Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақ әдебиетіндегі мерейлі күндер тізбесі...

12.01.2023 5059

Қазақ әдебиетіндегі мерейлі күндер тізбесі 14+

Қазақ әдебиетіндегі мерейлі күндер тізбесі - adebiportal.kz

Әр жыл өзінің әдеби мерейтойларымен ерекшеленеді. 2023 жылы да қазақ әдебиетіне, жалпы руханиятына олжа салған көптеген айтулы ақындар мен жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдардың мерейтойларына бай жыл болатындығымен ерекшеленбек. 2023 жылы туғанына бір ғасыр толатын, өзге де мерейлі жасымен ерекшелетін шығармашыл тұлғалардың біршама жинақталған тізімін ұсынып отырмыз.

1 қаңтар. Көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың (1923-2000) туғанына 100 жыл толды. 
Бикен Римова қазіргі Жетісу облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. 1943 жылы Алматы театр училищесін бітірген соң Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа қабылданып, өмірінің соңына дейін осы ұжымда табан аудармай қызмет етті. Осы театр сахнасында қойылған М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, «Қаракөзіндегі» Маржан, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Жер-Ана, Н.Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина т.б. негізгі, күрделі рөлдерді жеріне жеткізе, тамаша сомдады. Сонымен қатар «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Шабандоз қыз», «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» қатарлы танымал көркемфильмдердегі жееткші рөлдерді ойнады. Өмірінің соңғы жылдары отандық тұңғыш телехикая «Тоғысқан тағдырларға» түсіп, Гүлбибі әже рөлімен көрерменнің көзайымына айналды.  Талдықорғандағы қазақ музыкалды-драма театры Бикен Римованың есімімен аталса, Көкшетау қаласындағы қазақ музыкалды-драма театры актрисаның жары, көрнекті драматург Шахмет Құсайыновтың атында. Бикен Римова сахна өнерімен қатар, қаламгерлікпен де шұғылданды. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша, «Абай-«Әйгерім» (1979), «Қос мұңлық» (1991) атты драмалық шығармаларын, өзінің өмірлік ұстаздары мен сахналас серіктері туралы «Өнердегі өнегелі өмірлер» (1997)  атты естелік кітаптарын кітабын жазған.

14 ақпан. Жазушы, аудармашы, зерттеуші Асхадулла Ғибадуллаұлы Хамидуллиннің (1923-2001) туғанына жүз жыл.

Асхадулла Хамидуллин 1923 жылы 14 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында дүниеге келген. Орта мектептті бітіріп, еңбекке араласар шағында Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1945 жылы майданнан елге оралған соң «Ленинская смена» (қазіргі «Экспресс-К»), «Казахстанская правда», «Индустриальная Караганда», «Сельская жизнь» газеттері редакцияларында, сондай-ақ Қазақ КСР Телевизия және радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет істеген. Қазақстан КП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1975–1985 жж. «Қазақстан» баспасында қызмет істеген. Асхадулла Хамидуллин қазақ пен татар әдебиеттері арасындағы байланысты дамытуға зор үлес қосты. Орыс, қазақ, татар әдебиеттері жөніндегі очерктері мен мақалалары жарық көрген. Татар классигі Ғабдолла Тоқай мен Абай шығармаларын зерттеп-насихаттаумен шұғылданды. Абайдың Қазан баспаларында жарық көрген туындыларын анықтауда көп еңбек сіңірді. Асхадулла Хамидуллин Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесінің, І.Есенберлиннің «Қатерлі өткел» романының теледидарлық инсценировкасын жасаумен қатар, аударма саласында да еңбек етті.  Ш.Усмановтың «Путь Легиона» (1973, 1975) повесін, А.Расихтың «Ямашев» романын татар тілінен орыс тіліне, А.Бәзілбаевтың публицистикалық очерктер кітабын қазақ тіліне аударған.

10 наурыз. Көрнекті кинорежисер, сценарист Сұлтанахмет Қожықовтың (1923-1988) туғанына жүз жыл. 
Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықов 1923 жылы 10 наурызда қазіргі Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1970), «Қыз Жібек» фильмі үшін 1972 жылы Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған. «Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен марапатталған. 

1938 жылы әкесі Қоңырқожа сталиндік зұлматтың жазықсыз құрбаны болады. Бала кезінен сурет салуға әуес болған Сұлтанахмет Қожықов 1940 жылы қазақ драма театрының суретші-безендірушісі болып қызмет жолын бастайды. 18 жасында майданға аттанады. 1941 жылы майданда жүрген Сұлтанахмет Қожықов республика үкіметінің шақыруымен кері оралып, Мәскеуден Алматыға эвакуацияланған Біріккен орталық студияға киносуретші болып жұмысқа орналасады. Григорий Рошаль түсірген «Абай әні» және басқа да фильмдерді көркемдеуге тікелей қатысады. Бұдан соң майдан жолын жалғастырып,Талғарда жасақталған әйгілі 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы құрамында соғысып, Мәскеуден Балтық теңізге дейін жеткен Сұлтанахмет Қожықов қатардағы жауынгерден гвардия капитанына дейінгі жорық жолынан өтеді. Соғыстан оралғаннан кейін шығармашылық жолын қайта жалғастырады. Мерзімді басылымдарда карикатуралары мен саяси тақырыптағы суреттерін жариялай бастады. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссер факултетін А.Довженконың шеберханасы бойынша бітірген. 1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, 1974 жылдан режиссер болып жұмыс істейді. Ол бірнеше фильмнің сценарийін жазған қаламгер. Атап айтқанда «Ана мен бала» (1955), «Біз Жетісуданбыз» (1958), «Егер біздің әрқайсымыз» (1961), «Шыңдағы шынарда» (1965), «Бізді танып қойыңдар!» (1985). Сұлтанахмет Қожықов түсірген «Қыз Жібек» фильмі қазақ кино өнерінің шыңы, ұлт руханиятының ұлы туындысы ретінде танылған.

15 наурыз. Ақын, жазушы, драматург Апбаз Қаражігітұлының (1923-2017) туғанына 100 жыл.

Апбаз Қаражігітұлы 1923 жылы 15 наурызда қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданының Сарысу аулында дүниеге келген. 1953 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітірген. Туған аулында колхозшы, колхоздың есепшісі, мектеп мұғалімі, директоры қызметтерін атқарған. 1942-1943 жылдары Қызыл Армия қатарында болып, майданда шайқасады. 1970-1984 жылдар арасында Қарағанды облыстық газетте тілші, Жезқазған облыстық газетінде бөлім меңгерушісі болған. 1984-1990 жылдары жезқазған балалар театрының әдеби меңгерушісі, 1990-1998 жылдары Қазақстан жазушылар одағы Жезқазған облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарған. Алғашқы өлеңдері Қарғанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде 1956 жылы жарияланған. «Жетім», «Тас жарған емен» поэма, балладалары 1958 жылы жарық көрген. «Ақмоншақ» (1976), «Шақпақ» (1978), «Әке дауысы» (1982), «Майқоңыр» (1988), «Қайран шеше» (1991), «Абыздар биігі» (2001), «Жанайқай» атты прозалық кітаптарының авторы. «Баубек», «Сәкеннің атылуы», «Махаббат азабы», «Қияндағы жалғыз үй» драмалық туындылары Жезқазғандағы Серке Қожамқұлов атындағы музыкалды-драма театрында сахналанған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2003). Ұлытау ауданының Құрметті азаматы. 

3 маусым. Қазақ ұлттық анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың (1923-2015) туғанына бір ғасыр.

Қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер, профессор оқытушы, қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Әмен Әбжанұлы Қайдаров 1923 жылы 3 маусымда Қарағанды облысы Нұра ауданы Жіңішке аулында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1941-1946 жылдары әскери борышын өтеген. 1951 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1965 жылы мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының мультипликация қоюшы суретшілері бөлімшесін мультфильмдердің қоюшы суретшісі мамандығы бойынша бітірген. 1966 жылы сценаристер мен режиссерлердің жоғары курстарын бітірген. 1951 жылдан республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында көркемдік редакторы, сын-сықақ «Ара»-«Шмель» журналында қызметкер, 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының мультипликация цехының негізін қалап, басқарған. 1975 жылдан Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы, 1983-1991 жылдар жүзінде Қазақстан Суретшілер одағының басқарма хатшысы болды. 1993 жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында анимация оқытушысы қызметін атқарды. 

Қазақтан шыққан тұңғыш қазақ мультипликаторы, ұлттық анимация өнерінің негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» (1967); «Құйыршық» (1969); «Жанар» (1972); «Күн сәулесінен пайда болған көжек» (1975); «Ақсақ құлан» (1968); «Қожанасыр – құрылысшы» (1970); «Қырық өтірік» (1978) қатарлы мультфильмдері тек қазақ балалары мен ересек көрермендеріне ғана емес, кезінде Кеңес Одағы мен алыс-жуық шетелдерге де кеңінен танымал болды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмі 1968 жылы Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде, 1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлдегер атанған. Ол Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан республикаларындағы тұңғыш мульфильм жасауға атсалысты. Қазақ руханиятының қазынасын байыту жолында өзіндік орны бар ерекше тұлға.

2 қазан. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушылардың бірі, жазушы Кемел Тоқаевтың (1923-1986) туғанына жүз жыл.

Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, өзге де медальдармен марапатталған. 

1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеттері редакцияларында әр жылдары жауапты қызметтер атқарған. 1960-1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы, 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болған.

Кеңес Одағындағы чекистік қызмет тақырыбына арналған оншақты кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Сондай-ақ «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» қатарлы пьесалар жазған. 1956, 1972, 1977, 1980 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші орынға ие болып, төрт мәрте лауреат атанған. 

Әр жылдары жарық көрген «Жұлдызды жорық» әңгімелер жинағы (1954), «Қыс қарлығашы» хикаяттар (1958), «Болашақ туралы ойлар» повестер мен әңгімелер жинағы (1972, 1975), «Түнде атылған оқ» повестер жинағы (1971-1972, 1976, «Қастандық» повесі (1971, 1972, 1975, 1976), «Арнаулы тапсырма» повесі (1965, 1968, 1976), «Сарғабанда болған оқиға» повесі (1975), «Таңбалы алтын» повесі (1977), «Соңғы соққы» романы (1981), «Солдат алысқа кетті» романы (1983), «Ұясынан безген құс» романы (1983) оқырмандарының сүйіп оқитын туындыларына айналған болатын. 

25 қазан. Көрнекті қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Тахауи Ахтановтың (1923-1994) туғанына жүз жыл.

Жазушы Тахауи Ахтанов 1923 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының, Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1940 жылы Алматы қаласына аттанып, осындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүріп, өз еркімен майданға аттанады. Алғашқы өлеңдері мен очерктері майдан газеттерінде жарияланады. 1948 жылы әскер қатарынан босап, елге оралған соң әдеби жұмыспен шұғылдана бастайды. 

Әр жылдары Қазақстан Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясында сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство», «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтерді атқарды.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Тәуелсіздік кезеңінде берілген Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болған.

Тахауи Ахтанов шығармашылық ғұмырында  проза мен драмутргия жанрларында өнімді еңбек етті. Алғаш баспасөз бетінде жарық көрген «Күй аңызы» әңгімесінен бастап «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» қатарлы романдар жазды. 1966 жылы «Боран» романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 

Драма саласында өнімді еңбек еткен қаламгердің «Боран», «Сәуле», «Ант», «Әке мен бала», Махаббат мұңы», «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» т.б. сахналық туындылары кезіндегі Кеңес Одағы құрамында болған біршама республикалардың театр сахнасында қойылды. Жазушы Тахауи Ахтанов сонымен қатар аудармамен де шұғылданды. Л.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тілінде сөйлетті.

29 қазан. Ақын, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың (1923-2017) туғанына 100 жыл.

Көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Маралды өңірінде дүниеге келген. Сегіз жасында әкесінен, он үш жасында анасынан айырылып, жастай жетімдік пен жоқшылықты көріп өседі. Алғашқы өлеңдері он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көреді. Он сегіз жасында мұғалімдер даярлайтын училище бітіріп, қызметке араласар тұста соғыс басталады. 1942 жылы Калинин майданында соғысады. Мұзафар Әлімбаевтың Кеңес Одағының батыры М.Ғабдуллинге арналған «Батырға» деген өлеңі 1944 жылы 17 сәуірде Балтық майданының «Жауға қарсы аттан» газетінде жарияланады. 1948 жылы армиядан елге оралған соң республикалық «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1958 жылы республикалық балалар журналы «Балдырған» журналы ашылғаннан бастап 1986 жылға дейін бас редактор болып қызмет атқарған.

Тұңғыш кітабы «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шыққаннан кейін өмірінде жетпістен астам төл шығармалары мен аударма кітаптардың авторы. 1982 жылы «Аспандағы әпке» жыр жинағы үшін республикалық Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. ҚР Әнұранынан бастап, жүз сексеннен астам әнге сөз жазған, ақынның туындылары әлемнің жиырмадан астам елінің тіліне аударылған. 

13 желтоқсан. Журналист, жазушы Әскен Нәбиевтің (1923-2012) туғанына 100 жыл.

Қарымды қаламгер Әскен Нәбиев 1923 жылы 13 желтоқсанда Ақмола облысы Алексеев (қазіргі Ақкөл) ауданы Қына аулында дүниеге келген. 1941 жылы орта мектепті бітірген соң майданға аттанған. Сталинградты қорғаған 62-армия құрамында соғысып, ауыр жараланған. І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен наградталған. Елге оралған соң мектепте мұғалім, кеңестік партия қызметкері болып жұмыс істейді. 1947 жылдан бастап журналистік қызмет жолына түседі. Ақмола облыстық және Тың өлкелік газет редакцияларында әдеби қызметкер, меншікті тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағы Целиноград (Ақмола) бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болып қызметтер атқарған. «Перзент» атты тұңғыш әңгімелер жинағы 1959 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. «Гүлзи» (1965), «Шолпан» (1969), «Ауыр апталар» (1972), «Бейтаныс бойжеткен» (1977), «Қанат қаққанда» (1979), «Бел-белестер» (1981), «Шынығу шағы» (1984), «Алдыңғы толқын» (1987), «Қала ортасындағы қамал» (1992), «Алақайғы» (1993), «Майдан әңгімелері» (1998), «Шерулі жылдар» (2001) т.б. кітаптары жарық көрген. 

15 желтоқсан. Ақын, журналист, ғалым Әбулақап Райымбековтың (1923-2012) туғанына жүз жыл. 

Қаламгер Әбулақап Райымбеков 1923 жылы 15 желтоқсанда қазіргі Ұлытау облысының Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» кеңшарында туған. Орта мектептен кейінгі қызметін 1939–41 жж. Қарсақбай аудандық мемлекеттік банк бухгалтерлігінен бастаған. 1940 жылы облыстық газетте «Есембектің әңгімесі» атты тұңғыш очеркі жарияланады. Шығармашылық қызметін 1941 жылы бастап, 1948 жылға дейін Жезқазған аудандық «Қызыл кенші» газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшысы, редакордың орынбасары болып жұмыс істейді. 1948-51 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің әдеби қызметкері, 1952 жылы Жезқазған кенішінде шахтада жұмысшысы болып істейді. 

Әбулақап Райымбеков 1958 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімін бітіреді. Осыдан кейін оқытушылықпен шұғылданып, Ұлытау ауданының «Шеңбер» кеңшарында, Жезқазған кенішіндегі орыс орта мектебінде, кәсіптік училищеде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1963 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасына түсіп, «Жұмысшы табы қазақ поэзиясында» деген тақырыппен 1966 жылы филология ғылымдарының кандидаттығы үшін ғылыми диссертациясын қорғайды. 1966-1986 жылдары Өзбекстан астанасы Ташкенттің Низами атындағы пединституты қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде ұстаз, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің доценті болды. «Жез қазғандар», (1961), «Тау ұлы» (1963), «Жездария» ( 1969), «Құрыш білек» (1975), «Құштар көңіл» (1983), «Жұлдыздарым» (1989), «Кешіккен махаббат» (таңдамалы, 1991), «Арман махаббат» (Таңдамалы, 1995) қатарлы жыр жинақтарының, «Қазақ поэзиясындағы жұмысшы бейнесі» (1971), «Жұмысшы мәртебесі» (1980) монографиялық еңбектердің авторы.

17 желтоқсан. Көрнекті қаламгер Өтебай Қанахин (1923-1990) дүниеге келді. 

Жазушы Өтебай Қанахин 1923 жылы 17 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, Тәуіп аулында дүниеге келген. Жастай ата-анасынан жетім қалып, 1932-37 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген. Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі интернатын бітірген соң Ақтөбе қаласында педагогикалық курсқа түсіп, 1940 жылы аяқтайды. Ақтөбедегі оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түсумен қатар, Ырғыз ауданында ұстаз болған. 

Соғыс басталғанда майданға аттанып, 1941-45 жж Ұлы Отан соғысына қатысып, 1953 жылға дейін Армия қатарында болады. Елу төртінші жылдардан әдебиетке араласа 1953-1960 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бастаған. 1960 жылы ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітіреді. 

1963-1966 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактор, 1966-1969 жылдары Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1969-1970 жылдары «Жалын» альманахының алғашқы бас редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі, 1975-1982 жылдары Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық редакциялық алқасының бас редакторы қызметтерін істеді. 

 «Екі кездесу» атты алғашқы әңгімесі 1947 жылы жарық көрді. «Ауыр күндер», «Мұрагер» (1958), «Көл жағасында» (1960), «Маздақ» (1964), «Тұңғыш махаббат» (1966), «Жас дәурен» (1966), «Жер басып жүрсем» (1968), «Дәмелі» (1962), «Жүрек қалауы» (1974), «Бақыт бәйшешегі» (1976), «Құдірет» (1979), «Қарт сарбаз хикаясы» (1986), «Ата қоныс» (1990), т.б. кітаптары жарық көрген. 

Аударма саласында еңбектеніп, М.А.Шолохов, А.М.Кожевниковтердің повестерін қазақ тіліне тәржімалады.

2023 жылы 100 жылдығы атап өтілетін қаламгердің бірі – Райымқұл Әбутәліпов.

Райымқұл Әутәліпов 1923 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданының Тоқты аулында дүниеге келген. Мектепте жүргенде өлең жазумен шығармашылық жолын бастаған. 1943 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, аяқтағаннан кейін Ақмола, Қарағанды облыстық газет редакцияларында, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, мектеп директоры, Алматы радиохабарлары торабының тілшісі қызметтерін атқарған. Қарағандыдағы облысаралық Жазушылар одағының қазақ әдебиеті секциясын басқарған. 1959-1961 жылдары КСРО Жазушылар одағы жанындағы Жоғары әдебиет курсты оқып тәмамдаған. «Әке досы» (1956), «Алтын жемісті алқап» (1959), «Қыр әңгімелері» (1961), «Той тарқар» (1965) атты еңбектері жарық көрген.

Жоғарыда тоқталып өткен қаламгерлердің ғасырлық мерейтойларынан өзге 2023 жылы отандық қаламгер үшін мынадай елеулі даталы күндер бар:

  • Түркі жұртының ұлы ойшылы, сопылық ілімнің түркілік бағытының негізін қалған көрнекті діни қайраткер, ақын Қожа Ахмет Яссауидің туғанына – 930 жыл.
  • Әйгілі жырау Бұқар Қалқаманұлының туғанына – 330 жыл.
  • Күрескер ақын, жырау, күйші, Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл. 
  • Әнші, сері, ақын Ақжігіт (Ақан) Қорамсаұлының туғанына – 180 жыл. 
  • Ақын Сара Тастанбекқызының туғанына – 170 жыл;
  • Ойшыл ғұлама, ақындар Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына – 165 жыл;
  • Ақын Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлының, “Алаш” қайраткері, фольклортанушы, ағартушы Отыншы Әлжановтың туғанына – 150 жыл;
  • Ақын Тайжан Қалмағамбетовтің, ағартушы ұстаз, жазушы Спандияр Көбеевтің  туғанына – 145 жыл; 
  • Ақын Арғынбек Апашбайұлы, ақын аудармашы, педагог Бекет Өтетілеуов, «Алаш» қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедовтердің туғанына – 140 жыл;
  • Ақын Көдек Байшығанұлының туғанына – 135 жыл;
  • Қоғам қайраткері, ақын, драматург Біләл Сүлеев, «Алаш» қайраткері, аса көрнекті ақын, педагог жазушы Мағжан Жұмабаев, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың туғанына – 130 жыл;
  • Мемлекет қайраткері, қаламгер Темірбек Жүргенов, абайтанудың негізін қалаушылардың бір, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ыдырыс Мұстамбаевтардың туғанына – 125 жыл;
  • «Торғайдың топжарғаны» атанған әйгілі ақын Нұрхан Ахметбековтің, күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлының, лингвист ғалым Сәрсен Аманжоловтың туғанына – 120 жыл;
  • Көрнекті ақынТайыр Жароков, жазушы Хамза Есенжановтың туғанына – 115 жыл; 
  • Жазушы, аудармашы Рахметолла Райымқұлов, ақын, аудармашы Құланбай Көпішев, ақын, драматург, сыншы Қалижан Бекхожин, әдебиет зерттеуші ғалым Әбіш Жиреншиннің туғанына  – 110 жыл;
  • Жазушы, журналист, аудармашы Ісләм Жарылғапов, әдебиеттанушы ғалым Ханғали Сүйіншәлиев, ақын, әдебиеттанушы Қайнекей Жармағамбетов, майдангер жазушы, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің туғанына – 105 жыл;
  • Филолог ғалым Рахметолла Ыдырысов, қаламгер, журналист Нәбиден Әбуталиев, жазушы, дараматург Қалтай Мұхамеджанов, әдебиеттанушы ғалым Зәки Ахметов, көсемсөзші ғалым, жазушы, аудармашы Жұмағали Ысмағұлов, лингвист ғалым Кәкен Аханов, ақын Қауия Арысбайұлы, қырғыздың көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтардың туғанына – 95 жыл;
  • Жазушы Ахан Нұрманов, қаламгер қайраткер Дүйсенбі Әріпов, ақын Естеу Нүсіпбеков, ақын, педагог, Жәнібек Кәрібозин, ақын Кәп Құмарұлы, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов, журналист жазушы Уахап Қыдырханұлы, жазушы драматург Әкім Таразидің туғанына – 90 жыл (90 жаста);
  • Ақындар Өтежан Нұрғалиев, Сәкен Иманасов, Имашхан Байбатырұлы, Сейфолла Оспан, Абдрахман Асылбек, Ермек Өтетілеуов, Жарылқасын Аманұлы, эстет жазушы Асқар Сүлейменов, зерттеуші ғалым Балтабек Ерсәлімов, жазушылар Есенжол Домбаев, Жұмамұрат Тұяқбаев, әдебиеттанушы ғалым, ақын Медеубай Құрманов, жазушы Оразбек Сәрсенбай, Мәди Хасенов, журналист, жазушы, баспагер Нұрмахан Оразбек, жазушы, қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатай, ақын, прозаик, драматург Сүйеніш Қомшабай, жазушы, педагог Қажығалым Мұқанов, Төлен Қаупынбайұлы, филолог ғалым Қабидаш Қалиасқарұлы, жазушы драматург Өтен Ахметовтердің туғанына – 85 жыл (85 жаста);
  • Жазушы, драматург Оралхан Бөкей, Жазушы, драматург Алтыншаш Жағанова, ақын, филолог ғалым Бақыт Кәрібаева, ақындар Шәкен Күмісбайұлы, Әуесхан Нұрғожақызы Рафаэль Ниязбеков, Пернебай Дүйсенбин, мәдениеттанушы, жазушы Мұрат Әуезов, жазушы Сейітқазы Досымов, жазушы, баспагер Серік Әбдірайымұлы, журналист, жазушы Қалибек Алтыбаев, Әлсейіт Ақпанбетұлы, жазушы, аудармашы Құрманғазы Қараманұлының, жазушы Жанат Ахмадидің туғанына – 80 жыл (80 жаста);
  • Өлкетанушы, әдебиеттанушы Абдулла Жұмашев, жазушы Баққожа Мұқаи, ақын Жарасқан Әбдірашев, Жұмагүл Солтиева, Жадыра Дәрібаева, әдебиеттанушы ғалым Жанғара Дәдебай, жазушы, журналист, ғалым Уәлихан Қалижан, ақын, аудармашы, ғалым Маханбет Жүнісұлы, журналист, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы Марат Қабанбайдың туғанына – 75 жыл (75 жаста);
  • Жазушы Арасанбай Естен, , ақын Бақыт Қайырбеков, жазушы, этнограф ғалым Биқұмар Кәмалашұлы, ақын, айтыскер Есенқұл Жақыпбеков, жазушы Серік Байхонов, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, жазушы Төкен Әлжантегі, жазушы, аудармашы Ғалымжан Мұқанов, ақын, жазушы, журналист Қорғанбек Аманжол, жазушы Оңалбек Кенжебеков, ақын, журналист Әмзе Қалмырзаев, ақын, қоғам қайраткері Арон Атабектің туғанына – 70 жыл (70 жаста);
  • Ақындар Қасымхан Бегманов, Ғалым Жайылбай, Шәмшия Жұбатова, Сайлау Байбосын, Мәди Қайыңбаев, Әбубәкір Қайран, Сұраған Рақметұлы, Бақытбек Бәмішұлы, Гүлнәр Шәмшиева, Жүкел Қамайұлы, Құрал Көмекұлы, Ғазиз Ештанаев, жазушы Тоқтарбек Мағзұмов, жазушы, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың туғанына – 65 жыл (65 жаста);
  • Жазушылар Асқар Алтай, Дүкен Мәсімхан, ақындар Бауыржан Жақып, Гүлнар Салықбай, Қуаныш Мақсұтов, Ғалым Қалибекұлы, Керім Елемес, филолог ғалым, қоғам қайраткері Ермек Аманшаев – мерейлі 60 жасқа толады.

Сондай-ақ 2023 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінің шыққанына  110 жыл және «Жас қазақ» журналының шыға бастағанына 100 жыл.

Қоян жылы жақсылыққа, қаламгерлердің мерейтойлары қуанышқа толы болсын!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар