Жазушы Айгүл Кемелбаева қазақ прозасына өз ерекшелігімен келді. «Қоңыр қаз» атты шығармасында туғаннан өзгелерден ерекше, мейірімге зәру, қамкөңіл кішкентай қыз сурет салғанды ұнатады. Жаны нәзік, мұңы басым, сезімтал қыздың басқа құстың емес, тек қана қаздың суретін сала беруінде не мән бар дегенді білу үшін оқырман шығарманы құныға оқи түсер еді. Күндердің күнінде, адамдар арасынан жылу көрмеген, біз қимайтын дүниеден өз жанына үйлесім таппаған суретші қыздың арқасынан бір ғажайыптың күшімен қанат өсіп шығады да, ол сол бойда құс болып ұшып кетеді. Ғалымдар бұл әңгіменің о бастағы идеясы – «адам о баста күнәдан, пенделік әдет-қылықтан ада періште болатын, бағзы замандарда періште бола тұрып, әзәзілдің азғырғанына еріп жерге тап болған еді» деген ежелгі киелі кітаптарда сөз болған ойларды өзек етіп алғанын айтады.
Кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, әдебиетші, кинодраматург Айгүл Кемелбаеваның шығармашылығына арналған «Қазіргі заманның прозасы» атты дөңгелек үстел өтті. ҚР Жазушылар Одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізген жиында ҚР мемлекет хатшысы Ерлан Қариннің арнайы құттықтауы, ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаты оқылды.
Жазушы Айгүл Кемелбаева өнімді еңбек еткен жазушы. Жастай танылып, 1983 жылы «Жалын» баспасының республикалық жабық конкурсында балалар әдебиетіне арналған конкурста, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне жарияланған шығармашылық конкурста жүлделі орындар иеленді. Жастар одағы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты (1998). Сорос-Қазақстан–Дебют конкурсының лауреаты. Сорос Қазақстан қорының «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» атты конкурсының жеңімпазы (2000), сонымен бірге бірнеше дүркін республикалық, халықаралық бәйгелердің жеңімпазы болған. Жазушыларға берілетін Президенттік стипендияның бірнеше мәрте иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. «Жетінші құрлыққа саяхат», «Тобылғысай», «Мұнара», роман, «Мәжнүн жүрек» эсселер мен сұхбаттар жинағы, «Сөз хикмет», эсселер мен сұхбаттар жинағы, т.б. кітаптардың авторы Айгүл Кемелбаеваның әңгімелері орыс, түрік, әзірбайжан, неміс тіліне , ал романы ағылшын тіліне аударылған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов: «Айгүл Жолдасбайқызы «Ғибадат» дейтін керемет классикалық әңгімесінде иманды қауым деген бір керемет ұғымды қолданған. Ол өзі ерте танылған, Мәскеуде жүргенде оқымаған кітабы жоқ. Өзі киносыншысы, театр өнерінің сыншысы. Әдебиеттануға байланысты екі жүз қырықтай мақала жаздым дейді. Ол мақаланың көбі әдебиетті тануға, мифологияға, стилистикаға, антропологияға, философияға, халықтық символдарға қатысты. Өте терең. Айтайын дегенім, «Ғибадат» дейтін әңгімесі теңдесі жоқ, шоқтығы биік әңгіме. Онда жаңағы мынау жаратқан Иеге байланысты, Алланы сүюге байланысты философиялық, психологиялық, әлеуметтік, діни пайым-тұжырымдар көрініс тапқан. Осы әңгіменің басты мағынасы, түпкі мағынасы «асылды бағалау мен тектілікті сағыну - адамзаттың негізі» деген. Және дұғаға байланысты. Дұға деген қуатты, дұға деген құдіретті, дұғаның қуаты дегенді білесіңдер қандай екенін. Сонда дұға - қасиетті жарық, жарық дегеннен шығады, бұл әңгімені түсіну үшін Құранның ғылымын білуіміз керек. Құранның ғылымын білмейінше, жаңағы мына «Ғибадаттың» мағынасын түсіну қиын. Бар ойдың асылы, сөздің асылы - ассоциация. Біреуі байытылып, біреуі кеңейтіледі. Бірақ оның бәрі сол шығарманың мазмұнына байланысты. Ол жаңағы шығарманың стилистикасы, философиясы» дей келіп, автордың Абай танымына қатысты мақалалары жайында, тілдің генетикасы, тілдің философиясы, салыстырмалы-тарихи талдауға қатысты мақалалары жайында айтып өтті. Ғалым жазушы Кемелбаеваның тілінің байлығына ерекше тоқталып, «Айгүлдің жазғандарының өзінен бір сөздік жасау керек» деген ойын да білдіре кетті.

Жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, жазушының әпкесі Тұрар Төлеуленова, Абайдың жиені Ләйлә Мұхлисқызы Баймағамбетова кеш иесінің жазушылық қуаты, суреткерлік әлемі жайында толғап айтты. Педагог, журналист және неміс тілінен аудармашы Рауза Мұсабаева «Айгүлдің әлемдік деңгейдегі жазушы екені әлдеқашан-ақ мойындалған, мойындалады да, сосын мен бір таң қалатынмын -Айгүл өте мөлдіретіп жазады. Бір тоқтамайды. Келіп жатқан не деген ақыл, не деген құштарлық» деп, жазушыға «Қазақ әдебиетінің темірқазығы» деген баға берді. Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайым: «Айгүл Кемелбаева есімі «Жалынның» жабық бәйгесінде жарқ ете қалған болатын. Айгүл Мәскеуде оқығанда мүйізі қарағайдай тұлғалардан дәріс алып, шет ел әдебиетімен сусындаған еді. Қазір елімізге танымал жазушы. «Шолпанның күнәсі» кино сценарийі ғажап. Ойлары тұжырымды. Бұл сценарий авторының да үлесі» деп ағалық тілегін білдірді.

Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Әсима Ишанова:
- Мен Айгүлдің кинодраматургтік қыры жайында айтып өтейін. «Шолпанның күнәсін» жазған Мағжан Жұмабаев өте данышпан, бұл жерде де осы түсініктің шегінде қаншама сезімдер бар. Ал Айгүл сценарийге бірнеше көріністер қосуда батыл болды, тіпті менің ойымша, бұл Мағжан Жұмабаевтың әңгімесін соншалықты байытты. Негізі бұл шығарма тіпті де әңгіме емес, бұл роман, бәлкім, көп ұзамай оның архитектоникасы бойынша мағыналардың байлығы туралы айтатын шығармыз. Міне, Айгүл осындай керемет көріністерді жеткізеді. Айгүлдің жаңалығы – кейіпкердің ең үлкен трансформациясы - әйел -ана деген ойды айтуы. Міне, Айгүл негізгі тұжырымдаманы бұзбай, сол жерге әкеледі. Мұның кереметі - көре білуде. Айгүлдің сценарийлерінің арқасында өте әдемі фильм шықты. Бізде талантты кинорежиссерлар, киноматографтар жетеді, бірақ оларда әдебилік жетіспейді.
Ақын Сұраған Рахметұлы жазушының «Рағид» әңгімесінің ерекшелігіне тоқталса, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілік Айгүл Кемелбаева прозасының ерекшелігі ешкімге ұқсамайтынын, өзінің жаңа дәстүрімен келген жазушы екенін айтып өтті.
Амангелді Кеңшілік:

-Жалпы Айгүл деген бізге қоғамның бір көшбасшысы сияқты ғой. Мектепте оқып жүргенде «Жетінші құрлыққа саяхат» деген кітабы шықты. Сол кездің өзінде суреткерлігімен танылды. Әкемнің бір айтқан сөзі бар. «Жалпы таланттар бірден жарқ ете қалады да, үлкен биікке көтеріледі де, сол биікті ұстап қалады. Олар одан ары қарай жоғарыла алмайды немесе төмендеп кетпейді. Әрі қарай сол шамамен белгілі болады». Мына Айгүл де алғашқы дүниелермен-ақ қазақ әдебиетіне енді. «Қоңырқаз» деген әңгімесі жарқ ете қалды. Ол дер кезінде бағаланбай қалды. Егер де басқа бір әдебиетте осындай дүние жарық көрген болса, бәрі жабылып мақтар еді. Сол кезде Қоңырқаздың сол кез үшін жаңалық болғанын айтатын ағаларымыз болған жоқ. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен кез еді ғой. Осындай жақсы нәрселер еленбей жатты.
Сосын бір айта кетерлігі, біздің буынның басқалардан ерекшелігі бар. Біз қазір алпысқа келіп қалдық қой. Бір артықшылығы - біз еш уақытта да сыйлық үшін, атақ үшін, дәреже үшін, марапат үшін таласқан емеспіз. Біздің көп жағдайда қағажу көріп жатқан жерлеріміз көп. Мысал үшін Айгүлдер алпысқа келді. Мәселен Мемлекеттік сыйлықты Мағауиндер, Әбіштер ертерек алды. Біз ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бірақ шындығында осы біздің ештеңеге ұмтылмайтынымыз, біздің осы тазалығымыз - біздің осы әдебиетке берілгендігіміз, біздің шынайлығымызды көрсетеді. Міне, біздің буында осындай ешқандай сыйлыққа, атаққа ұмтылмайтын қандай да бір жазушы бар десе, осы Айгүлді атаймын. Айгүл әдебиетке үлкен дайындықпен келді. Ол бүкіл әдебиетті сол жиырмадан асқан кезде қопарып оқып бітірді. Қазір жақсы мен жаманды, талантты мен талантсызды, қанат пен қанатсызды айыру мүмкін болмай қалды. Бәрі ақылды. Ешкім сенің сөзіңді мойындағысы келмейді. Сосын қазір адам талантымен емес, бір шығарма жазса, ар жағында бір оншақты, жиырмашақты қолдаушы болса, сол жеткілікті. Ананы кәдімгі классик деп бәрі аспанға көтереді. Бір кино түсірілсе, құдай-ау, бір құдды бір қазақта ондай кино түсірмегендей бәрі өтірік мақтап, бірден әлеуметтік желіде дабыралап жатады. Біз қазір шын айтқан кезде, бәлкім, осы алтын ғасыр әдебиетінің соңын көрген ұрпақ шығармыз деп ойлаймыз. Бұдан кейін осындай бола ма, болмай ма деп ойлаймыз. Жаңа Тұрсын ағамыз әдемі айтты ғой. Айгүл көшеде көрсең ылғи ой үстінде жүреді. Ана бір шығармасының, бір әңгіменің тағдырын ойлап, осыны қалай шығарамын, куминациясын қалай жасаймын? деп ойланып келе жататыны анық. Айгүлдің маған бір қатты ұнайтын жері сыншылығы, сыншылығы болғанда да бұл Айгүл енді бүкіл қайтыс болған ақындар туралы да, жазушылар туралы да, бәрін жазды. Айгүл, мынау құдай берген сенің талантың, жазушылығың, енді үлкен романдар жазатын кезіңде тұрсың деп ойлаймын.
Абайтанушы Асан Омаров «Мен алдыңғы шешендердің бәріне қосыламын. Үлкен бір концерт залда немесе театрда мұндай сөз айтылмайды. Айгүл бақандай он жыл «Абай» журналында істеген адам. Бір кабинетте отырдық» деп бастап, одан әрі қаламгердің қалыптасу, өсу, кемелдену белестеріне тоқталды. Қаншама жақсы адамдармен таныс-біліс болып, кейін уақыт өткенде олар жайлы салмақты дүниелер жазғанын келтірді.
Журналист, қоғам қайраткері, Іскер әкімшілік докторы, Халықаралық Телевидение және радио Академиясының академигі Махат Садық:

- Біз Айгүлмен Алматыда бірге оқыдық. Айгүл жалғыз жүрмейтін. Жанында үш-төрт қыз болатын. Мынау ханның қыздарын білесіздер ғой баяғыда. Сонда біз жігіттер Айгүлді аялап, қамқорлықпен қарадық. Иә, Айгүл сол кездің өзінде керемет жазды. Сол кезде классик жазушыларымыз көзі тірі, барлығы Айгүлдің шығармаларына сүйіспеншілік білдірді. Біз Казгу-де басқа оқитын қыз-жігіттер айтатынбыз «Айгүл Нобель сыйлығын алады» деп. Таумен Амандосов, Темірбек Қожекеевтер “Ей, бұл қызбен байқап сөйлеңдер. Бұл енді қазақтың бірінші нөмірлі жазушысы болады", деп мысалға алады. Бір түйгенім - қазақтың шығармашылықта жүрген талантты адамдары әрқашан да қамқорлықты күтеді екен. Тарихын алып қарасақ, түрмеге түсіп, қиындыққа түскен қаншама мықты қаламгерлерді көреміз. Мысалы, отыз жетіде ұсталғандар барлығы сол ұсталғанға дейін шығарма жазған да, одан кейін тоқтады. Ол қазақтың қаламгерлері болсын, өнер адамдары болсын, қашанда биліктің қамқорлығында, сонымен қатар айналасындағы адамдардың қамқорлығында, түсіністігінде болуы керек. Айгүл әлі де ”Нобель" алатынына сенеміз. Сондықтан біз соған қызмет қылайық. Біз бір-бірімізді құрметтейік. Бәріміз таланттымыз. Бәріміз кереметпіз. Бірақ таланттарды тек юбилейде ғана мақтамай, күнделікті өмірде жақсы жағын айтып, қолдау көрсетіп жүрейік.

***
Жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург, эссеші Айгүл Кемелбаева жиын соңында сөз алып, шығармашылық жолы жайында аз-кем айтып өтті:
- Он сегіз жаста алған екем алғашқы сыйлығымды. Отыз жетінші жылы «Халық жауы» болып ұсталып кеткен атам ақталуы керек болғандықтан, сол кісінің атын алғандықтан да мен озып шығуым керек болған шығар деп ойлаймын. Атамнан қалған үш немересінің екеуі үлкен атамның атында болды да, тек мен Кемелбаева болдым, егер Насырханова болсам ала алмай қалуым мүмкін екен. Сол атамның аты ақталуы, шығуы керек болып тұр ғой енді ойласам. Өзімнің жазушы болуыма анамның өте жұмсақ мінезі себепші болды деп ойлаймын. Ешуақытта ауыр сөз естімей өскен баламын. Өз дегеніммен жүрдім, тек қана кітап оқып отыра беретінмін, мені жұмсамайтын. Кейін анам жайлы повесть жаздым. Сағынған кезде қайтара оқимын. Тоқсан төртінші жылы келсем, біздің буында бәрі қурап тұр екен, 30 жыл қаламақысыз жазған кез, аз ғана жалақыға тап болдық. Осы жерде өзімнің досым Маралтай жөнінде айтқым келіп тұр. Маралтайдың сол кезде сынып кетпей, қанатын жайып әдебиеттің көгіне шыққаны мен үшін символ, біздің буыннан егер сол кезде Маралтай сынып кетсе біз де осы жеткен жетістігімізге жете алмас едік. Ол туралы мақала жазғым келіп тұр. Рахмет айта отырып, осы отырғаныма, осы сегіз кітапты шығаруға жағдай жасаған адамдарды атағым келеді. «Абайда» болғанда күніне екі-ақ сағатқа келетінмін, балалар кішкентай болды, көбіне түнде жазатынмын, Ырысхан ағам соған мүмкіндік беріп қойды. Нұрлан Оразалин ағаға ерекше алғыс айтқым келеді. Мемлекеттік стипендияны жыл сайын беретін маған. Осы шыққан биігім сол кісілердің арқасы. Мына жерде Махат досым отыр, кезінде компьютер алып берген маған", - деп ағынан жарылған жазушы кезінде оқуға түсуіне, өмірден жолын табуына көмектескен, өзіне қамқорлық жасаған Сапар Байжан, Сұлтан Оразалы, Роллан Сейсенбаев, Нұрлан Оразалин, Ырысхан Мусин т.б. ағаларының жақсылықтары жайлы айта келіп, келген қонақтарға ілтипат білдірді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.