп, оқырманға шынайы қағаз кітаптің эффектін ұсынуға барынша тырысып бағуда. Sony-дың соңғы моделдерінде жұқалығы бір жапырақ қағазға сәл ғана жетпейтіндей, реңі кітаптің қағазынан бір аумайтын, тіпті қолыңмен сипап көрсең де кедір-бұдыр боп тура қағазды қолға ұстағандай сезіндіретін түрлері бар. Бұл саладағы өндірістің бұнымен тоқтап қалмасы анық. Дегенмен қағаз кітап өз құнын әлі де жоғалта қойған жоқ. Мүмкін кітап оқудың да ең оңай жолдары табылып қалар, ең соңғы адам кітап оқуды тоқтатқанша.

Бүгінге дейін қағаз бен кітап егіз ұғым секілді болып келген. Қазіргі қоғам кітап пен қағаз арасын ажырататын сәтке душар болған секілді. Ендігі жас оқырман көбінесе бейнелі ақпараттарды көбірек қабылдайтынын ескерсек, қағаз кітаптың тағдыры да қыл үстінде тұрғандай көрінеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар