Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қара өлеңнің табиғаты...

07.10.2020 2747

Қара өлеңнің табиғаты 12+

Қара өлеңнің табиғаты - adebiportal.kz

Көрнекті аудармашы, әдебиеттанушы, ғалым Әзімхан Тішәнұлы өткен ғасырдың соңын ала жазған «Қара өлеңнің табиғаты» атты мақаласын былай деп бастайды. «Дүниедегі әрқандай бір обьективті өмір сүрген құбылыс тәрізді, қара өлеңнің табиғаты да басқа халықтардағы әрқандай ауыз әдебиеті түрлерінен парықты. Өз табиғатын өзінен іздемегенде, оған басқа жұрттың пішкен тонын қалай кигізіп, қай қырынан қарасақ та дәл келмейді. Бір халықтың өз тумысына дара біткен дүние өзінің сол даралық табиғаты арқылы ғана танылады»,- деген еді. Одан ары автор мақаланың алға қойған мақсаты қара өлеңнің ежелгі, ескілігімен қатар, оның ең басты сыйпаты саналатын, өлең табиғаты төңірегінде ой қозғайды. Құрметті оқырман, осыдан ары біз бұл жазбамызда Әзімхан Тішәнұлының қара өлең табиғаты туралы ой-пікірін, өз жазбаларының негізінде, қалпын бұзбай бергенді жөн санап отырмыз.

Өнер атаулы, соның ішінде сөз өнерінің де түп-төркіні эстетикаға саятыны секілді, қара өлеңнің табиғаты дегеніміз де оның эстетикалық бітіміне байланысты. Эстетикалық бітім, яғни эстетиканың негізі әдеміліктен келеді. Әдемілік – әсемдік образ арқылы бейнеленеді десек, осы образдың құрылу жүйелері, әсемдікті қабылдау жолдары әр халықта әр келкі: адамзат өмір кешіп келе жатқалы адамзаттың өзі де, табиғи орта да, сондай-ақ, әсемдік те бар десек, сол әсемдік мәнінің ұғылуы, адамдардың рахат сезімге бөленуі тектес, ортақ құсап сезілгенімен, әсемдікті қалай барлыққа келтіру жөніндегі өнер әдістері әр халықта, әр басқа. Халықтың өз тумысына біткен қазақ поэзиясы яғни классикалық қара өлең де осындай, оның өзіне тән дара тұлға, дара бітімі бар.

Әншейін де білінбегенімен, осы даралықты білу-тану кезекте аса кәделі, зәру нәрсеге айналып отырған жайы бар. Неге десеңіз, «өзімдікі деген басын ұстайды» деп, біреулеріміз қара өлеңнің басын ұстап жатқанымзбен, енді біреулеріміз «өзі болған қыз төркінін танымайды» дегендей қара өлеңді қомсынып, одан жеріп жатырмыз. Қара өлеңнің басын енді ұстап жатқанымыздың онша сөлекеттігі бола қоймас. Адамзат қоғамының өзі де жаңа аяқтанған ботадай әр қадамын тәй-тәймен басып келеді ғой. Бойға сіңістіліктен туған стихялықты саналыққа жеңдіре алсақ, әлі де кеш емес. Ал «жерушілерге» келсек, бұған «апаң да аң-таң, мен де аң-таң» деген мәтелді айтудан басқа бірдеңе дей қою қиын. Себебі, егер түбі бір болса, қанша жерігенмен де, безіп кету оңайға түсе қоймайды. Өйткені, жерудің өзі де жалған құбылыс. Бір күн жауын тиген жүннен, бір күн таза жерге жуылмаған исінен кәдіктенген жеру, өзінің жаңсақтығын түбінде бір аңғарады. Түбінде емес-ау, сол жерушылердің өзі әрқандай бір шақ, әрқандай бір сәттерде әлгі қоңырлаған қара өлеңді еститін болса, өздерін қоярға жер таппай елегізеді. Бұл неліктен? Өзі қомсынған қара өлеңге олардың жаны сүйініп сонша елітетіні несі? Бұның өзі қайшылық емес пе? Қайшылық бар жер де сыр бар. Олай болса сол қайшылықты шешудің орнына «май тілесең міне құйрық» дегендей, қара өлеңнен одан ары безетіні қалай? Бақсақ олардың көкейін тұмшалаған батыс үлгісін, батыстан күні кеше Пушкин жиып-терген орыс үлгісін көрсетеді. Сондығынан олар қазақ поэзиясының классикалық қара өлеңге осы үлгімен пішкен тонды кигізеді. Бірақ ол тон, ол үлгі қай қырынан тұрғызып, қалай қарасада қара өлеңге жараспайды. Бұл жарасымсыздықты олар өздерінен көрмей, тағы да қара өлеңнен көреді. Олар жөнінен алғанда «нағыз мәдениет» деп танылатын батыс үлгісінің қара өлеңге жараспауы «қара өлең мәдениетінің төмендігі», «поэзиялық өреге көтеріле алмауы-мыс». Мұның өзі қара өлең үшін үлкен мін. Сондай-ақ өздері үшін де үлкен мін болып білінеді. Әлгі төркінін танымау махбұрияты, кісіні ұятқа қалдыратын мұндай өлеңнен безу мәжбүрияты көбіне осыдан келіп туатын тәрізді.

Бұл арада біз батыс эстетикасына әлде қандай бір ғайбат айтқалы немесе оның назария жақтан ерте аяқтанғанын жоққа шығарғалы отырғамыз жоқ. Платон, Аристотельден бері қарай жүйе тартып қалыптанған эстетикалық дәстүрдің батыс эстетикасына үлгі болғаны хақ. Біздің шаруамыз оның тарихында, үлгісінде, дәстүрінде емес. Тек қазақ поэзиясы классикалық қара өлеңнің ол үлгі, ол дәстүрге қатысы жоқ екенінде. Батыс эстетикасы қандай дәстүр болса, классикалық қара өлең де өз алдына сондай дәстүр. Әрқайсысының өз ерекшелігі, өз салауаты, өз мәдениеті, өз табиғаты бар. Екеуі де терезесі тең, бірі шығыстың, (бұл шығыс – батыстың дәстүрімен айтылатын, араб, парсы емес, қара өлең туған халықтың өз шығысы) бірі батыстың дәстүрі. Қазақ әдебиетінің бүгінгі өреге жете алуы, әлем асқарымен бой теңескен осы классикалық қара өлеңнің арқасы. Бұл төркінді тану абырой әпермесе, ұятқа жолдас қылмайды. Сол себепті қара өлеңнің табиғатына көз жеткізу үшін, алдымен осы екі эстетика дәстүрінің ара жігін ашалап, әрқайсысының өзіндік нарқын аңғаруға ойысқанымыз жөн.

Егер ат қоюға тура келсе, батыс эстетикасын обьективті эстетика деп атауға болады. Бұл бітім оның жаратылыс пен өмірге обьектив көзбен қараушылығынан туған. Сонау ежелгі грек кезінен басталып, Платонның, өте-мөте Аристотельдың кезіне жеткенде, назариялық жақтан тұлғаланған бұл дәстүр еліктеуге, еліктеген дүниесін өз қалпында қайталай көрсетуге ден қояды. Аристотель: «Асылындағы түріне аумай ұқсайтын бейнені көргенде адамдар көңілденіп кетеді, өйткені, олар бейнені көріп қана қоймайды, одан үйреніп, оның мән-мағынасын түсінеді» дейді. Ол және: «Суретші секілді немесе басқа образ жасампаздары секілді ақын да бір алуан еліктеуші. Ол үш түрдегі тәсілдің бірін таңдай отырып, иә, заттың асылындағы түрі бойынша, иә, заттың жұрт айтатын, ойлайтын түрі бойынша, иә, заттың болуға тиісті түрі бойынша еліктейді» дейді. Бұл жайдың, яғни, еліктеудің обьектив дүниені өз қалпында қайталай көрсетудің өз кезінде қаншама маңыз алғандығын кейбір грек аңыздары тіпті айқын көрсетеді. Мәселен, жаңа ерадан бұрынғы V ғасырда жасаған суретші Мирон жөніндегі бір аңыз былай айтылады: «Мирон бір сиырдың мүсінін жасаған екен. Ол мүсіннің сиырдан аумағаны сонша, оған жеймін деп арыстан атылыпты, емемін деп бұзау түртініпті, бастаушымыз екен деп бір қора сиыр соңынан еріп, қуалап жібермекші болған бақташы тас лақтырыпты, ұрлап кетпекші болған жырынды мойнына жіп тағыпты». Тағы бір аңызда: «Екі суретші бәстесіп оның біреуі бір шоқ жүзім сызады. Сызылған жүзімнің жүзімнен аумағаны сонша, оны шоқымақшы болып құстар келіп қонады. Енді бір суретші жүзімнің үстіне бір қабат жұқа жамылғы сызып кетеді, жүзімнің үстінде жұқа жамылғы тұрғанын көрген алдыңғы суретші, алып тастамақ болып қолын ұмсынады». Бұл мысалдар батыс эстетикасының ту бастан-ақ обьектив еліктеу сипатын алғандығын айқын көруге болады. Гректерде тарихи дастанның (эпопея) лирикадан бұрын шығуы да, эстетиканың осы обьективті табиғатымен байланысты. Себебі, дастан – оқиға, дастандағы оқиға өз алдына бір өмір. Ол лирика сияқты адамға тәуелді емес, оқиғаға тәуелді. Обьектив еліктеуге неғұрлым бейім келеді. Сондықтан да, өз заманының амалиятын терең аңғарған Платон мен Аристотель жаратылыстық ортаны еліктеуді өнердің мәні деп санап, батыстық эстетиканың тұғырығн қалаған.

Батыс эстетикасының бұл дәстүрі неше мың жылдан бері жалғасып келеді. Батыстың әйгілі теоретиктері, ойшылдары, жазушылары өздерінің жасампаздық тәжірибелері арқылы қайталай көрсету мен еліктеу назариясының мәнін үздіксіз жаңа өреге көтеріп, үздіксіз дәріптеп келеді. Арғыларын айтпағанда, Шекспирдің өзі өнерді өмірдің «айнасы» деп білген. Бальзак өзінен Франция қоғамының «хатшысы» болуды талап еткен. Черлишевский: «Өнердің бірінші рөлі, сондай-ақ, барша өнер атаулының шет қалмайтын рөлі – табиғат пен өмірді қайталай көрсету. Көркем туындының реаьлға болған сәйкестігі мен құбылыстық қатынасы. Өзіне өлшеп айтса, басқа суреттің сол көшіріп басқан әуелгі нұсқасымен қатынасы. Сызушы суретінің сол суреті сызылған адаммен қатынасы секілді» дейді. Бұлайшы Шекспирдің өнерді өмірдің айнасына теңеуі, Бальзактың өмірдегіні аумай түсіретін «хатшыға» теңеуі – батыс эстетикасы обьектив сипатының күні бүгінге дейін жалғасып, дамып, үрдіс алып келе жатқандығын білдіреді.

Ал, шығыс, яғни классикалық қара өлең эстетикасы сыршылдыққа (лирика) ден қояды. Ол батыс эстетикасы секілді өзін жаратылыстық ортадан, обьективті дүниеден бөліп алып, обьектив пен субьективті бір-біріне қарама-қарсы қоймайды. Қайта жаратылыстық орта обьектив дүние өзімен бірігіп, обьектив пен суьбектив тұтасып кетеді. Сондықтан қара өлең эстетикасының зәруі еліктеуге түспейді, сырласуға түседі. Қайталай көрсетуге түспейді, білдіріп, жеткізіп, сыр шертуге түседі. Мәселен, батыс өлеңдері алдымен обьектыны жайып яғни қайталай көрсетіп, онан соң обьектыге тапсырып, обьектыде бар мен өзін еншілестіреді. Қара өлеңге бұлайша қайталай жаюдың, қайталай көрсетудің қажеті шамалы. Өйткені оның обьектымен еншісі ежелден бөлінбеген. Ол үшін қайталай көрсету шарт емес, сырласу шарт. Шынын қуғанда, адамның ішкі дүниесі жайып қойып мынау да мынау деп қайталай түгендеп көрсетуге келмейді де, оны тек білдіруге, сырласып жеткізуге ғана болады. Осыдан келіп классикалық қара өлең эстетикасының кейбір ұтымдылық жақтары бел алады. Мәселен, қара өлеңде психикалық кеңестікті өнер тәсіліне айналдырудың шебер ерекшеліктері бар. Кеңістік пен уақыт адамзаттың көзін ашқаннан бері қарайғы болмыс ортасы, солай бола тұрса да, әр халықтың эстетикалық дүние танымының әркелкілігіне байланысты, бұларды өнер тәсіліне айналдырудың жолы да басқа-басқа келеді. Шынына келгенде уақыт пен кеңістікті бір-бірінен айыруға болмасада, солай да батыс дәстүрінде поэзия уақытқа бағынышты, кеңістік тек оқиғаның жалғастылығын білдіретін, уақыттың атқосшысы ретінде ғана жүреді. Ал қара өлең төрді эстетикалық кеңістікке береді. Мұнда уақыт кеңістіктің орын ауысуынан ғана аңғарылып, кеңістік атқосшы ретінде ғана жүреді. Бұлай болудың негізі жоқ емес, түбін қуғанда образдың, бейненің өзі кеңістіктің қонағы ғой, оның төрге шығуға әбден хақы бар секілді. Алайда, батыс кеңістіккеде обьектив көзбен қарап, өзін кеңістіктен даралап алатындықтан, көзі көріп, қолы ұстайтын тұрақты орыннан назарын есептік көзбен бір ноқатқа, көлемі, мөлшері бар кеңістікке ғана жинайды. Анықтыққа бой ұрады. Ал классикалық қара өлең кеңістіктен өзін дараламайды. Онда кеңістіктің пәлендей бір есептік шегі болмайды. Қайта психикалық кеңістіктің небір алуан келбеті жасалып, кеңістік шымылдығы әр рет түрілген сайын дүние түрліше құбылып, сезім алауы әр қиянды шарпиды. Себеп пен салдарға лықсыған дүние бүтіннен емес бөлшегінен, әралуан қырынан көрінеді. Бар мен бар еместің, сол мен сол еместің арасы бір көрініп, бір бұлдырап, әлгі тілмен, сөзбен жеткізе алмайтын нәрсенің қылпы исінгендей, өмешек құрып, тұла бой ынтызарлыққа бөленеді. Образдың неліктен идеядан үлкен болып айтылатына, нағыз сыршылдықтың неліктен адам тіліне аударуға келмейтініне көзіңіз осы арада жеткендей болады. Анықтықты қажет ететін еліктеуге қара өлеңнің неге зәру емес екенін енді білгендей боласыз.

Бұл дегеніміз батыс эстетикасы мен классикалық қара өлең эстетикасы бітімінің назария (теория) жүзіндегі ара жігі. Ара жік ашылды, әйтседе ара жіктің назария жүзінде ашылуы оның іс жүзінде қалай қалыптасуының ішкі табиғатын көрсетіп бергендік болып табылмайды. Көрсетіп беру үшін көз жетіп, көңіл иланатын нақты мысал, айқын сипаттар болуы керек. Олай болса осы бір өзекті мәселе – нақты мысалдар жағына ойыспақ.

Мысалды әуелі Абай өлеңдерінен, оның ішінде, біз сөз етіп отырған екі эстетика түйіскен, Абай аудармалары дейтін өлеңнен келтіргеніміз жөн. Жасырары жоқ, Абай аудармалары дейтін өлеңді біз аударма емес, Абайдың өз жасампаздығына қосамыз. Неге десеңіз, Абай бұл өлеңдерді аударуды мақсат етпеген. Өнер жарыстыруды, екі эстетиканы бәйгеге қосуды мақсат еткен. Атап айтқанда, классикалық қара өлең дәстүрін батыс дәстүрімен жарыстырған, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт дел-сал ғып, түн басады салбырап». Бұл өлең Гетеден Лермонотов, Лермонтовтан Абай аударды дейтін бір шумақ. Бұл шумақтың қара сөз ретіндегі түпнұсқа сөзі мына деңгейде: «Қатар-қатар тау шыңдары тас қараңғы түн тау шымылдығына ұйқыға батады, жым-жырт тау шатқалдары қою қараңғылық қойнына шомады». Демек, түпнұсқа айна қатесіз батыстың еліктеу дәстүрі. Обьектив дүние – тау және тау шатқалдары түн қойнына сұлық құлап жатыр. Ақын ойы обьектив дүниені аумаған қалпында алдыға жайып, қайта көрсетеді. Ал Абай өлеңі мұнан мүлде басқа, онда тауға да, түнге де жан біткен, «тау қалғып, балбырып ұйқыға батады», «түн даланы дел-сал ғып басып келеді». Обьектив дүние мен ақын арасында да түпнұсқадағы секілді екіұдай аралық жоқ, обьекты мен суьбекты мүлде тұтасып кеткен. Ақын – тау, ақын – түн. Демек, мұндағы қара өлеңнің сыршылдық дәстүрі, Абайдың бұл өлеңі дүние жарығын көрісімен әнге айналып бүкіл қазақ даласын шарлауы да сол кереметтің нәтижесі. Естіуімізше, сөз қадырын жоғары бағалайтын Гете жұрты, Абайдың осы өлеңін аса жоғары бағалап, қалпын құратпай көшіріп Гетенің музейіне қойған екен. Бұған Абайдың батыстың бір алып ақынымен өнер жарыстырғаны, бұлайша өнер жарыстырудың тіпті де тегін емес екені, батыстың еліктеу дәстүрінен классикалық қара өлеңнің сыршылдық дәстүрі орамды екенін Гетенің туған жұрты да абайлап отырғанын айқын аңғаруға болады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар