Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қалам иелерінде бір ғана «кінәрат» бар...

18.04.2017 4478

Қалам иелерінде бір ғана «кінәрат» бар

Қалам иелерінде бір ғана «кінәрат» бар - adebiportal.kz

1.Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті ең басты қандай идеяға негізделуі керек. Әлде әдебиетті кеңес кезіндегідей белгілі бір идеяға негіздеуге қарсысыз ба?

2. Сіздіңше, қазіргі заман шындығы мен көркем әдебиеттегі шындықтың арасы қандай?

3. Қоғамда жазушылардың беделінің түсуіне өздерінің де тигізген әсері бар ма?

Құдияр Біләл, жазушы:

Қалам иелерінде бір ғана «кінәрат» бар

1.Рас, КСРО кезінде әдебиет кеңестік идеологияға қызмет етті. Солай бола тұра кесек дүниелердің де өмірге келгендігін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, бір дәуір тудырған дүниелердің сол дәуірмен бірге тариx саxнасынан көшетіндігін де көзіміз көріп отыр. Алайда, бұл көркем дүние белгілі бір идеяға бағынбайды деген сөз емес. Біз қалайық, қаламайық, ол бәрібір бір идеяға қызмет етеді. Ал тәуелсіздік кезіндегі әдебиетке келсек... Бір ғана "идея" бар. Ол – адам. Адами болмыс, ол – мәңгілік қазына. Сондықтан көркем шығармадағы адам, қоғамнан тыс, әрі тәуелсіз болу керек.

2. Шындық, яғни ақиқат – жалғыз. Алайда, оны әркім әрқалай көреді. Көркем шығарманы тек сол өмір шындығы ажарландырады деу әбестік. Ол қызметті журналистиканың өзі де атқара алады. Адамзат алдында шешімін таппаған сан мың сауалдар бар. Ол – ақ пен қара текетіресі. Енді сауал. Біз шындық деп таныған "ақ", шынымен "ақ" па? Бұл сауал жауабын көркем шығарма беруі тиіс.

3. Бедел иелері заман сұранысына орай алмасып отырады. Бұл тұрғыда жазушыларды күстәналай беруге болмайды. Қалам иелерінде бір ғана "кінәрат" бар. Ол – өз кәсіптеріне деген адалдық. Бұған отаншылдықты, патриоттықты да қосып қоюға болады. Сондықтан олар сұранысқа ие "базар өнімдерін" саудаға шығарудан тартынып келеді. Байыбына барсақ, жазушылар белсенділігінің бәсеңдеуін де олардың мемлекет мүддесі үшін жасаған қызметі деп түсінген жөн. Алайда, оны бағалап жатқан адам аз. Иә, сананы тұрмыс билейді. Ал ол адам сағының сынуына алып барады. Сақ сынған соң... Қайдағы бедел? Біртіндеп санаттан шыға береді. Бұл – ұтымды жүргізілген саясат "жемісі". Әдебиет бағасының түсуін де содан іздеу керек.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР, жазушы:

«...жазушының беделі үшін жылау – ұят»

1. Әдебиетті белгілі бір идеяға теліп қоюға үзілді-кесілді қарсымын. Әдебиет саясатпен айналыспауы керек. Десе де, жазушы жеке шығармашылық тұлға ретінде белгілі бір идеяны басшылыққа алып, жұмыс істесе, оны сөгуге ешкімнің хақысы жоқ деп ойлаймын. Мәселен, "қазір қазақ әдебиеті бір идеяға бағынсын" деген пәрмен мемлекет тарапынан түссе, біздің әдебиет жолдау насихаттағыш я, 2050 жайлы фантастикалық ботқа пісіргіш қара қазанға айналып шыға келеді.

2. Әдебиетте де, заманда да – шындық біреу. Осыдан мың жылғы ақиқат пен бүгінгі ақиқаттың айырмасы жоқ. Бірақ бұл шындықтарды көретін көкірек көздердің көлемі әртүрлі. Сол себепті, болмысы бірдей шындықты әртүрлі картинада көруге үйрендік. Яғни, айырма көзде ғана. Әйтпесе, әдебиетте жаңа тақырып деген болмайды. Әдебиетте мәңгілік тақырып деген де болмайды. Мәңгілік ақиқаттың тізгінін ұстаған жазушы ғана заман шындығы мен әдебиет шындығын біртұтас құбылысқа айналдырады.

3. Қоғамда құрлысшының, я көше сыпырушының беделі жайлы әңгіме қозғалса, бұл – дұрыс мәселе. Ал, енді жазушының беделі үшін жылау – ұят. Жазушының беделі жоқ болса, әлей болсын! Оған бола, бас қатырудың түкке керегі жоқ. "Бұған кім кінәлі?" деу де таяз адамның түсінігі. Жазушы кім, электрик кім, қайыршы кім, бәрі Құдайдың жаратқан мақұлығы ғой. Ол мақұлықтың бәрі бірдей болмағы ләзім. Жазушы мен ақынға жазушы деп емес, адам деп қарау керек.

Сауалнаманы жүргізген

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар