«Шаруаның бір пірі – Зеңгі баба,
Сиыр берсең сүттей бер өңкей мама,
Кең өріске шұбыртып өзің бағып,
Кешке жақын қотанға әкеп қама.
Төрт түліктің бірі сиыр туралы бұл тақпақ қазақ мектебінің бастауыш сыныбында оқыған кез келген оқушының есінде болар. Осын сыпаттағы аграрлық тілтаным кешегі күнге дейін дала мен қала баласына тым жат емес болатын. Дегенмен, қазіргі жаһандану дәуірінің өкпек желі ұлттық танымның бояуын оңдырып, сөлін солдырып, желкенін кеулеп, мүлде басқа арнаға салып жіберердей алапат күшін сезінбеу мүмкін болмай барады.
Ғасырлар бойы тым баяу, баяулау, жеделдеу қарқынмен алмасылып келген ақпарат қарқыны сандық техникалар дәуірінің шексіз мүмкіндігі арқылы тым жылдамдап кетті. Адамдардың ақпаратты қабылдау, түйсіну, түсіну, түйсінуі де өзгерді. Өзгенің жылтырақ қаңсығын таңсық ретінде біртіндеп қабылдай-қабылдай келе, тым жақын жылдары мүлде басқа мәдениеттің өкілі болып кету қаупі төніп тұр. РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ дегеннің өзін - түртеп келгенде жаһанданудың дәуірінің жақсылықтарымен қатар, ұлттық тамырға балта шауып кетуі мүмкін қатерлеріне қарыс тұрарлықтай иммунитетті ұлтымыздың бойында күшейтіп, қалыптастыру деп түсінгеніміз жөн.
Әрине, өзгермейтін дүние жоқ. Бастағы таным-түсінік тұрмақ, жердің асты-үсті де, қаншама өзгерістерге ұшырап жатыр. «Адамзат баласы, соның ішінде ұлт кешегі мен бүгінгі емес, ертеңгі үшін алға ұмтылып, артқа қарайламай ұмтылғанда ғана жетістікке жетеді» дегенді мойындасақ та, көшін бізден ілгері тартып кеткен халықтардың өзі ата-бабасынан мұраға жеткен тілдік, ділдік, тұрмыс-салттық құндылықтарын ұмытпай, заман ауанымен үндестіре насихаттап, осы арқылы өзгелерді өз мәдениетіне бас игізіп, базарлап отырғанын көріп отырмыз. Бұған әрі бармай-ақ, жапондар, корейлер мен үнділерді айтсақ та жеткілікті.
Біздің қазақтың таным-түсінігі қай дәрежеде? Өзгеріске ұшырап, жат мәдениеттердің ықпалына жұтылып бара жатқан жоқ па? Бұлар – жауап беруді, қорытынды жасауды және осыған сәйкес қарсы шаралар қолдануды қажет ететін сұрақтар.
Иә, бүгінгі қазақ – кешегі қазақ емес. Ертеңгі қазақ кім боларын және болжау қиын. Анығы – қазақтың ойлау жүйесі, таным-түсінігі тым жылдам өзгеріп, орыстанып, батыстанып, арабтанып, сол мәдениттердің құндылықтарын тасымалдаушыға айналып барады.
Бұл – әрине, жақсы нышан емес. Енді осыған байланысты, екі мысалды қарастырайық және мұның өзі «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік, Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік», - деп Ахаң, Ахмет Байтұрсынов айтқанындай, ХХІ ғасырда тап болған кеп емес, ХХ ғасырдың «жемісі». Мұндай «жемістің» тұқым жайғаны соншама, қазіргі күні қазақ тілі көшірмеге (калька) айналып, тіл арқылы өмір сүретін ұлттық өзге құндылықтар уақыт өткен сайын жат болып барады.
Кешегі қазақтың ұғымына қайшы болса да, бүгінгі күні әбден қалып алып кеткен түсініктің бірі – ІРІ ҚАРА. Осы ұғымға қатысты екі қазақ арасында мынадай диалог туындауы мүмкін:
- Соғымға ірі қара сойдың ба?
- Жоқ, жылқы соямын.
- Оу, жылқы дегенің сол ірі қара емес пе?
- Жоқ, ірі қара – ол қара мал ғой.
- Қара мал дегенің не, сонда?
- Қара мал деген – сиыр.
- Неге тек сиыр ғана қара мал болуы керек? Атам қазақ ежелден бері түйе, жылқы, сиырды – ірі қара, қой мен ешкіні ұсақ мал немесе жандық деп келген жоқ па?
- Оны білмедім, менің білетінім – сиыр – ірі қара, сенің айтып отырғаның –жылқы, түйе.
Қазақ ұғымындағы ірі қара
Ендеше, осы жағдаятта кімдікі дұрыс? Әрине, қазіргі қолданысқа, түрлі құжаттар мен анықтамаларға қарасаңыз, ІРІ ҚАРА – сиыр түлігі екендігі – әбден дұрыс. Уикипедияның қазақшасы былай дейді: «Сиыр шаруашылығы, мүйізді ірі қара шаруашылығы – мал шаруашылығының басты салаларының бірі. Аса қажетті азық-түлік (сүт, май, ет, тағы басқа сойыс өнімдері), бағалы жеңіл өнеркәсіп шикізаттарын (тері, қылшық, мүйіз, тағы басқа) береді». Демек, сиыр шаруашылығы мен (мүйізді) ірі қара шаруашылығы – бір ұғым. Гәп осы мүйізде тұрған жоқ па екен? Орыстың сиырды «крупный рогатый скот» дейтінін ескерсек, ірі қара (мүйізді) орыс тілінен бертінде қазақтың танымына өтіп кеткен вирус емес пе екен? Себебі, орыстық ұғымдармен тікелей араласпаған Қытай мен Монғолия т.б. елдердегі қазақтарда ІРІ ҚАРА деп сиырды ғана атау жоқ. Әрі қазақ әрбір төртінші сиырдың мүйізді емес, тоқал болатынын жақсы біледі емес пе?
Демек, ІРІ ҚАРА немесе ҚАРА МАЛ – Қазақстандағы байлардың мал-мүлкін тартып алып, аш-жалаңаш қаңғыртып жіберген, 27-жылдардан кейін пайда болған ұғым деуімізге толық негіз бар. Бұл кезеңде түйе мен жылқы өзінің қазақ өміріндегі маңызын алып аумақтың көптеген бөлігінде толықтай дерлік жоғалтып, тіпті түйені хайуанаттар бағында ғана көретін жағдай туындаған еді. «Бармасаң, көрмесең жат боласың» демекші, көрмегеннен кейін ІРІ ҚАРА атауы бұл күндері бір отбасының асыраушысына айналған сиырға көшпегенде қайтеді?
Осы орайда, ІРІ ҚАРА атауының кеңестік тәркілеуге дейінгі қолданысын түрлі құжаттардан, әдеби туындылардан қарастырып көрген болатынбыз. Иә, ІРІ ҚАРА – үш түліктің ортақ атауы ретінде қолданылған екен. Оған айқын мысалды Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың толық жинағынан кездестірдік:
«...қазақтың саны бес бас болса, бұған он бес ІРІ ҚАРА – тамақ асырайтын мал болады деп есеп қылған. Бұл он бес ірі қараның 7-і жылқы, 3-і сиыр, 1-і түйе, 30-ы қой, 2-і ешкі» Бұл үзінді – Әлихан Бөкейхановтың 1913 жылы Қазақ газетінің №36-санында жариялаған «Жауап хат» атты мақаласынан алынды. Тек Әлихан Бөкейханов ғана емес, өзге жазушылар мен журналистерден мұндай мысалды көптеп табуға болады екен.
Ә.Бөкейханның толық жинағында мал шаруашылығына қатысты мәліметтер көп
Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығына еніп кеткен мұндай жат ұғымдарды қазіргі күні жүздеп демей-ақ қояйық, ондап табуға болады. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көр» демекші, төл кәсібімізді таза ұстай алмасақ, техникаға қатысты ұғымдарды қалай икемдемекпіз?
Осындайда сіз:«Мұнда не тұр? Оның несі ерсі? Заман өзі қалыптастырды емес пе?», - дерсіз. Бірақ осылай кете берсек, ұлтымыздың ұғым-түсінік кеңістігі дегеннің өзі де қалмайды ау... - «Сиыр пұл, қатын би болады» деп қыжыртқан кешегі қазақ Зеңгі баба түлігін дәл жылқы мен түйеден артық әспеттемеген сияқты еді...
Біздіңше, қазақы танымға тықпаланып жүрген екінші бір сөдегей қолданыс – ҚАР БАРЫСЫ. Күнделікті айтылымда ҚАР БАРЫСЫ деген тіркес сирек болса да айтылып қалып жатады. Толып жатқан мысық тұқымдастардың қатарына жататын барыс деген жыртқыш (латынша атауы – Panthera pardus) – шығыстық жылнамадағы он екі жылдың біріне жатады. Бір ескерерлігі – өзге шығыс халықтары он екі жылға кірген аңды БАРЫС ретінде емес, ЖОЛБАРЫС (латынша атауы – Panthera tigris) ретінде танитынын көреміз және біздің қазақ даласында да жолбарыс (Тұран жолбарысы) болғаны белгілі. Барыс – әрқашан биік таулы, қарлы жондарда, жақпар құздарда жүретіндіктен, оған «қардың» деген анықтауышты қосудың тіпті де қисыны жоқ. Мұны да орыстың «снежный барс» ұғымының көшірмесі демеске әддіміз жоқ.
Ілбіс немесе барыс
Қазақ бұл жыртқышты көбінесе ІЛБІС деп атайды деуімізге болады. Ілбіс пен барыс – бір аңның екі түрлі атауы. Өзіміз туып-өскен Алтайдың биік жоны Ілбісті және Ілбісті шат, Таутан атаулы жерлер болатын. Бұл жерлерде күні бүгінге дейін ілбіс мекендейді. Ілбіс дегеніміз – жыртқыштың ортақ атауы да, таутан – аналығы екені және рас. Ендеше, барыс – ілбістің аталығының атауы болмақ.
Таутанын тастап, барыс ат,
Тон-ішікке жарайды, -
деген қазақ аңшылығындағы ұғымның өзі таутанның сирек күшіктейтінін, сирек жыртқыштың жойылып кетпеуін ескергендік болса керек.
Бір аңның немесе құстың атауының астарында ұлтымыздың қаншама құндылықтық мәйегі жатыр десеңізші. Жат ұғымға жол беру арқылы, мысқалдап кірген дерттің таным-түсініктік әлемімізге батпандап салмақ саларын байқамай қалатынымыз ақиқат. Аталған ұғымдарға қатысты өз ойымызды жазып отырғанымыз – тағы қайталап айтқанда, қазақ ұлты болашақта өзге мәдениеттердің көзжұмбайлы тұтынушысына айналып, жұтылып кетпей ме деген қауіпті меңзеген алаңдаушылық еді.
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.