Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қазақ әдебиеттануының бастауы...

09.02.2022 3966

Қазақ әдебиеттануының бастауы 12+

Қазақ әдебиеттануының бастауы - adebiportal.kz

ХХ ғасыр қазақ елі үшін тарихта түрлі қайшылықтарға толы ауыр кезең болғаны мәлім. Кеңес қоғамына қатысты мәселелер сан алуан ұлттың ой-пікірі өсуіне, әлеуметтік жағдаяттарға қатысты көзқарасының еркін қалыптасуына ықпал етті. Дәл осы кезеңде қазақ зиялылары ұжымдасып баспасөз шығарып, социалды ойларын бөлісіп, халықты жаппай сауаттандыруға алғашқы қадам жасады. Әдебиетке ғылыми баға беру дәуірі де осы уақыттан басталған секілді. ХХ ғасырдың алғашқы бастауындағы əдеби-теориялық көзқарастың баюына баспасөз беттеріндегі түрлі жанрдағы шығармалар, сол әдеби туындыларға қатысты жазылған рецензиялар мен пікірлер зор әсер еткен. Бұл қадам филологиялық білім мен ғылымның дамуына жəне теориялық түрлі көзқарастар, түсініктер мен ұғымдардың қалыптасуына жол ашқан. Қазақ баспасөзіндегі түрлі мақалалардың жариялануы қараша халықтың ұлт мәдениетіне, әдебиетіне деген қызығушылығын оятқан.


Ғұмар Қараш «Тіл-әдебиет» атты мақаласында «бізде әдебиет бар ма, бар болса ол қандай әдебиет?» деген сауал төңірегінде ой қозғаған. Бұл сауалға Әлихан Бөкейханов «Мұсылман сьезі» атты мақаласында жауап береді. Мақалада: «Қазақ тілінде кітап жазып, газет, журнал жариялап бастауымыз осы соңғы 3-4 жыл көлемі ғана. Нақты түркі тілінде сөйлейтін халық – қазақ халқы», – деп Абай, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан тағы басқа ақындардың 18 мысал өлеңін келтірген. «Осындай ғұлама ақындары бар, тату отырған 5 миллион қазақ хақының тілі қалайша жойылмақ?», - деп өз ойын білдіреді.


Баспасөз беттеріне қазақ жазба əдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаев шығармашылығына арналған бірнеше мүнәһиб жарық көрген. Әдеби-тарихи зерттеудің негізгі қайнар көзі ретінде «Абайтану» ғылымы басты нысанаға алынған. Қазақ зиялыларының көшбасшысы Әлихан Бөкейханов 1903 жылы Петербургте басылып шыққан «Россия. Біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» атты көп томдықдықтың 18 томы «Киргизский край» деп аталған кітапта Абайдың көзі тірісінде қазақтың жаңа әдебиетінің басы деп баға береді. Абай туралы: «Енді қырғыз поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі ретінде Құнанбаевты - формасы жағынан айрықша және мазмұны жағынан (әсіресе топтағы бейнелеуде) арынды көптеген өлеңдердің авторы деп атауға болады», - дейді. Ары қарай Абайдың «Евгений Огегин» және Лермонтовты аударғанын, оны қазақтар жылы қабылдап, ән қылып айтып жүргенін айтады. Ә.Бөкейханов Абай қайтыс болғанда алғаш рет ақынның автобиографиясын «Семипалатинский листок» газетінде жариялаған. Әрі 1909 жылы Петербургте Абай Құнанбайұлы еңбектерінің жинақ боп басылуына көмектескен.


А.Байтұрсынұлы Абай өлеңдерімен 1903 жылдан бастап таныс болғанын өз жазбаларында айтып өтеді. Таңданысын жасыра алмай, Абай өлеңдерінің өзі бұрын оқыған дүниелерге еш ұқсамайтынын жазады. А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған. Мақалада Абайдың кімдерді ұстаз тұтқаны, кімдерден үлгі алғаны туралы айтылмаса да, оның өскен ортасы туралы айтылады. Кез келген қалам ұстаған ақынның бойындағы шеберлік, сыншылық, білімділік болуы керек екенін ескертіп, «Абайда осы үшеуі де барын дәлелдейді. А.Байтұрсынұлының Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп атауын кезінде ойдағы-қырдағы қазақтың бəрі дұрыс көрді, осылай санады, қолдады деп айта алмаймыз. Себебі Абай шығармашылығымен бүкіл қазақ атаулы толықтай таныс емес еді. Һакім орыс халқының көрнекті ақындарын көп оқып, орыс əдебиетін зейінмен тыңдағаннан кейін «өлең» атты патшалықтың құндылығына басқаша сыни көзбен қарай бастағаны сөз етіліп, «Орыстарға жолықпаса, бəлкім, сол күймен кетер ме еді?! Қандай асылдар тумас еді!?» – деп жазады.


А.Байтұрсынұлы көркем шығарма, өлең жазатын адамның ерекше үш қасиетін атап көрсетеді. Сөз жазатын адам əрі жазушы да, əрі сыншы бола білуі керек екенін айтқан. Ол қасиеттер мынандай:

1.Сөздің шырайлы, ажарлы болуы – ой шеберлігінен.
2.Ұнамды, орынды, дəмді болуына сыншылық керек.
3.Мағыналы, маңызды болуына білім керек.

Ал, Абай өлеңдерінің бойында үш қасиеттің де барын айтады. Абай өлеңдерінің жаңашылдық жəне реалистік мəнге ие екенін А.Байтұрсынұлы ауқымды түрде зерттеген, және: «Абай шығармашылығы өз заманындағы қатарлас ақындардың өлеңдерінен өзгеше əрі үлкен құндылыққа ие, ерекше үлгіде. Əр сөзде терең мағына жатқаны бірден сезіледі. Əр өлеңнің ішкі əлемі ерекше сырлы, түп тамыры тереңінен жайылған», - деп баға берген. Қалың қазақ қауымына Абай Құнанбаевтың шығармашылық өнері алғаш рет осы мақала арқылы кең түрде танылған.


Міржақып Дулатов та әдебиетіміздің биігі деп, оқырманды Абай шығармашылығымен таныстыру мақсатында «Ибраһим ибн Құнанбаев», «Қазақ ақыны», «Абай», «Хазірет Сұлтан» атты мақалалар жариялаған. «Абайды білмеген халықтың осал тұсы көбейеді, басқа ұлттармен əдебиет жөнінде теңесе алмай қалуы ықтимал. Əдебиет-жанның азығы, онсыз халық құриды, Абайды жете оқу, оның шығармаларын насихаттау болашақ ұрпақ үшін аманаттай дейді де, аманатқа қиянат жасамау - ұлт алдындағы борышымыз!»,- дейді М.Дулатов мақаласында.


Абайдың туындыларының қымбаттылығы еш құнмен өлшенбейтіні де анық. Мүмкін, бұдан кейін де небір шығармаларымен көзге түсерлік ақын мен жазушыны көзіміз көрер, дегенмен, оның бастауы – Абай болып қалатыны сөз таластырмай-ақ айшықталғаны рас. Ең қадірлі орынды тек Абай алады. Қазақ əдебиетіне өзінің нұрын төгіп, сəулесін түсірген шоқ жұлдыз – Абай»,- дей келе, көптеген əдебиетте биіктерді бағындырған ақын-жазушылар əдебиеттің қыр-сырына үңілгісі келген əрбір жан осы Абай келген сəттегі кезеңнен бастап зерттегені дұрыс болатынын ұсынған. М.Дулатов зерттеу нысаны етіп бүкіл қазақ поэзиясын алмаса да, өнер əлеміндегі «өлең» атты тылсымның адамның сана-сезіміне, ойына əсерінің барын, əр өлеңнің түрлі тақырыбына сай, халықты татулық пен бірлікке, ынтымақтастыққа, мейірімділікке, білімділікке баулитынын көрсетеді. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңінен шағын үзіндіні келтіріп, қазақ əдебиетіне əлемдік əдеби көзқараспен сын айтады.

Қазақ арасында аты кең таралып, халықты түрлі мәселелермен таныстырып отырған «Айқап» журналында С.Торайғыровтың «Өлең һəм оны айтушылар» жəне «Қазақ тіліндегі өлең кітаптар жайынан» атты мақалалары жарық көрді. Ол мақалаларда «Зарқұм», «Сал-сал» атты əдеби туындыларға сыни көзқараспен қарап, ендігі әдебиет Абай бастаған жолмен жүруі керек екенін айтады. С.Торайғыров: «Тілімізде жаңа өнерлі тілді қалыптастырып, дамытайық. Ал, оны бізге өнерлі етіп қалдырған – Абай. Ұлы ақынымызлан зор өнеге ала отырып, нағыз тілдегі тазалықты көркем түрдегі құндылыққа бай қазақтың ауыз əдебиетінен, санаға қонымды тапқырлардың шешендік сөздерінен алайық!»,- деген пікір білдіреді. Сұлтанмахмұт өз мақаласында Абайға дейін өмір сүрген ақындар мен онан кейінгі ақындардың шығармашылығын салыстыра зерделейді. Мақалада Абайдан кейінгі жас буынның өлеңдері өзгеше екенін айтады.
Қазақ поэзиясының дамуына, шарықтау шегіне терең шолу жасалынған. Өткен ғасырдың соңындағы əдебиетте көңілге жағымды, ойға түйерлік, санада өз орнын қалыптастырып, адамның жүрегіне жол табатындай, биікке шарықтаған керемет өлеңнің əлі де болса, аздық ететінін С.Торайғыров айтып жеткізді. Осы тұста «Ақырет», «Əдебиет өрнегі» атты өлеңдердің бірнеше үзінділерін басты нысанаға ала отырып, кеңінен зерттеу жасай келе, теориялық тұрғыда сыни көзқарасын сұрақ арқылы көрсетіп баяндады. С.Торайғыров жаңа əдебиет пен бұрынғы əдебиетті салыстыра отырып, өлеңдегі қоғамдық өмір көрінісін нақты сипаттайтындай, негізгі өзекті мəселелерді көркем түрде халыққа жеткізе білетіндей, идеялардың жаңаша түрде болуын, тақырыптың нақты мəні мен мазмұны айшықталуын, əр жазылған туындының сенімді түрде «өлең» жəне «өнер» деген атауға лайықтылығын талап етті.


«Өлең һəм оны айтушылар», «Жаңа кітап» сынды мақалаларында С.Торайғыров өлең мен өнертану салаларындағы теориялық жəне əдеби көзқарастарын терең баяндайды. Бұл əдебиет пен поэзияның ғылыми жəне теориялық түрде зерттеу нысанына толықтай айналғанын көрсететін мақалалар. М.Дулатов пен С.Торайғыровтың мақалалары сол кезеңдегі баспасөздерде жариялануының мəнісі терең еді. С.Аққұлұлы «Арысұлы» бүркеншек есімінің иесі Ə.Бөкейханов екенін нақты дəлелдерімен баршаға дəлелдейді. «Білім жарысы» деген атауға ие мақалада А.Байтұрсынұлы жанрлық өркендетуден тысқары халықты өркениетті елдердің əртүрлі озық дəстүрімен таныстыруға шақырған. А.Байтұрсынұлы Еуропа елдерінде түрлі ақындар мен жазушылардың, елдегі елеулі орындары бар тұлғалардың өз ұлтының əдебиетінің кеңінен таралып, жоғары дəрежеде дамуына қандай істерді жүзеге асырып, түрлі шараларды атқарып жатқанын тілге тиек ете келе, еліміздің басшылары мен жоғарғы ауқатты билік иелеріне осы істі қолға алып, дамытуды ұсынады. «Бұндай игілікті істі атқарудағы біздің айтайын дегеніміз: білімді дамыту əр жұрттың қолынан келетін дүние,білімді дамытуда жарысу өте маңызды, қазақтың да жасай алатын ісі», - деп бұл дүниенің атақ пен байлыққа негізделмегенін, тек халыққа қызмет көрсету барысындағы игілікті харекет екенін анығынан түсіндіріп берген.

Бұл бастаманы қазақ меценаты Ахмет Оразаев қолдай отырып, білім жарысында бəйге тігетінінен баршаны хабардар етеді. Қуанышты хабарды толықтай түсіндіру мақсатымен А.Байтұрсынұлы «Білім жарысы хақында» атты мақаланы тағы да жарыққа шығарады. Бастама көпшіліктің көңілінен шыққан соң, Ə.Бөкейханов «Роман деген нə нəрсе?» атты мақала жазған. Автор мақаласында роман деп жазатын туындыға қызыққан оқырманға романның ішкі жəне сыртқы көрінісіндегі маңызды, назарға алу керек нысандарын толықтай баяндап берген. Роман жанрының əдеби-теориялық ерекшелігін қалың қазаққа тәптіштеп жазған.


Мақалада орыстың атақты жазушылары В.Теккерей, А.Пушкин, Л.Толстой сынды тұлғалардың роман жазу арқылы халыққа танылғанын айта келе, ол романдардың халыққа не бергенін жазады. Тереңіне үңілу негізінде Л. Толстойдың «Соғыс жəне бейбітшілік» атты романдарымен таныстыра отырып, əдеби-теориялық шағын сипаттама жазған. Ə.Бөкейханов Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романын алғашқы қазақ романы деп есептеген. Автор роман жанрындағы кейіпкерлер мінезімен, эстетикалық жəне тəрбиелік мазмұнмен сабақтастыра зерделеген.

Қазақ баспасөзіндегі қазақ поэзия жанрын әдеби-теориялық ой тұрғысынан көрсеткен жоғарыдағы мақалалар ұлттық әдеби-теориялық түсінігін, көркем шығарма көркемдігін, жанрлық табиғатын, идеясын, түр мен мазмұн сәйкестігін, тәрбиелік, эстетикалық маңызы тәрізді ұғым-түсініктерді нақтылай айта бастағанын анық білуге болады. ХХ ғасыр басындағы әдеби-теориялық ой-пікірдің ғылыми ізденістері туралы айтқанда қазақ әдебиеттануындағы жеке ақын шығармалығына теориялық талдау жасай отырып, ғылыми-зерттеушілік пайымдаулар жасғанына дәлел ретінде екі еңбекті айтпай кету әбестік болар. Олар М.Жұмабаевтың «Ақан сері сөздері», Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы» атты зерттеу мақалалары. Мақалалар – қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық ұғымдар мен түсініктерге талдау жасаудағы алғашқы теориялық бастамалар.


М.Жұмабаев Ақан сері поэзиясының тақырыптық-идеялық, көркемдік ерекшелігін, өлеңі мен тіл көркемдігін талдай келе, Ақан өлеңдері бес топқа бөлінеді. Олар сықақ, ғашықтық, айтыс һәм мақтау, сопылық, қазақ қайғысы туралы өлеңдер деп аталған. Бұл өлеңдер таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас тергеу жағынан басқа өлеңдерінен көп төмен дей келе, бірақ, бұл төмендікті оның азаматтығы басып кете аларлық», - деп пікірін білдіреді. Тұманды дәуірдің ұлы Ақан өмірінің жалпақ елге жат жұмбақ болуының сыры өмір сүрген дәуірінде екенін, өлеңді өз өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек екенін айтқан.

Ғалым Д.Ысқақов «Сын шын болсын» еңбегінде мақаланы сын сөздердің ғылымилығы, тарихилығы жағынан қарай келіп, ғылыми сипаты айқын көрінетін сын деп табады. Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы» мақаласы Мағжанды «ескішіл», «кертартпа ұлтшыл» деп тапшылдар сынап жатқан кезде ақынға арашашы ретінде жазылған құнды еңбек. «Маркс не дейді?» атты мақаланың бөлімінде ақын және әлеуметтік орта мәселесін ғылыми негіздеп алуы да сондықтан болса керек. Ж.Аймауытов Мағжан шығармашылығын өмір сүрген заманның тарихи шындығы тұрғысынан қарастырып, қоғамдық әлеуметтік ортасымен байланыстыра білген және әдеби-теориялық ой-пікірге сүйенгене отырып, ғылыми мақала жазған.

Ж.Аймауытов Мағжан поэзиясының ұлттық, халықтық сипаттарын ғылыми саралап көрсетеді. Осыған дейін әдеби-теориялық ой-пікір бұл ұғымдарды жеке ақын шығармашылығына орай ғылыми терең зерделей алмай, тек сөз арасында ғана айтып жүрген болатын. Қазақ әдебиеттану ғылымының туу кезеңіндегі әдеби-теориялық ой пікірдің көрінісі ретіндегі мақаланың басты құндылығы да осы жеке ақын шығармашылығының ұлттық сипатын ашу болатын. Мағжанның «кедейдің ақыны емес, ел ақыны, ұлтты жалпағынан алып қарайтын», халықшыл ақын екенін дәлелдеу – мақаланың бүкіл желісінің өзегі болуы да сондықтан болар. Ж.Аймауытов «Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнешілдеріне (символист) еліктесе, ішкі рухында күйреуіктік-жылауықтық, романтизм болған. Сентиментализм көбінесе, әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырасады», – дей келіп, осылардың әрбіреуіне нақты мысал келтіре отырып көрсетеді.

Автор Мағжан өнеріне маркстік-лениндік тұжырым тұрғысынан қарап отырғандықтан да санашылдық (идеализм) пен күйректік (сентиментализм) ағымдарының белгілері енді жаңа дәуірдегі көркемдік дамуда кеңестік идеологиямен тіл табысып дами алмайтынын көрсетіп отыр деп ұғынуымыз ләзім. Ж.Аймауытов мақаласында Мағжан өлеңдерінің көркемдік ерекшелігін, тілін, түрін, стилін талдай отыра, біртуар ұлы ақынның қазақ әдебиетіне енгізген жаңалығына, әсіресе, өлең техникасын жетілдіруге сіңірген еңбегін баса айтады. «Жаңа өлшеулер шығарды», «тіл ұстартты» дегенде ақынның суреткерлігін ашу мақсатында мынадай пікір білдіреді. «...ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан. Мағжан тыңнан 8-9 жаңа өлшеу туғызды, бәрін бірдей санаудың қажеті жоқ сияқты. «Сап-сары боп», «Біраз Фетше», «Шылым», «Александр Блок», «Мені де, өлім, әлдиле», «Күншығыс» тағы басқа өлеңдер Абай өлшеуінде жоқ. Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы көп, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан келтірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты», – деп жазады.


Жалпылама алғанда, сол ғасырда ұлтымыздың әдебиеттану ғылымында әдеби-тарихи, әдеби-теориялық, әдебиет сыны бағытында жазылған зерттеулерді сапалық және сандық жағынан көркейту мәселесі алдағы мақсат екенін қалам қайраткерлері ұқты. ХХ ғасыр басында жазылған мақалалардағы әдеби-теориялық пікірлер мен ізденістерді зерделей келе қазақ әдебиеттануында әдебиет теориясына қатысты жүйелі еңбектің керектігін уақыттың өзі қажетсінді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар