Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қазақ терминологиясының тарихына қысқаша шолу...

25.07.2024 860

Қазақ терминологиясының тарихына қысқаша шолу 14+

Қазақ терминологиясының тарихына қысқаша шолу - adebiportal.kz

Тілдің және оның ғылыми-техникалық терминологиясының дамуы мен қалыптасуының елдің қоғамдық-саяси, ғылыми-мәдени өмірінен бөліп қарауға болмайды. Тіл қоғаммен бірге дамып, бірге қалыптасады. Қоғам өмірінде болған өзгерістер терминологияның қалыптасуына тікелей әсер етеді. Бүгінгі таңдағы терминологияның, терминографияның бастау көздері сонау өткен ғасырларда жатыр. Бекітілген терминдерді жинақ, сөздік түрінде жариялап, жұртшылықпен таныстырып отыру тәжірибесі бізде бұрыннан бар.

Қай ғылым саласының болмасын басталу, қалыптасу дәуірін  анықтап, оған тиесілі алғашқы еңбектер мен ғылыми зерттеулерді көрсетіп беру – ғылым саласының тарихын зерттеудегі маңызды да қиын сұрақтардың бірі. Әсіресе, өткен ғасырдың бас кезіндегі әртүрлі қоғамдық-саяси оқиғалар, ондағы түрлі өзгерістерге байланысты белгілі бір мәселе төңірегінде болжам жасап, тұжырым жасаудың өзі күрделі. Қазақ терминологиясы тарихының алғашқы кезеңі де осы кезеңмен байланысты.

Қазақ терминографиясының тарихын зерттеу барысында да бұл мәселелерге байланысты бір жақты тұжырым жасау қиын. Теориялық терминографияның тарихына қатысты, оны  теориялық тұрғыдан қарастырған Е.Әбдірәсіловтің 2005 жылы шыққан «Қазақ терминографиясының жүйесі» атты монографиясынан басқа еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Тәжірибелік терминографияның тарихында белгілі бір еңбекті алғашқы еңбек ретінде нақты көрсетіп, кесімді пікір айту мүмкін еместігін ғалым Е.Әбдірәсілов баса айтады. Қазіргі уақытқа дейін «терминография» терминінің қазақ тіл білімі үшін таныс болмай келгендігі, терминологиялық сөздіктердің лексикографиялық еңбектердің тәжірибелеріне, іргелес орыс тіл біліміндегі терминологиялық сөздіктер шығару тәжірибесіне сүйене отырып жасалып келгенінің өзі бұл тұжырымнің негіздігін дәлелдейді.

Жалпы терминология кең мағынасында «адамның кәсіптік қызмет саласындағы қолданылатын арнаулы лексиканы қамтитын, тілдің сөздік құрамының бөлігі». Терминология – арнаулы сала ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы. 

Терминология терминінің өзі көп мағыналы термин. Ғалымдар оның бес түрлі мағынаны білдіретінін көрсетеді.

  1. Термин-сөздердің жиынтығы немесе жалпы көптеген саны белгісіз терминдер;
  2. қандай бір сала терминдерінің (ұғымдары мен атауларының) жиынтығы (медицина терминологиясы, география терминологиясы);
  3. терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі туралы ілім;
  4. белгілі бір тілде қолданылатын белгілі бір білім саласы терминдердің жасалу, құрамы мен қызметі және олардың басқа тілдердегі баламалары (эквиваленттері) туралы ілім;
  5. жалпы терминологиялық ілім (Суперенская А.В и др. С.14.).

Салалық ғылымдар мен оларға қатысты мәселелердің тарихын зерттеуде оны тарихи кезеңдердің ішкі қойнауынан, арғы кезеңдерінен бастау дәстүрі де бар. Мысалы, сөздік жасау ісіне қатысты сондай еңбектердің бірі ретінде орта түркі дәуріне тән Махмұт Қашқаридың белгілі «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігі тәрізді негіз етіп алуға да болар еді. Бірақ қазақ лексикографиясының болсын, терминографиясының болсын тарихын орта түркі дәурінде шығарылған орта түркілік кезеңдегі белгілі ғалымдардың сөздіңтерінен бастау біршама негіздеусіз болар еді. Ол еңбектердің екінші жағынан, қазақ тіл білімінің де жалпы тарихына қатыстылығын, қазақ тілі мен оны зерттейтін ғылымның адамзат өркениетінің даму, қалыптасу тарихындағы орнын көрсетіп беру тұрғысынан аса қажет екендігі айқын. Сол кездегі түркі тілдерінің бір бұтағы болып есептелетін қазақ тілінің, оның ішінде қазақ лексикографиясы мен терминографиясының тарихында аталған араб ғалымдары мен түркі ғалымдары құрастырған орта түркі тілдік материалдары негізіндегі белгілі еңбектердің, оның ішінде, Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігінің өзіндік орны бар. Бұл еңбектер тарихи маңызы тұрғысынан бабағаланғаны орынды.

Бұл еңбектер жөнінде белгілі түркітанушы ғалым Кеңесбай Мұсаев та өз еңбегінде сөз ете келіп, тек «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігі ғана емес, сол кезеңдегі өзге де «Қорқыт Ата» кітабы, «Кодекс Куманикус» сияқты белгілі еңбектерде қоғамдық-саяси терминдердің, әскер ісі, өнер, әдебиет, металлургия, философия сияқты т.б. салалық терминдердің болғандығын, қазіргі түркі тілдеріндегі терминдердің қалыптасуы осы еңбектердегі лексикалық бірліктерден бастау алатынын жоққа шығармайды. Ғалым осы еңбектердің сөздік ретіндегі қазіргі тіл біліміндегі, қазіргі қазақ терминографиясындағы орнына былай деп баға береді: «кейбір көне сөздіктер, мысалы, Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты түркі сөздігі (XI ғ.), «Кодекс Куманикус» (XIII ғ.) сөздігі және т.б. еңбектер қазіргі түркі халықтарының ешбірінің тілімен сәйкес келмейді. Олар түркі халықтары тілдерінің жіктелу кезеңінің көрінісі, сондықтан олар қазіргі түркі тілдеріндегі терминдердің дамуында соншалықты таңызды қызмет атқармайды. Олар тек тарихи сипатқа ие». 

Алғаш қазақ қауымының мәдениетке, ғылымға бет бұрып, қалыптаса бастаған  шағында қазақ терминологиясы қалыптаса бастаған кезеңде алғашқы болып халықаралық терминдер тілімізге ене бастады. 

Халықаралық терминдердің алғашқы ене бастау себебі – қоғамдағы түрлі әлеуметтік-саяси бағыттарға, соған сәйкес қазақ қоғамына дендеп ене бастаған және біз оны жаңалық деп қабылдай бастаған, ғылыми-техникалық прогресстің дамуына байланысты деп түсіндіріп келген түрлі құбылыстармен байланысты екендігін тарих жоққа шығара алмайды. Расында, «халықаралық» деп ат қойылған, тек бізде ғана емес, басқа тілдерде де көп уақыт бойы, тіпті, бірқатар тілдерде әлі күнге дейін солай есептеліп жүрген бұл терминдердің енуіне негізгі себеп – ғылым мен техникадағы, қоғамның дамуындағы, ғылым салаларының негізгі ұғымдары мен түсініктерін қалыптастырудағы құбылыстар екендігі шындық. 

ХҮІІ ғасырдың соңы ХҮІІІ ғасыр орыс мәдениеті мен ғылымында көптеген шет тілдік терминдердің, атау сөздердің кірігуіне ықпалын тигізді. 

Халықаралық терминдерді тілімізге қабылдау, қолдану жөніндегі алғашқы қадамдар Ахмет Байтұрсынұлы  кезеңінен бастау алады. 1924 жылы Орынборда өткен қазақ ғылыми қызметкерлерінің бірінші сіезінде қабылданған қағидаттарының бірінде халықаралық терминдер жайлы былай делінген: «Жалпы қолданыстағы әлем терминдерін қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгерістермен қабылдауға болады. Жалпы қолданыстағы терминдер деп қазіргі заманғы жалпы тілдерге таралған Еуропа терминдерін атаймыз. Біз бұл терминдерді араб тіліне қарағанда көбірек қолдануымыз керек, себебі қазір араб мәдениетінен гөрі Еуропа мәдениетіне ден қойып отырмыз. Барлық кірме терминдер қазақ тілінің заңдылығына бағынуы тиіс, яғни бұл сөздерге біздің тіліміздің дыбыстық заңдылықтары үстемдік етуі қажет. Бұл – шетелдік сөздерді өзіміздің сөзіміз ету үшін керек». Байқалатын анық нәрсе –ғалымның еш болмаса, тіліміздің дыбысталу заңдылықтарын, сөздерді айтып, жазудағы өз табиғатын сақтап қалуға деген ұмтылысы. 

1925 жылы Қ. Кемеңгерұлының жетекшілігімен тұңғыш рет көлемді «Қазақша-орысша тілмаш» жарық көрген. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетіне «...Тілмаш» туралы жазған мақаласында былай дейді: «Біздер «Тілмашты» жағропалықтарға арнап жазғандықтан, өте сирек айтылатын сөздерді кіргіздік». Қошке Кемеңгерұлы өз заманында сөздікті еуропалықтар үшін жазылған десе, біз, сонымен бірге, қазіргі кезде еуропалануға құмар қазақтарға арналған еңбек дер едік. 

1931 жылы сегіз мыңнан астам атауларды қамтыған «Атаулар сөздігіндегі» Еуропа тілдерінен алынған сөздердің көпшілігі қазақ тіліне аударылған. Кейбір пән атаулары сол күйінде алынған. Алғы сөзінде «Еуропыдан алынған бар сөзге мағына берудің қиын болғаны, біріншіден, уақыттың аз болғаны, екіншіден, сөздіктің мақсаты тек кітап жазушыларға арналған соң, көп түсіндіріспен пайдаланушыны мезі қылмайық дегендік», - делінеді. 

Халықаралық терминдердің тілімізде қалыптасуы мен қолданылуына мән берген ғалымдардың бірі – Құдайберген Жұбанов. Ғалымның 1935 жылы мәдениет қызметкерлерінің сіиезінде мақұлданған қазақ тілі терминологиясының қағидаттары бүгінгі күні де өз құндылығын жойған жоқ. 

Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден қоғам өмірінің түрлі салаларына  байланысты, ғылым мен техникаға байланысты тілімізге өте көп мөлшерде терминдердің ену процесі басталады. Олар қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды: саяси-қоғамдық өмірін, ауылшаруашылық өндірісін, спорт, сауда, байланыс және т.б. Халықаралық және орыс сөздерінің қазақ тіліне ену кезеңдері жөнінде түрлі көзқарастар бар. Ғалым Б. Сүлейменова үш кезеңге бөлуді ұсынады: «Тарихи, әлеуметтік- экономикалық, мәдени және тілдік факторларды ескере отырып, біз тілімізге лексикалық кірігуді үш кезеңге бөліп қарастырамыз: 1-кезең – ХҮІІІ ғасырдың басы мен ХІХ ғасырдың 70 жылдары, 2-кезең - ХІХ ғасырдың 70 жылдары мен 1935-1940 жылдар аралығы, 3-кезең – 1935-1940 жылдардан бастап осы уақытқа дейін». 

Тілімізде халықаралық терминологияның қалыптасу кезеңін нақты айтуға жоғарыда айтылған пікірлер толық дәлел бола алмайтындығын байқауға болады. Яғни, аталмыш ұғымдардың қазақ тіліне қашан, қандай мөлшерде енгені жайлы нақты дәлелдер жоқ. 

«Халықаралық» терминдердің ешқандай саяси бағыттар мен ұстанымдарсыз да қазіргі қазақ тіліне ену ауқымы баяулаған жоқ. Мұны ғаламданудың ықпалы немесе кезінде бастау алған термин қабылдау үрдісінің үдеу күші деген сияқты түрлі қырынан бағалау да болар еді. Әйтсе де олардың біртұтас ықпалы терминология саласындағы тілдік жағдаятты қалыптастырып отырғаны белгілі. 

Тіпті, қазақ лексикаграфиясындағы сөздіктер тарихын зерттеуші ғалым М.Малбақов зерттеу еңбегінде көрсетілген XIX ғасырдың соңында шығарыла бастаған сөздіктерін қазақ лексикографиясы болмаса, қазақ терминографиясы тарихының бастауы етіп көрсету қисынға келе қоймайды. Бұл тұстағы сөздіктер жекеленген кірме сөздерді қамтығаны болмаса, сол кезде «пән сөздері» аталған салалық ғылыми ұғымдарды беруді арнайы мақсат етпеген. Алғашқы лексикографияға жататын бұл еңбектер жарыққа басылып шыққан тұста тіліміздегі салалық ғылыми ұғымдарды қарастырып, жүйелеу ісі де мақсатты түрде қолға алына қоймаған еді. Сондықтан лексикографиялық сөздіктер бола тұрса да, олардан терминографияға тән белгілер мен терминдерді беріші қызметті таба қоймаймыз.

Қазақ терминологиясы мен терминографиясының негізіг нысанға алынып, қалыптасып, дами бастаған  тұсы деп нақты түрде алаш зиялыларының, яғни XXғасырдың басындағы алаш кезеңін айта аламыз. Терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлы: «XXғасырдың 20 жылдары термин, терминология мәселелерімен айналысқан ұлт зиялыларының термин шығармашылығы мен олардың жазған еңбектері, мақалалары, баяндамалары, түрлі жиындарда (съезд, конференция) айтқан пікірлері негізінде олардың көздеген мақсатын анықтауға болады. 

Өткен ғасыр басында ғылым-білім саласында еңбек еткен алаш оқығандары терминологиялық қорды қазақ тілі негізінде жасап, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды мақсат етті.

Оны ең алдымен, ғасыр басында (20-30 жылдары) алаш оқығандарының қаламынан туған оқулықтар мен оқу құралдарынан анық көруге болады. А.Байтұрсынұлының – «Тіл – құралы», «Әліппе», «Әдебиет танытқыш», Е.Омарұлының – «Пішіндеме», Х.Досмұхамедұлының – «Жануарлар», «адамның тән тірлігі», «Табиғаттану», Ж.Аймуаытұлының – «Психология», Ж.Күдериннің – «Өсімдіктану», М.Жұмабайұлының – «Педагогика», М.Дулатұлының – «Есеп тану» сынды оқулықтары мен оқу құралдарындағы терминдердің орта есеппен 90 пайызы қазақ тілінің төл сөздері немесе солардың негізінде жасалған жаңа атаулар болып келеді. Кірме атаулар 10-15 пайыздан аспайды. Олардың дені тіліміздің дыбыстық ерекшелігін ескеріп, үндестік заңын сақтай отырып өзгертіліп алынған. Осы деректердің өзі алаш оқығандарының қазақ тіліндегі термин шығармашылығына басымдық бергені дәдел бола алады. 

Екіншіден, сөз болып отырған кезеңде жарық көрген алғашқы терминологиялық сөздіктер де алаш зиялыларының терминқор қалыптастыруындағы  мақсаттарын айқындай түседі. Онда да біз «Орысша-қазақша әскерлік атаулар», «Пән сөздері», «Атаулар сөздігі» сияқты қазақ тіліндегі алғашқы терминологиялық сөздіктер түзу де алаштықтардың ұлт тіліндегі термин шығармашылығына барынша басымдық бергенін көреміз, - дейді.

Терминологиялық сөздіктер тарихын сөз еткен кейбір еңбектерде 1931 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Атаулар сөздігін» алғашқы терминологиялық сөздік ретінде көрсетеді. Осы пікір қазақ тіл білімінде кеңінен таралып, қазірге дейін сақталып отыр. «Атаулар сөздігі» қазақ терминографиясының тарихындағы алғашқы терминологиялық сөздіктердің бірі болып есептелетіндігі және оның терминологиялық сөздіктер жасау тәжірибесін байыта түсуде өзіндік маңызды орны бар анық және оны жоққа шығаруға тиісті емеспіз. Тәжірибелік қазақ терминографиясының тарихындағы бұл еңбектің маңызы мен өзіндік орны бөлек. Тек нақты терминдерді беруді мақсат еткен сөздіктер тұрғысынан келсек, бұл орайда, «Атаулар сөдздігіне» дейін де өзге сөздіктердің баспадан жарық көргендігін ескерсек, терминологиялық сөздіктер жасау ісінің басын 1931 жылдан бастап қарастыру, «Атаулар сөздігін» қазақ терминологиясындағы бірінші сөздік етіп көрсету орынсыз болған болар еді. Мысалы, сондай сөздіктердің қатарына ҚР Мәдениет ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі, Тілдер дамыту департаментінің тапсырысы бойынша жинақталып латын әдіпбиімізге көшіріліп, 2004 жылы қайтадан басып шығарылған, кезінде 1927 жылы жарық көрегн Н.Қаратышқанұлының «Пән сөздері» атты сөздігін жатқызуға болады. Ең алдымен бұл сөздік уақыттық жағынан да «Атаулар сөздігінен» бұрынырақ шыққан сөздік болып есептеледі, әрі көздеген мақсаты тұрғысынан да аты айтып тұрғандай, сол кезеңде «пән сөздері» деп аталған терминдерді жүйелеп беруді көздеген сөздік-еңбектердің бірі. Қаратышқанов құрастырған аталған «Пән сөздері» атты сөздік сол кезеңде шығарылған сөздіктердің ішіндегі тарихи мұрағаттардан бізге жетіп, белгілі болып отырған сөздіктердің бірі ғана екендігін ескеруіміз керек. Бұндай тарихи дәйек 1931 жылы шығарылған «Атаулар сөздігіне» дейін де ғылыми ұғымдарды беруді, оларды ретеуді мақсат еткен сөздіктер жарық көрген деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Белгілі ғалымдар Ә.Қайдаров пен Ө.Айтбаевтың қазақ терминтану ғылымының тарихын сөз еткен мақалаларынан мынандай мәліметтерді кездестіруге болады: «Қазақ терминологиясының мәселесі ең алғаш рет 1924 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласында өткен ғылыми қызметкерлердің республикалық бірінші съезінде кеңінен сөз болған. Мұндағы салиқалы әңгімелер термин жасау ісіндегі кейбір принципті мәселелерді күн тәртібіне шығарып пікір түйіндеуге мүмкіндік берген сияқты». Ал Шерубай Құрманбайұлы «Алаш және терминтану еңбегінде» жоғарыдағы ғалымдарымыздың пікірін нақтылай түседі. Ғалым Ш.Құрманбайұлы аталмыш еңбегінде былай дейді: «1924 жылы маусым айында Орынборда «Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі» болып, онда қазақ терминологиясын қалыптасудың алғашқы қағидаттары бекітілді. Съезде ттерминологияны қалыптастырудың басты қағидаттарын белгілеі жөніндегі баяндаманы Елдес Омарұлы жасады. «Қазақша пән сөздер тақырыпты Елдестің баяндамасы» негізінде съез қалы қабылдады».

Е.Омарұлының баяндамасында ұсынылған жобаға Нәзір Төреқұлұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ишанғали Арабайұлы сияқты съез делегаттары өз тақырыптарынан пікір білдіріп, ұсыныстарын енгізді.

Жалпы қазақ терминографисын қалыптастыру ісі, терсинологиялық сөздіктер жасау ісі Кеңес дәуірі тұсында 1930 жылдарбан бастап қолға алынғанына қарамастан, оған дейінгі еңбектерде нақты терминолгиялық сөздіктер арнайы кітап болып шықпаса да, ғылыми еңбектерде, мақалаларда сөз болып, оның дамуының, қалыптасуының мақсат-міндеттері айқындалған. Және де Алаш кезеңіндегі саяси-әлеуметтік газет-журнал беттерінде зиялылар пікірі азды-көпті жарық көрген. 

Ғалым К.Мұсаев Кеңес республикалары халықтарының тіліндегі терминологияның дамуын зерттеген еңбегінде терминологиялық сөздіктер мәселесін зерттей келіп, Қазақстандағы алғашқы терминологиялық сөздіктің шығуын 1936-1937 жылмен байланыстырады. Ал Ә.Қайдаров пен Ә.Әбдірахмановтар терминологияның дамып, қалыптасуына арналған мақалаларында былай көрсетеді: «Терминологиялық сөздіктер Қазақстанда 1935 жылдан шығарыла бастады». Аталған ғалымдарымыз бұл пікірлерін кеңес мемлкетіндегі терминологиялық сөздіктерге байланысты сөз етсе керек. Осы жайында ғалым Е.Әбдірәсілов: «Біздіңше, ғалымдар кеңес мемлекетіндегі терминологиялық сөздіктердің шығарылуын негізге алған сияқты. Бүгінгі күн талабынан қарасақ, 1935 жылдан бергі кезеңнің қазақ терминологиясы мен терминографиясының даму тарихында алғашқы кезең бола алмайтындығы анық» - дейді. 

XX ғасырдың алғашқы кезеңі, яғни, 20-30 жылдары аралығында шығарылған терминологиялық сөздіктер қазақ терминографиясының тарихындағы алғашқы сөздіктер ретінде танылуда. Алайда, бұл сөздіктер туралы да ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар екенін айта кеткен жөн болар.

1920-1990 жылдардағы қазақ терминографиясының дамуы мен сол жылдары жарық көрген терминологиялық түсіндірме сөздіктерге тоқталып, көз жүгіртіп өткеніміз артық болмас.

Жоғарыда аталған жылар ішінде бірінші жарық көрген – «Орысша-қазақша әскерлік атаулар» (Русско-казакская военная терминология) деп аталған терминологиялық сөздік. Сөздік білім кеңесінің ұйғарымына сәйкес атау (термин) комиссиясы дайындаған. Аталмыш сөздік 1926 жылы 5000 дана таралыммен Қызылорда қаласында басылып шыққан. Сөздік соңында сол кездегі Қазақ білім комиссиясының төрағасы А.Байтұрсынұлы мен комиссия хатшысы Ғаббас Нұрымұлының бұл сөздікке енген атаулар туралы 1926 жылдың 12 маусымында берген анықтамасы бар. Онда былай делінген: «Бұл атаулар қазақ білім кемесиесінің 1925-нші жылғы октәбірден 1926-ншы жылғы үйенге шейін болған мәжілістерінде тексеріліп осы күйінде қабыл алынды».

Сонымен бұл басылым XX ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлының өзі төрағалық еткен комиссияның ресми бекиткен терминологиялық сөздіктерінің бірі.

«Орысша-қазақша әскерлік атаулар» сөздігіндегі әскерлік атаулар да алаш зиялыларының термин жасау, өзге тілдерден термин қабылдау және оларды жазу қағидаттарын басшылыққа ала отырып жасалған. Терминологиялық сөздік жасаушылардың ең алдымен қазақ тілінде бар атауларды барынша пайдаға жаратып, оларға арнайы мағына жүктеумен бірге ұлт тілінің сөзжасам тәсілдері арқылы да жаңа атаулар жасауды мақсат еткені аңғарылады. Мысалы: айдаушы-досылатель, тайғанақ-каток, көздем-кругозор, тетік-механизм, қап-төсек-матрац, шиыр, серіппе-пружина, кідіріс-задержка, оқ шашар-огнемет, ертелі-допризывка т.б.

Әскер атаулар сөздігін жасаушылар әскери құрылымдардың атаулары мен пәрмендерді (команда) де қазақша, ұлттық рухқа жақын, ойға қонымды етіп жасауды негізгі ныснға алғаны байқалады.  Мысалы: дивизия-түмен, полк-қол, отряд-жасақ, батальон, батарея-қос, взвод-бунақ, вольно-ықтияр, стройся-тізіл т.б. 

Одан кейін жарық көрген Н.Қаратышқанұлы құрастырған «Пән сөздері» сөздігі. Бұл сөздік туралы терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлы: «... хронологиялық жағынан Н.Қаратышқанұлының «Пән сөздерін» ең алғашқы жарық көрген терминологиялық сөздік ретінде көрсетіп жүргендер де бар. Ондай пікір оған дейін жарық көрген еңбектердің болғанынан хабарсыздықтан айтылған. Бұл сөздікте «Қазағыстан оқу кемесеретінің білім ордасы қабылдаған пән сөздері» қамтылып, 10 000 дана таралыммен 1927 жылы Қызылордада басылып шыққан. Көлемі – 128 бет», – деген пікір айтады.

«Пән сөздерін» сөздігі бір ерекшелік деп ондағы шет тілдерінен (негізінен еуропа халықтарының тілдерінен) енген термин сөздерді қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп алынған. Бұл қазіргі қазақ терминологиясына да керек немесе термин жасаушы ғалымдарымыздың ескеретін мәселелерінің бірі деп ойлаймыз. Мысалы: абтамат-автомат, алжебір-алгебра, әкті-акт, әксие-акция,  атым-атом, бәктері-бактерия, депезет-депозит, мекрепон-миркофон, негетіб-негатив, пұркелер-прокурор, ірінте-ренте, қылор-хлор т.б.

«Пән сөздерінде» кездесетін көптеген атаулар сол кезден бастап тілдік қолданысымызға еніп, ұлт тілінде жасалған терминқорымызды байытты. Мысалы: алқа-коллегия, аталық-тычинка, әсірелеу-гипербола, баяндама-доклад, болмыс-бытье, көшірме-выписка, қаулы-постоновление, дәріхана-аптека, тергеуші-следователь, нұсқау-инструкция, нұсқаушы-инструктор т.б.

Н.Қаратышқанұл құрастырған «Пән сөздері» сөздігі бірнеше арнаулы салалардың алғашқы ресми қабылданған терминдерін қамтыған бірінші терминологиялық сөздік болып саналатындығына қарамастан, қазақ терминографиясының тарихы жөнінде сөз болған жерде «Қ.Кеменгерұлының редакторлығымен 1925 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» (казакско-русский словарь) та назардан тыс қалмауға тиіс. Бұл сөдікке текорысша-қазақша сөздік ретінде қарамай, онда сол кезеңде жасалған терминдердіңмолынан қамтылғандығы ескерусіз қалмағаны жөн. «Қ.Кемеңгерұлының редакторлығымен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» та терминологиялық сөздік болмағанымен қазақ лексикаографиясының тарихы үшін айрықша мәні бар алғашқы сөздік ретінде терминографиялық зерттеулерде де оған тиісті деңгейде назар аударылғаны жөн.

Ал 1931 жылы 5000 таралыммен Халық ағарту комиссариаты білім кеңесінің терминологиялық комиссиясы шығарған «Атаулар сөздігі» де алғашқы терминологиялық сөздіктер қатарына жатады. Сөздікте сегіз мыңнан аса атаулар қамтылған.

Терминдік ұғымдар мен атаулар «Қазақ» газетінің беттерінде, кейін «Айқап», «Абай» журналдарында, «Сарыарқа» газеттерінде басылып тұрғандығы зерттеу еңбектерде жазылып жүр. Осы аталған баспасөз беттерінде жарық көрген терминдер «Атаулар сөздігінде» жинақталып, жеке сөздік ретінде басылып шыққан. 

Латын тілінде басылып шыққан бұл сөздік алғашқы сөздіктердің біріне жататынына қарамастан терминологиялық сөздіктердің қызметін, терминологиялық сөздік ретінде алдына қойған мақсатын атқара алған. Сапалық жағынан ең алдымен, сол кезеңдегі ғылым мен техника салаларына тән қалыптасқан жаңа атауларды (терминдерді) барынша жинақтап қамтып берген.

Сөздік құраушы авторлар кіріспесінде: «Бұл сөздікке еуропадан сегіз мыңнан аса сөз алынып, оның көпшілігі қазақ тіліне аударылды», – дейді. Мұны сөздік құрлымындағы көптеген сөздердің аудармасы нақтылай алады. Мысалы: давление-қызу, биноколь-дүрбі, заготовка-даярлау, ряд-қатар, транспортир-бұрыштық, изображение-кескіндеу, избиратель-сайлаушы, маска-түс перде, мастер-шебер, налог-салық, перепись-санақ, угол-бұрыш, церое-бүтін, часть-бөлім, член-мүше, т.б. Қазір де бұл терминдер қолданыста екенін білеміз. Осыған қарап сексен жылдан астам уақыт бұрын  шыққан еңбектің маңыздылығын аңғаруға болады.

Бұл сөздіктегі тағы бір айта кететін ерекшелік, сөздікте кейбір терминдердің тікелей аудармасы бірден беріліп отырса, кейбір терминдер сол қалпында екінші қазақша нұсқасы берілген бағанда көрсетіліп, аудармасы қосалқы түрде жақша ішіне беріліп отырған. Сөдікті құрастырушы авторлар кейбір терминдердің қазақ тіліндегі нұсқасы қалыптаспаса да, оларды жақша ішінде көрсету арқылы осылай аудармасымен беріп отыруға ұмтылған. Мысалы: аванс-аванс (алдан берілетін ақша), анатомия-анатомия (тән ғылымы), архитектор-архитектор (сәулет өнерпазы), аспирин-аспирин (терлеу дәрісі), баромерт-барометр (ауа қызуын өлшеуіш), диета-диета (тамақ жеу тәртібі), биология-биология (тіршілік ғылымы), т.б.

Сонымен қатар сөздікті құрастырушылар: «...Алайда негізгі алған пән сөздерімен қатар, еуропа атауларының көбіне қоршаудың ішінде түсіндіріс берілді, не болмаса қазақша сөздің бірнеше түрі көрсетілді... (мәселен «сорок»-амал, мерзім, мұрсатана деген сияқты).

Сөздікпен пайдаланушы негізгі атаулармен қатар дүдәмалданған жерде (сөздің мағынасына қараы) қоршаудың ішіндегі қосалқы сөздермен де пайдалануға болады», – деген түсініктеме береді. Сөздіктен мысалдар келтірсек: дезодорация-иіс қайтару (жаман иісті құрту), землечерпание-жер аршу (көз аршу, кен аршу), конрабанда-бұқпа сауда (ұрлап өткізу), т.б. 

Жалпыкеңестік терминқор қалыптастыру кезеңі деп 1930 жылдардың басы мен 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтитын кезеңді айтамыз. Алаш зиялыларының термин қалыптастырудағы оңды ісі өзгертіліп, термин жасау ісімен ұлт кадрлары емес, бағыт-бағдарын орталық белгілейтін болды.1930 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық партия мәжілісінде ұлт тілдеріндегі терминологияны дамыту мәселесі арнайы сөз болды. Аталмыш мәжілісте ұлт тілдерінде термин жасаудың негізгі қағидаттары белгіленді. 1935 жылы Мәдениет қызметкерлерінің сиезінде Мемлекеттік терминология комиссиясының ұсынуымен қазақ әдеби тілі терминологиясының қағидаттары бекітілді. Қ. Жұбановтың 1935 жылы сиезде бекітілген он қағидаты сол кезеңнен бастап 90-шы жылға дейін басшылыққа алынып келді. 

Кеңестік кезеңде Н. Сауранбаев, С. Бәйішев сынды ғалымдар терминология қағидаттары жөнінде түрлі ұсыныстар айтқан болатын. Бірақ, ол ұсыныстар сол кездегі ұстанып отырған бағытқа өзгеріс енгізе алмады. Себебі, профессор Құдайберген Жұбанов қағидаттары кеңестік кезеңде бекітіліп, бүгінгі қолданыстағы терминдердің басым көпшілігінің жасалуына негіз болған. 

Тек соғыс жылдары тоқтап қалған жұмыс 1948-1950 жылдары академик Н. Сауранбаев редакторлығымен жарық көрген екі томдық «Терминология сөздігінің» шығуымен жалғасын тапты. Сөздікте берілген терминдер он тармақтан тұратын қағидаттар негізінде жасалғандығы туралы сөздіктің алғы сөзінде айтылады. Ғалым Н. Сауранбаев терминдер қатарының бір тобын «дүниедегі тілдерге, әсіресе советтер одағындағы елдердің тілдеріне аударылмай қолданылатын халықаралық терминдер орыс тіліндегі қалпында алынады», - дей келіп, оған мынадай терминдерді жатқызады. Мысалы, автор автор, академия  академия, галерея  галерея, клуб клуб, арена арена, театр театр, этюд этюд, акробат акробат, комедия комедия, увертюра увертюра, фарфор фарфор, шаблон шаблон және т.б. 

Осы кезеңде жоғарыда аталған қағидаттар негізінде әртүрлі салалық терминологиялық сөздіктер жарық көрді. Ғалым А.А. Әбдірахманов «О принципах составления русско-казахских терминологических словарей» атты мақаласында: «Ғылыми терминологияны жасаудың негізгі тәсілдерінің бірі- ұлт тілінің грамматикалық амал-тәсілін және лексикалық байлығын қолдану. Сондықтан, ғылым мен өнеркәсіп салалық терминологиясына халықтың он жүз жылдар бойы жасаған ана тілінің ұлттық терминдерін енгізу қажет», - дейді ғалым. 

Ғалымның салалық терминологияға ана тілінің ұлттық терминдерін енгізу керек деген пікірі дер кезінде айтылған ой деп санаймыз. Себебі, осы кезге дейін, атап айтқанда 1935 жылдан бергі уақытта қабылданған, айтылған қағидаттар мен пікірлерде ғылыми терминологияның негізін орыс тілі мен орыс тілі арқылы енген шетел сөздері қамтиды және оларды аудару дұрыс емес деген көзқарас қалыптасқан. Бұл – ғылыми терминологияны ұлт тілінің негізінде жасау керектігі жөнінде айтылған сол кезеңдегі бірден-бір пікір деуге болады.

Кеңестік дәуірде терминдердің қабылдануына қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, ықпал еткен  ғалымдар С.Аманжолов,  А. Әбдірахманов, С.Бәйішев, Ә.Қайдаров,  І.Кеңесбаев, Ә.Сатыбалдиев,  Ө. Айтбайұлы,  т.б. Кеңестік дәуір 1935, 1958, 1986 жылдардан тұрады.   Кеңестік дәуірде мәдениет, өнер саласындағы тілімізде бар терминдерден басқасының негізінен, барлығы дерлігі өзге тілдегі нұсқасында қабылданған. Бұл үрдіс қазіргі кезеңде де сол қалпын сақтап отыр. Мәдениет, өнер саласындағы терминдердің көпшілігінің классикалық тіл болып есептелетін латын, грек тілдерінен және итальян, француз сөздерінің негізінде ғасырлар бойы қолданылып келе жатқандығы оларды аударып, қазақ тілінде қалыптастыру ісін қиындатып отыр. Әрине, музыка мен өнер саласында термин жасау ісінде қазақ терминологиясының мүмкіндігі мен үлесі мүлдем жоқ деуге болмайды. Қазақ терминологиясы, онымен байланысты музыка ісі, өнер саласы өз ұлттық музыкасын, өнерін дамытумен бірге, классикалық саналатын батыстық, әлемдік музыка өнерін дамытуға, қабылдауға да бет бұрды.      

Негізінен «Атаулар сөздігі» 1933 жылғы одақтас республикалардағы, соның ішінде Қазақстандағы «Терминкомның» құрылуына дейін жарық көріп үлгерген. Яғни, сөздікті құрастырушы авторлар, термин жасаушылар, аударушылар бұл кезеңде тілдік саясат ықпалына ілініп үлгермеген деген сөз.

«Атаулар сөздігінен» кейін 1935-1936 жылдары терминологиялық сөздіктер шығарыла бастады. 1935 жылғы терминологиялық сөздік жеке автордың құрастыруымен шықса, 1936 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің терминдері» атты сөдзі арнайы өкіметтің қолға алуымен шығарылды. Бұл терминологиялық сөздік 1933 жылы Қазақстанда құрылған терминологиялық комиссияның бекіткен терминдерінің негізінде құрастырылған. Сонымен қатар сөздікте терминдерді қолдануда және жасауда басшылыққа алынуға тиісті принциптер де көрсетілген. Сөздіктің кіріспесінде бас-аяғы барлығы он бір принципті көрсеткен. Терминографиялық еңбекте қамтылған терминдер мен көрсетілген принциптерді қолдануға байланысты сол кездегі Қазақстан Халық Комиссарлары Советінің №812 қаулысы шығарылған. Мұның өзі сөздіктің арнайы өкімет тарапынан берілген тапсырмалардың ауқымында шығарылғанын аңғартады. 

Аталмыш «Қазақ тілінің терминдері» сөздігінде әр ғылым саласының терминдерін өз алдына, арнайы әліпби ретімен, жүйелеп беруге ұмтылған. Сөздікте саяси-экономика, физика, математика сияқты үш ғылым саласының терминдері жеке-жеке берілген. Яғни бұл терминологиялық сөздік ғылыми жүйелілік жағынан өзінен бұрын жарық көрген еңбектерге қарағанда жүйелі, бір сатыға болса да жоғары дәрежеде  болған.

Ал 1956-1962 жылғы шығарылған терминологиялық сөздіктер серисяның қазақ терминографиясының тарихындағы орны ерекше болды. 1950-1960 жылдар қазақ терминографиясының тарихындағы жемісті жылдардың бірі болды деуге болады. Оған 1959-1962 жылдардың аралығында шыққан 12 томдық терминологиялық сөздіктер сериясы дәлел.

Аталған сөздіктер сериясының 1959 жылы шыққан 1-томы металлургия саласының,1959 жылы шыққан 2-томы математика, физика, астрономия салаларының, 1960 жылы шыққан 3-томы геология саласының, 4-томы заң, педагогика, псизология салаларының, 1961 жылы шыққан 5-томы медицина саласының, 6-томы іс жүргізу саласының, 1962 жылы шыққан қалған 6 томының 7-томы экономика, философия, 8-томы денешынықтыру және спрот, 9-томы құрылыс және құрылыс материалдарының, 10-томы теміржол саласының, 11-томы ботаник және өсімдіктану, 12-томы тау-кен қазба жұмыстары салаларының терминдерін қамтыған, 15 кітаптан тұратын еңбек.

1959-1962 жылдары жарық көрген «Орысша-қазаұша терминологиялық сөздік» қазіргі кезге дейін пайдаланылып жүрген, қазақ терминографиясында маңызы зор еңбек. Тіпті бүгінгі терминография синхронды түрде қарастырылатын терминдерді қамтитын еңбек болып есептелінгендіктен және соған сәйкес бүгінгі қазақ терминографиясының талаптарына жауап бере алмайтынына қарамастан, қазақ тәжірибелік терминографиясының тарихында өзіндік орны бар еңбек ретінде бағалануғу тиісті .

Кеңес дәурінде шығарылған сөздіктер сериясының ауқымдысы әрі соңғыларының бірі – 1959-1962 жылдары жарыққа шыққан терминологиялық сөздіктер сериясы. Осыдан кейінгі кезеңдегі сөздіктер тек аударма терминологиялық түрінде шығарылды және әр тараптан жоспарсыз, сұраныс талаптары ескерілмей, зерттелмей шығарылып келді. Бұл терминологиялық сөздіктердің көпшілігі реестр аударма сөздіктер немесе тар салалық ғылыми терминологиялық түсіндірмелі сөздіктер  болып келді. Бұл кезеңдерде терминологиялық сөздіктерде терминдерді, терминдер туралы мәліметтерді тиімді етіп берудің өзге тәсілдері, терминологиялы басқа да сөздік түрлері, жаңарған сөздік түрлерін шығару, терминологиялық сөздіктердің макро және микрақұрылымдық жүйесіне өзгерті енгізу сияқты бағыттар бойынша ізденістер мен зерттеу жұмыстары жүргізілмеді. 1990 жылға дейінгі терминографиялық еңбектер тек лексикографиялық талаптардың деңгейінде шығарыла берді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар