Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Қазақ" газетіне 110 жыл...

24.03.2023 8661

"Қазақ" газетіне 110 жыл 14+

"Қазақ" газетіне 110 жыл - adebiportal.kz

Газет – ақпарат алмасудың тиімді құралы ретінде адамзат қоғамына қызмет етіп келе жатқан мерзімді басылым. Алғашқы бастауы сонау Ежелгі Шығыс қалаларындағы хан жарлықтарын ілетін хабарландырулардан, Ежелгі Римдегі қаладағы маңызды жаңалықтардан құлағдар ету үшін жаңалық парақтардан бастау алды дегенімізбен, газеттің қазіргі форматтағы алғашқы үлгісі – 1605 жылы Страсбургте неміс тілінде жарық көрген «Relation: Aller Fürnemmen» («Қарам-қатынас пен ұмытылмас тарих») болып саналады.

Ал қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш газет – 1870 жылы Ташкентте басылған «Түркістан уәлаятының газеті». Орыс тіліндегі «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде айына төрт рет екі тілде жарық көрген. Қазақша екі, өзбекше екі саны шығарылып тұрған газеттің жалпы бағыты – Патшалық Ресей билігінің жергілікті өлкедегі саясатын жүзеге асыру мақсатындағы түрлі ресми ақпараттар, қаулы-қарарлар, бұйрықтар, шаруашылық жүргізуге қатысты жарияланымдарға қоса, ішінара жергілікті халықтардың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті туралы зерттеу мақалалар да болыпты. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» т.б. газеттер – қазақ баспасөзі туып қалыптасуының алғашқы баспалдағы саналады.

«...газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды», - Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтын ұйыстыратын ақпарат құралы – мерзімді басылымның қажеттігі туындады. Бұған алғышарт та дайын болатын. Осы тұста Ресей мен Еуропа мемлекеттерінен білім алған қазақ зиялыларының қарасы молайып, үлкен күшке айналды. Тек қазақ ғана емес, жалпы түркітілдес мұсылман халықтары арасында жәдитшілдік кеңінен өріс алды. Сонымен қоса, бұған дейін түркітілдес мұсылман халықтарына ортақ жазу тілі түрки-татарша болып келгенімен, әр ұлт зиялылары өз ұлтының тілдік ерекшелігіне негізделген әліпби жасауға ұмтылысты бастап кеткен болатын. Қазақ тіліндегі тұңғыш газет – «Қазақ». 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласында, Каримовтар мен Хұсайыновтар баспасынан жарық көрді. Қазақ халқының қоғамдық өмірінде, ұлттық санасы өсіп дамуы тұрғысында үлкен рөл атқарған «Қазақ» газеті 1918 жылдың 26-қыркүйегіне дейін шығып тұрды. «Қазақ» газеті – қазақ ұлтының әліпбилік дербестігін қамтамасыз етудегі алғышарт нұсқаның бірі болды дей аламыз. «Қазақ» газеті сол кезеңдегі жалпы мұсылман түркі жұртына түсінікті қаріпте басылып шығып тұрды.

Шығару жолындағы үлкенді-кішілі қиындықтармен басталған «Қазақ» газетінің редакторы (өзі бас жазушы атаған) Ахмет Байтұрсынұлы, шығарушысы Мұстафа Оразаев және «Азамат» серіктестігі болған. Дәуірлеп тұрған шағында «Қазақ» газетінің тиражы 8 мың данадан асып, Қазан, Уфа, Мәскеу, Томск, Петербургтегі қазақтармен қатар Қытай мен Түкриядағы қандастар да алдырып оқитын болған. Газетті қаржыландыру оған жазылушылар, демеушілер, жарнама берушілер мен баспагерлердің мүшелік жарналары есебінен жүргізілген.

«Қазақ» газеті форматы үлкен, төрт бетті болып шығып тұрған. Газеттің дизайндық безендірілуінің нышандық мәні ерекше екендігін атап өткен жөн. Бірінші бетінің оң жақ бұрышында газеттің тұрақты рәміздік бейнесі – ақбоз үй орналасқан. Ахмет Байтұрсынұлы түзген төте араб жазуымен ақбоз үйдің екі босағасы мен жабығын құрайтындай бейнедегі «қазақ» деген сөз жазылғанын көреміз. Әдетте киіз үйдің түндігі есіктен сәл қиыстау шығысқа қарай түріледі. Ал «Қазақ» газетінің тұрақты рәміздік ақбоз үйінің түндігі керісінше, күнбатысқа қарата түрілгені – әсте бекер емес. Мұның мағынасы: «қазақ ішіне Еуропаның ғылым-өнері таралсын. «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын», - деген ұғыммен түсіндірілген екен.

Алғашқы санында жарияланған беташар мақаласы – «Қазақтың» алда ұстанатын бағытын айқындағандай еді: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы». 

Кез келген газеттер сияқты «Қазақ» газетінің де тұрақты айдарлары болғанын көреміз. Олар: «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар», «Басқармадан», «Өлең-жыр» және кей кездері жарияланатын «Оқшау сөз. Сонымен қатар газет шығып тұрған уақытта үнемі ұласып жатқан І Дүниежүзілік соғыстың барысынан хабардар етуге арналған «Соғыс» және «Газеталардан» атты айдарлары да болған.

Қоғамдық-саяси бағыттағы «Қазақ» газетінің басты миссиясы – бодандық бұғауындағы қазақ халқының санасын оятып, ұлттық бірлікке шақыру, білім мен ғылымға үндеу болды. Газеттің шығарушылары – қазақтың заманауи ұлттық әдебиеті мен мәдениетін қалыптастырушылар болды. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қарашев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қошке Кемеңгеров, Жаһанша Сейдалин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұхаметжан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Жұмағали Тілеулин, Жүсіпбек Басығарин, Есенғали Қасаболатов, Хайретдин Болғанбаев, Нәзипа Құлжанова, Мырзағазы Есболов, Мұстафа Оразаев, Имам Әлімбеков, Жанұзақ Жәнібеков, т.б. ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы өз үндерін туған халқына жеткізіп, қараңғылықтың қою тұманын серпілтуге тырысты. «Қазақ» газеті – қазақ әлемінің үңгірдей қараңғы түнегінде жылтыраған шам іспетті болды. Өзінің бес жылдық жарық көру ғұмырында «Қазақ» газеті қаузамаған тақырып болған жоқ деуге болады. Газеттің осыншама танымал болуына тұңғыш редакторы Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жолын жалғастырушы, 1914 жылдың 12 мамырынан екінші редактор, 19147 жылдың 28-шілдесінен бастап бас редактор қызметін атқарған Міржақып Дулатұлының еңбегі орасан зор. Патшалық Ресей билігі үшін қазақ халқының көзі ашылып, ұлт-азаттық санасы оянуы мүлде қажет емес еді. Сондықтан да газеттің шығуына, оларды шығарушыларға жиі бақылау-тексеру жасап отырды. Осының салдарынан Патшалық Ресей билігі тұсында Қазақ» газетін шығару бірнеше рет тоқтатылғанымен өз жұмысын жалғастырып отырған.

1915 жылдан бастап аптасына екі рет шыққан «Қазақ» газетінде көтерілген тақырыптар сан алуан болды. Қоғамдық ой-сананың көтерілуі үшін оқу-ағарту, өнер-білім, спорт-мәдениет т.б. тақырыбында жариялап, үлгі етумен болды. Әсіресе қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы, сынына қатысты танымдық еңбектер жиі жарияланып отырды. Сондай мақалалардың бірі – 1913 жылы жарияланған «Қазақтың бас ақыны». Авторы – Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақтың бас ақыны Абайға дейінгі және кейінгі ақындар шығармашылығы қазақ арасында кеңінен насихатталды. «Абайдан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын жоқ. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар, құты, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өленді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда», - дей отырып, Абай өлеңдерінің өзіне дейінгі ақындар шығармашылығынан өзгешелігін, тереңдігін оқырмаға жақсы талдап түсіндіріп береді. 

Бұл кезеңде қазақ руханияты жаңашылдық пен жаңғырып өркендеуді бастан өткеріп жатты. «Алаш» партиясы құрылып, қазақ халқының ұлттық мұраттарын айқындады. Қазақтың тілі, ділі, әдебиеті мен өнері, білім беру, шаруашылық жүргізу тәсілдері т.б. бағыттарда алғашқы ізденістер жүзеге асырыла бастады. Солардың бірі – қазақ әліпбиін, емлесін бір қалыпқа келтіру қажет болды. Осыған орай «Қазақ» газетінде, «Айқап» журналында және басқа да сол кезеңде шығып тұрған басылымдарда ел ішінде пікірталастар туындап жатты. Осы кезеңде түркі дүниесіне белгілі беделді лингвист ғалым қазақ әліпбиі мен дыбыстық жүйесі туралы өзінің ой-тұжырымдарын «Қазақ» газетін жазып ұсынып, талқыға салды. «Қазақ» газетінде қазақ тілінің мөлдір тазалығы турасында да жиі айтылып жатты. Атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде былай деп жазады: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халіміз онша емес. Осы күні орыс пен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса, өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек». Бір өкініштісі, Ахаңның бір ғасырдан астам бұрын уақыт жазған бұл ойы қазіргі күні де аса өзекті болып қала бергендігі.

«Қазақ» газеті өзінің шығып тұрған уақытында қазақ халқын рухани есейтуге, тарихи тамырын табуына үлкен әсерін тигізіп үлгерді. Ресейде патша билігі құлап, Уақытша үкімет пен большевиктер басқарып тұрған алғашқы аласапыранды кезеңде «Қазақ» халыққа ақылшы, жол көрсетуші болды. Ақыры билікті мықтап қолға алған Кеңес үкіметі «Қазақ» газетін жауып тастауға ұмтылды. 1918 жылы 4 наурызда Омбы атқару комитетінен Орынбор Совдепіне жолдаған телеграммада: «Алаш» партиясының қырғыз органы «Қазақ» төңкеріске қарсы сипатта екені айқын көрінеді, Алашорданы ұйымдастыра отырып, Кеңес үкметіне ашық қарсылық танытатындықтан, газеттің жылдам жабылуын сұраймыз», - делінген. Әрине мұндай өтініш жерде қалмай бірден жүзеге асырылған. Осылайша «Қазақ» газетінің маңына топталған ұлт зиялыларын қуғындау әрекетіне де жол ашылады. Тұңғыш қазақ тілді газет «Қазақ» өзінің миссиясын толықтай орындап үлгерді. Бұл турасында 1923 жылы Мұхтар Әуезов Ташкентте жарық көрген «Шолпан» журналында былай деп жазған екен: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі – әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді. Сондықтан бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде бұдан өзгенің бәрін қоя тұрып, бір саясат әңгімесіне жұмылдырудың, жалғыз соған ғана үңілудің қалпында өтті… «Қазақ» газетінің бетіндегі бағыт пен тұтынған жол да осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер, әңгімелер, барлық мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көзқұлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін атқарады».

Қазақ тіліндегі тұңғыш журнал «Айқап» пен тұңғыш газет «Қазақтың» алаш баласының санасын жаңа сапалық деңгейге көтерудегі маңызы аса зор болды. «Қазақ» газеті осыған дейінгі ресми іс-қағаздар мен өзге де құжаттарда соңғы үш ғасыр жүзінде «қырғыз» деп аталып жүрген қазақ ұлтын өзінің ежелден бергі табиғи атауымен табыстыруы да оны шығарушылардың патриоттық рухының жоғарылығының көрінісі болды. Академик Мұхтар Әуезовтің: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», - деген сөзі осы басылымның ұлт руханияты жолында атқарған еңбегіне берілген шынайы баға. «Қазақ» газетінің ұстаханасында елінің болашағы жолында аянбай күрескен көсемдер, ұлт ұстаздары, классик қаламгерлер, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде халық шаруашылығындағы әр саланың бұйдасын ұстап, көшін түзеген айтулы азаматтар шыңдалып шықты. Газет шығару ісінің бағыты таяу күндерде қалай бұрылатыны бізге беймәлім. Қағаз форматтағы басылымдар сандық үлгіге ауыстырылып жатқан шақта да ең бастысы – ақпарат құралының ел өміріндегі ең басты, өзекті мәселелерді көтере біліп, ұлтты жаңа биіктерге жетелеп ұмтылдыру миссиясы өзгермейтіні ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық баспасөз тарихындағы тұңғыш газет «Қазақтың» ұстанымы бүгін мен ертең үшін әрдайым айнымас Темірқазық болып қала бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар